Бұқаралық ақпарат құралдары туралы



жүктеу 278.97 Kb.
Дата05.12.2018
өлшемі278.97 Kb.

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi N 451 Заңы

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес олардың бостандығына мемлекеттiк кепiлдiктердi белгiлейдi.


1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) аккредиттеу - журналистi тағайындау рәсiмi және оның өкiлеттiгiн мемлекеттiк органның, қоғамдық бiрлестiктiң және ұйымның тануы;

2) бас редактор (редактор) – бұқаралық ақпарат құралының редакциясын басқаратын және оны шығару мен таратуға, эфирге шығаруға тиiсiнше өкiлеттiгi бар жеке тұлға;

3) бұқаралық ақпарат – тұлғалардың шектеусiз топтарына арналған баспа, дыбыс-бейне және өзге де хабарлары мен материалдары;

4) бұқаралық ақпарат құралы – мерзiмдi баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз бұқаралық таратудың басқа да нысаны;

5) бұқаралық ақпарат құралының өнiмi – мерзiмдi баспасөз басылымының жеке нөмiрiнiң немесе дыбыс-бейне бағдарламасының таралымы немесе таралымының бiр бөлiгi, радио-, теле-, кинохроникалық бағдарламалардың жеке шығарылымы, интернет-ресурста орналастырылған ақпарат;

6) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi орган – бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган);

7) бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн тарату – мерзiмдi баспасөз басылымдарын сату (жазылу, жеткiзу, үлестiру), радио-, телебағдарламаларды эфирге шығару, кинохроникалық бағдарламаларды көрсету және интернет-ресурстарда ақпаратты орналастыру;

8) бұқаралық ақпарат құралының редакциясы – бұқаралық ақпарат құралына материалдар жинауды, дайындауды және шығаруды жүзеге асыратын жеке тұлға не заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi болып табылатын шығармашылық ұжым;

9) журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкiлi) – еңбек қатынастары немесе өзге де шарттық қатынастар негiзiнде бұқаралық ақпарат құралы үшiн хабарламалар мен материалдар жинау, оларды өңдеу және әзiрлеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға;

10) кешен – бiр бiрiмен ортақ мақсаттарымен байланысты және бiрыңғай құрылым құрайтын ғимараттар жиынтығы;

11) мерзiмдi баспасөз басылымы – тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және кемiнде үш айда бiр рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;

12) порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы кино, бейнеөнiм – моральдық құндылықтарға сәйкес келмейтiн, адамның ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн қорлайтын жыныстық қатынасты натуралды түрде, егжей-тегжейлi фиксациялау не жыныстық әуестiктiң қозуына немесе жыныстық қажеттiлiктердi қанағаттандыруға ықпал ететiн жыныстық қатынас процесiндегi жалаңаш гениталийлердi көрсету;

13) ресми хабар - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы одан әрi тарату мақсатымен мемлекеттiк органдар беретiн ақпарат;

1) стационарлық үй-жайлар - iргетасы бар, олардың тiреу конструкциясына нұқсан келтiрмей оларды орнынан ауыстыру мүмкiн болмайтын күрделi ғимараттар, құрылыстар немесе олардың бiр бөлiгi;

14) суицидтi насихаттайтын ақпарат – адамды өз өмiрiнен әдейiлеп айырылуға итермелейтiн ақпарат;

15) таратушы – меншiк иесiмен, баспагермен шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

16) теле-, радиоарна – кейiннен трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау үшiн хабар тарату торына сәйкес қалыптастырылған теле-, радиобағдарламалар мен дыбыс-бейне туындыларының, сюжеттер мен материалдардың жиынтығын бiлдiретiн бұқаралық ақпарат құралы;

17) теле-, радио, кинохроникалық бағдарлама – тиiстi атауы, хабар тарату көлемi бар және теле-, радиоарнаның басқа бөлiктерiне қарамастан пайдаланылуы мүмкiн теле-, радиоарнаның мазмұнды аяқталған бөлiгi;

18) цензура – бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын және материалдарын мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және өзге де ұйымдармен олардың талап ету бойынша немесе өзге де негiздер бойынша хабарламалар мен материалдарды не олардың жекелеген бөлiктерiн таратуды шектеу немесе оларға тыйым салу мақсатымен алдын ала келiсу;

19) эфирге шығу – ұқсас және цифрлық электромагниттi жүйелердi пайдалана отырып, теле-, радиобағдарламаларды, дыбыс-бейне жазбаларды тарату;

20) эротикалық сипаттағы өнiм – гениталийлердi қоспағанда, адамдардың жыныстық қатынастарын, адам денесiнiң ұятты тұстарын көрсететiн және порнография элементтерiн қамтымайтын баспасөз басылымы немесе теле-, радиобағдарлама.


      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      2-бап. Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы

      1. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi.
      Цензураға тыйым салынады.  

      2. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

      2-1. Бұқаралық ақпарат құралдары терроризмге қарсы iс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарға жәрдемдесуге мiндеттi.

      3. Мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизм немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңiнде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ қатыгездiкке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды және порнографияны насихаттауға жол берiлмейдi.

       4. Бұқаралық ақпарат құралын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар не қылмыстық жазаланатын әрекеттер жасау мақсатында пайдалануға жол берiлмейдi.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2005.07.08 N 67-III Заңымен (Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2009.02.06 N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2009.07.10 N 178-IV, 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      3-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының тiлi

      1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк тiлде және басқа да тiлдерде таратылады. 

      2. Мемлекет Қазақстан Республикасының тiлдер туралы заңдарына сәйкес бұқаралық ақпаратты алу және оны тарату кезiнде әркiмнiң ана тiлiн пайдалану құқығын қамтамасыз етедi. 

      3. Алып тасталды - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.07.08 N 67-III Заңымен (Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), өзгерiс енгiзiлдi - 2009.02.06. N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      4-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық


             ақпарат құралдары туралы заңдары

      1. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да  нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

1-1-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы
мемлекеттiк реттеу

      Ескерту. 1-1-тараумен толықтырылды - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      4-1-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы
               мемлекеттiк реттеу

      1. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк реттеу құқықтық қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылауды уәкiлеттi орган мен басқа да мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өздерiнiң құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-1-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      4-2-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бұқаралық


                ақпарат құралдары саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:

1) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың iске асырылуын қамтамасыз етедi;

2) Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк мерзiмдi баспасөз басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру тәртiбiн айқындайды;

3) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

4) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.


      Ескерту. 4-2-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      4-3-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:

1) бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастыру мен iске асыруды қамтамасыз етедi;

2) мерзiмдi баспасөз басылымдарын және ақпарат агенттiктерiн есепке қоюды жүзеге асырады;

3) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

4) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

5) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

6) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық деңгейде мемлекеттiк ақпарат саясатын жүргiзу жөнiндегi мемлекеттiк тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;

8) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

9) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк мерзiмдi баспасөз басылымдарын есепке алудың бiрыңғай тiзiлiмiн жүргiзедi;

10) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк және салалық (секторалдық) бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;

11) тарихи және (немесе) мәдени құндылығы бар жазылымдарды сақтау тәртiбiн айқындайды;

12) журналистердi аккредиттеу ережесiн бекiтедi;

13) жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруы жөнiндегi қызметiн үйлестiредi;

14) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың бұқаралық ақпарат құралдары мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiредi;
      15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-3-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      4-4-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,


                астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының
                құзыретi

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:

1) өңiрлiк бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттiк ақпараттық саясатты iске асырады;

2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында таратылатын шетелдiк баспасөз басылымдарын есепке алуды жүзеге асырады;

3) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өңiрлiк деңгейде мемлекеттiк ақпараттық саясатты жүргiзу жөнiндегi мемлекеттiк тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;

5) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

6) уәкiлеттi органға шетелдiк баспасөз басылымдарын есепке алу жөнiндегi ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау жөнiндегi мәлiметтердi табыс етедi.


      7) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-4-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.03.19 № 258-IV, 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
      4-5-бап. Мемлекеттiк бақылау

      1. Мемлекеттiк бақылаудың мақсаты жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады. 


      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк бақылау мыналарды: 
      1) осы Заңда көзделген талаптарды сақтау жөнiндегi бақылауды; 

      2) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылатын жарнамаға қатысты бақылауды қамтиды. 

      3. Уәкiлеттi орган, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттiк бақылау тексеру нысанында орындалады. 

      4. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттiк бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Алып тасталды - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      Ескерту. 4-5-баппен толықтырылды - ҚР 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметiн
ұйымдастыру
      5-бап. Бұқаралық ақпарат құралын құру құқығы

      1. Бұқаралық ақпарат құралын құру құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi.

Бұқаралық ақпарат құралы заңды тұлға нысанында да, заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi нысанында да құрылуы мүмкiн.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн шығаруды (эфирге шығаруды) жүзеге асыруға, ақпараттық сипаттағы хабарламалар мен материалдарды таратуға теле-, радиоарнасын, мерзiмдi баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттiгiн есепке қою туралы куәлiк негiздеме болып табылады.

Бұл талаптар интернет-ресурстарға қолданылмайды.

      2. Заңды тұлғаның - Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнiң немесе осы саладағы қызметтi жүзеге асырушының акцияларының (үлесiнiң, пайының) 20 проценттен астамын шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың, азаматтығы жоқ адамдардың тiкелей және (немесе) жанама иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына тыйым салынады.


      Ескерту. 5-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.05.03 N 181 , 2009.02.06 N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2009.07.10 N 178-IV, 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      6-бап. Бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi

      1. Меншiк иесi - бұқаралық ақпарат құралын иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, не жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бiрлестiгi.  

      2. Бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi тиiстi шарт негiзiнде өзiнiң меншiктi, сондай-ақ басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты редакция, редактор, журналист, баспагер, таратушы ретiнде iс-қимыл жасауға құқылы.

      7-бап. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы

      1. Редакция меншiк иесiнiң тапсыруы бойынша бұқаралық ақпарат құралын әзiрлеудi және шығаруды (эфирге шығаруды) жүзеге асырады.  

      2. Редакцияға бас редактор (редактор) басшылық етедi. 
    2-1.Мыналар:
      1) сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған азаматтар

      2) тағайындау кезiнде заңда белгiленген тәртiппен соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтар; 


      3) шетелдiктер не азаматтығы жоқ адамдар; 

      4) өздерiнiң кiнәсiнен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуы (эфирге шығуы) сот шешiмiмен тоқтатылған бұқаралық ақпарат құралының бас редакторлары (редакторлары) болған азаматтар соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде бас редактор (редактор) бола алмайды. 


      3. Меншiк иесi мен редакция арасындағы қатынастар жарғымен және шартпен реттеледi.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2005.07.08 N 67-III Заңымен (Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2006.07.05. N 156 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
      8-бап. Ақпарат агенттiгi

      1. Ақпарат агенттiгi - Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес тiркелген, қызметi ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды жинауға, қайта өңдеуге және таратуға бағытталған заңды тұлға.  

      2. Ақпарат агенттiгiнiң хабарлары мен материалдарында оның атауы мен шығарылған уақыты қоса берiлуге тиiс.  

      3. Ақпарат агенттiгiнiң хабарлары мен материалдарын бұқаралық ақпарат құралдары таратқан кезде ақпарат агенттiгiне сiлтеме жасауға мiндеттi.  

      4. Ақпарат агенттiгiне осы Заңның 2, 10-баптарының күшi қолданылады.

      9-бап. Бұқаралық ақпарат құралының баспагерi

      1. Баспагер - бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн өндiрудi материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.  

      2. Егер меншiк иесi бұқаралық ақпарат құралының әрi баспагерi болмаса, меншiк иесi мен баспагердiң құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi жеке шартпен белгiленедi.

      10-бап. Мерзiмдi баспасөз басылымын және ақпарат
              агенттiгiн есепке қою, қайта есепке қою

      1. Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететiн мерзiмдi баспасөз басылымы мен ақпарат агенттiгi уәкiлеттi органда мiндеттi түрде есепке қойылуға жатады.

2. Есепке қою, қайта есепке қою үшiн мерзiмдi баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттiгiнiң меншiк иесi не оның уәкiлеттiк беруi бойынша әрекет ететiн тұлға осы Заңның 11-бабының талаптарына сай келетiн өтiнiш бередi.

3. Мерзiмдi баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттiгiн есепке қойған кезде, сондай-ақ мерзiмдi баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттiгiнiң есепке қойылғанын куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кезде Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде айқындалатын тәртiппен алым алынады.

4. Мерзiмдi баспасөз басылымын немесе ақпарат агенттiгiн есепке қою, қайта есепке қою туралы өтiнiш түскен күнiнен бастап он жұмыс күнi iшiнде қаралуға тиiс. Өтiнiштi қараудың қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган мерзiмдi баспасөз басылымының немесе ақпарат агенттiгiнiң меншiк иесiне есепке қою туралы куәлiк бередi не мынадай негiздер бойынша:

1) егер уәкiлеттi орган бұрын сол атаумен және сол аумаққа таралатын не оның аты бұрын құрылған мерзiмдi баспасөз басылымының немесе ақпарат агенттiгiнiң атымен айырғысыз дәрежеде ұқсас мерзiмдi баспасөз басылымын немесе ақпарат агенттiгiн есепке қойғаны туралы куәлiк берген болса;

2) егер өтiнiштiң мазмұны осы Заңның 11-бабының талаптарына сай келмейтiн болса;

3) егер мерзiмдi баспасөз басылымын немесе ақпарат агенттiгiн есепке қою үшiн алым төленбесе;

4) егер меншiк иесiнiң ауысуына орай мерзiмдi баспасөз басылымын немесе ақпарат агенттiгiн қайта есепке қою туралы өтiнiште мерзiмдi баспасөз басылымына немесе ақпарат агенттiгiне меншiк құқығын басқа тұлғаға берудi растайтын шарттың нөмiрi мен жылы, айы, күнi көрсетiлмесе;

5) егер шығарылуын бұрын сот тоқтатқан аты (атының бiр бөлiгi) бiрдей және тақырыптық бағыты дәл сондай мерзiмдi баспасөз басылымы немесе ақпарат агенттiгi есепке қоюға мәлiмделген болса немесе аты мен тақырыптық бағытын қайталайтын мерзiмдi баспасөз басылымы немесе ақпарат агенттiгi мәлiмделген болса, сондай-ақ шығарылуы сот шешiмiмен тоқтатылған мерзiмдi баспасөз басылымының немесе ақпарат агенттiгiнiң меншiк иесi немесе бас редакторы (редакторы) соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде өтiнiш берген жағдайда есепке қоюдан бас тартады.

5. Мерзiмдi баспасөз басылымының меншiк иесi есепке қою туралы куәлiктi алған күннен бастап үш ай iшiнде мерзiмдi баспасөз басылымының өнiмiн шығаруға кiрiсу құқығын сақтайды.
      Ақпарат агенттiгiнiң меншiк иесi есепке қою туралы куәлiктi алған күннен бастап алты ай iшiнде ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға кiрiсу құқығын сақтайды.
      Мерзiмдi баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттiгiнiң шығарылуын сот тоқтата тұрған жағдайларды қоспағанда, мерзiмдi баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттiгiнiң өнiмiн шығару мерзiмiн өткiзiп алған, сондай-ақ мерзiмдi баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттiгiнiң өнiмiн шығару үш ай бойы тоқтап қалған жағдайда, уәкiлеттi органның шешiмiмен мерзiмдi баспасөз басылымын және (немесе) ақпарат агенттiгiн есепке қою туралы куәлiктiң күшi жойылды деп танылады.

6. Мерзiмдi баспасөз басылымы және (немесе) ақпарат агенттiгi меншiк иесi ауысқан не ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ мерзiмдi баспасөз басылымының және (немесе) ақпарат агенттiгiнiң аты, басылымның не материалдар мен хабарлардың тiлi, таралу аумағы, негiзгi тақырыптық бағыты және шығарылу мерзiмдiлiгi өзгерген жағдайларда қайта есепке алынуға жатады.


      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.06 N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      11-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке


              қою туралы өтiнiш

      1. Мерзiмдi баспасөз басылымын немесе ақпарат агенттiгiн есепке қою туралы өтiнiште:

1) мерзiмдi баспасөз басылымы немесе ақпарат агенттiгi меншiк иесiнiң – жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендiру нөмiрi, тұрғылықты жерi немесе мерзiмдi баспасөз басылымы немесе ақпарат агенттiгi меншiк иесiнiң – заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;

2) мерзiмдi баспасөз басылымының, ақпарат агенттiгi материалдары мен хабарларының тiлi (тiлдерi);

3) шығарылымның болжамды мерзiмдiлiгi;

4) негiзгi тақырыптық бағыты;

      5) таралу аумағы;

6) бас редактордың (редактордың) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде);

7) редакцияның мекенжайы көрсетiлуге тиiс.

      2. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою кезiнде өзге талаптарды алға тартуға тыйым салынады.


      Ескерту. 11-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.07.05 N 156 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2009.02.06 N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 N 36-V (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      12-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке


              қоюдан босату

      Таралымы:


      - жүз данаға жетпейтiн мерзiмдi баспасөз басылымдарын;
      - ресми, нормативтiк және өзге де актiлердi;
      - сот практикасының бюллетеньдерiн.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.05.03 N 181, 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      13-бап. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық


              ақпарат құралының өнiмiн таратуды тоқтата тұру
              және тоқтату

      1. Бұқаралық ақпарат құралын шығару не бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн тарату меншiк иесiнiң немесе соттың шешiмi бойынша тоқтатыла тұруы не тоқтатылуы мүмкiн.

2. Тоқтата тұру деп басылымдардың бiр немесе бiрнеше нөмiрiнiң шығарылуын, теле-, радиобағдарламалардың, теле-, радиоарналардың эфирге шығуын, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды уақытша тоқтату түсiнiледi. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды тоқтата тұруға үш айдан аспайтын мерзiмге жол берiледi.

3. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету, суицидтi насихаттайтын, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңiнде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты тарату, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты насихаттау немесе үгiттеу, порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы теле-, радиобағдарламаларды, теле-, радиоарналарды тарату, сондай-ақ кино және бейнеөнiмдердi көрсету, бұқаралық ақпарат құралын сайлау алдындағы үгiт жүргiзу, шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың  және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергi болатын және (немесе) ықпал ететiн қызметтi жүзеге асыру шарттарын бұзу, үгiтке тыйым салынған кезеңде оны жүргiзу, ереуiлге қатысуға немесе қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу, Қазақстан Республикасының бейбiт жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, тосқауылдар мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы, интернет желiсiндегi авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасын бұзу мақсатында пайдалану, сондай-ақ осы Заңның 3-бабында, 10-бабының 6-тармағында көзделген талаптарды бұзу, сондай-ақ 15 және 16-баптарының талаптарын  бiр жыл iшiнде қайталап бұзу заңда белгiленген тәртiппен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнiмiнiң таратылуын тоқтата тұруға негiз болып табылады.

4. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты насихаттау және үгiттеу, экстремизмдi немесе терроризмдi насихаттау, ұлтаралық және конфессияаралық өшпендiлiктi өршiтуге бағытталған материалдарды жариялау және ақпаратты тарату, сондай-ақ белгiленген мерзiмде бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды тоқтата тұру себептерiн жоймау бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнiмiнiң таратылуын тоқтатуға негiз болып табылады.

5. Меншiк иесiнiң не соттың шешiмi бойынша бұқаралық ақпарат құралының шығуын не бұқаралық ақпарат құралы өнiмiнiң таратылуын тоқтата тұрған не тоқтатқан жағдайда, уәкiлеттi органға хабарлама жiберiледi.


      Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды тоқтату оны есепке қою туралы куәлiктiң күшiн жоюға әкеп соғады .
      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.10 N 178-IV Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

3-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн тарату

       Ескерту. 3-тараудың тақырыбына өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.02.06 N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      14-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарын тарату

      1. Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуды меншiк иесiнiң шешiмi бойынша оның өзi не шарт негiзiнде немесе өзге де заңды негiздерде редакция, баспагер, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар жүзеге асырады.  


      2. Эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын мерзiмдi баспасөз басылымдарын:

1) стационарлық емес үй-жайларда;

2) мөлдiр ораммен буып-түйiлмеген күйiнде;

3) бiлiм беру ұйымдарының, балалар мекемелерiнiң, ғибадат үйлерiнiң (ғимараттарының) үй-жайларында және аумақтарында;

4) жасы он сегiзге толмаған адамдарға бөлшек саудада сатуға тыйым салынады.

      2-1. Субъектiлер, эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзiмдi баспасөз басылымдарын тарату жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруды бастағанға дейiн «Әкiмшiлiк рәсiмдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен қызметiн жүзеге асыратын жердегi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органына бұл туралы хабарлама жасауға мiндеттi.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзiмдi баспасөз басылымдарын таратуды бастағаны туралы хабарлама жасаған субъектiлердiң тiзiлiмiн жүргiзедi.

      3. Алкоголь өнiмдерiн жарнамалауға 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап тыйым салынады.


      Темекi және темекi бұйымдарын жарнамалауға тыйым салынады. 

      3-1. Алып тасталды - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      4. Заңды негiздерде жүзеге асырылатын бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуға жеке немесе заңды тұлғалар, сол сияқты мемлекеттiк органдарды лауазымды адамдары тарапынан кедергi жасауға, заңсыз тәркiлеуге, сондай-ақ таралымын немесе оның бiр бөлiгiн жоюға заңды күшiне енген шешiмi негiзiнде болмаса жол берiлмейдi.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.05.03 N 181 , 2003.12.19 N 509 , 2007.06.19 N 264 , 2009.02.06 N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2010.11.23 N 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      15-бап. Шығарылым деректерi

      1. Мерзiмдi басылымның әрбiр шығарылымында мынадай мәлiметтер болуға тиiс: 

      1) бұқаралық ақпарат құралының атауы; 


      2) бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi; 

      3) бас редактордың (редактордың) тегi және аты-жөнi; 

      4) есепке қою туралы куәлiктiң нөмiрi мен берiлген күнi және оны берген органның атауы; 

      5) басылымның мерзiмдiлiгi; 

      6) бұқаралық ақпарат құралының рет нөмiрi мен жарық көрген күнi; 

      7) таралымы; 


      8) баспахананың атауы, оның мекен-жайы және редакцияның мекен-жайы. 

      2. Бұқаралық ақпарат құралы эфирге әрбiр шыққан сайын, ал үздiксiз хабар таратқан жағдайда тәулiгiне кемiнде төрт рет өзiнiң атауын жариялап отыруға мiндеттi.


      Ескерту. 15-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.05.03 N 181 Заңымен.

      16-бап. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi даналары мен


               телерадиобағдарламалардың материалдарын сақтау

      1. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi тегiн даналарын, соның iшiнде осы Заңның 12-бабына орай есепке қоюдан босатылғандарын олар әзiрленген күнi бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi немесе оның тапсыруы бойынша үшiншi тұлға Ұлттық мемлекеттiк кiтап палатасына, Ұлттық кiтапханаға, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң кiтапханасына, уәкiлеттi органға жiбередi.

      2. Бұқаралық ақпарат құралдарының (теле-, радиоарналардың) редакциялары өздерiнiң эфирге шығарылған теле-, радиобағдарламаларының жазбаларын бiр ай бойы сақтауға, сондай-ақ оларды өздерiнiң эфирлiк жұмысының тiркеу журналында көрсетуге және оны осы журналда соңғы жазба жасалған кезден бастап кемiнде бiр жыл сақтауға мiндеттi. Тарихи немесе мәдени жағынан құнды жазбалар уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен сақталады.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

4-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының
азаматтармен және ұйымдармен қатынасы

      17-бап. Авторлық туындылар мен хаттар

      1. Редакция, интернет-ресурстың меншiк иесi пайдаланылатын зияткерлiк меншiк құқығының объектiлерiне құқықтарды, оның iшiнде зияткерлiк меншiкке авторлық, сабақтас және өзге де құқықтарды сақтауға мiндеттi.

      2. Оқырмандар хаттарын жариялау кезiнде олардың мәтiнiн қысқартуға және оның мазмұнының мағынасын бұрмаламай редакциялауға жол берiледi. 

      3. Егер заңда өзгеше көзделмесе, бұқаралық ақпарат құралы редакциясын ол қабылдамай тастаған материалды жариялауға ешкiмнiң де мiндеттеуге құқығы жоқ.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      18-бап. Ресми хабарлар

      1. Мемлекеттiк органдардың ресми хабарлары бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес орналастырылады.  

      2. Мемлекеттiк органдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiне, олардың меншiк нысанына және кiмге қарайтынына қарамастан, өтiнiш жасаған кезде, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиясы болып табылатынынан басқа ақпаратты тең шарттарда беруге мiндеттi.  

      2-1. Мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдар сұратылып отырған ақпаратты өтiнiш түскен күннен бастап үш күннен кешiктiрмей беруге не беру мерзiмiн немесе беруден бас тарту себебiн көрсете отырып жауабын беруге мiндеттi.
      Қосымша зерделеудi және тексерудi қажет ететiн өтiнiшке жауап ол келiп түскен күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
      Бұқаралық ақпарат құралынан қойылған мәселелердi шешу құзыретiне кiрмейтiн мемлекеттiк органдарға немесе өзге де ұйымдарға өтiнiш келiп түскен жағдайда, осы өтiнiш бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тиiстi органдарға жiберiлiп, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралына хабарлануға тиiс.  
      3. Сұралып отырған мәлiметтердi беруден бас тартылуға бұқаралық ақпарат құралының өкiлi мемлекеттiк басқару органдары мен лауазымды адамдардың азаматтар құқығына қысым жасайтын заңсыз әрекеттерiне шағым жасауға арналған заңда көзделген тәртiппен жоғары тұрған органға немесе лауазымды адамға, не сотқа шағым жасауы мүмкiн.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.05.03 N 181 , 2009.02.06. N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      19-бап. Терiске шығару құқығы

      1. Азамат немесе заңды тұлға өзiнiң ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтердi сот тәртiбiмен терiске шығаруды талап етуге құқылы.  

      2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.


      Егер аталған мәлiметтер ұйымнан шыққан құжатта болған жағдайда, мұндай құжат алмастырылып немесе қайтарылып алынып, бұл құжаттағы мәлiметтердiң шындыққа сәйкес келмейтiндiгi туралы адресатқа мiндеттi түрде хабарлануға тиiс.
      Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгiлейдi.  

      3. Азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған жағдайда, сотта қаралады.  

      4. Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, адiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер таратылған болса, олар мұндай мәлiметтердi терiске шығарумен қоса олардың таратылуынан өздерiне келтiрiлген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
       Ескерту. 19-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.02.06 N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

5-тарау. Журналистiң құқықтары мен мiндеттерi

      20-бап. Журналистiң құқықтары

      Журналистiң: 

      1) ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға;  

      2) мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткiзетiн барлық шараларға қатысуға;  

      3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, соның iшiнде оларды дыбыс-бейне техникасын, кино-фото түсiру құралдарын пайдалана отырып жасауға;  


      4) журналистiң куәлiгiн көрсету арқылы дүлей апаттар болған аудандарда, митингiлер мен демонстрацияларда, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен наразылықтарды өзге де бiлдiру нысандарына қатысуға;  

      5) құжаттар мен материалдардың мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар үзiндiлерiн қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға; 

      6) алынатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге; 

      7) алынған ақпараттық материалдарды тексеру кезiнде мамандарға жүгiнуге; 

      8) өзi дайындаған хабарлар мен материалдарға қолын қойып, шартты атын (бүркеншiк атын) көрсетiп таратуға

      9) материалдың мазмұны редакциялық түзетуден кейiн журналистiң жеке сенiмiне қайшы келсе, оған өз қолы қойылып жариялануынан бас тартуға; 

      10) авторлық және ақпарат көздерiнiң құпиясы соттың талап етуiмен жарияланған жағдайларды қоспағанда, бұл құпияларды сақтауға құқығы бар.

      21-бап. Журналистiң мiндеттерi

      Журналист:  

      1) Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа ала отырып, өзi шарттық қатынастарда тұрған бұқаралық ақпарат құралының қызмет бағдарламасын жүзеге асыруға; 

      2) шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға; 

      3) ақпарат ұсынған адамдардың авторлығын көрсету туралы олар жасаған өтiнiштердi қанағаттандыруға; 

      4) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге; 
      4-1) алып тасталды - ҚР 2009.02.06 N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен;

      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзiне жүктелген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.


      Ескерту. 21-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.05.03 N 181 , 2009.02.06. N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

6-тарау. Журналистердi аккредиттеу

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбына өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.02.06 N 123-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      22-бап. Журналистердi аккредиттеу

      1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың келiсiмi бойынша олардың жанында өз журналистерiн аккредиттей алады.  

      2. Журналист аккредиттелген мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар оны өткiзiлетiн отырыстар, кеңестер және өзге де шаралар жөнiнде оған алдын ала хабарлауға, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге мiндеттi.  

      3. Жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданған жағдайларды қоспағанда, аккредиттелген журналистiң өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар өткiзетiн отырыстарға, кеңестерге және басқа да шараларға қатысуға құқығы бар.  

      4. Егер журналист аккредиттеу ережелерiн бұзса не өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратса, оның аккредиттелуi күшiн жоюы мүмкiн.
      5. Алып тасталды - ҚР 2006.01.10 N 116 Заңымен.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      23-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат
              құралдарын шет елдерде аккредиттеу

      Егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралы иесiнiң Қазақстан Республикасының және өздерi болған елдердiң заңдарында көзделген тәртiппен басқа елдерде тiлшiлер қосынын ашуға, журналистердi аккредиттеуге құқығы бар.


      24-бап. Қазақстан Республикасындағы шетел бұқаралық
              ақпарат құралдары өкiлдерiнiң қызметi

      1. Шетел бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдiктерiн және олардың журналистерiн аккредиттеудi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi жүргiзедi.  

      2. Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетел журналистерiнiң және басқа да шетел бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң құқықтық жағдайы мен кәсiптiк қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.  

      3. Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Заңның нормаларын бұзатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуға сот тәртiбiмен тыйым салынады, ал интернет-ресурстар болып табылатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдары үшiн – Қазақстан Республикасының аумағында көрсетiлген интернет-ресурстарға қол жеткiзудi тоқтата тұру көзделедi.


      Ескерту. 24-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.05.03 N 181,  2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
7-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы
заңдарды бұзу үшiн жауапкершiлiк

      25-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды


               бұзу үшiн жауапкершiлiк негiздерi

      1. Азаматтардың немесе ұйымдардың (мемлекеттiк органның, азаматтардың қоғамдық, шығармашылық, ғылыми, дiни не өзге де бiрлестiгiнiң және заңды тұлғалардың) ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.


      2. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу үшiн мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың оған кiнәлi лауазымды адамдары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының иесi, таратушысы, бас редакторы (редакторы), таратылған хабарлар мен материалдардың авторлары жауапты болады .

      2-1. Бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi, бас редакторы (редакторы) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi  , оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi  , соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-таптық және рулық артықшылықты  , қатыгездiктi, зорлық пен порнографияны насихаттап  , үгiттейтiн хабарлар мен материалдарды таратқаны үшiн, олардың алынған көздерiне қарамастан, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылықта болады.

      3. Журналистiң заңды кәсiптiк қызметiне кедергi жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.05.03 N 181 , 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi)Заңдарымен.

      26-бап. Шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi тарату


              үшiн жауапкершiлiктен босатылатын реттер

      Бұқаралық ақпарат құралында шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратқаны үшiн:  


      1) егер бұл мәлiметтер ресми хабарлар мен құжаттарда айтылған болса;  

      2) егер олар жарнама және ақпарат агенттiктерiнен немесе мемлекеттiк органдардың баспасөз қызметiнен алынса;  

      3) егер олар өкiлдi органдар депутаттарының, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдарының және азаматтардың ресми сөйлеген сөздерiнiң сөзбе-сөз қайталанып берiлуi болса; 

      4) егер олар алдын ала жазылып алынбай эфирге шығарылатын авторлық сөздерде не осы Заңға сәйкес редакциялауға жатпайтын мәтiндерде айтылса; 

      5) егер бұл мәлiметтер осы Заңның 18-бабына сәйкес мiндеттi хабарларда айтылса, бас редактор (редактор), сондай-ақ журналист жауапты болмайды.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2001.05.03 N 181 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының


      Президентi

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет