«Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңы



жүктеу 0.88 Mb.
бет2/3
Дата09.09.2017
өлшемі0.88 Mb.
1   2   3

8-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы жергiлiктi

атқарушы органдардың құзыретi

  1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы:

1) азаматтардың тұрғылықты жері бойынша және жаппай демалу орындарында спортпен шұғылдануы үшін инфрақұрылым жасайды;

2) спорт түрлерi, соның ішінде ұлттық, техникалық және қолданбалы түрлері бойынша, бұқаралық спорт бойынша, сондай-ақ ардагер спортшылар арасында облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) жарыстар өткiзедi;

3) спорт түрлерi бойынша облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) құрама командаларды даярлау және олардың республикалық және халықаралық спорт жарыстарында өнер көрсетуiн қамтамасыз етедi;

4) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерiн дамытуды қамтамасыз етеді;

5) облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) аумағында дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметiн үйлестiредi;

6) облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) аумағында спорт ғимараттарын салу мәселелерiн үйлестiредi және олардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етеді;

7) спортшыларға спорт шеберіне үміткер, бiрiншi разряд деген спорттық разрядтар береді;

8) жаттықтырушыларға, нұсқаушы-спортшыларға, әдіскерлер мен спорт төрешілеріне: бiлiктiлiгi жоғары және орта деңгейдегi бiрiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi бiрiншi санатты нұсқаушы-спортшы, бiлiктiлiгi жоғары және орта деңгейдегi бiрiншi санатты әдiскер, бiрiншi санатты спорт төрешiсi санаттарын береді;

9) бұқаралық спорт iс-шараларының бірыңғай өңірлік күнтiзбесін әзiрлейдi, бекiтедi және iске асырады;

10) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды және өткiзудi үйлестiредi;

11) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктегі дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі мәлiметтердi талдайды және дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi органға ұсынады;

12) жергілікті спорт федерацияларын аккредиттеуді жүзеге асырады;

13) өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорт түрлері бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) құрама командаларының тізімдерін қалыптастырады және бекітеді;

14) Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін осы Заңға сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етеді;

15) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша дене шынықтыру және спорт жөніндегі облыстық басқару органының бірінші басшысын тағайындайды;

16) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы:

1) азаматтардың тұрғылықты жері бойынша және жаппай демалу орындарында спортпен шұғылдануы үшін инфрақұрылым құрады;

2) спорт түрлерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) жарыстар өткiзедi;

3) спорт түрлерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) құрама командаларды даярлауды және олардың облыстық спорт жарыстарында өнер көрсетуiн қамтамасыз етедi;

4) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерiн дамытуды қамтамасыз етеді;

5) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметiн үйлестiредi;

6) спортшыларға екiншi және үшiншi разрядтар, бiрiншi, екiншi және үшiншi жасөспірімдік разрядтарды деген спорттық разрядтар береді;

7) жаттықтырушыларға, нұсқаушы-спортшыларға, әдіскерлер мен спорт төрешілеріне: бiлiктiлiгi жоғары және орта деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты нұсқаушы-спортшы, бiлiктiлiгi жоғары және орта деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, спорт төрешiсi санаттарын береді;

8) бұқаралық спорт iс-шараларының бірыңғай өңірлік күнтiзбесін iске асырады;

9) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында спорттық iс-шараларды ұйымдастыруды және өткiзудi үйлестiредi;

10) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк бойынша дене шынықтыруды және спортты дамыту жөніндегі мәлiметтердi талдайды және облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы органға тапсырады;

11) өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсынысы бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) спорт түрлері бойынша құрама командаларының тізімдерін қалыптастырады және бекітеді;

12) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша дене шынықтыру және спорт жөніндегі облыстық басқару органының бірінші басшысын тағайындайды;

13) осы Заңға сәйкес Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етеді;

14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

3. Республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы ауданның жергілікті атқарушы органы:

1) спортшыларға екінші және үшінші разрядтар, бірінші, екінші және үшінші жасөспірімдік разрядтарды береді;

2) жаттықтырушыларға, нұсқаушы-спортшыларға, әдіскерлер мен спорт төрешілеріне: бiлiктiлiгi жоғары және орта деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты нұсқаушы-спортшы, бiлiктiлiгi жоғары және орта деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, спорт төрешiсi санаттарын береді.

4. Қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдық (селолық) округтің, кенттің және ауылдың (селоның) әкiмi:


  1. спорт мекемелерiнiң материалдық-техникалық қамтамасыз етiлуiн қолдайды және оған жәрдем көрсетедi;

  2. тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында азаматтардың тұрғылықты жерiнде және жаппай демалу орындарында дене шынықтыруды және спортты дамыту үшiн жағдайлар жасайды;

  3. дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, мүгедектер арасында сауықтыру және спорттық іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады.



9-бап. Дене шынықтыру мен спортты насихаттауға дене

шынықтыру-спорт ұйымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы

  1. Дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы уәкілетті органдар, дене шынықтыру-спорт ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары тұрғындардың әртүрлі топтарының жас мөлшері, кәсіби және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, дене шынықтыру мен спортты насихаттауды жүзеге асырады, дене шынықтыру мен спорттың әлеуметтік маңызын, ұлтты сауықтырудағы, азаматтардың салауатты өмір салтын қалыптастырудағы және теріс көріністермен күресудегі олардың рөлін ашуды қамтамасыз етеді.

  2. Бұқаралық ақпарат құралдары, дене шынықтыру мен спортты мемлекеттік басқару органдары, дене шынықтыру және спорт бағытындағы қоғамдық бірлестіктер дене шынықтыру мен спортты насихаттауды жүргізеді, денсаулықтарын сақтау және нығайту, аурулардың алдын алу, жұмысқа қабілеттілік пен белсенді ұзақ өмірдің жоғары деңгейіне, сондай-ақ гуманистік идеалдар мен спорт құндылықтарына қол жеткізу үшін дене шынықтыру компоненттерін практикалық пайдалануда халықтың білім деңгейін арттырады.

  3. Кешенді халықаралық және республикалық іс-шараларды өткізу кезінде телерадиокомпаниялар оларды тарату құқығын құқық иеленушіден алады.


3-тарау. Дене шынықтыру және спорт жүйесі
10-бап. Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру және спорт

субъектiлерi

Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру және спорт субъектiлерiне:


1) дене шынықтыру-спорт ұйымдары, соның ішінде ведомстволық спорт қоғамдары, спорт клубтары, олимпиадалық даярлау орталықтары, олимпиада резервін даярлау орталықтары, спорт федерациялары, спорт мектептері мен спорт клубтарының барлық түрлері, сондай-ақ әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстарды ұйымдастыратын ұйымдар;

2) дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын білім беру ұйымдары;

3) дене шынықтыру және спорт саласындағы зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдар;

4) Ұлттық Олимпиада комитеті;

5) Параолимпиадалық, Сурдолимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер және Спешиал Олимпикс;

6) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар жатады.

  

   


11-бап. Дене шынықтыру-спорт ұйымдары

1. Дене шынықтыру-спорт ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қызметін әртүрлі ұйымдық-құқықтық нысандарда құрады және жүзеге асырады.

2. Дене шынықтыру-спорт ұйымдары халықтың әртүрлі топтары арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға қатысады, спортшыларға және спорт жарыстары мен оқу-жаттығу іс-шараларына қатысатын басқа даадамдарға денсаулығын сақтау мен нығайту үшін жағдайлар жасайды, спортшыларға, жаттықтырушылар мен мамандарға жаттығуларға арналғанқажетті жағдайларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ өзгеше түрде осы адамдарға жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізулеріне жәрдемдеседі.

3. Дене шынықтыру-спорт ұйымдары халықаралық спорттық ұйымдардың мүшелері болуы, егер осындай құқықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, халықаралық спорт ұйымдарының мүшелері мәртебесіне сәйкес құқықтарды иеленуі және міндеттері болуы мүмкін.

4. Дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы спорт резерві мен жоғары дәрежедегі спортшылардың оқу-жаттығу процесі осы Заңның 25, 26-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

5. Спорт резерві мен жоғары дәрежедегі спортшыларды даярлау жөніндегі оқу-жаттығу процесі жүзеге асырылатын Дене шынықтыру-спорт ұйымдары қызметі түрлерінің атауы мен қағидалары дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес белгіленеді.



12-бап. Спорт федерацияларын аккредиттеу

1. Спорт федерациялары аккредиттелуге жатады.

2. Дене шынықтыру және спорт саласындағыуәкілетті орган әрбiр спорттүрi (түрлері) бойынша Қазақстан Республикасының атынан халықаралық спорт ұйымдарының мүшесі болып табылатын және оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті таныған бір ғана республикалық және (немесе) өңірлік спорт федерациясын аккредиттейді.

3. Спорт федерацияларын аккредиттеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

4. Спорт түрі бойынша халықаралық спорт ұйымы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті тануға тиіс бір ғана республикалық және (немесе) өңірлік спорт федерациясы аккредиттеледі.

5. Қазақстан Республикасы облыстарының кемінде жартысының аумағында дамыту жүзеге асырылатын, аккредиттеу тәртібімен белгіленген спорт түрлерінің күрделілігі мен ерекшеліктеріне байланысты өңірлік спорт федерациясы республикалық спорт федерациясының мәртебесін иеленеді.

6. Жергілікті атқарушы орган әрбір спорт түрі (түрлері) бойынша бір ғана жергілікті спорт федерациясын аккредиттейді.

13-бап. Республикалық аккредиттелген спорт федерацияларының

құқықтары мен міндеттері

1. Республикалық спорт федерациялары осы Заңда белгіленген тәртіппен:

1) тиісті спорт түрі (түрлері) бойынша спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге;

2) спорт түрі (түрлері) бойынша спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге;

3) өз құзыреті шегінде спортшылардың бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан екінші дене шынықтыру-спорт ұйымына ауысуын ұйымдастыруға қатысуға;

4) тиісті халықаралық жарыстарды өткізетін халықаралық спорт ұйымдарының нормаларына сәйкес спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалары) үшін қатысуға құқығы жоқ спортшылардың тиісті спорт түрлері бойыншахалықаралық жарыстарға қатысуына шектеулер белгілеуге;

5) халықаралық спорт ұйымдарына кіруге, егер мұндай құқықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, халықаралық спорт ұйымдарының мүшелері мәртебесіне сәйкес келетін құқықтар мен міндеттерді иеленуге;

6) тиісті спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (ұлттық құрама командаларының) нышандарын пайдалануға барлық құқықтарды иеленуге;

7) спорт пәндерін спорт түрлерінің тізіліміне қосу туралы ұсыныс енгізуге;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған түрлі көздерден тиісті спорт түрлерін дамыту үшін ұсынылған қаржылық және өзге де қолдауды алуға;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

2. Республикалық спорт федерациялары:

1) спорт түрін дамытуға және кеңінен таратуға;

2) халықаралық спорт ұйымдарының талаптарына сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Спорт түрлері жөніндегі қағидаларды әзірлеуге және бекітуге;

3) спорт түрлері бойынша кешенді нысаналы бағдарламаларды және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) спортшыларын даярлаудың жеке жоспарларын әзірлеуге;

4) республикалық спорт федерациялары өткізетін Жарыстар туралы ережелерді (регламенттерді) әзірлеуге және дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісуге;

5) тиісті спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (ұлттық құрама командалардың) халықаралық спорт жарыстарына дайындығын және оларға қатысуын қамтамасыз етуге;

6) тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық және республикалық спорт жарыстарына ардагер спортшылардың дайындығын және оларғақатысуын қамтамасыз етуге;

7) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға тиісті спорт түрлерін дамыту жөнінде ақпарат беруге;

8) спорттағы кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың кез келген нысаныкөріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға;

9) бұқаралық спорт іс-шараларының бірыңғай республикалық күнтізбесін қалыптастыруға;

10) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға спорт түрлерiнен белгіленген тәртіппен талаптар мен нормаларды Бірыңғай спорттық сыныптамасына енгізу мақсатында және жаттықтырушыларды аттестаттау жөніндегі біліктілік талаптарын ұсынуға;

11) спорт түрлері бойынша спорт төрешілерін даярлауды жүзеге асыруға;

12) жаттықтырушыларды қайта даярлауды, жаттықтырушыларды, спорт төрешілері мен спорт жөніндегі мамандарды аттестаттауды жүзеге асыруға;

13) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға спортшылар мен жаттықтырушыларға спорттық атақтар мен разрядтар, нұсқаушы-спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға, спорт төрешілеріне санаттар беру үшін құжаттарды беруге;

14) спортшыларды тіркеуді жүргізуге;

15) спортшылардың, аттестатталған спорт төрешілерінің, жаттықтырушылардың тізілімін жүргізуге;

16) Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес спортта тыйым салынған субстанцияларды және (немесе) әдістерді пайдалануға қарсы іс-қимыл жасауға;

17) Интернет желісіндегі өздерінің ресми сайттарында Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларын және тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық спорт федерациялары бекіткен допингке қарсы қағидаларды мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялауға немесе орналастыруға;

18) жарыс кезеңіндегі сияқты, сондай-ақ жарыстан тыс кезеңде де тестілеу өткізу мақсатында спортшылардың тізімін қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес ұлттық допингке қарсы ұйымға қажетті ақпаратты беруге;

19) спортшыларды Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес жарыс кезеңіндегі сияқты, сондай-ақ жарыстан тыс кезеңде де тестілеуге жататын спортшылардың тізіміне енгізу туралы хабардар етуге;

20) допинг-бақылау жүргізу тәртібіне сәйкес тестілеу өткізуге жәрдемдесуге;

21) спортшылардың, сондай-ақ жаттықтырушылардың, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандардың спортшыларға, спорт жарыстарына қатысатын жануарларға қатысты допингке қарсы қағидаларды бұзғаны туралы тиісті допингке қарсы ұйымның шешімінің негізінде және оны орындау үшін санкция қолдануға (оның ішінде спортшыны спорттан шеттетуге);

22) қолданылған санкциялар туралы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органды, ұлттық допингке қарсы ұйымды, тиісті спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясын хабардар етуге;

23) әдістемелік жұмыс нәтижелерінің негізінде дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға спорт түрін дамыту жөнінде ұсынымдар беруге;

24) егер осы шарттар халықаралық спорт федерацияларының талаптарында көзделсе, кәсіпқой спортты дамыту жөніндегіміндеттерді орындауға;

25) Қазақстан Республикасының заңнамасына және өз жарғыларына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

14-бап. Ұлттық олимпиадалық қозғалыс

Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетi

   1. Ұлттық олимпиадалық қозғалыс – мақсаты олимпиадалық қозғалыс қағидаттарын насихаттау және енгізу, дене шынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесу, халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайту, Олимпиада ойындары мен Халықаралық Олимпиада комитетінің аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысу болып табылатын халықаралық олимпиадалық қозғалыстың құрамдас бөлігі.

2. Ұлттық олимпиадалық қозғалысты өз қызметін Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасына, Халықаралық Олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес және Халықаралық Олимпиада комитетінің тануы негізінде, сондай-ақ өзінің жарғысына сәйкес жүзеге асыратын қоғамдық бірлестік - Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетi басқарады. Мемлекет ұлттық олимпиадалық қозғалысты таниды және Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетіне өзінің жарғылық мақсаттарын іске асыру үшін жан-жақты жәрдем көрсете отырып, қолдайды.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi:

1) мемлекетте олимпиадалық қозғалыс қағидаттарын насихаттайды, спорттыңжоғары жетістіктерімен бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді;

2) Олимпиада ойындары мен Халықаралық Олимпиада комитетінің аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорт жарыстарында Халықаралық Олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес Қазақстан Республикасын білдіреді;

3) Халықаралық Олимпиада комитетінде Қазақстан Республикасын білдіреді;

      4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен өзара iс-қимыл жасау кезiнде спорттыңжоғары жетiстiктері мен бұқаралық спортты дамытудың бiрыңғай саясатын жүргiзедi;

5) Қазақстан Республикасының спортшыларын Олимпиада ойындарына және Халықаралық Олимпиада комитеті аясында өткiзілетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысу үшiн қажетті деңгейде даярлауды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды әзірлеу мен жүзеге асыруға қатысады;

6) Халықаралық Олимпиада комитетіне Олимпиада ойындарын өткізуге өтінім беруге құқылы Қазақстан Республикасындағы қаланы айқындайды.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетi Халықаралық Олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес Халықаралық Олимпиада комитетіне тиесілі олимпиадалық нышанды, ұранды, туды және әнұранды, «Олимпиадалық ойындар», «Олимпиада ойындары» деген атауларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға арналған құқықтарын қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетi Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетiнің олимпиадалық эмблемасына, ұранына, туына және өзге де ұлттық олимпиадалық нышанынаайрықша құқықтарды иеленеді.

5. Олимпиада, Азия ойындарында, Бүкіләлемдік Универсиадада және Халықаралық Олимпиада комитетінiң қамқорлығы аясында өткiзiлетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларда спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларының) өнер көрсетуi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы астында жүзеге асырылады.

6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетiнің спорттыңжоғары жетістіктері мен бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы спортшыларының Олимпиада ойындарына және Халықаралық Олимпиада комитетінің аясында өткiзілетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысу үшін қажетті даярлық деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыруы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және республикалық спорт федерацияларымен бірлесіп өзара іс-қимылда жүзеге асырылады.

7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетi өзінің алдында тұрған жарғылық міндеттерін орындауды өзінің жеке қаржыландыру көздері, оның ішінде демеушілік көмек, азаматтар мен ұйымдардың ерікті қайырымдылық жарналары есебінен іске асырады.



15-бап. Параолимпиадалық қозғалыс, Сурдолимпиадалық

қозғалыс, Спешиал олимпикс. Параолимпиадалық,

Сурдолимпиадалық қозғалыстарды және Спешиал

олимпиксті дамыту жөніндегі қоғамдық бірлестіктер

1. Параолимпиадалық қозғалыс, Сурдолимпиадалық қозғалыс, Спешиал олимпикс – мақсаты мүгедектер мен денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдар арасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесу, аталған салада халықаралық ынтымақтастықты нығайту, Параолимпиадалық ойындарға, Сурдолимпиадалық ойындарға, Дүниежүзілік арнайы Олимпиада ойындарына қатысу болып табылатын тиісті халықаралық параолимпиадалық қозғалыстың, халықаралық сурдолимпиадалық қозғалыстың, халықаралық арнайы Олимпиаданың бөліктері.

2. Параолимпиадалық қозғалысты, Сурдолимпиадалық қозғалысты, Спешиал олимпксті параолимпиадалық, сурдолимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер және өз қызметін жарғыларына сәйкес Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасына, тиісті халықаралық спорт ұйымдарының жарғыларына сәйкес және халықаралық спорт ұйымдарының тануы негізінде, сондай-ақ өз жарғыларына сәйкес жүзеге асыратын Спешиал олимпкс басқарады.

3. Параолимпиадалық, сурдолимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер және Спешиал олимпикс тиісінше Параолимпиадалық ойындарда, Сурдолимпиадалық ойындарда, Дүниежүзілік арнайы Олимпиада ойындарында, Халықаралық параолимпиадалық комитет, Халықаралық Сурдолимпиадалық комитет, Халықаралық арнайы олимпиада аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларда спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларын) білдіреді.

4. Параолимпиадалық, сурдолимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер және Спешиал олимпикс өздерінің алдында тұрған жарғылық міндеттерін орындауды жеке қаржыландыру көздерінің, оның ішінде демеушілік көмек, азаматтар мен ұйымдардың ерікті қайырымдылықтары есебінен іске асырады.

16-бап. Білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесi мен спорт.

Студенттік және мектеп спорты

      1. Дене тәрбиесі Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және Үлгілік (жұмыстық) оқу жоспарларына сәйкес білім беру ұйымдарында оқу және оқудан тыс уақытта жүзеге асырылады.

2. Дене тәрбиесi мектеп жасына дейiнгi ұйымдарда - аптасына кемiнде үш сағат, жалпы бiлiм беретiн мектептерде - аптасына кемiнде үш сағат, колледждерде - аптасына кемiнде төрт сағат, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орындарында бірінші және екінші оқу жылдарында оқитындар үшін аптасына кемінде төрт сағат көлемінде жүргiзiледi.

Денсаулығы нашар оқушылар мен тәрбиеленушілер арнайы медициналық топтар мен емдiк дене шынықтыру топтарында шұғылданады.

Физикалық мүмкіндіктері шектеулі оқушылар мен тәрбиеленушілер бейімдік дене шынықтыру мен спорт құралдарын пайдалана отырып шұғылданады.

3. Мектеп жасына дейiнгi білім беру ұйымдары, жалпы бiлiм беретiн мектептер және басқа да білім беру ұйымдары оқушылар мен тәрбиеленушілерді дене тәрбиесiне баулу мақсатында: дене шынықтыру машықтарын қалыптастырады, спортпен шұғылдануға тартады, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық iс-шаралар өткiзедi және қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да заңды тұлғалардың мектеп жасына дейiнгi балалардың, оқушылар мен тәрбиеленушілердің қатысуымен спорттық iс-шараларды ұйымдастыруы мен өткiзуiне жәрдемдеседi.

      4. Сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдану үшiн спорт клубтары, секциялар мен мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдары құрылады, олардың қатарына әртүрлі спорт мектептерi, балалар- жасөспiрiмдер дене тәрбиесі даярлығы клубтары, тұрғылықты жерi бойынша балалар мен жасөспiрiмдер клубтары және қызметi мектеп жасына дейiнгi балалардың, оқушылар мен тәрбиеленушілердің дене тәрбиесi мен спорттық даярлығына бағытталған басқа да заңды тұлғалар кiредi.

5. Дене шынықтыру-спорт ұйымдарында спорт резервін даярлау мақсатында жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша жалпы білім беретін мектептердің базасында тереңдетілген оқу-жаттығу процесінің негізінде әртүрлі спорт түрлері бойынша оқушылар мен тәрбиеленушілердің спорттық даярлығын жүзеге асыратын мамандандырылған спорт сыныптары мен топтары құрылады.

6. Спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттарда, мамандандырылған мектеп-интернаттарда-олимпиадалық резервтің колледждерінде спортшыларды даярлау білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

7. Білім беру оқу орындарында спортшыларды даярлау меншік нысанына қарамастан, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға, бағдарламалар мен нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.

8. Мектеп жасына дейінгі білім беру ұйымдарында, мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдарында жәнебасқа дабілім беру ұйымдарында дене тәрбиесі үшін қажетті жағдайлар жасау облыстардың, қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына, сондай-ақ құрылтайшыларға жүктеледі.

9. Білім беру ұйымдарында студенттік және мектеп спортын дамыту мақсатында оқушылар мен тәрбиеленушілер арасында спорт түрлері бойынша спорт клубтары, федерациялар құрылады.

10. Студенттік және мектеп спорты саласында қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар студенттік және (немесе) мектеп спорт лигасының мүшелері болып табылуы мүмкін.

17-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да

әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және

арнайы мемлекеттік органдарында әскери-қолданбалы,

қызметтік-қолданбалы және басқа да спорт түрлерін дамыту

1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарында дене тәрбиесі даярлығы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарында дене шынықтыру мен спортты басқару органдарының бірінші басшылары бекітетін дене тәрбиесі даярлығы бойынша бағдарламалардың негізінде өздерінің қызметтік міндеттерін табысты орындауы мақсатында жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарында әскери қызметшiлер мен құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін спортпен тұрақты шұғылдануға тарту мақсатында тиісті әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлерін   дамытуды, спортшылар даярлауды жүзеге асыратын спорт клубтары, дене шынықтыру-спорт ұйымдары құрылуы және жұмыс істеуі мүмкін, сондай-ақ олар құрама командаларды жасақтайды.

3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген ұйымдар оқу-жаттығу процесін жүзеге асырады, әскери қызметшiлердің барлық санаттары менқұқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің спортпен шұғылдануы үшін жағдайлар жасайды, спортшылардың спорт жарыстарына, оның ішінде оқу-жаттығу және спорттық іс-шараларды, медициналық қызмет көрсетудіұйымдастыруды көздейтін Дүниежүзілік армия ойындарына, Достас армиялардың спартакиадасына, Әлем чемпионаттарына және Полицейлер мен өрт сөндірушілердің дүниежүзілік ойындарына қатысуы үшін даярлығын, спортшылардың қарқынды дене шынықтыру жүктемелерінен, аурулары мен жарақаттарынан кейін қалпына келтіру іс-шараларын, олардың тамақтануын, тұруын және жол жүруін қамтамасыз етуді, сондай-ақ спорттық керек-жарақпен, спорт құрал-сайманымен және жабдығымен қамтамасыз етудіжүзеге асырады, жаттықтырушылар мен дене шынықтыру және спорт саласындағы басқа да мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.

Спорттық іс-шараларға дайындалу және қатысу кезеңінде әскери қызметшiлердің барлық санаттары мен құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тамақпен, спорттық керек-жарақпен, спорттық құрал-сайманмен және жабдықпен қамтамасыз ету нормативтерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

4. Әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлерін   дамытуға басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарында дене шынықтыру және спортты басқару органдары спорттық іс-шараларға қатысу үшін тиісті спорт түрлері бойынша құрама командаларды жасақтайды, әскери қызметшiлер мен құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің дене шынықтыру дайындығына үнемі тестілеу жүргізеді, республикалық және халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырады, өткізеді және қамтамасыз етеді, әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлері бойынша спорттық сыныптаманы әзірлейді және оған уақтылы өзгерістер енгізеді, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жаттықтырушыларға, әдіскерлерге, спорт төрешілеріне, нұсқаушы-спортшыларға спорттық разрядтар мен дәрежелер, біліктілік талаптарын береді.

5. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында өтетін әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлері бойынша бұқаралық спорт іс-шараларының бірыңғай күнтізбесін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша осы спорт түрлерінің дамуына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітеді.


18-бап. Еңбек ұжымдарындағы дене шынықтыру мен спорт

1. Заңды тұлғалар жұмыскерлердi сауықтыру бойынша дене шынықтыруды дамытуға қаражат көздеуге және азаматтардың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану құқықтарын iске асыруына жағдайлар жасауға мiндеттi.

2. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттің қатысу үлесі бар заңды тұлғалар спорттық қоғамдардың қызметіне қатысуға міндетті.

3. Қызметкерлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң жеке және ұжымдық дене шынықтыру-спорт сабақтарын ұйымдастыру үшiн материалдық база жасау, оны пайдалану, қаржыландыру, мамандармен қамтамасыз ету ұжымдық шарттармен және дене шынықтыру және спортты дамыту бағдарламаларымен айқындалады.      

4. Еңбек ұжымдарында ерікті негізде және салалық қағидат бойынша спортпен шұғылдану үшін азаматтарды біріктіретін ведомстволық дене шынықтыру-спорт қоғамдары құрылуы мүмкін.

5. Әрбір салада бір республикалық ведомстволық дене шынықтыру- спорт қоғамы құрылуы мүмкін. Қоғамдардың ұйымдық-құқықтық нысаны және олардың қызмет тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.



19-бап. Тұрғылықты жердегi және халықтың жаппай

демалатын орындарындағы дене шынықтыру мен спорт

      1. Тұрғылықты жерде және халықтың жаппай демалатын орындарында дене шынықтыру мен спортты дамыту мыналарды қамтиды:

      1) азаматтардың спортпен шұғылданулары үшін инфрақұрылым жасау;

2) спорт клубтары мен секцияларының жұмысын ұйымдастыру;

3) дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу;

      4) дене шынықтыру-спорт ұйымдарына жаппай демалатын орындарда халықтың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына арналған қажеттi үй-жайлар бөлуде және спорт ғимараттарын беруде жәрдемдесу.

      2. Санаторлық-курорттық ұйымдар, пансионаттар, демалыс үйлерi, туристiк базалар және балаларды сауықтыру лагерьлерi жеке, топтық және отбасылық дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын өткiзуге жағдайлар жасайды.

20-бап. Бейімдік дене шынықтыру және спорт, мүгедектерді және

зияткерлік және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдарды оңалту

1. Бейімдік дене шынықтыру және спорт мүгедектер мен зияткерлік және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдарды оңалтуға және қалыпты әлеуметтік ортаға бейімдеуге, толыққанды өмірді сезінуге кедергі келтіретін психологиялық тосқауылдарды жеңуге, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік дамуына өзінің жеке үлесінің қажеттігін сезінуге бағытталған спорттық-сауықтыру сипатындағы шаралар кешені болып табылады.

2. Бейімдік дене шынықтыру мен бейімдік спорттың әдістерін пайдалана отырып, мүгедектер мен зияткерлік және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдарды оңалту және әлеуметтік бейімдеу дене шынықтыру-спорт клубтарында, мүгедектер мектептері мен секцияларында, дене шынықтыру-спорт ұйымдарында жүзеге асырылады.

3. Мүгедектер мен зияткерлік және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған дене шынықтыру-спорт ұйымдарында оқу-жаттығу процесі, даярлық кезеңдерінінің мазмұны тиісті параолимпиадалық, сурдолимпиадалық қоғамдық бірлестіктер әзірлейтін және дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін спорт түрлері бойынша бағдарламалардың негізінде айқындалады.

4. Мүгедектер мен зияткерлік және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдарға дене шынықтыру және спорт сабақтарын ұйымдастыру, кадрларды даярлау, әдістемелік, медициналық қамтамасыз ету және мүгедектер мен зияткерлік және дене мүмкіндіктері шектеулі адамдардың дене шынықтыру және спорт сабақтарын дәрігерлік бақылау білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, дене шынықтыру және спорт органдарына жүктеледі.

5. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектер мен зияткерлік және дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшін спорт ғимараттарына бару, арнайы спорттық құрал-сайман беру үшін жағдай жасауды қамтамасыз етеді.

Мүгедектігінің санатына қарай, санамаланған қызметтер бюджет қаражаты есебінен және «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеңілдікті шарттармен жүзеге асырылады.

6. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) органы мүгедектер мен зияткерлік және дене мүмкіндіктері шектеулі адамдардың дене шынықтыру-спорт ұйымдарымен бірлесе отырып, спорт клубтарының, мектептердің, секциялардың ашылуын қамтамасыз етеді, облыс (республикалық маңызы бар қалар, астана) деңгейінде спорттық іс-шаралар өткізуді, сондай-ақ оларды республикалық спорт жарыстарына даярлау мен қатысуын ұйымдастырады.

7. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган мүгедектер мен зияткерлік және дене мүмкіндіктері шектеулі адамдардың дене шынықтыру-спорт ұйымдарымен бірлесе отырып, республикалық жарыстарды өткізуді, мүгедектер мен зияткерлік және дене мүмкіндіктері шектеулі адамдар арасында Қазақстан Республикасының спорт түрлері бойынша құрама командаларды (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) халықаралық спорт жарыстарына, соның ішінде Параолимпиадалық, Сурдолимпиадалық және Бүкіләлемдік арнайы Олимпиада ойындарына дайындауды және қатысуды ұйымдастырады.

21-бап. Түзеу мекемелеріндегі дене шынықтыру және спорт


  1. Түзеу мекемелерінде бас бостандығынан айырылған сотталғандардың дене тәрбиесі жүзеге асырылады.

  2. Түзеу мекемелерінің әкімшілігі дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға жағдайлармен қамтамасыз етеді және Спорт түрлері жөніндегі қағидаларға сәйкес спорттық іс-шараларды ұйымдастырады.

  3. Сотталғандар дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшін өз қаражаты есебінен спорттық киім, аяқ киім және құрал-сайман сатып алуға құқылы.


 

4-тарау. Ұлттық спорт түрлерін дамыту


22-бап. Ұлттық спорт түрлері

  1. Ұлттық спорт түрлері танылуы осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын спорттың ажырамас бөлігі болып табылады.

  2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары ұлттық спорт түрлерінің дамуын спорт клубтарын, мектептерді, секцияларды ашу, облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейінде спорттық іс-шараларды өткізу, ұлттық спорт түрлері бойынша спортшыларды республикалық, халықаралық спорт жарыстарына даярлау мен қатысуын тиісті инфрақұрылым жасау арқылы жүзеге асырады.

  3. Ұлттық спорт түрлері бойынша сабақтарды ұйымдастыру, кадрларды даярлау, әдістемелік, медициналық және допингке қарсы қамтамасыз ету, спорттық атақтар мен разрядтарды, жаттықтырушы біліктілігі мен спорт төрешілерінің санаттарын беру осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.

  4. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық спорт федерацияларымен бірлесіп, халықаралық және республикалық жарыстарды өткізуді, Қазақстан Республикасының спорт түрлері бойынша құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) халықаралық және республикалық спорт жарыстарына даярлау мен қатысуын ұйымдастырады.


23-бап. Бірлестіктерді, спорт клубтарын құру құқығы

Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті бастамаларда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылатын ұлттық спорт түрлері бойынша бірлестіктер, әуесқой және кәсіпқой спорт клубтары мен оларға теңестірілген ұйымдар құруға құқылы.

Ұлттық спорт түрлері бойынша спорт федерацияларын аккредиттеу осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

5-тарау. Спорт резерві және жоғары жетістіктер спорты
24-бап. Спортшылардың құқықтары мен міндеттері

  1. Спортшылар:

  1. спорт түрлерін таңдауға;

  2. таңдаған спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен спорт жарыстарына қатысуға;

  3. Бірыңғай спорттық жіктеме нормалары мен талаптарын орындаған кезде спорттық разрядтар мен спорттық атақтар алуға;

  4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шарттар жасасуға;

  5. халықаралық спорттық ұйымдарда спортшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда таңдаған спорт түрлері бойынша спорт федерацияларына жәрдемдесуге;

  6. Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

  1. Спортшылар:

  1. Спорттық іс-шараларға қатысу уақытында және спорт ғимараттарында болған кезде қауіпсіздік талаптарын сақтауға;

  2. спортта тыйым салынған субстанцияларды және (немесе) әдістерді пайдаланбауға, белгіленген тәртіппен міндетті допинг-бақылаудан өтуді сақтауға;

  3. спорт саласында этикалық нормаларды сақтауға;

  4. осындай жарыстардың ережелеріне сәйкес жарыстарды ұйымдастырушылардың талаптарын сақтауға;

  5. санитарлық-гигиеналық талаптарды, медициналық талаптарды сақтауға, тұрақты түрде медициналық тексерістен өтуге;

  6. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.


25-бап. Спорт резервін және жоғары дәрежедегі спортшыларды

даярлау

1. Спорт резервін және жоғары дәрежедегі спортшыларды даярлауды аккредиттелген республикалық федерациялар әзірлейтін және дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін спорт түрлері бойынша бағдарламаларға сәйкес дене шынықтыру-спорт ұйымдары жүзеге асырады. Спорт резервін және жоғары дәрежедегі спортшыларды даярлау оқу-жаттығу процесін және спорттық іс-шараларды өткізуді қамтиды.

2. Оқу-жаттығу процесі мазмұны дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен бекітілетін спортшыларды көпжылдық даярлаудың мынадай кезеңдеріне бөлінеді:

1) спорттық-сауықтыру;

2) бастапқы даярлық;

3) оқу-жаттығу;

4) спорттық шеберлікті жетілдіру;

5) жоғары спорт шеберлігі.

3. Оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру бойынша шығыстар дене шынықтыру-спорт ұйымдарының көзделген қаражаты шегінде жүзеге асырылады. Спорттық іс-шаралар шығыстарының құрылымын дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган айқындайды.



4. Спорт түрлері бойынша жасөспірімдер мен жастардың (юниорлар мен андерлер) жасын дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган спорт түрлері бойынша қағидаларға сәйкес айқындайды.

26-бап. Жоғары дәрежедегі спортшыларды даярлау ерекшеліктері

1. Жоғары дәрежедегі спортшыларды даярлауды дене шынықтыру және спорт саласындағы отандық және шетелдік мамандар, сондай-ақ дене шынықтыру-спорт ұйымдары дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының спорт түрлері бойынша құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) спортшыларын даярлаудың жеке жоспарларына сәйкес жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының жоғары дәрежедегі спортшыларын даярлау Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шарттық негізде жүзеге асырылады.

3. Спорттық қызмет туралы шартта спортшының, жаттықтырушының және заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік және медициналық сақтандыру туралы ереже, шартты жасау және бұзу талаптары қамтылуы тиіс. Спорттық қызмет туралы шартта Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да талаптар мен міндеттемелер қамтылуы мүмкін.

4. Спортшыны тіркеу туралы куәліктің болуы шарттың міндетті талабы болып табылады.



27-бап. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама

командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама

командалар) және оларды қалыптастыру тәртібі.

Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың

және астананың спорт түрлері бойынша құрама командалары

1. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) халықаралық спорттық іс-шараларға даярлану және қатысу мақсатында қалыптастырылады және негізгі және резервтік құрамдардан тұруы мүмкін.

2. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамына кіретін дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандар тізбесін тиісті спорт түрлері бойынша республикалық аккредиттелген спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

3. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) республикалық аккредиттелген спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларына (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларға) үміткерлердің тиісті тізіміне енгізілген адамдардың арасынан қалыптастырылады және дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен бекітіледі.

4. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларына (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларға) үміткерлердің тізімін республикалық аккредиттелген спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган жыл сайын қалыптастырады және бекітеді.

5. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларына (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларға) үміткерлердің тізімін қалыптастырудың шарттары мен тәртібін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

6. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) материалдық-техникалық қамтамасыз ету, соның ішінде спорттық киім-кешекпен, ғылыми-әдістемелік, медициналық-биологиялық, медициналық, допингке қарсы қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

7. Облыстар мен республикалық маңызы бар қаланың және астананың спорт түрлері бойынша құрама командалары республикалық және халықаралық спорттық іс-шараларға даярлану және қатысу мақсатында қалыптасады және негізгі және резервтік құрамдардан тұруы мүмкін.

8. Облыстар мен республикалық маңызы бар қаланың және астананың спорт түрлері бойынша құрама командаларына үміткерлердің тізімін қалыптастыру шарттары мен тәртібін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

6-тарау. Кәсіпқой спорт
28-бап. Кәсіпқой спортпен шұғылдану құқығы

1. Қазақстан Республикасының азаматтары шарттық негізде Қазақстан Республикасында да, басқа елдерде де ақы төленетін кәсіпқой спорт қызметімен шұғылдануға құқылы.

2. Кәсіпқой спортшылардың, жаттықтырушылардың және басқа да мамандардың арасындағы қатынастарды реттеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.

3. Өз құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау үшін кәсіпқой спортшылар Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сәйкес кәсіптік одақтарға біріге алады.

4. Кәсіптік бірлестіктерді, ұйымдарды құру тәртібі және олардың жұмыс істеу шарттары, кәсіпқой спорт сабақтарын өткізу, шарттар жасасу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

5. Спортшылардың, төрешілердің, жаттықтырушылардың және басқа да мамандардың спорт жарыстарына даярлануы мен қатысуына байланысты және олардың табыстарының көзі болып табылатын кәсіптік қызметтері Қазақстан Республикасының заңнамасында реттеледі.

6. Кәсіпқой спортшының, кәсіпқой жаттықтырушының және өзге де спорт қызметкерінің негізгі құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


29-бап. Кәсіпқой спортшылардың, кәсіпқой жаттықтырушылардың

және өзге де спорт қызметкерлерінің құқықтарының

кепілдігі

1. Адаммен спорттық қызмет туралы шарт жасаспаған жағдайда, кәсіпқой спорт клубының мұндай адамның қызметімен байланысты, оның ішінде оның өзге кәсіпқой спорт клубына өтуіне байланысты қандай да бір өтемақыларға құқығы жоқ.

2. Спорт жарысынан шеттету кезеңінде, тәртіптік (спорттық) жауаптылыққа тартылған кезде кәсіпқой спорт клубы кәсіпқой спортшының оқу-жаттығу процесіне қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.

3. Кәсіпқой спортшыға, кәсіпқой жаттықтырушыға немесе өзге де спорт қызметкеріне тамақтануға, жол жүруге, тұруға және спорт жарыстарына даярлануға, қалыпқа келу процесін ұйымдастыруға, спорттық жарақат алған немесе науқастанған жағдайда медициналық ем алуға жұмсалған шығыстары, сондай-ақ өзге де шығыстары спорттық қызмет туралы шартта айқындалған мөлшерлерде өтеледі.

4. Егер кәсіпқой спортшы кәсіпқой спорт клубының кінәсінен (атап айтқанда, қажетті сақтандыру шарттарын жасаспауға, кәсіпқой спортшының міндетті алдын-ала немесе мерзімді медициналық тексерістен, оқудан, еңбекті қорғау саласындағы білімі мен дағдыларын тексеруден өтпеуіне және т.б. байланысты) спорт жарыстарына қатысуға дейін жіберілмеген болса, кәсіпқой спорт клубы кәсіпқой спортшыға ол тартқан шығынды заңнамада белгіленген тәртіппен өтейді.

5. Кәсіпқой спортшы, кәсіпқой жаттықтырушы немесе өзге де спорт қызметкері қызметін спорт қызметі туралы шартқа сәйкес жүзеге асырады.




30-бап. Кәсіпқой спорт федерацияларының негізгі құқықтары мен

міндеттері

  1. Кәсіпқой спорт федерациялары:

  1. өз құзыреті шегінде сол спорт федерациясының мүшелері болып табылатын немесе берілген федерацияны мойындайтын кәсіпқой спорт субъектілері орындауға міндетті қағидаларды, жарғыларды, нұсқаулықтарды және басқа да құжаттарды әзірлеуге және қабылдауға;

  2. кәсіпқой спортшыларды, кәсіпқой жаттықтырушыларды және өзге де спорт қызметкерлерін спорт жарыстарына қатысуға жіберуге;

  3. спорт жарыстарын ұйымдастыруға және өткізуге, спорт жарыстарын өткізу құрылымын, күнтізбесін және өзге де шарттарын айқындауға, федерация жарғысымен айқындалған спорт түрінен спорт жарыстарын өткізуге құқық беруге;

  4. спорттық қызмет туралы шарттарды және кәсіпқой спорт саласындағы өзге де шарттарды тіркеуді және есепке алуды жүзеге асыруға;

  5. федерация өткізетін жарыстарға қатысуға жіберуге құқық беретін кәсіпқой спорт клубтарын спорттық лицензиялауды енгізуге және жүзеге асыруға;

  6. спорт жарыстарында төрелікті ұйымдастыруды жүзеге асыруға;

  7. кәсіпқой спорт клубтарының спорт жарыстары мен спорт ғимараттарына спорттық бақылау жүргізуге;

  8. кәсіпқой спортшыларға спорттық куәліктер мен өзге де құжаттар беруді жүзеге асыруға;

  9. өз құзыреті шегінде кәсіпқой спорт клубтарын, кәсіпқой спортшыларды, кәсіпқой жаттықтырушыларды, өзге де спорт қызметкерлерін тәртіптік (спорттық) жауаптылыққа тартуға және оларға тәртіптік жаза салуға;

  10. халықаралық спорт федерацияларымен байланысты дамытуға және нығайтуға құқылы.

  1. Кәсіпқой спорт федерациясы:

  1. спорттық заңнама нормаларына қатысты заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді сақтауға;

  2. халықаралық және ұлттық деңгейде кәсіпқой спорт субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге;

  3. кәсіпқой спорт саласындағы шарттардың заңнамаға сәйкестігін тексеруге және оларды тіркеуді жүргізуге;

  4. спортта тыйым салынған субстанцияларды және (немесе) әдістерді пайдалануға қарсы шаралар қолдануға;

  5. спорт резервін даярлауды жүзеге асыруға;

  6. спорттың инфрақұрылымын және материалдық-техникалық базасын дамытуға;

  7. халық арасында спортты насихаттауды және дәріптеуді ұйымдастыруға;

  8. кәсіпқой спорттың ардагерлері мен мүгедектеріне көмек көрсетуге;

  9. Қазақстан Республикасының заңнамасына және өз жарғысына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

  1. Кәсіпқой спорт федерациясы егер өзгесі кәсіпқой спорт федерациясының құрылтай құжаттарына қайшы келмесе, кәсіпқой спорт ұйымдарының арасында жасалатын келісімдер негізінде оларға осы Заңмен және спорт заңнамасының нормаларын қамтитын өзге де нормативтік құқықтық актілермен көзделген жекелеген құқықтар мен міндеттерді тапсыруға құқылы.



31-бап. Кәсіпқой спорт клубтарының негізгі құқықтары мен

міндеттері

  1. Кәсіпқой спорт клубы:

  1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ішкі тәртіп қағидалары мен өзге де шешімдерді әзірлеуге және қабылдауға;

  2. заңнамада белгіленген тәртіппен спорттық қызмет туралы келісімшарттарды жасасуға, өзгертуге және бұзуға;

  3. жоғары спорттық нәтижелерге жеткені үшін кәсіпқой спортшыларды, кәсіпқой жаттықтырушыларды және өзге де спорт қызметкерлерін көтермелеуге;

  4. кәсіпқой спортшылардан, кәсіпқой жаттықтырушылардан және өзге де спорт қызметкерлерінен кәсіпқой спорт саласындағы жасалған шарттарда қамтылған міндеттерді орындауын, сондай-ақ кәсіпқой спорт клубының ішкі тәртіп қағидаларын сақтауын талап етуге;

  5. дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнама нормалары қамтылған нормативтік құқықтық актілерді бұзғаны үшін кәсіпқой спортшыларды, кәсіпқой жаттықтырушыларды және өзге де спорт қызметкерлерін тәртіптік және материалдық жауаптылыққа тартуға;

  6. дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнама нормаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.

  1. Кәсіпқой спорт клубы:

  1. кәсіпқой спортшыға, кәсіпқой жаттықтырушыға және өзге де спорт қызметкеріне еңбек заңнамасына және спорттық қызмет туралы жасалған шартқа сәйкес ай сайынғы еңбек ақысын және басқа да төлемдерді уақтылы төлеуге;

  2. міндетті алдын ала, мерзімді және кезектен тыс медициналық тексерістерден өту кезеңінде жұмыс орындары (лауазымдары) мен орташа еңбекақыларын сақтай отырып, өз қаражаты есебінен кәсіпқой спортшылардың, кәсіпқой жаттықтырушылардың және өзге де спорт қызметкерлерінің аталған медициналық тексерістерден өтуін ұйымдастыруға;

  3. спорт федерациясы белгілеген мерзімде спорт федерациясында кәсіпқой спорт саласындағы шарттарды тіркеуді жүргізуге;

  4. қызметкердің жеке қорғану құралдарын қоса алғанда, кәсіпқой спортшының, кәсіпқой жаттықтырушының және өзге де спорт қызметкерінің спорттық қызмет туралы келісімшартта көзделген міндеттерін орындауы үшін оларды қажетті спорттық киіммен, керек-жарақпен, медициналық қызмет көрсетумен және өзге де құралдармен қамтамасыз етуге;

  5. спорт жарыстары мен оқу-жаттығу жиындары өтетін орындарда күзет пен еңбек гигиенасының талаптарына жауап беретін тиісті техникалық жабдықтарды құруға және кәсіпқой спортшы мен өзге де спорт қызметкерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

  6. спорт жарыстарына дайындалу кезінде немесе оларға тікелей қатысу кезінде кәсіпқой спортшы жарақат алған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мән-жайлар болғанда кәсіпқой спортшыға білікті медициналық көмекті ұйымдастыруға, сондай-ақ осындай жазатайым оқиғаны тексеруді және есепке алуды қамтамасыз етуге;

7) кәсіпқой спортшының, кәсіпқой жаттықтырушының және өзге де спорт қызметкерінің спорттық жарақаттың салдарынан спорттық қызметті уақытша тоқтата тұрған кезеңде оған өз есебінен мөлшері спорттық қызмет туралы келісімшартта көзделген төлемді толық көлемде төлеуге;

8) спорт жарыстарына дайындалу және оларға тікелей қатысу кезінде спортта тыйым салынған субстанцияларды және (немесе) әдістерді және денсаулыққа зиянды басқа да құралдарды және (немесе) әдістерді пайдалануға қарсы күресуге;

9) халық арасында спортты насихаттауды және көпшілікке таратуды ұйымдастыруға;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен кәсіпқой спортшыны, кәсіпқой жаттықтырушыны және өзге де спорт қызметкерін міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыруды жүзеге асыруға;

11) кәсіпқой спортшыны, кәсіпқой жаттықтырушыны және өзге де спорт қызметкерін еңбекті қорғау және жазатайым оқиғалар болған жағдайда алғашқы көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды орындаудың қауіпсіз әдістері мен тәсілдеріне үйретуге, еңбекті қорғау жөнінде нұсқау беруге, жұмыс орнында тағылымдамадан өткізуге және еңбек қорғау талаптарын, жұмысты орындаудың қауіпсіз әдістері мен тәсілдерін білетіндіктерін тексеруге;

12) жастар арасында спорт резервін даярлауды жүзеге асыруға, балалар спорт мектептерін құруға, бейіндеуші спорт түрінде жаттықтырушылар мен төрешілер даярлауға;



13) Қазақстан Республикасының заңнамасына және өзінің құрылтай құжаттарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

7-тарау. Дене шынықтыру және спорт саласында қойылатын нормативтік талаптар
32-бап. Қазақстан Республикасы халқының дене шынықтыру

даярлығының Президенттік тестілері (Президенттік тестілер)

  1. Президенттік тесттер балалардың, жастар мен ересек халықтың дене шынықтыру даярлығына қойылатын нормативтік талаптардың жиынтығын білдіреді және барлық азаматтар үшін міндетті болып табылады.

  2. Президенттік тесттер күшті, төзімділікті, жылдамдық пен ептілікті көрсететін дене шынықтыру жаттығуларының түрлерін қамтиды және «Президенттік» деңгей мен «Ұлттық даярлық» деңгейінен тұрады.

  3. Президенттік тесттерге дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімдері жоқ азаматтар қатысады.

  4. Президенттік тесттерді орындау жөніндегі жұмысқа басшылық етуді және оны бақылауды дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

  5. Президенттік тесттер жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға жауаптылық жалпы білім беретін мектептерде, кәсіптік-техникалық колледждерде, жоғары оқу орындарында, барлық меншік түріндегі ұйымдарда және еңбек ұжымдарында аталған ұйымдардың басшыларына жүктеледі.

  6. Президенттік тесттерді өткізу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.



33-бап. Спортшыны тіркеу туралы куәлік

  1. Спортшыны тіркеу туралы куәлік оның спорт федерациясында тіркеуден өткенін растайтын құжат болып табылады.

  2. Спортшыны тіркеу туралы куәлікте мыналар:

  1. спортшының тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда);

  2. жынысы;

  3. туған күні;

  4. спортшыны тіркеу нөмірі;

  5. спортшыға тіркеу нөмірі берілген күн;

  6. тіркеуді жүзеге асырған спорт федерациясының атауы;

  7. спорт түрі;

  8. спорттық разрядтар, санаттар мен спорттық атақтар беру туралы мәліметтер;

  9. спорттық разрядтарды беру үшін қажетті нормалар мен талаптарды орындағанын растау туралы мәліметтер;

  10. спортшының медициналық тексерістен өткені туралы мәліметтер;

  11. спорт жарыстарында қол жеткізген нәтижелері;

  12. спорттан шеттету туралы мәліметтер;

  13. спортта тыйым салынған субстанцияларды және (немесе) әдістерді қолданған жағдайлар туралы мәліметтер;

  14. мемлекеттік наградалар мен көтермелеудің өзге де нысандары туралы мәліметтер;

  15. жаттықтырушының тегі, аты, әкесінің аты;

  16. таңдалған спорт түрінің ерекшелігімен байланысты өзге де мәліметтер көрсетіледі.

  1. Спортшыны тіркеу туралы куәлікте спортшының фотосуреті болуға тиіс.

  2. Спортшыны тіркеу туралы куәлікті жүргізу, беру, ауыстыру тәртібін, сондай-ақ спорт федерацияларының спортшыларды тіркеу туралы мәліметтерді беруі тәртібін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган белгілейді.



34-бап. Мүгедек спортшылар мен дене мүмкіндіктері шектеулі

адамдарды жіктеу

  1. Параолимпиадалық және сурдолимпиадалық спорт түрлері бойынша спорт жарыстарында тең сайыс жағдайларын жасау мақсатында ұйымдастырушылар тиісті жарыстарға қатысуға өтінім берген мүгедек спортшылар мен дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарды олардың функционалдық мүмкіндік деңгейлері бойынша жіктеуді қамтамасыз етеді.

  2. Спорт жарыстарына қатысуға өтінім берген спортшыларды олардың функционалдық мүмкіндік деңгейлері бойынша жіктеу тәртібі, рәсімі мен шарттары Параолимпиадалық, сурдолимпиадалық спорт түрлері бойынша жарыстар қағидаларында болуға тиіс және Халықаралық Параолимпиадалық және Сурдолимпиадалық комитеттердің және (немесе) мүгедектердің тиісті халықаралық спорт ұйымдарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

  3. Жіктеу жүргізуді Ұлттық Параолимпиадалық және (немесе) Сурдолимпиадалық комитеттер берген тиісті құжаты бар жіктеуші жүзеге асырады.

  4. Параолимпиадалық және сурдолимпиадалық спорт түрлері бойынша жіктеушілер мен төрешілерді даярлауды Параолимпиадалық және Сурдолимпиадалық комитеттердің ұсынысы бойынша халықаралық сарапшылардың қатысуымен жіктеушілер мен төрешілерді даярлау жөніндегі оқу семинарларының жоспарларына сәйкес Ұлттық Параолимпиадалық және Сурдолимпиадалық комитеттер жүзеге асырады.



35-бап. Спорт түрлерін және спорт пәндерін тану. Спорт түрлерінің

тізілімі

1. Қазақстан Республикасының аумағында спорт түрлері мен спорттық пәндерді тануды дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен Қағидаларға сәйкес Спорт түрлерінің тізіліміне енгізу арқылы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

2. Спорт түрлерінің тізілімі Қазақстан Республикасының аумағында дамыған спорт түрлерін есепке алуға арналған ақпараттық жүйені білдіреді.

3. Қазақстан Республикасының аумағында спорттық іс-шараларды өткізу Спорт түрлерінің тізіліміне енгізілген спорт түрлері мен спорттық пәндер бойынша ғана жүзеге асырылады.



36-бап. Бірыңғай спорттық сыныптама (БСС).

Жаттықтырушыларға, әдіскерлерге, нұсқаушы-әдіскерлерге,

спорт төрешілеріне қойылатын біліктілік санаттары

1. Бірыңғай спорттық сыныптама спортшылардың, жаттықтырушылар мен спорт төрешілерінің спорттық атақтар мен разрядтарды орындауының нормаларын, талаптары мен шарттарын айқындайды.

2. Бірыңғай спорттық сыныптаманы аккредиттелген спорт федерациялары Ұлттық Олимпиада комитетінің, Ұлттық Параолимпиадалық комитеттің және Ұлттық Сурдолимпиадалық комитеттің келісуі бойынша жасайды және дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      3. Әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы спорт түрлері бойынша Бірыңғай спорттық сыныптама нормаларын, талаптарын және оны жасауды аталған спорт түрлерін дамыту жөніндегі уәкілетті органдар жүзеге асырады.

4. Жаттықтырушыларға, нұсқаушы-спортшыларға, әдіскерлерге, спорт төрешілеріне біліктілік санаттар біліктілік талаптарына және дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті орган бекітетін тәртіпке сәйкес спорт федерацияларының аттестаттау нәтижелерінің негізінде беріледі.

5. Спортшыларға мынадай спорттық атақтар мен разрядтар беріледі:

1) спорттық атақтар:

«Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері»;

Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері;

Қазақстан Республикасының спорт шебері;

2) спорттық разрядтар:

Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат;

1 разрядтағы спортшы;

2 разрядтағы спортшы;

3 разрядтағы спортшы;

1 жасөспірімдік разрядтағы спортшы;

2 жасөспірімдік разрядтағы спортшы;

3 жасөспірімдік разрядтағы спортшы.

6. Жаттықтырушыларға «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» спорттық атағы беріледі.

7. Әскери даярлық саласындағы спортшыларға мынадай спорттық разрядтар беріледі:

1) Әскери-спорттық кешеннің үздігі;

2) бірінші дәрежелі жауынгер-спортшы;

3) екінші дәрежелі жауынгер-спортшы.

37-бап. Бұқаралық спорт іс-шараларының бірыңғай күнтізбесі


  1. Бұқаралық спорт іс-шараларының бірыңғай күнтізбесі республикалық және өңірлік деп бөлінеді және ол деңгейіне байланысты жыл сайынғы халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейдегі жарыстардың, сондай-ақ жарыстарға даярлану жөніндегі іс-шаралардың тізбесін айқындайды.

  2. Бұқаралық спорт іс-шараларының бірыңғай республикалық күнтізбесі халықаралық және республикалық спорттық іс-шаралардың тізбесін қамтиды және республикалық аккредиттелген спорт федерацияларының ұсынысы бойынша тиісті күнтізбелік жыл басталғанға дейін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

  3. Бұқаралық спорт іс-шараларының бірыңғай өңірлік күнтізбесі облыстық (республикалық маңызы бар қала), аудандық (аудандық маңызы бар қала) спорттық іс-шаралардың тізбесін қамтиды және оны өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсынысы бойынша тиісті күнтізбелік жыл басталғанға дейін тиісті жергілікті атқарушы орган бекітеді.

  4. Бұқаралық спорт іс-шараларының бірыңғай күнтізбені қалыптастыру тәртібін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет