Қаңтарда халықаралық ақша аударымдары жүйелері (ХААЖ) арқылы шетелге жөнелтілген қаражат көлемі 52,5 миллиард теңгеге тең, бұл былтырғымен салыстырғанда 6,7%, ал 2021 жылдан 3,7% ғана аз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Биыл қаңтарда ХААЖ арқылы шетелден түскен ақша аударымдарының көлемі – 20,6 миллиард теңге, бұл 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 25,2% аз.

Шетелге жіберілген қаражаттың үштен бірі Ресейге кеткен, биыл 17,7 миллиард теңге жіберілген, бұл былтырдан 34,9%көп. Түркияға 12,5 миллиард теңге жіберілді, бір жыл бұрынғыдан 14,7% аз. Сондай-ақ Өзбекстанға 8,8 миллиард теңге, Грузияға 4,2 миллиард теңге, Қытайға 2,5 миллиард теңге және Қырғызстанға 2 миллиард теңге кеткен.

Шетелден түскен ақша аударымдарының көлемі бойынша да Ресей көш бастап тұр. Биыл қаңтарда 5,5 миллиард теңге түскен, бірақ былтырғы қаңтардан екі есе аз. Екінші орында АҚШ тұр, 2,4 миллиард теңге түскен, десе дебір жыл бұрынғыдан 10,5% аз. Оңтүстік Корея мен Өзбекстаннан 2 миллиард теңгеден келген.

Ақша аударымдары жүйелерінің ішінде 2024 жылдың қаңтарында шетелге жіберілген қаражаттың ең көп көлемі "Золотая коронаға" тиесілі. Ол – 41,8 миллиард теңге, бір жылмен салыстырғанда 12,4% өсті. Contact жүйесі арқылы да қомақты қаржы жіберілді: 5,8 миллиард теңге, 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 3% аз.

Түскен ақша аударымдарының көлемі бойынша да "Золотая корона" жүйесі көш бастап, 9,3 миллиард теңгеге жетті, алайда бұл 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 35,8% аз. Айтарлықтай көлем Western Union жүйесіне де түсті, онда 6,7 миллиард теңге, бір жылмен салыстырғанда 19,4% өсті.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.