Егемен Ќазаќстан, 27 сєуір 2010 ж



жүктеу 264.58 Kb.
Дата19.09.2017
өлшемі264.58 Kb.

Егемен Қазақстан, 27 сәуір 2010 ж.

КӘДІМГІ СӘБИТ МҰҚАНОВ
Адамдардың түр-келбеті түгіл, бармағының таңба­ларына дейін бір-біріне ұқ­самайды. Бәріне бір деңгейден қарап, баға беруге болмайды. Міне, осындай жағдайда қоғамның серкесі боламын, елге өзгеден гөрі еңбегімді көп сіңіремін, мен араласпай қалатын шаруа болмауға тиіс деп жанын жалдаған қайраткерлер өмірде аз кездеспейді. Солардың ішінде Сәбит Мұқановтың орны тіптен бөлек, себебі, Құдай оған асқан сезімталдықты, әсіресе тапшылдық танымды дарытқан. Оны ол жасырмаған, қайта домбыраның құлақ күйіндей әрқашан айтып, жазып отырған және онысына өкінбек түгіл мақтан санаған.

“Мен қаналушы таптан шыққан адаммын. Қаналуды сезу үшін, оған жан жүрегіңмен қарсы шығу үшін адамға марксист болу міндетті емес. Қаналушы таптың мұң-зары көркем әдебиетте атам заманнан жазылып келе жатыр. Өзім қаналушы таптың семьясында туып, Октябрь революциясына дейін қаналған жағдайда өскен адам болғандықтан “қанаушы тап” дегенге, “қанаушы таптан шықты” деген адамға өш болатынмын. Мен ол кезде идеологиялық майданда “солақай” аталатын адамның бірі болатынмын”. Сәбит Мұқанов бұл сөздерді талай айтып, 1960 жылы қайтадан бір пысықтады.

Бұлай деп өзінің істеп жүргеніне өкінбейтін,сенімі мол адам ғана айта алады. Мен қателесіп жүрмін-ау, ертең осыған жұрт қалай қарайды екен деген ойдан аулақ адамнын аузынан шығатын сөз. Жолым дұрыс, арманым — өз халқымды аялау, құрметтеу, оның ісіне өгіз болып жегілу, халықтан аяйтын жаным жоқ деп түсінген, имандай сенген адамның сөзі. Олай болса, осындай пенденің қайраткерлігін қалай бағалауға тиістіміз?

Әрине, Сәбит Мұқановтай алыптың артына қалдырып кеткен ұлан-ғайыр мұрасы оны әрқашан жоқтатады, іздетеді. Қателесе жүріп түзету, от баса жүріп өріске шығу, ел-жұрттың көкейіндегісін дер кезінде айта біліп, игі іске мұрындық болу көп адамның қолынан келе бермейтінін Сәбит Мұқановтың ер тұлғасынан табамыз да, әрбір қимыл-әрекетіне, айтқан ой-пікіріне қарауыл қоя отырып, тарих таразысына саламыз.

Социализм мен капитализмнің ауысуын көзбен көріп, қолмен ұстап отырмыз. Әрине, белгілі қалыпқа түсе алмай, өтпелі кезеңді басынан өткізіп жатқан шақта өмір келбетін дұрыс аңғара, барлай білмесең де, адамдардың құбылысын көріп таңданудамыз. “Заманың түлкі болса, тазы болып шал” дейтін мақалға бақсақ, қасқырша талаған, қор­қау­ларша қапқан, түлкіше құбыл­ғандарды күнде көріп келеміз. Қазан төңкерісі кезіндегідей дөрекі бол­маған­мен, жымысқы қорқаулардың көбейіп, қыбын тауып байып алғандардың ардың-дүрдіңін көргенде жоғалған иманыңды іздейді екенсің. Ұят-аятты белге түйіп алып, аузына келгенді айтатындарға кезіккенде не істеріңді білмей дал боласың.

Мен осы екі түрлі, бірақ түбі бір ойды қазақтың екі ұланының тағдырына байланыстыра толғайын деп отырмын.

Әңгіме Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқанов сынды ерен қайраткерлердің, өнерпаздардың кейінгі тағдырлары жайында болмақ, өйткені мен оларды басқалардан гөрі көбірек зерттедім және жинаған мұрағат пен тарихи деректерім ұшан-теңіз.

Кім не деп ойласа, олай ойласын, менің түсінігімде Сәкен мен Сәбит егіз. Әрине, пенделік келбеті жағынан екеуінің бір-біріне ұқсай қоюы екіталай болып көрінгенмен, тілек-мақсаты, мұраты жағынан тұтасып кеткен қайраткерлер. Біреуінің паңдығы, екіншісінің адамға үйірсектігі, Сәкеннің кербездігі, Сәбең­нің қарапайымдылығы қаншама кереғар болып көрінгенмен елге, халыққа деген ниеттерінің бірлігі бесенеден белгі береді. Менің мақсатым, Сәбит Мұқановтың қайраткерлігін жазу болса да, Сәкенді одан бөлектей алмаймын. Бірін — ұстаз, екіншісін —шәкірт деп танудан гөрі заманы бір құрбы ретінде қарастырсақ, керемет қызық оқиғаларға тап боламыз да, дәуір сыйлаған ойлардың қалай жүзеге асқанын көреміз. Ал ол мақсатты орындау барысында әр пендеге ғана тән ерекшеліктің атойлап құяр сағасының бір екендігін көріп, таңғалмасқа шараңыз қалмайды.

Жарық дүниеде 73 жыл жасаған Сәбиттің даңқ тұғырына көтерілуі де, ылдиына түсуі де аз болмаған. Қандай іске араласса да осының ақыры неге апарып соғар екен дегенді ойламайтын жандар болатын көрінеді. Сәкен екеуін мен осы деңгейден анық көремін. Ақырын жүріп, абайлап басу оларға жат. Көңілі кұлағанға еш жалтақсыз, есепсіз кіріседі де үлкен абыройға кенеледі, не мықтап опық жейді. Ол үшін қуанып та, өкініп те жатпайды, өйткені жарқын келешекке сенімдері мол. Ел-жұртта солай шығар деп ойлайтын сияқты.

Қазақ әдебиетінде “Сұлушаш”, “Адасқандар”, “Ботагөз”, “Өмір мектебі” аман-есен тұрғанда Сәбитке еш уақытта рухани өлім болмайды. Осыған кәміл сенсек, онда кейінгі ауыр ойларды айту әлдеқайда жеңілдейді және ниетіміздің ақтығына ешкім шүбәлана алмайды.

Қазіргі “жәдігөй білгіштердің, қаскөй табалаушылардың” сөзіне сенер болсақ, Сәбит Мұқанов құрдымға кетіп бара жатқан, көзі тірісінде даурықпалы даңққа ие болып, көзі жұмылған соң елеусіз қалатын тұлғалардың бірі деп ойлап жүргендер бар. Солай ма? Жоқ, мүлдем де олай емес.

Пенделік пен өнерпаздық, қайрат­керлік пен шарасыздық бір адамның бойынан табылып жатады. Онан соң уақыт деген құдіреттің әмірін әлі ешкім жоққа шығарған емес, шығара да алмайды. Осы түсініктерді тұтас парықтай білсек, артық-кем, орынды-орынсыз айтылғандарды бірден аңғарамыз да, шындықты шырылдатып айтуға мәжбүр боламыз.

Сәбит тапшыл, әсіресе кедейшіл болды. Тіпті шамадан асырып жіберген тұсы да бар. “Сұлушаш” романының “Кілт” дейтін тарауын қазір оқудың өзі қиын, бірақ шындық. Ал шындық еш уақытта тәтті болған емес. Шындық қаншама қарапайым ажарсыз, жалаңаштау болған сайын аңғартары күшті. Ешуақытта есіңнен шықпайтындай қасиетке ие бола түседі, өйткені өмірдің оған берген сыбағасы сол.

Сәбит тапшыл болмай кім тапшыл болмақ? Әрине, жөргекте жатқанында табым деп уілдемеген шығар, бірақ ес біліп, етек жапқан шағынан жоқшылықтың ащы дәмін татып өссе, жетімдіктің тақсыретін тартса, бақыршы бала болып күнелтсе, кім көрін­геннің есігінен сүйек аңдыған күшіктей күй кешсе, осының бәрі оның аңғарымпаз сәби көңіліне шер болып байлана берсе не істемек?

Сәбитті тапшылдықтан айыру оны адамдықтан кетірумен бірдей болар. Сондықтан біз тапшыл Сәбитпен күндіз де, түнде де, туған сәтінен көз жұмған күніне дейін бірге боламыз. Тапшылдық оның дүниетанымына, көзқарасына батпаңдап кірген түсінік. Оны өзгертем, жеңілдетем деу бос әурешілік. Сондықтан бізге өтірік жалтыратқан, орынсыз асқақтатқан, мәнсіз ұлықтаған Сәбит емес, кеңестік сөзге қаламы ешуақытта мұқалмаған, ойын ашық жазған кәдімгі Сәбит Мұқанов керек.

Бұл пенделігі болса, қалам қуатына келгенде Сәбитті дарынсыз еді деп ешкім айта алмас. Ал көркем шығармаларында ақаулары бар ма? Әрине, одан қалам ұстағандардың қайсысы сау дейсің деп жалтарып кетуге болады. Бірақ біз оған бармаймыз. Сәбит шығармашылығында кемшіліктер аз емес. Ол сөзге олақтықтан, лексикаға кедейлігінен емес, шошыма­ңыздар, көбіне-көп анықтығынан, ажарлы­лығынан, түсініктілігінен дер ем. Әдебиет дегеннің бір ені ішінде жүрмесе, емеурі­нінен аңғартатыны болмаса көркемдіктің көкжиегінен көріну қиын.

Ал сонымен қатар кеңесшіл, тапшыл ақын-жазушылардың, оқушылардың ерекшелігін ескеру шарт. Адам санатына алынбаған кедейлерге дүниенің тұтқасын ұстатамыз, халықтың бәріне бірдей жұмақ орнатамыз деп келген айғайға бірден күп беріп ілесіп кетті де, соны жүзеге асырар арна іздеді. Міне, осы тұста үгіт-насихаттың соқырға таяқ ұстататын, сақауға тіл бітіретін айла-амалдары керек болды. Және бұған қалың бұқара имандай сенді, тіпті қолына қару алып күреске шықты. Баяғыдан ағайын-туыс болып келгендер бір-біріне доңайбат шегіп қана қоймай, шекелесіп те, атысып-шабысып та қалды. Бірін-бірі өлтірген бауырлар да кездесті. Заманның шығыршығы теріс айналып, бұрынғы түсініктер талқан болды. Осыны көзімен көріп, жанымен сезген, қиялымен шарлаған дарынды Сәбиттер не істеуі керек еді? Өзен арнасының ар жағына шықпаймын, ағынмен кете беремін дегенге уақыт көнбеді. “Өзі де шығайын деп тұрған көз еді, шыбық тиген соң не жорық”, жүрер жолым осы ғана деп білді. Тапшылдықтың қам­шысын олай да, бұлай да сілтеді. Жолында кезіккеннің ажарына карап та жатпады, жақынға да, алысқа да, ағайын-туғанға да, құда-құдағиға да, ұнасын-ұнамасын бірдей сілтеді. Мұны замана істетті, оған көнбеген пенделер қашты, пысты, арындады, бірақ ештеңе өндіре алмады. Өйткені өмір шеңбері кімге болса да құрсау, одан шығып кеткен пенде әлі жоқ.

Міне, осындай кезде заманым келді деп атқа қонғандардың бірі Сәбит Мұқанов болатын. Әрине, Сәкен Сейфуллиннің 1916-1917 жылдары ойланып-толғануы аздаған оқығанының, көріп-білгенінің арқасы, әлеуметтік ортаның дарытқаны еді. Сәкен аш-жалаңаш, жетім болып көрмеген, жоғалтары, қимасы бар дүмді ортаның баласы еді. Замана ағымын сезді, ойланды, толғанды, жарқын келешек көптікі, аз ғана топтыкі емес екенін ұқты да, тапшылдық жолға түсті де кетті. Өзімен қарайластардың шешуші сәтте ойланып-толғануын артық санады, тіпті қалың елге жасап жатқан қастандық деп ұқты. Уақыт талабын түсінбегендермен айтысты-тартысты. Осы­лай болуға тиіс деген шешімге келгеннен кейін аты-жөні ғана емес, руы мен мекені бөлек Сәбиттермен қол ұстасып, ұлы майданға шықты. Мақсат бірлігі екеуін табыстырды. Тындырымдылығымен, табандылығымен ел-жұрттың көзіне түсті. Артық та сілтеді, кем де соғып жатты.

Аттары тіпті аңызға айнала бастады. Бірі асау тұлпар болып арқыраса, бірі қара бөрік болып ел-жұрттың зәре-құтын қашырды. Тілектестерді де тапты. Қалың көпшілік ертеңгі күннің не боларын аңғара алмай дел-сал болғанда замана талабын біліп, еш жаққа алаңдамай майданға шықты. Дауыл екпінін күшейтуге үлес қосты.

Сәбит Мұқанов тапшылдық жолға түсерде рауандап атып келе жатқан таңның ар жағынан жарқырап күн шығарына сенді, басқаша болады деп қаперіне де алмады.

Құдай берген таланттың сыртқа шықпасқа шарасы жоқ. Сәкен “Кел, жігіт­тер, болыңдар ер, кедейден топ жасайық!” деп ұрандатса, Сәбит “Бостандықты” жырға қосты. Кімнің жыршысы екенін бірден ашық айтты, ежіктеп түсіндірді.

Күш жоқ кезде күштілерден жасқандық

“Ах, кедейлер, — деп жүрмеңдер, —

бос қалдық”.

Еңбек етсең, білім, өнер сенікі,

Өзің ие, міне, саған бостандық!

Жол табылып, кім үшін қан майданға түсері анықталған соң қолмен де, сөзбен де іс атқаруға кірісті. Үгіт-насихатсыз жұртқа маңайлай алмасын сезінгендер дәуір ұранымен төңкерісті жырлады. Қара сөзге құлақ қоя білмейтін елге өрілген өрнекпен, ұйқасқан өлеңмен бару керектігін ұқты. Шабыт қысқан шақта отты сөз, кесек образ кездесіп жатса қуанды, бірақ айтар, түсіндірер ойдың ажарлы да келісті болуын тілегенмен қолына іліккендерді ұсынуға тиісті болды. Сәндеп, ажарлап, үкілеп жатуға аттың жалындағы, түйенің қомын­дағы тірлік мұрсат бермеді. Елге, халыққа керектіні ашық және түсінікті айт, тіпті ежіктеп бергенің де артықтығы жоқ деген талап жан-жаққа қарауға мұрша бермеді. Сөйтіп, кеңес әдебиеті дүниеге келді, ол ыңырсып жылау дегенді ұнатпай, бірден үгіттей, даурыға келді. Көркемдікке үйренгендерді үркітті,ескіден айырылғысы келмейтіндер жылап-сықтады, оған мүсіркеп қараған ешкім болмады.

Осы кезеңдік қиындықты жеңетін бір ғана құдірет адал да тынымсыз еңбек екенін ұққан Сәбит “Октябрь өткелдері” мен “Батырақты” жазып, “Сұлушаш” арқылы қазақтың рухани дүниесін кеңейтті, оны да бірден қоштап кетпедік. Тіпті “байдың қызын қатын еткеннен біздің таптық кегіміз қайтпайды” дегендерді құлаққа іліп алмай, шынайы сезімге бөлеген шығарма жазып, қазақтың дастаншыл поэзиясының бағын бір жандырды. “Ақжол” газеті мен “Шолпан” журналы “Сәбит кемпірге өсиетті айқайлап айтады, тыңдаушының құлағын тұн­дырады” дегендерге де, “білімсіз ақынмен айтыспаймын” деп жатқандарға да қарама­ды. Шын адами сезімге берілген бай бала­сы­ның шалыс қадамын “Адасқандар” рома­нына арқау етіп, тапшылдарды да, алаш­шылдарды да таңғалдырған Сәбит емей кім еді?!

“Білімсіз” дегендерден өшін алу үшін емес, еңдігі тірлікке ғылым-білімнің керек­тігін айқын сезген Сәбит балалы-шағалы болып қалғанына, қазақтың жалғыз ғана мемлекеттік баспасының бас редакторы болып отырғанына қарамастан, 1928-1929 оқу жылында Ленинград университетінде оқыды. Қызметкер жетпейді, артынан оқып аларсың, әуелі кедей-кепшікті қатарға қосайық деген үкімет пен партияның айтқанынан шығып алмай “Кеңес ауылы” газетінің редакторы және Қызылжар әдебиетшілерінің жетекшісі болды. 1930 жылы Марр атындағы Тіл білімі институтының аспиранты болып, 1931 жылы Орталық партия комитеті қарауындағы Қызыл профессорлар институтына ауысты. 1936 жылы Левон Исаевич Мирзоянның шақыруымен, кандидаттық диссертациясын қорғамай Алматыға оралып, Жазушылар одағының жетекшілігіне жегілді.

Мәскеу сынды шаһарда отбасын жүдетпей, бес жыл оқып шығу үшін қанша қажыр-қайрат керектігін ойлап көріңіздер. Үйлі-баранды адамның шын мәніндегі табандылығы емес пе? Әрине, табандылығы! Студент пен аспиранттың қарны тойып жүретін кезі өмірде аз ғой. Мәриям апайды, Арыстан құрдасты, Марат сынды болашақ тарихшыны, шетінеп кеткен алғашқы Жаннаны асырау Сәбитке оңай бола қойды дейсіз бе?

Мұның үстіне полковник Тоқтасын Әлиевтің асырап алған Ғалиясы Сәкеннің қыр соңынан қалмаған соң Гүлбаһрам жөр­гектегі Лаурасын бөлеп алып, Мәс­кеудегі Сәбиттің сызды жертөлесінде кыстап шыққаны тағы бар. Ол аз болса, Қазақстан қолдан жасалған аштыққа ұшырап, халқының 49 пайызынан айрылып жатқанда Сәбитке қол ұшын берген ағайын-туыс, жора-жолдас табыла қойғанына шүбәм бар. Және осындай қиын-қыстау кезде шығармашылық еңбекпен айналысып, казақ әдебиетінің тарихына атақты “Адасқандар” романы мен “XX ғасырдағы қазақ әдебиеті” (байшылдық, ұлтшылдық дәуірі) деген атышулы зерттеуді сыйлағанына қайран қаласың.

Қазақ жазушылары ішінен бірінші болып 1935 жылы Мәскеуден “Адас­қандар” орысша “Сын бая” деген атпен аударылып шыққанда “Комсомольская правда” мен “Литературная газета” қазақ романы үшін айтысып, айғайшыл комсомол қаулы қабылдатып, “кітаптар түрмесіне” – “Спецхранениеге” тыққыз­ғанын осы күні біреу білсе, біреу білмейді. Көркем шығарманың елді елеңдетіп, талай сыни ойларға өзек болып жатуы, әрине, әдебиет тарихы үшін де, авторы үшін де қайырлы сәт.

Осындай олжамен елге оралған Сәбит бірден кеше Ілияс Жансүгіров, одан кейін Ғаббас Тоғжанов басшы болған Қазақстан Жазушылар одағына жетекші болып іске кірісті. Екпіні күшті, ынтасы одан да зор, бірді екі етпек болған Сәбиттің жиырма­сыншы жылдары жинаған абыройын арт­тырып, Алатау асқарына бір-ақ шығарды.

Оқуын бітіріп, Алматыға келген соң бірден төре болып шыға келген Сәбит Мұқанов “елімді сағындым” деп жолға шығады. Қызылжарға келгенде, Сәбиттің қанша туыс-туғаны бар дейсіз, әйтеуір елдің адамдарымен қоян-қолтық араласып, кісімсі­мей, бәріне бауыр болып кететін үйірсек мінезі аз күнде мауқын бастырды. Сол күндері Сәбит жеті жылғы айдаудан арып-ашып келген “алаштың жыршысы” Мағжан Жұмабаевқа барып сәлем беруді өзінің адамдық парызым деп санаған көрінеді. Бұл оқиға 1936 жылдың 27 қарашасында жүзеге асқан. Ал бұл кезде Мәскеуде троц­кийші­лерге, оңшылдарға сот басталып, бүкіл дүние дүңкілдеп жатқан шақ болатын. Бұл кездесу. Сәбитке оңай болған жоқ. Қызыл қырғын басталған кезде талай газет-журнал­дарға “Сәбиттің саяси кінәсі-алашшылдарға қол ұшын созу” деп жазған өзге емес, күні кеше ғана Сәбиттің жәрдемімен қолына қалам алған өзіміздің ақын-жазушылар болатын.

Қызылжарға келген соң Мағжанға жолық­пай, сәлем бермей кетуді Сәбит өзінің азаматтығына мін санаған, әйтпесе не партия тарапынан, не Жазушылар одағынан ресми түрде тапсырма алмаған адам күні кеше кеңестің жауы болып, неше түрлі өлеңдер жазған атышулы ақынға келешектен сақтан­ған кісі іздеп барып сәлем бере ме?! Ол түгілі, Міржақып Дулатовтың медицина инсти­тутын­да оқып жатқан Гүлнарын Орынборға келгенде талай еркелетіп, аяулы ару болуын тілеген ағасы қиын күндерде “Сен маған жақындама, бәрібір мен сені танымаймын” деп теріс айналып кеткенін көзіне жас алып отырып айтқанын да естідік.

Дүние қусырылып, бұлт қаптап келе жатқанда, 1929 жылдан 1936 жылға дейін кеңес еліне “жау” саналып, “Беломор — Балтық” каналын қазуға айдалған ақиық ақынға тағы бір қауыпты шақ келе жатқанда сәлем беруге барған Сәбитті бүгінгі “әшкере­легіштер, даурықпашылар” біле ме екен? Олар мұндай әрекетке бара алар ма екен? Сенбеймін, өйткені коммунистік идеология тұсында, әсіресе отыз жетінші жылдың қызыл кырғынынан кейін қазақтың мінезі күрт өзгеріп, мәңгүрттікке бет алған-ды. Өзгені былай қойғанда, Мағжан сынды ұлы ақын­ның атын кеңес тұсында естуден шошыған адамды өз көзіммен көргенмін. Менің “Оңаша отау” деген еңбегімді “Жазушы” баспасының бас редакторы табаны күректей бес жыл шығармай қойды. Бар айыбы — алаш өкілдерінің, әсіресе Мағжанның аттарының аталуы ғана. Сонда баспа комитетінің басшыларына барып жолыққанымда, “Әрине, ондай кітапты шығара алмаймыз. Мағжан­дар­ды ел-жұрттың есіне түсіріп, объективная пропаганда жасай алмаймыз” дегендердің енді мағжаншыл болуын түсіну өте қиын. Осын­дай кезеңдерден өткендердің бар пәлені кеңес құлағаннан кейін Сәбит пен Сәкен­дер­ге аудара салуларына таңғалмасқа болмайды.

Мағжанға сәлем бере барған Сәбит Зылиха апайдың 1933-1934 жылдары М.Горь­кийге, Е.Пешковаға барып, Мағжан­ның жазасын үш жылға қысқартқан әрекетіне араласпай қалуы мүмкін еместей көрінеді маған. Сәбиттің идеологиялық ұрыншақтығы, яғни газет-журналдарға 1925-1929 жылдары ащы мақала жазып, айтысқаны оның пенделік қалпына дақ салмай өткені белгілі. Оқиға ыңғайы солай болды ма, әлде кездейсоқтық па, әйтеуір деректер алаш қайраткерлерін тұтқындау әуелі Дінмұхамед Әділовтен 1928 жыл­дың аяғында, “Әлиханның адъютанты болыпты” деген желеумен ұсталған Әбдірахман Байділдиннен басталған-ды.

1929 жылы табаны күректей 44 алаш азаматы абақтыға жабылып, Мәскеу қаласында тексерілді. Беттесу, үстеме ақпар беру сияқты әбестіктерге не Сәкен, не Сәбит қатысқан жоқ. Патшаның отбасын кұртқан Голощекиннің ақылы­мен болсын, не өздерінің калыптасқан дәстүріне бағынсын мейлі, әйтеуір қазақтың 13 қайраткері 1930 жылдың көктемінде ату жазасына кесілді. Ең соңынан ұсталған Мағжан он жылға сотталды. Ату жазасына кесілгендер “жаздым-жаңылдым” деген өтініш жазып, жеңілдік алғанда жалғыз Жүсіпбек Аймауытов қана “Өз зиялыларына осыншама қорлық көрсететін өкіметтен кешірім сұрамаймын” деп қасарысты. 44 адамнан Д.Әділов, Ә.Байділдин және Ж.Аймауытов үкім бойынша атылып, сүйектері күні бүгінге дейін Мәскеудің бір қорымында жатыр.

Мұндай зұлымдыққа араласпаған Сәбит 1934 жылы Мағжанға хат жазыпты.

“Қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық-творчестволық мәселелер” (1917-1929 жж.) деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғамақ болып жүргенмін.

Бір жолы Сәбең өзінің қырылдақ дауысымен: “Әлгі Кәкішев деген бала сенбісің? Өзің қорғап па ең, әлде қор­ғайын деп жүрсің бе?” деп сұрады. “Авто­рефаратымды шығардым, енді ғылыми кеңестің шешімін күтіп жүрмін” дегенде: “Смет пен Есмағамбетке сәлем айт, мен сенің оппонентің болып, акаде­миктік міндетімді өтейін” демесі бар ма?!

Күздің қоңырқайлау бір күнінде Сәбеңнің жазып қойған пікірін алайын деп қазіргі мұражайының қарсысындағы биік үйдің бесінші қабатына көтерілдім. Қабылдау бөлмесі бұлттан ба, әлде пердеден бе, әйтеуір қараңғылау. Қақ төрдегі үлкен диванда Сәбең демалып жатыр екен. Мен кіріп келгенде Сәбең орнынан тұрып, тақиялы басын қисайтты, “Почему правые берут верх” деп орындыққа отырды.

Әрине, не дерімді білмей дегбіредім де қалдым.

– Сен менің 1934 жылы Мағжанға хат жазғанымды білесің бе? Ондай кұжат мұрағаттан кездескен жоқ па? — деп сұрады. Басымды шайқадым.

– Ендеше, біліп қой, айдаудағы ақынға “Түрмеден шыққаннан кейін кеңес жағына шығасыз ба, әлде өштескен күйіңізде қаласыз ба? Бізге сіздей дарынның социализм жағына шыққаны пайдалы” деп ашық жазғанмын.

– Өз еркіңізбен бе, әлде?..

– Өз арымның әмірімен жазғанмын.

Бұл әңгіме 1959 жылдың қараша айында болған. 1988 жылы Мағжан ақталғаннан кейін ол хатты тауып алып, жарияладық, пайдаландық.

1937 жылдың басында троцкий­шілердің соты аяқталып, жаза берілді. Сол кезде қалыптаса бастаған дәстүрмен бүкіл кеңес халқы “жауыздарға” лағнет айтты. Ұйым жетекшісі Сәбит бастаған, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Ғаббас, Қалма­қан, тағы басқалар қостаған “Жауыздарға кешірім жоқ!” деген үкімге кол қойды.

Осындай лағнеттен басталған жыл жылжи жүріп, көктемге қарай теріс айналым ала бастады. Ана жерден, мына жерден троцкийшілер табылып, оның бір шеті Қазақстаннан да көрініп жатқан тұста Сәбең өзіне тән белсенділікпен біраз жиналысқа ресми қатысып, сөйлеп жүреді. Осының бәрін жіпке тізгендей “Казахстанская правда”, “Социалистік Қазақстан” газетінен қалмаймыз деп “Лениншіл жас” пен “Ленинская смена” газеттері “өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай” етіп оңды-солды жазды. Оған “Қазақ әдебиеті” де үлес қоспаққа талпынды. Жаз ортасына қарай “Әшкерелейік, масқара етейік!” деген сөздер енді “Көзін құртайық, жер бетінен аластатайық!” дегенге көше бастағанда Сәбең 1937 жылдың 7 маусымында аяқ астынан “шабыт қысып” демалыс алды да, Мәскеу түбіндегі жазушылардың саяжайы Переделкиноға барып, “Жұмбақ жалау” романының соңғы тарауын жазып, үстінен қарап шығуға кірісті. Алматыдан алыста болуды қалады.

Шілде айы туа әуелі Ғаббас Тоғжанов, онан кейін Ілияс Жансүгіров, Әбдірахман Айсариндер ұсталып, түрмеге жабылды. Құрық үкімет адамдарына да түсе бастаған кезде Сәкен, Сәбиттердің саяси соқырлықтары, қаперсіз-қамсыздықтары газеттерге жазылып, аяғы Жазушылар одағының хатшысы Мұхамеджан Қаратаевтың 1937 жылғы 29 тамызда “Социалистік Қазақстан” газетінің екі бетінің етегін түгелдей иемденген “Қазақ әдебиетіндегі авербаховшылдықтың қалдығын толық жою керек” деген әйгілі мақаласы шықты.

Бұдан кейін жиналыс көбейіп, Жазу­шылар одағы азан-қазан болды. 1937 жыл­дың 7 қыркүйегінде “Ұлтшыл фашис­­тердің әдебиеттегі зиянкестік істері­мен күресу және жас кадрларды өсіру туралы” деген тақырыпта Алматы жазушыларының съезд, пленумге бергісіз жиналысы өтті. Оның төрінде Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Хамза Жүсіпбековтер отырып қана қоймай, сөз сөйлеп, әдебиетті жайлап бара жатқан қастандықтарды түп-тамырымен құртайық деп шешті. Жиналысқа қатыспаған Сәкен, Бейімбет, Сәбит, Ғабиттің сыртынан талай ғайбат­тар айтылып, жиналыс шешімімен Сәбит Мұқанов демалыстан тез қайтып, есеп беретін болсын делінді.

Сәбең 30 қыркүйекте Алматыға жетіп, 1 қазан күні Қазақстан Жазушылар одағы басшылығынан қуылды. 2 қазанда оның мәселесін қарайтын партия жина­лысы басталды. Партком хатшысы Қалмақан Әбдіқадыров Сәбеңнің саяси қателіктерін тізіп айтқанымен, ызғар шашпады. Сол әуенмен басқалар сөйлеп, шешімге келерде ию-қию болды.

– Сәбитті не деп партиядан шығара­мыз, кедей десең нағыз батырақ, тапшыл десең партия жолынан қия басып көр­ме­ген жан, қай істі болса да үлкен жігермен орындайды. Партия мүшелері­нің бәрі осындай болса социализмді жарқыратып-ақ жіберер едік қой, әзірге сөгіс, тіпті қатаң сөгіс берейік, – деп пәтуаласты.

Ертеңінде Жазушылар одағының төңірегі абыр-сабыр болды. Сәбиттің партия­лылығы қайта қаралатын болыпты деп қорқып жүр­гендер де, ренжіп жүр­гендер де бар. Кешкі төртті тағат­сыздана күткендер көп, тіпті партияда жоқтардың өзі одақ жанында ереуілдеп жүрді.

Әлден уақытта мәшинеден Ілияс Қабылов, әрең қозғалып Ғабит Мүсірепов түсті. Жиналыс басталды. Қызды. Бірін-бірі тыңдап жатқандары шамалы, көптің аузында кешегі сөз. Әлден уақытта Ілияс Қабылов сөзге араласты.

– Өздеріңіз Сәбит Мұқанов жолдас­тың мынадай саяси қателіктері бар, кеңес елінің жауы Мағжан Жұмабаевқа барып сәлем беріп, жазушылар қатарына аламыз деп сонау Қызылжардан Алматыға алып келіп отыр. Бұл не? Дұшпанға қол ұшын бергендік емес пе? Ия болмаса, Сәбит жолдас оқуын бітіріп келісімен “өз қате­лі­гін ашық хатымен мойындаған, марксизм-ленинизмді түсінгім келмей кеңеске қарсы болдым” деп жазған Мұх­тар Әуезовтің “Ескілік көлеңкесінде” деген жиырмасыншы жылдардағы теріс бағытта жазған шығармаларын бастырып, ол алғашқы әңгімесінен-ақ Еуропа мәдениеті деңгейінде жазған қаламгер деп сонау империалистер жайлаған Еуро­паның сайқымазағын асыра мадақтап, кеңес оқушыларын адастырып отырғанын калай кешірмексіңдер?! Газеттер жазған­дай, Жазушылар одағының саяси қыра­ғы­лықтан айырылған ұйым екенін бүгінгі сөздерінен анық көріп отырмын, – деп пәлсапашы Ілияс Қабылов әр мәселенің қисынын тауып, астарын ақтара сөй­ле­­ген­де айтқанына көне салғандар бол­ды. Жақтап сөйлегендер доңайбаттан шо­шып, орындарына тез отыра қалды. Не керек, екіндіде, яғни сағат төртте бастал­ған жиналыс түнгі екіде Сәбитті партия­дан шығарумен аяқталды. Апыл-ғұпыл есіктен шыға берген Сәбитке Ғабит:

– Әй Сәбит, партбилетті тастап кет! – дегенде:

– Оны сенен алған жоқпын, саған тапсыра да алмаймын, – деп есіктен түтігіп шығып кетіпті. Алматының қараң­ғы түніне сіңіп бара жатқанда Бейімбет пен Қалмақан екеуі Сәбитті қуып жетіп, үйіне дейін шығарып салмаққа ниет­тенеді. Манадан бері бастықтарды тосып тұрған мәшине жарығын жарқылдатып Сәбиттерге жақындай бергенде:

– Әй, Бейімбет, кел мәшинеге, – деп Бейімбетті шақырып алыпты.

Өлім мен өмір белдескен шақта осын­дай да құбылыстар болған. Партиядан қуылу күнкөрістен айрылу ғана емес, түңғиықтың түбіне батудың алды ғой ол кезде. 24 қыркүйекте ұсталған Сәкеннен кейін түн ішінде талайлар тұтқындалып жатты. Кезек енді маған да келген шығар деп Сәбит түрмеге ала кетер дүниелерін жинатып, тас-түйін болып бірнеше күн жүрді. Әрбір тықырға елендеп үрке қарай­ды. Тіктеп келмеген аяқ тықыры үй жаны­нан жанамалай өтуде. Екінші тықыр естілгенше елеңдеумен болады. Осылай талай тәулік өтті, түн мезгілінде көз іліндірудің өзі қияметке айналды. Күн өтті, жұма өтті, жарты ай болды, бір ай өтті. Сақтана сыртқа шықса, Сәбитті анадайдан көргендердің өзі теріс айналып жүрісін тездетеді. Сәлемдесу, сөйлесу дегендер мүлдем ұмытылған сияқты.

Сәбит талай рет жазушыларды бастап келіп, өлең оқыған, әңгіме шерткен КазПИ-дің есігін қорқа ашты. Директоры Шарафи Әлжановтың есігін тықылдатты. “Кіріңіз” деген дауысты естіген соң еппен ішке кірді. Шарафи таңдана қарады. Сәбит Мұқанов кабылдауына келіп тұр. Зұлым уақыттың ызғарына қарамай, орнынан көтеріліп, қолын созды, орын­дық нұсқады. Әйтеуір бөлмеде екеуінен басқа ешкімнің болмағаны қандай ғанибет еді.

Бәрін білемін, естідім, оқыдым. Менің саған берер көмегім – ассистент­тік қызмет. Одан жоғарғысын бере алмай­мын. Доцент, профессорлықты да атқара алатыныңды жалғыз мен емес, бүкіл қазақ біледі, бірақ саған дәл қазір ассистент­тіктен басқаны ұсына алмаймын. Жата-жастана көре жатармыз, – деп бір-ақ қайырды Шарафи Әлжанов. Бұл ұсыныстың өзі Сәбитті тау басына шығарып жібергендей үйіне ширақ қайтты.

Лекторлардың қай курсты оқығанын сұрап, қай кезеңнен бастау керек деген сияқты күнделікті күйбең басталып, шиеттей балаларының ырзығы табылып жатса да, Сәбеңнің көңілі Алматыдан кеткенді қалаған. Шарафидің жәрдемімен бе, әлде басқалардың ұйғаруымен бе, әйтеуір жаңа оқу жылында Сәбит 1936 жылы Сәкен аты берілген Семейдің оқытушылар институтына жолдама алды. Оған аттанғанша “Жұмбақ жалау” рома­нын баспаға дайындап, Сәкен жинас­тырған “Батырлар” жинағына мәнді алғысөз жазып, баспаға тапсырды. Не керек, бұрын еркін адымдап, жан-жағын қызық әңгімеге батырып жүретін Сәбит байқап сөйлеу, андып басуды үйрене бастаған кезде қалалық партия комитетіне “Мүшелігімді қайтып беріңдер” деп арыз жазды. Олай тосты, былай тосты, өтініші­нен күдер үзе бастағанда, 1938 жылдың 2 наурызында қалалық комитеттің бюросына шақырылды-ау. Кеңес өкіметін жанындай жақсы көретін тақыр кедейдің баласы емес пе едім деген үмітпен келді. Үлкен бөлменің ішін кере отырғандардың жүзінен жылылық аңғарылмайды. Ойла­маған сұрақтарды жаудырып есін шығара жаздады. Тілі жеткенше ағынан жарылып кеңес заманында атқар­ған­дарын тәптіштей бастаса, қайсыбіреулері “Жасаған қастықтарыңды, істеген қателіктеріңді айт, қай жерде шалыс бастың, халық жауларына қалай көмек­тестің?” деген содырлы сұрақтарды қойып жатыр. Өңдерінде кан-сөл, атарға оғы жоқ жандар тесіле қарауын, күдіктене сөйлеулерін тыймады. Сонда айтылған қаулыда:

“Муканов обвиняется в том, что в своих литературных произве­дениях, как-то “Сын бая”, “Мир­за­бек”, “Темиртас”, “Литература XX века”, протаскивал контрре­волю­ционные национа­листи­ческие взгляды. Муканов был тесно связан с Сейфуллиным, Досмуха­медовым, Асылбековым, Айсари­ным, Ва­лиах­метовым и Джума­баевым, ныне разоблачен­ными врагами народа. Решением бюро Фрунзен­ского ГРК КП/б/К Муканов “как активный член контрреволюцион­ной нацио­налистической груп­пи­ровки, как пособник врагов народа и как неразоружившийся буржуаз­ный националист” из рядов партии исключен. Муканов в своих заяв­лениях не отрицает предъявленные ему обвинения в допущенных ошибках в своей литературной работе. Ввиду неясности отдельных вопросов, дело о Муканове отло­жить и поручить Холодову дорас­сле­довать” дегеннің ызғары арқаң­ды қарығандай. Осындай күй кешкен Сәбит Мұқановтың Ал­маты­дағы қызылкөздерден аулақ жүруге тырысуын түсінуге болады.

Ыңғайын тауып Семейге аттанып кетуінің сыры да осы болса керек. Онда ұзақ болды ма, жоқ, тез оралды ма, әйтеуір Абай мұра­жайын ұйымдастырумен айналы­сып жүрген Қайым Мұхаметханов­тай іні-жолдас тауып алғаны рас.

Аман-есен Алматыға оралғанда Сәбитті үлкен қуаныш тосып тұр еді. “Жұмбақ жалау” романы шығып, ел-жұрттың қолына тие бастады. Жер-жерден Сәбеңе хаттар жауып кетті. Өмірдің қиястығы, партияның зәбірі хат топанының астында қалып, Сәбең кайтадан даңқ тауына көтеріле бастады. Осы жолы шықкан шыңы бұрынғыдан да биік, көрікті және мығым болды. Өйткені, қазақ әдебиетінде көркемдігі қол созым биіктегі, алымы алысты қамтитын, озық елдің шығарма­сымен қатар қоюға ұялмайтын әлеуметтік роман дүниеге келді.

Сәбит Мұқанов шығармалары дүние жүзінің тіліне, оның ішінде әлемдік орыс, ағылшын, қытай, француз тілдеріне аударылып, сан миллиондаған таралымға жетті. Кейбір туындылары әлемдік әдебиет хрестоматиясына енді. Қазақ әдебиеті тарихында өз романын орыс тілінде бірінші болып жариялаған жазушы Сәбит Мұқанов. 1935 жылы Мәскеудің көркем әдебиет баспасынан “Сын бая” деген атпен “Адасқандар” романы Б.Малдыбаев пен О.Фрелихтің аудармасымен қалың оқырман­ға жол тартты. “Литературная газетада” В.Тевкелидің “Повесть об обреченных” деген ұнамды рецензиясы жарияланғанда “Комсомольская правда” газеті Р.Шпунт­тың “Политические слепцы из Гослитиз­дата” деген зәрлі мақаласында баспаны саяси жағынан тұқыртып, “Литературная газетаны” “Адвокаты кулачества” деп айып­та­­ды. Мәскеуде көтерілген жел Қазақстанға құйын болып жеткен уақытта Қазақстан Жазушылар одағы С.Мұқановтың “Сын бая” романы туралы арнайы қаулы алып, қалың оқушы жұртшылыққа жеткізбеу үшін кітапты жабық қорда, яғни кітап түрмесінде ұстау туралы шешім шығарды. Әдетте, кеудесінде жаны жоқ, көркемдігінде іліп алары шамалы туынды мұндай әңгімеге ілікпейді. Орыс баспа­сөзінің қорасына қас­қыр түсіп кеткендей дүрліктірген қазақтың бірінші шығармасы болуының өзі Сәбеңнің пенделік тірлігіне қаншама қиындық әкелгенмен, қазақ әдебиетіне соншама абырой сыйлап, дүниеде қазақ деген ел бар екенін сездіріп жатқаны зор қуаныш еді.

Ұлы жазушы Сәбит Мұқановтың әлемге аты белгілі бола бастауы онан әрі жалғаса түсті. Франциядан оралған Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Левон Исаұлы Мирзоян 1936 жылы баға жетпес сәлемдеме әкеп бергені тарихқа мәлім. “Сұлушаш” француз тілінде аударылып, Парижде шы­ғып­ты. Бұрын Қазақстан аспанында атой салған Сәбең енді әлем әдебиетінің баспал­дағын аттап, үлкен-үлкен дарындар мен терезесі тең жазушы санатында атала баста­ды. Сәкен “Батырақ інім, жарадың” деген қысқа да нұсқа қоштаумен көкке көтерді. Сәбең болмашыға мәз болып, көкірегін керетіндерге ұқсамай, өзінің қарапайым табиғатымен өндіріп еңбек ете берді. Әр шығармасымен халқын қуантып, абыройын асқақтатты. “Сұлушаш”, “Ботагөз”, “Өмір мек­тебі”, “Балуан Шолақ”, “Мөлдір махаббат” көптеген тілдерге аударылып, қазақ әдебиетінің даңқын шетелге шығар­ғаны ЮНЕСКО шешіміне негіз болып, әлем 100 жылдығын тойлады.

Сәбит Мұқановтың шығармашылығы туралы ақын-жазушылардың айтқандары мен жазғандарын тізіп жатпай, аты-жөндерін атаудың өзі-ақ біраз сырдан хабар берер Алексей Толстой, Леонид Леонов, Алек­сандр Фадеев, Самуил Маршак, Галина Серебря­кова, Аалы Тоқомбаев, Түгелбай Сыдық­беков, Ионас Шимкус, Петрусь Бровка, Максим Рыльский, Сулейман Рагимов, Вадим Савко, Берді Кербебаев, Давид Кугультинов, Имре Теренчени Вальдан­фель, Расул Ғамзатов, Мирмухсин, Мұстай Кәрім, Петр Проску­рин, Федор Панферов, Шыңғыс Айтматов… Сәбең даңқын әлемге жайғандар, Құдайға шүкір, жетерлік.

Әр дарын өз елінде абыройлы, беделді болса ғана шет жұртқа танылмақ. Ол жағынан Сәбеңде еш кенделік жоқ, тіпті халықтығы жағынан онымен қапталдастар жазушы болмағанын өзге емес, өзіміздің даналарымыз мойындағанын айтсақ та жеткілікті. 1947 жылы ұлы Мұхтар Әуезов “Жолы кең жазушы” деген еңбегінде “Сә­бит­­тің аты қазақ оқушысының мол қауы­­мына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі. Оның аты бүкіл Одақ елінің оқушы­сына да мәлім” дегенімен-ақ шектелсек те болар еді, ал баға түгіл, жай сөздің өзіне сараң, тал­ғампаз Ғабит Мүсірепов “Сәбит­тің тарих­тан алатын ерекше орны егіз екі саламен келіп, бір арнаға құятын жазушы­лық еңбегі­нің нәтижесі. Оның бірі әдебиет қазынасына қосқан Сәбиттің өз шығарма­лары болса, екіншісі қазақ кеңес әдебиетінің қозғалысын ұйымдастыру, басқару жағын­дағы еңбегі” деген сүбелі ойларына ешкім дау айта алмас. Өз елінен, өз теңдес­терінен осын­шама биік баға алған ұлы классиктің еңбегін өзгелер онан әрі асыра мақтамаса, кем түсі­ре қойған жоқ. Орыстың атақты жазу­шысы Леонид Леоновтың “Мұқанов талантының алдында басымды иемін” деп мойындауы алыс-жақын елдер данагөй­лері­нің түйінді ойы екенінде еш шүбә жоқ. Олай болса, ЮНЕСКО шешімін жалынып-жалпайып сұрап алмағанымыз абыройдың ең үлкені.

Ұлы дарын өз бойындағы бар өнерін, асыл қасиеттерін халқына сарқып беріп кетті, енді оның бағасына жету, қадірлеу, абыройын асқақтатып, мақтан тұту бүгінгі ұрпақтың парызы. Мұқанов кеңес әдебиеті­нің ең айбынды және өнімді қаламгерінің бірі. Қазақтың жаңа әдебиетінің туу, қа­лыптасу, даму дәуірлеріне белсене араласқан, әдебиеттің партиялық принципін үнемі қатаң сақтауға және жүзеге асыруға, социалистік эстетиканың бар талабына жауап беруге талаптанған, күш-жігерін аямаған, сол жолда талай тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген классик жазушы. Кеңестік қоғам жаңа орнап жатқан кездегі таптық күрестен ушыққан әдебиет май­данында Сәкен Сейфуллинге сенімді серік болған, ұлтшыл, байшыл деп аталған алаш жазушыларымен бел шешіп күрескен, идея­лық позициясына қылау түсірмеуге талап­танған жазушы С.Мұқанов екені әмбеге аян. Қазақта пролетариат жоқ, сондықтан оның әдебиеті болуға тиіс емес дегендердің пікірін әшкерелеген, өзінің нақты көркем шығар­маларымен жаңа әдебиеттің туғандығын дәлелдеген тұңғыштардың бірі Сәбит.

Бұл жолда ол ауыр сындарға да, өтірік өсекке де, зымиян мысқылға да, дөрекі айғайға да кезікті, бірақ кеңес әдебиетінің идеялық көркемдік платформасын сақтауға, оның үстемдікке ие болуы үшін аянбай, жал­тақ­тамай күресті. Жиырмасыншы жыл­дар­дағы өшпенді шабуылдар, отызыншы жылдардағы жалған жалалар Сәбиттің идеялық позициясын мұқалта алған жоқ.

Әрине, осылай деген уақытта Сәбең ешбір қателік жасамаған екен ғой деп түсінуге болмайды. Жиырмасыншы жылдар­­дың бас кезінде С.Мұқановта Абай мұрасы­ның мән- маңызына жете бойламау, жолбике ақын жазу­шыларды сыртқа тебу және КазАПП-қа тән әсіре солақайлыққа бой ал­дыру сияқты қате қадамдары болды. Бақыт­­қа қарай, С.Мұқанов өзінің бұл қателік­терін асқын­дырып алмай түзеді, оң жолға түсті. Ескілік қирап, жаңалық орнай бастаған уақытта қазақ ақындары өздерінің жалынды да отты сөздерін әлеумет­тік кәдеге жаратуға талаптанды. Мұ­ның өзі жаңадан туып келе жатқан жас әде­биетке зор­лықпен дарыған қасиет болатын. Сон­дықтан саяси лирика өлеңнің басқа түр­лері­нен гөрі айбынды да алымды болып, жаңа көр­кемдік әдістің талабына айналған-ды.

Қазақ поэзиясын өркендету жо­лын­да тың, соны мазмұнға жаңа түр табу талабы біздің аға ақын­дары­мыз­да, әсіресе Сәкен мен Сәбитте күшті болды. Оған В.Маяковский­дің дүріл­деген даңқы әсер етті. Қазақ өлеңінің мақамы мен әуеніне, ырға­ғы мен ритміне сыздықтап ене бас­та­ған жаңалық нышандары көбіне Сәкен мен Сәбиттің ізденістерінде болды. Өсу, ілгері басу, көркемдік шы­ңына көтерілу талабы Сәбитке бірқыдыру шалыс қадамдар жасат­қанмен де, қазақ поэзиясы мұндай табанды, жігерлі ізденістен зор пай­да тапты. Қазақтың он бір буынды қара өлеңі мен жеті буынды жыр өрнек­терін іштей түлете, екпін ырға­ғын күшейт­кенде жаңа өлең түрлері орныға бастады. Сәкенмен екеуінің бұл жаңалықтары қазақ поэзиясын онан әрі өркендетуге мұрындық болды.

С.Мұқановтың толып жатқан лирикалық шығармаларымен қатар жиырмаға тарта поэмалары бар. Жиыр­масыншы жылдардың алғаш­қы жартысында жазылған “Жұмаш­тың өлімі”, “Құрдас”, “Наурыз күні”, “Пионер”, “Альбом”, “Жетім қыз­дың күйі” сияқты дастандары­ның көркемдік дәрежесі солғын, шын мәніндегі поэмаларға қойылар талап деңгейінен шыға бермейтінді­гін айтпасқа болмас. Бұл шығарма­лардың Сәбит үшін де, қазақ әде­биеті үшін де екі түрлі мәні бар. Бірін­ші, поэма жанрын тудыру қажет, өйткені бүгінгі адуынды өмір лирикалық өлеңнің аумағына сый­май, оны эпикалық планда жырлау керек деген замана талабы күшті болды. Екінші, әлгі аталған шығар­малар Сәбиттің ақындық дарыны ұзақ сонарлы баяндауларға икем екендігін аңғартты. Өмір көріністері мен оқиғаларды ажарлы баяндай білудің өзі поэма жазуға еріксіз итер­­мелей берді. Сондықтан жиырмасын­шы жылдардың екінші жартысы мен отызыншы жылдары жазылған Сәбит поэмалары “Батырақтың”, “Октябрь өткелдерінің” челюскиншілерге арналған “Ақ аюдың”, публицистикалық “Сөз – кеңестік армияның” қазақ әде­биетіне қосылған елеулі үлес болғанымен, “Сұлушаш” асуынан аса алмағандығын жасырмауымыз керек.

Шығарманың құдайы – уақыт сыны. Жарық дүниеге келгеніне жылға таянып қалған өлеңмен жазылған роман “Сұлу­шаш” күні бүгінгі дейін өз оқушысын баурап алып, эстетикалық ләззат беріп келе жатқан этаптық, дәуірлік туынды. Оның құндылығы тек бұл ғана емес. “Сұлу­шаш­тың” ең негізгі мәні шын мәніндегі көркем образ жасау проблемасын шешуінде және жаңа арнамен ілгерілеу, өркендеу, көркем­діктің биік шыңдарына ұмтылу процесінің басталғандығын аңғартуында. Сондықтан да асқан көркемдік шеберлікпен жасалған монументалды шығарма қазақ әдебиетінде биік асу болып, әдебиет тарихынан құрметті орын алды.

“Адасқандардай” кесек дүниені жазуына келетін болсақ, ең аз дегенде мынадай екі себепті атап көрсеткен жөн. Біріншіден, романда суреттелген оқиғалар өмірдің өзінен алынғандығы, тарихи шындықтан туған­дығы, Бәтес (Бәтима) пен Бүркіттің (Сұлтанбектің) махаббатынан туған трагедияны автордың көзімен көруі, сот процесінде қоғамдық айыптаушы міндетін атқаруы еріксіз қалам алдырған. Бұрын машықтанбаған жанрға қалай барған деген сауал екінші себепті анықтап алуға мүмкіндік береді. С.Мұқановтың бұрын проза жанрымен шындап айналыспаған­дығы прозаның асу бермес қиындығынан емес, ұзақ уақытты талап ететіндігінен және атам заманнан бері халықтың рухани азығы болған поэзияның уысынан шығармауы еді. Жоғарыда Сәбит поэма­лары­ның эпикалық масш­табқа ұмтылатындығы, сюжет желісінің нық тартылатындығы ескертілді ғой. Міне, осы шығар­машылық мүмкіндік, яғни сюжетті шебер құра білу, өмір оқиғаларын іріктей білу, әрбір көріністің ішкі сырын ашу, даму келешегін аңғару, поэтикалық шарт­тылықтан азаттық алып емін-еркін баяндау, қоғамдық әлеуметтік шын­дықтарды мол қамту талабы роман жанрына икемдеді. “Адасқандар” романы қазақ әдебиетінде С.Мұқановтың басы бүтін проза жанрына көшуін аңғартып қана қойған жоқ, сонымен бірге, профессионалдық әдебиетті жасау үшін алымы мол, тынысы кең прозаны ерекше өркендету қажеттігін тудырған класси­калық туынды.

Өтпелі дәуірде туған шығар­ма­лардың бәрі бірдей сәтті бола бермек емес. “Екпінді” повесі, “Теміртас” романы, бұлардан басқа әр кезеңде жазылған прозаның шағын түрлері өз авторына онша абырой әпермегенімен де, С.Мұқановтың зор таланты өзінің шын жанрын тапқандығын, осы жолда сүрінсе де көздеген мақсатына жете­тіндігін, прозаны толық игеруге тапжылмастан келе жатқандығын анық байқатты.

Ерен еңбектің ірі табысы “Жұмбақ жалау” қазіргі “Ботагөз” романы болды. Бұл роман Сәбит шығармашылығында басталған жаңа процесті ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің өркендеу барысына түйін жасаған айтулы туынды. Қазақ романының ұлттық дәстүрін қалыптас­тырды. “Жұмбақ жалау” ең алдымен, қазақ әдебиетінде жаңа көркемдік әдістің әбден орныққандығының айғағы болды. Қоғамдық өмірді шынайы қалпында, революциялық даму барысында бейнелеу тәсілі қазақ прозасында құлашты емін- еркін жаюға мүмкіндік туғызды. Реалис­тік проза дәстүрінің қалыптасуына, әдебиеттің профессионалдық арнаға түсуі­не даңғыл жол ашты. Міне, сон­дықтан да сөз зергері Ғабең – Ғ.Мүсірепов “Жұм­бақ жалауды” қазақ романдарының төлбасы санап, романның ұлттық дәс­түрін қалыптастырған көркем туынды екенін ерекше атады.

С.Мұқановтың “Сырдария” романы­на дейінгі “Балуан Шолақ”, “Біздің заманымыздың батыры” сияқты көптеген әңгіме, очерктері өздерінің көркемдік, идеялық дәрежесі жағынан “Жұмбақ жалау” көтерілген биіктен асып түсе алмады. Жазушы әрдайым ілгері өрлеуге тиісті болғанмен, кері шегіністер мен мүдірістер кездесіп, бұралаң соқпаққа түсіп кететін кез аз кездеспейді. Оған Сәбең талай кездесіп жатты. Қазақ әдебиетінде М.Горький дәстүрінің жал­ғасуын айтқанда, алдымен С.Мұқанов­тың “Өмір мектебі” тарихи шындықтарды шебер қастерленуі жағынан алғанда қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі дауылды жылдардың бейнесін айна қатесіз көркем полотнонға түсіріп, қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін баяндаған эпопеялық шығарма.

Қазақ драматургиясына Сәбеңнің де қосқан үлесі бар. 1955 жылы жазылып, ұзақ уақыт М.Әуезов атындағы академиялық театрда жүрген “Шоқан Уәлиханов” қазақ драматургиясының өркендеу жолындағы зор табысы. Осындай бақытқа “Сәкен Сейфуллин” атты сахналық шығармасы да ие болды. Автор театр репертуарына тарихи құнды шығармалар берумен қатар, әдебиеттің образдар галереясына Шоқанның, Сәкеңнің бейнесін шеберлікпен орнықтырды.

Сәбит Мұқанов өзінің шығармашы­лық өмірінде әдебиетке қатысы болған мәселелердің бірінен де қалыс қалып көрген жан емес. Бүкіл қоғамдық өмірдің, оның ішінде әсіресе әдеби тірлікті жіті бақылап, оның даму барысына белсене араласып отыру С.Мұқановтың бойына әлдеқалай дарыған әдет қана емес, оның өнегелі өмірінің дағдылы қасиеті болатын. Мұны жазушының толып жатқан көркем шығармалары ғана емес, қазақтың әдеби сыны мен ғылымын қалыптастыруға, өркендетуге септігін тигізген 400-ден астам сын мақалалары, том-том болып жарияланған күрделі еңбектері мен монографиялық зерттеулері дәлелдейді. Әдебиетіміздің сәби шағында “Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!” деген сұсты ескертумен сын майданына араласқан Сәбит жамбасы жерге тигенше өзінің әділ де ашық айтатын пікірінен танған жоқ. Әдебиеттің идеялық нысанасы айқын, пікірі таза болуы үшін Сәбит Мұқанов аянбай күресті. Артық сілтегені де аз емес. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қаласуға Сәбеңнің 1942 жылы шыққан “XX ғасырдағы қазақ әдебиеті” деген кітабы үлкен септігін тигізді. Қазақтың ғасырдағы әдебиет тарихынан очерктер деп аталған, 1942 жылы шыққан күрделі еңбегін ерекше атау керек. Мектеп оқулығында шала-пұла айтылып келген ақындардың мұрасын анықтауда, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесін шешуде, келешекте қазақ әдебиетінің тарихын жасау процестерін бағдарлауда бұл еңбек үлкен рөл атқарды.

С.Мұқановтың қырқыншы-жетпі­сінші жылдардағы сыншылық қызметі қазақ әдебиетінің профессио­налдық арнамен өркендеуіне, идеялық нысана­сының таза болуына, көркемдік шеберлікті игеру талаптарына, жас күштерді мәпелеп өсіруге бағытталды.



Ұлы дарынның өнегелі де жемісті өнерпаздық жолына қысқаша шолу жасағанда, Сәбит Мұқанов қазақ кеңес әдебиетінің негізін қаласқан, оның өркендеуі үшін орасан еңбек сіңірген аса көрнекті сөз шебері, ел еңбекшілерінің өмірінен, ой арманынан нәр тауып, шабыттана жырлаған азамат ақын, дәуір шындығын эпикалық биік деңгейге көтере суреттеген халықтық жазушы, сахна өнерінің өркендеуіне үлес қосқан драматург. Қазақтың әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымын өрге сүйреген жауынгер сыншы, парасатты ғұлама. Қазақ әдебиетінің мақтанышы Сәбит Мұқанов өзінің өнегелі де өмір­шең шығармаларымен қазақтың талай ұрпағына рухани азық беріп, қазақ барда жасай беретін ұлы классик.
Тұрсынбек КӘКІШЕВ,

профессор.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет