Жетісу облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласының тумасы Аружан Бақтиярқызы 2022 жылы оқуын тәмамдағаннан кейін жұмыс іздеп әрі бағын сынап көрмекке Алматыға аттанады. Алайда үлкен қаладағы бір жылдан кейін өзінің туған жеріне оралып, өз мамандығы бойынша жұмыс істегенім жөн деп санайды. 2023 жылы қыркүйек айының басында Жаркент қаласына оралған ол алдымен аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, "Ұрпақтар келісімшарты" жобасының көмегімен жұмыс тауып, қыркүйек айының соңында жаңа жұмысына орналасады. Ол Stan.kz тілшісіне өз жұмысының ерекшеліктері, жұмыс іздеуге арналған мүмкіндіктер жайлы айтып берді.

“Арманыма қол жеткіздім”

2022 жылы Жаркент гуманитарлық колледжін ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығына бітірген Аружан Алматыда бір жыл жұмыс істеп көргенін айтады. Алайда 2023 жылдың қыркүйек айында өз туған жеріме ораламын деп шешім қабылдаған. 

Туған қаласына оралғаннан кейін ол жұмыс іздеу мақсатында жұмыспен қамту орталығына барады. Бастапқыда жылдам жұмыс тауып кетуге күмәні болғанын айтады. Алайда орталықтағы мамандар оған "Ұрпақтар келісімшарты" бағдарламасына қатысып көруді ұсынады. 

"Орталықтағы таныстарым "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы туралы айтып берді. Бар болғаны резюме алып барып, enbek.kz жүйесіне осы бағдарлама бойынша тіркелу керек болды. Қыркүйек айының ортасына таман тіркелген едім. Ай бітпей жатып, жұмыс тауып, алдын ала жұмыс берушімен тілдесіп, келісімшартқа отырып үлгердім", — дейді ол.

Аружан "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы аясында Жаркент қаласындағы DOSTYQ зияткерлік орталығына ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа кірген. Ол осы бағдарламаның арқасында балалармен жұмыс істеуге мүмкіндік алып, зор тәжірибе жинап жатқанына қуанышты екенін айтады.

"Жобаның басты пайдасы жылдам жұмыс табу мүмкіндігін береді. Жалақы мен зейнетақы жүйесінің төлемдері тұрақты түрде түсіп отырады. Жеке өзіме бағдарлама тамаша ұжым сыйлады. Олардан тәжірибе жинап, балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын біліп, өз арманыма қол жеткіздім. Себебі менің арманым балаларға білім беру болатын. 6 айдан бері сол арманым орындалып келеді. Әрі қарай да осы жерде жұмыс істеп, уақытымның көп бөлігін балалармен өткізсем деген ойым бар", — дейді ол.

“Жақсы маман табу қиын”

DOSTYQ зияткерлік орталығында Аружаннан бөлек, бірнеше маман осы "Ұрпақтар келісімшарты" жобаның аясында жұмысқа кірген. Зияткерлік орталықтың басшысы Динара Күмісбекқызының айтуынша, 5 жыл бұрын ашылған зияткерлік мектеп бірнеше жыл ішінде кеңейіп, 3 бірдей ірі орталыққа айналған. Жұмыс ауқымы көбейген соң, мамандарға қажеттілік туындаған. Сондықтан ол өзі Жаркент қаласындағы жұмыспен қамту орталығына барып, қажетті мамандарды тауып беруге өтініш жасаған.

"DOSTYQ зияткерлік орталығына қазіргі таңда Жаркент қаласындағы 8 мектептің оқушылары қосымша сабақ пен үйірмелерге қатысуға келеді. 6 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға үй тапсырмасын орындауға көмектесуден бастап, ағылшын, математика сынды маңызды пәндерден қосымша сабақ өтіп, домбыра, гитара, фортепиано үйірмелеріне қатыстырамыз. Біздің зияткерлік орталық 5 жыл бұрын ашылған еді. Осы уақыт ішінде тағы екі орталық ашып, қазір 3 орталығымызда шамамен 500 оқушыға білім береміз. Біздің жеке бизнесіміз өскен сайын балалармен ойын түрінде сабақ өтетін жақсы әрі жас мамандарға деген қажеттілік туындай бастады. Оның үстіне бұрын жұмыс істеп жүрген қызметкерлер зейнет жасына да жетіп қалған еді. Осылайша 3 жыл бұрын өзім Жұмыспен қамту орталығына бардым", — дейді Динара.

Жұмыспен қамту орталығының мамандары зияткерлік мектепке жас мамандардың қажет екенін білгенде оларға жастарды жұмысқа алуға қатысты бағдарламаларды ұсынған. Динара солардың арасынан "Ұрпақтар келісімшарты" жобасын таңдап алып, осы бағдарлама бойынша мамандарды іздеу үшін enbek.kz жүйесіне вакансияларды орналастырған.

"Негізі жақсы маман табу қиын. Біз әртүрлі жерлерге хабарлама беріп іздеп көргенбіз, сондықтан бұл жұмыстың қиындығын білемін. Жұмыспен қамту орталығынан ағылшын тілі, қазақ мен әдебиеті пәндерінің және музыкалық үйірмеден беретін мамандардың түйіндемелері келгеннен кейін өзім хабарласып отырып, жеке тілдесуге шақырып, сол жас мамандардың арасынан таңдап алдым. Оларды жақсы маман етіп өзіміз тәрбиелеп шығуға мүмкіндік алдық", — дейді Динара.

Ол өзінің бастапқы да мемлекеттік бағдарламаға қатысты күмәні болғанын айтады. Алайда Жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыста болған 3 жыл ішінде бұл күмәні сейіліп, қазір орталыққа толық сеніммен қарайтынын айтады.

"Мемлекеттік бағдарламалар туралы өзім газеттен де оқып жүретінмін. Президентімізде жұмыспен қамту бағдарламалары жайлы телеарналардан жиі айтады ғой. Өз басым 3 жыл ішінде осы мемлекеттік бағдарламалар арқасында 15 мұғалімді жұмысқа алдым. Олардың барлығы дерлік мемлекеттік келісімшарт аяқталғаннан кейін орталықта тұрақты жұмыс істеуге қалды. Сондықтан бұл бағдарламалардың тек жұмыс іздеуші азаматтарға ғана емес, жұмыс беруші бізге де зор септігін тигізіп жатқанын айтқым келеді", — дейді ол.

"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы

"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы — зейнет жасына жетіп, жұмыс істеп жүрген мамандардың орнына жас мамандарды тарту, тәлімгерлерден тәжірибе алып, ұрпақтар сабақтастығын жалғауды көздейтін бағдарлама. 2023 жылдың өзінде бағдарлама бойынша 500 жуық адам жұмысқа тұрған.

Мемлекеттік субсидия бөлінгеннен кейін босауға тиіс орынға үміткер келіп, 6 айға дейін 20 АЕК көлемінде 73 840 теңге төленетін жұмыс орнына орналасады. Келісімшарт аяқталғаннан кейін тәлімгерлердің жалақысымен тең деңгейдегі тұрақты жұмысқа орналасады. Жобаға қатысу үшін бар болғаны түйіндеме, жеке басын куәлік және диплом қажет.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.