Бұқаралық ақпарат құралдары туралы



жүктеу 236.78 Kb.
Дата14.01.2018
өлшемі236.78 Kb.

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі N 451 Заңы


 МАЗМҰНЫ


      Осы Заң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес олардың бостандығына мемлекеттік кепілдіктерді белгілейді. 

 1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бұқаралық ақпарат - тұлғалардың шектеусiз топтарына арналған баспа, дыбыс-бейне және өзге де хабарлары мен материалдары;

      2) бұқаралық ақпарат құралы - мерзiмдi баспасөз басылымы, радио және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және көпшілік қол жеткізе алатын телекоммуникациялық желілердегі (интернет және басқалары) WЕВ-сайттарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз жария таратудың басқа да нысаны;

      3) мерзiмдi баспасөз басылымы - тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және кемiнде үш айда бiр рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;

      4) теледидар, радио, бейне, кино хроникалық бағдарламасы - толық атауы бар және кемiнде жарты жылда бiр рет эфирге шығатын мерзiмдi дыбыс-бейне хабарлары мен берiлiмдерiнiң жиынтығы;

      5) эфирге шығу - ұқсас және цифрлық электромагнитті жүйелердi пайдалана отырып, теледидар, радио бағдарламаларын, дыбыс-бейне жазбаларын тарату;

      6) бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмi - мерзiмдi баспасөз басылымының жеке нөмiрiнiң немесе дыбыс-бейне бағдарламасының таралымы немесе таралымының бiр бөлiгi, радио, теледидар, кино хроникалық бағдарламалардың жеке шығарылымы, көпшілік қол жеткізе алатын телекоммуникациялық желілердегі WЕВ-сайтта берілген ақпарат;

      7) ресми хабар - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы одан әрi тарату мақсатымен мемлекеттiк органдар беретiн ақпарат;

      8) бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн тарату - мерзiмдi баспасөз басылымдарын сату (жазылу, жеткiзу, үлестiру), радио, теледидар бағдарламаларын эфирге шығару, кинохроникалық бағдарламаларды көрсету;

      9) бұқаралық ақпарат құралының редакциясы - жеке тұлға не бұқаралық ақпарат құралына материалдар жинауды, дайындауды және шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi болып табылатын шығармашылық ұжым;

      10) бас редактор (редактор) - бұқаралық ақпарат құралының редакциясын басқаратын және оны шығару мен таратуға, эфирге шығаруға тиiсiнше өкiлеттiгi бар жеке тұлға;

      11) журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкiлi) - еңбек қатынастары немесе өзге де шарттық қатынастар негiзiнде бұқаралық ақпарат құралы үшiн хабарлар мен материалдар жинау, өңдеу және әзiрлеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға;

      12) таратушы - меншiк иесiмен, баспагермен шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      13) цензура - бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын және материалдарын мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және өзге де ұйымдармен олардың талап ету бойынша немесе өзге де негiздер бойынша хабарлар мен материалдарды не олардың жекелеген бөлiктерiн таратуды шектеу немесе оларға тыйым салу мақсатымен алдын ала келiсу;

      14) эротикалық сипаттағы өнiм - тұтас алғанда және үнемi секске әуестенушiлiктi қаузайтын баспасөз басылымы немесе теледидар радио бағдарламасы;

      15) WЕВ-сайт - Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғасының арнайы техникалық және бағдарламалық құралдардың көмегімен дайындалған, меншік иесі жаппай тарату мақсатында ақпарат беретін электронды өкілдік бет;

      16) ретрансляция - техникалық құралдарды пайдалануға қарамастан, басқа бұқаралық ақпарат құралының теле- немесе радио бағдарламаларын (теле- немесе радио хабарларының жиынтығы) қабылдау және бір мезгілде не жазып алып толық және өзгеріссіз тарату;

      17) кешен - бір бірімен ортақ мақсаттарымен байланысты және бірыңғай құрылым құрайтын ғимараттар жиынтығы;

      18) аккредитация - журналисттi тағайындау рәсiмi және оның өкiлеттiгiн мемлекеттiк органның, қоғамдық бiрлестiктiң және ұйымның тануы;

      19) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган - бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган).
      Ескерту. 1-бапқа  өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181, 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.05. N 156 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы

      1. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi. 
      Цензураға тыйым салынады. 
      2. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi. 
      3. Мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизм немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ порнографияны насихаттауға жол берiлмейдi.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ Заңымен (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).

      3-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі

      1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк тiлде және басқа да тiлдерде таратылады.
      2. Мемлекет Қазақстан Республикасының тiлдер туралы заңдарына сәйкес бұқаралық ақпаратты алу және оны тарату кезiнде әркiмнің ана тiлiн пайдалану құқығын қамтамасыз етедi.
      3. Мемлекеттiк тiлдегi бұқаралық ақпарат құралдарының телевизиялық және радио бағдарламаларының апталық көлемi уақыты бойынша басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиіс.
      Мемлекеттiк тiлдегi хабарларды хабар таратудың тәулiктiк кестесiне орналастыру хабарлар эфирге шығатын бүкiл кезең iшiнде бiркелкi жүзеге асырылуға тиiс.
      Бұл талап кабельдiк, эфирлi-кабельдiк телевизия желiлерiне қолданылмайды.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ Заңымен (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).

      4-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық


             ақпарат құралдары туралы заңдары

      1. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.


      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

 1-1-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы


мемлекеттік реттеу

      Ескерту. 1-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      4-1-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы
               мемлекеттік реттеу

      1. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік реттеу телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті құқықтық қамтамасыз ету, лицензиялау, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.


      2. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган мен басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      4-2-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұқаралық


               ақпарат құралдары саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:


      1) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      2) Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алуды жүзеге асыру тәртібін айқындайды;
      3) телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін бекітеді.

      4-3-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:
      1) бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруды қамтамасыз етеді;
      2) бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алуды жүзеге асырады;
      3) телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткізу ережесін бекітеді;
      4) телевизия және (немесе) радио хабарларын тарату үшін радио жиіліктер номиналдарын бөлу жөніндегі ашық конкурстар өткізуді ұйымдастырады;
      5) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
      6) лицензиаттың лицензияда көрсетілген шарттарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензияның қолданысын тоқтата түру туралы шешім қабылдайды;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық деңгейде мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;
      8) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      9) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алудың бірыңғай тізілімін жүргізеді;
      10) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламаларды әзірлейді және іске асырады;
      11) тарихи және (немесе) мәдени құндылығы бар жазылымдарды сақтау тәртібін айқындайды;
      12) журналистерді аккредиттеу ережесін бекітеді;
      13) жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруы жөніндегі қызметін үйлестіреді;
      14) орталық және жергілікті атқарушы органдардың бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіреді.

      4-4-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,


               астананың) жергілікті атқарушы органдарының
               құзыреті

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:


      1) өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырады;
      2) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алуды жүзеге асырады;
      3) арнайы стационарлық үй-жайларды орналастыру тәртібін және онда эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзімді баспасөз өнімін өткізу ережесін бекітеді;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;
      5) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      6) уәкілетті органға статистикалық деректерді, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу жөніндегі ақпараттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау жөніндегі мәліметтерді табыс етеді.

      4-5-бап. Мемлекеттiк бақылау

      1. Мемлекеттiк бақылаудың мақсаты жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк бақылау мыналарды:
      1) осы Заңда көзделген талаптарды сақтау жөнiндегi бақылауды;
      2) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылатын жарнамаға қатысты бақылауды қамтиды.
      3. Уәкiлеттi орган, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк бақылау тексеру нысанында орындалады.
      4. Тексерудiң түрлерi:
      жоспарлы - алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген уақыт аралықтары ескерiлiп жүргiзiлетiн мемлекеттiк орган жоспарлаған тексеру;
      жоспардан тыс - жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiне дереу ден қоюды талап ететiн қалыптасқан әлеуметтiк-экономикалық жағдайға байланысты тағайындалатын тексеру;
      рейдтiк - лицензияның, тiркеу және өзге де рұқсат ету құжаттарының болуын, сондай-ақ мемлекеттiк органның бақылау объектiсi болып табылатын бақылау жабдығының дұрыс қолданылуын тексеру.
      5. Тексеру жүргiзудiң мерзiмi нұсқама берiлген кезден бастап күнтiзбелiк он бес күннен аспауға тиiс.
      Ескерту. 4-5-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

 2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін


ұйымдастыру

      5-бап. Бұқаралық ақпарат құралын құру құқығы

      1. Бұқаралық ақпарат құралын құруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқығы болады. 
      Бұқаралық ақпарат құралы заңды тұлға нысанында да, заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi нысанында да құрылуы мүмкiн. 
      Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы куәлiк бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн шығаруды (эфирге шығуды) жүзеге асыруға, ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға негiз болып табылады. Бұл талап WЕВ-сайттарға қолданылмайды. 
      2. Заңды тұлғаның - Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнің немесе осы саладағы қызметті жүзеге асырушының акцияларының (үлесiнiң, пайының) 20 проценттен астамын шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың, азаматтығы жоқ адамдардың тiкелей және (немесе) жанама иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына тыйым салынады. 
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181 Заңымен.

      6-бап. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі

      1. Меншік иесі - бұқаралық ақпарат құралын иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, не жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі. 
      2. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі тиісті шарт негізінде өзінің меншікті, сондай-ақ басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты редакция, редактор, журналист, баспагер, таратушы ретінде іс-қимыл жасауға құқылы. 

      7-бап. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы

      1. Редакция меншік иесінің тапсыруы бойынша бұқаралық ақпарат құралын әзірлеуді және шығаруды (эфирге шығаруды) жүзеге асырады. 
      2. Редакцияға бас редактор (редактор) басшылық етеді.
      2-1. Мыналар:
      1) сот іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар;
      2) тағайындау кезінде заңда белгiленген тәртiппен соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтар;
      3) шетелдiктер не азаматтығы жоқ адамдар;
      4) өздерiнiң кiнәсiнен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуы (эфирге шығуы) сот шешiмiмен тоқтатылған бұқаралық ақпарат құралының бас редакторлары (редакторлары) болған азаматтар соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде бас редактор (редактор) бола алмайды.
      3. Меншік иесі мен редакция арасындағы қатынастар жарғымен және шартпен реттеледі.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ Заңымен (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.07.05. N 156 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      8-бап. Ақпарат агенттігі

      1. Ақпарат агенттігі - Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес тіркелген, қызметі ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды жинауға, қайта өңдеуге және таратуға бағытталған заңды тұлға. 
      2. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарында оның атауы мен шығарылған уақыты қоса берілуге тиіс. 
      3. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарын бұқаралық ақпарат құралдары таратқан кезде ақпарат агенттігіне сілтеме жасауға міндетті. 
      4. Ақпарат агенттігіне осы Заңның 2, 10-баптарының күші қолданылады. 

      9-бап. Бұқаралық ақпарат құралының баспагері

      1. Баспагер - бұқаралық ақпарат құралының өнімін өндіруді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. 
      2. Егер меншік иесі бұқаралық ақпарат құралының әрі баспагері болмаса, меншік иесі мен баспагердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі жеке шартпен белгіленеді. 

      10-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою,


             қайта есепке қою 

      1. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, WEB-сайттардан басқа, бұқаралық ақпарат құралдары уәкiлеттi органда мiндеттi түрде есепке қойылуға тиiс.


      2. Есепке қою, қайта есепке қою үшiн бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi не оның уәкiлдiк беруi бойынша әрекет ететiн тұлға осы Заңның 11-бабының талаптарына сай келетiн арыз бередi.
      3. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қойған кезде, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралын есепке қоюды куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кезде Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде айқындалатын тәртiппен алым алынады.
      4. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою, қайта есепке қою туралы арыз түскен күнiнен бастап он бес күн iшiнде қаралуға тиiс. Арызды қараудың қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесiне есепке қою туралы куәлiк бередi не мынадай негiздер бойынша:
      1) егер уәкiлеттi орган бұрын сол атпен және сол аумаққа таралатын бұқаралық ақпарат құралын есепке қойғаны туралы куәлiк берген болса не оның аты бұрын құрылған бұқаралық ақпарат құралының атымен айырғысыз дәрежеде ұқсас болса;
      2) егер арыздың мазмұны осы Заңның 11-бабының талаптарына сай келмейтiн болса;
      3) егер арыз бұқаралық ақпарат құралының шығарылуына (эфирге шығуына) тыйым салу туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап бiр жыл өтпей тұрып берiлсе;
      4) егер бұқаралық ақпарат құралын есепке қойғаны үшiн алым төленбесе;
      5) егер меншiк иесiнiң ауысуына орай бұқаралық ақпарат құралын қайта есепке қою туралы арызға бұқаралық ақпарат құралына меншiк құқығын басқа тұлғаға берудi растайтын шарттың нотариалды түрде куәландырылған көшiрме жазбасы қоса тiркелмесе;
      6) егер есепке қоюға шығарылуын (эфирге шығуын) бұрын сот тоқтатқан бұқаралық ақпарат құралының атымен (атының бiр бөлiгiмен) және тақырыптық бағытымен немесе аты мен тақырыптық бағытын қайталайтын бұқаралық ақпарат құралы мәлiмделген болса, сондай-ақ шығарылуы (эфирге шығуы) сот шешiмiмен тоқтатылған бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi не бас редакторы (редакторы) соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде арыз берген жағдайда, есепке қоюдан бас тартады.
      5. Мерзiмдi баспасөз басылымының меншiк иесi есепке қою туралы куәлiктi алған күннен бастап үш ай iшiнде бұқаралық ақпарат құралы өнiмiн шығаруға кiрiсу құқығын сақтайды.
      Теле-, радио-, бейне-, кинохроникалық бағдарламаның, ақпарат агенттiгiнiң меншiк иесi есепке қою туралы куәлiктi алған күннен бастап алты ай iшiнде бұқаралық ақпарат құралы өнiмiн шығаруға, ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға кiрiсу құқығын сақтайды.
      Бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын (эфирге шығуын) сот тоқтатып қойған жағдайларды қоспағанда, бұқаралық ақпарат құралы өнiмiн шығару мерзiмiн өткiзiп алған, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралы өнiмiн шығару үш ай бойы тоқтап қалған жағдайда, уәкiлеттi органның шешiмiмен бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы куәлiктiң күшi жойылды деп танылады.
      6. Бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесi ауысқан не ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының аты, басылымның не хабардың тiлi, таралу аумағы, негiзгi тақырыптық бағыты, бас редакторы (редакторы), редакцияның мекенжайы және шығарылу мерзiмдiлiгi өзгерген жағдайларда қайта есепке алынуға тиiс.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.07.05. N 156 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      11-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке


              қою туралы арыз

      1. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы арызда:


      1) бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнiң атауы орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
      2) бұқаралық ақпарат құралының тiлi (тiлдерi);
      3) шығарылымның болжалды мерзiмдiлiгi;
      4) негiзгi тақырыптық бағыты;
      5) таралу аумағы;
      6) бас редактордың (редактордың) тегi, аты, әкесiнiң аты;
      7) редакцияның мекенжайы көрсетiлуге тиiс.
      Арызға:
      жеке тұлғалар үшiн - кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың нотариалды түрде куәландырылған көшiрмесi;
      заңды тұлғалар үшiн - заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң, құрылтай құжаттарының нотариалды түрде куәландырылған көшiрмелерi;
      бұқаралық ақпарат құралын есепке қою үшiн бюджетке алым төленгенiн растайтын құжат қоса тiркеледi.
      2. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою кезiнде өзге талаптарды алға тартуға тыйым салынады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.05. N 156 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      12-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке


              қоюдан босату

      Таралымы:


      - жүз данаға жетпейтін мерзімді баспасөз басылымдарын;
      - ресми, нормативтік және өзге де актілерді;
      - сот практикасының бюллетеньдерін;
      - кабелдiк желiлермен таратылатын теле-, радио-, бейне-, кинохроникалық бағдарламаларды, егер қызмет көрсету аумағы бiр ғимаратпен немесе кешенмен шектелген болса, есепке қою талап етiлмейдi. 
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181 Заңымен.

      13-бап. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды


             (эфирге шығаруды) тоқтата тұру және тоқтату

      1. Бұқаралық ақпарат құралын шығару (эфирге шығару) меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұруы не тоқтатылуы мүмкін. 


      2. Басылымдардың бір немесе бірнеше нөмірінің шығарылуын, сондай-ақ радио және теледидар бағдарламаларының эфирге шығуын, өзге де бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын уақытша тоқтату, тоқтата тұру деп түсініледі. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтату тұру үш айдан аспайтын мерзімге жол беріледі. 
      3. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңiнде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты тарату, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты үгіттеу немесе насихаттау, порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы радио-, телебағдарламаларды тарату, сондай-ақ кино- және бейнеөнiмдердi көрсету, осы Заңның 3-бабында, 10-бабының 3-2-тармағында көзделген талаптарды бұзу, сондай-ақ 14-бабының 3-1-тармағының, 15  және  16-баптарыныңталаптарын бiр жыл iшiнде қайталап бұзу белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұруға негіз болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсiздiгіне нұқсан келтiрудi, соғысты насихаттау және үгiттеу, экстремизмдi немесе терроризмдi насихаттау, сондай-ақ белгiленген мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұру себептерiн жоймау бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтатуға негіз болып табылады.
      5. Меншік иесінің не соттың шешімі бойынша бұқаралық ақпарат құралының шығуын (эфирге шығуын) тоқтата тұрған не тоқтатқан жағдайда уәкілетті органға хабарлама жіберіледі. 
      Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтату оны есепке қою туралы куәліктің күшін жоюға әкеп соғады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

 3-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарын тарату

      14-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарын тарату

      1. Бұқаралық ақпарат құралдарын таратуды меншік иесінің шешімі бойынша оның өзі не шарт негізінде немесе өзге де заңды негіздерде редакция, баспагер, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар жүзеге асырады. 


      2. Эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарын тек қана мөлдiр ораммен буылып-түйiлген күйiнде және бөлшек саудада соған арнап әдейі бөлінген тұрақты үй-жайларда сатуға жол беріледі, олардың орналасқан жері мен ондағы сату ережелерін жергілікті атқарушы органдар белгілейді. 
      Порнографиялық және арнаулы сексуалдық-эротикалық сипаттағы радио, теледидар бағдарламаларының эфирге шығарылуына, сондай-ақ кино және бейне өнiмiнiң көрсетiлуiне, қатiгездiк пен зорлықты насихаттауға тыйым салынады. 
      3. Алкоголь өнімдерін жарнамалауға 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап тыйым салынады.
      Темекі және темекі бұйымдарын жарнамалауға тыйым салынады.
      3-1. Шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының теле- және радио бағдарламаларын ретрансляциялау телерадио хабарларын тарату арналары арқылы берiлетiн хабарлардың жалпы көлемiнiң: 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап елу процентiнен, 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап жиырма процентiнен аспауға тиiс. 
      Бұл талап кабелдiк және эфирлiк-кабелдiк теледидарлар тарататын хабарларға қолданылмайды.
      4. Заңды негіздерде жүзеге асырылатын бұқаралық ақпарат құралы таратуға жеке немесе заңды тұлғалар, сол сияқты мемлекеттiк органдарды лауазымды адамдары тарапынан кедергі жасауға, заңсыз тәркілеуге, сондай-ақ таралымын немесе оның бiр бөлiгiн жоюға заңды күшіне енген шешімi негiзiнде болмаса жол берiлмейдi.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181, 2003.12.19. N 509, 2007.06.19. N 264 Заңдарымен.

      15-бап. Шығарылым деректерi

      1. Мерзiмдi басылымның әрбiр шығарылымында мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
      1) бұқаралық ақпарат құралының атауы;
      2) бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi;
      3) бас редактордың (редактордың) тегi және аты-жөнi;
      4) есепке қою туралы куәлiктiң нөмiрi мен берiлген күнi және оны берген органның атауы;
      5) басылымның мерзiмдiлiгi;
      6) бұқаралық ақпарат құралының рет нөмiрi мен жарық көрген күні;
      7) таралымы;
      8) баспахананың атауы, оның мекен-жайы және редакцияның мекен-жайы.
      2. Бұқаралық ақпарат құралы эфирге әрбiр шыққан сайын, ал үздiксiз хабар таратқан жағдайда тәулiгiне кемiнде төрт рет өзiнiң атауын жариялап отыруға мiндеттi.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181 Заңымен.

      16-бап. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi даналары


              мен теле- және радиохабарлар
              материалдарын сақтау

      1. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi тегiн даналарын, соның iшiнде осы Заңның 12-бабына орай есепке қоюдан босатылғандарын олар әзiрленген күнi бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi немесе оның тапсыруы бойынша үшiншi тұлға Ұлттық Мемлекеттiк кiтап палатасына, Ұлттық кiтапханаға, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң кiтапханасына, уәкiлеттi органға жiбередi. 


      2. Бұқаралық ақпарат құралдарының (теледидар, радио хабарларын тарату) редакциялары эфирге шығарған өз хабарларының жазбаларын бiр ай бойы сақтауға, сондай-ақ оларды өздерiнiң эфирлiк жұмысының тіркеу журналында көрсетуге және оны соңғы жазба жасалған кезден бастап кемінде бір жыл сақтауға міндетті. Тарихи немесе мәдени жағынан құнды жазбалар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сақталады.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

 4-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының


азаматтармен және ұйымдармен қатынасы

      17-бап. Авторлық туындылар мен хаттар

      1. Редакция пайдаланылатын туындыларға құқықты, оның ішінде интеллектуалдық меншікке авторлық және өзге де құқықтарды сақтауға міндетті.
      2. Оқырмандар хаттарын жариялау кезінде олардың мәтінін қысқартуға және оның мазмұнының мағынасын бұрмаламай редакциялауға жол беріледі.
      3. Егер заңда өзгеше көзделмесе, бұқаралық ақпарат құралы редакциясын ол қабылдамай тастаған материалды жариялауға ешкімнің де міндеттеуге құқығы жоқ.

      18-бап. Ресми хабарлар

      1. Мемлекеттік органдардың ресми хабарлары бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес орналастырылады. 
      2. Мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, олардың меншік нысанына және кімге қарайтынына қарамастан, өтініш жасаған кезде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатынынан басқа ақпаратты тең шарттарда беруге міндетті. 
      2-1. Мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдар сұратылып отырған ақпаратты өтiнiш түскен күннен бастап үш күннен кешiктiрмей беруге не беру мерзiмiн немесе беруден бас тарту себебiн көрсете отырып жауабын беруге мiндеттi. 
      Қосымша зерделеудi және тексерудi қажет ететiн өтiнiшке жауап ол келiп түскен күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс. 
      Бұқаралық ақпарат құралынан қойылған мәселелердi шешу құзыретiне кiрмейтiн мемлекеттiк органдарға немесе өзге де ұйымдарға өтiнiш келiп түскен жағдайда, осы өтiнiш бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тиiстi органдарға жiберiлiп, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралына хабарлануға тиiс. 
      3. Сұралып отырған мәліметтерді беруден бас тартылуға бұқаралық ақпарат құралының өкілі мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды адамдардың азаматтар құқығына қысым жасайтын заңсыз әрекеттеріне шағым жасауға арналған заңда көзделген тәртіппен жоғары тұрған органға немесе лауазымды адамға, ал одан соң сотқа шағым жасауы мүмкін. 
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181 Заңымен.

      19-бап. Теріске шығару құқығы

      1. Азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді, егер мұндай мәліметтер таратушы олардың шындыққа сәйкестігін дәлелдемесе, сот арқылы теріске шығаруды талап етуге құқылы. 
      2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс. 
      Егер аталған мәлiметтер ұйымнан шыққан құжатта болған жағдайда, мұндай құжат алмастырылып немесе қайтарылып алынып, бұл құжаттағы мәлiметтердiң шындыққа сәйкес келмейтiндiгi туралы адресатқа мiндеттi түрде хабарлануға тиiс. 
      Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгілейдi. 
      3. Азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған жағдайда, сотта қаралады. 
      4. Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, адiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделіне нұқсан келтiретiн мәлiметтер таратылған болса, олар мұндай мәлiметтердi терiске шығарумен қоса олардың таратылуынан өздерiне келтiрiлген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.

 5-тарау. Журналистің құқықтары мен міндеттері

      20-бап. Журналистiң құқықтары

      Журналистiң:


      1) ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға; 
      2) мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткiзетiн барлық шараларға қатысуға; 
      3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, соның iшiнде оларды дыбыс-бейне техникасын, кино-фото түсiру құралдарын пайдалана отырып жасауға; 
      4) журналистiң куәлiгiн көрсету арқылы дүлей апаттар болған аудандарда, митингiлер мен демонстрацияларда, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен наразылықтарды өзге де бiлдiру нысандарына қатысуға; 
      5) құжаттар мен материалдардың мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар үзiндiлерiн қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға;
      6) алынатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге;
      7) алынған ақпараттық материалдарды тексеру кезiнде мамандарға жүгiнуге;
      8) өзi дайындаған хабарлар мен материалдарға қолын қойып, шартты атын (бүркеншiк атын) көрсетiп таратуға;
      9) материалдың мазмұны редакциялық түзетуден кейін журналистің жеке сеніміне қайшы келсе, оған өз қолы қойылып жариялануынан бас тартуға;
      10) авторлық және ақпарат көздерiнiң құпиясы соттың талап етуiмен жарияланған жағдайларды қоспағанда, бұл құпияларды сақтауға құқығы бар.

      21-бап. Журналистiң мiндеттерi

      Журналист: 
      1) Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа ала отырып, өзi шарттық қатынастарда тұрған бұқаралық ақпарат құралының қызмет бағдарламасын жүзеге асыруға;
      2) шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға;
      3) ақпарат ұсынған адамдардың авторлығын көрсету туралы олар жасаған өтiнiштердi қанағаттандыруға;
      4) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге;
      4-1) азаматтармен сұхбат жүргiзген кезде дыбыс- немесе бейнежазбаны пайдалануға келiсiм алуға;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзiне жүктелген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181 Заңымен.

 6-тарау. Журналистерді тіркеу

      22-бап. Журналистердi тiркеу

      1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың келiсiмi бойынша олардың жанында өз журналистерiн тiркей алады. 


      2. Журналист тiркелген мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар оны өткiзiлетiн отырыстар, кеңестер және өзге де шаралар жөнiнде оған алдын ала хабарлауға, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге мiндеттi. 
      3. Жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданған жағдайларды қоспағанда, тiркелген журналистiң өзiн тiркеген мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар өткiзетiн отырыстарға, кеңестерге және басқа да шараларға қатысуға құқығы бар. 
      4. Егер журналист тiркеу ережелерiн бұзса не өзiн тiркеген мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратса, оның тiркелуi күшiн жоюы мүмкiн. 
      5. алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      23-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат


              құралдарын шет елдерде тiркеу

      Егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралы иесiнің Қазақстан Республикасының және өздерi болған елдердiң заңдарында көзделген тәртiппен басқа елдерде тiлшiлер қосынын ашуға, журналистердi тiркеуге құқығы бар. 

      24-бап. Қазақстан Республикасындағы шетел бұқаралық
              ақпарат құралдары өкiлдерiнiң қызметi

      1. Шетел бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдiктерiн және олардың журналистерiн тiркеудi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi жүргiзедi. 


      2. Қазақстан Республикасында тiркелген шетел журналистерiнің және басқа да шетел бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң құқықтық жағдайы мен кәсiптiк қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi. 
      3. Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Заңның нормаларын бұзатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуға сот тәртiбiмен тыйым салынады.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181 Заңымен.

 7-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы


заңдарды бұзу үшін жауапкершілік

      25-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды


               бұзу үшiн жауапкершiлiк негiздерi

      1. Азаматтардың немесе ұйымдардың (мемлекеттiк органның, азаматтардың қоғамдық, шығармашылық, ғылыми, дiни не өзге де бiрлестiгiнiң және заңды тұлғалардың) ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. 


      2. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу үшiн мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың оған кiнәлi лауазымды адамдары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының иесi, таратушысы, бас редакторы (редакторы), таратылған хабарлар мен материалдардың авторлары жауапты болады. 
      2-1. Бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi, бас редакторы (редакторы) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-таптық және рулық артықшылықты, қатыгездікті, зорлық пен порнографияны насихаттап, үгіттейтін хабарлар мен материалдарды таратқаны үшін, олардың алынған көздеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жауаптылықта болады. 
      3. Журналистiң заңды кәсiптiк қызметiне кедергi жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады. 
      Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181 Заңымен.

      26-бап. Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату


              үшін жауапкершіліктен босатылатын реттер

      Бұқаралық ақпарат құралында шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін: 


      1) егер бұл мәліметтер ресми хабарлар мен құжаттарда айтылған болса; 
      2) егер олар жарнама және ақпарат агенттіктерінен немесе мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінен алынса; 
      3) егер олар өкілді органдар депутаттарының, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдарының және азаматтардың ресми сөйлеген сөздерінің сөзбе-сөз қайталанып берілуі болса;
      4) егер олар алдын ала жазылып алынбай эфирге шығарылатын авторлық сөздерде не осы Заңға сәйкес редакциялауға жатпайтын мәтіндерде айтылса;
      5) егер бұл мәліметтер осы Заңның 18-бабына сәйкес міндетті хабарларда айтылса, бас редактор (редактор), сондай-ақ журналист жауапты болмайды.
      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181 Заңымен. 

      Қазақстан Республикасының


      Президенті

      

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет