Алматыда ұсталған қарақалпақ диаспорасының жетекшісі Ақылбек Мұратовқа Қазақстаннан пана іздеуші куәлігі берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: vlast.kz

Адвокаттың айтуынша, 23 ақпанда Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Ақылбек Мұратовқа Қазақстаннан пана іздеуші куәлігін беру туралы шешім қабылдаған.

"Сертификат 2024 жылдың 23 мамырына дейін жарамды. Қажет болған жағдайда мерзімі тағы үш айға ұзартылуы мүмкін. Қазақстан заңнамасына сәйкес мұндай куәлігі бар адамды экстрадициялауға болмайды. Осы құжат негізінде Мұратовқа босқын мәртебесі берілуі мүмкін. Мұны прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да құзырлы органдар қызметкерлерінен тұратын комиссия шешеді", — деді адвокат.

Айта кетейік, Ақылбек Мұратовты ақпан айының ортасында Өзбекстанның өтініші бойынша Алматы полициясы ұстаған. Алматы полиция департаменті Өзбекстан полициясы іздеуде жүрген Ақылбек Мұратовты экстрадициялау мәселесі шешіліп жатқанын хабарлады. 17 ақпанда Мұратовтың 40 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды.

Ақылбек Мұратовқа Қылмыстық кодекстің "Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, жаппай тәртіпсіздіктер мен азаматтарға қарсы зорлық-зомбылық жасауға шақыру" және "Қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін материалдарды өндіру, сақтау, тарату немесе көрсету" баптары бойынша күдіктеліп отыр.

  • Қазақ тілінің мүддесін қорғайтын белсендіні психиатриялық ауруханаға күштеп жатқызған
  • Башқұртстанда белсендінің сотынан кейін ереуіл басталып, полициялармен қақтығыс болған

Адвокаттың айтуынша, Өзбекстан билігі Нүкістегі 2022 жылғы шілдедегі оқиғаға 500 күн толуына орай өткізілген еске алу шарасын "жаппай тәртіпсіздіктер мен зорлық-зомбылыққа шақыру" деп бағалаған. Қарақалпақ белсенділері 2023 жылдың 13 қарашасында жарықты 16 минутқа (құқық қорғаушы Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға бас бостандығынан айырылды) өшіруді сұрады. 

Ақылбек Мұратов Өзбекстан азаматы, Қазақстанда 10 жылдан бері тұрады. Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының жетекшісі.

2022 жылдың жазында Қарақалпақстандағы Нүкіс қаласында қанды қақтығысқа ұласқан наразылық шерулерінен кейін өзбек билігі Мұратовты "конституциялық құрылысқа нұқсан келтірді" және "бүлікке шақырды" деп айыптады. Белсенді айыптауларды жала деп атады.

Басқа қарақалпақ белсенділері Ақылбектің ұсталуын оның белсенділігімен байланыстырады. Мұратов Өзбекстандағы адам құқығы мәселесін жиі көтеріп, Ташкенттің саясатын өткір сынға алды.

2022 жылы Нүкістегі наразылық шерулері аяусыз басылғаннан кейін Қазақстанға қашып кеткен белсенділердің көбіне Өзбекстан билігі тарапынан қысым көрсетілуде. Солардың бірі Тілеубике Юлдашева Ташкенттен ресми түрде қудалауды тоқтатуды талап етуде. 

Нүкістегі наразылықтарға Қарақалпақстанды Өзбекстан құрамындағы егеменді республика мәртебесінен айыру және оның Конституциядан шығу құқығы туралы ескертуді алып тастау жоспары себеп болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, наразылық шараларын басу нәтижесінде 21 адам қаза тауып, 200-ден астамы жараланған. Қазақстандық адам құқықтары бюросының мәліметінше, Мұратов Ташкенттің өтініші бойынша Қазақстанда ұсталған алтыншы қарақалпақ белсендісі. Бұрынғы жағдайларда белсенділер бір жылдан кейін – сот белгілеген қамау мерзімі өткеннен кейін босатылған.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.