Бөкей ордасында алғАШҚы мектептердің ҚҰрыла бастауы с. А. Сарсенов



жүктеу 117.88 Kb.
Дата22.09.2017
өлшемі117.88 Kb.

УДК 9 КАЗ

БӨКЕЙ ОРДАСЫНДА АЛҒАШҚЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚҰРЫЛА БАСТАУЫ

С.А.Сарсенов,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

Г.К.Муканбедиева

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Тарих мамандығының 1 курс магистранты
Аңдатпа

Бұл мақалада Қазақ даласында, соның ішінде Бөкей Ордасында алғашқы мектептердің пайда болуы туралы сөз болады. Патша үкіметінің мектептер ұйымдастырудағы шынайы мақсаты мен жымысқы әрекеттері ашып көрсетіледі. Мектептердің әртүрлә типтеріне мінездеме беріледі.



Негізгі сөздер: Мектеп, медресе, Бөкей Ордасы, орыс-қазақ мектебі, училищелер

Бөкей Ордасы ХІХ ғ.бастап патшалық Ресейдің ықпал ету аймағына айнала бастады. Әсіресе, мәдени-ағарту саласында бұл айқын көрінді. Халықтың басым көпшілігі Жайық өзенінің арғы бетінен келген Кіші жүз рулары еді. 1845 ж.Ішкі Ордада хан билігі жойылғаннан кейін «Ішкі (Бөкей) Ордасын басқару жөніндегі уақытша Кеңес» құрылды. ХІХғ.орта кезінде патшалық Ресейде бірнеше әкімшілік реформалары жүргізілгені мәлім, оның ішінде білім жүйесінде де реформалар болған еді. Қазақстандағы 1867-1868 ж. реформалардан кейін Орда Торғай облысына қарады, ал облыс Орынбор генерал-губернаторлығының құрамында болды. Әкімшілік жағынан Ішкі Орда бес бөлімнен және екі округтен тұрды.

Орда халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысты. Өнеркәсіптің түрінен тек қана Басқұншақ тұз өндіру кендері болды. ХІХ ғ.аяғында Ордада 263 мыңдай адам тұрды. Осыншама адамға екі-ақ дәрігер болды. Біреуі Хан Ордасында, екіншісі Новая Казанка селосында. Хан Ордасында мектептердің құрылуы туралы бірнеше тарихшылар мен педагогтар зерттеді. Олардың еңбектерінде негізінен жалпы сипаттама беріледі, мектептер құрылуының алғышарттары,статистикалық деректер көрсетіледі. Бұл мектептердегі білім беру ісі хан, сұлтандардың балаларын Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға түсуге дайындауға бағытталды.

Мектепте ислам діні мен шығыс тілдерінен басқа пәндердің бәрі орыс тілінде жүрді. Ордаға орыс ғалымдары келіп жұмыс істеген. Мысалы, 1887-1888 жылдары белгілі орыс антропологы және этнографыАлексей Харузин Ішкі Орда қазақтарының тарихын, экономикасын және тұрмысын зерттеген. Ол бірнеше қорғандарды қазып, суретке түсіріп, антронометриялық өлшемдер жүргізіп, «Киргизы Букеевской орды (антрополого-этнографический очерк) М., 1889 деген еңбегін жариялайды.

Ішкі Орданың географиялық жағынан басқа қазақ жерлерінен алшақ орналасуы, жергілікті халықтың орыстармен тығыз байланысты болуы олардың экономикасы мен мәдениетіне өзгеріс енгізді. Бұл білім беру ісіне де әсерін тигізбей қойған жоқ. Қазақстанның басқа аймақтарында білім беру ісі негізінен діни метептер мен медереселер арқылы жүзеге асырылса, Ордада орыс тілінде жүргізілді.

Бөкей Ордасы өзінің ішкі құрылымы жағынан да,даму ерекшелігімен де Қазақстанның батыс аймағындағы алдыңғы қатарлы өңір болды. Соған қарамастан ол қазақ халқына тән патриархалды-феодалдық қоғам болып қала берді. Бірақ Ресеймен тығыз байланыс іс жүргізу, келіссөздер жүргізу үшін сауатты адамдарды қажет етті. Сондықтан да оқу орындарын ашу ауадай қажет болды. Әрбір старшындықта,рулық құрылымда хан қазынасына жинайтын алым-салық жүйесін құру,мал басын,жер иеліктерін санау, кейбір қылмыстық істерді жазбаша түрде жүргізу, сауда істері мен шаруашылық байланыстарын басқа губерниялармен жүргізу,т.б.білімді адамдарға сұранысты күшейтті.

Бөкей хандығында іс жүргізу ісі жақсы жолға қойылған еді. Әсіресе, Жәңгір хан бұған өте-мөте көңіл бөлді.

Батыс Қазақстандағы алғашқы мектеп 1841ж.Хан Ордасында пайда болды. Мектепте 2 сынып болды:орыс және татар. Біріншісінде 13 оқушы, екіншісінде 12 оқушы болды. Ең ересек оқушы 22 жаста, кішісі 9 жаста болды. [1]

Олар мектеп ішінде оқитындар және келіп оқитындар болып екіге бөлінді. Біріншілерін мектеп қамтамасыз етті.

Жәңгір хан өзінің көмекшілерінің балалары үшін мектеп-пансион ашты. Мұнда мұғалімдер жетіспеді, аздап болса да орыс тілінен хабары бар тілмәштар, мал дәрігерлері т.б. сабақ беруге мәжбүр болды. Бөкей Ордасы бірте-бірте батыс өңіріндегі ағарту ісінің орталығына айналды. Жәңгір ханның кезінде Ордаға Қазан,Орынбор қалаларынан молдалар шақырылды, жергілікті хан,сұлтандардың балалары Қазан, Орынбор,Уфа,Астрахань қалаларына оқуға жіберілді. Жәңгір хан мектеп ісін жіті қадағалап отырды, мешіттер салуға,олардың жанынан әртүрлі мектептер ашуға қаржы жинатты, молдалардан емтихан алатын комиссиялар құрды. Осының нәтижесінде әрбір рудың өз молдасы болуға қолы жетті.

Қазақ балаларының орыс, татар тілдерін білмеуі біраз қиындықтар туғызды. Халықты ағарту саласында Жәңгір хан бір жағынан экономикалық, саяси-әлеуметтік мүдделерді көздеді, екінші жағынан білім халықты ілгері сүйреудің басты көзі деп түсінді. Халықтың сауатын ашудың екінші көзі діни мектептер болды.

Әрине, патша үкіметі діни мектептердің таралуына үлкен қорқынышпен қарады. Ордада діни мектептердің дамуына Жәңгір ханның қайынатасы Орынбор мүфтиі белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Жәңгір хан бұл мәселеге үлкен көрегендікпен қарады. Ол татар, Бұхар молдаларын оқыған қазақтармен ауыстыруды ойлады және бұл мектептерде жаратылыстану сабақтары мен орыс тілін енгізді. Моладалардың оқуы жүйесіз жүргізілді,ешқандай бағдарлама болған жоқ. Кейінірек әрбір ауқатты адам өз үйінде мектептер аша бастады. Жаңа жүйеге көшу үшін олар орыс мұғалімдерін шақыра бастады. И.Ф.Бларамбергтің айтуынша Бөкей хандығында орыс тілін оқыту жылдан-жылға дамып отырды. [2]

Бірақ бұл мектептер орыс тілінен алғашқы білім басқышын ғана беретін еді. Мектепте 7 (жеті) жылға дейін оқыған балалар жергілікті әкімшілікте жұмыс істеуге де, Ресей губернияларының мектептерінде де оқуын жалғастыруға да шамалары келмеді. Осының бәрі Жәңгір Ханды Хан Ордасында орталық мектеп ашуға итермеледі. Ол алдына екі мақсат қойды: біріншіден, мектеп жастарды Ресей арнайы оқу орындарына,университет және кадет әскери училищелерінің дайындық курстарына түсуге дайындады, екіншіден, мектеп бітірушілер кеңсе қызметіне, жергілікті әкімшілікке жұмысқа орналасты.

Жаңа мектепті салу да,оны оқушылармен толтыру да үлкен қиындықтармен жүзеге асты. Себебі, мектеп халықтан жинаған қаражатқа салынды және ақсүйектер өз балаларын мектепке бергісі келмеді.

Нәтижесінде 1841 ж. мектеп ашылғанда небәрі 12 оқушы қабылданды.Тек Жәңгір ханның орасан зор еңбегінің арқасында 50-ші жылдардың ортасында мектепте 30 шақты бала оқыды,оқуға тілек білдірушілердің саны күннен күнге көбейе берді.Бастапқы кезде мектепті хан өз қаражатына ұстады,хандық билік жойылғаннан кейін мектеп халықтан жиналған салықтың арқасында өмір сүрді.Мектептегі білім беру жүйесі өте тиянақты ұйымдастырылды.Сабақ қазан айында басталып,мамыр айына дейін жүрді. Мектепте араб,орыс,татар тілдері,арифметика мен грамматиканың бастапқы ережелері,география,тарих және шешекке қарсы егу сабақтары жүргізілді. Оқушылардан ата-аналарының қатысуымен емтихан қабылданды. Емтихандарға ханның өзі де қатынасатын болды. Мектептің алғашқы мұғалімі әрі мал дәрігері Константин Ольдекоп орыс тілі, арифметика, географиядан сабақ берді. Сонымен қатар ол оқушылардың тәртібі мен жүріс-тұрысына жауап берді. Шығыс тілдері мен дінтанудан Садриддин Аминов дәріс жүргізді. Оқу барысында сол кездегі ең жаңа оқулықтар пайдаланылды. Олар: Востоковтың «Краткая русская грамматикасы», Бурнаковскийдың «Арифметикасы», Шульгинның екі томдық «Географиясы», Галаховтың «Краткая хрестоматиясы», Устряловтың екі томдық «Русская историясы». Мектепте алған білім Ресейдің арнаулы орта оқу орындары мен кадет копустарына түсуге мүмкіндік берді.

1866 ж. 17 қазанында Мемлекеттік Кеңес Бөкей Ордасында қазақ балалары үшін 7 алғашқы білім беру мектебін ашуға рұқсат берді. 1868ж. төмендегідей біркластық мектептер ашылады:



  1. Қалмақ мектебі – Владимировка селосында

  2. Камыш-Самар мектебі – Новая Казанка селосында

  3. Нарын мектебі – Ұялы көл шатқалында

  4. Таловка мектебі – Таловка селосында (Казталовка)

  5. Торғын мектебі –Хан Ордасында

  6. І Приморск округындағы мектеп –Кокорев кордонының маңында

  7. ІІ Приморск округындағы мектеп – Бакалаевск кордонының маңында

1896 жылға қарай Бөкей Ордасында 24 орыс-қазақ мектебі болды. Оның ішінде 2 екікластық училище, 6 біркластық ауыл шаруашылық училищесі, 14 старшын мектебі, 2 жекеменшік мектеп, медреселер мен мектептердің жанында 2 орыс класы болды. Олардың бәрінде 708 оқушы білім алды. 629 қазақ, 64 орыс, 15 татар, 15 қыз балалар. Оқушылардың 167-сі мемлекет қаражатына оқыса, 541-і өз ақшаларымен оқыды. 1885 ж. қосымша 7 старшын мектебі, 1869ж.тағы да 7 мектеп ашылды. Олар Шұнғайда, Қаракөлде, Толыбайда,Сүйінәліде, Күйгенкөлде, Есенбай хуторында және Әбі форпостында орналасты. Бұлардан басқа Ішкі Орданың әрбір бөлімінде біркластық орыс-қазақ училищелері болды.

Ішкі Ордадағы старшын мектептері екіжылдық болды. Олардың білім беру жүйесі тек қана Ресейден емес, Қазақстанның басқа облыстарынан да өзгеше болды.

Ордада үкіметтік мектептердің екі түрі (типі) болды: 6 жылдық оқу мерзімімен екікластық және 4 жылдық оқу мерзімімен біркластық учаскелік орыс-қазақ мектептері. Оқу жылының аяғында оқушылар емтихан тапсыратын болды. Мектептердің негізгі мақсаты оқушыларға орыс тілін үйрету боды.

ХХ ғ. басына дейін Хан Ордасында және Больше-Ганюшенде екікластық орыс-қазақ ер балалар училищесі, 7 участоктың және 1 Ордадағы қыз балалардың біркластық училищесі, 14 старшын, 2 ауылдық мектеп және мектептер мен медреселер жанынан 3 орыс тілі кластары ашылды. Сөйтіп Ішкі Орданың 300 мыңдай тұрғынына 29 оқу орны болды, олардың жағдайы өте төмен болды. [3]

Оқу орындарының ішіндегі ең жоғарысы Хан Ордасындағы училище болды. Онда төменгі буындағы қазақ оқу орындары үшін педагогтық кадрлар даярланды. Бірақ олардың да білім дәрежесі төмен болды.

Оқу орындарының тағы бір түрі участоктық біркластық мектептер болды. Олар екікластық училищелер сияқты мемлекеттің бюджетінде және өздерінің интернаттары болды. Интернаттардағы жағдай сын көтермейтін еді, қазақ балаларына тамаққа күніне 10тиын бөлінді, мұғалім жанұясымен жылына 12 сом алатын еді.

Старшын мектептері ауыл мектептерінің бір түрі болды. Оларды жергілікті қазақ қоғамдары қаржыландырды. 1903 жылға дейін олардың саны өзгерген жоқ. Тек 1904 жылы олардың саны 19-ға жетті. Бұл мектептердің тұрақты ғимараты болған жоқ, сондықтан олар көшіп-қонып жүрді. Инспекторлар кейде оларды таба алмай қалатын еді. Бұған дәлелдің бірі Көктерек мектебінінің оқытушысы Ақбаевтың баяндауы. Ол былай деп жазады: «Көктерек старшын мектебі 1896 ж. Аяққопа шатқалында ашылды, 1 жылдан кейін Жортан шатқалына ауыстырылды,енді бір жылдан соң Қошқар шатқалына көшірілді,1900ж. Ащықұдық шатқалына ауыстырылды, ал 1904ж. Көктерекке көшірілді. Бұндай көшудің басты себебі бір жерде мектепке оқушыларды тарта алмауы еді.» [4]

Старшын мектептерінің ішінде біреуі ерекше жағдайда болды. Бұл мектептің негізін 1904 ж. 3қарашада инспектор А.А.Воскресенский салған еді. Ол І Приморск округының 15-ші старшындығындағы Тоқсанарал шатқалында орналасты және старшын үлгілі метебі деп аталды. Бұл мектепті халық ағарту министрлігі жылына 548 соммен қаржыландырып отырды. Метепте оқу мерзімі 3-4жыл болды, сабақ 9-дан 14-ке дейін және 19-дан 21-ге дейін өткізілді. Мектепте оқытылатын негізгі пәндер орыс тілі, арифметика және қол еңбегі болды. Оқушылар 3-4 жылдың ішінде оқу, жазу, арифметикалық қимылдар және орысша шала-пұла сөйлеуді үйренуге тиіс болды. Басқа мектептерге қарағанда бұл старшын мектебінде оқу жылы мерзіміндебасталатын.

Старшын мектептерімен қатар Бөкей Ордасында 1900 жылдан бастап екі ауылдық мектеп құрылды. Алғашқы кезде олар қыздарға арналып құрылды да мемлекет жылына 250 сом қаржы бөліп отырды. Олардың біреуі Орданың Нарын,екіншісі Торын бөлігінде болды. Кейін олар аралас мектеп болып кетті.

Жалпы мектеп ісінің дамуы баяу қарқынмен дамыды. 1904 жылдың аяғына таман Бөкей Ордасында төмендегідей оқу орындары болды:

Екікластық училищелер – 2

Біркластық (учаскелік) - 8

Старшындық – 19

Ауылдық – 2

Медреселер жанындағы орыс кластары – 3

Барлығы – 34

Егер тарихқа үңілсек, Ішкі Ордада 1868 жылғы әкімшілік және мектеп реформасына дейін Хан Ордасындағы бір ғана орыс-қазақ мектебі болды. Мұсылман мектептері мен медреселердің рөлі төмен болды. Олар және оларда оқитын оқушылардың саны жөнінде бірыңғай пікір болған жоқ. Мысалы Орынбор оқу округінің басшыларының бірі Ростовцев өзінің 1891 ж. 11 қарашада халық ағарту министрлігіне берген хабарында Бөкей Ордасында 400 мұсылман медресесі мен мектебі бар екендіндігін айтады. Бұл жерде ауқатты адамдардың жеке мектептерін де есепке кіргізгені көрінеді.

Ал егер «Астраханский вестник» тің дерегіне сүйенсек 1889 ж. 1 қаңтарында Бөкей Ордасында 60 мектеп болған. Оларда 1679 оқушы оқыса, оның 1436-сы ер балалар, 243-і қыздар болған. ХІХ ғ.аяғына таман орыс-қазақ мектептерінің көбеюіне байланысты мектептер мен медреселердің және олардың оқушыларының саны азая бастайды. Сонымен бірге орыс тілін меңгеру үшін мұсылман мектептері мен медреселерінің жанынан орыс кластары ашыла бастады. 1896 жылы Новая Казанка медресесінің жанынан ашылған орыс класында 32 оқушы оқыса,Хан Ордасындағы мектептің орыс класында 84 оқушы оқыды. [5]

Орыс тіліндегі мектептердің санының өсуі мұсылман дінбасыларының наразылығын туғызды. Тіпті сұлтандар мен билердің арасында да үкіметке және орыстардың ықпалының күшеюіне қарсы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Бұл жағдай патша әкімшілігінің қобалжуын туғызды. А.Н.Харузин бұл шаралар қазақтарды «орыстандыруға» бөгет болуда деп жазады. [6]

Мектеп инспекторлары өздерінің жазбаларында татар молдаларының қазақтар арасында мұсылман дінінің қағидаларын уағыздайтынын, мектептерде орыс тілінің орнына мұсылмандық фанатизм оқытатыны туралы бірнеше рет дәлелдермен келтіреді. Ол кезде Бөкей Ордасы оқу ісін ұйымдастыру жөнінде Қазан округіне қарайтын еді. 1887 жылы қазақ мектептерін тексеруге инспектор А.Е.Алекторов жіберіледі. Ол өзінің жазбасында татар мұғалімдерінің қазақ балаларын мемлекетіміздің басты қаласы Стамбул, патшамыз түрік сұлтаны деп оқытатыны жөнінде жазады. Патша үкіметі татарларға Бөкей Ордасына қоныстануға тыйым салғанына қарамастан олар сауда жасауға келген болып Ордада қалып қойып отырды. Қазан оқу округы басшыларының бірі В.А.Попов бұған қарсы Бөкей Ордасындағы қазақтарды православие дініне тарту керек деген ұсыныс айтады. [7, с.39]

Қазақтарды православие шіркеуіне тарту патша үкіметінің негізгі мақсаттарының бірі еді. Қазақтар арасында орыс-қазақ мектептерінің беделін өсіру үшін В.А.Попов мектептерге ислам діні пәнін енгізуді ұсынды. оның пікірінше ислам дінінен сабақ енгізу қазақтардың үкіметке деген сенімін нығайтуға тиіс болды. [7, с.47]

Бұған Қазан оқытушылар семинариясының директоры Бобровников,Орынбор оқу округының «Бұратана мектептер» жөніндегі инспекторы В.В.Катаринский Ішкі Орда мектептері жөнінде арнайы материал дайындады. Онда көрсетілгендей 1890 жылға дейін Хан Ордасында 1 мектеп, 3 медресе болған,оларда 110 оқушы оқыған (12-сі қазақ). Олардың инспекторлары татарлар болған. Патша үкіметі халықтың наразылығын туғызбау үшін оларды біртіндеп жауып,орнына орыс-қазақ мектептерін ашып отырды. 1892 ж.ең соңғы мұсылман мектебін жауып, орнына орыс класы ашылды. Бұл мектепте тек қана татар балалары оқитын. Қазақ балалары негізінен интернаттары бар орыс-қазақ мектептерінде оқыды. Олар айына 4сом төлеуге тиіс болды.

Қазақ балаларын оқыту және оларға татарлардың ықпалы мәселесін халық ағарту министрі Делянов 1895 жылы 25 наурызында ішкі істер министрінің алдына қояды. Ішкі істер министрі Ордада татарларға қоныстануға рұқсат жоқ екендігін алға тартып, мәселенің еш қорқынышы жоқ деп есептейді. Бірақ Ордада орыс-қазақ мектептерін көбейту ұсынысын қолдайды. Бұл мектептер бұрынғылардан бөлек, жаңа типтік болу керек болды.

Сөйтіп алғашқы жаңа типтік орыс-қазақ орталық мектебі Хан Ордасында Жәңгір ханның басшылығымен 1841 ж. ашылды. Бұл типтегі орыс мектептері 1868 жылдан бастап құрыла бастады.

Владимировка селосында қалмақ мектебі, Новая Казанкада Қамыш-Самар мектебі, Хан ордасынан 12 шақырым жерде Нарын мектебі, Таловка селосында Таловск мектебі және Хан Ордасында Торғын мектептері жұмыс істей бастады.

ХІХ ғ. аяғына таман қыздарға арналған оқу орындары да ашыла бастады. 1883 ж. Хан Ордасында біркластық және екікластық әйелдер училищелері ұйымдастырылды. 1893 жылы Большое Ганюшкино селосында да екікластық училище, 1895 жылы Басқұншақта орыс-қазақ училищесі ашылды.1895-1896 жылдар аралығында Орданың әрбір жерінде 14 старшын мектебі аяққа тұрды. Бұл, әрине,халықтық білімге деген құмарлығын көрсететін фактор еді. 1883-1891 жылдар аралығында Ішкі Ордада халық ағарту Министрлігі жүйесінде 8 училище болды, оларда 189 оқушы білім алды. 1898 жылы училищелерде 573 қазақ, 44 орыс,20 татар оқыды, оның 33-і қыздар болды. [8,с.175]

ХХ ғасырда мектептердің дамуы жаңа белеске көтерілді.
Пайдаланған әдебиеттер мен деректер


  1. Обзор Уральской области за 1902.,- Уральск, 1903

  2. Государственный архив Астраханской области (әрі қарай ГААО)

ф.1, оп.1, д.175.

3. ҚР ОММ 59 қор, 1 тізбе, 155 іс

4. Государственный архив Оренбургской области (әрі қарай ГАОО) ф.6,

оп.6, д. 12979/15

5. Материалы по истории политическогостроя Казахстана. – Алма-Ата,

1960. т. IV

6. Южаков С.Н. Вопросы просвещения.- СПБ., 1897.

7. Бородин Н.А. Очерки первоначального образования в Уральском

Казачьем войске (по отчетам учителей за 1885-1886 учебный год).


  • Уральск, 1887.

  1. Казахско-русские отношения в ХVI-XVIIIвеках. Сб.документов и материалов. – Алма-Ата. -1961.



РЕЗЮМЕ

В статье рассматриваются вопросы организации и строительства первых школ В Букеевской Орде. Дается характеристика мусульманским и русско-казахским школам.



RESUME

In article questions of the organization and construction of the first schools to the Bukeyev Horde are considered. The characteristic is given to Muslim and Russian-Kazakh schools.


Сведения об авторах:


С.А.Сарсенов. тел.ном: 8701-111-86-80

Эл.почта: asar2412@gmail.com


Г.К.Муканбедиева. тел.ном: 8778-616-01-89

Эл.почта: gulnur_m89@mail.ru
Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2215 -> 2015
2015 -> Молдабек е. Б
2015 -> Ресейдегі қазақтардың мәдени мұраларының сақталуы мен өзгерісі Т.ғ. д профессор Б. К. Қалшабаева мен А. К. Бейсегулованың «Ресейдегі қазақтардың мәдени мұраларының сақталуымен өзгерісі»
2015 -> «Қозы көрпеш – баян сұЛУ» эпосы көне дүниенің кескіндемелі қолданбалы өнерінде
2015 -> КүРЕҢбел өҢіріне этно-тарихи экспедиция
2015 -> Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
2015 -> Бала психологиясы
2015 -> Қр мен қхр арасындағы экономикалық Әріптестіктің МӘселелері мен болашағЫ
2015 -> ОңТҮстік-батыс алтайдан табылған ортағасырлық ат үЗЕҢгісі хақында


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет