Дара кәсіпкердің МҮліктік жауапкершілігін қҰҚЫҚТЫҚ реттеудің кейбір мәселелері



жүктеу 106.52 Kb.
Дата25.04.2019
өлшемі106.52 Kb.

ЖОК 347.51

ДАРА КӘСІПКЕРДІҢ МҮЛІКТІК ЖАУАПКЕРШІЛІГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
А.А. Абенов

Мақалада дара кәсіпкердің мүліктік жауапкершілігін реттеумен айналысатын заң актілерін жетілдіруге байланысты бірқатар ұсыныстар келтірілген.

Кез келген мемлекет үшін кәсіпкерлік қызметті, соның ішінде жеке және шағын кәсіпкерлікті дамыту және реттеу проблемасы ең бір өзекті мәселе. Бұл қосымша жұмыс орындарын құруға жағдай жасайды, қаржы нарығын жандандырады, бәсекелестікке қабілетті орта қалыптастырады, халықтың сатып алу қабілетін арттырады, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосады, мемлекеттің экономикалық даму деңгейін арттырады, сондай-ақ ірі бизнестің одан әрі даму мүмкіндігін кеңейтеді.

Қазақстан Республикасы қазіргі жағдайда нарықтық экономикасы бар, тұлғалардың кәсіпкерлік қызметпен айналысуына толық ерік берілген мемлекеттердің қатарында. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік қызметті реттейтін нормативтік-құқықтық актілер біршама дамыған деңгейге көтерілді және оларға жинақталған тәжірибе нәтижесінде үнемі өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отырады. Бірақ, заң ешқашан барынша жетік құбылыс бола алмайды. Әрқашанда заң нормаларын өзгерту, толықтыру, жетілдіру сияқты қажеттіліктер сақталады. Осы себептен кәсіпкерлік қызметті құқықтық реттеуге байланысты зерттеу жұмыстары өз маңызын төмендетпейді. Керісінше, мемлекеттің, қоғамдық институттардың дамуы кәсіпкерлік қызметті де дамытады, демек, бұл салада зерттеуге лайық жаңа мәселелер үнемі туындап отырады деген сөз.

Бұл мақала кәсіпкерліктің бір нысаны болып табылатын дара кәсіпкерліктің Қазақстан Республикасында құқықтық реттелуін осы саладағы жинақталған тәжірибенің, ғылыми зерттеулердің және заң актілеріне енгізіліп отыратын өзгерістер мен толықтырулардың бағытын зерттеуге, онда қалыптасқан заңдылықтарды тұжырымдауға, бұдан ары даму бағыттарына белгілі бір дәрежеде болжам жасауға бағытталған.

Дара кәсіпкерлік қызметтің өзіндік құқықтық, экономикалық, әлеуметтік келбеті бар құбылыс екендігі зерттеу барысында басты назарға алынады. Оның ерекшеліктері жұмыстың мазмұнында айқындалады және келтірілген айғақтар нәтижесінде берілетін ұсыныстар да дара кәсіпкерлік қызметтің ерекшеліктерін заң актілерінде барынша ескеру қажеттігін дәлелдей отырып жасалады.

Мақалада тәжірибелік мәліметтерді зерттей отырып, қазіргі заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар берілген. Атап айтқанда, дара кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің құқықтық жауапкершілігін құқықтық реттейтін нормаларды жетілдіруге байланысты дара кәсіпкердің құқықтық мәртебесінің ерекшеліктерінен туындайтын қажеттіліктер назарға ұсынылады. Оларды белгілі бір жүйеге бағындыру мақсатында басты назарға алынған фактор – бұл дара кәсіпкердің құқықтық мәртебесінің заңды тұлғаларға жасанды түрде тым жақындатылып, ал оның жеке тұлға ретіндегі ерекшеліктерінің заң шығарушының назарынан тыс қалғандығы.

Жасалған ұсыныстардың барлығы аса қажет және кездесетін мәселелерді шешуге толықтай қабілетті деген пікір қалыптаспауы қажет. Өйткені, ол ұсыныстардың ғылыми-теориялық негізділігі, тәжірибелік өміршеңдігі дәлелдеуді қажет ететін, гипотезалық сиапаттағы тұжырымдар болып табылады. Зерттеудің мақсаты – осы бағыттағы мәселелерге заң ғылымының, оның ішінде азаматтық және кәсіпкерлік құқық саласы мамандарының назарын аудару. Сонымен қатар, лайықты қаржылық, нормативтік-құқықтық және экономикалық алғышарттар болған жағдайда жұмыста келтірілген ұсыныстардың қолданысқа енгізілуі кәсіпкерлік қызметті реттеумен айналысатын нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге көмектеседі деген ойдамыз.

Дегенмен, қозғалып отырған мәселеге қатысты нақты зерттеу жұмыстарының тапшылығы алдымыздан кездескендігін ескеру қажет. Жалпы, дара кәсіпкердің мүліктік жауапкершілігі болсын, немесе дара кәсіпкерге қатысты қылмыстық, әсіресе әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдану мәселесі болсын ғылыми тұрғыдан әлі де толық зерттелмеген, тың мәселе болып табылады. Оның бір себебі – ғалымдарымыз да, заң шығарушы да дара кәсіпкерлік қызметті заңды тұлға құра отырып жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметтен ерекше бір нысан деп қарастырмайды. Дара кәсіпкер мен заңды тұлға арасындағы өзара айырмашылық заңды тұлғалардың бір-бірінен айырмашылығына бара-бар деп есептеледі. Егер мәселеге тереңірек мән беретін болсақ дара кәсіпкер өз құқықтық мәртебесі бойынша заңды тұлғаға емес жеке тұлғаға жақын тұрғандығын аңғарамыз. Сондықтан оған қатысты жауапкершілікке тарту шараларын қолданған кезде толықтай болмаса да жеке тұлғаларға белгіленген ережелер ескерілуі тиіс деген ойдамыз.

ҚР заңдарына сәйкес, кәсіпкерліктің әрбір субьектісінің төмендегідей құқықтары бар:


  • дербес өзіндік бағдарлама қалыптастыру;

  • жеткізушілерді және өз өнімдерін тұтынушыларды таңдауға, өнімге баға белгілеуге, заңда және шартта көзделген шеңберде жүргізу;

  • кәсіпкерлік қызметті кәсіпорынды құрылтай жолымен алумен және өзгертумен және келісім – шарт негізінде кәсіпорын иесімен келісу негізінде бастауға және жүргізу;

  • өз әрекетін жеке жоспарлап және болашақ даму бағдарын белгілеуде сұранысқа сүйеніп жүргізу, жұмысшыларының жеке табысын ұлғайту;

  • заңмен тыйым салынбаған қызметің кез келген түрлерін жүзеге асыру;

  • азаматтардың және заңды тұлғалардың жеке мүліктік құқықтарын, зияткерлік меншік обьектілерін, қаржы-қаражаттарын келісім-шарт негізінде тарту;

  • заңға сәйкес, акциялар мен өзге де құнды қағаздар шығару;

  • ақша қаражатын кез келген банкте сақтауға,есеп айырысу және өзге де шоттар ашуға және есеп айырысудың, несие және кассалық операциялардың барлық түрлерін жүргізу т.б.

Кәсіпкердің құқықтары қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттерімен, сонымен бірге жалдамалы еңбеккерлер мен шаруашылық субьектілері алдындағы міндеттерімен тығыз байланысты.

Кәсіпкерлердің міндеттері:



  • табысы туралы декларацияны уақытымен ұсыну және заңға сәйкес салықтар мен міндетті төлемдер мен алымдар төлеу;

  • қолданыстардағы заңдарда көзделген және келісім – шарттардағы, соның ішінде кәсіпорын мүлкінің иесімен шарттада көрсетілген міндеттерді орындау;

  • жалдамалы еңбекшілермен және құзыретті органмен заңға сәйкес еңбек шартына отыру;

  • кәсіпорынның қаржылық жағдайына қарамай барлық жұмысшылармен жасалған келісім-шартқа сәйкес толық есеп айырысу;

  • жалдамалы жұмысшылардың әлеуметтік, медициналық және міндетті сақтандырылуын қамтамасыз ету;

  • еңбектің заңға және ұжымдық келісім-шартқа сәйкес қауыпсіздігін қамтамасыз ету;

  • еңбек ақының заңмен кепілденген шектеулі мөлшерін сақтау.

Кәсіпкерліктің маңызды міндеті жерді тиімсіз пайдаланудан және өзге де табиғи ресурстарға келтірілген зиянды, қоршаған ортаға келген залалды, өндіріс қауіпсіздігін сақтауды бұзу, санитарлық тазалық ережелерін сақтамау және жалдамалы жұмысшылардың денсаулығына зиян келтіргені үшін т.б. бұзушылықтарға өтем төлеуі.

Бұл айтылғандармен қатар, дара кәсіпкердің мүліктік немесе басқа сипаттағы жауапкершілікке тартылу жағдайындағы мәртебесі де заңды тұлғаларға белгіленген ережелерді ешбір өзгеріссіз қолдануға тәуелді болып отыр.



Жауапкершiлiк барлық құқық қатынастарына тән. Жалпы алғанда, жауапкершiлiк дегенiмiз заңмен немесе шартпен қарастырылған, өзiне жүктелген мiндеттi бұзатын азаматтық құқықтық қатынастың субьектiсiне қолданылатын мүлiктi өндiртiп алу немесе мүлiктiк салмақ салу болып табылады. Oған бұзылған құқыққа орай уәкiлеттi тұлғаның мүлiктiк шығынының орнын толтыру жатады.

Құқық теориясында заңды жауапкершiлiктiң бiрнеше тұжырымдамалары бар, соның iшiнде негiзгi үшеуін бөлiп көрсетуге болады:



  1. Жауапкершiлiк - бұл мiндеттi орындау болып табылады.

  2. Жауапкершiлiк - бұл мемлекеттiк мәжбүрлеудi қолданумен байланысты құқық бұзушының жағымсыз жеке және мүлiктiк шектеулердi жеке басымен көтеру мiндетiнiң ерекше түpi.

  3. Жауапкершiлiк - ол құқықтық нормалардың санкцияларын қолдану.

Сонымен қатар, азаматтық-құқықтық жауапкершiлiкке кез-келген мемлекеттiк мәжбүрлеу тән емес екеңдiгiн, ол шарт бойынша мiндеттерiн орындамау немесе тиiсiнше орындамау, зиян келтiру және басқа да негiздерге байланысты туындаған жағымсыз мүлiктiк салдарды жоюға байланысты мәжбүрлеу орын алатынын ұмытпауымыз қажет. Азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктің мақсаты тұлғаның бұзылған мүлiктiк жай-күйiн құқық бұзушының немесе құқық қорғау қатынасы ретiнде басқаның құқық бұзушылығы үшiн жауапты тұлғаның мүлкiнiң есебiнен қалпына келтiру болып табылады.

70-шi жылдардың басында заң ғылымында «позитивтi», яғни оң мағынадағы жауапкершiлiктiң түсiнiгi енгiзiлдi. «Позитивтi» жауапкершiлiк болып жеке тұлғаның қоғам алдында өзiнiң мiндеттерiн саналы түрде түсiнуi, оны орындауы түрiндегi болашақта болатын нәтиже үшiн жауапкершiлiгi танылды. Мұндай жауапкершiлiктiң әдебиеттерде әртүрлi атауларын кездестiруге болады, оны перспективтi, активтi және проспективтi жауапкершiлiк деп атайды. Жауапкершiлiктiң позитивтi тұжырымдамасын жақтаушылар заңды жауапкершiлiктi өзiнiң әрекеттерiнде есеп беру қажеттiлiгi деп қарастырады.

Бұл тұжырымдама ғылыми әдебиеттерде үлкен cынға түстi. Азаматтық-құқықтық жауапкершiлiк түсiнiгiнiң оның, мазмұнына «позитивтi» жауапкершiлiктi енгiзумен кеңеюi – көпшiлiк ғалымдардың пiкiрi бойынша ақталмады және ол заңи жауапкершiлiктiң мәнiн айқындау мәселелерiн қиындатады және үлкең шиеленiске әкеп соғады делiнген.

Мұндай жауапкершiлiк жөнiндегi көзқарас мiндеттеме жүйесiндегi жауапкершiлiкке, яғни мiндеттеменiң тиiсiнше орындатуына сай келедi. Сонымен бiрге мiндеттеменi тиiсiнше орындатуда азаматтық-құқықтық жауапкершiлiк әрқилы ережелерге бағынады, демек оны борышқордың, белгiлi бiр әpeкетiнiң аясына сыйдыруға болмайды.

Заң жүзiндегi жауапкершiлiк әрқашанда мiнез-құлыққа нақтылы баға бередi, яғни сол құқық бұзушының мiнез-құлықының салдарына мән бередi. Сондықтан да оны ретроспективтiк жауапкершiлiк деп атайды.

Бiз ғалымдардың заңдық жауапкершiлiк сөзсiз ретроспективтi, яғни тек жасаған құқық бұзушылығы үшiн туындауы мүмкiн деген пiкiрiне қосыламыз. Заңдық жауапкершiлiктi қолдану құқық бұзушылықтың салдары ретiнде қарастырылуы тиiс, сонда барып ол адамның санасына жетедi, басқа тұлғалардың мүддесiн бұзудың мақсатқа сай еместiгiне көзiн жеткiзедi. Тек осындай жағдайда ретроспективтi аспектiде түсiнiлген жауапкершiлiк азаматтардың құқыққа сай жүрiс-тұрысын қамтамасыз ету құралы қызметiн атқарады. Әдебиеттерде позитивтi жауапкершiлiктiң туындау негiзiнiң жоқтығына көңiл аударылған болатын. Ал сол кезде ретроспективтi жауапкершіліктің пайда болу негiзi құқық бұзушылық болғанын айтып кеткенімiз жөн.

Жауапкершiлiктiң кең таралған екiншi тұжырымдамасы - бұл құқық бұзушының құқық бұзушылығы үшiн мемлекеттiк мәжбүрлеудi қолданумен байланысты мемлекет алдында жауап беру мiндетi.

Бұл теорияны жақтаушы ғалымдардың кейбiрi жауапкершiлiк анықтамасында құқық бұзушының мiндеттерiне айрықша мән бередi. Солардың iшiнде, С.С. Алексеев былай жазады: «заңи жауапкершiлiк - бұл жасаған құқық бұзушылығы үшiн мемлекеттiк мәжбүрлiк әсер ету шараларын тұлғаның жеке басымен көтеру мiндетi» /1/.

Ал дара кәсіпкердің мүліктік жауапкершілігін реттейтін құқықтық нормаларға келетін болсақ, алдағы уақытта дара кәсіпкерлердің барлық уақытта да жеке тұлға болып қалатындығы ескерілуі тиіс. Дара кәсіпкер өзінің құқықтық құзіретіне байланысты коммерциялық заңды тұлғадан гөрі жеке тұлғаға жақын екендігін жоққа шығаруға болмайды. Және осы жағдай дара кәсіпкердің қызметін реттеуде, оған жауапкершілік шараларын қолдану кезінде ескерусіз қалмағаны дұрыс.

Жоғарыда айтылғандай, маңыздысы дара кәсіпкерлік субъектілерінің мүліктік жауапкершілікке тартылу жағдайында оның мүліктік сферасының барынша қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл мақсатта дара кәсіпкерлерге қатысты олардың жеке тұлға ретіндегі және кәсіпкер ретіндегі құқықтарының шекарасын белгілеу ұсынылады. Ол үшін дара кәсіпкерлерге де жарғылық капитал ұғымын енгізуге болады. Заң актілерінде дара кәсіпкердің мүлкінен төлем алу жағдайында оның асырауындағы азаматтарды мүліктік қорғауды қамтамасыз ететін нормалардың қажеттігі айқын. Бұл жерде мәселенің екінші жағы да бар.

Мысалы, ҚР Азаматтық кодексінде дара кәсіпкердің банкроттығы жағдайында оның мүлкінен төлем алу кезінде міндеттемелерді орындаудың кезектері белгіленген. Сол кезектердің ішінде дара кәсіпкердің кәсіпкерлікпен байланысты емес міндеттемелері бойынша төлем жасау көзделмеген. Яғни кәсіпкерлікпен байланысты емес міндеттемелер бойынша кредиторлардың заңды мүдделері құқықтық қамтамасыз етілмеген /2/.

Демек, мысалы дара кәсіпкер белгілі бір тұлғаларға қатысты кәсіпкерлікпен байланысты емес борышын өтеуге тиіс болса, оның қызметі банкроттыққа ұшыраған жағдайда аталған төлемді алуға тиіс тұлғалардың мүддесі қорғалмаған деген сөз. Бұл дара кәсіпкерлердің кәсіпкерлік қызметінен тыс жағдайда жасаған кез келген мәмілелері бойынша, сондай-ақ, оның басқа тұлғаларға зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелерін орындау барысында кредиторлар үшін тиімсіз жағдай қалыптастырады. Осы жерде жоғарыда айтылып кеткен жарғылық капитал ұғымының көмектесуі мүмкін. Басқаша айтқанда кәсіпкерлікпен байланысты міндеттемелері бойынша дара кәсіпкер жарғылық капитал шегінде ғана жауапкершілік тартады, сол арқылы басқа кредиторлардың міндеттемелері оқшаулана түседі. Ал екіншіден, дара кәсіпкердің асырауындағы еңбекке қабілетсіз тұлғаларға қандай да бір мүліктік кепілдіктер беруге мүмкіндік туады.

Тағы бір айта кететіні – дара кәсіпкердің банкротқа ұшырауы көп жағдайда банктен алған несиені қайтару немесе мемлекет алдындағы салық төлемдерін төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамау салдарынан болатын құбылыс. Бұл жердегі кредитор болып табылатын мемлекет немесе банктен гөрі дара кәсіпкердің асырауындағы қарапайым азаматтарды әлеуметтік қорғаудың маңызды екендігі дау туғызбайды.

Сол себепті Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіндегі дара кәсіпкердің банкрот болуы жағдайындағы оның мүлкінен міндеттемелері бойынша төлем алудың кезектерін белгілейтін бапқа, біріншіден, несие берушілердің мүліктік жағдайын ескеруге мүмкіндік беретіндей ереже енгізіп, екіншіден дара кәсіпкердің кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес міндеттемелері бойынша төлем алуды аталған кезектердің қатарына қосу қажет деген ұсыныс білдіреміз.

Егер осы ұсыныстар Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік заңнамасынан көрініс табатын болса, ол дара кәсіпкерлердің өз қызметін еркін жүзеге асыруына жағдай жасап қана қоймай, дара кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалардың асырауындағы еңбекке қабілетсіз азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалу дәрежесін арттыруға да септігін тигізер еді. Бұл мәселе жұбайлардың немесе шаруа қожалығының дара кәсіпкерлігін мемлекеттік реттеу жағдайында ерекше маңызға ие болатындығын да айта кетуіміз қажет.

Дара кәсіпкердің мүліктік жауапкершілігін құқықтық реттейтін ережелерде несие берушінің құқықтық және мүліктік жағдайын ескеретін нормалардың енгізілу мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды. Бұл қағида зиян тигізуден туындайтын міндеттемелерге қатысты азаматтық-құқықтық нормалармен үндесіп жатады.

Жалпы, мүліктік жауапкершілік көп ретте азаматтардың құқықтық сауаттылығына, еріктілігіне негізделетін болғандықтан бұл ретте құқықтық тәрбие, азаматтардың қоғамдық белсенділігі сияқты жалпылама сипаттағы әлеуметтік шаралардың да маңызды роль атқаратынын айтуға тиіспіз. Бұл шаралар азаматтардың жалпы құқықтық сауатын арттыру арқылы олардың әлеуметтік белсенділігін, бастамашылдығын күшейтуге көмектеседі.

Әрине, мақаланың мазмұнында келтірілген ұсыныстар бұдан әрі зерттеуді, өзінің өміршеңдігін әлі де болса дәлелдеуді қажет ететін тұжырымдамалар екендігі айтылды. Негізгі мақсат – білікті ғалымдардың, тәжірибелі мамандардың назарын осы қозғалып отырған мәселеге аударып, ғылыми пікірталас туғызу.



Әдебиеттер


  1. Амирханова И.В. Гражданско-правовое обеспечение развития предпринимательства в Республике Казахстан. А: 2003, 106 б.

  2. Гражданский Кодекс РК – толкование и комментирование (общая часть). Вып. 1, 31 б.

  3. «Жеке кәсіпкерлік туралы» ҚР Заңы. 31.01.2006.

  4. «Банкроттық туралы» ҚР Заңы. 21.01.1997.

  5. ҚР Азаматтық кодексі.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз



НЕКОТОРЫЕ ПРОБЛЕМЫ ПРАВОВОГО РЕГУЛИРОВАНИЯ ИМУЩЕСТВЕННОЙ ОТВЕТСТВЕННОСТИ ИНДИВИДУАЛЬНОГО ПРЕДПРИНИМАТЕЛЯ
А.А.Абенов
В статье приведены некоторые предложения по совершенствованию законодательных актов, регулирующих имущественную ответственность индивидуального предпринимателя.

SOME PROBLEMS OF JURIDICAL REGULATING OF THE PROPERTIED RESPONSIBILITY OF INDIVIDUAL ENTERPRISER
A.А. Abenov
The article contains some suggestions about improving the law acts which regulate the propertied responsibility of individual enterpriser.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет