Ел болу жолындағы қазақ тарихы



жүктеу 66.32 Kb.
Дата20.04.2019
өлшемі66.32 Kb.

Ел болу жолындағы қазақ тарихы
Е. Н. Көпбаева

Жезқазған Технология және сервис колледжі
Қазақ  халқының тарихы - бірігу тарихы ...

Қазақ тарихында  қазақ ұялатын ештеңе жоқ.  

Н.Ә.Назарбаев.

«Мен – қазақпын» дейтін әр азаматты өзінің шыққан тегі толғантары сөзсіз. Ұлтжанды әр азамат халқының өткенін біліп, болашағына алаңдаса керек... «Мәңгілік ел» болу үшін де түп-тамырымызды тану қажет емес пе?!

Қазақтың шығу тарихына тоқталмас бұрын «қазақ» атауының шығу тегіне мән берсем деймін. Зерттеуші ғалымдар ғасырлар бойы «қазақ» сөзінің түп төркінін, семантикасын анықтау мақсатында сан алуан жорамалдар, ғылыми болжамдар жасаған. Бірақ әлі күнге ғылымда нақты дәлел, тоқ етер жауап жоқ.

«Қазақ» сөзінің пайда болуы жөнінде қазақ ғалымдары, ел даналары да түрлі пайымдаулар мен пікірлерін білдірген. Шоқан Уəлиханов “қазақ” сөзi əскери термин ретiнде қолданылып “ержүрек”, “батыл” деген мəндi бiлдiрген десе, Ұлы Абай қазақ деген “хузақи” (арабтың көшпелі тайпасының аты), немесе “шынымен қаз-ақ екен” (тіркеулі түйелі көшке қарап, қаздарға ұқсатып айтылған сөз) дегендерден шыққан дейді. Əбубəкiр Диваев “қаз” жəне “ұзақ”сөздерінен шыққан деген пікір айтқан.

Əлкей Марғұлан бұл пікірлермен келіспей, “Қаз-ақ” - “белая гусыня” “ғазы хақ” - ислам əсерімен шығарылған аңыз. Бұлардың ешбір ғылыми тарихи негізі жоқ” дейді. Шəкəрiм Құдайбердiұлы “қазақ” дегеннiң мағынасы “өз алдына ел болып, еркiн жүрген халық” деген сөз деп түсiндiредi. Кей деректерде бұл термин әлеуметтік мәнінде қолданылған "қазақлық" "қашақ" деген атаудан шықты дейді. Ал кейбір тарихшылар "хас" нағыз және "сақ" деген сөзден құралған деп болжам жасайды. Қазақстан тарихының 2 -томында "...қазақ атауы 9-10 ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақ қыпшақтарының қоғамында әлеуметтік, ал 11-12 ғғ. этникалық-әлеуметтік топтарға қолданылған. Және осы ғасырларда қыпшақ тайпаларының топтасуы қазақ қауымдастығы қалыптасуының да маңызды кезеңі болды" деп жазылған. Түркия тарихшысы Зəки Уəлиди Тоған: “Қазақ деп бiр саяси мақсатты көздеп, көтерiлiс жасау нəтижесiнде салт яки үй iшiмен бiрге өз қауымынан бөлiнiп шығып, өкiмет билiгiн алуға талпыныс жасаған сұлтандарды айтқан. “Қазақ” сөзi алғашқыда сұлтандарға ғана тəн болған, кейiн оларға қарасты тайпалардың жəне олар құрған мемлекеттiң атына айналған” деген пікір айтады.



Тарихнамада қабылданған ұқсастыру жөніндегі болжамдарға тоқталсам, кейбір зерттеушілер көбінесе Византия императоры Константин Багрянородныйдың (X ғасырдың орта шені) Кавказдың солтүстік-батысында жатқан «Казахия елі» деп айтқан мәліметтерін келтіреді. Айтылуының үндестігі негізінде авторлар «Казахия» терминінде қазақ этнонимі көрініс тапқан деп санайды. Сөйтіп осы негізде қазақ халқы X ғасырдан бастап белгілі болған деген тұжырым жасайды. Енисейден табылған VIII ғасырдағы ертедегі түрік ескерткішінен В. В. Радлов «қазғақым оғлым» (менің асырап алған ұлдарым) деген тіркесті оқыған. Зерттеуші ғалым В.П.Юдиннің пікірінше, «қазғақым» ұғымындағы «ғ» дыбысының VII—VIII ғасырларда түріктердің ауызекі сөзінде қолданылуы әбден мүмкін, ал кейініректе түсіп қалып, бұл сөздің қазақ түріне ие болуы ықтимал дейді.

Жазбаша әдебиетте «қазақ» термині 1245 жылы мамлекеттік Египет мемлекетінің қыпшақтары ортасында жасалған араб-қыпшақ сөздігінде жазбаша деректемелер ішінде бірінші рет қолданылған деген де дерек бар. Осыған орай, «Қазақ» ұғымының пайда болуы уақыты жағынан XIII ғасырдан неғұрлым ертерек кезге жатады деп санауға да болады, алайда жазбаша ескерткіштерде хронологияны нақтылайтын тікелей деректерден гөрі жанама мәліметте көп.

Біздің заманымызға дейін «сақ», «қас» деген тайпалар Орта Азияны мекен еткен. Олардың ұрпақтары Орта Азия халықтарының арасына сіңісіп өмір сүріп жүр деген болжам айтады академик Марр. Мүмкін осы 2 тайпа бірігіп «қассақ», келек-келе қазақ болып кеткен деген жорамал бар дейді зерттеушілер. Зерттеушілердің басым бөлігі Жәнібек пен Керей бастаған көшпенді тайпалар Шығыс Дешті қыпшақтан батыс Жетісуға, Шу өзені бойына қоныс аударғанда алғаш рет осы тайпалар «қазақ» деп аталғанын айтады. Мұның мағынасы: «Өз ұлысынан бөлініп шыққан, қашақтар» деген сөз еді. Бұл кейін келе «қазақтардың атына айналған» деседі.  Сонымен «қазақ» деген атау 15-ғасырды қамтиды деп тұжырымдайды.


Кейбір деректерде, әр түрлі шежіре кітаптарда қазақ Нұх пайғамбардың Яфас деген баласының нәсілінен, қытайша Тукю — біздің тілде түрік аталған халықтан дейді. Онан соң бір кезде ғун, яки хун деп аталыпты. Онан кейін әр түрлі атпен бөлектеніп кетсе де, біз ұйғыр атынан шыққан елміз. Бұл ұйғыр деген «бірігіп қосылған» деген мағынада деп шежіре жазушының бәрі айтқан десе де болады. Сол ұйғырдан қырғыз, қаңылы, қыпшақ, арғынут, найман, керейт, дулат, үйсін деген таптар шығып, солардың нәсілінен шыққанбыз. Ақырында Шыңғыс хан тамам татар мағолды алып, төрт баласына ел бөліп бергенде, үлкен баласы Жошы менен онан кіші баласы Шағатайға татар атанған елдерді бергенде, соның ішінде татар атанып және Жошыға тигені Жошы ұлысы, Шағатайға тигені Шағатай ұлысы атанған, онан кейін біздің Жошы ұлысындағы аталарымыз Жошы нәсілінен Өзбек хан мұсылман болғанда, барша Жошы ұлысы өзбек атанып, онан кейін Әз Жәнібек ханға еріп, Ноғай ханнан бөлінгенде қырғыз, қазақ атанған елміз, ол кезде ол атпен атанған ел жалғыз ғана біздің үш жүздегі қазақ емес, көп ел еді. Оның көбі отырықты өмірге кіріп, әр жерге барып, бірталайы ноғай, башқұрт атанып, бірталайы өзбек, сарт атанып кеткен. Ақырында қазақ деген аты бізде қалған деген қорытындыға келген деген болжамдар да бар.

Қазақ халқының қалыптасуы туралы антропологиялық аспектлерге сүйенсем, қазақ жерінде халық болып құрылу процесі алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, одан кейін қола дәуірі (б.д.д.2-1 мыңжылдықтар) мен темір дәуірі (б.д.д. 7-4 ғ.ғ.) кезеңдерінен басталады екен. Олар негізінен Қазақстанның жерін мекендеген (байырғы) тайпалардан құралған. Орта Азия мен Қазақстанның ерте дәуірдегі кезеңдерін зерттеп жүрген ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, біздің жерімізде қола дәуірі (Андрон, Бегазы-Дәндібай мәдениеттері) мен темір дәуірінде өмір сүрген тайпалардың (сақ, сармат) иран тілдес болғандығы айтылады. Қазақ халқының бастауына сақтар, үйсіндер, қаңлылар да кірген. Тарихшылар Қазақстанның ертедегі тарихын екі аумақты кезеңге: үндіевропалық және түріктік кезеңге бөлуге болады дейді. Атап айтқанда, лингвистика жағынан қарағанда - ежелгі европалық- үндіирандық- прототүркілік-түркілік-қазақ. Лингвистер зерттеуінде дәлелденгендей, қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобының батыс тармағына жатады.

Тарихи зерттеулерден мысал келтірсек, 6 ғасырда Қазақстан жері Түркі қағанаты құрамына енген. Осы қағанаттар құрамында 30-дан астам түркі тілдес ру-тайпалар болған.

Тарихи деректерде қазақтардың халық болып қалыптасуына Қыпшақ хандығы мен Қарахан феодалдық мемлекеттерінің тарихи ролі күшті болғаны айтылады. XIV ғасырдың басында байырғы дәстүрлер жаңғыру барысында қыпшақ тайпасы ұйытқы болған жергілікті этникалық негізде алғашқы ірі мемлекет Ақ Орда құрылған. Ақ Орда этникалық құрамы жағынан қазақ халқы болса да, оның атауы деректемелерде кейінірек жазылып, анықталды. Дәлірек айтқанда, XV ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы құрылғаннан соң, халықтың этногенез процесінің күрделі ерекшелігінің бірі болып табылатын «қазақ» атауы этникалық маңызға ие болған. Кейін монғол шапқыншылығы салдарынан тұтас Ұлыстар орнап, Қазақстан жеріндегі ру-тайпалардың арасындағы байланыстар бұзылғандықтан, Алаш халқы әртүрлі аймақтарға бөлінген, бірақ тіл бірлігі жойылмаған. 14-15 ғғ. феодалдық қатынастардың нығаюы негізінде Моғолстан, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасында болып жатқан түрлі соғыстарға қарамастан, халықтар арасында өзара бірігу, топтасуға ұмтылу процестері үдеген. Қазақстанның ежелгі тайпалары өз мекендерінің тарихи-географиялық, экономикалық және саяси оқшаулануының тарихи қалыптасқан жағдайларына байланысты этникалық жағынан біртұтастық пен бүтіндікке ұмтылып, нәтижесінде үш этникалық-шаруашылық топқа бөлініп, Үш жүз пайда болған.

Тарихшы ғалым Талас Омарбеков: «Осы кезге дейін жинақталған тарихи зерттеулерді ғылыми жүйеге түсіру және қазақ деген халықтың тереңде жатқан этникалық тамырларын айқындап, ондағы тарихи сабақтастық мәселелерін бір ар­наға бағыттау үшін, ең алдымен, басты-басты тарихи кезеңдерді жіктеп, оларды ретімен қарастырған жөн болар еді» -дейді. Ол осы дәуірдегі этникалық тарихты жалпылама кезеңдерге бөледі:

1-кезең — арғытүріктер (прототүріктер) дәуірі. Бұл б.з.д. ІІ мыңжылдықтан VI ғасырдың ортасына дейінгі уақыт;

2-кезең — түркілік кезең (түрік Ду­лу­лардың, Телелер одағының, Сіренда бір­лес­тігінің және қағанаттар құрылымын­дағы рулық-тайпалық бірлестіктердің өмір сүрген уақыты). VІ ғасырдың орта ше­нінен ІХ ғасырдың орталарына дейін;

3-кезең — арғы қазақтар (протоқа­зақ­тар) кезеңі. (Қыпшақ, Найман, Дулат, Ал­шын, Керей, Қаңлы, Қоңырат, Жалайыр, Арғу және т.б. тарихи этнонимдердің елге кеңінен танылуы). ІХ ғасырдың орта шенінен ХІІІ ғасырдың басына дейін;

4-кезең — Алаш қауымдастығының қа­лыптасу кезеңі. (Түргеш Алаш шор ұлысы — Үш сан Алаш мыңы — Алты сан Алаш — Он сан Алаш). ХІІІ ғасырдың орта­ла­рынан ХV ғасырдың соңына дейін;

5-кезең — Қазақ қауымдастығының қа­лып­тасуы (Қазақты құраған қырықтан астам тайпаның «Он сан Алаш» төңірегіне бас біріктіруі). ХV ғасырдың ортасынан ХVІІІ ғасырдың басына дейін.

Ғалымның пайымдауынша, өзара тарихи сабақ­тас­тықпен жалғасқан осындай үлкен ке­зең­дердің этникалық байланысы түркі тілдес тайпалық бірлестіктерді халық болып қалыптасуға алып келген.  

Тарихқа терең үңілсек, Қазақ мемлекетінің бастауы жарты әлемді билеген Ғұн империясына тұспа-тұс келсе,салтанат құрған кезі – Түрік қағанатының алтын ғасыры. Қазаққа тән тұтасу идеясы мен бауырмалдық Сақ заманынан бар екенін көреміз. Осындай түп-тамырымыз өркендеген мемлекетіміздің негізгі ұстанымы- ұлттың тарихи арманы мен мұраттарына адалдық емес пе?! Ал біздің тарихымыз көне сақтар мен ғұндардың, Көктүріктер мен Қазақ хандығының ұлттық мемлекет құру идеясына құрылған. Сол идея жүзеге асқан ғасырларда Ұлы Дала дәуірлеген. Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел. Біз Еуразия құрлығында ата-бабасының ізі қалған, бүгінгі толқыны жаһанға танылған ежелгі ел – Қазақ еліміз.Талай тарих толқынын бастан кешкен ата –баба тарихына зор құрметпен бас иеміз.



 

 


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет