Дінтанушы Елнар Берікбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жоғары басшылығы құрамында бірде-бір әйел жоқ екенін, олардың да басшылыққа келуге құқы бар екенін айтқан еді. Stan.kz тілшісі басқарманың ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлынан осыған қатысты ҚМДБ көзқарасын сұрап көрді. 

Stan.kz коллажы

Дінтанушы және мәдениеттанушы, PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Елнар Берікбаев әлеуметтік желідегі парақшасында діни басқармадағы көптеген әйел теолог білімі бойынша ер адамдардан кем түспейтіні туралы жазды. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында мүфти орынбасарлары мен оның кеңесшілері – 6 адам, 18 бөлім басшысы, ғұламалар кеңесінің 18 мүшесі арасында бірде-бір әйел жоқ.

Фото Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтынан

"ҚМДБ құрылымындағы көптеген әйел теологтар білімі бойынша ер адамдардан кем түспейді. Әйелдер деструктивті діни ағымдардың құрбандарын оңалту жұмыстарын жүргізумен қатар араб тіліне үйрету бойынша үлкен істер атқарып жатқаны бәріне мәлім", — деді дінтанушы Елнар Берікбаев.

Дінтанушы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Исламтану" мамандығы бойынша білім алып жатқандарын еске салды.

“Әйелдердің көпшілігі эрудит, бірнеше тілде сөйлейді. Олардың мамандығы бойынша мансап құруға, Қазақстан мұсылмандарының негізгі мәселелерін шешуге қатысуға мүмкіндігі бар ма? Мен басшылықта әйелдердің болмауы ҚМДБ -ның қасақана ұстанымы екеніне сенгім келмейді және жақын арада біздің қыздарды басшылық құрамның арасында көремін деп үміттенемін",- дейді дінтанушы.

Берікбаевтың бұл пікірі желіде қызу талқыға түсті. Бірі жоғары лауазымда әйелдің жұмыс істеуін дұрыс десе, екіншілері шариғатқа қарсы екенін айтып наразылық білдірді.

  • "Дініңізді тастаңыз, сонда ғана біздің қоғамда өмір сүресіз": Қазақстандық оқушы хиджаб кигені үшін қандай қысым көргенін айтып берді

  • "Палестина халқының тарихи құқығын қолдаймыз": ҚМДБ Газа секторындағы қантөгіске қатысты мәлімдеме жасады

Осы тұста Stan.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ағабек Қонарбайұлының бұл мәселеге қатысты ойын тыңдап көрді. Ол дінтанушының бұл пікірімен келіспейтінін және әйелдердің ҚМДБ-да басшылық қызмет ете алмайтынын атап өтті.

"Біріншіден, дін құрылымы өте жауапкершілігі мол сала. Екіншіден, шариғаттағы діни рәсімдерді орындау барысында қарама-қайшылықтар болуы мүмкін. Себебі марқұмның жаназасын шығаруды, құдайы ас беруді, жұма намазында жамағатқа уағыз айтуды, жалпы, мешітке күнделікті келетін азаматтарға ғибадат айтуды тек ер кісі атқару керек. Ал әйел кісілердің бұл діни рәсімдерді атқаруына болмайды. Былайша айтқанда, пайғамбарлық міндет ер азаматқа жүктелгендіктен, дінді жалғастырушылар ер адамдар деп айтқанымыз дұрыс болады. Сондықтан діни рәсімдерді атқару – ер азаматтардың міндеті. Бір жағынан бұл заңды құбылыс. Менің ойымша, мүфтидің орынбасары әйел кісі болу керек деген сөзге біздің қазіргі жағдайымызда еш қажеттілік жоқ. Мұндай мәселені күн тәртібінде қарастырмаймыз", – деді діни басқарманың ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы. 

Ағабек Қонарбайұлының ойынша, ашық қоғамда өмір сүргендіктен, әркім өз пікірін жеткізуге құқығы бар. Бірақ дінтанушының бұл мәселені қозғап отырғанын жөнсіз деп отыр.

"Әлеуметтік желіде оқырмандардың басым көпшілігі дінтанушыны тәртіпке келтіріп жатыр. Дінтанушыға "неліктен мұндай пікірді айтасың?", "бұл діни рәсімдерді тек ер адамдар атқаратынын білмейсің бе?" секілді пікір қайшылығы туындап жатыр. Орынсыз пікір айту қажет емес деп санаймыз. Дәл қазір ол дінтанушының қоғамда мұндай пікір қайшылығын тудыруы маңызды деп есептемейміз. Бұл мәселені қарастыру күн тәртібімізде жоқ", – деді Ағабек Қонарбайұлы.

Сондай-ақ ол ҚМДБ құрамында әйел азаматшалар жұмыс істемейді деген сөз мұлдем шындыққа жанаспайтынын айтады.

"Бұл діни басқармадан хабары жоқ адамның пікірі деп есептейміз. Егер діни басқараманың жұмысы, қызметкерлері туралы хабардар болса, бұлай айтпас еді. Бізде "Әйел-қыздар" деген үлкен сектор жұмыс істейді. Сол сектордың жетекшісі әйел кісі болғандықтан, тиісінше сектор мамандары да азаматшалардан құралған", – дейді ол. 

Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, әйел-қыздар секторының аймақтағы бөлімшелерінде де әйелдер жұмыс істейді. 

"Бұдан бөлек, діни мекеменің жанынан құрылған зекет және қайырымдылық қорында әйелдер, жас қыздар жұмыс істейді. Қордың 50%-дан астамын әйелдерден тұрады. Сонымен қатар "Халал даму" стандарттау және сертификаттау орталығында қыз-келіншектер қызмет атқарады. Сондықтан діни басқармада мүлде әйел жұмыс істемейді деген сөз жалған", – деді басқарма өкілі.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.