Әлеуметтік желіде тарап кеткен Қытай билігінің құжаттары қатарында қазақстандықтардың жеке деректері бар екені анықталды. Жеке мәліметтердің тарап кеткені жайлы шетелдік БАҚ жарыса жазған. Олардың қатарында Cyber News басылымы бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде тараған ақпаратта қытайлық I-Soon компаниясы дайындаған тыңшылық бағдарлама туралы айтылады. Бағдарлама әлеуметтік желі платформаларына, телекоммуникациялық компаниялар мен өзге де ұйымдарға бағытталған. Зерттеушілердің сөзінше, бағдарламаны Қытай билігінің тапсырмасы бойынша әзірлеуі мүмкін. 

Белгісіз біреулер GitHub платформасында Қытай билігінің құжаттарын жариялап жіберген. Құжаттарда Қытай үкіметінің тыңшылық бағдарламаны қолдана отырып кибероперацияларды қалай жүзеге асыратыны егжей-тегжейлі жазылған. 

Тайваньдық зерттеуші Азака Секайдың сөзінше, тыңшылық бағдарлама Х әлеуметтік желісін қолданатын адамдардың электронды поштасы мен телефон нөмірін анықтауға, жеке хатты оқуға, кез келген адамның атынан хат жазуға мүмкіндік береді. 

Зерттеуші келтірген деректерге сүйенсек, Қытай билігінің құжаттары ішінде Қазақстандағы бірнеше байланыс операторының жеке мәліметтері бар. Олардың қатарында Beeline Қазақстан, Altel және Қазақтелеком абоненттерінің деректері мысал ретінде көрсетілгенін аңғаруға болады. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі Stan.kz тілшісінің сауалына жауап беріп, жағдайға қатысты пікір білдірді. Аталған жайт бойынша қазіргі таңда тексеріс басталған. 

“Құзіретті органмен бірлесіп, сараптама жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта мән-жайы анықталады, таратылып жатқан ақпарат фейк болуы да мүмкін”, – деді цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.