Әож 41. 612 Эмоционалдық кері әсерді зерттеудің Қалыптасуы



жүктеу 78.63 Kb.
Дата19.04.2019
өлшемі78.63 Kb.

ӘОЖ 41.612

ЭМОЦИОНАЛДЫҚ КЕРІ ӘСЕРДІ ЗЕРТТЕУДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Абдрахманова А.Т.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
Сезімдер – өте күрделі психикалық процестердің бірі. Сезімдер адамның тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты сан алуан формаларда көрінеді. Адам сезімдері тарихи-әлеуметтік сипатта болады. Демек, адамның өмірі қоғамға байланысты, оның әрекеті де қоғамдық саналы әрекет, сондықтан оның сезімдері де қоғамдық сипатта болып, сезімнің мазмұнын қоғамдық болмыс белгілеп отырады. Сезімдерден эмоцияларды айыра білу қажет.

Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адамның қажеттіліктеріне сәйкес келу-келмеуіне байланысты пайда болып отыратын психикалық процестің түрін сезім деп атайды /38/. Қажеттіліктердің түрлеріне, жағдайға байланысты сезім көптеген жағымды және жағымсыз түрде өтеді: қуану, шошыну, абыржу, наздану, мазасыздану, зерігу, психоэмоционалдық зорлану.

Сезімдер мен эмоциялардың бірнеше сапалық ерекшеліктері бар. Олардың сапасын көрсететін осындай ерекшеліктердің бірі – қарама-қарсы, полярлық сапалықтар деп аталады (сүйсіну-сүйсінбеу, көңілдену-қажу, шаттық-уайым, т.б.). Олар өз ара екі полюске ажырасып, біріне-бірі қарама-қарсы мағынада болады.

Сезімдердің екінші ерекшелігі – олардың белсенді және солғын көрініс беруіне байланысты. Адамға ерекше күш беріп, әрекетке ұмтылдыратын, көтеріңкі сезімдер стеникалық (стен – грек тілінде күшті деген мағнаны білдіреді) эмоция деп аталады, ал адамды күшінен айырылтып, барлық іс-әрекеттерін баяулататын сезім түрлерін астеникалық (астения - әлсіз) деп атайды.

Шамадан тыс күшті тітіргендіргіштер адамда көбінесе қолайсыз эмоциялар туғызады. Адам ұдайы қинала беретін болса, оның діңкесі құрып, берекесі кетеді. Адамның осылайша шамадан тыс зорлуын психологияда стресс (стресс - ағылшын тілінде шамадан тыс зорлану деген мағнаны білдіреді) деген терминмен белгілейді. Стресс үш түрлі жағдайда байқалып отырады. Оның алғашқы көрінуі мазасыздану кезеңі деп аталады. Ағзаның күшті тітіркендіргіштермен айқасқа түсуіне байланысты оны жеңуге күш салу, немесе зорлану кезеңі деп аталады. Адам сырттан келетін нәрсеге төтеп беруге шамасы келмеген жағдайда титықтап, әрекет жасаудан қалады. Мұндей қолайсыз әсер жүйке жүйесінің жұмысына да, дене күшіне де нұқсан келтіретіндіктен адам өзінің сыртқы ортамен байланысын үнемі қадағалап, реттеп отыруы қажет.

Сезімнің бұл ерекшеліктерінің барлығы нақты әрекет үстінде, кездесетін қиыншылықтарды қарсы алу кезінде айқын көрініп отырады. Сезім адамның бүкіл өмірімен, оның жеке басының ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Адамның әр түрлі эмоциялары мен сезімдері оның қажеттіліктері мен қызығу ерекшеліктеріне, дүниеге көзқарасы мен сеніміне, мінез-құлқы мен білім көлеміне, санасы мен ерік сапаларына байланысты қалыптасып отырады.

Сезімдер мен эмоциялардың адамның өмір тәжірибесінде алатын орны үлкен. Әр адам өз алдына қойған мақсатын орындау жолында, өмір үшін қүресте күшті сезімдерсіз табысқа жетуі қиынға соғады. Сезімнің қораш, селқос, солғын болуы іске кедергі жасайды. Адам не үшін күрессе, соны жан-тәнімен жақсы көріп, неге қарсы күрессе, соны өлердей жек көріп отыруы керек. Осы айтылған эмоциялардың барлығына ортақ басты бір ерекшелік – оларда сан алуан мәнерлі қозғалыстардың болып отыратындығы. Ч.Дарвин осы күнгі адамда байқалатын мәнерлі қозғалыстардың біразы біздің ерте кезде ата-бабалаларымыздың тіршілігінде елеулі орын алған әрекеттің қалдығы екендігін атайды. Мысалы, қатты ашуланған адам кейде жұдырығын түйіп тістенеді, қабағын түйіп бұлығады, демін әзер алып, танауы делдиіп кетеді, жүрегі тарс-тұрс соғады. Осындай мәнерлі қозғалыстардың әрқайсысының өзінше шығу тарихы бар. Бұл мысалдан жабайы адамдардың өздерінің алдында тұрған жауларымен айқасқа түсейін деп тұрған адамның қабілетін, даярлық белгісін байқауға болады. Ертедегі адамдар жабайы аңдармен арпалысқа түсердің алдында денесін соған бейімдеп алып, сонан соң жауымен айқасатын болған. Қазіргі адамдар үшін мұндай көріністер дөрекі, ебдейсіз қимылдар қимылдар болып табылады. Мұндай ебдейсіз қимылдар мәдениетті адамдар қылығына ешқандай сыйысымсыз сипатта болады. Бұған көбінесе сотқар, ызақор, кекшіл адамдар бір табан жақын тұрады. Адамдардың сана сезімі өскен сайын оның қимыл-қозғалыстары да мәдениетке түседі, үйлесімді бола бастайды.

Адамның эмоциялық жағдайы оның темпераментімен байланысты екенін, стресс жағдайының адам өмірінде маңызы өте үлкен екеніне қазіргі кезде көбірек көңіл бөлінуде. Оған тоқталардың алдында бұл ауыртпалық туралы түсінік қазақ халқының арасында ежелден болғанына назар аударалық. Өтейбойдақ Тлеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінде стресс туралы, «Ұшынымдар» - деген тақырыппен, көптеген деректер келтірілген. «Алланың өзіне жазған тиесілі несептік ризыған тергегі адамзатының әрбірінің өмірлеуі біркелкі болмаулығы шарт. Кейде өтерден «Шопан үсті боз торғайға ұйалық» болмақ. Кейде бұл өтерден ойпыл-тойпыл, астан-кестен болып, ел басына лан туылып, қыз қатын, шаңырағы отын болмақ»-деп көрсеткен. Эмоциялық шокты – «ұшықтық сілейме»-деп Тлеуқабылұлы былай сипаттайды: «... әуелі тұрса тұрған күйі, отырса отырған беті, жатса жатқан қалпы бежірейген күйі қатып қалған тақылетті болмағы шарт. Алыстан айғайлағанды қойып, жанына барғаныңды сезбейді. Тіпті түртсең қозғалым, қарау тақылетті пенделік тіл алысымдық ұштасымдылық көрсетуге шамасы келмек емес, жетпек емес» деп сипаттама берген. Эмоциялық жағдайлар адамның дем алу, қан айналу мүшелеріне өзгерістер ендіретінін бет ілпеті мен бүкіл дене қимылдарына, сөздің интонациясы мен тембіріне, дикциясы мен паузасына да өзгерістер ендіретінін дәлелдейтін мысалдар көп. Қорқу эмоциясы кезінде адамда байқалатын мәнерлі қозғалыстарды алайық. Қорыққан адамның қасы тартылып, түсі бозарады, қозғалыстары баяулап, мүлде тоқтайды, денесі дірілдеп-қалшылдайды, шашы үрпейіп, көзі шарасынан шығып, даусы қарлығып, үні кібіртіктейді, аузы кебірсіп, тынысы өзгереді, беті шіміркеніп, бүкіл денесі қалтырап, салқын тер шып-шып шығады. Тіпті орнынан қозғала алмай, даусы шықпай қалатын кездері болады.

Эмоциямен сезімнің қазіргі кезде психологияда пайдаланып жүрген анықтамасын беріп, оның барлық түрлеріне жүйелі түрде сипаттама берген Қ.Жарықбаев. Ол теріс эмоциялардың ішінен қорқыныш, аффект, стресс жағдайлардың сипаттамаларын жасаған.

Күрделі эмоцияның бір түрі – аффекттер (аффектус деген латын сөзінен шыққан, күйіп-пісу, ызаға терең бөлену деген мағнаны білдіреді). Аффект дегеніміз қысқа уақыт ішінде бұрқ етіп өте қатты көрініс беретін, адамды уақытша есінен айыратын өте күшті эмоцияның түрі. Аффект кезінде адамның «есі шығып» кетпейді. Дені сау адамдарда болатын аффекттерді адамның жеке басының кемшілігі деп түсіну керек. Бұл адамның өзін меңгере алмағанының көрінісі. Ерік-жігері күшты адам мұндай ұшқалақтыққа, лепірмелікке бармайды, істеген нәрселерін ойланып істейді. Дені сау адамдардың аффектісінен психикасы ауруға шалдыққан адамдардың аффектісін ажырата білу керек. Ерекше көрініс беретін аффектілер ми қабығы мен қабық асты орталықтарының байланысы бұзылғандықтан, екінші сигнал жүйесінің реттеушілік ролі кемігендіктен болады. Аффектерді тәрбиелеу адамның жеке басын тәрбиелеумен тығыз байланысты жүреді. Аффект шамадан артық эмоционалдық зорлану жағдайына алып келеді. Шамадан артық эмоционалдық зорлану дегеніміз адамдырдың әр түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауымен байланысты орын алатын жағымсыз эмоционалдық күй-жағдайлар (фрустрация, дискомфорт, стресс, мазасыздану, үрейлену, депрессия, қанағаттанбаушылық). Шамадан артық эмоционалдық зорланудың ден саулыққаа тигізетін теріс әсері өте үлкен. Эмоционалдық жағдайдың адамға әсері өте күшті түрлерінің бірі стресс. Стресс ағылшын тілінде қатты күйзелу, абыржу, мөлшерден тыс ширақтылық деген сияқты бірнеше мағынаны қамтитын жалпылама сөзбен айтылған адамның ерекше күйі.

Стресстің ұзақ уақытқа созылған ауыр түрі адамды жүдетіп, қайғыға батырады. Ұзақ әсер ететін стресстің әсерін Әбу Әли Ибн Синаның қойларға қойған тәжірибесімен дәлелдеген. Ол бір қойды қораға, басқа қойларды көретіндей етіп, жеке жалғыз өзін қамап баққан. Ал екінші қойды басқа қораға қасқырдың үйшігінің жанына орналастырған. Бірінші қой табынға қосылғысы келіп, маңырай берген, бірақ алдындағы жем-шөпті жеп тұрған. Ал екінші қой қасқырды көрген сайын үркіп, қашпақ болған. Ол алдындағы жемді аузына да алмай, жүдеп-жадап әлсіреген. Адам да сол сияқты жақсыны көрсе жақындағысы келіп, жағымды стресс туады. Ал жаманды кездестіргенде одан жанын аулақ салып, құты қашады, жағымсыз стресс туады. Міне, осы екі мысал стрестің жағымды және жағымсыз түрлерін біршама сипаттайды.

Г.Селье пайымдауынша, стресс – кез-келген сыртқы әсерге тәннің жауап кайтаруы болып есептеледі. Яғни, стресс – тосын жағдайда қанға қажетті гормондарды жедел іске қосу, басқа да көптеген физиологиялық процесстерді қайта құру арқылы тәнге сыртқы әсерге тойтарыс беруі үшін өзінің ішкі мүмкіндіктерін пайдалануы. Стресстің негізінен алғанда мынадай үштік белгісі бар: бүйрек үсті бездері белсенділігінің артуы және соның салдарынан қанға кортикойдтардың бөлінуі; айырша бездің (тимус) жиырылуы және соның салдарынан лимфатикалық бездердің семуі немесе кішіреюі, қоздырғыш әсерден тежелуі және қанттың бөлініп шығуы; асқазан шырышты қабығында нүктелі қан кету және қанталаған қішкене жаралардың пайда болуы.

Ганс Селье стресстің дамуының мынадай үш сатысын атап көрсетеді:

Бірінші кезең (бастапқы кезеңі), «үрей сатысы» деп аталады. Бұл қысымның алдында болатын кезең. Мысалы, бұдан былайғы тағдырыңызды шешетін сынақ алдындағы толғаныс. Бұл қезеңде стресстік салмаққа бейімделу процесі өтіп жатады, егер осы кезде адам үрейге төтеп бере алмаса, ол адамның тіпті өліп кетуі де мүмкін. Мұндай жағдай Шығыстың ұлы ғұлама дәрігері Әбу Әли Ибн Сина тарапынан сипаттағаны жоғарыда көрсетілген.

Екінші кезең — стресстің жүзеге асуы. Ол тәннің бейімделу мүмкіндіктерінің іске түсуі арқылы орындалады. Қажетті арнаға бағытталған қуат қиындықты жеңуге көмектеседі, адамның өзіне деген сенімін арттырады, қанағаттанушылық сезімін туындатады. Сол арқылы алғашқы қорқыныш сезімін жеңуге мүмкіндік туады. Ал егер ішкі эмоционалдық қысым ұзақ уақыт бой бермесе, тәннің мүмкіндігі шектеулі болғандықтан оған төтеп бере алмайды. Ұзақ стресс және қиын жағдайдан шығу мүмкіндігінің жоқтығы жүйке стрессіне душар етеді, организм өзінің бейімделу мүмкіндіктерін тауысады, сондықтан ол біртіндеп гиперстресске айналады. Гиперстресс немесе дистресс соматикалық адреналдық жүйенің қорларын құртады, өйткені ағзаның «бейімделу қуаты да шексіз емес». Сөйтіп ұзақ стресс және үрейлі жағдай ауруға алып келеді, ал қысқа мерзімді стресс керісінше, тәннің белсенділігін арттырып, ширата түседі. Мәселен, спортшы жарысқа қатысу барысында, артист сахнаға шығу кезінде қорқыныш не толқу сезімін жеңу арқылы табысқа қол жеткізеді.

Үшінші кезең — постстресс — діңкенің құру кезеңі. Стрессті жайттардың ұзақ уақытқа созылуы, үздіксіз қысым жасалуы, жүйкені әбден діңкелетіп, денсаулықты бұзады. Қазіргі күнде белгілі болғандай, көптеген аурулар тәндегі гомеостаздың (ағзаның бейімделу тепе-тендігін сақтауы, өмір сүруге қабілетін жоғалтпауы) бұзылуына алып келетіні стресстік жағдайлардан туындайтыны дәлелденген. Сонымен бірге стресстен тек жүрек талмасы, қан қысымы, невроз не болмаса жүйке аурулары ғана емес, асқазанның ойық жарасы да туындайтыны белгілі.

Ұзаққа созылған стресстік жағдай адамның дене қозғалысына, сөйлеу қабілетіне өзгерістер енгізуі мүмкін. Осындай келеңсіздікке алып келетін стрессті қалай жеңуге болады.

Бүгінгі күнгі көз-қарас бойынша стресс жүйке жүйесі мен ішкі сөлденіс (секреция) бездерінің қатысуымен дамитын организмнің күрделі жүйкелік-гуморалдық серпілісі деп түсіндіріледі. Оның дамуында мидың сыртқы қыртысынан бастап, қыртыс астындағы ми құрылымдары, гипоталамус, шеткі жүйкелер мен вегетатаивтік жүйке жүйелері және гипофиз, бүйрекүсті бездері, қалқанша бездері, ұйқы безі т.б. бездер бірімен-бірі байланысқан түрде қатысады. Организмге қолайсыз жағдай әсер етуден осылардың бір функциялық жүйеге бірігуінен стресс – реакция дамиды. Ол кейде ауру тудыратын ықпалдарға организмнің төзімділігін арттырады, кейде дерт туындауына себепкер болады. Осыған байланысты қай жағдайларда стресс организмнің бейімделу мүмкіншіліктерін көтеріп, оның төзімділігін артырады? Қай жағдайларда дерттің дамуына әкеледі?-деген сауалдар туады



Шын мәнінде көпшілік жағдайларда ұзаққа созылған және жиі қайталанатын қолайсыз ықпалдардан кейінде организм тіршілікке икемділігін жоғалтпай өмір сүре береді. Демек, организм ауыртпалықтарға икемделіп, бейімделе алады деп тұжырымдауға болады.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет