1 ақпанда Қазақстанда Азаматтық авиация қызметкерлерінің күні алғаш рет тойланады. Бүкіл әлемде Халықаралық азаматтық авиация күні 7 желтоқсанда, 1996 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы белгілеген күні аталып өтеді. Бұған дейін бұл күні Авиациялық қауіпсіздік қызметінің ардагерлері мен қазіргі қызметкерлеріне құрмет көрсетілетін. Ал былтыр Қазақстандағы азаматтық авиация қызметкерлерінің өзінің жеке кәсіби мерекесі пайда болды. Авиация қызметкерлерінің күні 1 ақпан болып бекер таңдалған жоқ. 1991 жылы 1 ақпан күні Авиациялық қауіпсіздік қызметі Алматы әуежайында құрылған еді. Қазір бұл мереке Қазақстанның азаматтық авиациясына қатысы бар барлық ұйым мен азаматтарға ортақ.

Елімізде азаматтық авиацияның құрылу және даму тарихы 90 жылдан астам уақытты қамтиды. 1931 жылы алғаш рет Қазақ азаматтық әуе флоты дирекциясы ұйымдастырылып, 1964 жылы Қазақ азаматтық авиация дирекциясына ұласты. Кейін 90-жылдардың басында "Қазақстан әуе жолы" ҰАК болып қайта құрылды. Бір жылдан кейін Көлік министрлігінің құрамында әуе көлігі департаменті құрылды. 1996 жылғы желтоқсанда Көлік және коммуникациялар министрлігі жанындағы Әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі жөніндегі комитет болса, 1998 жылғы желтоқсанда министрліктің Азаматтық авиация департаменті болды. Кейін көлік және коммуникациялар министрлігі 1999 жылғы қарашадан бастап тиісті министрліктегі Азаматтық авиация комитеті болып өзгерді.

Әрине, әлемнің кез келген нүктесіне жылдам жету немесе басқа елге тез көшіп бару мүмкіндігі адамның өмірін жақсы жаққа өзгерте түсті. Ұшақ енді сән-салтанатты ғана емес, танымал әрі ыңғайлы транспорт түрі болды. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанның әуе компаниялары тарихымыздағы ең көп жолаушыны – 13 миллион адамды тасымалдаған. Оның 8 миллионы – Air Astana компаниялар тобының жолаушылары. Әуекомпания әуеде тасымалдау нарығында 21 жыл бойы отандық авиацияның флагманы және нарықтың сөзсіз көшбасшысы болып жұмыс істеп келеді. Ал оның FlyArystan еншілес компаниясы – бүгінде әлемдегі жылдам дамып келе жатқан әуекомпаниялардың бірі. 

Кейінгі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) аудитіне сай Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің деңгейі 82% болды. Демек Қазақстандағы азаматтық авиация желілеріндегі қауіпсіздік деңгейі дамыған Еуропа елдерінің көрсеткішімен тең келеді. Қазақстанда әуекомпаниялардың ұшақтар паркі де өсті. Қазір олар жүзге жуық. Осылайша, еліміздегі ұшақтардың орташа жасы 10-11 жылға тең. Ал Air Astana компаниялар тобы Қазақстандағы тасымалдаушылардың ішіндегі ең жас және ең үлкен флотқа ие. Air Astana әуепаркі Airbus, Boeing және Embraer компанияларының әуе кемелерімен жабдықталған. Олардың орташа жасы 5 жыл. Жалпы осындай 50 ұшақ бар. 2028 жылға қарай Air Astana ұшақ санын 80-ге дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бүгінде ішкі әуе тасымалымен елдегі бес әуекомпания айналысады. Елімізде бір аптада шамамен 600-700 рейс орындалады. Халықаралық тасымалға келсек, Қазақстаннан жүзден астам бағытқа ұшуға болады. Оның ішінде Air Astana және FlyArystan жақын және халықаралық бағыттарға тасымалдайды. 2023 жылы Air Astana компаниялар тобының ұшу географиясы 43 ішкі және 48 халықаралық бағытты қамтыды.

Air Astana Group брендтерінің әрқайсысы қызмет сервис және қызмет көрсету сапасына қарай марапатталды. Air Astana Skytrax World Airline Awards-те 2022 және 2023 жылдары "Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік әуекомпания" атағын алды. Бұл – компанияның Орталық Азия үшін өңірлік сыйлықты 11-рет алуы. Бұған дейін 2012-2023 жылдар аралығында қатарынан сегіз марапатқа ие болған еді. Сонымен қатар FlyArystan 2023 жылы Skytrax нұсқасы бойынша 4 жұлдызды рейтингке ие болған әлемдегі 13 бюджеттік авиакомпанияның бірі болды. Air Astana осымен тоғызыншы рет IOSA Халықаралық әуе транспорты ассоциациясының эксплуатациялық аудитін сәтті аяқтады. 

Air Astana басшылығы компанияның көпжылдық жетістігі қызметкерлердің еңбегінің арқасы екенін үнемі атап өтеді. Айта кетері, азаматтық авиация ардагерлерінің пулы Air Astana-да ең үлкені болып отыр. Олардың басым бөлігі компания құрылған кезеңнен бастап зейнетке шыққанға дейін еңбек етеді. Ал жас мамандар әуе компаниясының ұшқыштарды оқытуға арналған Ab-initio жеке бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасады. Қазақстанда ұшқыштар кадры Air Astana-дан бөлек Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында даярлықтан өтеді. Аталған бағдарлама арқылы білім алып, Air Astana компаниясында екінші ұшқыш атанғандардың бірі – Бехзод Артығалиев.

"Компаниямыздың жер үсті қызметінде еңбек етіп жүріп кәсіби тұрғыдан даму қажет екенін сезіндім. Бұл мақсатыма Ab-initio бағдарламасы арқылы жеттім деп айта аламын. Ұшқыштың жолы әрқилы болуы мүмкін, ал кәсіби мансабын құру үшін қызығушылығы, ақыл-ойы мен мақсатына қарай түрлі мүмкіндік бар. Жас әріптестерім үшін бұл жолдағы алғашқы қадам Ab-initio ұшқыштардың алғашқы даярлық бағдарламасы болды. Дайын ұшқыш немесе ұшақты басқаруды армандайтын Қазақстан азаматы болса да, іріктеуден өтуі шарт. Талаптармен job.airastana.com сайтындағы "Ұшқыштар" бөлімінде таныса алады. Іріктеу кезеңі күрделі дер едім және үміткерден тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Ал білім алу барысында барын салуы қажет. Ұшқыш мансабы жалпыға ортақ тәртіпке бағынады. Қазақстанда және әлемнің көптеген елінде ұшқыштың жолы теориядан және бірмоторлы ұшақпен ұшудан басталады. Кадет, екінші ұшқыш, командир, нұсқаушы. Біздің компанияда ұшу құрамының дамуына арналған түрлі мүмкіндік барын байқадым. Ұшу қызметінен бөлек командирлер жоғары лауазымда жұмыс істеп, жас әріптестерін жаттықтырады, қауіпсіздік және әкімшілік міндеттермен шұғылданады. Авиатор атану үшін күрделі жолды еңсеру керек, бірақ мамандық өте қызық, авиацияға ғашық адамдармен танысып, таным көкжиегін кеңейтетініне кепілдік береді", – дейді Бехзод Артығалиев.

Алмас Байғожин де бала күнгі арманын орындап, Air Astana компаниясында мансабын екінші ұшқыш ретінде бастаған. 

"5 жасымнан бастап ұшқыш болуды, нағыз ұшақты басқаруды армандадым. Мамандығым, бірінші кезекте, әуе кемесін басқаруға мүмкіндік бергені үшін және саяхаттап, әлемді көруге, түрлі елдерді және мәдениеттерді тануға жол ашқаны үшін ұнайды. Ұшқыш болып мансап құру өте қиын. Бұған кедергі болатын түрлі факторлар бар. Ең біріншісі және бастысы – денсаулық. Ұшқыштардың денсаулығы үнемі жақсы болуы керек, жыл сайынғы дәрігерлік-ұшу сараптамалық комиссиясынан өтеміз. Мұны өтпесек ұшуға рұқсат берілмейді. Іштей тәртіпті қажет етеді, жалқаулануға болмайды, жауапкершілігі мол жұмыс болған соң зейініңді жоғалтып алмау керек. Ұшқыштың өмірі – кадеттің өмірі, зейнетке шыққанша білім аласың. Компанияға тиісті ұшу уақыты (ұшақ штурвалында өткізген уақыт) мен лицензиясы бар азаматтарды да қабылдайды. Алайда бұл жағдайда компания стандарттарына сай келуі үшін ұшу қабілеті мен теориялық білімін көрсете алуы керек", – деді Алмас Байғожин. 

Қазіргі заманды азаматтық авиациясыз елестету мүмкін емес. Қазақстанда бұл сала даму сатысынан өтіп жатыр, ал біз – бұл кезеңнің куәгеріміз.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.