Білім қалай ізделінеді?



жүктеу 51.62 Kb.
Дата08.05.2019
өлшемі51.62 Kb.

БІЛІМ ҚАЛАЙ ІЗДЕЛІНЕДІ?

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!

Мұсылмандардың көбісі білімді кімнен және қалай алу керек екенін білмейді. Ислам университеттерін бітірген және араб тілін жетік меңгерген немесе мешіттің имамы болып табылатын адамдардың кез келгеніне дінімізді тапсырып, олардан білім алуымыз дұрыс болмайды. Әсіресе, газет, таспа, интернет-сайт, кітаптардың кез келгені діни білім алынатын сенімді әрі дұрыс қайнар бола бермейді. Білімді тек қана үлкен ғалымдар одан білім алуға болады деген адамдардан және сенімді қайнарлардан ізденуіміз керек. Жәбірейіл періште (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларына келіп, Ислам, иман, ихсан туралы сұрақтар қойып кеткенде, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Омардан: «Әй, Омар бұл сұрақтарды қойған кім екенін білесің бе?», - деп сұрайды. Сонда ол: «Аллаһ және Оның елшісі жақсырақ біледі», - деп жауап береді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Шын мәнінде, бұл – Жәбірейіл, (ол) сендерге діндеріңді үйрету үшін келді», - деді (Муслим). Осылайша, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айналасындағы адамдарды үйрету үшін осы тәсілді қолданып, сұрақ қоюшының кім екенін оларға хабарлады.

Хузайфа (Аллаһ оған разы болсын) былай деп айтты: “Адамдар әдетте Аллаһ Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) игілік туралы сұрайтын, ал мен болсам одан жамандық туралы сұрап жүрдім, себебі оның менің басыма төнетінінен қорқатынмын. Бір күні мен одан: «Уа, Аллаһтың елшісі , расында, біз надандық пен жамандықта едік, кейін Аллаһ бізге осы жақсылықты (Исламды) нәсіп етті. Енді осы жақсылықтан кейін тағы да жамандық келеді ме?», - деп сұрадым. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә», - деді. Сонда мен: «Ал осы жамандықтан кейін тағы жақсылық келеді ме?», - деп сұрадым. Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, бірақ ол, жамандықпен араласып келеді», - деді. Мен: «Бұның мағынасы неде?», - деп сұрағанымда, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдарды менің істеген (өнегемнен) өзгеше басқаратындар пайда болады, сендер оларды көріп, істерін құптамайсыңдар», - деді. Сосын мен одан: «Ал осы игіліктен кейін, тағы жамандық келеді ме?», - деп сұрадым. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай жауап берді: «Иә, әрі бұл жамандық – Тозақ қақпаларына шақырушылар болады, олар шақыруларына жауап берген адамды Тозаққа тастайды». Мен: «Уа, Аллаһтың елшісі, бізге оларды сипаттап берші», - деп сұрадым. Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай жауап қатты: «Олар бізден болады және біздің тілімізбен сөйлейді» (Бухари, Муслим).

Осы күні әрқайсысы өз беттерінше сөйлейтін уағыздаушылардың саны көбейіп кетті. Пайғамбармыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осындай ескертуінен кейін тақуа мұсылман қалайша сақ жүрмейді?! Біз Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы уағыздаушыларға еретіндер Тозаққа баратыны туралы айтқан сөздерін ұмытпауымыз керек. Ал осы уағыздаушылар Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үмметінен емес пе?!

Али ибн Абу Талиб былай деп айтқан: «Осы білімдерді кімнен алып жүргендеріңізге қараңыздар, расында, бұл – дін!».

Ибн Омар: «Сенің дінің - ол сенің дінің! Ол сенің тәнің мен қаның! Сондықтан діндеріңді кімнен алып жүргендеріңізге қараңыздар!», - деп айтқан.

Ибн Сирин, Даххак, Имам Малик т.б.: «Шын мәнінде, бұл білімдер – дін, сондықтан діндеріңді кімнен алып жүргендеріңізге қараңыздар!», - деді.

Сондай-ақ мұсылмандардың көбісі «Ислам сайттары» деп аталынатын, бірақ шын мәнінде бидғаттарға толы және мұсылмандар үшін бір дерт, ауру болған түрлі форумдар туралы айтсақ болады. Білімді қорлап, ғалымдардың атына күйе жағатын осы форумдар дін тарату ұранымен өз оған беттерінше көп нәрсе қосып, дін туралы дұрыс түсінікті өзгертіп, мұсылмандарға үлкен зиян әкелуде. Діннен қарапайым білімге де ие болмаған біреулер ғалымдардың сөздерінен кейін «Алайда мен былай ойлаймын...», «Мен былай есептеймін...», «Менің пікірім осындай...» деген сөздерді айтуға батылдары жетіп жатады. Форумдарға жиі кіріп жүретіндер өзара таласып, тартысып, бұл күнәның ауырлығына қарамастан, Аллаһтың діні туралы білімсіз сөйлейді. Аллаһ Тағала былай деді: Тілдеріңнің «бұл халал, бұл харам» деп өтірік сипаттағанын айтпаңдар. Аллаһқа өтірік жала жапқан боласыңдар. Шын мәнінде, Аллаһқа өтірік жала жапқандар құтылмайды («Нәхл» сүресі, 116-аят).

Ибн әл-Жәузи Аллаһтың «Күдіксіз, Раббым ... Аллаһ туралы білмейтін нәрселеріңді сөйлеулеріңе тыйым салды» («Ағраф» сүресі, 33-аят) деген сөздері туралы былай деді: «Бұған берік білімсіз айтылған кез келген сөздер мен пайымдаулар жатады».

Аллаһ туралы білімсіз сөйлеуді Раббымыз ширкке (серік қосуға) теңеді. Ибн әл-Қайим былай деп айтты: “Білімсіз пәтуа шығарғанда немесе сот үкімін білімсіз шешкенде, Аллаһ Өзіне сілтеме жасауға тыйым салды да, үлкен күнәлардың қатарына ғана емес, оны ең ауырына жатқызды. Аллаһ Тағала былай деді: Айт: «Күдіксіз, Раббым жария немесе жасырын болған арсыздықтарға, барлық күнәларға, еш қақысыз жәбірлеуге, оған байланысты ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаһқа серік қосуларыңыңа және Аллаһ туралы білмейтін нәрселеріңді сөйлеулеріңе тыйым салды»” («Әғраф» cүресі, 33-аят). Бұл аятта Аллаһ Тағала тыйым салынған істерді төрт дәрежеге бөлді де, оларды кішісінен бастап атап шықты – (оның алғашқысы) арсыздықтар. Екіншісі біріншісінен қаталырақ тыйым салынған іс – бұл зұлымдық. Үшіншісі алғашқы екеуінен де жаман іс – ширк (көпқұдайшылық). Ал төртіншісі алдында аталып өткендердің барлығынан қатал түрде тыйым салынған іс – Аллаһ туралы білімсіз сөйлеу. Бұған Аллаһ туралы, Оның Есімдері, Сипаттары мен істері жайлы айтылған және Оның діні мен заң-ережелері жайлы айтылған сөздер жатады”.

Ибн Аббас келтірген хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Құран туралы білімсіз сөйлесе, Қиямет күні Оттан (жасалған) жүгенмен жүгенделеді», - деп айтқан (Абу Яғла. Хафиз Ибн Хәжар бұл хадисті сахих деді).

Дегенмен, егер мұсылман, өмірінде бұл тыйымдарға қарамастан, дін туралы білімсіз сөйлемек түгілі, өзінің көзқарасын қорғауда қасарысатын адамдармен кездесіп қалатын болса, олардың адасуларын талқылауға кірісіп, сөз тартыспағаны жөн. Бидғатшылар мен өз құмарлықтарына (әуестіктеріне) ергендермен тартысып-айтысуға мұсылмандардың алдынғы буындары қатаң тыйым салған еді. Имам Ахмад былай деді: «Сүннет негіздерінен... құмарлықтарына ерген адамдармен қарым-қатынасты үзіп, дінге қатысты дау-дамайлар мен салғыласушылықты тастау».

Мұғауия ибн Қурраһ: «Дінде тартысу амалдардың түгі қалмай жоқ болып кетуіне әкеліп соғады», - деп айтқан.

Әбу Қилаба: «Өз құмарлықтарына ерушілерге оларды тыңдау арқылы көмектеспеңдер», - деді.

Сондай-ақ белгілі табиғин Айюб әс-Сахтияни былай деген: «Бидғатшыларға қарсы ең жақсы жауап – үндемеу».

Абу Умамадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Адамдар тура жолға түскеннен кейін, әрқашан тек қана тартыстардың себебімен адасып кетуші еді» (Ахмад, әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ. Хадис хасан).

Алайда егер бидғатшы адам шынымен-ақ таласуды емес, бірақ ақиқатты білгісі келсе, онда онымен тақырыпты білетін, даналық пен жұмсақтық таныта алатын адамның пікір-талас өткізуінде ешқандай айып жоқ. Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде тартыс жүргіз» («Нәхл» сүресі, 125-аят).

Әй, мұсылмандар! Білімді қалай болса солай, кез келген адамнан алып, өз діндеріңізге немқұрайлы болмаңыздар. Білім – сізді Аллаһқа жақындататын дін емес пе?! Және де айтылған немесе жазылғанның барлығына олар тексерілмейінше сене бермеңіздер. Имам әл-Бәрбахари былай деп айтқан: «Замандастарыңның қандай сөздерін естісең де, оны Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары мен ғалымдар айтқан-айтпағанын біліп немесе сұрап алмайыңша, асығып, оған сүйенбе!».



Дереккөзі: Ислам-форум, қазақ тіліне аударған: www.al-hanifiya.kz

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет