Басты мақалалар Бекіре акватехнология бойынша өсіріледі



жүктеу 27.84 Kb.
Дата03.06.2018
өлшемі27.84 Kb.

http://www.egemen.kz/2013/02/01/357145/
Жұма, 1 ақпан, 2013

Басты мақалалар

Бекіре акватехнология бойынша өсіріледі


Бүгінде дәмі тіл үйірген бе­кіре балығы мен уылды­ры­ғы, оның бал татыған сорпасы өзге өңірді айтпағанда Жайық өзенінің жағасында қоныстанған тұрғындардың да тек түстеріне кіретін болды. Өйткені, мұндағы бекіре тұқымдас балық түрлері мүлдем құрып кетудің, сөй­тіп, қызыл кітапқа кірудің аз-ақ алдында тұр. Оның се­бептерін тізбелесек әңгі­ме­мізді ұзартып алармыз. Айтайын дегеніміз, бүгінгі басты міндет – күннен-күнге жоғалып бара жатқан осы бекіре балығы түрлерін сақтап қалу болып отыр.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университеті ғылыми-зерттеу орталығы мен «Парасат» ғылыми-технологиялық ұлттық холдингі» АҚ бірлесіп әзірлеген ин­новациялық жоба осы көкейкесті мәселенің шешімін табуға ар­нал­ған. Осыған орай бекіре тұ­қым­­дас балықтарды өсірудің аква­тех­нологиясын іске асыру көз­делген. Сондай-ақ, аталған ак­важоба бүгінгі қолдағы бар мүм­кіндіктер мен жағдайларға сәйкес айтарлықтай орасан зор шығын шығармайтын тиімді тех­нологияға негізделген. Инно­ва­циялық жобаны толық жүзеге асыру мерзімі екі кезеңнен тұрады.

Бүгінде оның бірінші кезеңі аяқталды деуге толық негіз бар.­ Соған сай аталған универси­тет базасында аквамәдени ғылыми-зерттеу зертханасы ғимараты бой көтерді. Бұған қоса өндірістік-тәжірибелік нысан құрылысы да мәреге жетті. Бұл іске «Парасат» ғылыми-технологиялық ұлттық холдингі 900 миллион теңге көле­мінде инвестиция бөлді. Мұнда бекіре балығының бағалы түрлері, оны жабық кешен жағдайында өсіріп, көбейтудің жолдары зерттелмек. Екінші кезеңге сай бүгінгі күні зауыт құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу ісі де аяқталды. Ендігі жерде бұған дейін қабылданған үкімет қаулысына сай осы құрылысты бастау жөніндегі міндет тұр. Қазір бұған қажетті қаражат мәселелерін шешумен жобаның операторы «Парасат» ұлттық холдингі» АҚ айналысуда.

Жайық өзенінің орта ағысы тұсындағы Орал қаласында салынатын тұйық жүйелі су кешенінің өзге балық өсіретін зауыттардан айырмашылығы – шабақтар уылдырықтан алынады. Осы тәсіл арқылы тауарлы қара уылдырық пен бекіре балығы еті өндіріледі. Ихтиолог-ғалымдардың мәлім­деуін­ше, өзге емес, нақ осы бекіре балығы табиғи ортамен салыстырғанда жабық кешенде екі есе жылдам өседі екен. Жоба ғылыми негізде іске асатындықтан өнімнің сапасы да жоғары болады, дейді жобаның жетекшісі, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылыми жұмыс­тар жөніндегі проректоры Нұрлан Серғалиев.

Кешенде өсірілген ша­бақ­тардың белгілі бір бөлігін қа­жетті салмақ қосқаннан кейін Жайық­қа жіберу белгіленген. Сонда олар судағы жыртқыш ба­лық­тарға жем болмай өсіп-өнеді. Со­нымен бірге, мұндай қадам Жайық өзені маңында қалыптасқан эко­логиялық түйткілдерді реттеуге, ондағы балық қорының көбеюіне ықпал етеді, дейді университеттің ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері.

Мұндағы мамандармен әңгімелесіп, ой-пікір алысқан кезде акватехнология бойынша жылына 8 тонна қара уылдырық және 65 тонна бекіренің етін өндіруге болатынын білдік. Аталған жоғары оқу орны ихтиолог мамандарды өздері әзірлейді. Сондықтан, өндірістік тәжірибелік орталықта кадр тапшылығы болады деуге ешқандай негіз жоқ. Ал өнімді өткізу мәселесіне келсек, еш кідіріс болмайтыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Өйткені, бекіре балығы мен оның уылдырығына деген сұраныс қай кезде де бәсеңдемей келеді. Алдағы уақытта да дәл осылай болатыны айдан анық. Уақыты келгенде зауытта өндірілген өнімге қойылатын баға «қара базардағыдан» төмен болатынына да күмән келтіру қиын. Айталық, қазір Оралға Атыраудан жеткізіліп, жасырын жолмен сатылатын қара уылдырықтың мың грамы 150 мың теңге шамасында болса, қызыл балық етінің әр килосы 4-5 мың теңгенің төңірегінде.



Түйіп айтқанда, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен «Парасат» ұлттық холдингі бірлесіп қолға алған акважобаға баға жетпейді. Бұл – расында да, елімізде баламасы жоқ, айрықша, ерекше жоба. Ең бастысы, жоғарыда айтылғандай, бұл бағыт Жайық өзені бассейніндегі бүгінгі күрделі жағдайлардың шешімі табылуына, мұндағы бекіре тұқымдас балық түрлерінің сақталып қалуына септігін тигізе алады.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

ОРАЛ.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет