Егемен Қазақстан. 2009. №319-322. 30 қыркүйек



жүктеу 110.91 Kb.
Дата19.09.2018
өлшемі110.91 Kb.

Егемен Қазақстан. – 2009. – № 319-322. – 30 қыркүйек
Сайт ЗАХАН,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті. Ерболат САЙТ, философия магистрі.
Акме қоғамға апарар жол.

Ізгілік идеологиясы қақында сөз

Елбасы биылғы жылғы халыққа Жолдауында «Біз барлық қиындықты еңсеретінімізге және Қазақстанымызды күшті, өркеңді және әлемде құрметтелетін мемлекетке айналдыратынымызға сенімдімін!"— дегені Қазақстан халқына деген, жарқын болашаққа деген шынайы сенімділіктің айқын көрінісіндей. Елбасы бұл сөздерді бізде бар нақты мүмкіндіктерді негізге ала отырып мәлімдегені белгілі. Сондай-ақ осы Жолдауда Елбасымыздың: "Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұ­раты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады" дегені тек бүгінгі күннің қиыншылығын еңсерумен шектелмей, келешек ұрпақ тағдырына деген Елбасы мен ел мүддесінің өміршеңдігін паш еткендей. Шынында ұлт мұраты, ұрпақ болашағы тұрғысынан да Елбасын мазалаған ойлар ол кісіге "дағдарыстан шығу кілтін" жасатып, Акме қоғам идеясын туындатқан болар деген ойға келесің.

Акме қоғам адамзаттың бағзы замандардан арман етіп келе жатқан коғамы. Адамзат тарихыңдағы ақыл-ой алыптары Сократ, Құнфудзы, Ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с. өз топырағымыздан шыққан Әбунасыр Әл-Фараби, Абай сынды даналарымыз адам бойында болуы тиіс асыл касиеттерді дәріптей келе адам өмірінің мән-мағынасы мен асыл мұрат, мақсатын айқындап бергені мәлім. Жалпы, өткен замаңдардағы барлық ғұламалардың өмірге деген көзқарастары сайып келгенде бір арнаға — адам бойындағы ізгілікті қасиеттер арнасына келіп тоғысып жатады. Солардың барлығы да адамзаттың бақытқа жету жолын осы ізгілік арнасынан көреді.

Данышпан бабамыз Әбунасыр Әл-Фараби «бақытқа жету бойында» трактатында: «Адамның басына дарыған төрт түрлі нәрсеге халықтар мен қала тұрғындары қол жеткізсе олар бұл өмірде дүние бақытына, басқа өмірде алыс бақытқа жетеді. Бұлар теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық өнерлер» деп жазған.



Әлемдегі әрбір халық сияқты біздің қазақ халқы да бостандық пен бақыт жолыңда ғасырлар бойы күресумен келгенін тарихтан білеміз. Сол күрес жолында халқымыз каншама қасіретті тағдырды бастан кешкенін өкінішпен еске ала отырып, енді міне, тәуелсіздіктің ақ таңы атып, бабалар арманының орындалып, шынайы бостандыққа қол жеткізгеніміз үшін бүгінгі ұрпақ Аллаға мың да бір тәубе айтамыз. Алайда бүгінде егемен еліміздің болашағы жолында қарыштай алға басқан қадамдарымызға үлкен кедергі келтіріп отырған келеңсіз жәйттер де жоқ емес. Соның бірі қазіргі кезде елімізде кең өріс алған сыбайлас жемқорлық мәселесі болып отыр.

Бүгінде Елбасымыздың бастамасымен осы бір аса қатерлі қоғамдық дертке қарсы күрес жүргізіліп жатқаны белгілі. Елбасы халыққа Жолдауында: "Қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, алаяқтықпен, зандардың бұзылуымен табанды да қатал күрес жүргізу керектігін" атап көрсеткен. Ал мұндай күрес тұрақты түрде, ұдайы жүргізілгенде ғана өз нәтижесін берері түсінікті. Сол себепті бұл күресті тек заң аясында жүргізіп қоймай, жалпы қоғамдық шеңбердегі адам тәрбиесі мәселесімен тығыз ұштастырудың маңызы ерекше болмақ. Ол үшін бүгінгі таңда бүкіл қоғамдық кеңістікті қамтыған идеология — ізгілік идеологиясын, яғни адам тәрбиесін мықтап орнықтыруды қолға алу кажет.

Әл-Фараби бабамыз "Бақытқа жету жайында" еңбегінде: "Тәлім дегеніміз халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз. Тәрбиелеу дегеніміз халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз" деп жазады. Біздің қоғам қазіргі кезеңге дейін халыққа білім беруді алдыңғы кезекке қойып келгенімен оны төрбиемен тығыз ұштастыра алмады. Яғни білімді ізгілікті қасиеттерге негіздемей сыңаржақ қалдырды. Мысалы, мектептерде жүрілетін пәндердің барлығы дерлік тек қана жалпы білім беру бағытындағы пәндер де, ал тәрбиелік пәндер жоқтың қасы, болса да біреу-екеумен ғана шектеліп, онша мән берілмей келді. Сондықтан да белгілі бір сала бойынша арнайы білімі болғанымен моральдық, этикалық деңгейі тым таяз азаматтар көптеп өніп-өсіп шықты. Сөйтіп ол қоғамда әділетсіздіктің өркен жаюына әкеп соқтырды. Елімізде осы бір теріс құбылыстың етек жайғаны соншалық, бүгінде атқа мінер азаматтарымыздың кейбірі адамдық ар-ожданды тәрк етіп, ұлы Абай айтқандай, жақсы мен айыра алмай қалдық.

Шындығына келер болсақ, казіргі кезде етек жайған жемқорлық негізінен оқыған, жоғары білім алған, мемлекеттік биліктің белгілі бір сатысында қызмет ететін азаматтардың бойынан табылып тұрған жоқ па?! Демек көзі ашық, көкірегі ояу дейтін азаматтарымыздың арнайы білімі болғанымен тәрбиелік білімі жоқ деп айтуға болады. Ондайлар үшін өмірдің мәні тек акша, дүние, атақ, мансап, сән-салтанат, сауық-сайран, яғни тән ләззаты ғана. Содан да осы бір баянсыз тірлік жолында өзара бәсекелестікке түсіп, бір-бірімен жау­ласып, ақша мен дүние-мүліктің құрбаны боп жатқандары. Осы жерде ұлы Абайдың: "Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез де­ген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық" деген ұлағатты сөзі еске оралады. Әбунасыр Әл-Фараби өзінің "Қайырымды кала тұрғындарының көзқарастары" атты еңбегінде: "Надан ел, халқы бақыттылықтың не екенін білмейтін, одан хабарсыз ел. Олар бақыттылық туралы бір нәрсе естісе де оны түсінбейді, оған сенбейді де. Олардың ең жақсы деп білетін нәрселері, тәннің саулығы, байлық, жыныстық ләззәттар, адамның өз мақсаты үшін бостандығы, құрметке, беделге ие болу сияқты өмірде мақсат болып саналатын, сыртқы көзге жақсы болып көрінетін нәрселер. Надан қоғамның түсінігі бойынша, аты аталғандардың әрбірі бақыттылықтың бір түрі және ең үлкен бақыт осылардың барлығының бір жерде болуы. Осындай анықтама бере келе мұндай қо-ғамның ұзақ өмір сүре алмайтынын, яғни жойылып кететінін ескерткен.

Егер ел басқарар, атқа мінер азаматтар шеттерінен нәпсінің жетегінде кетіп дүние, байлық қуып, қара басының қамын халқының қамынан жоғары қойып, тек пендешілдік мақсатпен күн кешер болса ол халықтың, мемлекеттің болашағы да күмәңді. Себебі ондай дүниеқұмар басшылар кезкелген уақытта өз халқын ақшаға айырбастап кете барары сөзсіз. Сондықтан да жемқорлық ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін аса қауіпті құбылыс. Бұл құбылыс қазірдің өзінде жаңа өскін жастарымыздың тәрбиесіне үлкен нұқсан келтіруде. Оған себеп кейбір студент жастардың бойында дәйекті білім алмай-ақ, қолыңда дипломың болса белгілі бір деңгейдегі қызметке орналасуға болады. Ол үшін таныстық, сыбайластық тәсіл жетіп жатыр деген теріс пиғылдың пайда бола бастауы. Бұл да болса олардың "алдынғы арбаға" қарай отырып айтатын жорамалы болса керек. Дегенмен оның төркіні, жоғарыда айтылғандай, бала жастан алған тәрбиенің кемшілігінде жатыр.

Халқымыздың дана перзенті Мүхтар Әуезовтің "Ел болам десең бесігіңді түзе" деген аталы сөзінің астарына үңілсек жас ұрпақ тәрбиесі алдыңғы қатарда болу қажеттілігі айқын аңғарылмай ма?! Ендеше "Ізгілік" атты мемлекеттік идеологияны қалыптастырып, Акме қоғамға, яғни әділетті коғамға апарар жолды ту етіп ұстанатын уақыт жеткен сияқты. Бұл идеологияның ең негізгі мақсаты адам бойына жақсы мен жаманды айыра білетін қасиеттерді қалыптастырумен қатар жақсының абыройын асырып, жаманның құтын қашырып жалпыға жария ету болмақ. Анығырақ айтсақ, жас ұрпақты алаяқтық, дүниеқұмарлық, мансапқорлық мақтаншақтық, жалқаулық, жағыпаздық, жемқорлық, қатыгездік т.т. толып жатқан жаман әдеттерден жиренетін, адалдық, қанағатшылдық, қарапайымдылық, имандылық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, мейірімділік қатарлы ізгі қасиеттерді бойына сіңіруге талпынатындай етіп тәрбиелеуді мақсат ету. Бұл мақсатты жүзеге асыруда діннің атқарар рөлі де айрықша болмақ.

Имандылықты жоққа шығарған коммунистік қоғам идеологиясы сол қоғамда тәрбиеленіп, өмір сүрген ұрпақтың санасында мызғымас орын алып күні бүгінге дейін қалып қойды. Себебі жемқорлық имансыздық белгісі. "Құдайдан қорықпағаннан қорық" дейді дана халқымыз. Олай дейтіні құдайға сенімі жоқ, имансыздар кез келген уақытта адамдарға, қоғам өміріне өз кесірін тигізуі мүмкін. Сондықтан ондайлардан сақтануға шақырады.



Осы орайда Елбасы бастамашылығымен ел-ордамызда жүргізіліп келе жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының басқосуларының маңызы әлемде рухани тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауда, адамзатты достыққа, бауырмалдық пен ізгілікке, имандылық пен адалдыққа тәрбиелеуде ерекше болмақ. Адам тәрбиесіндегі діннің рөлін ешкім де жоққа шығара алмайды. Тіпті, түптеп келгенде, адамның бойына имандылық қасиетін дарыта алмайынша қоғамдағы теріс көріністерден арыла алмаймыз. Себебі имандылық жоқ жерде қанағат пен ар-үят жоқ.

Ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с. бір хадисінде: "Дүние жап-жасыл гүлбақша секілді. Кімде-кім содан адал еңбегімен сыбағасын алса береке табады. Кімде-кім нәпсіге ілесіп, еңбексіз, қиянат жасап алса, қиямет күні оған тозақтан басқа ештеңе бұйырмайды" дей келе: "Егер біз біреуді бірер қызметке сайлап қойсақ, ол сол қызметпен несібе тауып жеп тұрып, тиісті мөлшерден артық алып қойса, онысы қиянат болады. Егер біз біреуді ықпалды қызметке қойғаннан кейін мөлшерден артық титтей нәрсенің өзін жасырып пайдаланбақшы болса, қиямет күні сол алған нәрсесі үшін қиянатшы ретінде танылады" деп адамдарды ашкөздіктен тиылуға шақырады.

Елбасы ұсынған Акме қоғам идеясын жүзеге асыруда имандылық пен ізгіліктің атқарар рөлі орасан зор. Сондай-ақ елдің ертеңін ойлайтын халқымыздың зиялы азаматтары осы Акме қоғам идеясы төңірегінде құнды ұсыныс, пікірлерін білдіруде. Академик, философ Ғарифолла Есім "Акме қоғам болмысы" мақаласында ("Егемен Казақстан", 18 наурыз, 2009 жыл) Сократтың 'Ізгілікті білім" идеясың талдай келе оны "Сократ қағидаты" деп атайды да "Осы қағидат тек білім саласында ғана емес, акме-қоғамның басты қағидаты болуы керек" деген маңызды ұсыныс жасайды. Ал ізгілікті қасиеттер адамдардың бойына, қоғамымызға өз-өзінен келе қоймайтыны белгілі. Сондықтан мемлекет тарапынан идеологиялық кешенді іс- шараларды жүзеге асыру қажет.

Ғасырлар бойы үлтының ұлы ойшылы Құңфудзы ілімін үлгі етіп ұстанған қытай қоғамының бүгінде қаншалықты өсіп, өркендеп, әлемдік сахнада қаншалықты жоғары деңгейге көтерілгенін көріп отырмыз. Егер біз де іргесі мықты, рухы күшті ел болып, мемлекеттігімізді баянды етеміз десек, адамзат тарихындағы ақыл-ой алыптарымен қатар, өз халқымыздан шыққан ұлы тұлғаларымыздың ұрпаққа мұра етіп қалдырған ұлағатты өсиет, өнегелерін қоғамдық өміріміздің мызғымас өзегіне айналдыруымыз қажет.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет