Бес арыс а. Байтұрсынов Ш.Құдайбердіұлы М. Жұмабаев Ж. Аймауытов М. Дулатов Бес арыс деген атпен ел есінде қалған ақын-жазуларымыздың қазақ әдебиетінде алар орны зор. Бірі тұңғыш қазақ әліпбиін жасаса



жүктеу 289.66 Kb.
Дата26.10.2018
өлшемі289.66 Kb.

БЕС АРЫС

А.Байтұрсынов


Ш.Құдайбердіұлы
М.Жұмабаев
Ж.Аймауытов
М.Дулатов

Бес арыс деген атпен ел есінде қалған ақын-жазуларымыздың қазақ әдебиетінде алар орны зор. Бірі тұңғыш қазақ әліпбиін жасаса, енді бірі тұңғыш қазақ романын жазып шықты. Одан да басқа артына мол мұра қалдырып кеткен арыстарымыздың елеулі еңбектері ұлан -ғайыр десем қате болмасы анық.



Ахмет Байтұрсынов



Байтурсынұлы, Ахмет (1873—1938) — ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Туған жері — бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы). 188284 жж. ауыл мектебінде оқыды. 1890 ж. Торғайдағы екі кластық, орыс-қазақ училищесін, 1895 ж. Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. 18951909 ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарады. 1909 ж. патша үкіметінің саясатына наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 ж. жер аударылды. 1913 ж. Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болды. Патша үкіметі құлатылғаннан кейін ұлт-азаттық қозғалыс күшейеді. 1918-19 жж. Алашорда қатарында болады. 1919 ж. маусымның 24 Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалады. 1922-25 жж. Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкер.



1925-29 ж. Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды.

1929 ж. маусымында қамауға алынып өзі Архангельск облысына жер аударылған, ал жұбайы мен қызы Томскіге жіберілген. 1934 ж. Қызыл Крест комиссиясында қызмет еткен Е. Пешкованың (Максим Горькийдің зайыбы) қолдаухатымен Ахмет Байтұрсынұлы босатылған. Сол кезде ол жанұясымен бірге Алматыға қайта оралған. 1937 ж. қазан айында Ахмет Байтұрсынұлы тағы да қамауға алынған, екі айдан соң, желтоқсанның 8 «халық жауы» есебінде атылған. Сәкен Сейфуллин баға беріп, Ахмет Байтұрсынұлы туралы былай депті:

…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті.



Мұхтар Әуезов депті:

Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса» ; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.

Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.

Шығармалары


Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.

Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.

Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.

Әдебиеттану


Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылған, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттері ашылған. Қазақтың эпостық жыры «Ер Сайында» алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 ж. Москвада шығарды.

Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926). Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды. Бұл еңбегінде Байтұрсынұлы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөлген. Сондай-ақ мұнда жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы ой-түйіндер айтылған. Кітаптың бірінші бөлімі «Сөз өнерінің ғылымы» деп аталады да, онда көркем сөздің толып жатқан қыры мен сыры, тараулар мен тармақтар, тіл әуезділігінің қыруар шарттары, «сөздің өлең болатын мәнісі», өлең айшықтары, «шумақ түрлері», «тармақ тұлғалары», «бунақ буындары», «ұйқастығы» т.б. сөз етіледі.

Екінші бөлімі «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп аталады да, көркем қара сөз табиғаты, оның тараулары — шежіре, заман хат, өмірбаян, «мінездеме», тарихи әңгіме, «әліптеме, әліптеу тәртібі — мәнді әліптеме, сәнді әліптеме, жол әліптемесі, байымдама, байымдау әдістері, түрлері — пән, сын, шешен сөз, оның түрлері, саясат шешен сөзі, білімді шешен сөзі, уағыз көркем сөз» деп жүйелеп келіп, әңгіме, романға сипаттама береді. Еңбектің «сындар дәуірі, онда шығарма түрлері» атты тарауы өте маныз-ды. Онда сыншыл реализм туралы алғашқы пікірлер нышанын кездестіруге болады.

Байтұрсынұлы Еуропа жұртындағы сындар әдебиетінің бай тәжірибесін меңгеруге бет алушылық, қазақ көркем сөз ізденістерінде сәйкестік, үйлесімділік тапқанын айтады. Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму процесін жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттармен ұштастыра талдауға тырысады.

Байтұрсынұлының жыраулардың мұрасын жетік білетінін осы еңбегінен айқын көреміз. Сөз өнерінің көне дәуірдегі үлгілері, 15-17 ғ-лардағы жыраулар поэзиясының біразы ақын назарына іліккен. Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Құбыла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз т, б. ақын-жазушылар шығармаларынан үзінділер бар.

Аудармалары


Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Атпен есек», А. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.

Түркітану


Байтұрсынұлы тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды.

1926 ж, Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасады. Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсады. Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914); ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты оқулықтар мен тың еңбектер ұсынды. Қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша ғылыми термин жасап, морфологиялық тұлға-тәсілдерді жаңаша талдау, жаңаша анықтамалар берді. Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстады.

Байтұрсынұлы қазақ тіл білімін 20 ғ-дың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды.

Құдайбердіұлы, Шәкәрім


Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858 - 1931) — қазақ ақыны.

Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 ж. шілденің 13-де дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді.

Шәкәрім бес жасында оқуға беріліп, екі жылдай оқиды. Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені „жетім“ деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады.

Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, «молда сабағынан» басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармоньда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.


Ресми ақталуы


1988 жылы Шә­кәрім ақталып, оның өлмес, өш­пес мұрасы халқына қайта орал­ды. Осы жылы ақынның “Жазу­шы” және “Жалын” баспа­сы­нан өлеңдер, ал “Өнер” бас­пасынан әндер жинақтары жарық кө­рді. Тап осы жылы қажының 130 жылдығы Абай ауданы, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды. Осы жылдар аралығында Семейдегі бір жоғары оқу орнына қажы есімі беріліп, ескерт­кіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл ақын есімімен аталды. Мұның сыртында қаладағы байырғы бір қазақ мектебі ақын есімін иеленді.

Бүгінде осындағы екі бірдей жоғары оқу орнында – Семей педа­гогика институты мен Шә­кәрім атындағы Семей универ­си­тетінде шәкәрімтану ғылыми-зерт­теу орталықтары жұмыс іс­тейді. Сол орталықтардың күші­мен “Шәкәрім” және “Шәкәрім әлемі” атты екі бірдей журнал жа­рық көруде.

Семей педагогика институтындағы Шәкәрім­тану ғылыми-зерттеу орталығында қазірде Шәкәрімнің тұлғалық экциклопедиясы дайындалуда. Мұның сыртында аталмыш орталықта Шәкәрім мұрасы туралы бүгінгі күнге дейін бес томдық еңбек дайын тұр.

Шығармалары


«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тұңғыш кітабы 1911 ж. жарық көрген. Шәкәрімді философ, тарихшы, ойшыл ретінде де танытатын «Үш анық», «Мұсылсандық шарты» атты туындылары, әлеуметтік-ағартушылық арнадағы «Жолсыз жаза», «Қалқаман — Мамыр», "Еңлік - Кебек", "Нартайлақ-Айсұлу" т.б. жыр жинақтары мен поэмалары басылып шыққан. Көбісінде негізгі сюжет ғашық жастар төңіргіндегі оқиғалар туралы болғанмен, оларды тек қана махаббат трагедиясы деп қарауға болмайды. Шәкәрімнің поэмалары өзінің әлеуметтік, философиялық терең астарымен ерекшеленеді. Оның сезімді жүрегінен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туған. Көркем проза саласында бірнеше шағын әңгімелер, "Әділ - Мария" деп аталатын роман тудырған. Сондай-ақ Шығыс ақыны Физулидің шығармасы негізінде «Ләйлі — Мәжнүн» дастанын жазған, орыс ақыны А. С. Пушкиннің "Дубровский", "Боран" атты шығармаларын өз өрнегімен аударып шыққан.

Хафиз, Физули, А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Шәкәрімнің бір өлеңі:

Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім — онда ісің жоқ,
Бәрібір сен де елірме дуанасың.
Дос мақтасса, не пайда онан саған,
Дұшпан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса иә боқтаса,
Мақтау — пайда, зиян ба жамандаған?
Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.
Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұшпан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.
Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап-тағы ақылды солай айда.
Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұшпан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.
Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер, айласын ойла-дағы.
Түйіп айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске — ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жында боласың есі жоқтау!

Әндері


Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген голландық Альвин Эрнестович Бимбоэс. Ол 1919 - 1922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұғылданады. Соның нәтижесінде 1926 жылы Н.Ф. Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағында Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласына қоса қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылады. Осы аталған жинақтың ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көреді. Бірақ, екі әннің де өлеңі нота астына жазылмаған, тек орыс тілінде мазмұны берілген. А.Э. Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Шакарим» әнінің екінші түрі А.В.Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек - бата» деген атпен енген. Ал Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні А.В. Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атпен жарияланған. Осы жинақтың № 156 анықтамасында А.В.Затаевич: «Шәкәрім Құдайбербин - Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі, жасы жетпістер шамасында. Жинақта келтірілген әнін орыс әндерінің үлгісіне еліктеп шығарса керек, - деп жазған.

Шәкәрім әндері қазақ композиторларының шығармаларына да арқау болды. Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасының бірінші бөліміне, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсындағы Айдардың ариозосына, Айдар мен Ажардың дуэтіне сазгердің шығармалары пайдаланылды. Ал ақын поэмаларының сюжеті еліміздің ақын-жазушыларының, композиторларының шығармашылығынан кең орын алғанын айтсақ артық болмас. Мысалы, «Қалқаман - Мамыр» балетіне, «Еңлік - Кебек» пьесасына, «Еңлік - Кебек» операсына Шәкәрім туындылары арқау болғаны барша жұртқа аян.


Орындаушылар


Шәкәрім әндерін өз бабында, иін қандырып айтатындар Әбдіғали Алдажаров, Зікағил Абайұлы, Рақымжан Мамырқазов, Есбай Бекхожин, Зұлғарыш Әзімбаев, Жебрайыл Тұрағұлов, Әлмағамбет деген өнерпаз адамдар болды.

Шәкәрімнің әндерін өзінен үйренгендердің ішінен басқалардан шоқтығы биік, көпке танымал болған әнші Қабыш Керімқұлов болса керек. Ол ақынның оншақты әнін музыкатанушы Асқан Серікбаеваға айтып береді. Ал ол өз тарапынан осы әндерді қағазға түсіреді. Шәкәрімнің «Жиырма үш жасымда», «Жылым - қой, жұлдызым - июль», «Қорқыттың сарыны», «Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де», «Анадан алғаш туғанда», «Сұраған жанға сәлем айт», «Ойладым бір сөз жазайын да», «Мұтылғанның өмірі», «Сен ғылымға болсаң ынтық», «Көңіл», «Байғазы» сынды әндері ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның фольклорлық зертханасының қорында сақталып келген бұл әндер сол Қабыш айтқан, Асқан нотаға түсірген дүниелер екенінде дау жоқ. Ал қазір Шәкәрім әндерінің бірден-бір насихатшысы, жанашыр іздеушісі әрі орындаушысы әнші Келденбай Ұлмесеков. Ол ел ішінде ұмыт болып бара жатқан ақынның біраз әндерін жинастырып, жарыққа шығарды, қазақ радиосының Алтын қорына жазғызды.


Мағжан Жұмабаев Бекенұлы (1893-1938)


Мағжан (25.06.1893, қазіргі Оңт.Қазақстан обл., Булаев ауд,. Сасыққөл басында – 19.03.1938) – ақын, аудармашы. Сол кездегі дәстүр бойынша әуелі ауыл молдасынан сабақ алады.

Бұдан соң әулетті әкесі Бекен Мағжанды Кызылжардағы Бегішов медресесіне оқуға береді. Мұсылмандық орташа дәрәжелі білім беретін бұл медресе бес жылдай оқып бітірген соң 1910-1913 ж. Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқиды.

Осында жүріп «Садақ» журналын шығарысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. Абайдың өлеңдер жинағымен танысады, татар ақын, жазушылармен достасады, араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренуін жалғыстырады. Орыс тілінен сабақ алады. Абай үлгісімен Шығыс һәм Батыс поэзиясынан бірдей нәр алады. 1913-1917 ж. Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны медальмен үздік бітіреді.

Омбыда оқып жүрген кезінде сондағы жастармен тізе қосып «Бірлік» әдеби үйірмесін құрысып, оның «Балапан» атты қолжазба әдеби журналын редакциялайды. 1917-23 ж. «Бостандық туы», «Ақжол» газеттерінде және «Шолпан» журналында істеп жүріп халық ағарту жұмысына белсене араласады. 1923-26 ж. Москвада көркем әдебиет институтта оқиды. 1927-29 ж. Бурабай, одан соң Петропавлда муғалімдік, о,ытушылық қызметтер атқарады.
Ақындық өнермен Қызылжар медресесінде оқып жүргенде айналыса бастайды. 1912 ж. Қазан шаһарында Жұмабаевтың «Шолпан» атты өлеңдер жиңағы жарық көрді.

Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізде­ністері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов: «Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай… Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазды.

Мағжанды сүйетін, еуропалығын, жарқыраған, әшекейін сүйетін Мұхтар Әуезовтің өз ойын осылай Мағжан қуғын-сүргінге ұшырап жүрген кезде ашық айтуы, бұл – Мағжанның шығармашылығына берілген баға, өсер елдің баласының сөзі ғана емес, азапты жолда жүрген ақынға ашықтан-ашық ара түсу, өз басын оққа байлағанмен бірдей нағыз ерлік еді! Мұхтар Әуезов оған саналы түрде барды. Өйткені олар ел тарихындағы ең бір жойқын да күрделі кезеңде тарихи-әлеуметтік құбылысқа сыншыл көзбен қарап, өзінше баға берген, ұлт бостандығы мен тәуелсіздгі жолындағы күресте білек біріктірген тағдырлас жандар-тын. Мұхтар Әуезов Мағжан қаламынан шыққан туындыларға әркез зер салып жүреді, «Алқа» бағдарламасымен де алғашқылардың бірі болып танысады. «Бағдарламаның кеңестік идеологияға қарай икемделіп жазылғанын Мұхтар аңғармады емес. Мұны солшыл бағытта жазылған деп түйін­деуінен байқаймыз. Негізінен ол бағдарламаны мақұлдап, нақты әрекетке көшу керектігін айтып, Мағжанға жауап хат жолдайды». (Ш. Елеукенов «Мағжан мен Мұхтар», «Жұлдыз», 1997 ж.№10, 112б.).

Мағжанның бұл еңбегінің М. Әуезовтің қолына тиюі де қызық. Мағжан қолмен көшіріліп көбейтілген санаулы ғана «Алқа» бағдарламасының бір данасын Мұхтарға өзі тапсырады. Бұл да оның Мұхтарды бағалағандығының, оған деген ықыласы мен сенімінің ерекше болғандығының көрінісі деп түсінуіміз керек.

Осы екі ұлы қаламгердің шығармашылығындағы тағы бір тоғысуға назар аударайықшы. Мағжан «Ертегі», «Оқжетпестің қиясында» дастандарында Кенесары ханның тұлғасын сомдаса, даналығын, даралығын, алғырлығын, кемеңгерлігін жырласа, Мұхтар «Хан Кене» атты пьеса жазып, оның болмыс-бітімін, ел тарихындағы ролін аша түсті. Олардың пайымдауынша, хан Кененің тағдыры ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының қасіретімен тығыз сабақтас, үндес. Осылай қос арыс қазақты қалың өрттен қайтсем құтқарам деген тілек үшін жанын құрбан етуге даяр Кеңесарыны биікке көтеріп қана қоймайды, империялық санаға, бодандық санаға қарсы күресте бірлесіп шеп құрады.

«Мағжан-ақынның ақыны». Содан да оның жырларын талдауға ше­берлігін сынауға екінің бірінің жүрегі дауаламаған, білімі, күші жете бермеген. Бұған қасы мен досы қатар жүрген кезде де ешкім уәж айта алмаған. Қазақтың белгілі ағартушысы Жүсіпбек Аймауытов 1923 жылы Ташкентте оқып жүрген қазақ студенттерінің алдында жасаған баяндамасында Мағжан сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқырлығымен, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті екенін айта келіп, «Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз» – дейді, Мағжанды Пушкинге теңейді. Осы арада орыс халқының үлкен ақыны, ғалым В. Я. Брюсовқа телініп жүрген «Мағжан – қазақтың Пушкині» деген сөздердің нағыз авторы кім екенін айыруға болатын сияқты.

Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатындағы Мағжан Жұмабаевқа қатысты құжаттардың арасында оның өзі тапсырған өмір­баян парақшалары да бар. Біріншісін Мағжан 1923 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеудегі жоғары көркем әдебиет институтына қабылданғанда толтырады. Туған жері, тұрағы, қайда, қандай білім алғаны, отбасы туралы қысқа да нұсқа деректер: жоғары оқу орнына түскенге дейін Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқыған, мектепте мұғалім, газетте редактор болған, үйленген.

Ал екінші парақша бертінге дейін Петропавл педагогика техникумының мұрағатында сақталып келді, тапсырылған уақыты 1927 жылғы 1 қыркүйек деп көрсетілген. Мұнда Мағжан 1925 жылы әдебиет институтын тәмамдағанын, он жыл еңбек өтілі бар екенін, қазақ тілінен сабақ беретінін жазады.

Мағжан бұл кезде:

Күннен туған баламын,

Жарқыраймын, жанамын.

Күнге ғана бағынам! –

деп өзінің туған ұлтының аспандағы Айы, көгіндегі Күні, әмсе ақыл-ойының, парасатының өлшемі, асқар биігі, мақтанышы, тағзым етер тұлғасы болуға ұмтылысын танытып үлгерген дауылпаздың нақ өзі еді.

Мағжанның дарыны ерте ашылды. Бозбала шағында балғын үнімен, сырлы да сұлу жырымен баршаны баурап, Ғ.Ибрагимов сияқты үлкен тұлғаның назарына іліккен ақын орда бұзар отызында қиянға сермеген қанаты талмайтын қыран екенін шын танытты. Алда оны не күтіп тұр еді? Басқалар тонды кең пішкенмен Мағжанның өзінің оған терең бойлап, алаңдамағаны анық. Ол тек елім, халқым деп соққан жүрегінің дүрсіліне құлақ түрді. Содан да өз бойына ұлтының ащысы мен тұщысын, қуанышы мен қайғысын, қызығы мен азабын қат-қабат қондырып, тағдырлы, тауқыметі мол, тайғағы көп жолды таңдады.

Қанатын еркін сермей алмай қапыда кетті, жақұт жырлары қаратүнек қойнауында қалды, артық-кемі жоқ, жарты ғасыр бойы тұншығып жатты десек те, солақай, содыр саясат оның өзін де, сөзін де жоя алған жоқ. «Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар» деген ақынның өз сөзі ақиқатқа айналып, Мағжан халқымен қайта қауышты, мәңгілікке оралды. Міне, содан бері де жиырма жыл өтті.

Осы уақыт ішінде біз Мағжан туралы біраз жайларға қанықтық. Мағжанды жарыса жазу үрдісі жиырмасыншы ғасырдың 90-жылдарына дөп келді. Қазір біршама саябырлаған секілді. Бұдан, әрине, ұлттың ұлы ақынына деген сүйіспеншілігі ортайып қалды деген ұғым тумасқа тиіс. Мағжанның өзі де, жыры да мәңгілік, елімен, халқымен бірге жасай береді.

Мағжан туралы жазылған еңбектерді кезең-кезеңге бөліп қарастырар болсақ, Мағжанның көзі тірісінде, қуғын-сүргінге ұшырап, толық ақталғанға дейін жазылған дүниелердің бір төбе екенінде дау жоқ. Нақ сол кезде анық сөзін айтып кеткендердің қатарында Жүсіпбек Аймауытовты, Мұхтар Әуезовті, Ахмет Байтұрсыновты, Сұлтанбек Қожановты және басқаларын атауға болады. Бұлардың мағжантануға қосқан үлесі өлшеусіз. Осы орайда есімі елімізге белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтың естелігі де аса құнды дүние десек қателесе қоймаспыз. Оның естелігі ұзақ та емес. «Бұл қарапайым естеліктің айырықша қадірлі болатын тағы бір себебі – оны авторы қайта құрудың шарапатынан әлдеқашан бұрын (70-ші жылы) жазған. Ешқандай есепсіз адал жанымен жазған» (Құлбек Ергөбеков). Айтса айтқандай, естелік иесі ерекше құрметке лайық, батылдығымен аты шыққан ғалым. Оның өзі де ұлтшылдық қамытын киіп, қуғын-сүргінді көп көрген.

Енді осы қоспасыз таза естелікке үңілер болсақ Мағжанның бейнесі жарқырап алдымыздан шығады. «Мағжан сұлу еді: орта бойлы, толық денелі, бұйра қара шашты, ақ құба бидай өңді еді. Бет пішіні Абайдың белгілі суретіндегі бет пішініне ұқсайтын. Жүріс-тұрысы жарасты, сәл маңғаз еді. Осының бәрінің үстіне ол қыз мінезді еді» – деп жазады Б. Кенжебаев.

Осы айтылғандар Мағжанның шын бейнесін ашатын сөздер. Олай болатын себебі, Бейсембай Кенжебаев Мағжан Жұмабаевты жақсы білген, 1922 жылы Мәскеуде Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік уни­верситетінде оқып жүргенде оның алдынан дәріс алған. Бұл кезде Мағжан Жұмабаевтың өзі де студент болатын, ол Мәскеудегі жоғары көркем әдебиет институтында оқитын. Бейсембай Кенжебаев: «Мейлі, лекциялық сабақта болсын, мейлі, практикалық сабақта болсын, ол қа­ғазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдер мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация оқып тұрған тәрізді барлық нәшін, сипатын, қимылын келтіріп айтатын» деп Мағжанның білі­мінің тереңдігіне, алғырлығына тәнті болады.

Осы естелік Мағжанның Абайды пір тұтқанын, оған қатты еліктегенін тағы да дәлелдей түседі. Мағжан студенттерге Абай өлеңдерін оқып-үйретеді, олармен бірге Абайдың жаңа жыр жинағын талдайды. Бір кез­­дескенде өзінің шәкіртіне аудармаға қатысты ойларын бүкпесіз білдіріп: «Басқа тілден шығарма аудару – ол шығарманы өзінікі етіп алу деген сөз, өзінікі болған соң, ол өгей бала емес, туған бала болуға тиіс. Яғни өгей бала екені мүлде білінбеске керек. Ол үшін шығарманың тұрқы, тұлғасы аударылмай, мағынасы, рухы аударылуы қажет», – дейді. Ол осылай Абайды жүрегімен ұғынған. Олардың жырларындағы үндестік те осыны дәлелдейді. Қазақ үшін Абай қалай қайғырса, Мағжан да солай қапаланады. Өзінің ұлттық таным-тағылымы жеткен биікке ол өз халқының да орнығуын тілейді, ботадай боздайды, аңсайды, армандайды, әйтеуір өзінің ұлтын сол асқаралы заңғардан көргісі келеді.

«Мінезі баладай, тілі балдай еді. Адамға қайырымды, кешірімді, қалтқысыз жан еді… Білімді, алғыр, ойшыл, орысшаға, шығыс тілдеріне ерекше жетік-ті». Сәбит Мұқановтың осы сөздерінде де көп сыр жатқан жоқ па? Өмір жолы Мағжанды әр кезде заманы бір, өзі тұстас қазақтың зиялыларымен кездестіріп отырған. Сәбеңнің айтуынша, алайда, олардың идеялық жолдары бөлек болған. Кеңестік дәуірді, оның табыстарын жырламаған, ескіні, байшылдықты, ұлтты көксеген Мағжанның жырлары коммунистік жолды таңдағандарға жат болған. Соның бір көрінісі – Мағжанның 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан өлеңдер жинағын мәскеулік қазақтардың талқылауы. 1924 жылдың 24 қарашасында әдебиет үйірмесі ұйымдастырған бұл жиынға КСРО халықтары орталық баспасының директоры Нәзір Төреқұлов, Орталық комсомол комитетінің бюро мүшесі, жастардың коммунистік интернационалы атқару комитетінің бөлім бастығы Ғани Мұратбаев та қатысады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жас ақын, сол кезде Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқып жүрген Өтебай Тұрманжанов баяндама жасайды. Баяндаманы талқылауға қатысушылардың пікірі екі бөлініп, жиналыс «Мағжан буржуазияшыл-ұлтшыл, бізге мүлде жат ақын» дегенге саятын қаулы қабылдайды. Кейін осы қаулы Қазақстанның орталық газеті «Еңбекші қазақта» жарияланады. Мұның Мағжанға қатты соққы болып тигені, ақынды үлкен күйзеліске ұшыратқаны сөзсіз. Оның «Тоқсанның тобы» деген толғауында:

Жырларым елді жалпылап,

Жасырман жүзді жақтадым,

Тоқсанға енді тоқтадым,

Толғанып, ойлап, талқылап…

Тоқсаннан сонау он аулақ,

Мен тоқсанмен біргемін, –

деуі содан.

Мағжанға қарсы шабуылдың үдеуіне сол кезде Мәскеуде оқып жатқан жастар ғана түрткі болды десек қателесер едік. Оған Сәбеңнің, кәдімгі Сәбит Мұқановтың да бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кеткені белгілі. Идеялық қарсыластарына ымырасыз Сәбең Мағжанды да аяған жоқ, өзгелермен бірге сынның дойыр қамшысын оған да сілтеді.

Мағжан кім қанша даттаса да былғанбайтын асыл емес пе, соны кейін Сәбең де түсінген болуы керек, ақын туралы пікірі өзгеріп, артына Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы, шығармашылығы жайлы зерттеу еңбегін қалдырып кетті. Атақты жазушының «ХХ ғасырдағы қазақ әде­биеті» деп аталатын кітабына енген осы еңбекте Мағжан туралы мынадай жолдар бар:

«… Ақындық жағынан келгенде, Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетте жаңа түрлер енгізу ретінде, Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ». Бұл Мағжан өмірден озбай тұрып 1932 жылы айтылған сөз. Нақ осы кезде қуғын-сүргінге ұшырап, қиналып жүрген Мағжан да Сәбеңнен сырт айналуды жөн деп таппайды, хат жазып одан ақыл-кеңес, көмек сұрайды.

Осы арада Мағжан Жұмабаевтың Сәкен Сейфуллинмен қарым-қатынасы туралы да әңгімелей кету артық емес сияқты. Мағжан 1937 жылы Алматыға табан тірегенде Сәбең қарсы алғанмен «Менің жолым-теріс. Сәкендікі – дұрыс болды. Алдымен соған сәлем берейін» деген тілегін білдіреді. Сәбең өзінің естелігінде жазғандай, ретін тауып Сәкенге хабар береді. Сәкен қарсы болмайды, екеуі көздеріне жас алып құшақ-тасады. Осы арада Мағжан Сәкеннен кешірім сұрайды. Сәкен: «Саған бәрі де кешірімді, бізден енді кешірім сұрама» дейді. Сол күні Мағжан Сәкен үйінде қонып қалады.

Сырт көзге қатардағы оқиға сияқты болып көрінгенмен екі алыптың түсінісуі – бұл тарихи сәт еді. Өйткені, оған дейін олардың арасы жақсы емес-ті. Мағжан мен Сәкен тұңғыш рет Омбыда кездескен, сонда бірге оқыған. Кейін араларынан «қара мысық» жүгіріп кетіп, кикілжіңмен біраз жерге барып қалған. Екеуі де ақын болғаннан кейін бірін-бірі сөзбен түйрейді ғой баяғы. Соза берсек, бұл өзі таусылмайтын әңгіме. Белгілі ға­лым Тұрсынбек Кәкішев ағамыз бұл жөнінде «Өнер бәсекесі, немесе Мағжан мен Сәкен» деген көлемді тарихи-әдеби эссе жазған.

Ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Солтүстік Қазақстан» газетінде (1991 ж. 21 мамыр) жарияланған «Мағжанды махаббатпен оқығанда» деп аталатын эссесінде де Мағжан мен Сәкеннің ара-қатынасын ашатын тұстар аз емес. Ақын ағамыз өмірдің өз ағымында, әдебиеттің дамуында әрқилы мектептердің, әр алуан таланттардың бәсекесі, жарысы, айтысы мен тартысы қызу жүріп келгенін, жүре де беретінін айта келіп, «Мағжанның идеялық және эстетикалық позициясына қарсы жанкешті күреспесе, Сәкеннің азамат әрі ақын-суреткер ретінде қауырт өсіп, биікке самғауы, ол ол ма, қазақ әдебиетіндегі жалаугер жетекшілігі қамтамасыз етілер ме еді. М. Жұмабаевтың «Батыр Баянымен» қиын жарысқа Сәкен өзін өткір қайрап салмаса «Көкшетау» дастаны өзінің ғажайып көркемдік дәрежесіне көтеріле алар ма еді?» деп сауал тастайды. Сөз жоқ, осы бәсеке жай да жүйрік қаламды одан сайын желқанаттандыра түскені анық. Олай болса, Мағжан мен Сәкен өмір көшінде әрдайым бірге жүрді. Олардың өмірлерінің соңғы сәтінде кездесіп түсінісулері, табысулары кездейсоқтық емес. Бұл халқымызға бұйырған тағдырдың сыйы.

Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жайларды елеп-екшеп жүре мені «Мағжан туралы оның жерлесі, замандасы, заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов неге бір ауыз сөз қалдырмаған?» деген ой мазалай беруші еді. Оның жауабын жазушы Жайық Бектұровтың «Бес арыс» («Жалын» баспасы, 1992 ж.) деп аталатын жинаққа енген естелігінен тапқандай болдым.

Ғабең бірде Жайық Бектұровқа Мағжанмен алғаш рет 1928 жылы Бурабайда кездескенін, Ақмола губерниялық партия комитетінің хатшысы Садықбек Сапарбековтің өзін шақырып алып, «Мағжанның орнына орман шаруашылығы техникумында оқытушы бол» дегенін айтып береді. «Бурабайға келдім. Мағжанды осында бірінші рет көрдім. Ол өзінің пәтерін маған беріп, Қызылжарға кетті. Сонда барып совпарт школда сабақ берді» дейді.

Кейін Мағжан мен Ғабең 1936 жылы Алматыда тағы кездеседі. «Мен Қазақстан Орталық партия комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі едім. Мағжанды жұмысқа орналастырдық. Ол жұмысына құл­шына кірісті. Дінге қарсы орысша бір трактат іспеттес еңбек жазып әкелді. Жұмысының өзі де дінге қарсы үгіт-насихат жүргізу еді». (Ғабит Мү­сірепов). Жайық Бектұровпен әңгімесінде Ғабең: «Менің ойымша, Мағжан шығармаларын басуға бұл күнде совет өкіметінің еш бөгеттігі жоқ, бұлай деу бос сөз. Оның шығармаларын жарыққа шығаруға біздің өзіміздің көптен бергі бір беткей қалыптасып кеткен теріс дағдымыз, теріс көзқарасымыз, Мағжанды ұлтшыл деп жамандап қалған ескі әдетіміз бөгет. Біз біреуді жамандасақ, тасқа басқан таңбадай, өмір бақи өшпейтін қара бояудай көреміз. Кейде тіпті қайсыбір ақындарымыздың іштей қызғаншақтығы да бөгет болып жүр» деп Мағжан шығармаларын жарыққа шығаруға қатысты ойларын ашық білдіріпті. Алайда, Ғабең Мағжанға ара түскен жоқ, Мағжан туралы естелік те қалдырмады. Оның себебін қазір дөп басып айту қиын. Атақты «Бесеудің хатына» қол қойған, «Бейімбет жау болса, мені де жау деп санаңыздар» деген Ғабеңнің Мағжан туралы қалам тартпағанын түсіну де, түсіндіру де қиын.

Соңғы жиырма жылдың ішінде Мағжан жайлы біраз дүние жарық көргенін жоғарыда айттық. Солардың ішінде белгілі жазушы Жайық Бектұровтың еңбегінің орны бөлек десем ақиқаттан тым алыс кете қоймаспын. Ш.Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ә. Марғұлан сынды қазақтың асыл ұлдарының әдеби портреттерін оқырманға тарту еткен Ж. Бектұров Мағжанның халқына қайта оралуына да көп еңбек сіңірді. Ол Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысаралық бөлімшесін басқарған жылдары Солтүстік Қазақстан облысына сан мәрте келіп, Мағжанның жары Зылихамен кез­десіп, қолынан келген көмегін аямаған. «Мағжанды іздестірдіңіз бе? Жо­ғарғы жаққа арыз жаздыңыз ба? деп сөз бастап кеттім. «Жаздық қой. Жазбаған жеріміз жоқ. Ештеме шықпады», - деді Зылиқа. Мен ол кісіге: «Сіз Н.С. Хрущевке жазыңыз. Күйеуім ақын еді, жұрт ұлтшыл десті. Бірақ ол ешқандай басшы жұмыста болған жоқ еді. Кеңес үкіметіне қарсы ешбір теріс әрекет істеген адам емес. 1930 жылы ұлтшылсың деп бір соттады. Одан лагерьде жазасын өтеп келіп, болмашы қызмет істеп жүргенде қайта қамалды, жоқ болып кетті» деп жазыңыз» дедім». (Ж. Бектұров)

Жазушы осыдан кейін өзі де қарап отырмайды, Башқұртстанның халық жазушысы Сайфи Құдашқа хат жазып, Мағжан Жұмабаевты ақтауға көмектесуін сұрайды. Мағжан Жұмабаевпен Уфадағы «Ғалия» мед­ресесінде бірге оқыған С. Құдаш 1969 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаевқа хат жолдайды. «Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың тағдыры туралы» деп аталатын бұл хатында башқұрт әдебиетінің ақсақалы Қазақстанның көптеген қалаларынан, оның ішінде Қарағандыдан да, Мағжанға ара түсуін сұраған өтініштер келгенін жазады.

Жайық ағамыздың Мағжанға, Мағжанның артында қалған жесірі Зылиқаға жасаған басқа да жақсылықтары аз емес. Мағжан ақталғаннан кейін Зылиқаны шетқақпай қыла бастаған ақынның туыстарының орынсыз әрекеттерін айыптағаны тағы бар. Ол: «Өмірде әділетсіздік көп қой. Бәрі де қараңғылықтың, іші тарлықтың белгісі. Бұрын естерінен шығып кеткен Зылиқа, енді Мағжан жұрттың аузына қайта іліге бастағаннан кейін, бұл байғұстардың да тіліне, көңіліне орала бастапты. Бұлардың да әкелері, туыстары сотталып, есеңгіреп қалған адамдар. Жалған қызғаншақтық сезім де бар. Жақсы мұраға ие болғысы келетін ниет те бар. Баласы, ұрпағы жоқ, жалғызбасты сорлы кемпірдің Мағжанның із-түссіз кеткен еңбектерін инемен құдық қазғандай жинағанын өзге, соның көп азап-бейнетін көргеннен басқа ешкімге ешбір жазығы жоқ» деп жазды.

Белгілі жазушы, қазақ әдебиеті ақсақалдарының бірі Ғаббас Қабышұлы да осыны дәттейді. «Мағаңның өлең-дастандары, әдеби аудармалары жарияланған газет-журналдарды іздеп табу, көшірме жасатып алу, әрине, апайға қиын болған. Ақы-пұлын төлеу былай тұрыпты, кесірі жетерлік кездерде ашық іздеудің өзі қандай тәуекелді қажет етті десеңші?! Күйеуіне жағылған күйені кетіру үшін жан тыныштығын ұмытқан, алғаш тұт­қындалғанында ізденіп Мәскеуге, Максим Горькийге дейін барған, Мағаңның ол жолы ақталуына бірден-бір себепші бола білген, ал ері екінші рет тұтқындалғанда соңынан Сібірге барғаннан өзге шарасы қалмаған Зүлкең, кім не десе де, бүгінгі бізге де, келер ұрпаққа да аса қажет қыруар іс тындырды» (Ғаббас Қабышұлы. «Қазақ әдебиеті» 2003 ж. 30 мамыр).


Аймауытов, Жүсіпбек


Аймауытов, Жүсіпбек (18891931) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы.

Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер екен.

Жүсіпбек жастайынан араб­ша хат тану, оқу үйренген. 1907 ж. бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады.



19111914 жж. ауылда мұғалім болып істейді.

1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады.

Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ. Сәтбаевпен, М. Әуезовпен танысады.

Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919).

Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920).

Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы.

Қарқаралыда мектеп мұғалімі (19221924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (19241926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (19261929) қызметтерін атқарады.



1929 ж. басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.

Шығармалары


Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты.

Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, құнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген.

Бұлардың сыртында «Тәрбиеге жетекші» (1924 ж.), «Пси­хология» (1926 ж.), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926 ж.), т.б. ірі ғылыми еңбектері бар.

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге, оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының сонылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ.



Міржақып Дулатұлы



Міржақып Дулатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайреткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.

Туған жері — Сарықопа уезінің, қазіргі Торғай облысының үшінші ауылы. Әкесі — Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі — Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған.

Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды.

Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деп бар даусымен жар салады.

Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді.

Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсыновтың үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, «Ахаң Жахаң» деп бірге атады. Пенделік бар қазақтан бас тартап, халқының бақыты үшін күрескен есіл ерлерді өз халқының жауы атандырып, кешегі күні Қызылдың қызылкөз жендеттері екеуін еріксіз айырып, екі жерде атып өлтіріп, атын өшіреміз дегенде де халқы олардың асыл есімдерін есінен шығарған жоқ, аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты.



Ерте оянып, ерте есейген өр мінезді Міржақып қашанда күрес шебінің алдында болды. Жалынды сөзімен де, тыныдырымды ісімен де, жеке басының жүріс тұрысымен де ол өзінен кейінгі жастарға әсер етіп, оларды халық ісіне алаңсыз берілуге үндеді. Оның публицистикалық толғауларынан шағын өлеңдеріне дейін, «Бақытсыз Жамал» романынан газет журналдардағы шағын мақаласына дейін халық мүддесіне арналды. Сонымен бірге ол Ахмет ағасы секілді жастарды тәрбиелеу жөнінде көп ойланып, көп еңбектенді, халықтың пайдалы әдет ғұрпын сақтауға, елін, жерін сүйетін тәрбие беруге күш салды. Жазушылық, қоғамдық қызметке педагогтік міндетті қосарлап көтеруі де Міржақыптың халқын беріле сүйетіндігінің айғағы еді. Ел бейнетіне өгіз болып жегіліп, ертеңі үшін жанын қиған Жақаң: «Ем таба алмай дертіңе мен ертеден, Сол бір қайғың өзегімді өртеген. Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден, Еңсең неге түсті мұнша, елім ай» деп, дүниеден арманда кетті.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет