Шымкентте "Ардагерлер үйі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, бухгалтері мен медбикесі пара алды деген айыппен сотқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Екі пара беруші қатысқан қылмыстық іс ауданаралық мамандандырылған сотта қаралды. 

Іс материалдарына сәйкес, өткен жылдың қазан айында Шымкент қалалық ардагерлер үйінің директоры "Ардагерлер үйі" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне науқастарды жолдамасыз орналастырғаны үшін бірнеше рет пара алған. Ал медбике мен бухгалтер басшыға заңсыз сыйақы аударуға көмектесіп, сыбайлас болған.

Қылмыстық жауапкершілікке ардагерлер үйінің қызметкерлерінен бөлек екі пара беруші де тартылды, олардың бірі мешіт имамы болып шықты. Дін қызметкері делдал болған медбикеге 30 мың теңге беріп жатқанда ұсталды. Ол анасын сонда жатқызу үшін ақша берген екен.

Екінші пара беруші енесі мен келінін оңалту орталығына орналастыру мәселесін де дәл осылай шешпек болған. Ол делдалдар арқылы 50 мың теңге аударған. Нәтижесінде пара алушы да, оны бергендер де, делдалдар да тергеудің соңында сотқа тартылды.

Сот сотталушыларға пара бергені үшін заңсыз сыйақының 15 еселенген мөлшерін, яғни 450 мың және 750 мың теңге айыппұл салуға үкім етті.

Бухгалтерге 600 мың теңге, медбикеге 2,5 миллион теңге айыппұл салынды. Ал "Ардагерлер үйінің" бұрынғы директоры пара алғаны үшін 4 миллион 50 мың теңге төлеуі керек.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.