Әлемдік табиғи және мәдени мұрасына кіретін қазақстанның географиялық нысандары



жүктеу 130.07 Kb.
Дата21.01.2018
өлшемі130.07 Kb.

ӘЛЕМДІК ТАБИҒИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫНА КІРЕТІН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ НЫСАНДАРЫ

п.ғ.к., профессор К.Н. МАМИРОВА

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

География кафедрасының меңгерушісі

Алматы қ., Қазақстан

mamirova_kulash@mail.ru
GEOGRAPHICAL OBJECTS IN THE TERRITORY OF KAZAKHSTAN WHICH INCLUDED IN THE WORLD NATURAL AND CULTURAL HERITAGE

K.N. Mamirova



Kazakh State Women’s Teacher Training University, Faculty of Natural Sciences, Department of Geography

mamirova_kulash@mail.ru

Abstract

The article considers the geographical objects in the territory of Kazakhstan which included in the World Natural and Cultural Heritage of UNESCO. These objects are characterized as spiritual, cultural and natural values ​​of the Kazakh people.On the territory of Kazakhstan such as three geographical object s: Қozha Ahmet Yassaui mausoleum, state, natural and cultural museum-reserve "Taңbaly" and Saryarka - Steppe and Lakes of Northern Kazakhstan includes in the list of the World Natural and Cultural Heritage.

1.ҚozhaAhmetYassaui mausoleum was founded in ХІV century and extant as an outstanding architectural complex. There are 35 rooms: “тайказан”, “кесене”, “китапхана”, “кудыкхана”in this monumental building. Total area of the building is above 3 thousand m2, width is 46.5 m, length is 65 m.

2.State, natural and cultural museum-reserve "Taңbaly". There are more than three thousand petroglyphs. Rock paintings were created in different historical epochs and they express Earlysakskyi, Sakskyi, Uisunskii, Ancient turkskii, Junggar and Kazakh periods.Kulans, horses, camels, wild boars, wolvesand deer are particularly interesting petroglyphs of Turkic period in Tanbaly.

3.Saryarka - Steppe and Lakes of Northern Kazakhstan. The object consists of two reserves: Korgalzhyn and Naurzumwhich located in the steppes of Kazakhstan with total area of ​​450,344 hectares. Theobject includes two groups of lakes with fresh and salt water. Lakes become a home to millions of migratory birds: pink flamingo, sociable plover, white-tailed eagle, dalmatian pelican, annually migrating from Africa, India and southern Europe to their nesting in the Western and Eastern Siberia.

Key words: geographical objects, cultural landscape, natural landscape, natural and cultural heritage, lakes and steppes of Kazakhstan.

Түйіндеме
Мақалада ЮНЕСКО-ның Әлемдік Табиғи және Мәдени Мұра тізіміне кірген Қазақстан аумағының географиялық нысандарына сипаттама берілген. Олар қазақ халқының рухани, мәдени және табиғи құндылықтары ретінде қарастырылған.

Әлемдік Табиғи және Мәдени Мұраның тізіміне Қазақстан аумағынан 3 географиялық нысан - «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі», «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи мемлекеттік қорық-мұражайы және «Сарыарқа - Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» кіреді.

1.«Қожа Ахмет Яссауи кесенесі» - Түркістан қаласында ХІV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Бұл монументтік кесене 35 бөлмеден тұрады: қазандық (тайқазан), кесене, кітапхана, кұдықхана және т.б. Жалпы аумағы: 3 мың шаршы шақырымды құрайды. Жалпы ені - 46,5 м, ұзындығы - 65 м.

2.«Таңбалы» мемлекеттік табиғи - мәдени қорығы. Мұнда жартасқа жазылған 3 мыңнан астам петроглифтер бар.Жартасқа салынған ежелгі сақ, сақ дәуірі, үйсін, ежелгі түрік, жоңғар және қазақ тайпаларының суреттері әр түрлі тарихи кезеңдерді сипаттайды. Құлан, жылқы, түйе, қабан, қасқыр, бұғы және т.б. суреттері түркі дәуірінен сыр шертеді.

3.«Сарыарка - Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері». Аталған нысан аумағына Қазақстанның далалық зонасында орналасқан жалпы аумағы 450 344 га жерді құрайтын Наурызым және Қорғалжын қорықтары кіреді. Бұл аумақта тұщы және тұзды суы бар көлдердің екі тобы орналасқан. Көлдер - Африка, Үндістан және Оңтүстік Еуропадан - Батыс және Шығыс Сібірге қоныс аударатын миллиондаған жыл құстарының аралық мекені. Сондай-ақ қызғылт бірқазан, тарғақ, аққұйрықты субүркіт, бұйра бірқазан құстары мекендейді. Нысанға 200 га астам Орталық Қазақстаннның далалық аумақтары кіреді.
Тірек сөздер: Географиялық нысан, мәдени ландшафт, табиғи ландшафт, табиғи және мәдени мұра, Қазақстанның көлдері мен далалары.

Қазақстан көп жылдық тарихы бар өркениеттің қазынасына айналған табиғи және мәдени құндылықтардың иегері болып табылады. Ескерткіштердің саны және түрі жағынан, Қазақстан Үндістан, Қытай, Жерорта теңіз жағалауындағы елдер мен Таяу Шығыс елдерінің қатарында тұр.

ЮНЕСКО-ның Әлемдік Табиғи және Мәдени Мұраның тізіміне Қазақстан елінен 3 географиялық «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі», «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи мемлекеттік қорық-мұражайы, «Сарыарқа - Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» кіреді.

1.«Қожа Ахмет Яссауи кесенесі» - Түркістан қаласында ХІV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат.

Сурет 1. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі.

Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи ғимараты – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ол ХІ ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі пәлсафашы Ахмет Яссауидің бейітінің басына орнатылған. Ғимараттың кіре беріс есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазудан мынадай сөздерді оқуға болады: «Бұл әулие мекен алла тағаланың рахымы жауған падишах Әмір-Темір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды. Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!»

Мұражайдың алып жатқан жерінің жалпы көлемі 90 га., оның құрамына 20-ға жуық археологиялық, тарихи және сәулет ескерткіштер кіреді. Ахмет Яссауи ескерткіші – Орта Азия мен Қазақстандағы біздің заманымызға дейін сақталған ең зәулім күмбезді, қыштан соғылған ғимарат. Оның ені– 46,5 м, ұзындығы – 62,5 м, жамағатхана (мұнда қазан тұруы себепті қазандық деп аталған) күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі - 37,5 м. Сыртқы қабырғалардың қалындығы - 1,8 - 2 м, қазандық қабырғаларының қалындығы -3 метр. Жалпы сыртқы көрінісі симметриялы, жеке бөлшектері - ассиметриялы болып келетін жинақы келген бұл құрылысқа түрлі мақсатқа арналған үлкенді-кішілі 35 бөлмелері салынған. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен (Қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, Құдықхана, Кітапхана, Асхана, Көрхана, Мешіт) және әр түрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі - аса үлкен күмбезді құрылыс.

Ахмет Яссауи ғимаратының құрылымындағы бір ерекшелігі: Қазандықты қоршаған бөлмелер ғимарат күмбезін мызғытпай ұстап тұрады. Үйдің қаңқасы түрліше қиюластырылған доға немесе күмбез тәрізді элементтерден құрылады, бұл әдіс кейін Орта Азия мен Қазақстан архитектурасында одан әрі жалғастырылды.




Сурет 2. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі тайқазан.

Қазандық (тайқазан) - орталық ғимаратта орналасқан. Қазандық төбесі жалаң қабат күмбезбен көмкерілген төртбұрышты бөлме. Күмбез сегіз қырлы, діңгек үстіндегі желкенге табан тірейді. Күмбездің ішкі жағы - 18,2 метрге , сырты - 20,5 метрге тең. Қазандық көрхана және мешіт кабырғаларының төменгі жағы алты бұрышты көгілдір тақтайлардан тұратын биіктігі - 1,5 метрлік майолика тыстамамен қапталып, мозаикалық өрнектермен әшекейленген. Әрі мозаикалық бедермен безендірілген. Ал еденге жанасар тұста бетіне өсімдік өрнегі салынып, тастан қашалған белдеушелер жүргізілген. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да халық өнерінің лағыл-маржандарының қатарына жатады.

Сурет 3. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі кітапхана.



Кітапхана – орталық ғимараттың батыс жағында орналасқан. Бұл жерде ескі кітаптардың қол жазбалары және ескі жинақтар орналасқан болатын. Сонымен бірге мұнда кітаптардың көшірмелері жазылып, іс - қағаздар жүргізілетін.

Сурет 4. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі құдықхана.

Ол мойындығында 16 терезесі бар, шағындау қос қабат күмбезді сопақшалау келген зал. Оған қазандық бөлмесінен Жолбарыс хан дәлізі арқылы өтуге болады. Мешіттің батыс жақ кабырғасына 3,5х2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Михраб мешітке ерекше көрік беріп тұр. Оның беті мозаикамен және өсімдік суретімен әшекейленген. Михраб - жебе ұшты арқасы бар ойық. Бұл ойық көгілдір түсті мозаикамен көркемделген, тік бұрышты сәндік белдеумен қоршалған, оған ақ әріптермен Құран сөздері жазылған. Әр жерден әсемдік үшін жалатылған алтынның сілемі көзге шалынады. Кесененің оңтүстік-батыс жағында діншілдердің ораза ұстауына және Құдайға құлшылық етуіне арналған жер асты мінажатханалары Қожа Ахмет Яссауидің көзі тірі кезінде жасалып, қайта жаңғыртылған.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі "Мәдени мұра" тізімінің құрамына 1907 жылы енгізілді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жөндеуге мұсылман бұқарасынан ерікті түрде жәрдем жинауға әрекет жасалды. 1910 ж. 1978 ж. қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайы, 1989 ж. 28 тамызда Қазақстан Үкіметінің шешімімен "Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы "ашылды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында кесене әлемдік "Мәдени мұра" тізіміне енді (Париж, 23 маусым, 2003).

2.«Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи мемлекеттік қорық-мұражайы - Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан. Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1052 Қаулысымен 2003 жылдың қазан айының 14 жұлдызыңда Мемлекеттік мекеме Алматы облысында «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ұйымдастырылды.

Таңбалы қорық-мұражайы Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Алматы қаласынан 170 км солтүстік-батыста, Қарабастау кентінен солтүстік-батысқа қарай 4 км жерде орналасқан. Таңбалы қорық-мұражайының жалпы ауданы 3800 га құрайды, ал негізгі орталығы үшін 24 га жер берілген.

Таңбалы шатқалы Балхаш көлі және Шу өзенінің су сағасы бассейінін бөлетін, Шу-Іле тауларының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан және Солтүстік Тянь-Шань провинциясының жазықтық-тау бөктері, шөлді-далалы аймағының құрамына кіреді.

Сурет 5. Таңбалы жартастары.


Сурет 6. Таңбалы жартастары.


Сурет 7. Таңбалы петроглифтері


Таңбалы шатқалының аумағында жүзден астам әр түрлі уақыттағы ескерткіштер - қола дәуірінен біздің заманымызға дейінгі 14 - 13 ғасырдың ортасынан 19 - 20 ғасырлардың дейінгі аралықты қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, петроглифтер және табыну ғимараттары орналасқан. Олардың бәрі бірігіп үш мың жыл бойы біздің еліміздің көптеген ертедегі және қазіргі кездегі халықтарының тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешен құрайды. Кешеннің барлық кезеңдердегі негізі жартастарында 3000 жуық петроглифтер сақталған каньон болып табылады. Ертедегі петроглифтер белгілі бір бағытқа ғана бағдарланған жазықтықтарға ойып жасалған. Каньоннның әрбір жартасынының суреттері күрделі композициялармен бір мезгілде көрінеді. Орталық Азияның жартастағы өнеріндегі Таңбалы петроглифтер галереясында қола дәуірінің хикаялары нақтылы түрде көрсетілген.

Таңбалы қорық — мұражайының ең көрікті жері шатқалдың сағасында түзілген шағын каньон болып табылады. Мұнда аңғардың таң қаларлық иілімінде жартас беткейлері жабық кеңістіктің елесін жасай отырып, көрерменді тығыз қоршап алады. Мұражайдың аумағында өзінің алғашқы қалпын сақтаған жабайы жануарлар - қасқырлар, түлкілер, қояндар, тасбақалар, жыландар, сондай-ақ көптеген құстар, соның ішінде жыртқыш- дала қыраны, бөктергі, сұңқар-ителгі мекендейді.

Таңбалы Орта Азиядағы жартастағы өнердің ЮНЕСКО-ның Әлемдік табиғи және мәдени мұрасының тізіміне енгізілген бірінші ескерткіш. Қазақстанның көп ғасырлық тарихындағы Таңбалының мәнділігі, мұнда қола дәуірінің суретшілері алғаш рет құдайға антропоморфтық кескін бере отырып, оның көріп білуге болатын бейнесін жасауында. Таңбалының әлемдік мәні сондай, мұнда адам ашық аспан астында Күн Ордасын жасай отырып, ландшафтың табиғи өзгешелігімен өзінің шығармашылық даналығын біріктіре білген.

Петроглифтердің орналасқан жері Таңбалы шатқалы тек Орта Азия шеңберінде ғана емес, ғаламдық көлемдегі ең маңыздылардың бірі болып табылады. Таңбалы ордасының феномені петроглифтердің бейнелеу қатарларының белгілі құрылымдарының болуында, мұнда қола дәуіріндегі петроглифтер жүйелі, белгілі экспозициядағы ғана жазықтықта, белгілі дәйектілікпен орналасқан.



2003 ж.19 желтоқсанда ЮНЕСКО-Норвегия-Қазақстанның «Менеджмент, консервация және Таңбалының жартастағы өнер ескерткіштерін таныстыру» жобасын іске асыру туралы Қазақстан Үкіметі және ЮНЕСКО арасында Келісімге қол қойды. 2005 ж. 19 қыркүйекте ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне «Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтерін» Қазақстандық номинациясын енгізу туралы ЮНЕСКОНЫҢ сертификаты берілді.

3 «Сарыарқа — Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері» - Қазақстан, әрі Орта Азиядағы Әлемдік мұра тізіміне енген табиғи нысан. 2008 жылдың 7 шілдесіне Квебекте (Канада) өткен Әлемдік Мұра Комитетінің 32-сессиясында қабылданған болатын. Нысан Қазақстанның далалық аймағында орналасқан жалпы ауданы 450 344 га. құрайтын Қорғалжын және Наурызым қорығынан тұрады. Нысан тұщы және ащы сулы екі өзендер тобын қамтып, солтүстіктегі Арктикаға және оңтүстіктегі Арал-Ертіс бассейніне құятын өзендердің суайырығы болып табылады. Сонымен қатар, жыл сайын Африка, Үндістан және Оңтүстік Еуропадан Батыс және Шығыс Сібірде орналасқан ұя салу орындарына миграциялайтын миллиондаған жыл құстары үшін маңызды аялдау жері болып табылады. Бұл сулы-батпақты алқаптар жаһандық қауіп төнген кәдімгі қоқиқаз, бұйра бірқазан, ақ тырна, тарғақ, аққұйрықты субүркіт, ақбас үйрек сияқты құстардың популяциясын демеп тұруға үлесін тигізіп келеді және бұдан басқа нысанға енген 200 мың га. орта азиялық жазықтық далалық аймақ флорасының көбісінің, сонымен қатар ақбөкеннің мекен ету аймағы болып табылады.

Сурет 8. Сарықарқа ұсақ шоқылары.
Қорғалжын қорығы - Ақмола облысы Қорғалжын ауданында орналасқан мемлекеттік қорық. 1958 ж. ұйымдастырылған. Оған Теңіз – Қорғалжын көлдер жүйесінің біразы енеді. Жер аумағы 258,9 мың га. Қорық орналасқан аумақта қыста ауаның температурасы –41 – 42 0 С суық болса, шілдеде температура 38 – 39 0 С -қа жетеді. 125 – 130 күндей аязсыз жайма шуақ болады. Жылына 200 мм шамасында жауын-шашын түседі. Қорықта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 331 түрі, жусан, көкпек, боз селеу, қызғылт, тобылғы, бидайық, бозшөп, т.б. өседі. Әсіресе, суда өсетін өсімдіктердің 22 түрі мұндағы көлдерге ерекше әсемдік береді. Қорық жан-жануарлар дүниесіне бай. Мұнда сүтқоректілердің 37 түрі, құстардың 294, бауырымен жорғалаушылардың 3, қосмекенділердің 2, балықтардың 10-нан астам түрлері тіршілік етеді. Сондай-ақ, дала суыры, қоян, күзен, борсық, ақбөкен, т.б. мекендейді. Қорғалжында 32 мыңдай қасқалдақ, 10 – 12 мыңдай үйрек, аққу, қаз, т.б. құс түрлері ұя салады. Қорықтан ақ құтан, қызыл жемсаулы қарашақаз, тұрпан, қара дегелек, бірқазан сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Мұнда ұя салатын қанаттылардан гөрі мамырлауға келген құстар саны бірнеше есе көп болғандықтан қорықты Құс базары деп те атайды. Қорықта дүние жүзінде өте сирек кездесетін – қызғылт қоқиқаз бар. Ол Қазақстан жерінде тек Теңіз көліннде ұя салып, жұмыртқа басады. Түсі қызғылт қанатты қоқиқаздар топталып аспанға көтерілген кезде бүкіл көл айдыны қызыл алау өрттей лаулап, ерекше шұғылаға бөленеді. Сондықтан оны кейде “Қызылқанат” деп те атайды. 1960 жылдары қорықта қоқиқаздың саны 45 – 60 мыңдай болса, 2000 жылдары 10 – 15 мыңдай ғана қалды. Халықаралық маңызы бар, қорғауға алынған батпақты-сулы жерлердің тізіміне Қорғалжын, Теңіз көлдері енгізілген. Қорықтағы фауна мен флора толық есепке алынған. Қазір қорықта экологиялық туризм саласы дамып келеді.

Сурет 9. Қорғалжын көлі.



Сурет 10. Қорғалжын көлінде мекендейтін қоқиқаз.



Наурызым қорығы - Қостанай облысы Наурызым және Әулиекөл аудандарында орналасқан мемлекеттік қорық. 1931 жылы ұйымдастырылған (320 мың га), 1966 жылы ауданы ықшамдалып (87,7 мың га), қайта құрылды. Оған Терсек (көлемі 4,7 мың га), Сыпсың (көлемі 7 мың га) және Наурызым (көлемі 37,2 мың га) орман алқаптары мен Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын көлдері енеді. Олардың үлесіне бетегелі-жусанды 5 мың га тың жазық дала кіреді. Қорық орналасқан аумақтың климаты континенттік; қысы – суық, ызғарлы; жазы – ыстық. Жылдық жауын-шашын мөлшері 200 – 250 мм. Топырағы құмайтты. Мұнда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 700-ге жуық түрі (қарағай, қайың, көктерек, тобылғы, тал, мойыл, қырыққұлақ, т.б.) өседі. Қорық жан-жануарлар дүниесіне бай: сүтқоректілердің 40-тан астам, құстардың 250-дей, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 3 және балықтардың 10-ға жуық түрлері тіршілік етеді. Сондай-ақ, ор қоян, елік, борсық, түлкі, суыр, т.б. мекендейді. Қорықтан аққу, безгелдек, дуадақ, ақ сұңқар, тарғақ сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Бұл аймақта су көздерінің мол болуы көктемде жыл құстарының ұшып келуіне, ұя басуына мүмкіндік береді.

ЮНЕСКО-ның Әлемдік табиғи және мәдени мұрасына кіретін Қазақстанның географиялық нысандарының ел экономикасын жоғары деңгейге көтеріп, халықаралық туризмді дамытуда маңызы өте зор. Мұндай тарихи-мәдени кешендер - еліміздің мәдени мұра бағдарламасын дамытудың негізгі әрі тарихи көзі болып табылады.





Сурет 11. Наурызым қорығында.
Пайдаланылған әдебиеттер

1.Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005

2.Самашев З., Базылхан Н. Көне түрік таңбалары. – «Алаш» тарихи-этнографиялық ғылыми журнал. №6 (21), Алматы, 2008. Самашев С. Таңбаларды зерттеу жөнінде // Қаз ҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. 2004. №2 (33).

3.Әзиев Ә. Қазыналы Сарыарқа.- Алматы: «Қазақстан», 1978

4.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия. /Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998
Summary

In article objects of the World cultural and natural heritage of Kazakhstan, entered into UNESCO list are considered. They are characterized as part of spiritual and material culture of the Kazakh people.


Түйіндеме

Мақалада ЮНЕСКО-ның тізіміне кірген Қазақстан аумағындағы Әлемдік Табиғи және Мәдени Мұраның географиялық нысандарына сипаттама берілген. Олар қазақ халқының рухани, мәдени және табиғи құндылықтары ретінде қарастырылған.


Тірек сөздер

Қазақ халқының рухани, мәдени және табиғи құндылықтары; географиялық нысандар; мәдени және табиғи ландшафттар; Дүниежүзілік Табиғи және Мәдени Мұра; Қожа Ахмет Яссауи кесенесі; «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи мемлекеттік қорық-мұражайы; Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері – Сарыарқа.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет