Балқашымның тағдыры – адамзаттың тағдыры



Дата07.03.2018
өлшемі44 Kb.

Эссе: Балқашымның тағдыры адамзаттың тағдыры.


Орындаған: Қарағанды облысы,Ақтоғай ауданы

Сарышаған кенті жалпы орта білім беретін мектебінің:

11 «Б» сынып оқушысы

Кульмаганбетова Айгерим Бекетқызы.

Жетекшісі география пәнінің мұғалімі:

Қоңқабаева Орынкүл Артельбайқызы.



Балқашымның тағдыры адамзаттың тағдыры.

Армысың, сәлем бердім, ана Балқаш
Өзіңсің нәр сыйлаған санаға алғаш.
Суың бал, пана болған барша жанға,
Толқындап жатырсың ба дара Балқаш?

(С. Сұлтанғазин)

Балқаш, Балқаш болмай тұрғанда Көкше аталған екен. Бабаларымыз алғаш орныққанда судың көлеміне қарап, “көл”, “көлшік” деуге қимай, “Көкше теңіз “ деп атапты. Балқаш көлді қалай “Көкше теңіз” атаса, солай қарт Каспийді де аумағына қарап “ теңіз” атаған болар... Ал, “Балқаш” деген атау бертін келе пайда болған . Балқаш атауы-Балқия есімді бай, көпес әйелге қатысты пайда болыпты. Ол Оңтүстіктен Солтүстікке түрлі жібек маталар, бағалы бұйымдар тасып, сауда жасаумен айналысқан көрінеді. Балқияны дос- жарандары өз атымен атамай, Балқаш, Балқашжан десе керек. Сол Балқия Көкшенің бойымен өтіп бара жатып, аз –маз тынығып алмақшы болады да, жағалауға келіп тоқтайды. Тәңірдің маңдайына жазғаны сол болса керек, желді, толқынды күні суға шомылмақшы болады. Тулаған толқын қоя ма? Әлгі Балқияны су түбіне тартып әкетіпті. Мінеки, уақыт өте келе Балқия батқан суды төңіректегі ел “ Балқаш” деп атап кеткен екен.



Бұрында теңіз атанған сол Балқаштың бүгінгі тағдыры мені алаңдатып, толғандырып отыр. Жер-Ананың ғажайып сыйы, ботаның көзіндей мөлдіреген қос айдын бұл күндері адамның іс-әрекетінің салдарынан дүниеден көшіп барады.Балқаш көлі – Қазақстандағы ірі көлдердің бірі болып табылады. Көл ұзындығы – 614 шақырым, ені –74 шақырым, ал тереңдігі 26 метрге дейін жетеді. Балқаш көлінің ең терең жері 26 метр болған, ал соңғы жылдары ол 3 метрге дейін төмендеп отыр. Соның нәтижесінде көл жағалаулары батпақтанып, сорланып, тақырлар мен шөлдерге айналуда. Көлдің жағалаулары кеуіп, тұзды шаң жиі көтеріледі. Ауа райы өзгеріп, қуаңшылық пен аңызақ желдер жиі соғатын болды. Сонымен қатар Балқаштың фаунасы мен флорасыда зардап шегуде. Балық саны азаюда, ал уылдырық шашу тіпті қысқарды. Сонымен қатар, балықтар Іле бойындағы суармалы егіс алқаптарында пайдаланылған пестицидтер, гербицидтер мен минералды тыңайтқыштардың қалдықтарынан жиі уланып отыр. Балқаш көлі-ит тұмсығы батпайтын тоғайлар, кішігірім ормандар, аңдар мен құстар мекені болатын. Атамның айтуы бойынша біздің көліміздің жағасында қалың орман болыпты. Кейіннен су тартылып, шегінгенде, көбі қурап, кеуіп, сиреп қалған. Бұл жерде азуы алты қарыс жолбарыс та, қабылан да мекен еткен көрінеді. Олар да орман жойылысымен көрінбей кеткен екен.

Балқашта балықтың 20-дан астам түрі бар, мұның 6 түрі көлдің өзінде өскен балықтар (Іле,Балқаш көкбасы, балқаш алабұғасы). Кәсіптік маңызы бар балықтар: сазан, көксерке, балқаш алабұғасы, шармай, аққайран. Сұрапыл соғыс кезінде аштықтан қысылған жұрт осы Балқашыңның құйрығы жер сызған балығын қорек етіп, күндерін көрді. Майданға аттанғалы жатқанда біздің ауылға отыз-қырықтай отбасы сонау Ресейдің алыстағы деревняларынан шұбырып келген. Барлығы аш-жалаңаш, қу сүйек әбден арығандар еді. Көбін ауыл адамдары қолдарына алып, бағып-қағып асырады. Орыссың, шешенсің, украинсің демей өз туғандарындай көруші еді, барлығын, қайран қазақ!-деп айтып отырушы еді атам. Осындай байлығы бар, Балқаштың қазіргі жағдайы ауыр. Ол Арал кейпін киюде. Ағынсыз көне көл таязданып барады.

Балқаштың ең бірінші қатері – көлдің суы аумағының кішірейіп бара жатқандығы.Балқаш көлінің экологиялық жағдайының нашарлау себебі Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің мол суының Балқаш көліне жетпей суармалы егістіктерге жұмсалуынан. Оның үстіне бұрынғы кездерде Аягөз, Биен, Сарқанд және Басқан өзендері Балқашқа құйып, оның табиғи су деңгейін сақтап отырған. Ал қазір бұл өзендер Балқашқа құймайды. Аталған антропогендік жағдайлар Балқаш көлінің жағдайын шиеленістіріп жіберді. Балқаш экожүйесінің одан әрі нашарлауына Іле өзені бойына салынған Қапшағай су қоймасы да әсер етті. 1970 жылы Қапшағай суқоймасындағы Іле өзенінің суын бөгейтін Қапшағай бөгеті салынды. Оған қосымша Іле өзенін қоректендіріп отырған Шелек өзені Бартоғай бөгетімен бөгелді. Осылайша Үлкен Алматы каналы салынды. Каналдың салынуына байланысты Шелек өзені Ілеге құюын тоқтатты. 
Іленің орта ағысы мен төменгі сағасында Шарын күріш, Шеңгелді көкөніс, Ақдала күріш алқаптары пайда болды. Осының бәрі Балқаш көлінің табиғи жүйесіндегі тепе-теңдік заңын бұзды. 
2013 жылы Қазақстан парламенті Балқаш көлінің жағасында жылу электр станциясын (ЖЭС) салу келісімі жобасын мақұлдады. Ал экологтар "Балқаш көлінің проблемасы онсыз да жеткілікті" дейді. Мен экологтардың бұл мәлімдемесімен толықтай келісемін. Себебі Балқаш көлінде Жылу электр станциясының салынуы көлдің онсызда күрделі ахуалын ушықтырып жіберуі мүмкін. Бұл тек көлге зардабын тигізіп қоймай, сонымен қатар адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. ЖЭС 2018 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Осы жайлы Балқаш көлі экологиясы саласында көп жыл жұмыс істеген Галина Садовая: Бұл кәсіпорын айдынның жылу алмасу процесіне ғана әсерін тигізіп қоймай, өндіріс қалдықтарын сақтаудағы онсыз да қиын жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Аймақта 80 жылға жуық жұмыс істейтін «Қазақмыс» корпорациясының зиянды қалдықтары сақталатын қоймалардағы ауыр металл тозаңдары дауыл тұрғанда суға, атмосфераға тарайды, –деп мәлімдеді.

Осының барлығына назар аударар болсақ, Балқаш көлін құтқару бүгінгі күннің талабына айналып отырғанына көз жеткіземіз. Арал мен Балқаш сияқты су экожүйелерінен айырылу Қазақстанды ғана емес Еуразияны да бұрын-соңды болмаған экологиялық апаттың ашағына айнадыруы мүмкін. Ендеше  экологиялық  апатқа  қарсы  күресу-әрқайсымыздың  азаматтық  борышымыз. Табиғаттың  тағдыры  өз  қолымызда.Табиғатты  аялайық!– дей отыра, мына өлең жолдарымен Балқаш көлінің тағдыры жайлы ойымды бекіткім келіп отыр:

Пәк  табиғат  әр  жүректің  тамылжыған  жырысың.

Табиғаттың  тарылтпайық  мөлдір  таза  тынысын.

Ей, адамдар, ақылға  сал, қатігездік  жасама,

Өзің  дағы  содан  тудың, табиғаттың  ұлысың!






Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет