Елімізде биыл 11 жасар қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакциналау жоспарланып отыр. Вакцинаны ата-ананың жазбаша келісімімен жаңа оқу жылының басында, яғни 2024 жылдың күзінде еліміздегі мектептерде толығымен тегін алуға болады. Алайда қазақстандық ата-аналар балаларына вакцина салдыруға рұқсат бермейтінін айтып, наразылық білдіруде. Ата-аналардың наразылығына не себеп? Stan.kz тілшісі папиллома вирусына қарсы иммундау шарасына әлі де күдікпен қарайтындардың пікірін саралап көрді.

Айта кетсек, бұған дейін 2013 жылы елімізде 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салу басталды. Алайда Павлодарда мектеп жасындағы екі қыз вакцинадан соң есінен танып қалған еді. Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы бұл жағдай вакцинадан емес, вакцинаны дұрыс жүргізбегендіктен деген қорытынды жасаған. Ақыры пилоттық жоба сәтсіз аяқталып, адам папилома вирусына қарсы вакциналау науқаны тоқтатылған еді.

Сол кездегі халықтың дүрліккені көпшіліктің есінде. Болған жағдайдың қазақстандықтардың көңіліне күдік ұялатқан еді. 

Алматы облысының тұрғыны Диана Байзакованың айтуынша, вакцинаның кесірінен қыздар болашақта мүлде бала сүйе алмауы мүмкін. 

“Болашақта қыздар мүлдем бала сүйе алмай қала ма деп қорқамын немесе ауруға шалдығуы мүмкін. Жемқорлық жайлаған елімізде бұл вакцинаның сынақтан өткен-өтпегеніне, сапалы екеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Вакцина алған соң сал болып қалған қанша баланы көзім көрді?! Сол себепті балаларымның болашағына алаңдаймын, екпе салуға рұқсат бермеймін”, – дейді Алматы облысының тұрғыны Диана Байзакова.

  • Денсаулық сақтау министрі 11 жасар қыздарға папилломавирусқа қарсы екпе қалай жүргізілетінін айтты
  • Ересектер қызылшаға қарсы вакцинаны қай жасқа дейін ала алады – Денсаулық сақтау министрлігінің жауабы

Ал Алматы қаласының тұрғыны Кәмшат Ахмедова вакцина балалаларын бедеулікке ұшыратады деп қорқады. 

“Мен бұл вакцинаны салдыруға рұқсат бермеймін. Оның салдары қандай болатыны белгісіз. Бедеулікке, қатерлік ісікке әкеліп соғады дейтіндер аз емес. Ондай тәуекелге бара алмаймын. Балаларым үшін қорқамын. Бұған дейін де елімізде папилломаға қарсы екпе жүргізілді. Салдарынан екі қыз есінен танып қалып, вакциналауды тоқтатты. Осыдан кейін қалай сенемін”, – деп наразылығының себебін түсіндірді ол.

Сенімінен күдігі басым Мадина есімді қазақстандық келіншек бұл вакцинаны короновируспен байланыстырды. 

“Бұлар короновирус шыққалы вакцина салғыш болып қалған. Өтпей жатқан вакциналарын тықпалап жатқан шығар. Ол тіпті зерттелмеген де болар. Бізге ол жағы беймәлім ғой. Өз басым қорқамын”, – дейді Мадина Амандыққызы.

“Әлем бойынша геноцид жүріп жатыр”

“Вакцинаға түбегейлі қарсымын. Бұрында мұндай аурулар болмаған. Болған күннің өзінде вакцинаны сынақтан өткізіп барып еккен. Папиллома адам ағзасындағы гормондар дұрыс жұмыс істемегендіктен пайда болады. Министрліктегілер вакцинаны өз қыздары мен туыстарына салсын. Ол екпенің құрамында не барын, қандай жанама әсер беретінін де білмейміз”, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Наталья Пилягина екпенің оң нәтиже беретініне сенбейтінін айтып.

Ата-аналардың енді бірі әлем бойынша геноцид жүріп жатыр деген ойда.

“Негізі екпеге қарсы емес едім, аса қауіпті індеттен біраз адамды осы екпе аман алып қалған еді. Алайда америкалық ғалымдар қазір екпенің таза еместігін айтып, дабыл қағып жатыр. Тағы бір дәрігер АКДС-тің (адсорбцияланған көкжөтел-дифтерия-сіреспе) балалардың болашақта өмірге ұрпақ әкелуін тежейтінін айтты. Сонымен қатар дәріханалар мен медицина саласы дүниежүзі бойынша бір орталықтан басқарылатынын, қазір геноцид жүріп жатқанын да тілге тиек етті. Папилломавирусқа қарсы салынғаны жатқан вакцина қыздардың репродуктивті органы мен бала табуын тежейтін көрінеді. Сондай-ақ кері әсер беріп, мүгедек болып қалуы да мүмкін. Ата-анаға “келісемін” деп қолхат жаздырып алатын дәрігерлер кепілдік те, жауап та бере алмайды. Дүниежүзі бойынша геноцид жүріп жатыр дегенге сенемін”, – дейді Айгүл Ақпарқызы.

Адам папиллома вирусы деген не?

АПВ — бұл адам папиллома вирусы. Атап айтқанда тері мен шырыш қабатында сүйел пайда болуы мүмкін. Бірақ папиллома вирусының кейбір түрлері қатерлі ісік тудырады. Мысалы, көбі жатыр мойны, тік ішек және сыртқы жыныс мүшелерінің қатерлі ісігіне әкеліп соғады. Қазір әлемде папиллома вирусының 100-ден астам түрі кең таралып, 200-ге жуық штамы зерттелген. Оның ішінде 14 және 16 түрі – ең қауіптісі. Ауру тұрмыстық жолмен, тері арқылы және жыныстық жолмен жұғады. Папиллома вирусы жатыр мойны мен қынаптың, тік ішектің, тіпті көмейдің қатерлі ісігіне дейін әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, онкогенді және сыртқы жыныс мүшелерінің қатерлі ісігін тудырады. Айта кетейік, вирус жұқтырғаннан кейін ол ағзада ұзақ уақыт тіршілік ете алады. Егер адамның иммунитеті жақсы болса, ауру белгілері болмауы мүмкін. 

Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау бөлімінің бас сарапшысы Мадина Орысбаева қоғамның алаңдауына еш негіз жоқ деп отыр. Оның сөзінше, халықтың вакцинаға күдікпен қарауына жалған ақпарат пен сенімсіз дереккөздер себеп. Сарапшы ата-аналардың ең алдымен бұл вирустың жұқпалы әрі өте қауіпті аурулардың бірі екеніне назар аударса дейді.

“Ата-аналардың алаңдаушылық білдіруіне қатысты айтар болсақ, бұл жай ғана миф. Аталмыш вакцина керісінше әйелдердің денсаулығы мен өмірін қорғау үшін жасалған. Бұл әлемнің 125-тен астам елінде енгізілген. Оның қатарында АҚШ, Франция, Аустралия сияқты дамыған елдер бар. Айта кету керек, вакцина енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін оның тиімділігі тексеріледі”, – дейді Мадина Орысбаева.

Сарапшы қазақстандықтарды вакцина ұлттық күнтізбедегі міндетті екпелер секілді тек қана ата-анасының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімінен кейін ғана жүргізіледі деп сендірді.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы кодекстің 77-бабына сәйкес ата-аналар немесе заңды өкілдері ақпараттан өткені туралы келісім береді, содан кейін ғана жүргізіледі”, – деп сөзін қортындылады комитет өкілі. 

Екпе не үшін 11 жасар қыздар ғана салынады?

Мадина Орысбаева вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау бөлімінің бас сарапшысы не себепті екпе тек 11 жасар қыздарға ғана егілетінін түсіндірді.

“Бұл жаста ең жоғары тұрақты иммунитет қалыптасады деп дәлелденген. Вакцина өндірушілердің нұсқамасына сәйкес 9 жастан төмен балаларға бұл вакцина салынбайды. Тұрақты иммунитет қалыптасатын жас 11 болған соң осы жасты таңдадық”, – дейді сарапшы.

Комитет өкілі вакцинация жатыр мойны ауруы, сонымен қатар тік ішек айналасы және сыртқы жыныс мүшелері обырын тудыру қаупін алдын алу мақсатында жүргізілетінін айтты.

“Өйткені осы ағза мүшелерінің қатерлі ісігі елімізде жыл сайын артып барады. Оның емі жоқ, тек екпе түріндегі профилактика арқылы алдын аламыз”, – деп түсіндірді ведомсво өкілі.  

Вакцинаны кімдерге салуға болмайды?

Мадина Орысбаеваның айтуынша, папилломавирустың спецефикалық, яғни вирусты жоюға бағытталған емі жоқ. Бірақ вакцина вирустың алдын алады. 

“Елімізде вакцинаның төрт түрі тіркелген. Олар: Бельгияның, Қытайда шығарылатын еківалентті вакцинасы АҚШ-тың екі және төртвалентті вакцинасы. Алайда вакцинаны өндірушінің нұсқаулығына сәйкем бірнеше қарсы көрсетілімдер бар. Мысалы, вакцина құрамын кіретін препараттарға сезімталдық болса, бұған дейін вакцина алған кезде ағза анафилактикалық әсер берген болса және жедел жұқпалы аурулармен ауырса вакцинация кейінге қалдырылады. Сондай-ақ 9 жасқа дейінгі балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынбайды. Өйткені 9 жастағы балалар арасында зерттеу жүргізілмеген. Жүкті әйелдер де вакцинаны босанғаннан кейін алады”, – дейді маман.

Қазақстандықтарға төртвалентті вакцина түрін салу жоспарланып отыр. Вакцинаның бұл түрі адам ағзасын вирустың 6, 11, 16, 18 типтерінен қорғайды. 

Вакцинадан кейін екпе салған орын қызарады және қызу көтерілуі мүмкін. Орысбаеваның айтуынша, бұл қалып жағдай. Мұндай белгілер араға 1-2 күн салып өздігінен басылады. 

Бұған дейін Қазақстанда папилломавирусқа қарсы вакцинаға 9 миллиард теңге бөлінетінін жазған едік.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.