Егемен Ќазаќстан



жүктеу 146.47 Kb.
Дата22.12.2017
өлшемі146.47 Kb.

Егемен Қазақстан

2010-02-24:

ДАҚПЫРТ ПЕН ШЫНДЫҚ

Гастелло, Матросов ерліктері және Қызыл Армия күні туралы не білеміз?
Бетін аулақ қылсын. Соғыс қай заманда да адам баласына қайғы-қасі­рет әкелген. Зобалаң. Нәубет. Халық оны да көрген. Басынан өткізген. “Басқа түссе баспақшыл”, – деген.

Неміс фашистерімен болған май­данда жауынгерлер де, жай адамдар да жүздеп, мыңдап қырылып жатты. Елге ауыртпалық түскен сол кезеңнің өзінде партия, оның лениндік Саяси бюросы қоғам өмірін бұрынғысынша саясаттандыруды азайтпады, қайта күшейте түсті.

Осыған сәйкес “жанқиярлық ерлік көрсеткен” кеңес сарбаздарының об­разын сомдау үшін шұғыл түрде “өзін-өзі құрбан­дық­қа шалған” ақжүрек қаһарман қажет еді. Сол үшін адамның үш ұйықтаса ойына келмеген ерлік “үлгі­лері” жасал­­ды. Мәселен, пулемет амбразурасын кеудесімен жауып, жан тапсыруы керек. Қызыл әскердің танк шын­жырының табаны астында басы­лып, езілгені жеткіліксіз, ол бір буда гранат­ты беліне байлап, не қолына ұстап темір тажалды жарғаны жөн.

Немістердің нұсқауы бойынша оқ тиіп, танк жарамсыз жағдайға ұшыраса, экипаж мүшелерінің аман қалуы ойластырылады. Ал біздің танк жана қалса, оны ұзақ мерзімді атыс орнына айналдыру міндеті жүктелген. Тек осындай “көпшілік қатысқан ерлік” ұлт атасын абыройсыздықтан сақтайды, өз халқын геноцидке ұшыратты деген қаңқу сөз тыйылады деп есептелген болуы керек.

Белоруссияның Радошкович посел­кесі маңындағы әуе соғысы мен от шарпыған ұшақтың әдейі бұрылып, неміс әскеріне таран жасауы немесе Псков облысының Чернушки дерев­ня­­сы­ның жанындағы жау дзотын кеу­десімен жапқан қиямет-қайым сталин­дік идеологияға сайма-сай келді. Сонда шын мәнінде батыр кім еді, ол қандай адам, нақты аты-жөндері, өмірбаян деректері дұрыс-бұрыс па деген сияқты “ұсақ-түйектерге” пәлендей назар ау­дары­ла қоймады. Өйткені байтақ еліміз түгелдей Батыр болды, расында солай еді. Осы тұрғыдан келгенде кеңес зама­нында абырой-беделі аспандап тұрған Николай Гастелло мен Алек­сандр Матросов жайында кейін белгілі болған кейбір деректерді сөз ете кетсек дейміз.

– Атақ-даңқы аңызға айналған ұшқыш Гастелло – әскери қылмыскер. Ол сол ұрыста парашютпен секіріп кеткен. РСФСР Қылмыстық кодексінің 262-бабында бұл “апатқа ұшыраған әскери корабльді тастап кету” деп аталады. Ол ұшқыш болғандықтан әуелі парашютпен экипажды түсіріп, сосын барып өзі секіруі тиіс болатын, – дейді ресми ақпарды жоққа шығарып, осы оқиғаның қалай болғанын анықтаумен айналысқан Москва түбіндегі Колом­нада тұратын авиацияның отставкадағы майоры Эдуард Харитонов.

“Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағатында 42-авиадивизияның 22.06 мен 28.06.1941 ж. аралығында біржола жоғалған басшы және қатар­дағы жеке құрамның тізімінде капитан Н. Гастеллоның өзі және экипаж мүшелері – А. Бурденюк, Г. Скоро­бога­тый мен А. Калинин бар”, – деп хабарлайды ол. – Ал “ескертпе” деген бағанада “отқа оранған самолеттегі экипаждың біреуі парашютпен секіріп түсті, бірақ кім екені белгісіз” деп көрсетілген.

Күдік ертеде басталды.

1951 жылы капитан Николай Гастелло ерлігінің 10 жылдығына орай оған ескерткіш орнатып, сүйегін село орталығындағы саябаққа қайта жерлеу (бұрын денесі ұшақтың құлаған маңына қойылыпты) кезінде қабір ішіндегі планшеттен басқа ұшқыш – капитан Александр Масловтың құжаты, жеке заттары табылады, осы экипаждың мүшесі атқыш-радист Г. Реутовтың аты жазылған бойтұмар (медальон) да осында жатыр. Яғни Н. Гастелло мен оның қандыкөйлек жолдастарының жерленді деген қабір ішінен олар табылмады. Бірде-біреуінің ізі жоқ.

Қысқартып айтсақ, оқиға былай өрбіген. 1941 жылдың 26 маусымында жаңағы Радошкович деген поселке маңайынан үздіксіз алға жылжыған неміс әскерлерін тоқтату мақсатымен бомба тиеген үш ұшақ – капитан Н.Гастелло, капитан А. Маслов, аға лей­­те­нант Ф.Воробьев басқарған экипаж­дар жорыққа шығады. Мұның соңғысы тапсырманы орындап, аман-есен қайта оралады. Қалған екі әуе кемесіне неміс зениткасының оғы тиіп, біреуінің түтіні будақтап, жанған күйі белгісіз бағытқа ұзап, көзден ғайып болады. Ал екіншісі, от-жалынға оран­ғанына қарамастан, немістер шоғырлан­ған аймаққа бет бұрып, жерге түскенде быт-шыты шығады, өртенеді. Көпке дейін бұл Н. Гастелло жасаған ерлік болып есептелді. Ал А.Маслов пен оның серіктестері хабар-ошарсыз кетті деп саналды. Өздері және отбасылары талай жыл күдікті адамдардың қатарына жатқызылып келді.

“Сонау 1951 жылы Н. Гастеллоны қайта жерлеу кезінде-ақ белгілі болған осынау ақиқатты КСРО тұсында зерттеуге, әділеттілікті орнатуға мүмкіншілік болмады. Шынында, өлімге бас тігіп, өшпес ерлік жасаған Николай Гастелло емес, капитан Александр Маслов еді. Ал онымен бірге қаза тапқан экипаж құрамы мыналар – штурман лейтенант Владимир Балашов, кіші сержант атқыш-радист Григорий Реутов және кіші сержант әуе атқышы Бақтыораз Бейсекбаев”, – деп жазады ресейлік зерттеуші В. Чуприн.

Сөйтіп, сұрапыл соғыстың төртінші күні – 1941 жылдың 26 маусымында – ерлікпен қаза тапқан, кейін ақиқаты белгілі болған соң Ресей Батыры, елі­міз­дің “Халық Қаһарманы” атағына ие болған бауырымыз Бақтыораз Бейсек­баев туралы ақиқат осылай ашылды. Мұның бәрі Гастелло өмірінің “ақтаң­дақтарын” анықтаудан басталған еді.

* * *

Екінші дүниежүзілік соғыста Александр Масловтың экипажы сияқ­ты (бұрын Николай Гастелло деп келдік қой – А. К.) өлімге саналы түрде басын тіккен қаһармандар басқа елдердің әскерлерінде де бар. Айталық, америкалықтар капитан Келлидің есімін қадір тұтады. 1941 жылдың желтоқсанында Тынық мұхиттың үстінде ұшып келе жатқанда оның ұшағына жапон оғы тиеді. Экипаждың басқа мүшелерін парашютпен түсіріп, штурвалда жалғыз қалған Келли жалын шарпыған ұшағын жапондарға бағыттап, “Харуна” кемесімен бірге жанып кетеді. Ал жапондарда “камикадзе” (“Құдай жіберген жел”), “тейсинтай” (“екпінді отрядтар”) қозғалысы өріс алғаны белгілі.



Қызыл Армияда 1941-1945 жылдары 200-ден астам әскери қызметшілер пулемет ұясын өзінің денесімен жауып, үнін өшірген. Қазақ­тар арасынан мұндай ерлік жасағандар – Сұл­тан Баймағамбетов, Боран Нысанбаев, Жан­ғазы Молдағалиев, Ақәділ Суханбаев, Саба­лақ Оразалинов, Сүндетқали Есқалиев, Жұ­ман Қарақұлов. Біз білмейтін батырлар болуы да мүмкін. Кеңес заманында бұлардың бәрін орыс Александр Матросовтың ерлігін қайта­лады деп келдік. Осыған орай бұрын оның өмірбаянына байланысты айтылмай келген кейбір айғақтарға назар аударып көрейік.

Ең алдымен ресми ақпарға сөз берейік.

Матросов Александр Матвеевич – (1924, Днепропетровск – 23.02.1943, Псков облысы Локнян ауданы Чернушки деревнясының маңа­йы). Кеңес Одағының Батыры (19.06.1943, марқұм). Жастайынан ата-анасын жоғалтып, Ивановодағы балалар үйінде және Уфадағы балалардың еңбек колониясында тәрбиеленген. 1942 жылдың қазан айында әскерге шақырылып, жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілді. 1942 жылдың қарашасында өзі тіленіп майданға барады: 56-гвардиялық атқыштар дивизия­сының 254-гвардиялық атқыштар полкіне қатардағы жауынгер болып тіркеледі (Кали­нин майданы). 1943 жылдың 23 ақпанында Чернушки деревнясы үшін болған шайқаста жау дзотына бұзып-жарып өтіп, бөлімшенің жеңіске жетуі үшін амбразураны денесімен жауып, өзін құрбандыққа шалған (БСЭ, 15-т. М., 1974, 512-б.).

Энциклопедияда көрсетілген бұл мәлі­мет­тер туралы не айтуға болады?

2006 жылдың 29 қарашасында Ресейдің “Россия” телеарнасы Александр Матросов­тың өмірі туралы арнайы сөз қозғады. Сонда бұрын естімеген, бізге беймәлім көп мағлұматты құлағымыз шалды.

Телехабарда айтылған мәлімет бойынша оның шын фамилиясы Матросов емес – Мұха­медиянов. Аты – Шакирян. Туып-өс­кен жері – Башқортстанның Құнақбаев село­сы. Ұлты орыс емес – башқұрт. Оның ту­ған-туыстарын, өзін білетіндердің ақпары бұл.

Шакиряннің (бізше Шәкіржан болуы ықтимал – А. К.) үй ішінде, отбасында жағ­дайы, тәлім-тәрбиесі онша болмағанға ұқсайды. Туған жерінен ерте кетіп қалады. Жол-жөнекей реті келген көлікке мінген жас бала үйінен безіп, бас ауған жаққа саяхат жасауды құмартады. Содан көшедегі қаңғы­рып жүрген жерінен Уфадағы балалар үйіне орналастырылады. Жүріс-тұрысы, тәртібі, мінез-құлқы басқаларға түсініксіз, күдіктілеу болғандықтан ба, әлде басқа себеп­тер болды ма, кім білсін, ақыры ол балалардың еңбекпен түзеу колониясынан бір-ақ шығады.

Бірде туған ауылына келеді. Жерлестері “Шакирян”, “Шакирян” деп сөйлей баста­са: “Шакирян емеспін, қазіргі менің атым – Саша, Александр”, – депті. Матрос жей­десін киіп, теңіз флоты әскеріне барамын деп үнемі айтып жүргендіктен оны бәрі “матрос” деп атап кеткен. Артында іздеуші­сі, қолында ешқандай құжаты жоқ өзімен-өзі болып жүрген баланы сосын Александр Матросов деп жазып жібергенге ұқсайды.

Майдан алаңында болған текетіресті сөз етсек, Матросов әскери қызметін атқарған ротаның алдында біреу емес, немістердің үш дзоты болыпты. Жаудың осы пулемет ұяларын құрту міндеті Шарипов, Ғалымов және Огур­цов деген қызыләскерлерге жүктеледі. Шари­пов болса нысаналы жерге жетеді, дзоттың үнін өшіреді, қолға түскен жау әскерінің қаруын алып, соңынан өкшелей қуып, артынан оқ жаудырады. Ғалымов тапсырманы орындап қана қоймайды, 30 шақты неміс фашистерін қырып, ерекше көзге түседі. Ал Огурцов дзотқа жете алмайды, өйткені жолда жараланып қалады. Оның орнына Матросов барады. Дзотқа жетеді, кеудесімен жабады!

Псков облысының Чернушки деревня­сы­ның маңында болған ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Шарипов жауынгерлік медаль­мен, Ғалымов “Қызыл Жұлдыз” орденімен наградталады, ал Александр Матросовқа (марқұм) Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

“Правда” газетінде А. Матросовтың суре­ті мен Батыр атағын беру туралы жарлық жарыққа шығады. Мұны байқаған Қунақ­баев­тағы ауыл адамдары: “Шакирянды қараңдар! Мынау сол ғой!” деп бәрі шуласып­ты. Осы хабардан кейін әуесқой өлкетанушылар қаһарман жерлесінің өмір жолын зерттеп, біраз шындықтың бетін ашады.

Ұлты – орыс. Жұмысшы табының өкілі. Ерлік 23 ақпанда – Қызыл Армия күні – жасалған. Әскери басшылық марапаттау қағазын толтырғанда ақиқатты аттап өтіп, деректерді осылай “саяси талапқа сай етіп” құрастырған.

Шіп-шикі өтірік. Оның фамилиясы Матросов емес, Мұхамедиянов екенін айттық. Ұлты – башқұрт. Пролетариат табына ешқандай қатысы жоқ, ауыл адамы. Украинада өмірі болмаған, зауыт-фабрикада істемеген. Днепропетровскінің емес, башқұрт жерінің тумасы. Александрдың (Шакирян­ның) қаза тапқан күні 23 ақпан емес, 27 ақпан (“Аргументы и факты”, № 19–1997). По­дольск­дегі әскери мұрағаттағы ақпар да осылай. Яғни ол Қызыл Армия күні өлген жоқ – онда тірі. А. Матросов қазаға ұшырады деген 23 ақпанда ол деревня аймағына әлі жете қоймаған, рота селодан 25 километр алыста болған.

Жоғарыда сөз еткен “Россия” телеарна­сы ұйымдастырған хабарда башқұрт елі Батыр ұлына қойған селодағы ескерткішті көрсетті. Бірақ онда Александр Матросов емес, “Шакирян Мұхамедиянов” деп жазы­лыпты.

* * *

Өткен ғасырда Қызыл Армия мен Әс­кери-Теңіз Флотының күні деген бүкіл­халықтық мереке бар еді. Қазіргі Ресей оны Отан қорғаушылардың күні дейді. Олай болса, бұл той-думан қандай тарихи оқиға­ны еске алу үшін белгіленген? Ресми ақпар бойынша, 1918 жылдың 23 ақпанында қызылдардың жаңадан жасақталған құрамалары Нарва мен Псков түбінде неміс әскерлерінің шабуылын тоқтатқан көрінеді. Ал шын мәнінде солай ма еді?



1918 жылдың 28 қаңтарында В. И. Ленин ерікті негіздегі Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясын (ЖШҚА) құру туралы декретке қол қойды. Өмірге жаңадан келген құрылымның туған мерзімін осы күн деп есептеуге орайы келіп-ақ тұрды. Бірақ оның реті келмеді.

Ұрыс алаңында орыс әскерінің хал-жағдайы өте ауыр, мүшкіл еді. Бірінші Сырт­қы істер халкомы Лев Троцкий 1917 жылғы желтоқсанның басынан бері Брест-Литовскіде бітімге келейік деп немістермен жүргізген келіссөзден нәтиже шықпады. Керісінше, 1918 жылдың 16 ақпанында генерал Гофман уақытша үзіліс аяқталға­нын хабарлап, соғыс қимылдарын қайта өршіт­ті. Большевиктер ел ішінде “соғысты тоқтатайық, сіздерге дереу бейбітшілік, жер және бостандық береміз” деп бір жылдай уәде еткен үгіт-насихаттан хабары бар бұрын­ғы ақ патша сарбаздары неміс әскеріне қарсылық көрсетпей, соғыстан қашып, майдан шебін тастап, тылға кете бастайды.

Ескі армияның қатары осылай іріп-шіріп, толық күйреген. Ал оның қалай жаңар­тылатындығы, түбегейлі қалай өзгеретіндігі белгісіз. Қарулы күштер швейцарлықтардың үлгісімен халықтық милиция тұрғысында ма, әлде дамыған еуропалық елдердегідей тұрақты әскер болуы қажет пе деген сауалдар төңірегіндегі айтыс үдей түскен. Больше­виктік шешендер осылай сөз сайысына түсіп, пікір таласын қыздырып жатқанда республика тағдыры қыл үстінде тұрды.

Міне, осындай шиеленіскен жағдайда В. И. Ленин қандай шарт қойса да келісіп, оңаша бітім жасауды ұйғарды. Германиямен бітім жасайық деген пролетариат көсемінің үзілді-кесілді талабы талқыланып, 18 ақпанда партияның Орталық Комитеті оны қолдап, дауыс береді (15 мүшенің 7-еуі қарсы шыққан – А. К.). Неміс жағына бұл шешім қолма-қол жеткізілсе де жеңіл олжаға қызыққан олар абыр-сабырды пайдаланып, соғыс әрекетін тоқтатпай алға жылжи береді.

Екіұшты тұрақсыздық жағдайға ұшыраған Совнарком 22 ақпанда “Социа­листік Отанға қауіп төнді!” деген үндеу қабылдап, амалсыздан жанкешті қадамға барады. Осыған сәйкес ВЧК-ға бұзақылар мен арандатушыларды сот­тың шешімінсіз-ақ тұрған жерінде атып тастауға дейін құқық беріледі. Питер жұ­мыс­шыларының барлығына дерлік қару-жарақ үлестірі­леді. Астаналық гарнизон жауынгерлерінің біріккен отряды мен Балтық теңізші­лерінен құрылған су жаңа қызылгвар­дияшы­лардың бір бөлігі ұрысқа аттанады. Әрине, мұндай жартылай партизан жасағы жауға шындап қарсылық көрсете алмады. Сөйтіп, 23 ақпанда кешке қарай немістер Псковқа енген.

Кейін, соңғы жылдары, аңғарғыш, әуесқой зерттеушілер өткен заманның шаң басқан құжаттарын армансыз ақтарса керек. Одан талас тудырмайтын қорытынды – 23 және 28 ақпан аралығында Ресей-герман майданында ешқандай соғыс болмаған. Ұсақ-түйек қақтығыстар келесі аптадан кейін ғана басталған. Орыстар “пахабный мир” деп жүрген Брест келісіміне қол қойылған наурыздың үшінші жұлдызында Әскери-теңіз істері жөніндегі халком Павел Дыбенко республикаға ұнамсыз сыйлық жасағаны бар. Ол қарамағындағы отрядпен әуелі спирт құйылған цистернаны оп-оңай олжалап алады, сосын абыройсыздық жасап, Нарваны жауға қалдырады. Одан соң “бас жазуға” сонау Гатчинаға сапар шегеді (Дыбенко сол үшін трибунал сотына тартылып, өзінің жоғары қызметінен қуылған). Осыған орай ақпан ішінде көзге түсер шамалы қандай іс-шара болды десек, сол айдың соңғы онкүндігінде әскери істер жөніндегі халком Николай Подвойскийдің өкімімен еріктілерді жаппай отрядқа жазу науқанының басталуын айтуға болар еді.

Еріктілерді алыс жолға аттандыру, жақын туыстарымен қоштасу, жыласып-сықтасу сияқты кезең, сөз жоқ, халық есінде мықтап сақталады. Әсіресе ерлерін шығарып салған әйел жүрегіне ерекше әсер етері сөзсіз. Осыған байланысты болар, бір жыл өткен соң 1919 жылдың ақпанында питерлік әйелдер “Қызыл Армияның өмірге келуі” құрметіне мереке күнін белгілеуді сұрап, В. И.Ленинге хат жазады. Ильич бұл өтінішке аса ықылас көрсете қоймайды, бірақ қол­дай­ды. Майдан­дағы және тылдағы жағдайдың қиын екендігі ескеріліп, сол кезде “жауға қарсы тойтарыс берудің бүкілхалықтық көтерілу күні” деп аталған мереке алдағы жексенбіге белгіленеді. Сол жылы ол 23 ақпанға сай келген.

Кейін екі жыл бойы бұл мереке атап өтілмеді. Ал ресми “той тізіміне” азамат соғысы аяқталған соң 1922 жылы ғана ілікті. Одан соңғы кезеңде аталмыш күн жыл сайын қызық-думанға айналды. Рас, 1933 жылы “Правда” газетінде қорғаныс халкомы Климент Ворошилов 23 ақпанда ЖШҚА-ның мерекесін өткізу “носит довольно случайный и трудно объяснимый характер и не совпадает с историческими датами” деп ақ көңілін байқатып, оның басқа шын сыры бар екендігін сездірген еді.

Сонда сәйкессіздік неде екен?

Мүмкін, жаңа майдан мен дивизия құра бастаған, ал Революциялық соғыс кеңесі тыл аймағында әскер ұйымдастырып, оны дайындаумен айналысқан 1918 жылдың 2 қыркүйегі болар? Олай болса, Реввоенсовет председателі, соғыс істері жөніндегі халком Лев Троцкийді еске алуға тура келеді. Неме­се ел басына күн туған ең бір ауыр, қиын күн­дерде – азамат соғысы кезінде – ЖШҚА-ның алғашқы бас қолбасшысы болған Иоаким Вацетистің аталғаны жөн бе? Алайда, бұлардың екеуі де кейін “халық жауы” деп танылып, көздері жойылды емес пе?

Әлде есепті жартылай партизан отряды­ның орнына келген алғашқы тұрақты бөлімшелерді құру мерзімінен бастаған дұрыс па? Жоқ. Біріншіден, мұндай жұмыс Псков пен Нарва түбіндегі масқара жеңілістен кейін төрт айдан соң қолға алынды. Екіншіден, оның басы-қасында болғандардың бәрі дерлік “троцкийшілер” атанып, 30-жылдардың зобалаңында атылып кеткен. Демек, шамалы қопара бастасаң Қызыл Армияны құрып, оған басшылық жасағандардың бәрі халық жаулары болып шыға келеді.

Репрессия толқыны әскери қызметші­лердің ең жоғарғы басшыларын құртып, сосын барлық ортаншы деңгейдегі коман­дирлері қырылып болды-ау деген кезде, 1938 жылы, Қызыл Армияның туған мерзімі ресми түрде негізделді. Сталиннің өзі бұл туралы 1942 жылы сөз қозғап, “1918 жылдың 23 ақпанында “немістің таңдаулы корпустары мен дивизияларының талқан­далғанын” атап өтті.

Қызыл Армия күнінің сыры, міне, осындай.

Амантай КӘКЕН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Астана.


ЖЕҢІМПАЗСЫЗ СОҒЫС
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жүріп жатқан аймақтық әскери соғыстардың көпшілігі ресми түрде жарияланбастан болатынын көзі ашық, көкірегі ояу оқырман ретінде тарихтан жақсы білеміз. Бұған әр жерде болып келген әскери қақтығыстар дәлел. Атап айтсақ, Вьетнамдағы, Ауған­стандағы, Таяу Шығыстағы, Парсы шыға­нағындағы, Чешенстандағы, ал ең соңғысы бес күнге созылған Қап тауындағы соғыс.

БҰҰ-ның 1980 жылғы 14 қаңтардағы қа­рары бойынша Ау­ған­станға Кеңес әс­кері­нің кіруі “ше­тел­дік әскери бас­қын­­шылық” деп атал­ды. Осыған бай­ланысты халық­ара­лық ұйым­дар КСРО-ға нара­зылық білдірді. Қа­ру­­лы қақ­ты­ғыс­тарда әске­ри тех­ни­­каның тар­тылуы мен әскери адам шығы­ны көп болған жағ­дайда ха­лық­аралық гумани­тарлық құ­қық­қа сәй­кес, әскери бас­қын­шылық та “со­ғыс” деп сана­лады екен.

Кеңес Одағы: “Ауғанстан еліне ин­тернационалдық көмек көрсетеміз”, де­ген сылтаумен оның қарулы күш­терін сол елдегі аза­маттық соғысқа қа­тыс­тырды және кең көлемде әскери іс-қимылдар жүргізді. Бұл шайқастарда КСРО-ның әскер­лері мен әскери тех­никасы орасан зор шығынға ұшы­ра­ды. Атап айтсақ, 147 танк, 1314 брон­ды әс­кери кө­лік, 443 зең­­бірек, 118 әскери ұшақ, 333 әскери тік­ұшақ, 12 мыңға жуық жүк мәшинелері қирады. Осылайша, азаматтық “соғыс” өңірлік соғысқа ұласып, халықаралық сипат алды. Оған шектеулі контингенттік 40-шы армияның тартылғаны бәрімізге жақсы мәлім. Кезінде оны ұстап тұруға кеткен бір жылдық шығын 3 млрд, АҚШ долларын құраған екен.

Кеңес Үкіметі Ауған жерінде соғыстың басталғанын жарияламағанымен, бүкіл әлем қауымдастығының алдында сол кездің өзінде-ақ саяси қате жібергенін мойындап, оны түзету жолдарын қарастырды. Бұл қайта құру кезінде КСРО-ға М.С.Горбачев билік құр­ған жылдары жүзеге асты. 1988 жылдың 14 сәуіріндегі КСРО, АҚШ, Пәкстан, Ауған­стан елдері өкілдерінің қатысуымен қол қойған Женевадағы төрт жақты келісім бойынша Кеңес әскерін Ауғанстаннан шы­ғару шарттары белгіленді. Онда 1988 жылдың 15 мамырынан бастап, 1989 жылдың 15 ақпанына дейін шектеулі контин­гент Ауғанстан жерінен шығары­латын болды. Бұған сол кездегі КСРО Сыртқы істер министрі Э.Шеварднадзе көп үлес қосты.

Кеңес Одағында сол кездері біз сөз еткен 1979-1989 жылдарғы кезең “Ауған соғысы” деген атпен тарихта қалды. Осы 10 жылға жуық уақыт ішінде 600 мыңнан астам адам жат жерде әскери қызметін өтеді. Сондағы қайтыс болған 14453 жауынгер­лердің дені 18-20 жас аралығында өмірді енді ғана бастаған, тұла бойынан жастық жалыны кетпеген, албырттықтан азамат­тыққа қадам басқан, өмірге құштар жандар еді. Пәкстан мен Ауғанстан түрмелерінде әскери тұтқын ретінде түскендер және із-түзсіз жоғалған­дар саны – 417. Кейіннен олардың 119-ы халық­аралық Қызыл крест гуманитарлық ұйым­дары­ның араласуымен тұтқыннан босатылып, өз елдеріне қайтты. Солардың ішінде тұтқынға түскен әр ұлттың 42 адамы ислам дінін қабылдап, Ауған жерінде біржолата қалып қойды. БҰҰ-ның адам құқын қорғау жөніндегі арнайы комиссия­сының құрамында болған Ресейдің әскери сарапшыларының айтуы бойынша әртүрлі жағдаймен 55 әскери тұтқын түрмеде көз жұмған. Ал 200-ге жуық Кеңес әскерлерінің өлі не тірі екендігі туралы дерек әлі күнге дейін табылмай отыр.

Ауған соғысында 86 жауынгерлер мен офицерлер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың ішінде біздің жерлестеріміз Қ.Майданов пен Н.Креминиш бар. Кеңес Одағының Батыры, білікті әскери ұшқыш Қ.Майданов 2000 жылы Ресей әскерінің құрамында қызмет етіп жүріп, Чешенстанда ерлікпен қаза тапты. Оған екінші рет Ресейдің Батыры атағы берілді. 2008 жылы Тәуелсіздік күні және Кеңес әскерінің Ау­ған­стан жерінен шығарылуының 20 жыл­дығы қарсаңында Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың Жарлығымен біз сөз етіп отырған от кешуге қатысқан генерал-лейтенант Б.Ертаев “Халық қаһарманы” атағына ие болды. Сол соғыста Кеңес Одағы Батырын алғандардың 29-ы кейінгі шайқастарда қаза тапты. 103 әскери қызметші Ленин, 1972-сі жауынгерлік Қызыл Ту орден­дерімен марапатталды. 20153 солдат пен офицер Кеңес Үкіметінің басқа да орден, медальдарына ие болды.

Ауған соғысының егеменді ел болып отырған біздің елімізге де әкелген адам шығыны мен зардабы аз болған жоқ. Атап айтсақ, Қазақстан бойынша 22269 адам осы алапатқа қатысты. Кейін КСРО құрамындағы одақтас республикалардың дербес мемлекет болуына байланысты жоғары­­дағы отандас­тарымыздың 300-ге жуығы өздерінің тарихи отандарына қоныс аударды. Жоғарыдағы келтірілген жалпы цифрдың ішін­дегі 903 адам осы соғыстан қайтпады. 21-і із-түзсіз жоғалып кетті. 484 отанда­сымыз түрлі деңгейде әскери жара­қат алып, мүгедек болып елге орал­ды. Өткен 21 жыл ішінде сондағы алған әскери жарақаты салдарынан республика көлемінде 7 мыңға жуық Ауған соғысына қатысушы қайтыс болды. Олардың арасында аяқ-қолынан айрылып, І топтағы соғыс мүгедектеріне теңестірілген­дері – 74. Тіпті аман оралғандары да түрлі дертке шалдығып, сол соғыс зардабын әлі тартып жүр.

Статистикалық деректерге жүгінсек, лауазымды үлкен шенеуніктердің балалары Ауған жеріне әскери қызмет­ке жіберілмеген екен. Сондықтан барлық ауыртпалық қарапайым халық өкілдерінің отбасына түсті. Мысалы, Алматы облысы бойынша 3701 адам Ауған жеріндегі соғысқа жіберілген. Бәрі жұмысшы, мұғалім, шаруа, дәрігер, ғылым мен өнер иелерінің желкілдеген жас құрақтары-тын. Міне, солардың 173-інің денесі туған жерге темір табытпен әкелінді. Екі жерлесіміз хабар-ошарсыз кетті. Оның бірі, Алакөл ауданынан алынған Бекболат есімді жігіт. Із-түзсіз жоғалып кетті. Осыдан он жыл бұрын ТМД әскери қауым­дастық ұйымы арқылы Бекболатқа іздеу салғанымызда, Ауғанстан мен Пәкстан түрмелеріндегі әскери тұтқындардың арасында ол туралы ешқандай дерек табылмады.

9 жыл 10 айға созылған Ауған соғысы туралы мәліметтер соңғы кездері қайта зерттеліп, жылдан-жылға оның әкелген зардабы мен тауқыметі­нің басқа қырлары ашылуда. Оның әрбір ақтаңдақ беттерін табу үшін мәселені жете зерделеп, анықтау бүгінгі күннің еншісінде. Бұл әскери жарақат алып, мүгедек болған ардагерлердің, жесір қалған әйелдердің, әкесіз жетім қалған балалардың, азаматынан айрылған ата-аналардың, әскери тапсырманы орындау кезінде жат жерде көз жұмған біздің қарулас достарымыз бен боздақ­тары­мыздың алдындағы қасиетті парызымыз.

Биылғы жылғы 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен әкетілгеніне 21 жыл толды. Онда әскери борышын атқарған азаматтар үшін, жоғарыдағы айтулы күн мереке емес, әділетсіз Ауған соғысында құрбан болған боздақтарды еске алу күні. Ұзақ жылдан бері Алматы облысының орталығы Талды­қорған қаласында сол от кешуде опат болған боздақтарға ескерткіш тұрғызу мәселесі біздің көптен бері көкейімізде жүрген еді. Ұсынысымызды қолдап, Талдықорған қаласының орталық саябағында ес­керткіш тұрғызуға көмектескен Алматы облы­сының әкімі С.Үмбетовке жетісу­лық Ауған соғысы ардагерлерінің айтар алғысы шексіз. Сондай-ақ, батырлық пен қаһарман­дықтың үлгісін көрсетіп, жат жерде өшпес ерлік жасап, соғыс даласынан қайтпай қалған боздақтар рухына тағзым ете отырып, қайыспас қайсар ұл тәрбиелеген қазақстандық аналардың алдында Ауған соғысының ардагері ретінде басымызды иеміз.



Ерлік ӘЛІМҚҰЛОВ, Қазақстанның мәдениет қайраткері, өнертанушы,

Ауған соғысының ардагері.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет