Дене шынықтыру және спорт туралы



жүктеу 0.88 Mb.
бет2/4
Дата09.09.2017
өлшемі0.88 Mb.
1   2   3   4
8-бап. Жергілікті атқарушы органдардың, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, кент және ауыл әкімдерінің құзыреті

1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы:

1) жеке адамдардың тұрғылықты жері бойынша және олардың көпшілік демалатын орындарда спортпен шұғылдануы үшін инфрақұрылым жасайды;

2) аккредиттелген республикалық және (немесе) жергілікті спорт федерацияларымен бірлесіп, спорт түрлерi, оның ішінде ұлттық, техникалық және қолданбалы түрлері, бұқаралық спорт бойынша, сондай-ақ ардагер спортшылар арасында облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық спорт жарыстарын өткiзедi;

3) спорт түрлерi бойынша облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық құрама командаларды даярлауды және олардың республикалық және халықаралық спорттық жарыстарда өнер көрсетуiн қамтамасыз етедi;

4) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерiн дамытуды қамтамасыз етеді;

5) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметiн үйлестiредi;

6) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

7) білім беру ұйымдарының спорт ғимараттарын сабақтан тыс және кешкі уақытта халық үшін спорт секцияларының жұмысын қамтамасыз ету және спорттық іс-шаралар өткізу мақсатында пайдалану жөнінде шаралар қолданады;

8) спортшыларға: Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат, 1-разрядты спортшы спорттық разрядтарын береді;

9) мынадай: бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi бірінші санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi бірінші санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi бірінші санатты әдіскер, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi бірінші санатты әдіскер, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегі бірінші санатты нұсқаушы-спортшы, бiрiншi санатты спорт төрешiсi біліктілік санаттарын береді;

10) аккредиттелген өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорттық-бұқаралық iс-шаралардың бірыңғай өңірлік күнтiзбесін бекiтедi және оның iске асырылуын қамтамасыз етеді;

11) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды және өткiзудi үйлестiредi;

12) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің аумағында дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі ақпаратты жинауды, талдауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысанда және мерзімдерде дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органға ұсынады;

13) жергілікті спорт федерацияларын аккредиттеуді жүзеге асырады;

14) спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттар үшін спорт түрлері бойынша білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларын іске асырады;

15) спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттардың үлгілік оқу жоспарларын келіседі;

16) аккредиттелген өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құрама командаларының тізімдерін қалыптастырады және бекітеді;

17) осы Заңға сәйкес Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етеді;

18) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың дене шынықтыру және спорт жөніндегі басқару органының бірінші басшысын лауазымға тағайындайды;

19) ресми дене шынықтыру және спорт іс-шараларын медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

20) дене шынықтыру және спорт іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;

20-1) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын пайдалануды үйлестіреді;

20-2) спорт мектептеріне, спорт мектебінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» деген мәртебе береді;

20-3) халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған спорттық ғимараттарды жобалау үшін техникалық өзіндік ерекшеліктер мен техникалық тапсырманы республикалық аккредиттелген спорт федерацияларымен келіседі;

21) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органы:

1) жеке адамдардың тұрғылықты жері бойынша және олардың көпшілік демалу орындарында спортпен шұғылдануы үшін инфрақұрылым жасайды;

2) аккредиттелген жергілікті спорт федерацияларымен бірлесіп, спорт түрлерi бойынша аудандық, облыстық маңызы бар қалалық спорттық жарыстарды өткiзедi;

3) спорт түрлерi бойынша аудандық, облыстық маңызы бар қалалық құрама командаларды даярлауды және олардың облыстық спорттық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етедi;

4) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерiн дамытуды қамтамасыз етеді;

5) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында аудандық, облыстық маңызы бар қалалық дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметiн үйлестiредi;

6) спортшыларға: 2-разрядты спортшы, 3-разрядты спортшы, 1-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 2-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 3-жасөспірімдік-разрядты спортшы спорттық разрядтарын береді;

7) мынадай: бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты нұсқаушы-спортшы, спорт төрешiсi біліктілік санаттарын береді;

8) спорттық-бұқаралық iс-шаралардың бірыңғай өңірлік күнтiзбесін iске асырады;

9) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында спорттық iс-шараларды ұйымдастыруды және өткiзудi үйлестiредi;

10) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің аумағында дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі ақпаратты жинауды, талдауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысанда және мерзімдерде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына ұсынады;

11) аккредиттелген өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорт түрлері бойынша аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың құрама командаларының тізімдерін қалыптастырады және бекітеді;

12) осы Заңға сәйкес Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етеді;

13) ресми дене шынықтыру және спорт іс-шараларын медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

14) дене шынықтыру және спорт іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;

14-1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында спорт ғимараттарын салу мәселелерін үйлестіреді және олардың халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етеді;

14-2) спорт ұйымдарына әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді;

14-3) аудандық және қалалық мамандандырылмаған балалар-жасөспірімдер мектептерінің қызметін қамтамасыз етеді;

15) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3. Республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы ауданның әкімі:

1) спортшыларға: 2-разрядты спортшы, 3-разрядты спортшы, жасөспірімдер бойынша 1-разрядты спортшы, жасөспірімдер бойынша 2-разрядты спортшы, жасөспірімдер бойынша 3-разрядты спортшы спорттық разрядтарын береді;

2) мынадай: бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты нұсқаушы-спортшы, спорт төрешiсi біліктілік санаттарын береді;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен өз қарауына жатқызылған өзге де мәселелерді шешеді.

4. Қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдық округтің, кенттің және ауылдың әкiмi:

1) спорт мекемелерiне қолдау жасайды және олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етiлуіне жәрдем көрсетедi;

2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында жеке адамдардың тұрғылықты жерiнде және олардың көпшілік демалатын орындарында дене шынықтыру мен спортты дамыту үшiн жағдайлар жасайды;

3) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, мүгедектер арасында сауықтыру және спорттық іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен өз қарауына жатқызылған өзге де мәселелерді шешеді.

Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

9-бап. Дене шынықтыру мен спортты насихаттау

1. Дене шынықтыру мен спорт, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы уәкілетті органдар, дене шынықтыру-спорт ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары халықтың әртүрлі топтарының жас шамасын, кәсіби және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, дене шынықтыру мен спортты насихаттауды жүзеге асырады, дене шынықтыру мен спорттың әлеуметтік маңызын ашуды, ұлтты сауықтырудағы, жеке адамдардың саламатты өмір салтын қалыптастырудағы олардың рөлін қамтамасыз етеді.

2. Бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті атқарушы органдар, дене шынықтыру және спорт бағытындағы қоғамдық бірлестіктер дене шынықтыру мен спортты насихаттауды жүргізеді, денсаулықтарын сақтау және нығайту, аурулардың алдын алу, жұмысқа қабілеттілік пен белсенді ұзақ өмір сүрудің жоғары деңгейіне, сондай-ақ ізгілік мұраттары мен спорт құндылықтарына қол жеткізу үшін дене шынықтыру компоненттерін практикалық пайдалануда халықтың білім деңгейін арттырады.

3-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ ЖҮЙЕСІ

10-бап. Дене шынықтыру мен спорт субъектілері

1. Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру мен спорт субъектiлерiне:

1) дене шынықтыру-спорт ұйымдары: олимпиадалық даярлау орталықтары, олимпиада резервін даярлау орталықтары, спорт федерациялары, спорт мектептері мен спорт клубтарының барлық түрлері, спорт секциялары, әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстарды ұйымдастыратын ұйымдар, ведомстволық спорт қоғамдары және спортты дамытуды жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктер;

2) дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын білім беру ұйымдары;

3) дене шынықтыру және спорт саласындағы зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдар;

4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар;

5) спорттық медицина ұйымдары;

6) дене шынықтырумен айналысатын жеке адамдар, спортшылар, ұжымдар (спорт командалары), спорт төрешілері, жаттықтырушылар және дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандар жатады.

2. Дене шынықтыру-спорт ұйымдары халықтың әртүрлі топтары арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға қатысады, спортшылардың және спорттық жарыстарға және оқу-жаттығу іс-шараларына қатысатын басқа да адамдардың денсаулығын қорғау және нығайту үшін жағдайлар жасайды, спортшыларға, жаттықтырушыларға және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға жаттығу жасау үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.

3. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру-спорт ұйымдары халықаралық спорт ұйымдарына мүше бола алады, егер мұндай құқықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, халықаралық спорт ұйымдарының мүшелері мәртебесіне сәйкес құқықтарға ие бола алады және міндеттер атқара алады.

11-бап. Спорт федерацияларын аккредиттеу

1. Республикалық, өңірлік және жергілікті спорт федерациялары аккредиттелуге жатады.

2. Спорттың олимпиадалық және олимпиадалық емес түрі (түрлері) бойынша республикалық және (немесе) өңірлік спорт федерациялары Қазақстан Республикасы атынан Халықаралық олимпиада комитеті, Азияның Олимпиадалық кеңесі немесе «Спорт-Аккорд» халықаралық конвенті таныған халықаралық спорт ұйымының мүшесі болып табылуға және оны Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитеті тануға тиіс.

3. Ұлттық спорт түрі (түрлері) бойынша республикалық және (немесе) өңірлік спорт федерациялары Қазақстан Республикасы атынан халықаралық спорт ұйымының мүшесі болып табылуға және оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті тануға тиіс.

4. Қазақстан Республикасы облыстарының кемінде жартысының аумақтарында дамыту жүзеге асырылатын, спорт түрлерінің аккредиттеу тәртібімен белгіленген ерекшеліктеріне байланысты өңірлік спорт федерациясы республикалық спорт федерациясының мәртебесін иеленеді.

12-бап. Аккредиттелген спорт федерацияларының құқықтары мен міндеттері

1. Аккредиттелген республикалық және өңірлік спорт федерациялары:

1) тиісті спорт түрі (түрлері) бойынша спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге;

2) спорт түрі (түрлері) бойынша спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге;

3) құзыреті шегінде спортшылардың бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан басқасына ауысуын ұйымдастыруға қатысуға;

4) тиісті халықаралық жарыстарды өткізетін халықаралық спорт ұйымдарының нормаларына сәйкес спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) үшін қатысуға құқығы жоқ спортшылардың тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық спорттық жарыстарға қатысуына шектеулер белгілеуге;

5) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) нышандарын пайдаланудың барлық құқықтарын иеленуге;

6) спорт салаларын спорт түрлерінің тізіліміне қосу туралы ұсыныстар енгізуге;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған әртүрлі көздерден тиісті спорт түрлерін дамыту үшін ұсынылған қаржылық және өзге де қолдауды қабылдауға;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

2. Аккредиттелген республикалық және өңірлік спорт федерациялары:

1) спорт түрлерін дамытуға және кеңінен таратуға;

2) халықаралық спорт ұйымдарының (болған кезде) талаптарына сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша спорт түрлері бойынша қағидаларды әзірлеуге және бекітуге;

3) спорт түрлері бойынша кешенді нысаналы бағдарламаларды және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) спортшыларын даярлаудың жеке жоспарларын әзірлеуге;

4) республикалық спорт федерациясы өткізетін жарыстар туралы ережелерді (регламенттерді) әзірлеуге және оларды дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісуге;

5) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) халықаралық спорттық жарыстарға даярлығын және оларға қатысуын қамтамасыз етуге;

6) халықаралық және республикалық спорттық жарыстарға тиісті спорт түрлері бойынша ардагер спортшылардың даярлығын және оларға қатысуын қамтамасыз етуге;

7) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға тиісті спорт түрлерін дамыту жөнінде ақпарат беруге;

8) спорттағы кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың кез келген нысандарының көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға;

9) спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесін әзірлеуге және іске асыруға;

10) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға бірыңғай спорттық сыныптамаға енгізу мақсатында спорттың тиісті түрлерiне қойылатын талаптар мен нормаларды және жаттықтырушыларды аттестаттау бойынша біліктілік талаптарын белгіленген тәртіппен ұсынуға;

11) спорт түрлері бойынша спорт төрешілерін даярлауды жүзеге асыруға;

12) жаттықтырушыларды қайта даярлауды, жаттықтырушыларды, спорт төрешілерін және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандарды аттестаттауды жүзеге асыруға;

13) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға спортшылар мен жаттықтырушыларға спорттық атақтар мен разрядтар, нұсқаушы-спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға, спорт төрешілеріне санаттар беру үшін құжаттар ұсынуға;

14) спортшыларды тіркеуді жүргізуге;

15) спортшылардың, аттестатталған спорт төрешілерінің, жаттықтырушылардың тізілімін жүргізуге;

16) Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес допингті пайдалануға қарсы іс-қимыл жасауға;

17) Қазақстан Республикасының және тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық спорт федерацияларының допингке қарсы қағидаларын қазақ және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға немесе өздерінің интернет-ресурстарында орналастыруға;

18) жарыс кезеңінде де, жарыстан тыс кезеңде де тестілеу өткізу мақсатында спортшылардың тізімін қалыптастыру үшін ұлттық допингке қарсы ұйымға қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес беруге;

19) спортшыларды Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес оларды жарыс кезеңінде де, сондай-ақ жарыстан тыс кезеңде де тестілеуге жататын спортшылардың тізіміне енгізілгені туралы хабардар етуге;

20) допингке қарсы қағидаларға сәйкес спортшыларды тестілеуден өткізуге жәрдемдесуге;

21) спортшылардың, сондай-ақ жаттықтырушылардың, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандардың спортшыларға және спорттық жарыстарға қатысатын жануарларға қатысты допингке қарсы қағидаларды бұзғаны туралы тиісті допингке қарсы ұйымның шешімі негізінде және оны орындау үшін санкциялар қолдануға (оның ішінде спорттық жарыстан шеттету);

22) қолданылған санкциялар туралы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға, ұлттық допингке қарсы ұйымға, тиісті спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясына ақпарат беруге;

23) әдістемелік жұмыс нәтижелерінің негізінде дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға спорт түрін дамыту жөнінде ұсынымдар беруге;

24) егер осы шарттар халықаралық спорт федерацияларының талаптарында көзделсе, кәсіпқой спортты дамыту жөніндегі міндеттерді орындауға;

25) Қазақстан Республикасының заңнамасына және өз жарғыларына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

3. Аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары:

1) тиісті спорт түрі (түрлері) бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге;

2) құзыреті шегінде спортшылардың бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан басқасына ауысуын ұйымдастыруға қатысуға;

3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органына спорт түрінің (түрлерінің) дамуы туралы ақпарат жіберуге;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған әртүрлі көздерден тиісті спорт түрлерін дамыту үшін ұсынылған қаржылық және өзге де қолдауды қабылдауға;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

4. Аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары:

1) спорт түрін дамытуға және кеңінен таратуға;

2) спортшыларды тиісті спорт түрі (түрлері) бойынша даярлау жоспарларын әзірлеуге;

3) аккредиттелген жергілікті спорт федерациясы өткізетін спорттық жарыстар туралы ережелерді (регламенттерді) әзірлеуге және оларды жергілікті уәкілетті органмен келісуге;

4) спортшылардың спорттық жарыстарға даярлығын және оларға қатысуын қамтамасыз етуге;

5) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға тиісті спорт түрлерін дамыту жөнінде ақпарат ұсынуға;

6) спорттағы кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың кез келген нысандарының көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға;

7) спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесін әзірлеуге және іске асыруға қатысуға;

8) Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес допингті пайдалануға қарсы іс-қимыл жасауға;

9) Қазақстан Республикасының және тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық спорт федерацияларының допингке қарсы қағидаларын қазақ және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға немесе өздерінің интернет-ресурстарында орналастыруға;

10) жарыс кезеңінде де, жарыстан тыс кезеңде де тестілеу өткізу мақсатында спортшылардың тізімін қалыптастыру үшін ұлттық допингке қарсы ұйымға қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес беруге;

11) спортшыларды Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес оларды жарыс кезеңінде де, жарыстан тыс кезеңде де тестілеуге жататын спортшылардың тізіміне енгізілгені туралы хабардар етуге;

12) допинг-бақылау жүргізу тәртібіне сәйкес тестілеу өткізуге жәрдемдесуге;

13) спортшылардың, сондай-ақ, жаттықтырушылардың, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандардың спортшыларға және спорттық жарыстарға қатысатын жануарларға қатысты допингке қарсы қағидаларды бұзғаны туралы тиісті допингке қарсы ұйымның шешімі негізінде және оны орындау үшін санкциялар қолдануға (оның ішінде спорттық жарыстан шеттету);

14) қолданылған санкциялар туралы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға, ұлттық допингке қарсы ұйымға, тиісті спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясына ақпарат беруге;

15) әдістемелік жұмыс нәтижелерінің негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына спорт түрлерін дамыту жөнінде ұсынымдар беруге;

16) Қазақстан Республикасының заңнамасына және өз жарғыларына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

13-бап. Ұлттық олимпиадалық қозғалыс. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi

1. Ұлттық олимпиадалық қозғалыс мақсаты олимпиадалық қозғалыс қағидаттарын насихаттау және енгізу, дене шынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесу, халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайту, Олимпиада ойындарына және Халықаралық олимпиада комитетінің аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысу болып табылатын халықаралық олимпиадалық қозғалыстың құрамдас бөлігі болып табылады.

2. Ұлттық олимпиадалық қозғалысты қызметін Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасына, Халықаралық олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес және Халықаралық олимпиада комитетінің тануы негізінде, сондай-ақ өзінің жарғысына сәйкес жүзеге асыратын қоғамдық бірлестік – Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi басқарады. Мемлекет ұлттық олимпиадалық қозғалысты таниды және Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне өзінің жарғылық мақсаттарын іске асыруына жан-жақты жәрдем көрсете отырып, қолдайды.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi:

1) мемлекетте олимпиадалық қозғалыс қағидаттарын насихаттайды, жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді;

2) Олимпиада ойындарында және Халықаралық олимпиада комитетінің аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларда Халықаралық олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес Қазақстан Республикасын білдіреді;

3) Халықаралық олимпиада комитетінде Қазақстан Республикасын білдіреді;

4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен өзара iс-қимыл жасау кезiнде жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты дамытудың бiрыңғай саясатын жүргiзедi;

5) Олимпиада ойындарына және Халықаралық олимпиада комитеті аясында өткiзілетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысу үшiн Қазақстан Республикасының спортшыларын қажетті даярлық деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды әзірлеу мен жүзеге асыруға қатысады;

6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша Халықаралық олимпиада комитетіне Қазақстан Республикасының Олимпиада ойындарын өткізуге кандидат қаласы туралы өтінім беруге құқылы.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi Халықаралық олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес Халықаралық олимпиада комитетіне тиесілі олимпиадалық рәмізді, девизді, туды және гимнді, «Олимпиадалық ойындар», «Олимпиада ойындары» деген атауларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану құқықтарын қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетiнің олимпиадалық эмблемасына, девизіне, туына және өзге де ұлттық олимпиадалық нышанға айрықша құқықтарды иеленеді.

5. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) Олимпиада ойындарында және Халықаралық олимпиада комитетінiң қамқорлығы аясында өткiзiлетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы астында жүзеге асырылады.

6. Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетiнің жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы спортшыларының Олимпиада ойындарына және Халықаралық олимпиада комитетінің аясында өткiзілетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысуы үшін қажетті даярлық деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыруы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және республикалық спорт федерацияларымен өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылады.

7. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi өзінің алдында тұрған жарғылық міндеттерін орындауды өзінің қаржыландыру көздері, қайырымдылық көмек, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтары, сондай-ақ белгіленген тәртіппен бөлінетін бюджет қаражаты есебінен іске асырады.

Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет