Экономикадағы инновациялық дамудың жаңа бағыттары



жүктеу 42.24 Kb.
Дата19.11.2018
өлшемі42.24 Kb.

ЭКОНОМИКАДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ
Молдабаева А.У., Усбанова Г.Ш., Хамзина А.С.

(М.Козыбаев атындағы СҚМУ)

«Инновация» терминi латын тілінен алынған, ол - «жаңару, өзгеру» дегендi бiлдiредi. Инновация - жаңа немесе жетілдірілген өнім (жұмыс, қызмет) немесе технологиялар түрінде іске асырылған, практикалық қызметте пайдалану кезінде сапалық артықшылықтарға ие әрі экономикалық және қоғамдық пайдасы бар ғылыми техникалық нәтиже.

Әлемдік экономиканың дамуы бүгінгі таңда аса өзекті мәселе болып табылады. Себебі, қазіргі жаһандану заманында кез-келген мемлекет өз азаматтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға талпынады. Осы мақсатқа жету барысында халықаралық мамандану мен кооперацияның тереңдеуі, елдер арасында технологиялармен алмасу арқылы инновациялық жағдайын дамыту – экономикалық өрлеудің маңызды факторына айналуда.

Бүгінгі таңда инновациялық типті экономикаға жалпы дүние жүзінің көптеген елдері еніп келеді. Инновацияны дамытуды бұрыннан бастап кеткен аса дамыған елдер де бар. Соның біріне бүгінде экономикасы дамыған, әлемдік экономикада көш бастап келетін АҚШ-ты жатқызуға болады.

Сол сияқты Қазақстанның да басымды мақсаттарының бірі – инновациялық жағдайды дамыту арқылы әлемдік экономикалық жүйеге Қазақстанның кіруінің нәтижелі жүйесін құру.

Негізінен индустриалды-инновациялық бағыт дағдарыстан кейінгі Қазақстанның даму үлгісінің негізі болып табылады.

Инновация жаңа экономиканы жаңғыртудың, өсудің бастамасы болып табылады. Инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруда өндірістік, ғылым мен білім салаларының рөлі айрықша. Қазіргі әлемде ғылымның жетістіктері мен озық технологияларды жаңаша ұйымдастыру мен басқару әдістерін өндіріске енгізу ең басты мәселе.

Қазіргі әлем білімнің заманы деуге болады. Себебі, білімді жастары бар елдің болашағы жарқын болады. Елімізде сапалы, білімді мамандар мен заман сұранысына жауап беретін жаңа буын кадрларын даярлау қажет. Инновациялық жүйені тиімді пайдалануға көптеген жаңа идеялар ұсына алатын білікті мамандар экономиканы алға бастыра алады.

Елбасымыздың 2012 жылғы Жолдауында біліктілікті жоғарылату, интеграцияланған орталықтар ашу, білімнің қажеттілігін арттыру, жастардың бойына патриоттық, адамгершілік, заңға бағынушылық сияқты қасиеттерді дарыту, отандық ғылымдарды жаңғырту, инновациялық әлеуетті өсіру басты міндеттер ретінде аталған.

Қазақстанның үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру ең басты мақсат болып табылады. Бұл бағыт заманауи ғылыми-техникалық, технологиялық жаңа бастамаларды қажет етеді.

Қазақстанда ғылыми-техникалық, технологиялық прогрестің стратегиясы мен тактикасын жасау, олардың инновациялық қажеттілігін өзекті сұраныс ретінде қарастыру, барлық ғылыми-техникалық, технологиялық бағыттарды анықтап, бір жүйеге келтіру бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Қазақстанның «EXPO-2017» дүниежүзілік көрмесін өткізу құқығына ие болуы Қазақстанды әлем елдеріне танытудың жаңа кезеңі деп айтуға болады. «ЭКСПО көрмесі – жаһандық ауқымдағы оқиға. Ол маңыздылығы жағынан ірі экономикалық форумдармен, туристік  тартымдылығы бойынша әлемдегі ең танымал спорттық ойындармен салыстыруға болады. Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады» - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол инновациялық дамудағы қуатты серпінге негіз болады. ЭКСПО-2017 көрмесінің инновациялық, экономикалық басқару жүйесінде маңызы өте үлкен. Бұл – Қазақстанға деген дүниежүзі мемлекеттерінің зор сенімі, бұл – Қазақстанның дүнежүзіне танымал болып келе жатқанының белгісі болып табылады.

ЭКСПО-2017 көрмесінің мақсаты 150-ден астам елдегі бүгінгі ең үздік техника мен инновациялық технологияларды көрсету. Бұл үлкен жаңалық. Біздің ел де, бастамашы ретінде, өз жетістіктерімізді көрсете алады, мысалы: күн модульдері, жел электр стансалары құрылысы, тау өзендерінің қуатын пайдалану, жер асты энергиясын пайдалану.

«ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыру үшін Қазақстан «Болашақтың энергиясы» атты тақырыпты ұсынды. Ол ең алдымен, баламалы энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы мен оны тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталған.

Орнықты энергиямен жабдықтау жаһандық негізгі мәселе саналады, оны шешу экономикалық өсімді қамтамасыз ету және қоршаған ортаға жүктемені біруақытта төмендету кезінде әлеуметтік стандарттарды арттыру үшін қажет.

Қазақстанның бұл тақырыпты таңдауының өз негізі бар. Еліміз дәстүрлі энергиялық ресурстардың елеулі қорына ие бола отырып, баламалы энергия көздерін пайдалану жөніндегі шараларды дәйекті түрде қабылдауда және «жасыл» экономика құру бағытын ұстанған.

Жаңа бағыттардың бірі «жасыл инновацияларға» ұстанған бағыт болып табылады. Жоғары деңгейде мемлекеттік биліктің қолдауын алғаннан кейін әлеуетті перспективалық тренд, Елбасының мәлім етуінше және EXPO-2017 көрмесін өткізу тақырыбында осы бағыттың пайда болуына байланысты, отандық инновациялық жобалар пакетін жасақтауда негізгі секторға айналады.

Аталған бағыттағы инновациялық ұсыныстар алдағы жылдары мемлекеттік деңгейде сұранысқа және қолдауға ие болады деп пайымдауға болады.

ЕХРО ауқымында салынатын нысандар болашақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халықаралық, көрме және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, өнерімен, дәстүрлерімен, қонақжайлылығымен таныстырады, әлемдік қоғамдастықтың алдында Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдығын арттырады.

Елорданың мәдени дамуының да маңызы зор. ЕХРО өткізу кезінде Астанада әлемнің түпкір-түпкірінен әртүрлі мәдениеттер үні шырқалады. Көрме аумағында күн сайын концерттер, ұлттық күндер және басқа да ойын-сауық шаралары өткізіледі.




Әдебиет:

  1. Назарбаев Н. Ә. «Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму стратегиясы.» — Алматы, 2005. 25-31 бет.

  2. Назарбаев Н. Ә. «Елдегі жағдай, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы: Жаңа ғасырда қоғамды демократияландыру, экономикалық және саяси реформа. ҚР Президентінің қазақстан халқына жолдауы.» — Алматы, 1998. 17-28 бет.

  3. www.zhastar.biz/index

  4. www.stat.kz

  5. www.damu.kz



Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет