Жамбыл облысында жүк тасымалдаушылар тозығы жеткен ақылы жолды жөндеуді талап етіп отыр. Жүргізушілер 25 жылдан бері жөндеу жасалмаған айналма жолға ақы төлеп отырғанына наразы. Шұрық-шұрық трассада техникалары жиі сынатынын айтып, кей кездері жолды өз күшімізбен күреуге мәжбүрміз дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Таулы аймақтардағы учаскелер қараусыз жатыр. Ал жолға жауапты мекеме ешқандай стандартқа сай келмейтін ақы алып отыр.

“Міне, "Қазавтожолдың" жұмысын қолмен істеп жатырмыз. Міне, жігіттер топырақты қазып алып жатыр. Осылай амалдап жатырмыз. Ана жоқта да тура осындай жағдай”, – деді жүргізушілердің бірі.

Шет елдерден жиі қатынайтын жүк тасымалдаушылар жолдың сапасы Қазақстан аумағында өте нашар екенін айтады. Ал жол жүру тарифі өзге елдерден едәуір қымбат. Есесіне ақ қар, көк мұзда тайғанап, талай көлік аударылған. Ауыр жүк көліктері уақытылы тазаланбайтын өткелдерде тұрып қалады.

“Мына Күйікте жүріп болмайды. Лажсыз жүреміз. Не үшін төлеп жүрміз?! Біз соны түсінбейміз! Қыста қаншама көлік апатқа ұшырады. Жүргізушілер зардап шегіп жүр! Көктайғақта да, мына ойдым-ойдым жерден шығамын деп көліктерге соғылып жатырмыз. Малды, адамды соғып жатыр. Мұның бәрі жолдың сапасыздығынан”, – деді жүк тасымалдаушы Әбдішәкір Саидов.

Транзит тасымалдаушылар жол азабы Жамбыл облысындағы таулы аймақтарда қатты сезілетінін айтады. Себебі Күйік асуындағы жаңа жолмен өтуге тыйым салынған. Ал жүк көліктеріне арналған айналма жолдың тоз-тозығы шыққан. Бірақ сапасыз жолға ақы алу жүйелі жолға қойылыпты.

“Біз не үшін осыншама ақша төлеп отырмыз? Шұрық-тесіктер үшін бе? Мына шұңқырға адам жатса көрінбей қалады. Бұл жолмен екі жылдан бері қатынап жүрмін. Өту мүмкін емес. Мәселен, шет елдерде мұндай қараусыз қалған учаскелер жоқ. Жолдың ақысы да едәуір арзан”, – деді жүк тасымалдаушы Рүстем Пардаев.

Жүк көліктерінің жүргізушілері 20 шақырым айналма жолдан өту бірнеше сағатқа созылады дейді. Бұл жолдың әр шақырымын басып өту орта есеппен 30 теңге тұрады. Ал "Қазавтожол" мекемесі бұған дейін бұл жол учаскесіне ақы алынбайды деп мәлімдеген. Бірақ жүргізушілер оны жоққа шығарды.

“Тегін жол депті. Міне, телефонымнан қараңыз. Біз тіпті Теріс-Ащыбұлаққа жетпей жатып көптеген километр қосып қойыпты”, – деді жүргізуші.

Жүк жеткізушілер жолдың нашар сапасын "Қазавтожол" компаниясынан көреді. Ал жауапты мекеме жүк көліктеріне арналған Күйік асуы биылдан бастап "стандартқа сай жөнделеді" деп сендірді.

“Биыл ұлттық оператормен Жамбыл облысындағы ескі Күйік асуын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Мердігерді анықтау үшін конкурс өткізіліп, келісім жасалды. Мердігер компания қазір дайындықты бастап кетті. Жаңа жол учаскесі 2025 жылы пайдалануға беріледі”, – деп мәлімдеді "ҚазАвтоЖол ҰК" АҚ пайдалану департаменті директорының орынбасары Серік Мырзағалиев.

"Батыс Еуропа-Батыс Қытай" күре жолының бойындағы айналма жолмен күн сайын 15 мыңнан астам жүк көлігі қатынайды. Бірақ жол бойында дәретхана мен автотұрақ деген атымен жоқ. Жүргізушілер ақылы жолға тән сервис іске қосылмайынша, ақы алуды мүлде тоқтату керек деп отыр.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.