Әож 338. 486: 711. 2(574) «батыс европа-батыс қытай» инвестициялық жобаның жамбыл облысы туризміне қосар үлесі



жүктеу 56.66 Kb.
Дата07.05.2019
өлшемі56.66 Kb.

ӘОЖ 338.486:711.2(574)
«БАТЫС ЕВРОПА-БАТЫС ҚЫТАЙ» ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАНЫҢ

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ТУРИЗМІНЕ ҚОСАР ҮЛЕСІ
Молдашева А.Б.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.
Ұлы Жібек жолы – адамзат тарихының дамуында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда Батыс пен Шығысты байланыстыратын құрылық аралық жол ретінде қызмет еткен бірегей тарихи ескерткіш. Біздің өлкеміз арқылы өтетін Қазақстан бөлігіндегі басты бағыттардың ішінде – Оңтүстік бағыт сауда орталықтарының шоғырлы бөлігі екендігі белгілі. Оның көп ғасырлық тарихы әлем мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан мұра болып табылады және адам баласының бірнеше мың жылдар бойы жасаған тарихи мұралары қазіргі мәдениетіміздің тұғыры ретінде келешек ұрпаққа сақталынуы қажет.

Біздің облысымызда тас дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін орасан зор тарихи кезеңдерді қамтитын көптеген ескерткіштер бар. Тек ғалым-өлкениеттанушылардың көмегімен ғана екі мыңнан аса тас дәуірі қоныстары, ежелгі көшпенділердің обалары, жарғабақ тастардағы бейнелер, қоныс жайлар, бекіністер, тас мүсіндер, ортағасырлық қалалар, сәулет кесенелері мен тарихи ескерткіштер табылып, есепке алынды. Бұл ертедегі тарихи мұралар Ұлы Жібек жолында Жуалыдан бастау алып Алматы облысының шекарасына дейінгі автокөлік жолының бойына орналасқан. Сонымен бірге Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты Шу, Талас аңғарларында, қырғыз Алатауы мен Қаратау тауларының етектерінде ішкі қажеттілікті өтейтін бірнеше керуен жолдары да болған.

Алғашқы кезде Жібек жолы батыс елдерге жібек шығару үшін қызмет етті, алдымен Римнен Византияға, Иранға, Индияға, кейіннен араб халифатына, Европаға және Русьқа осы елдерден өндірілген тауар тасымалданды. Осы бір қымбат та әр алуан таурлардың түр-түсін тізіп көрсету қиын. Олардың ішінде миро мен ладан /қош иісті қарашайырлар/, жасмин суы мен амбра, зынтабыл мен жұпар жаңғағы, женьшень мен аждаһа еті, кілемдер мен маталар, бояғыш және минерал шикізаттары, алмастар мен асыл тастар, янтарь мен маржандар, піл сүйегі мен «балық азулары», күміс пен алтын құймалар, аң терілері мен теңгелер, садақтар мен жебелер, қылыштар мен көксүңгі найзалар т.б. толып жатқан заттар бар еді.

Жібек жолымен Ферғананың «қызу қанды» арғымақтары, араб сәйгүліктері, түйелер мен пілдер, мүйізтұмсықтар мен арыстандар, еліктер, қаршығалар мен қырандар, тауыстар мен тотықұстар, түйеқұс та сатылып жатты.

Жүзім, шабдалы, қауын, көкөністер мен жидектер, көк мәуелер тәрізді мәдени өсімдіктер де осы Жібек жолы арқылы кең тарады. Ұлы Жібек жолы рухани мәдениет пен өнердің дамуына ықпал етті. Орта Азия мен Түркістанның музыканттары, бишілері және акробаттар мен сиқыршылары Қытай императоры сарайы мен тұрғындардың алдында өнер көрсетті. Сондай-ақ, Жібек жолымен әр алуан дін уағыздаушылары өз діндерін теңіздің арғы бетіндегі елдерге де «ала барды», Үндіден Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы буддизм діні, Сырдариядан, Иран мен Арабтан әуелі христиан діні, артынша ислам діні таратылды.

Енді алдымызда Ұлы Жібек жолының бойында тоғыз жолдың торабына орналасқан ортағасырлық қалалардың ішіндегі ең ежелгі – Тараз қаласы. Ол – Республикамыз бойынша көне дәуірдегі көшпенділер тарихынан көп деректер беретін бірден-бір қала.

Қазіргі уақытта «Ұлы Жібек Жолы» бөлігінде туризмнің жандануына ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе, Қазақстанға туристерді тарту үшін демалатын орын және тарихи мүмкіндіктері бар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарын туристік игеруге маңызды роль беріледі [1].

Қазіргі уақытта «Батыс Европа-Батыс Қытай» транзит дәлізі салынып жатыр. «Батыс Европа-Батыс Қытай» транзит дәлізін салу идеясын Қазақстан республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған болатын. Көп уақыт өтпей-ақ Елбасы 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселені нақты жүзеге асыруды міндеттеді. 2008 жылғы 22 қыркүйекте Ресей федерациясының, 2009 жылғы 16 сәуірде Пекинде ҚХР Коммуникация министрліктері арасында «Батыс Европа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізін құру жайында меморандумға қол қойылды. Транзиттік бұл дәліз Санкт-Петербургтан басталып, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Қазақ даласын көктей өтіп, Қорғас кеден бекетінен Қытай асады.

«Батыс Европа-Батыс Қытай» транзиттік жолының жалпы ұзындығы 8445 шақырымды құрайды. Оның 2233 шақырымы-Ресей Федерациясы еншісінде, 2787 шақырымы- ҚР аумағынан өтеді. Қытай Халық Республикасына 3425 шақырым тиесілі. «Батыс Европа-Батыс Қытай» транзиттік жолы Қазақстан бойынша 5 облысты қамтыды (Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары). Бұл аймақтарда 5 миллионға тарта халық тұратынын ескерсек, қаншама адам жұмысқа тартылатынын көз алдына елестетуге болады. Қаржы дағдарысы кезінде мұндай үлкен жобаны қолға алу- халықты бір жағынан жұмыспен қамту деген сөз. Ұлы Жібек жолының бойында құм астында тұншыққан көне шаһарлар қаншама (Отырар, Сайран, Сауран, Тараз, Алтын төбе және т.б.). Өз дәуірінде өркениеттің шыңы болған бұл қалаларды біреу білсе, біреу білмес. «Батыс Европа-Батыс Қытай» жолы салынар болса «өлген қалалар» тіріліп, туристердің «көз құртына» айналарына сенім мол. Одан бюджеттің қалтасына түсер қаржы да қомақты болмақ.

«Батыс Европа-Батыс Қытай» дәлізі бойында туризм дамытылады.

Туризм көптеген елдердің экономикасына әсер ететін маңызды әлуметтік және экономикалық құбылыс болып табылады. Бұл сала мұнай-газ, тамақ, көлік өнеркәсібі салаларына салынатын инвестициялық салымдардың тиімділігімен салыстырғанда жоғары табысты сала болып табылады. Дамыған елдердің экономикалық саяси және әлуметтік тұрақтылығын қолдаудың әлемдік тәжіриебиесі мен практикасы, елдердің географиялық жағдайы, олардың табиғи-климаттық ресурстары және көрікті жерлері болып табылады.

Ұлттық экономиканы реформалау басқарудың механизмдері мен инструменттерін қайта бағыштау туристік ұйымдардың қызметі жүйесіне едәуір өзгерістер енгізді және бірқатар маңызды мәселелерді қалыптастырды. Бұған қоса олар дұрыс демалуды қамтамасыз етуде және қазақстан халқының денсаулығын нығайту тәрізді маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуде үлкен роль атқарды. Осыған байланысты ел президентінің қазақстан халқына 2005 жылдың 18 ақпанында жолдаған жолдауында еліміздің экономикасының шикізатты емес саласында ұзақ мерзімді мамандануын анықтайтын болашағы зор кластерлердің бірі туризм болып анықталды, ол республикамыздың қазіргі инфрақұрлымының қалыптасуына және республика аймақтарының дамуына ықпал етеді [2].

Жамбыл облысының бірегей туристік әлеуеті бар. Облыс көптеген туризм түрлерін, атап айтқанда, спорттық (альпинизм, таулы өзендермен жүзу, шаңғы спорты), аң және балық аулаушылық, экологиялық, емдік-сауықтыру, этникалық, ғылыми және танымдық туризм түрлерін дамытуға жайлы территорияда орналасқан. Ыңғайлы географиялық жағдай, ынтымақтастық, ұлан-ғайыр аумақ және табиғат ландшафтының сан алуандығы, бірегей рекреациялық ресурстар, бай мәдени-тарихи мұра, сондай-ақ көрші мемлекеттердің шекаралас өңірлерінде қазақ диаспорасының тұруы облыстағы туризмді дамытудың күшті жақтары болып табылады.

Айтып кеткендей, ұзындығы 2500 шақырымды құрайтын «Батыс Европа-Батыс Қытай» дәлізі Қазақстанның 5 облысын басып өтеді. Бұл облыстардың өзіндік тарихы, табиғи ерекшеліктері бар. Сондықтан осы өңірлердің аумағында туризм ошақтарын дамытуды ҚР Үкіметі көздейді. Атап айтқанда, «Батыс Европа-Батыс Қытай» дәлізі бойында жол бойы индустриясы дамытылып, шағын отельдер, жанармай құю бекеттері, көлік жөндеу орындары ашылады. Бұл шетелдік инвесторлардың үлкен қызығушылығын тудырары сөзсіз.

ҚР Туризм және спорт министрі Қ. Өскенбаевтың айтуынша, бұнымен қатар, Қазақстан алдағы жылда тау шаңғысы мен экологиялық туризмді дамытуға үлкен мән беріп отыр. Қазіргі кезде Шымбұлақ әлем туристерінің үлкен қызығушылығын тудыруда. Бұнымен қатар Қазақстанның әр аумағында Шымбұлақ сынды тау шаңғысын дамытуға қолайлы өңірлер бар. Мәселен, «Батыс Европа-Батыс Қытай» дәлізі бойында Оңтүстік Қазақстан аумағында Қасқасу, Жамбыл облысында Көксай өңірі тау шаңғысына өте қолайлы. Бұл екі аймақ бойынша қазіргі кезде экономикалық негіздеме жасалуда. Биылғы жылы ол толық анықталады. Бұнымен қатар алдағы уақыттағы басты мақсаттардың бірі-экологиялық туризмді дамыту. Бұл бағыттағы жұмыстарды 10 ұлттық прак аумағында бастауды көздеп отыр.

Ал мамандар дайындау мәселесі бойынша Европалық білім қорымен бірлесіп 4 жылдық бағдарлама жасалған. Бұл бойынша орта білімді мамандарды дайындауға басымдық беріледі. Шетелдік туристерді тарту үшін виза алу жолдарын да жеңілдету көзделген.


Әдебиет


  1. Даутбаев М.А, Мусреталиева Ж.Б. Мавзолей Карахана и Айша-биби. – Тараз, 2007. – 56 с.

  2. Кулибаев А. и др Туризм на Шелковом пути как фактор устойчивого развития (на примере Алматинской области). Транзитная экономика, №4, 2000, Алматы. 49-53 с.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет