Қазіргі таңда қазақ тілінде блог жүргізу, контент түсіру трендке айналып жатыр, мұны мемлекеттік тілімізді дамытудың бір жолына балай аламыз. Өйткені әлеуметтік желілерде қазақ тілді контент көп болған сайын ол заман ағымына ілесіп, өміршең болады. TikTok желісінде қазақ тілінде контент дайындайтын жастар бұл не үшін маңызды екенін айта отырып, Stan.kz тілшісіне патриотизм туралы ойларын айтты.

TikTok желісінде Nurkojadua есімімен белгілі Нұрқожа Ерсайын қазақ тілінде тарихи контенттер түсіреді. Ол өткен ғасырлардың белді тұлғалары туралы бұрын естімеген фактілер мен қызықты деректерді айтады. Кеңінен тараған қате түсініктерге пайымын көрсетеді. 4 жыл желіде белсенді “тарих ағайдың” қазір 201 мың оқырманы бар. Ең көп қаралым саны – 4,7 миллион екен. Онда Абылай ханның портретіне қатысты ойды айтқан.

@nurqojadua Абылай хан емес #тарихағай #тарих #история #казахстан ♬ оригинальный звук — тарих ағай 🇰🇿

 

23 жастағы жігіттің өзі өнер маманы екен. Бірақ тарих туралы қазақ тілді сапалы контент жоқ екенін түсініп, өзі осы бастаманы қолға алуды шешкен.

“Мақсатым – қазақ тіліндегі сапалы, мәдениетті контентті дамыту. 4 жыл бұрын тарихи блогтар жоқтың-қасы еді, болса да, қатесі көп, сапасы аз. Орыс тілді контенттер басым болғандықтан, бұл бастамама көбісі сене қоймады, олар қазақша посттар қаралым жинамайды деп ойлады. Десе де көретін, қызығатын қазақтар баршылық. Осы қазақ тілділерге тек әзіл, вайн, пранк сынды форматтар емес, салалық контентті көбейтуіміз керек. Мен қазақтар үшін пайдалы болғым келді. Ұтыс-ойындар, сауда туралы блогтар ғана емес, физика сынды түрлі мамандықтар туралы ақпараттар көбейсе игі”, – дейді ол.

Өзін “тарих ағай” деп атайтын жігіт өзін патриот әрі ұлт жанашыры санайтынын ашық айтты.

“Мен өз елімнің, ұлтымның патриотымын. Қазақ тілді контентке үлесімді қосқанымды патриотизмге балай аламын. Десе де мұны көбірек ұлтқа жанашырлық деп қарастырамын. Мен үшін патриотизм деген – мемлекетпен бірге бір бағытқа ұмтылып, дамуына үлес қосу. Ал менің миссиям – қазақ тілі үшін даму, ата-баба мұрасын сақтау. Қазақ тілінің ғылым-білім тілі, интернет тіліне айналуына ат салысу”, – деді тиктокер.

Ал Назерке Мұса қазақ мифологиясы, түрлі жоралғылар туралы қазақша видеолар түсіреді. 53,6 мың оқырманы бар тикток белсендісі қазақтың этнографиясы, мәдениеті, тілі, мифологиясына қатысты ақпарат негізінде контент жасап жүр. Сөзінше, ол үшін қазақ тіліндегі сапалы контентті дамыту өте маңызды және әр кез ойында болған.

@nazerke.muse

Естуіңіз бар ма?

♬ оригинальный звук — nazerke.muse

“Интернет кеңістігінде қазақ тілінде әлі де қажет ақпарат өте аз не қате, не түсініксіз, аударма күйінде қалып отыр. Өзімді қазақ тілінің жанашыры сезінгендіктен, дәл қазақ тілінде бірегей, яғни ешкімде жоқ контент жасағым келді. Осы арқылы қазақ тілді ақпарат кеңістігін дамытып, қазақ тілді еместерді қазақ тілін үйренуге, мәдениетімізбен танысуға әсер еткім келеді. Қысқаша және ірі сөзбен айтқанда, қазақ этнографиясын әлемге танытқым келеді. Әзірге контент тек қазақ тілінде. Бірақ жан-жақты даму жоспарда бар”, – деді ол. 

TikTok-мифологы алғашқы контентін 2021 жылы қате сөздер мен тіркестер жайлы видеолар салудан бастаған. Алайда ол көрерменді аса тарта қоймады дейді.

“Сол уақытта мен YouTube арна аштым. Бірақ оны жиі жүргізбедім. Сонда жаңа пайда болған осы желіге видеоларымды қысқартып, TikTok форматында салып көрдім. Аудиторияға ұнады, көп қаралым жинала бастады. Сонда мен қазақша контенттің “күшін” сезіндім, оқырмандардың сапалы контентке зәру екенін ұқтым. Осыдан соң кәсіби түрде пайдалы, танымдық контент түсіруге ынта пайда болды. Әрине, бұған ізденіс керек. Бәрі білетін, қарабайыр ақпарат ешкімге қызық емес”, – деді Назерке Мұса.

Назерке Мұсаның айтуынша, қазақ тілді контентке сұраныс бар және ол өсе бермек. Дегенмен әлі де осы контенттің көп бөлігі ойын-сауық бағытында және ешқандай түпкі ой салар идеясы жоқ дейді. Яғни тек күлкі, әзіл бағытындағы бір рет көріп кете беретін дүниелер. 

Ол елінің патриоты ретінде халыққа пайдалы болатын іспен айналысқысы келетінін мәлімдеді. Себебі ол үшін патриотизм “соқыр махаббат” емес, ел мүддесі үшін саналы түрде алға ұмтылу.

“Қазақстанды алдағы уақытта бай, қуатты, саяси орны бар, халқы бақытты елдер тізімінде алғашқы ондықта көргім келеді. Ол үшін көзі ашық, білімді азаматтар көбею керек. Өз пайдасын, дамуын ғана емес, еліне қосар үлесі туралы ойласа ғана ол мемлекетінің көркеюіне атсалыса алады. Біздің елімізде, болмысымызда бірегейлілік бар. Осы бірегейлілік бізді қазақ етеді, бұдан айырылмауымыз керек деп есептеймін.

Мен үшін патриотизм – бұл өз еліне деген “соқыр махаббат” немесе сөзсіз қолдау емес, ол өз жұмысыңды қоғамның және жалпы елдің мүддесі үшін жақсы атқаруға саналы түрде ұмтылу. Шабыттандыратын, білім беретін және қоғамға үлес қосатын контент жасауға тырысамын. Мен үшін отансүйгіштік елді бірегей ететін құндылықтарды қолдау және оларды өз жұмысымда көрсету арқылы көрініс табады. Менің қолым тиген дүние шабыт беріп, жағымды өзгерістерге әкелсе екен үміт пен тілек бар”, – деді ол.

Көпшіліктің ілтипатын алған тиктокерлердің бірі – Айберген Мади. Ол саяхат кездегі қызықтарды, өз басынан өткізген хикаяларды баяндап, соңында түйін шығарады. Әзіл мен мотивация аралас контент көпке ұнағандай. Айбергеннің қазір TikTok желісінде 241 мың оқырманы бар. 20 жастағы тиктокер өзін контентмейкинг саласындағы практик ретінде таныстырады.

@badieev Счет қаншаға шыққанын тапсаң,менен сыйлық🫶 #рекомендации ♬ оригинальный звук — AIBERGEN BADI

“2019 жылдан бастап жеке TikTok парақшамды жүргізе бастадым. Ең бірінші контент вайннан басталды, қазір лайфстайл, влог контент түріне өттім. Мектепте, түрлі байқауларда өнерім еленбегендіктен, өзімді әлеуметтік желі арқылы танытып, дарынымды паш еткім келді. Себебі маған көптің назарында болған ұнайды”, – дейді жігіт.

Айберген Мади орыс тілі қазір трендтен кетіп жатқанын айтады. Сөзінше, қазақ тіліндегі контенттер көбірек танымалдылық алып жатыр.

“Қазақ тілді контент көбеюде. Дегенмен жаным ашитын дүние –ауызекі қазақ тілі кең тарап жатыр да, таза, көркем әдеби тіліміз ұмтылып жатқан тәрізді. Қазақ тілді кеңейту үшін сапалы әрі  қызық контенттер ойлап табуымыз қажет деп ойлаймын. Орыс халқымен қазақ тіліндегі видеолар түсіріп, коллаб жасау қажет те шығар. Мен осындай контенттерімді патриотизмнің бір бөлшегіне балаймын. Патриотизм деген – мен үшін дұрыс білім алып, білімді болып, соны халықпен бөлісу. Жаңа ойлау деңгейіне шығу. Ұлан ғайыр жерді оңынан игеріп, тілге популиризация жасау”, – деді TikTok белсенді.

Baki_zhan атымен таныс Бәкіжан Кәкім TikTok желісінде мұғалімдер мәселесі мен мектептегі жаңашылдықтар, білім беру жүйесі туралы сыр шертіп, кемшіл тұсын сынайды. Оны ұстаздар қауымы сүйіп тыңдайды, өйткені екі жылда ол 51 мың аудитория жинап үлгеріпті. 26 жастағы жігіт өзі филолог екен. Ол қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуді өзінің парызы деп санайды.

@baki_zhan #врек #рек #vrec #хочуврек #втопы #рекомендации #vrek ♬ оригинальный звук — БаКи

“Студент кезімде поэзия оқып салып тұратынмын. Қазақ тілінде контент жүргізу сол кезден басталған. Әуелде Instagram-да ғана белсенді болдым, кейін TikTok желісіне ауыстым. Ұстаздық жолға келген сәтте білім жүйесіндегі олқылықтар өте көп екенін байқадым. Жүйе дұрыс құрылмаған, сол үшін кемшіл тұстарын айтып, соны желіге сала бастадым”, – деді ол

Павлодарлық тиктокер қазақ тілді контент өңірде аса дамымағанын айтады. Десе де өзі сияқты “елім”, “тілім”, “ділім” деп жүргендер табылады деген ойы бол,ан. Осылайша қазақ тілді аудиторияның пікірді жарыса жазып, белсенділік танытқаны оған шабыт сыйлады.

“Қазақ тілді контент енді ғана қарқын алып, қарыштап дамып келе жатыр. Тоқтамауымыз керек! Қазақ тілінде Youtube-арнасында сұхбаттар көп, ал балаларға арналған арналар, қарапайым тамақ әзірлеу, лайфхак  көрсету, тәжірибилер, көліктің дөңгелегін ауыстыру сияқты салалық нәрселер аз! Нарық қаңырап, бос тұр! Бастаймын деушілерге идея жетіп артылады. Енді алдағы уақытта YouTube арнасына бет бұрамын”, – дейді Бәкіжан Кәкім.

Ол өзін патриот санағанымен, тіл жанашыры деп санамайтынын және “тіл жанашыры” деген тіркесті мүлдем ұнатпайтынын тілге тиек етті.

“Тіл жанашыры” деген тіркесті ұнатпаймын. Өйткені жаның кімге ашиды, бейшара күйге түскен, амалы таусылып, хәл үстінде жатқан біреуге ашиды. Ал тілге жанашырлық емес, еңбек қажет! Контентті көбейтейік! Жастар мен жасөспірімдердің, балалардың қызығатын жерінен табылуымыз қажет. Қазақ тілінде контент жүргізуді мен патриотизм ғана емес, парызым деп білемін. Тілімізді дамытайық деп құр айқайлап әр бұрышта айта бергеннен не өзгереді? Мен үшін патриотизм іс-әрекеттен көрініс табады”, – деді TikTok-тағы филолог.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.