Екі майданныњ куєгері



жүктеу 31.91 Kb.
Дата19.10.2017
өлшемі31.91 Kb.

ЕКІ МАЙДАННЫҢ КУӘГЕРІ

Егемен Қазақстан, 7 мамыр 2010 ж.

Ел шетіне жау келсе ер азамат­тар желдің өтінде жүреді. Кешегі күндей күркіреген екінші дүние­жүзілік соғыс қазақтың мыңдаған асыл азаматтарының өмірін үзді. Ет жақынынан айырылу – адам үшін ең ауыр қайғы. Соғыс салған жара бүгін де жазылған жоқ, талаураған ісіктей әлі де жүрек сыздатады.

Біз арнайы іздеп барған май­дан­гер Айдарбек Мақанұлы 1941 жылғы киген солдат шинелін Жа­пон жеріндегі кеңес армия­сының жеңісі­нен кейін шешкен азамат.

Сұңғыла кісі. Өмірден оқыған, тоқығаны мол. Бертінге дейін “Еге­мен Қазақстанды” үзбей оқи­тын қария көз нұры нашар­лағалы теле­дидар ақпараттарына құлағын түріп отырады екен.

Екі майданның өтін көрген қария­да соғыс жайлы айтар әңгіме, әрине, көп. Бірақ, талай рет айты­лып, талай рет жазылған оқиға­ларды қайталауға қарттың онша­лықты зауқы соқпады. Екі рет Отан соғысы орденімен, бір рет жауын­герлік Қызыл Ту орденімен, сондай-ақ Германия мен Жапония­дағы жорық жолдарында алған медаль­дары таңды-таңға ұрып әңгіме айтуға кәміл жетер еді.

Алайда, қарт майдангер әңгі­мені басқа қырдан бастады.

– Жариялылық, сөз бостан­дығы дегенді желеу етіп, ел ішінде әр қилы әңгіме айтатындар көбей­ді, – дейді Айдарбек қария. – Неміс­ті жеңіп не керек еді. Олар бізді басып алғанда немістердей өмірге пысық болып, неміс сырасын сораптап отырар едік дегенді де құлағымыз естіді. Бұл майдан даласында елім, жерім, ұрпа­ғым деп, топырағы­мыздың шетін жау баспасын деп қу жаны­мызды шү­бе­рекке түйген, сыз окоптың тү­бін­де апталап түнеген, күн, түн қа­тып, жаңбырдай бораған оқтың ішінде жүрген барлық май­дан­гер­лерге ауыр тиеді. Қазақтың майдан даласында қалған арыстан жүректі, жолбарыстай сесті мыңда­ған азамат­тарының әруағын сыйла­мау ғой бұл. Кім үшін қан төктік. Бүгінгі айт­қыш­тар жеңіл-желпі сөзімен талай май­дангер­лердің жүрегіне жара салды.

Бодан болудан, өз еркіңмен құл болудан асқан қорлық жоқ қой. Неміс концлагерінде миллиондаған тағдырлардың азаппен өлгенін қалай ұмытуға болады?!

Газет оқығыш, теледидар ақпа­ратын тыңдағыш Айдарбек қарт: “Тәуелсіздік ­– біздің бақыты­мыз” дегенді айтты.

Айтатындай бар еді. Бабасы Тортай әжі қазақтың қадірлі азаматы болған. Әкесі Махан зама­нының алды, дәулетті кісі еді. Керуен-басы бо­лып Орта Азия әс­кери округінің шекарашыларға жіберетін азық-түлік, киім-кешегін, оқ-дәрісін түйелерімен Қытай, Ауған жерлеріне дейін тасымалда­ған. Бала-шағам, ағайын-туысым дүниеден тарлық көрмесін деп дү­ние жинаған әке бай­лығының өзіне бәле болып жабысарын білген бе. Азат басы қор болып, кәмпес­кеге ілігеді. Үкіметке қарсы келер пәр­мен жоқ, сағалап Өзбекстанға өтеді.

Айдарбек Маханұлы 1936 жылы Ташкенттегі жұмысшылар факуль­тетінде оқып, Ташкенттің Орджо­никидзе ауданына қарайтын Еңбек­ші ауы­лында мұғалім болады. Сол жерден майданға аттанған.

– Егемен болмай ел болмас

Етектен кесіп жең болмас, – деп бабаларымыз неге айтты дейсің. Өз алдына ел болмағаннан кейін бұ қазақтың тартқан азабы басынан асады. ХХ ғасырдың басындағы санақ­та қазақ Орта Азия елдерінің алды болып, алты миллионға жеткен екен. Нәубет жылдары саясаттың құлы болып, қазақ қойдай қырыл­мағанда біз бүгін 50-60 миллион болып, теңіздей толқып отырмас па едік. Соның бәрі өз еркіміз өзімізде емес, өзге күшті елге бодан болған­дығымыздың кесірі.

Майдангер қарт осылай деп толғанады.

Алағай да бұлағай заманда тары­дай шашылған қазақтың бірі Айдар­бек Бекжанов соғыс­тан соң 1965 жылға дейін Өзбек­станда жұмыс істеген. Шаруа­шылық­тарда, жеңіл өнеркәсіп саласында басшы болған. Ес жиған ағайыны жат бо­лып кетеміз деп елге шақырғанда келді.

Өзге елде шекеңнен шеруен атып жүрсең де туған жеріңнің, ағайын-туғаныңның ортасында жүргеннен артық ештеңе бол­май­ды екен. Асыл жар сүйді. Дүние­ге Бек­жановтар әулетінің тамырын терең­ге жіберіп, жапы­рағын жай­қалтып ұл келді. Ауыл, ел емес, алты алаш аузы­на қа­рай­­тын азамат болды –  Берігі. Жүрегін майдай ерітіп немерелер жүр жанында. Адамға артық көп нәрсе керек емес екен. Әрине, қанағаты барға.

Германия мен Жапон жерін­де керзі етігі күрпілдеп, ұлы Же­ңісті жақындатуға өз үлесін қос­қан Ай­дарбектей ақсақал Ота­ныңнан қымбат ештеңе жоқ дейді.

Тәуелсіз Қазақстанның бай­рағы биікте желбірейді. Елдің ең­сесі берік, іргесі мықты. Бұ­рын­ғыдай жан-жағындағы елдер басы­нып, қылышы қыл­тың­дап, зеңбі­регі шошаңдап келе бере­тін, бодан қылғысы келетіндер енді жоқ. Әулетті Қазақстанмен санасады. Мәңгі достық қарым-қатынаста бола­йық дейді. Өз жері өзіне сайғақ құрлы пана болмай шілдің қиындай тозып кете жаздаған қазақ бүгін Еуро­паның төрінде малдас құ­рып отыр. 56 мем­ле­кет аузына қарай­ды. Кесіміне жүгінеді. Айтқанын орындайды. Бұл – қазақ бала­сының бақыты ғой.

Байдың тұқымы деп туған жерінде тұқымы тұздай құри жаз­даған соң көрші елдерге ке­тіп жан сауғалаған, бүгінде тә­уел­сіз Қазақ­станның әрбір ат­қан таңына шүкіршілік айту­дан жалықпайтын Айдар­бектей майдангер қария­ңыздың айтары осы.



Бақтияр ТАЙЖАН.

Оңтүстік Қазақстан облысы.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет