Ақмола облысында 51 жастағы әйел бір жылда 45 адамға банктен миллиондап несие рәсімдеуге көмектесіп, қарызға батырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: freepik.com

Әйел алынған ақшаның тең жартысын өз қалтасына басыпты. Жәбірленушілердің айтуларынша, несие ала алмай жүргендерді әйел өзі тауып алады екен. Тіпті ешбір банк түрлі себеппен несие бермейтін адамның өзіне таныс менеджерлері арқылы несие рәсімдеп беріп отырған.

"Ауру қызым бар, төрт баланың әкесімін. Бес-бес миллионнан төрт банктен 20 миллион алдым. Соның жартысын, 10 миллион 200 мыңын қолына санап бердім", – дейді жәбірленушілердің бірі.

Бұланды, Бурабай аудандарының тұрғындары келісіммен алынған қаражаттың 50 пайызын оған санап береді екен. Алғашқыда кредитті жауып отырам деп уәде берген. Бірақ, уақыт өте қарыз төленбей, тіпті оны таба алмай қалған. Күдікті әйел қазір қамауға алынды. Жәбірленушілердің саны күн санап көбейіп келеді. 

"Әр адамға рәсімделген несиенің мөлшері 1 миллионнан 13 жарым миллион теңгеге дейін. Қазір облыстың екі ауданынан 51 жастағы осы әйелге шағым толассыз түсіп жатыр. Несиені әртүрлі банктен таныстары арқылы алып отырған. Күдіктіге алаяқтық бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", – деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. 

Еске салсақ, бұған дейін Абай облысында банк қызметкері клиенттерінің атынан несие рәсімдеп, ақшаны өз шотына аударып отырғаны туралы жазған едік. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.