«Балықтыкөл негізгі мектебі» кмм



жүктеу 78.96 Kb.
Дата07.03.2018
өлшемі78.96 Kb.
түріСабақ

Ержанова Жанат Даулетканқызы

ШҚО, Жарма ауданы

«Балықтыкөл негізгі мектебі» КММ-сі

Бастауыш сынып мұғалімі
Сабақтың түрі: ашық сабақ
Пәні: тәрбие сағаты

Сыныбы: 1-сынып

Тақырыбы: Өлкеміздің табиғатын білейік
Барысы:

І. Кіріспе бөлім.

Мұғалім: Балалар, Қазақстан жерінің табиғаты сан алуан. Біздің Отанымыздың көрікті жерлері өте көп. Сол орман,дала, тау, су қоймаларда жануарлар мен құстардың да түрлері өте көп.

Оны мына суреттерден де байқауларыңа болады.

Ал, біз бүгін сендермен өзіміздің өлкеміздің табиғаты жайында әңгіме қозғаймыз.

Балалар, біз қай облыста, ауданда тұрамыз?



Біздің мектебімізде «Жас экологтар» клубы жұмыс істейді. Ол жұмысты мектебіміздің мұғалімі Айжан Тұрсынханқызы жүргізеді. Балалар, бүгінгі өтетін тәрбие сағатымызға мектебіміздің жас экологтарын шақырып отырмыз. Олар ауылымыздың табиғатын, экологиясын зерттеумен айналысып жүр. Бүгінгі қонақтарымыз бізге ауданымыздың, аулымыздың табиғаты жайында айтады. Сендер осы тақырыпқа байланысты жас экологтарға сұрақтарыңды қоюларыңа болады, олар шамаларынша толық жауап беруге тырысады.

ІІ. Негізгі бөлім.

1- оқушы: Жарма ауданы Шығыс Қазақстан облысының қай жағында орналасқан?

1- жас эколог: Шығыс Қазақстан өңіріндегі ірі әкімшілік аймақтың бірі – Жарма ауданы облыстың солтүстік батысында орналасқан ұсақ шоқылардың қиыр батысы мен Қалба жотасының кең көлемді шығыс жақ бөлігін алып жатыр. Ауданның жер бедері өзеннің құрғақ арнасымен көп тілімделген төбешікті жазық болып келеді. Мұнда аласа тау тізбектері жекеленген таулар алмасып отырады.

2 - оқушы: Жарма ауданы бойынша қандай тауларды атауға болады?

2 - жас эколог: Жарма ауданы бойынша мына тауларды атауға болады. Шүңгүл – 1018м, Қайрақты – 1033 м, Көпқайнар – 928 м, Қаратоған – 1047 м, Ақбиік – 864 м, Қаратау – 583 м, Қаңсар – 586 м, Суықбұлақ – 486 м, Қарауылтөбе – 571 м, Маятас – 597 м, Делбегетей – 935 м, Белтерек – 426 м, Қаражал -1144 м, Жетімшоқы - 507м, Байжан - 1155 м, Нарбота – 1056 м, Арқалық – 494 м, Асқаралы -733 м.

3 – жас эколог: Жел мен жаңбырдан мүжілген таулар өзінің түрлі-түсті формаларымен табиғатқа әдемі көрік береді. Таулар арасында Байқонды, Аршалы, Шүңгүл, Қызылағаш секілді аңғарларда әдемі көлдер кездеседі. Қалба жоталарында үңгірлер бар. Делбегетей тауының Бүркітсай жеріндегі қысы-жазы ағатын сарқырама, Қаңсар тауының тегіс жалпақ төбесіндегі көл қайталанбас ғажайып табиғат көріністері.

3 - оқушы: Ауданның жері жайында, ауа райы жайында не айтар едіңіз?

4 – жас эколог: Жалпы аудан жері жартылай дала және шөлейт табиғат зонасына жатады. Ауа райы үшін желдің маңызы зор. Желдің соғуы жыл бойы айына 4 – 10 күннен, кей жылдары 14 – 18 күннен келеді. Ал Жалғызтөбе және өзіміз тұратын Балықтыкөл аймағында ол 27 күннен айналады. Бұл жер Қазақстан көлемінде белгілі желді аймақ болып саналады.

4 – оқушы: Жарма ауданы бойынша қандай ірі өзендер бар?

5 – жас эколог: Жер беті суының, оның ішінде өзен суының халық шаруашылығы үшін маңызы өте зор. Жарма ауданы бойынша 30 – дан астам өзендер мен өзеншелер бар. Ауданның ең басты су көзі – Шар өзені. Қызылсу – аудандағы Шардан кейінгі екінші өзен. Сондай – ақ Былқылдақ, Кеңтарлау, Жанама, Қаным, Бөке, Жіңішке, Жарма, Терісайрық, Жайма, Қорғанбай, Ашысу деген өзендер бар.

5 – оқушы: Аудан көлемінде қандай ірі көлдер, сонымен қоса жер асты сулары бар?

1 – жас эколог: Ауданның ірі көлдерінің бірі өзіміз тұратын 8 – Март ауылының жанындағы Балықтыкөл, Қалбатау селосынан оңтүстікке қарай Шар су қоймасы орналасқан. Делбегетей тауының теріскей жағына Әлжан көлі орналасқан. Аудан жерінде жер асты суының жер бетіне шығатын көзі – бұлақтар жүздеп саналады. Бір ғана Қызылағаш ауылының аймағында 40 – тан астам бұлақ көздері бар.

Өлкенің жануарлар дүниесі әртүрлі, құстар кең тараған. Ауданның табиғаты бай және әртүрлі.



Тыныштық сәті: «Жануарлар әлемі»

Мұғалім: Балалар, өзіміздің туған өлкемізді талай ақындар жырға салып, жырлаған. Жерлес ақынымыз Мәуітқазы Зүкенұлы туған ауданына арнап еліне , жеріне « Жармаға» деген өлеңін сыйлаған.

Бұл Жарма құт мекенім, өскен елім,

Гүлшоқты жазиралы асқар белі

Айдынды мұз мұхиты болмаса да,

«Сабынды» ерекше ыстық айна көлім.

Мөп-мөлдір тасты тескен сыңғыр бұлақ,

Сайыңнан сылық күліп, ақса құлап.

Мейірлене бас қойып бір жұтқанда,

Кететін ыстық қаным тайша тулап.

Жердің құты тауларым – елдің құты,

Торғын кәрі секілді шарбы бұлты.

Қызықтырып жетелеп жөнелгендей,

Қарт Шығысқа қол созып ұзын тұрқы.

Мүғалім: Балалар, жер жайы, табиғат жайы жұмбақтар жасырып, шешейік.

Оқушылар:

1.Жамандық қып, шапқылап жарсаң басын,

Жақсылық қып аямас сенен асын.

Күні-түні сонда да тепкілейсің,

Айтпайсың оған тәуір жарылқасын.

( Жер.)


2.Ақ жылан аяғы да, көзі де жоқ,

Сөйлеген не бір ауыз сөзі де жоқ,

Тоқтамай қысы-жазы жүре берер,

Бір сәтке аялдайтын жері де жоқ.

( Су.)

3.Отқа жанбас, суға батпас.



( Мұз.)

4.Бір нәрсе көрінбейді, бар ғой өзі,

Адамзат ол нәрсені көрмес көзі.

Жансызды қимылдатып жанды қылар,

Ызылдап, ызың қағар айтқан сөзі.

( Жел.)
5.Қыс жатады, жаз тұрады,

Жоқ болса да қол аяқ қаз тұрады.

( Қар.)


6.Түр – түр кілем,

Төгіліп жатқан кір кілем,

Жайы – жайы, жай кілем,

Жайылып жатқан бір кілем.

( Көктемдегі жер.)
Мұғалім. Балалар, біздің мектебіміздің жас экологтары өзіміз тұратын Жарма ауданының табиғаты жайында көп мәліметтер айтты.

Енді біз өзіміздің тұратын Балықтыкөл стансасының бөлімшесі 8 – Март ауылына жақын орналасқан , аудан бойынша ірі көлдердің бірі – Балықтыкөл жайында білетіндерін жас экологтардан сұрап білейік.



2 – жас эколог: Өзіміз тұратын 8 – Март аулымызда Жарма өзенінің орта шетіндегі ойыста орналасқан, халық арасында «Бас көл», «Аяқ көл» деп аталатын Жоғарғы Балықты және Төменгі Балықтыкөлдер орналасқан. Жоғарғы Балықтыкөлінің суы 1,5 метр тереңдікке дейін мөлдір, түсі сары – қоңыр, көлдің орташа тереңдігі 2 метр болып келеді. Суында мөңке, оңғақ, сазан, шармай секілді балықтар кездеседі. Төменгі Балықты көлінің солтүстік жағалауына ұзындығы 1,2 километр, ені 12 метр, биіктігі 6 метр плотина топырақтан үйіп тұрғызылған. Осы плотина суды бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік жасайды.

Бейнефильм «Жоғарғы және Төменгі Балықтыкөлдің жағдайы»

Мұғалім: Балалар кезінде біздің көлді өз көзімен көрген атақты жерлес ақынымыз Сапарғали Әлімбетов көліміз жайында былай жырлаған:

Арқаға аты шыққан Балықты көл,

Балығын малша сойған халықты көр.

Дәл жоны ту биемен, ту сиырдай,

Сол заттан нелер кесек алыпты көр.

Мұғалім: Балалар, су адам тіршілігіне өте қажет екенін барлығымыз жақсы білеміз. Судың неге қажет екенін айтып берсеңдер.

Оқушылар:

1. Суды ішеміз.

2. Сумен жуынамыз.

3. Сумен өсімдіктерді, бау – бақшаны суарамыз.

4. Сусыз ас әзірлемейді.

5. Сусыз кір тазаламайды.

6. Сусыз үй тазармайды.

7. Суға жануарлар да, адам да шомылады.

Суға байланысты ырым – тыйымдар:

1.Суға түкірме.

2.Судың бетін ашық қалдырма.

3.Түнде суға барма.



Мұғалім: Балалар, кейінгі жылдары көлдеріміздің экологиялық жағдайы мәз емес. Адамдардың аяусыз іс – әрекеттерінен көлдер жағдайы қауіпті деңгейге жетті. Жас экологтарымыз осы жайында не айтады?

3 – жас эколог. Көлдердегі өсімдік, жануар, құстар, балықтар дүниесі ойсырап бара жатыр. Бұрындағы осы көлдерде құс базарын құрайтын жабайы қаз, үйрек, шағала, жылқышы құсы бүгіндері бұл жерде өте аз. Ал көлдер маңындағы дала құстары меңіреу құр, шіл, үкі, кекілік мүлдем құрып кетті. Ондатр сияқты аңдар да енді жоқ. Көлдердегі қарабалық, мөңке, оңғақ, шармай, тұқы. Алабұға, сазан, шортан т.б. балықтар саны азайды. Көлдердің жағасындағы өсімдіктер бұрын сынсып тұратын қалың қамыс, қоға қазіргі кезде қатты сиреген.

4 – жас эколог: Көктем айларында жауын – шашын, қар сулары келіп құятын Жарма өзенінің әсерінен, көлдердің арнасы толып, екі көлдің суы қосылатын. Сонымен қоса шабындық жерлерге де су жайылатын. Кейіннен Жарма өзенінің көлге келетін саласын бөгеп судың келуін тоқтатып тастауынан, жауын – шашын мөлшерінің азаюынан көлдердің суы бірнеше есе тартылып, күрт төмендеп кетті. Бүгінгі күні көлдердің суы сасып, жаз айларында жағасынан су ішуге келген малдардың қалдық өнімдерімен ластануда. Қалың қамыс, тек тал – бұталар өскен алқаптар адамдардың салғырттығынан өртеніп, аң – құсы мен өсімдігі аяусыз жойылды.

Тыныштық сәті: «Гүлдер»

Мұғалім: Табиғатқа байланысты мақал – мәтелдерді еске түсірейік.

Оқушылар:

1. Артыңда мал қалдырғанша, тал қалдыр.

2. Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық.

3. Судың да сұрауы бар.

4. Су аққан жерімен ағар,

Шөп шыққан жеріне шығар.

5. Балық жаны суда.

6. Сулы жер – нулы жер,

Бұлақты жер – тұрақты жер.

7.Бастау суалса – бақыт суалады.

8. Ағын су – өмір, тоқтау су – өлім.

9. Құлан – қырға, құндыз – суға.

10. Бұлақ көрсең, көзін аш.

Мұғалім: Балалар,қазақта адамгершілікке арналған үш сауапты атап беріңдер.

Оқушылар:

1 – сауп: Шөлге құдық қазған.

2 – сауап: Өзенге көпір салған.

3 – сауап: Жолға ағаш еккен.



ІІІ. Қорытынды бөлім:

Мұғалім: Жомарт табиғат дегенді күні кешеге дейін жеңіл – желпі айтып келдік. Сөйтсек жомарт табиғаттан біз тек қана алғанды біліппіз. Тауымыз шөгіп, көліміз суалғанға дейін, өлкеміз қуанданғанға дейін қамсыз – мұнсыз жүре беріппіз. Енді міне арасын біраз қашықтық бөліп жатқан қос Балықтыкөл Жер – Ананың аспанға қарап тесіле көмек сұраған жан айқайы іспетті. Жоғарғы Балықты және Төменгі Балықты көлдерінің экологиялық жағдайларын жақсарту үшін тез арада барлығымыз болып , қолымыздан келетін шараларды жасаумыз керек. Сонымен қоса күрделі , кезек күттірмейтін шараларды облыс көлемінде іске асыру керек. Құрметті, жас экологтар, көлдеріміздің экологиялық ахуалын жақсарту үшін сіздердің ойларыңызша тез арада қандай жұмыстар жүргізу керек деп ойлайсыңдар?

1 – жас эколог: Көлдерге құятын сулардың жолын бөгеуге тыйым салу керек.

2 – жас эколог: Көлдерді аудан көлемінде қорғауға алу керек.

3 – жас эколог: Балықтарды аулауға тыйым салу керек.

4 – жас эколог: Жойылып кеткен балықтар мен аңдарды қайта жерсіндіру керек.

5 – жас эколог: Көлдерді сақтап қалу үшін ауылдың барлық адамдары аяушылдықпен қарап, ысырапсыз пайдаланбау керек.

Мұғалім: Дұрыс , мен толығымен жас экологтардың айтқан ұсыныстарын қостаймын. Айтылған шараларды тез арада іске асырса, Балықты көлдерінің арнасын сақтап қалуға болады.Туған өлкеміздің табиғатын аялау, қамқор болу – біздің азаматтық борышымыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:



  1. Қайыртай Керейбаев “Қазыналы қалба” Алматы 2003

  2. Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар №2 – 2007

  3. Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар №3 – 2007

  4. Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар №11 - 2010


І
Каталог: 2014
2014 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы
2014 -> Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек
2014 -> Бағдарламасы қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> Қрдсм «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы» шжқ рмк
2014 -> Ќазаќстан Республикасы Спорт жјне дене шыныќтыру
2014 -> Қазақстан республикасының


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет