Елімізде өзін кәсіби маман ретінде таныстырып, ақша тауып жүрген психолог сымақтар көбейген. Сарапшылар көпшілікті 3 айлық курс оқып, өзін тәжірибелі психолог деп таныстыратындардан сақ болуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Қысқа уақытта онлайн курс оқып алған “психологтар” әлеуметтік желіде өз қызметін белсенді жарнамалап жүр. Сарапшылар мұндай психолог сымақтарға алданып қалатындар үшін бұл қауіпті екенін ескертті. 

“3 айда онлайн курс оқып, психолог атан”. Интернетте осындай жарнамалардан көз сүрінеді. Осындай курстардан өстіп, “тәжірибелі” психолог атану сәнге айналды. Өйткені бұл абыройлы әрі жақсы табыс әкелетін мамандық. Онымен қоймай жұмысқа бармай, үйден істеуге де мүмкіндік бар. Ұсыныс болған жерде сұраныс та болады. Алайда қысқа уақытта “кәсіби маман” болған психологтар адамдардың жан жарасын емдеудің орнына, керісінше, денсаулығына зиян келтіруі әбден мүмкін. 

“Бәлкім, арада 6 ай уақыт өткенде сіз психологиялық мәселелерге тап болуыңыз мүмкін. Адам бір мәселенің шешімін таппай жүргенде, психолог сымақтар тәжірибесінің жоқтығынан, оны асқындырып жіберуі мүмкін. Одан кейін науқастың жан жарасын жазу қиынға соғады”, – дейді психолог Герман Владимиров.

Сарапшылардың айтуынша, өзін кәсіби психологпын деп таныстырып, адамдарға жәрдем беру үшін” көп уақыт білім алу керек. 

“Мысалы, хирург дәрігер бағдарламадағы барлық сабақты қысқартып, 3 айда оқытып шықты дейік. Бұл мүмкін емес нәрсе. Психолог болу үшін жоғарғы оқу орнының дипломы да жеткіліксіз. Жоғарғы оқу орнындағы алған білім болашақ дәрігерге бағыт-бағдар береді. Бірақ психологиямен кәсіби түрде айналысу үшін білімнен бөлек, жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері мен құрал-жабдығы керек. Сол себепті психолог боламын деушілер міндетті түрде университеттен кейін де білім алу керек”, – дейді психотерапевт Игорь Александров. 

Сондай-ақ психолог маманға жүгінген науқас ғылыми әдіс пен ғылыми емес әдіс-тәсілдерді де айыра алғаны жөн. Кейбір психолог сымақтар психологиямен қатар таромен диагностика жасап, тіпті көп ақша табу үшін кей науқастарға түрлі бадтар қабылдауға кеңес береді. Сол себепті сарапшылар көпшілікті әр жерде “айғайлап” тұратын жарнамаларға сенбеуге шақырды. Сондай-ақ білікті, белгілі психолог мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес берді. Тек өз ісінің мамандары ғана науқас пен оның жай-күйіне жауапкершілік алады. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.