Экологиялық қауіпсіздікті бағалаудың тиімді шаралары Қисанов Ж.Қ., Нұғманов И.,Сейітқазиев Ә. С



жүктеу 74.69 Kb.
Дата03.05.2019
өлшемі74.69 Kb.

ӘОЖ 631.95:574.3
Экологиялық қауіпсіздікті бағалаудың тиімді шаралары
Қисанов Ж.Қ., Нұғманов И.,Сейітқазиев Ә.С.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Тараз


Табиғи жүйелердің экологиялық тұрақтылығын жасау- мемлекетіміздегі әлеуметтік, экологиялық және инновациялық құрылымдарды жақсартудың жаңа технологиялардың шешімін табудың негізгі де, маңызды міндеттері болатындығын, әрбір жергілікті және аймақтық экологиялық мәселелерді шешу қажеттілігінен туындайды. Дегенмен, шаруашылықта орын алған антропогендік іс-әрекеттердің нәтижесі табиғи ортаның бұзылуына әкеледі. Мұндай жағдайлар, әсіресе, агроөнеркәсіптің түрлі салаларында, онда агроландшафтың негізін құраушылардағы геологиялық және биологиялық заттар мен энергияның айналымы бұзылып,биологиялық әртүрлілік төмендеп, табиғи ландшафтардың негізгі қасиеттері мен құрылымында өзгерістер туындап, қайта қалпына келетін қорлардың өндіргіш үрдісіндегі ластану мен бұзылу жағдайлары жалғасады .

Жоғарыда аталған мәселелердің табиғаттағы көрінісі көзалдымызда,дәлелді ықпалдармен айқындалуда. Ауа райының өзгеруінен құрғақшылық артып, олар жыл сайын қайталануда, биологиялық алуан түрлілік азайып, жыртылған топырақтың тұрақтылығы төмендеп, оның тозып- жарамсыздануы мен ауаға ұшуы күн санап көбеюде.Геологиялық және биологиялық айналымдар, топырақтағы химиялық элементтер мен органикалық заттар тепе-теңдігі, сонымен қатар, агроландшафтардың қалыптасу жағдайлары өзгеріп, ауыл шаруашылық өндірісінің тұрақтылығы мен тиімділігі агроландшафтардағы экологиялық тұрақтылық төмендеді. Атап айтсақ экологиялық қауіпсіздік жағдайлары, егіс танаптарында, жер асты және бетіндегі су қорларында, сондай-ақ, қоршаған табиғи ортаның қорғау деңгейінде сақталмады.

Экологиялық мәселелердің дұрыс шешімін тауып, табиғи агроландшафтың әр түрлі салаларында өз деңгейінде жүзеге асырлмай келеді. Адамның іс-әрекеті мен өндірістік күштерді тиімдіде дұрыс қолданбаудың нәтижесінде, әсіресе, суғармалы егіс алқаптарында топырақтың шөлейттеніп, тозу үрдісіне келу кең етек жайды: жел және сумен тозуы, сор және сортаңдану,қышқылдану, қара шірік қорының төмендеуі, топырақ құнарлылығының табиғи және экономикалық деңгейде төмендеуі, қоректік минералдық элементтер тапшылығы, топырақтың техногенді ластануы, егістікті су басуы,жер асты суларының көтерілуі, жергілікті жерлерде шамадан тыс дымқылдануы тағы басқа апатты жағдайлардың көбеюі туындады.

Әлемге таралған әдебиеттердегі ғылыми көзқарастар мен ғаламторға көз жіберсек: су тапшылығы айдан анық, тұщы судың көлемі небары -2,5 %, ал ащы су 97,5 %, қазіргі тіршілігімізде 1,5-2 млрд. га жер өнім бермейтін жағдайға келді.Жыл сайын әлемдік ауыл шаруашылығының пайдалануынан шығып қалған жерлер 8-10 млн.га, тіпті кейде 15-20 млн.га жер өнімділік бермейді. Бұл жерлер шөл және шөлейтке айналуда.

Қазақстан Республикасындағы жер қорларының облыстар бойынша ауыл шаруашылыққа қажетті алқаптарының аудандары, олардың пайдалануы әр түрлі сипаттағы мақсатты жағдайларды айқындайды. Барлық жерлер көлемі :272,49 млн.га; соның ішінде ауыл шаруашылығы алқаптары: 222,626 млн. га; олардың ішінде: егістік -22,657; көп жылдық көшеттер-0,122; тыңайған жерлер-5.687; шабындықтар-5,048;жайылымдықтар-189,034; орманды аудандары-14,33; батпақты -1,102; су астында-7,714; бүлінген жерлер-0,171 млн.га; т.б. Ал жалпы суғармалы жерлердің көлемі (1991-2003 жылдар аралығында) 2.3795 млн.га-ға дейін, яғни 248,3 мың га төмендеген [1].

Жердегі топырақ құнарлылығына әсер ететін қасиеттері бойынша егістік сипаттамасы: облыстар бойынша-22,6569 млн.га; соның ішінде: кері әсерлерге ұшырамағандар-14,631 млн.га; яғни 64,5 % құрайды; тұзданған -2,027 млн.га,яғни 8,95 % сортаңданған -2,534 млн.га, яғни 11,2%; құнарлығы шайылған-1,0503 млн.га, яғни 4,64%, бүлінген, су және желмен тозған жерлер-0,658 млн.га, яғни 2,9% құрайды. Сонымен негізгі, ластанып, егістік көлеміндегі жарамайтын жерлер: 8,026 млн.га, яғни 35,5%.

Ал деградацияға тозуға ұшыраған жайылымдар 26,596 млн..га, оның ішінде бүлінгендері-9,814 млн.га, яғни 34,5% құрайды.Жоғарыда көрсетілген мәліметтер негізінде егіс алқаптары мен жайлымдықтардың қандай деңгейде екендігін байқадық. Республикамыздағы табиғи ауыл шаруашылық аймақтарының: қуаң даласы-22,9%, шөлейтті-13,7%, шөлді-41,7% құрайтынын ескерсек, ғалымдар, мелиоратор-экологтардың алдағы уақытта қаншалықты жұмыс істеп, тіршілік қабілеті төмендеген аймақтары жақсарту шараларын жобалаудың, жоспарлаудың және оған сапалық деңгейін көтеру мақсатындағы күрделі істердің күтіп тұрғаны айқын.

Ал,тек Жамбыл облысын алсақ, шөлейтті аймаққа бүкіл облыс көлемінің 70,5% (Бетпақ дала, Мойынқұм және Шу өзенінін төменгі бөлігі), ал шөлейтті-далалы аймақ-17,4% құрайды. Қалғаны таулы-далалық аймаққа-7,5% кіреді.

Облыс көлеміндегі атмосфералық ауаны, су көздерін, өнеркәсіп- қалдықтары және басқа қалдықтарымен қоршаған ортаның ластану деңгейлері төмендегідей: атмосфераны ластаушы заттардың қалдықтары, химия саласында 35,2%-жылу энергетика -20,4%, тау-кен өндіру-68%, газдарда-77%, тұрмыстық-2,6%, басқа мекемелерде-27,62% [1-3].

Су қорларының жағдайы: химия саласы -4,26%, тұрмыстық- 58,̣ %, тамақ-̣ 6,3%, тау-кен өндіру-17%, газ-0,35%, құрылыс -0,046%, жылуэнергетика-0,045%, басқа мекемелері-13%. Ал сарқынды сулардың шығарындылары бойынша: химия саласында-3,07%, тұрмыстық шаруашылыққа-76%, тамақ-2,95%, жылу энергетика-0,71%, тау-кен өндіру-7,69%, газ -0,22%, құрылыс-0,02 % басқа мәселелерде-9,09%.Облыстағы өндірістік қалдықтардың орналасуы бойынша: ашық көлдердегі жыныстарда-93%, химиялық қалдықтар 5,4% басқа мекемелерде-1,6%.

Жоғарыда көрсетілген ауаны және су көздерін ластаушылардың ең қауіпті де өзекті мәселе тудырып отырған химиялық өндіріс саласы мен тұрмыстық шаруашылықтағы сарқынды суларды тастайтын және тазалайтын нысандардың өз деңгейінде болмағандығы, бұл салада су қорғау аймақтарының жобаланбауы, оның негізгі себебі мемлекеттік қаржының бөлінбеуі.Соның себебінен, тұрмыстық шаруашылықтың шекті рауалы концентрациядан жоғары болып, тіршілік қабілетін әлсіретіп аурулардың көбеюіне әкеледі.

ТМД мемлекеттерінің суғармалы жерлердің мелиоративтік күйін зерттеу мәліметтеріне сүйенсек [3] Қазақстан Республикасының жалпы суғармалы жерлерінің ауданы 2,36 млн.га. Ыза суы деңгейі (ЫСД) 3м-ден төменгі ауданы 0,635 млн.га, яғни 27% құрайды. Топырақтың тұздануы бойынша (1м) орташа және күшті тұзданған жерлер – 0,231 млн.га, яғни 9,8%, сортаңданғаны-0,175 млн.га, яғни 7,4%.Сонымен, өңдеуді қажет ететін, мелиоративтік-экологиялық шаралардың тиімді технологиясын талап ететін егіншілікке жарамсыз, қолайсыз жерлердің ауданы-44,22% құрайды. Бұл 1989 жылғы яғни 20 жыл бұрынғы мелиоративтік кадастрдың мәліметтері өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сондықтанда, жерді жақсартудағы экологиялық қауіпсіздікті жетілдіру жүйесіндегі шаралар, адам тіршілігі үшін қолайлы кезеңін сақтау және геожүйе қызметінің динамикалық (өзгерістік) жағдайларында экологиялық тепе-теңдікті жасау, топырақтың құнарлылығын, заттар алмасуын және қасиеттерінің тиімділігін арттыру мақсатына бағытталған болуы қажет.

Топырақты жақсартудағы экологиялық-мелиоративтік тұжырымдаманың негізгілері:


  • су, жер қорларын қорғау және пайдалану, жақсартылатын жерлер көлемін бағалауда ландшафтық-геохимиялық қағидалары;

  • агромелиоративтік, экологиялық, инженерлік-мелиоративтік, орман мелиоративтік және басқа шаралар, біріне-бірін қарама-қарсы қоймау адаптивтік (бейімділік) тәсілдерді қолдану;

  • қоршаған ортаны қорғауда, топырақтың құнарлығын арттыру және сақтау, жақсартылған жерлерді тиімді пайдалануда жер пайдаланушылардың әлеуметтік-экономикалыққызығушылығы;

  • геожүйелерді жобалауда топырақтық-экологиялық жүйелік талдауды қолдану;

  • экологиялық жақсарту жұмыстары – экологиялық қауіпсіз, әлеуметтігі қамтылған, суды үнемді сақтайтын, топырақ және табиғаты қорғалған, экономикасы тиімді болып, ұзақ мерзімді болжамдағы жоғары мүмкіндікке негізделуі.

Қазақстан Республикасы алқаптарындағы топырақ экологиясын баяндауда ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің экологиялық жағдайын көрсететін мәліметтерді ескермеуге болмайды. Тозуға ұшыраған жер көлемі бүгінде 87,6 млн.га, оның ішінде 22,1 млн.га егістік жерді, 38,7 млн,га сор жерді, 69 млн,га сортаң жерді, 8,4 млн.га құрғап кеткен жерді және 2,1 млн,га батпаққа айналған жерді құрайды. Соңғы мәліметтер бойынша республика алқабының 180 млн.га, яғни 60%-ы шөлге айналған, 10 млн.га химиялық және радиоактивті заттармен ластанып отыр. Батыс Қазақстан аймағында мұнай-газ өнеркәсібінің қарқындап дамуынан, топырақтың техногенді бүлінуі 2,5 млн.га, ал тозған алқап 3 млн.га жерді алып жатыр[4-5].

Қазіргі уақытта қоршаған орта қауіпсіздігін бағалауда алға қойылатын негізгі өзекті мәселелер-ластаушы көздерден сақтап, одан қорғаудың тиімді де, үнемді жаңа құрылымды технологияларын жасап, өндіріске енгізу.

Қоршаған ортаны ластаушылардың негізгі көздері-өнеркәсіп, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, мұнай мен газ өндірушілер т.б., аталған нысандар табиғи жүйелерді ластайды және бүлінуге әкеледі, сонымен қатар адам денсаулығына зиян келтіреді. Ал біздің көздеп отырған бағытымыз экологиялық қауіпсіздігіміз шаруашылық мекемелерінен қаржылық, заңдылық және техникалық шаралардың көп салалығын қамтамасыз етеді: экологиялық заңдарды және нормативті құжаттарды дайындау, техникалық жаңа құрылымды жүйелер жасау, қоршаған ортаға зияндылық әсерін төмендету және жаңа табиғатты қорғаудың технологиялары.

Экологиялық қауіпсіздік жайлы сөз болғанда, ең алдымен, табиғатты қорғау және табиғат қорларын тиімді пайдалануды айтамыз. Дамыған мемлекеттерде тұрақты даму бағдарламасында, экологиялық қауіпсіздік жағдайында-жалпы ұлттық өнімнен (ЖҰӨ) 2-3% бөлінеді, ал экологиялық жағдайды жақсарту үшін 5% дейін, ал біздің елімізде бұл шама 0,5 %-ға да жетпейді.

Қоршаған ортаны қорғау (ауа, жер, су, ландшафт, фауна және флора) салаларында әлемдік тәжірибелер жеткілікті. Суармалы егістікте су тапшылығы орын алуда (Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары). Дегенмен, Қазақстан Республикасында жер асты су қорлары жеткілікті, тіпті, далалы- шөлейтті аймақтарда жер асты су қорларын пайдалану, оларды ластанудан қорғау, сақтау жұмыстары мүлдем жоққа тән.

Жер асты су қорларын игеріп, оларды егістік үшін - жаңа құрылымды жаңбырлатқыш машиналар: Кубань, Фрегат, Днепр, Волжанка, ДДА100МА т.б. арқылы өндіріске неге қолданбасқа? Суды тиімді пайдалануда Қазақстан ғалымдары ешбір мемлекеттен кем білмейді. Әсіресе, жаңбырлатып суғарудың ең қолайлы да, тиімді саласы - тамшылатып суғару. Тамшылатып суғаруды бүкіл әлем халықтары игеруде. Сондықтан да, мемлекетіміз осы салаға конкурс жариялап, ең тиімді технологиясына қолдау жасаса құба-құп.

Жаңбырлатып суғару, оның ішінде тамшылатып суғарудың технологиясы - суды үнемдеудің ең тамаша үлгісі, ал экологиялық тұрғыда мұндай технология әлі табылған жоқ.

Жер асты суларын пайдалану, топырақ астынан суғару, оның механикасы мен технологиясы ТМД мемлекеттерінде кеңінен таралған.



Қорыта айтқанда, жоғарыда айтылған табиғатты қорғаудың барлық саласында комплексті түрде ғылыми - зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұл бағытта студент, магистрант және докторанттар, жас ғалымдар жүйелі түрде ізденуді қажет етеді. Өнертабыстар жеткілікті, оларды өндіріске енгізу жолдары қарастырылып, өндіріс орындарын тауып, білікті кәсіпкерлер демеуші болып отырса, ғылым өзінің жаңа үрдісті жолын табады деген сенімдеміз.
Әдебиет


  1. Қазақстанның жер ресурстары 1(28).2005, С.27-36.

  2. Экологический доклад // Жамбылской области,2007.

  3. Зимовец Б.А., Зайдельман Ф.Р., и др. Экологическая концепция мелиорации почв.//Почвоведение, 1993, №6, С.71-78.

  4. Байсенова Ә., Шілдебаев Ж. Экология. Алматы, 2005, 176б.

  5. Сейітқазиев Ә.С. Суғармалы геожүйелердегі тұзданған топырақтың су-тұз алмасуы. Тараз, 2010,-296б.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет