Алматыда Әнипа Назарбаеваға тиесілі делінетін "Кенжехан" базары берілген жерді басқа мақсатқа пайдаланып, саябақ орнына автотұрақ салған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: freepik.com

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Алматы қаласының жер ресурстарын басқару басқармасының талап арызы бойынша азаматтық іс ашық сот отырысында қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, Алматы қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен "Кенжехан" ЖШС-не "Аумақты абаттандыру" мақсатымен жалпы ауданы 2,1182 га жер телімі берілген. 

"2022 жылдың желтоқсан айында басқармамен жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша "Аумақты көгалдандыру" мақсаты бар жер учаскесін меншік иесі басқа мақсатта пайдаланғаны анықталды. Осылайша, жоғарыда аталған серіктестік, көгалдандырудың орнына, учаскеде ақылы автотұрақ ұйымдастырған. Заңға сәйкес, жер учаскесінің нысаналы мақсатын бұзу учаскенің дұрыс пайдаланылуын қалпына келтіру үшін мемлекеттік органдардың араласуын талап етеді. Жер телімін пайдалану мәселелері бойынша жер саясаты және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган учаскені мақсаты бойынша пайдаланудағы бұзушылықтарды жою туралы тиісті тапсырма берді. Бірақ "К" ЖШС тапсырманы орындамады", – делінген сот хабарламасында. 

Сот отырысында аумақтың толығымен асфальтталғаны анықталды. Бұл жер учаскесінің көлік тұрағы үшін пайдаланылғаны фотосуреттермен және жауапкер өкілінің өзі ұсынған автотұрақ ақысын төлегені туралы түбіртекпен расталады.

"Жауапкердің 2023 жылғы 31 қазандағы абаттандыру және суару жұмыстарын тексеру актісіне сәйкес жер учаскесінде 40 түп каштан, 38 түп бөріқарақат, 2400 түп итмұрын бар екендігі туралы мәлімдемелері сот отырысында анықталған жоқ", – делінген сот шешімінде.

Сот аталған азаматтық іс бойынша талап арызды қанағаттандырып, жауапкерден жер телімін мақсатты пайдалану бойынша тиісті шаралар қолдануды және "Кенжехан" ЖШС-нен 1 725 (бір мың жеті жүз жиырма бес) теңге мемлекеттік баж өндіруді міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.