Жақында мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Қазақстандағы фильмдерге қыруар ақша бөлінгенімен, олар өзін ақтамады деп сынға алды. "Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес" деді ол. Мұқаев сауалын мәдениет және ақпарат министріне жіберген еді. Депутаттың сауалында келтірген деректер рас па? Министрлік отандық фильмдердің танылуын қалай қолдайды? Stan.kz министрлікке хат жолдап, осы және басқа да мән-жайды анықтап көрді.

Коллаж: Stan.kz

Депутат фильмдерді не деп сынады?

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев “Мемлекеттен бөлінетін қаржының көбі "өз араларында" қалып жатқандай көрінеді. Өйткені Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес” деп бастады сауалын. Оның сөзінше, 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 миллиард теңге бөлінген. Барлығы 100% игерілген. Есебі тапсырылған, фильм түсірілген. Дегенмен депутат атап көрсеткен фильмдердің тапқан пайдасы мынадай:

  • Atlas entertainment түсірген отандық "Время патриотов" фильміне 1 млрд қаржы жұмсалған. Касса жинағы небәрі 10 миллион теңге (Кеткен соманың 1 пайызы ғана).
  • Satai film түсірген "Боксшы" фильміне 900 млн жұмсалса, касса жинағы – небәрі 25 млн теңге.
  • "Медетфильм" мен "Беларусьфильм" түсірген "Лето 1941-го" киносына 700 млн қаржы бөлінсе, оның 2 миллионы ғана қайтарылған. Бұл кеткен шығыннан 350 есеге аз.
  • "Жизнь" фильміне 500 миллион кетсе, небәрі 650 мың теңгесі қайтқан.

"Орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңге болса, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-міс. Сонда сіз болып, біз болып "Жизнь" деген фильмге бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе? Мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің жарнамасы жоқтың қасы. Қаншама фильмдер түсіріліп, шаң басқан архивтерде жатыр. Тәуелсіздіктен бері қарай мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілсе, соның ішінде өзін ақтағаны – тек "Досмұқасан" фильмі", – деп қосты депутат.

Депутаттың талабы бойынша, мемлекет қаржы бөліп түсірілген фильмдердің қызығын халық көруі керек. Ол үшін киногерлерді қолдаудың жан-жақты механизімін жетілдіру қажет.

Фото: youtube.com

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұған қалай жауап берді?

Stan.kz редакциясы мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдап, депутат келтірген деректер қаншалықты рас екенін сұрады.

"Депутаттың сауалында аталған фильмдер және жалпы мемлекет қаржылай қолдаған 100 фильмнің жартысы әлі де стриминг-платформаларда және шет елдерде қаражат жинап жатыр", – делінген мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми жауабында.

Бұл ретте министрлік компанияның бүкіл әлем бойынша картинаны жалға беруден және көрсетуден түскен табысы барлық роялти салықтан, дистрибьютор мен сатушының комиссиясын, кинотеатрлардың үлесін және басқа да салықтарды шегергеннен кейін бір-ақ есептелетінін айтты.

  • Министрлік берген жауапқа сай, бүгінде "Время патриотов" фильмінің касса жинағы бүкіл әлем бойынша 580 млн теңгеден асқан (Бұған әлем бойынша прокат пен стриминг кіреді). Қазір фильм Жапонияда, Индонезияда, Тайваньда, Ресей Федерациясында және ТМД елдерінде прокатқа шықты. Жақында Қытайдағы, Оңтүстік Кореядағы, АҚШ-тағы және Латын Америкасындағы көрерменге жол тартады. Министрлік фильм прокаттан әлі қаражат жинап жатқанын айтты;
  • "Лето 1941-го года" фильмінің прокатынан, стриминг-платформалар мен ТВ-ға сатылымынан 8 128 252 теңге кіріс түскен;
  • Эмир Байғазинның "Жизнь" фильмі 2022 жылы прокатқа шығып, расымен аз қаражат жинады. Бұл жерде фильмнің әлемдік премьерасы әйгілі Торонто кинофестивалінде көрсетілгенін атап өтейік. Оған қоса картина Токио кинофестиваліне қатысып, Қазақстан атынан "Оскар" сыйлығына ұсынылған";
  • Ақан Сатаевтың "Боксшы" фильмі 2021 жылы желтоқсанда прокатқа шығып, 24 989 850 теңге пайда тапты. Одан кейін фильм "Кинопоиск" стриминг-платформасына жарияланып, прокаттан қаражат жинап жатыр.
  • "Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қолдау орталығы құрылған 5 жылда 5 питчинг өтіп, 100 фильм өндірілді. Алайда фильм тақырыптары біржақты екенін байқауға болады. Биылдан бастап мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды конкурстық іріктеу ережесі өзгерді. Атап айтқанда, әуелі Ұлттық киноны қолдау орталығы сценарилерді қабылдап, үздігін сараптама кеңесі іріктейді. Ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жақын арада жаңа форматтағы конкурс жарияланады", – деді министрлік.

    Фото: brod.kz

    Министрлік “Тапсырыспен түсірілген фильмдер салынған қаржысын неліктен өтемейді?” деген сұрағымызға да жауап берді. Ведомствоның дерегінше, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы прокатпен айналыспайды. Фильмді шығару жұмысы аяқталғаннан кейін оны ілгерілету үшін фильмді өндірушілерге лицензиялық құқықтар беріледі.

    “Прокатқа тек толықметражды фильмдер шығады. Қысқаметражды және анимациялық кинолар тек фестивальдерге ұсынылады немесе теледидардан көрсетіледі. Олар кинотеатрлық прокатқа шықпайды. Бұл жердегі басты мақсат – жас режиссерлерді қолдау, олардың кинодағы алғашқы қадамдарына серпіліс беру. Заңға сәйкес ұлттық фильмді қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілген өндірістік компаниялар ұлттық фильмдерді прокаттаудан және көрсетуден түскен кірістерінің 20%-ын орталыққа аударады”, – делінген министрлік жауабында.

    Депутаттың "Киногерлерді қолдаудың жан-жақты механизмін жетілдіру қажет" деген талабына министрлік мынадай жауап берді.

    Ведомство дерегінше, мемлекеттің басты мақсаты – өз идеологиямызды, тарихымызды дәріптеу. Сондықтан мемлекет қаражаты тарихи патриоттық жəне имидждік фильмдерді шығаруға бағытталған.

    "Кино саласындағы мәселелерді шешу үшін мәдениет және ақпарат министрлігі нақты шаралар қабылдап жатыр. "Кинематография туралы" заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Оның ішінде Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыс басталады. Өйткені Қазақфильм қатардағы киностудия емес, ол –біздің тарихымыз, біздің рухымыз, ұлттық киномыздың келешекке деген үкілі үміті", – деп жауап берді министрлік.

    Мамандар отандық кино туралы не ойлайды?

    Ұлттық киноны қолдау орталығының жанындағы сараптама кеңесінің мүшесі, кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбекова мәселе авторлық фильмдерді түсірмеуде емес, керісінше, жарнамасын ойластырып, прокат мәселесін ретке қоймауда деп есептейді. Оның сөзінше, депутаттар осыны ойлауы керек. Әйтпесе кино саласын толыққанды түсініп, зерттеп алмастан мінбелерден жөнсіз айқайлай беру дұрыс емес.

    “Көк байрағымызды желбіреткен фильмдерімізді көрсетуге отандық кинотеатрларымыздың зауқы жоқ”

    “Депутат "неге авторлық кино өзін ақтамайды деп емес, неге мемлекеттің қолдауымен түсірілген фильмдерді кинотеатрлар көрсетпейді? Неге прокат мәселесі шешілмеген? Неге халықтың қаржысына түсірілген фильмдер халыққа жетпейді? Неге кинотеатрдан көрсеткен күннің өзінде ары кетсе, 1-2 апта көлемінде ғана, онда да көрермен көп бара бермейтін уақыттарда қойылады? Авторлық туындылардың түске дейін немесе түннің бір уағында ғана көрермен назарына ұсынылуының себебі неде? Бадықова мен Қоянбаевтың төмен деңгейлі фильмдері күніне он рет, прайм-тайм уақытына көрсетілгенде, авторлық туындылар неге 1 немесе 2 рет қана көрсетіледі?" деген сұрақтарды қою арқылы осы мәселені көтеруі керек еді. Биліктегілер осыған назар салсын”, – дейді кинотанушы Дана Әмірбекова.

    Ал авторлық фильмдер мемлекетіміздің мәртебесін көтеріп, иммиджін қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарады дейді маман. Дәрежан Өмірбаев, Серік Апырымов, Әділхан Ержанов қатарлы өзіндік стилі бар, қолтаңбалары қалыптасқан авторлардың болуы – ұлт өнері үшін үлкен жетістік.

    Фото: Vlast.kz

    “Кинофестивальдердің талабы бойынша сайысқа қатысатын фильмдер басқа ешжерде көрсетілмеуге тиіс. Сол себепті де оларды бірден көптің назарына ұсыну мүмкін емес. Алайда фестивальдер шеруін аяқтаған соң әлемнің үздік кинобәйгелерінде жеңімпаз атанып, қастерлі көк байрағымызды желбіреткен фильмдерімізді көрсетуге отандық кинотеатрларымыздың зауқы жоқ”, – дейді кинотанушы.

    Маманның сөзінше, қоғамдағы маңызды мәселелерді қаузап, адамзатқа ортақ тақырыптарды көтеретін терең философиялық туындылар көп жағдайда касса жинамайды. Ондай фильмдерді көретін көрермен санаулы болғандықтан, кинотеатр иелері жеңіл сюжеттерден құрылған, көрермені көп комедиялық фильмдерге үйір.

    “Сол себепті бізге біріншіден, Еуропа елдеріндегідей тек авторлық, демек, арт-хаус бағытындағы өнер туындыларын көрсететін арнайы кинотеатрларды ашу қажет болып отыр. Қазіргі кинотеатрларымыздың бәрі киноны бизнес көзі ретінде ғана қарастырады. Көрерменнің талғамы төмен болғаны олар үшін тиімді. Себебі өресі биік көрермен көбейсе, кинотеатрлар босап қалар еді. Екіншіден, мемлекет қаржысына түсірілген фильмдерді экранымыздан көрсетуге заң жүзінде міндеттемесек, ештеңе өзінен-өзі өзгермейді. Сұраныс ұсыныс тудырады дейді ғой. Ол – қате пікір. Негізінде, көрерменге балама ұсынуға тиіспіз”, – деп қосты киносыншы.

    Сол себепті маманның сөзінше, прокат заңын қолға алу аса маңызды. Сонымен қатар киноны түсіруге ғана қаржы бөліп қоймай, оның жарнамасына, дистрибуциясына мемлекет тарапынан мән берілуі ауадай қажет.

    “Тарихта авторлық фильмдер сақталады”

    Ал кинорежиссер, кинотанушы Айбек Құдабаевтың айтуынша, елімізде онша касса жинамайтын, барлығына бірдей өтімді емес екі типті фильмдер бар. Бірақ бұл оларды түсіріп, қолдаудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді.

    “Біріншісі – идеологиялық фильмдер. Олар ұлттық айдентиканы, қазақы болмысты және бізге тән тіршілік пен дәстүрді сақтауға, насихаттауға керек. Екінші, мемлекет қолдауы керек фильмнің тағы бір типі – авторлық туындылар. Бұл – өзгеше жанр, ерекше сапалы дүниелер. Оны бірегей тұлғалар жасайды. Фильмнің бұл түрін фундаменталды ғылыммен салыстыруға болады. Ол кино саласында жаңа форма, жаңа көзқарас пен стиль қалыптастыруға жағдай жасайды. Авторлық фильмдер кино тілінің эвалюциясына үлес қосады. Бір жағынан ол – елдің бейнесі. Бұлар дүниежүзіне біздің елді, халықты таныстырады. Сондықтан саналы қоғам, саналы ел мұндай туындыларды қолдауы керек. Кино сақталғанда авторлық фильмдер түрінде сақталады, тарихқа енеді”, – дейді Айбек Құдабаев.

    Бірақ бүгінгі капитализмнің, нарықтың заңдары басқаша. Соның әсерінен болса керек, авторлық туындылар көбіне кинофестивальдерде танылады. Осы ретте маман Қазақстанда өзіміздің кинофестивальді құрып, жылда өткізіп тұруымыз керек екенін айтты.

    “Авторлық киноны танытуды жақсылап қолға алса, ол да қыруар қаржы таба алады. Бұл елдің талғамы мен киномәдениетіне байланысты. Мысалы, Дәрежан Өмірбаевтың "Ақын" фильмін Токио, Берлин және Париждегі көрсетілімнен соң Португалияның продюсері фильмнің авторлық құқығын сатып алуға 25 мың еуро ұсынған. Сонымен қатар Әділхан Ержановтың "Қап-қара адам" фильмі стриминг алаңға шыққанда біраз қаржы жинады. Оған қоса жақында автордың "Дала қасқыры" фильмі шықты, ол Роттердамдағы кинофестивальге қатысады”, – деді маман.

    Кинорежиссердың сөзінше, коммерциялық фильмдер бүгінде жап-жақсы дамып жатыр. Қазір көбіне комедия, бірақ ол келешекте басқа да жанрлар көбейетініне сенімді

    “Қазір еліміз көбіне идеологиялық және авторлық фильмдерге назар салуы керек деп ойлаймын. Ол үшін депутаттар мен жұрт кино қызметі туралы заңға бастамашы бола алады. Онда кинотеатрлардың мүддесі, жанрлар мен санаттардың алуан түрлілігі, көрермен мен жанкүйерлердің талғамы да ескеріледі. Ал кинотеатрлар өздеріне пайдалы деп санайтын нәрсені ғана көрсетуге ерікті. Бірақ авторлық киноны, яғни киноны кинематографиялық өнер ретінде қолдамау Димашты қолдамау, болашақ Олимпиада чемпиондарын дайындамау және ғылымға инвестиция салмаумен бірдей”, – деп түйіндеді сөзін кинорежиссер.

    Еске салайық, мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанда түсірілген фильмдерге жұмсалған қыруар қаржы туралы ақпарат жариялады. Ақпаратқа сенсек, жүздеген картинаның тек біреуі ғана өзін ақтаған. 

    Министрлік берген тізімде фильмдердің тек жергілікті прокаттан жинаған табысы жазылған. Осыған байланысты ресми жауап пен ведомство сайтындағы ақпаратта айырмашылық болуы мүмкін.

    Ақпарат: Мәдениет және ақпарат министрлігі


    Автор: Жанара Кенжебекова

    Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.