Әож 342 15: 947. 1/9(574) Қазақ-орыс қатынастарындағы шекара мәселесінің тарихы



жүктеу 112.37 Kb.
Дата22.04.2019
өлшемі112.37 Kb.

ӘОЖ 342 15:947.1/9(574)
ҚАЗАҚ-ОРЫС ҚАТЫНАСТАРЫНДАҒЫ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІНІҢ ТАРИХЫ
Байдалиев Д. Д., Қабылбекова Л.Б.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.
Тарихымыздан бізге белгілі, еліміз қашанда да көршілесі Ресей мен Қытай, батыстағы АҚШ, Англия секілді империялық басқа ұлы державалар үшін геосаяси тұрғыдан маңызы мемлекет. Қазіргідей жаһандану үрдісі қарқын алып тұрған интеграциялық процестерде де маңыздылығы ерекше екені белігілі.

Ерте кезеңдерден – ақ жер бетіндегі қай елдің тарихына үңілсек те, ел тарихы мемлекеттің шебі болып табылатын шекарасының беріктігімен тығыз байланысты. Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас отырған көрші елдер бір-біріне «өз шекарасына төнетін мәңгілік қауіп-қатер» деп қараған кезеңдерде шекараны біржолата шешу, орындал­майтын армандай көрінетін. Әлем елдері қызығып отырған, осынау ұлан-ғайыр аймақ шекарасының тұтастығы үшін қаншама ата-бабаларымыздың қаны төгіліп, жан алып, жан беріскені тарихымыздан белгілі.

Қаһарман батырларымыз мен бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтап, қасық қанындай қастерлеп өткен асыл мұрасы, ұрпақтан-ұрпаққа, ға­сыр­дан-ғасырға қалған құндылығы – қазақ жерінің территориялық тұтастығы. Ежелден қазақ жерінің белгілі шекарасы бол­ғанымен, бүгінгі заманымызға дейін рес­ми түрде көршілес, шекаралас мемлекеттердің мойындап, арнайы келісіммен хатталып, халықарлық ұйымдармен та­нылып, заңмен бектілген шекараға ие болу ба­қыты тек Тәуелсіздік тұсында біздің дәуіріміздің, біздің ұрпақтың иесіне тиген зор бақыт [1].

  1. Тарихымызда, Қазақ хандығы қалыптасқан ХV ғасырдың екінші жартысынан бастап-ақ мемлекеттің шекарасын айқындау аса маңызда мәселеге ие болып осы бағыттағы көршілерімен әр тараптағы қатынастары орнады. Біртуар тұлғаларымыздың, Қазақ хандарының ел мүддесі үшін жасаған маңызды да көкейкесті іс - тәжірибесінің нәтижесінде халқымыздың ерте заманнан - ақ негізделген территориясы қалпына келтіріле бастады. Сол ортағасырлық мерзімдердегі сыртқы саясатта қазақ мемлекетінің территориясын айқындау, шекаралас елдермен арадағы бұл мәселе бейбіт жолмен іске асырылмады. Осындай жағдайлар жиі – жиі орын алып келіп, мемлекетаралық әскери қақтығыстар және кең ауқымды соғыстармен шешіліп отырғандығы тарихымыздан белгілі. Қазақ елінің оңтүстіктегі бауырлас көршілері болып табылатын Орта Азияның хандықтарымен шекара жөніндегі арадағы қатынас жоғарыдағыдай бағыттар алған. Алып империялар Ресей мен Қытайдың өзін айтпағанда, оңтүстік шепте, Хиуа, Қоқан, Бұхар, қарақалпақтар, батыс жағымыздан түркімендер, Орал жақтан атты казактар территриямыздың тұтастығын бұзуға күш салғаны белгілі.


Қазақ хандарының ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы сыртқы саясатындағы территориялық тұтастығын сақтаудағы халықаралық даулы мәселелерді шешу жолында түрлі келісім шарт жасап, сондай-ақ елшілер мен арнайы өкілдерді, жаушылар мен аудармашыларды мемлекеттік өкілеттілік тұрғысында жіберіп, оларға үлкен жауапкершілік жүктеген. Қазақ тарихының шекаралық дипломатиясына үңілер болсақ, бұлар алуан түрлі негізде жүзеге асқанын байқауға болады.

Қазақ елі мен орыс халқының ең алғашқы қарым-қатынастары ХVІ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қасым мен Хақназар хандар тұсында басталғанымен, үкіметтің ресми елшіліктері Тәуекел хан тұсында жанданды. Осы алғашқы екі ел арасындағы қарым – қатынасты мейлінше зерттеуге тырысқан орыс зерттеушісі Б.Басин, Қасым ханнан кейін де орыстардың Қазақстан территориясын игеруге деген қызығушылығы жойылмағанын жазған еді [2].

Хақназар хан билік құрған тұста да Ресей империясы еліміздің әлеуметтік – экономикалық, шаруашылық, территориялық жағдайларын үнемі бақылауда ұстаған. Орыстардың сауда – саттық керуендерінің Орта Азия мен шығыс мемлекеттеріне бағытталған негізгі жолының басым бөлігі еліміздің территориясымен өтетін болған. Осы орайда орыстардың Қазақ хандығымен қарым – қатынасқа түсуге мүдделі болуы заңды құбылыс болған. Бұған қоса патша үкіметі Орта Азияға жіберілген елшілеріне Қазақ хандығының ол елдермен байланысын бағамдауды да тапсырып отырған.

Патша үкіметінің Қазақ хандығын бұлайша назар аударуының негізгі себебі: Ресейдің сауда бағытындағы керуен жолдарының тынышытығын сақтауды мақсат тұтты және Қазан хандығының Сібір хандығымен территориялық араздығын пайдалана отырып, екі елдің қырқысын жандандыру арқылы өз мүддесіне жету көзделген еді.

ХVІ ғасырдың екінші ширегінде екі ел арасындағы елшілік қатынастарды реттеуге патша үкіметі мүдделілігі арта түсті, оған себеп Ресей Астрахань Казан және Сібір хандықтарын жаулап алған еді. Хақназар хан билік құрған Қазақ хандығы да бұл кезде территориялық жағынан ұлғайып екі ел шекарасы жақындай түскен еді.

Ғалым Ж.Е.Жаппасов «XVI-XVIII ғ.ғ. Қазақ-Орыс қарым – қатынастарының тарихы» атты еңбегінде, сол кезең туралы, көрнекті тарихшы С.Д.Асфендияровтың мәліметтерін келтірген, Онда: «1752 жылы әскери шеп Қазақстанды жартылай шеңбермен «Каспий жағалауларынан Ертістің жоғарғы ағысына дейін» қамтыды. Осы уақытқа «бірқатар жеңілдіктер мен бөлінген жерлері» бар Орал, Сібір және Орынбор казак әскерлері құрылды. Кіші және Орта жүздерді Ресейдің вассалына айналдыруды көздеген міндет тұрды. Бұл оны іске асыруға әртүрлі амалдарды жұмылдырған патша үкіметінің негізгі бағыты болатын. Олардың бірі «Қатал бағыт» деп аталып, мынадай әскери шараларды қарастырған: шекараның далаға ішкерлей енуі, бекініс шептердің құрылуы, Жайық, Тобыл, Ілек, Есіл, Ертіс және т.б. өзендердің бойында көшіп-қонуға тыйым салу.....Бұл кезде Омбы қамалынан Орынборға дейін 11 қамалдан, 33 редуттан және 42 маяктан тұратын үздіксіз бекініс шебі созылған еді» - делінген [3].

Патша үкіметінің Орта Азия мен Қазақстанға қызығушылығының күшеюуі толастаған жоқ. XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың басында қазақ хандығының территориясы арқылы Орта Азиядан патшалы Ресейге қырық төрт елшіліктер ал орыс үкіметінен онға жуық елшілік Бұхар хандығы мен Хиуа хандығына аттанған. Бұхар мен Хиуа хандықтарынан шыққан сауда керуендері қазақ территориясы арқылы Астрахань, Еділ бойымен Казань, Самара сияқты қалаларға қатынады. Бұл сауда керуендері сондай - ақ Түркістан арқылы Ұлытауға, Есіл өзенінің жоғарғы ағысымен Ертіске, әрмен қарай Тобылға дейін жеткен. Осы орайда патша үкіметі Орта Азияның және Ресейдің сауда керуендері Қазақ хандығы арқылы өткенде керуендер мен саудагерлердің қауіпсіздігін сақтау жолында мемлекетаралық қарым – қатынасты жандандыруға мүдделі болды [4].

Қазақ елін 1586-1598 жылдарда Тәуекел хан тұсында қазақ – орыс байланыстары басқа арнаға бұрылды. 1589 жылы Сібір жерінде Тәуекел ханның туыстас бауыры сұлтан Ораз-Мұхаммед тұтқынға түседі. Ораз – Мұхаммедтті бостауын өтінген Тәуекел Құл Мұхаммедті Ресейге аттандырады.

Орыс жеріне Тәуекел ханның елшілігі 1594 жылы келген еді. Бұндағы басты мақсаттардың бірі Қазақ хандығының оңтүстікте Бұхар хандығымен және Сібір хандығымен күресте одақтас іздеуінде жатқандығы біздің тарихымыздан белгілі. Кейбір деректерде Тәуекел Құл Мұххамед арқылы Қазақ хандығын Ресейдің қарамағына алуын өтінген. Десек те мұндағы байланыстың негізі Қазақ хандығының отар болуға емес, тек одақ құру болғанын байқауымызға болады [5].

1595 жылдың көктемінде Ресей үкіметінің шешімімен В.Степанов бастаған орыс елшілігімен қоса Иран елшісі, Қазақ хандығының елшісі Құл Мұхамед бастаған топ жіберілетін болып белгіленді. Бұндағы басты мақсат орыс – қазақ әскери одағы мен Қазақ хандығының Ресей қол астына қарауы мәселелерін реттеу көзделген.

Ресей үкіметі В. Степанов бастаған елшілікке қарым – қатынас негізіндегі келіссөздер жүргізуден қазақтардың территориялық орналасу ерекшеліктерін, саны мен құрамын, шаруашылығы мен кәсібін, әскери қару – жарақтары мен қуатын Орта Азия мемлекеттерімен байланыс дәрежелері туралы да мәлімет жинау қатаң тапсырылған еді.

А. Сабырхановтың зерттеу деректемелеріне қарағанда, Қазақ хандығы мен Ресей патшалығының арасын байланыстырып тұрған жол Казаньнан бастау алып, Башқұрттар аймағы арқылы Жайық өзенінің жоғарғы ағысы арқылы Ырғыз өзеніне шығып, қазақ даласымен Сарысу өзенінің басталар жерінен Талас Алатауына келіп жететін. Осы қашықтық В. Степановтың айтуына қарағанда 9 аптаға жуық уақыт алған. Осы бағыт Қазақ хандығы мен Ресей патшалығын байланыстырып тұрған ХVІ – ХVІІ ғасырлардағы негізгі жолдардың бірі болған. Қазақ жері арқылы Сібірдің қалалары Тара, Тюмень, Тобльскімен жалғасып жатқан жол да болған.



Тәуекел хан тұсындағы елшіліктен соң патша үкіметі Қазақ территориясы арқылы Сібірмен байланыс жасау әрекеттеріне кірісе бастады. Осы мезгілде Ертістің саласы Тары өзенінің бойында оңтүстікке көшіп кеткен Көшім ханның Тобольск бекінісіне жасаған шабуылдарын тоқтату мақсатымен Тары қаласы салынған болатын. Бұл уақыттан әлдеқайда бұрын орыстар Ертіс өзенін бойлап едәуір алға жылжыған-ды. Олардың Ямыш көліне дейін келіп, кішкене кемелермен тұз алып кететіні кәдуілгі іске айналғанды. Тарихи зерттеулерге қарағанда, орыстардың кішкене қайықтардан құралған керуендері Ертіспен жоғары өрлеп Қазақстанға, ал Орта Азия елдерінің сауда керуендері қазақ далалары арқылы Ресейдің Астрахань, Самара т.б. қалаларына қатынап тұрған. Бұқардан шыққан сауда керуендері Ертіс бойын жағалап Сібірге барып, бұл жерде олар өздерімен бірге алып келген мата, кептірілген жеміс т.б. товарларын астыққа, аң терілеріне айырбастап кейін қайтатын болған. Ал, Тобольскіден шығатын сауда жолы Орта Азияға қарай Ертіс, Есіл өзендері арқылы өтіп, одан әрі Ұлытаудан Сарысу өзенін бойлап Түркістан қаласына дейін баратын. Бұл жерден Сырдария өзені арқылы Бұқараға барып тірелетін. Орта Азия хандықтарымен тиімді сауда байланыстарын одан әрі кеңейтуде, сауда керуендерінің қауіп-қатерсіз қатынап тұруында Қазақстанның шешуші роль атқаратынын жақсы түсінетін орыс үкіметі Қазақстанмен тату тұруға тырысатын.
  1. Қазақ тарихында ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар еліміздің сыртқы саясатындағы, территориямыздың тұтастығын сақтау жолындағы аса шешуші кезең ретінде қалыптасқан.

  2. ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында Орталық Азияда қуатты әскери күшке айналған Жоңғар хандығы өз ішінде бірлігі бұзылып, жікке бөліне бастаған Қазақ хандығына қарсы ашық шабуыл жасап, барша қазақ жерін өзіне қосып алуға ашық кірскен еді. Бұл уақытта қазақ – орыс байланыстары біршама әлсірегенін байқауға болады.


ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ қауымынының ең көбі территориямыздың оңтүстігі, орталығы мен солтүстік – шығысында көптеп шоғырланған. Ұлы жүз қазақстарының қыстаулары – Балқаштың Оңтүстік аймағындағы құмды жерде, Мойынқұм және Іле және Шу, Талас өзендерінің бойында, ал жазғы жайлаулары Тянь – Шаньның Алтай тауларындағы етегінде, Қаратау тауының солтүстігінде орналасқан еді. Ұлы жүз аймағының оңтүстігіде Ташкент қаласы мен оған жапсарлас жатқан қалаларды, отырықшылық – егіншілік қыстақтарын қоса алғанда, Ферғана алабының солтүтік және батыс территориясына дейін жетіп, Арыс және Шыршық өзендерін бойлай созылып, Сырдария алабында Бұхар хандығымен шектескен, ал оның Жетісу аймағы арқылы өтетін солтүстік территориясы Орта жүздің қазақтары орналасқан мекендермен тікелей ұласып отырған. Ал Орта жүздің қазақтары ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінде солтүстік – шығыс, орталық бөлік және сирек болса да оңтүстік – шығыс Қазақстанның территориясын алып жатты. Орта жүздің орналасу территориялық шекарасы оңтүстікте Сарысу өзені мен Шу өзенінің төменгі ағысын жағалай Сырдарияның төменгі ағысына дейін жетіп, Жоңғар хандығымен шектесті. Арал теңізі – Ырғыз – Торғай шебі арқылы солтүстікке бойлай созылып, сол территорияда Кіші жүздің шығысымен ұштасып жатты. Тобыл өзенінің салаларын, Үлкен Торғай өзенін сондай – ақ Торғай өзенінің жоғарғы ағысындағы көлдерді бойлай орналасып, Сібір жолындағы башқұрттардың қоныстарымен шектесті. Орта жүз солтүстігінде Нұра мен Есіл өзендерінің жоғары ағысында Ертіске, шығысында Жәмішевке дейін, Ертіс өңірінде Жоңғар хандығымен шектесті [6].

Ал, Кіші жүздің орналасу территориясы Қазақстанның батысына дейін созылып, шығысында Орта жүздің қоныстарымен шектесіп, оңтүстігінде Қарақұм құмдары мен Сырдарияның төменгі ағыстарына қарай бойлай созылып, қарақалпақ қоныстарымен, Түркістан қаласы аймағында, Ұлы жүз бен Орта жүз қоныстарымен шектесіп жатты. Кіші жүз батысында еділ қалмақтарымен шектессе, ал солтүстік бөлігінде башқұрттармен шектескен.

Орыс үкіметі Орталық Азияның қалаларымен байланыс ортантуда Тәуке хан тұсында да толастамаған. Оған себеп, Қазақ хандығы Бұхар және Хиуа хандықтарымен Түркістан, Сауран, Сығанақ сияқты керуен жолдарындағы маңызы күшті қалаларға үстемдік орнатып отырған еді.

ХVІІ ғасырдың аяғына қарай солтүстіктегі Қазақстардың территориясы, патшалық орыс үкіметінің шекарасымен іргелесіп қона бастады. Тәуке хан 1694 жылдың өзінде өз елшілерін І Петрге Ресеймен достық қарым-қатынасты қалпына келтіру мақсатымен аттандырады.

Тәуке хан билік еткен тұста қазақ билері мен сұлтандарын сан мәрте жинап, олардың орыс шекараларына себепсіз шабуыл жасауларына тиым салып, өз территориялық тұтастығымызды сақтауды талап еткен. Екі шекаралас мемлекеттің территорияға байланысты болып тұратын мұндай келеңсіздіктер, Қазақ хандығына опа әпермейтінін айтқан. Алайда қазақтың жекелеген ру басылары мен сұлтандар ханның бұл ескертпелеріне қарамастан, орыстардың еліміздің территориясына салған бекіністеріне сан мәрте шабуыл да жасап тұрғаны біздің тарихымыздан белгілі. Дегенмен осы кезеңдегі жоңғар хандығының елімізге тұтқиылдан шабуыл жасауы қазақ сұлтандарының Ресеймен территориялық шиеленістерді тоқтатып, одақтасуды мақсат тұтты.

Патшалық Ресей 1694 жылғы Тәуке ханның елшілері келген соң ақ, өз елшілерін елімізге аттандырып, мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды жаңа бағытқа көтеруге мүдделі болды. Жаңа бағыт дейтін себебіміз, қарым – қатынастан гөрі отарлау саясатын жандандыру, еліміздің территориялық тұтастығын анықтауды мақсат тұтқан. ХVІІ ғасырдағы орыс елшілерінің деректерінде: «Қазақ хандығы біз ойлағандай мал соңынан кеткен көшпелі емес, олардың арасында Орта Азия территорияларына жақын тұста, жер шаруашылығымен шұғылданатын, егіншілер де көптеп кездеседі. Қазақ хандығына қарасты ұлан – байтақ территорияда Түркістан секілді қалалар мен аудандар көп кезедесі. Отызға жуық қалалары бар. Олардың қабырғалары барлығы өңделмеген кірпіштен қаланған. Қазақ хандығының әскері шамамен сексен мыңдай және оған қоса қарақалпақ әскерлері де қосылуға мүдделі» - делінген [7].

Орыс үкіметінің Қазақ хандығына байланысты географиялық - территориялық зерттеу ісіне де көп еңбек сіңірді. Бұлардың барлығы қазақ даласын отралаудың алғышарты еді. І Петрдің арнайы тапсыруымен, Қазақ хандығына келген елшідердің мәліметтері негізінде ХVІІ ғасырдың соңғы ширегінде еліміздің территориялық картасы жасалынды. Бұл картада Ресей даласынан бастап, Түркістан өлкесіне дейінгі территория көрсетілді және үш жүздің орналасу межелері сипатталды.

  1. І Петрдің шығыс елдерге жасаған саясатының Қазақ еліне бағытталуы, империяның халықаралық саясаттағы ролі мен беделін қайта бағамдаумен сондай – ақ орыстардың орасан зор шығыстық империя құру идеясымен тура келді. Сол тарихи кезең туралы яғни ХVIII ғасырдың бас кезеңіне дейін орыс – қазақ қатынастары азды – көпті бейбіт жағдайда да болған, олардың арасында сауда – саттық, дипломатиялық байланыстар орнаған деп көрсететін батыстық кейбір тарихшылар да Қазақ даласының бекініс шептермен қоршалып, бөлшектеуін де жоққа шығара алмайды.


Қазақстан Республикасының бүгінгі мемлекеттік шекарасын алғаш рет нобайын этникалық картографиялық рәсімдеудің алғышарты осы уақыттан басталған болатын.

Қазақ территориясының алғашында патшалы Ресей империясының қол астына өтуі еліміздің аймағына әскери шептердің көптеп салынуымен ерекшеленді. Кейбір орыс зерттеушілерінің мойындағанындай, Ресей мемлекетінің шекарасында ешқандай себепсіз, өз еріктерімен қосылған жаңа аймақтардың пайда болуы ешқандай қисынға келмейді және мұндай жағдайда мемлекеттік межелеу де толыққанды шешемін тапты – деу қисынсыз. Дегенмен ол ғалымдар шоғыры патшалық ресейдің шығыстағы саясатын этнографиялық және географиялық факторлармен дәйектейді, яғни орыс мемлекеті даму барысында территориялық жағынан кеңейюге тырысқан. Көрнекті отандық филолог ғалым М.Мырзахмет патшалық Ресейдің қазақ халқын отарлаудағы басты мәселелерін талқылай келе төрт кезеңге бөліп қарастыра келе, үш кезеңге бөліп қарастырған. Оның негізі патша үкіметі территориямызға «Бөлшектеп ал да, билей бер» саясатымен қоса жер – су атауларын да өзгертуге күш салғанын көрсетеді.

Осылайша, еліміздің территориясында әскери бекіністер мен шептермен шегемдеу отарлау саясатын кең көлемде жүргізуге жол ашқан еді. Шептер мен бекіністерді жағалай башқұрт, казак, қалмақ, орыс, халқы тез көбейіп, территориямызда станицалар және шаруалардың тұрғын жайлары пайда болды.
Әдебиет
1. Мансұров Т.А. Қазақстан және Ресей: егемендену, кірігу, стратегиялық әріптестік тәжірибесі. - Алматы: Қазақстан, 1999. - 344 б.

2. История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. - Т. 1-10. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005.

3. Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. – Ч. ІІ. - СПб., 1864. - С. 498.

4. Асфендияров С.Д. История Казахстана (с древнейших времен). - Т.1. – Москва, - Алма-Ата: Казахстанское краевое изд., 1935. – С. 262.

5. Сулейменов Р.Б. Внешнеполитические связи Казахстана XVI-XVIII вв. в советской историографии // Казахстан, Средняя и Центральная Азия в XVI-XVIII вв. – Алма-Ата: Наука, 1983. – С. 192.

6. Омарбеков Т., Омарбеков Ш. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 388 б.



7. әшімбаев С.М. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. (Оқулық). – Алматы: Санат, 1994. – 136 б.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет