Бүгін Парламент Сенатының кезекті отырысында сенатор Дархан Қыдырәлі үкімет басшысы мен бас прокурорға сауал жолдап, шетелдіктер асырап алған балалар туралы мәлімет жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото:gov.kz

Дархан Қыдырәлі бұл тақырып бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін атап өтті. 

“Еліміздің бас прокуратурасы 2014 жылы шетел асқан балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, арнайы тексеріс жүргізді. Жетім балалар мен оларды асырап алуға ниет білдірген азаматтардың бірыңғай мәліметтер жүйесін құруды ұсынды. Бұл тексерістің нәтижесі және қабылданған шешімдердің орындалу барысы бізге беймәлім. Мәселен Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Аргентина, Мексика сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Бірыңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма? Жауап күтетін сауалдар көп”, – деді депутат.

Сондай-ақ сенатор жат елде тәрбиеленгенімен, отанын танып, биологиялық ата-анасын іздеп елге келетіндер көп екенін тілге тиек етті. 

“Ата-анасын тапқысы, тегін танығысы келетіндер аз емес. Солардың бірі – Жәнібек немесе Эдди Жан Савельев. Журналист Беркімбаевтың жазуынша Арқалықта 2002 жылы туған оны 2004 жылы сондағы балалар үйінен бельгиялық асырап алған. Испанияда тұратын Жәнібек 2023 жылы желтоқсанда өзінің биологиялық анасын іздеп келіп, әлеуметтік желіде үндеу жариялады. Ол туған әке-шешемнен ештеңе керек емес, тек туған анамның жүзін бір рет көріп, мауқымды бассам жүрегім тынышталар еді дейді. Бірақ анасын таппаған күйде еліне қайтып кетті. Бұл жайт қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желіде кең талқыланды”, – дейді сенатор.

Дархан Қыдырәлі "Екі күймек бір жанға әділет пе" деп Абай айтқандай, ата-анасынан айырылып бір күйген, еркінен тыс шетел асып екі күйген, есейгенде тегін таппай қиналып үш күйген мұндай тағдырлар көп екенін еске алды. 

“Қазақстан шетел азаматтары асырап алған балалардың құқықтарын қорғау мақсатында балаларды қорғау және баланы шетелге асырап алуға қатысты конвенцияны ратификациялады. Конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 баланы асырап алған. 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы төрт жылда бір бала сыртқа шыққан. Конвенцияға қол қойылғанға дейін 1999-2011 жылдары аралығында шетелдіктер 8805 баланы бауырына басқан. Олардың 5217-і кәмелет жасына толуына байланысты есептен шығарылды. Кәмелет жасына толмаған 3588 бала туралы есеп алынып тұрады", – деді. 

Сенатордың сөзінше, есеп бермейтіндер де аз емес болып шықты.  

“Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы – 104, Бельгиядағы – 113 баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша баланың шетелге кеткені туралы мүлдем мәлімет жоқ. Талай тағдырларды талқандаған тоқсаныншы жылдарда безбүйректер сатқан даланың жарасы жазылар, ал баланың наласы мен обалы кімге?, — деп сөзін түйіндеді Дархан Қыдырәлі. 

Бұған дейін бельгиялықтар асырап алған қазақ баласы өзінің биологиялық ата-анасын табуға көмек сұрайтынын хабарлаған едік. Испанияның Жәни есімді тұрғыны Қазақстанға анасы мен әкесін іздеп арнайы келген.

Бірақ ол сол күйі анасын таба алмай елден кетті.  


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.