Орал қаласындағы БҚО әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмек көрсету штабын құрып, арнайы қабылдау пунктін ашты.

Күні кеше өңірдегі күрделі жағдайға байланысты облыстың Бөрлі, Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарында және Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды.

Гидрометеорологиялық жағдайлар су деңгейінің көтерілуіне алып келіп, елді мекенде қауіп төндіріп, жалпы саны 5000-ға жуық адам қауіпсіз орындарға көшірілді. Осы тұста БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының бастауымен ҚХА құрылымдық бөлімшелері өкілдері, "Ассамблея жастары", бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен өңіріміздегі кәсіпкерлер, облыс тұрғындары қолдау көрсетіп, бірі ақшалай қаражат аударса, енді бірі азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуге ат салысты.

“Біз, БҚО халқы Ассамблеясы ұжымы қолдау көрсеткен барша жанмен бірлесіп, облысымызда орын алған жағдайға байланысты күш біріктіріп, асар жарияладық. Бұл ретте қала тұрғындары аянып қалмады. Қабылдау пунктімен тікелей байланыста болып, қажетті заттарды жинауда бір кісідей атсалысты. Гуманитарлық көмек жинауға қатысқан барша азаматқа алғысым шексіз. Бірігіп әрекет етсек, біз жеңе алмайтын қиындық жоқ”,- дейді игі істің бастамашыларының бірі, БҚО ҚХА Еріктілер қозғалысы орталығының жетекшісі, "Бирлик" әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Элгун Джаналиев.

Бүгінге дейін қабылдау пунктінде жиналған қаражаттың жалпы сомасы 25 млн теңгені құрайды. Алғашқы күндердің өзінде-ақ 2 млн тг-ге жуық жиналған қаражаттың бір бөлігі ақшалай аударылса, келесі жартысы гуманитарлық көмек есебінде азық-түлікпен, тұрмыстық қажеттілік заттары және киім-кешекпен толықты. Қаржылай көмек көрсеткендердің қаражатына "Ассамблея жастары" және ҚХА құрылымдары мен "Respublica" партиясы өкілдері ауыл тұрғындарына қосымша азық-түлік пен санитарлық-гигиеналық тауарлар сатып алды. 

30 наурыз күні өңіріміздегі су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге арналған гуманитарлық көмек екі "Газель" және үш жүк автокөлігіне тиеліп, облысымыздың Сырым, Қаратөбе аудандарындағы қабылдау пунктіне жеткізіліп, халыққа таратылды.

Облысыта су тасқынымен күрес және апаттан құтқару, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.