Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздегі электр энергиясының жаппай өшіп қалуына өңір әкімдерін кінәлады. Үкімет басшысы электр желілерін дамыту жұмыстарынан әкімдердің шеттеп қалғанын және инвестициялық бағдарламаларының орындалуын бақылап отырмағанын айтып, сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: primeminister.kz

Әлихан Смайылов жергілікті атқарушы органдар өңірлік электр желілік компаниялардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс деп тапсырма берді. Сондай-ақ үкімет басшысы бұл тұрғыда дұрыс шаралар қабылдамаған өңір әкімдерінің жұмысын сынға алды. 

“Әкімдіктер өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалды. Өңірлік электр желілік компаниялары өздерінің инвестициялық бағдарламаларының жасалуы мен орындалуын бақылап отырған жоқ. Бұған желтоқсан айында еліміздің солтүстік өңірлерінде электр қуатының жаппай өшіп қалуы дәлел”, — деді Смайылов.

Үкімет басшысы қазірдің өзінде біздің елімізде электр энергиясының тапшылығы барын және энергия көздерінің жетіспеуі алдағы уақытта ірі кәсіпорындар үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін екенін айтты.

“Өйткені болжам бойынша Қазақстанда энергия тұтыну көлемі тұрақты өсе беретін болады. Сондықтан еліміздегі энергия балансын сақтау үшін батыс облыстардың газ қуаттарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Солтүстік және оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілді. Биыл Екібастұз ГРЭС-1-де бірінші энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан жылу электр орталықтарын салу мәселесі пысықталуда. Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылуда”, – деді Әлихан Смайылов.

Смайылов атап өткендей бұл жұмыстар 2025-2026 жылдары аяқталмақ. Сонымен бірге 2035 жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне шамамен 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарда бары айтылды.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.