Әйнек сынықтарына жан бітірген



жүктеу 26.37 Kb.
Дата06.05.2019
өлшемі26.37 Kb.

Әйнек сынықтарына жан бітірген


25.10.2012 | Айдары: Негізгі бет,Ноу-хау

Жүйрікті құлын кезінен таниды деген. Білім мен ілімге ұмтылған бала мектеп қабырғасында жүріп-ақ көзге түсе бастайды. Айнұр Монтаева сондай жас талаптардың бірі.

Ол Орал қаласындағы М.Мәметова атындағы №27 қазақ орта мектебінде оқыды. Елгезек, көрсем, білсем деп тұратын қасиеті оны білім көкжиегіне қарай тарта берді. Оның үстіне әкесі Сәрсенбек те ұстаз, физика пәнінің маманы. Содан болар Айнұрдың да таңдауы физикаға түсті. Мектепте түрлі олимпиадаларға қатысып, облыста жүлделі орындардан көрініп жүрді.

–Әкемнің физикаға бейімдеуі осы пәнге деген құштарлығымды оята түсті. Сондықтан да Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің машина жасау факультетіне құрылыс мамандығы бойынша оқуға түскенде дұрыс таңдау жасағаныма көзім жетті, – дейді Айнұр.– Биыл оқуды ойдағыдай аяқтап, «Болашақ» бағдарламасымен осы университетте «Құрылыстағы экономика және менеджемент» саласы бойынша магистратурада оқып жатырмын.

–Студенттік кезеңде білім мен ғылымды қатар ұштастыруға мүмкіндік мол болған шығар?

– Әрине, университетте ізденгіш жастар үшін бәрі бар. Мұнда да түрлі ғылыми жобаларға қатысып жүрдім. Мәселен, екінші курста Алматыда өткен республикалық сында жүлделі үшінші орын алдым. Сосын төртінші курстың соңғы семестрінде Білім және ғылым министрлігінің «Академиялық алмасу» бағдарламасы бойынша Чехияда оқып, емтиханды жақсы тапсырып келдім.



–«Академиялық алмасу» бағдарламасы бойынша студентке ең алдымен қандай талап қойылады?

Тіл білу, ағылшынша еркін сөйлесе білу керек.



– Өзің ағылшын тілін жақсы меңгергенсің бе?

– Иә, ата-анам оқушы кезімнен осы мәселеге ерекше ден қойып, тіл үйренуімді талап ететін. Қазір міне, өзім зерттеген ғылыми жобамды одан әрі негіздей түссем деймін.



– Ізденісің неге байланысты?

–Құрылыс материалы туралы… Атап айтқанда көбікәйнектер….

Айнұр Монтаева патентке ие болған ғылыми жаңалығын орынды мақтан етеді. Себебі, бұл өндіріске енгізілетін тың өнертабыс, елімізде энергияны үнемдеуге байланысты талаптар үдесіне сай келеді. Қазақстанда «Энергияны үнемдеу туралы» Заң да шықты. Үкіметтің энергиялық тиімді үйлер мен ғимараттарды жобалау және олардың құрылысы туралы бағдарламасы бар. Соған байланысты жылу оқшаулағыш материалдар жасауға барынша көңіл бөлінуде.

–Әрине, бұл орайда жергілікті материалдарды пайдалануға баса мән беріледі. Біз көп шығын болып жататын әйнек сынықтарын қайыра керекке жаратып, жаңа инновациялық технология ойлап таптық, – дейді Айнұр.



–Біз дегеніңе қарағанда команда боп жұмыс істеп жатырсыңдар ма?

–Иә, менен басқа жетекшілерім техника ғылымының докторы Сәрсенбек Монтаев, техника ғылымының кандидаттары Бекболат Жәкешов пен Нұргүл Әділова, техника ғылымының магистрі Азамат Тасқалиев бар.



–Көбікәйнек қандай түрде шығарылады?

– Оны кірпіш сияқты қалауға болатындай немесе өзге құрылыс материалдары сияқты жапсырып қоятындай етіп түрлі формада жасауға болады. Материалдың артықшылығы, біріншіден жылу ұстайды, екіншіден ол жанбайды әрі шірімейді. Текке ысырап болып жатқан әйнек сынықтары қайтадан іске қосылады, қазіргі материалдарға қарағанда экономикалық тиімділігі 1,5-2 есе артық.

Жас ғалым осылай дейді. Ізденіс тағы да ізденіс дейтін қағиданы берік ұстанған ол жетекші ұстаздарымен бірге тынбай жұмыс істеуде. Биыл осы жоба Астанадағы «Технопарктың» грантын жеңіп алыпты. Енді оны өндіріске енгізу амалдары жасалып, бірінші кезеңі аяқталған екен. Тағы бір мәселе, жоба Американың «CrDF – Глобл» қоғамдық бірлестігі Қазақстан-Британ университеті базасында ұйымдастырған «Техноприз» атты инновациялық жобалар конкурсының жеңімпазы деп танылыпты.

Алысқа жүзу үшін кішкене қайыққа үлкен желкен керек. Осындай өрелі істің бел ортасында жүрген жас ғалым 2 патенттің, 10 ғылыми мақаланың авторы Айнұр Монтаеваға біз үлкен желкен серік болсын деп тіледік.



Ғазиз Құрмашұлы

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет