Әож 631. 45: 664 Қазақстанның азық-ТҮлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағЫ Қызметтерің ерекшеліктері



жүктеу 110.04 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі110.04 Kb.

ӘОЖ 631.45:664
ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІН

ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТЕРІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Казизов Д., Көшербаев Қ.Ж., Жолдыбаева А.К.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.
Қазіргідей жаһандық экономиканы дағдарыс елесі кезіп жүрген уақытта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінің өте салмақты мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Әлемдік рынокта азық-түік бағаларының күрт қымбаттауына байланысты Қазақстанда жетіспейтін өнімдерді шығаруға ерекше назар аударылып отыр. Сайып келгенде, бұл халықтың азық-түлікке қолжетімділігін қанағаттандыруды көздейді.

Қазақстан әлемдiк нарыққа азық-түлiк және ауыл шаруашылығы шикiзатын iрi өндiрушi және жеткiзушi болып табылады. Ол ФАО-нiң мәлiметi бойынша астықты, картопты, көкөнiстi, сондай-ақ мал шаруашылығы өнiмдерiн – ет пен сүттi негiзгi өндiрушi әлемнiң 26 елiнiң қатарына кiредi.

Әлемдік азық-түлік дағдарысы іс жүзінде барлық мемлекеттерді экономиканың агарарлық секторына мұқият назар аударуға мәжбүрледі. Азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасы экономикалық категориядан саясатқа өтіп барады және агроөнеркәсіп кешені әлемдік экономиканың маңызды стратегиялық секторы болып отыр. Бүгінгі өмір шындығы осы. Барлық уақытта мемлекет экономикалық дағдарыстан ауылшаруашылығын ынтыландыру есебінен және оның мультипликативті әсерінен шыққандығы тарихтан белгілі. Осының барлығы қазіргі күрделі жағдайда еліміздің агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін қосымша дәйек болып табылады.

Дүниежүзіндегі ең ірі азық-түлік өнімдерін өндіруші және тұтынушы елдермен көршілес орналасқан Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздлігіне қатер төндірмеу үшін ішкі рынокты реттеудің маңызы зор.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету дүниежүзілік азық-түлік ресурстарының жетіспеушілігі сезілген ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бері әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып келеді. Азық-түлік қауіпсіздігі прблемасы жаһандық сипатқа ие: тамақ өнімдерін өндіру, бөлу және саудалау қай мемлекет болмасын, оның халқы аштықтан, тойып тамақ жемеуден немесе сапасыз тамақ өнімдерінен зардап шеге ме немесе азық-түлік тауарларымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген бе дегенге қарамастан әрбір мемлекеттік толғандырады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында экономиканы тұрақтандыру жөнінде Үкімет пен Ұлттық банк, орталық және жергілікті атқарушы органдар алдына қойған міндеттері дамуымыздың жаңа сипатын айқындап берді.

Елбасымыз 1997 жылғы «Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің қолда бар сегіз артықшылығын санамалай келіп: «Алтыншысы. Біздің ауқымды алқаптарымыз, ауыл шаруашылығы жерлеріміз – орасан зор әлеуетіміз. Көптеген өлшемдер бойынша біз Канада мен Австралияға ұқсаспыз, бізге тек бір нәрсе – олардың өнімділігі мен экспорттық әлеуеті жетіспейді. Бұл жерде де, тағы да, ең бастысы – нақты және тиімді стратегия, адамдар мен капитал,» – дейді. Одан әрі Ұзақ мерзімді басым мақсаттар мен оларды іске асыру стратегияларының 3-басымдығына (Шетел инвестицияларының деңгейі жоғары, дамыған нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу) тоқтала отырып: «2018 жылға дейінгі бастапқы кезеңде өз мүмкіндіктері мен бәсекелестік қабілеті тұрғысынан келешегі бар еңбекті қажет ететін салаларға көңіл бөлу керек. Бұл, басымдық тәртібімен айтар болсақ – ауыл шаруашылығы, орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, туризм, тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылым жасау. Осы салаларды дамыту арқылы біз экономиканың құрылымдық мәселелерін ғана емес, жұмыспен қамту және кедейлік мәселелерін де шешеміз, бұл қазіргі уақытта ерекше маңызды нәрсе. Экономикалық өрлеудің еліміздің дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін баршамыз түсінеміз... Сондықтан бұл басымдық бүгін де, ертең де және алдағы отыз жылдың ішінде де ең маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді,» – деп атап өтеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 2 наурыздағы №342 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанындағы «Республикалық астық сараптау» және «Қазтұқымсараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарын қосу жолымен «Қазагрэкс» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта ұйымдастырылды. Аталған кәсіпорын қызметінің негізгі нысанасы заңдарға сәйкес:

- астық пен оның өңделген өнімдерінің сақталуын және сапасын сараптау, тиісті сертификаттар бере отырып, астық пен оның өңделген өнімдерінің сапасын белгіленген тәртіппен сертификаттық сынау;

- жаңа егін астығының сапасын бағалау және оның ұтымды пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

- ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының сорттық және себу сапаларын тексеруді (сараптауды) және оларды құжаттауды жүзеге асыру болып табылады [1].

Республикадағы ішкі астық рыногын тұрақтандыру мәселесі де Үкіметтің үнемі бақылауында болып табылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 24 сәуірдегі №633 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі мәжілісінің 2000 жылғы 11 сәуірдегі №10 хаттамалық шешімін орындау мақсатында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Жабық акционерлік қоғамы облыстардың, Алматы және Астана қалалары әкімдерінің қатысуымен елдің ішкі рыногында астық өңдеумен айналысатын отандық шаруашылық жүргізуші субъектілерге 150 мың тоннаға дейінгі көлемде Қазақстан Республикасының мемлекеттік экспорттық астық ресурстарының бөлігін сатуды, сатып алушылармен алынған астықтың көлемін мақсатты пайдаланудың және оны сату кезінде ішкі рыноктағы ұнға тұрақтандыру бағаларын белгілеудің негізгі шарттары анықталған тиісті шаралар жасасуды қамтамасыз етіп келеді [2].

Осылайша, астықтың мемлекеттік экспорттық ресурстарын қалыптастыру жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар қабылданып келеді [3].

2001 жылы республикада астықты өндіру, сақтау және сату процесінде пайда болатын қатынастырды реттеу мақсатында «Астық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңы қабылданды. Ондағы басты мақсат астық рыногын мемлекеттік басқару мен реттеудің мақсаттарын айқындау болып табылады. Аталған заңның 3-бабында бұл мақсаттар айқын ашып көрсетіледі:

1) Қазақстан Республикасының азық-түліктік қауіпсіздігін, техникалық реттеу саласындағы қауіпсіздікті (бұдан әрі – қауіпсіздік) және жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету;

2) астық бағасының демпингіне жол бермеу;

3) астық өткізу рыногын кеңейту;

4) астық сапасын қамтамасыз ету;

5) фитосанитариялық жағдайды қауіпсіз деңгейде ұстау;

6) табиғи-климаттық жағдайларды және рынок конъюктурасын ескере отырып, астық өндіру құрылымын оңтайландыру және астықты өндіру, сақтау мен сату технологиясын жетілдіру;

7) жемдік астықтың мемлекеттік ресурстары көлемінің шегінде мал шаруашылығы мен құс шаруашылығында азықтың ықтимал тапшылығын жою;

8) астық өндіру ісінде инвестиция, кредит, салық және кеден саясатын қалыптастыру;

9) астықтың қауіпсіздігіне және сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруға әкеп соғатын әрекеттердің алдын алу болып табылады» [4].

Заңның 5-бабының 7) тармақшасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 5 наурыздағы №330 қаулысымен Астықтың мемлекеттік ресурстарымен және агенттің өзінің қаржы-шаруашылық қызметінде жасалатын операцияларды жеке есепке алу жөніндегі бухгалтерлік есептің ережесі бекітілді. Мұндағы мемлекеттік астық ресурстарын басқару жөніндегі агент «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болып табылады.

Ереженің 2-тарауына сәйкес, мемлекеттік азық-түліктік астық резервін қалыптастыру және жыл сайын жаңарту астықты республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алу не астықты мемлекеттік сатылатын астық ресурстарынан аудару жолымен жүзеге асырылады. Мемлекеттік азық-түліктік астық резервін қалыптастыру және жаңарту процесінде босаған астық көлемі мемлекеттік сатылатын астық ресурстарына жіберіледі.

«Астық туралы» заңның 11-бабына сәйкес, мемлекеттік астық ресурстары:

1) мемлекеттік азық-түліктік астық резервтерінен;

2) мемлекеттік жемдік астық ресурстарынан;

3) мемлекеттік тұқым ресурстарынан;

4) мемлекеттік сатылатын астық ресурстарынан тұрады.

Мемлекеттік азық-түліктік астық резерві:

1) Қазақстан Республикасының жұмылдыру қажеттерін;

2) Қазақстан Республикасының азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

Мемлекеттік жемдік астық ресурстары мал шаруашылығы мен құс шаруашылығының азық жөніндегі қажеттерін қамтамасыз етуге арналған, сондай-ақ техникалық мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін.

Мемлекеттік тұқым ресурстары – төтенше жағдайлар болғанда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көмек көрсету, Қазақстан Республикасының тұқым материалдарына деген қажеттерін тұрақты қамтамасыз ету, сорт жаңартуды, сорт алмастыруды жүргізу, мемлекетаралық келісімдерді орындауды қамтамасыз ету үшін құрылған және соған арналған мемлекеттік тұқым қоры.

Мемлекеттік сатылатын астық ресурстары – ішкі рынокты реттеу, астықты экспортқа шығаруды қамтамасыз ету, ішкі рынокта сату, гуманитарлық көмек көрсету және мемлекеттік азық-түліктік астық резервін, мемлекеттік тұқым ресурстарын және мемлекеттік жемдік астық ресурстарын жаңарту үшін құрылған және соған арналған астық қоры [4].

Жалпы Қазақстанның экономикасына қатысты отандық ғылыми-әдістемелік әдебиеттерде Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметтерің ерекшеліктері мен оның алдын алу проблемалары жеткілікті зерттелмеген.

Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы проблемалық мәселелер мыналар болып табылады:

-  азық-түлiктiң кейбiр түрлерi бойынша импортқа тәуелдiлiк;

-  азық-түлiк нарығын мемлекеттiк реттеу, iшкi нарықты қорғау және азық-түлiктiң жеке түрлерiн экспорттауды қолдау шараларының жеткiлiксiздiгi;

-  отандық және шеттен әкелiнетiн тамақ өнiмдерi қауiпсiздiгiн бақылаудың жеткiлiксiздiгi;

-  нарық субъектiлерi арасында олардың мүддесi мен жауапкершiлiгi келiсiмiнiң негiзiндегi оңтайлы экономикалық қатынас тетiгi, тауар ендiрушiрлердiң кiрiсiн қолдау құрылмаған;

-  ауыл шаруашылығы өнiмi мен азық-түлiгiне тиiмдi баға белгiлеу жүйесi қалыптаспаған;

-  белсендi және салауатты өмiр сүру үшiн қажеттi көлемде және құрылымда халықты тамақ өнiмдерiмен қамтамасыз ету үшiн азық-түлiкке экономикалық қол жеткiзудiң жеткiлiксiздiгi.

Алға қойған мақсаттардан туындайтын міндеттер:

-  ішкi қажеттiлiктi қамтамасыз ету және экспорттық ресурстарды қалыптастыру үшiн ауыл шаруашылығы өнiмдерi мен азық-түлiктiң тұрақты өндiру;

- агроөнеркәсiптiк кешендi орнықты дамытудың экономикалық жағдайы мен тетiктерiн құру;

-  АӨК өнiмдерiн өндiрушiлердi қолдау және ауыл шаруашылығы өнiмдерi нарығын мемлекеттiк реттеу шараларын жүзеге асыру;

-  экспорттық тауашаларды алу үшiн АӨК-нiң сапалы бәсекеге қабiлеттi өнiмiн өндiру;

-  АӨК-нiң қазiргi заманғы инфрақұрылымын дамыту;

-  Республиканың ветеринариялық және фитосанитариялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

-  суармалы егiншiлiктi тиiмдi дамыту мен өнiмдiлiгiн арттыру үшiн мелиоративтiк жағдай жасау;

-  елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына және әлемдiк ғылым трендiне сәйкес АӨК-нiң басым бағыттарына ғылыми зерттеулердi шоғырландыру;

-  аграрлық саладағы өндiрiске бiлiм берудiң тиiмдi жүйесiн және ғылыми-техникалық және инженерлiк-техникалық қызметтердiң бәсекеге қабiлеттi нарығын қалыптастыру мен дамыту.

Елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және азық-түлiк нарығын реттеуде қабылдануы тиіс шаралар мен күтілетін нәтижелер:

Шаралар:


-  терең қайта өңдеу өнiмдерiн шығаратын жоғары тауарлы шаруашылықтар, өндiрiстiк бiрлестiктер құру;

-  бүкiл жыл бойына нарыққа тауарларды бiр қалыпты жеткiзудi қамтамасыз ету және маңызды маусымдық баға ауытқуларын болдырмау үшiн өнiмдi отырғызуды белгiленген мерзiмде сақтауды жандандыратын қазiргi заманғы сақтандыру жүйесiн дамытуды ынталандыру және механизмiн қолдану;

-  әлеуметтiк-маңызды тамақ өнiмдерiнiң бағасын реттеу;

-  азық-түлiк нарығында болжауды ұйымдастыру және конъюнктуралық жағдайдың шұғыл мониторингiн жүргiзу;

-  тауардың барлық алға басу буындары бойынша азық-түлiк сапасын қамтамасыз ету және өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру;

-  кедендiк-тарифтiк және тарифтiк емес реттеу, оның iшiнде импорт-экспортты сандық шектеу, экспортты-импорттық операцияларды лицензиялау;

-  нарықтың кеңiстiктi-уақытылы толығуын қамтамасыз ететiн өндiрушi және тұтынушы өңiрлер арасында ұзақ мерзiмдi өңiраралық қатынастар құру;

Күтілетін нәтижелер:

-  аграрлық сектордың ұлттық бәсекелiк артықшылығын арттыру және республиканың азық-түлiк қауiпсiздiгiн сақтау;

-  баға белгiлеу жүйесiн реттеу, азық-түлiктiң экономикалық қол жетiмдiгiн қамтамасыз ету;

-  табысы аз салаларды бюджеттiк қолдаудың тиiмдiлiгiн арттыру және олардың кең ауқымда өсiрiлуiн қамтамасыз ету;

-  азық-түлiк нарығындағы тұтыну сұранысы мен ұсынысты реттеу және теңгерiмдi дамыту үшiн қорлар құру;

-  отандық өнiмнiң тауар сұранысының өсуiн қамтамасыз ету, шикiзаттың өнеркәсiптiк қайта өңдеудi арттыру;

-  елдiң жалпы тұтыну көлемiнiң 20%-нан аспайтын деңгейде импортқа тәуелдiлiк коэффициентiн ұстап қалу;

-  азық-түлiк астығының мемлекеттiк резервiн жаңарту және iшкi астық нарығын реттеу үшiн мемлекеттiк ресурстарға жыл сайын отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерден 500 мың тонна астықты сатып алу жолымен республиканың азық-түлiк қауiпсiздiгiн және жұмылдыру қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету;

-  отандық ауыл шаруашылығы жыл сайын құрғақ сүт сатып алу жолымен республиканың азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

-  нарықтың тепе-теңдiгiн реттеуге мүмкiндiк беретiн көлемде азық-түлiктiң сақтандыру резервiн құру;

-  шикiзатты өндiру, оны сақтау, қайта өңдеу және өткiзу кезiнде санитариялық және технологиялық нормаларды сақтау есебiнен сапалы, бәсекеге қабiлеттi өнiм өндiрiсiн қамтамасыз ету.

2. Өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiру бойынша:

Шаралар:


-  ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiрудiң интенсивтi ылғалқорсақтау және топырақ қорғау технологияларын игеру;

-  сорт сынау жүйесiн және тұқым сапасын сараптауды жүзеге асыру;

-  тұқым сапасын сараптау бойынша зертханалар салу және жарақтау;

-  картоп, көкөнiстер, жемiстердi өндiру, дайындау және қайта өңдеу бойынша дайындау-өткiзу кооперативтерiн құру;

-  жемiс дақылдары мен жүзiмнiң көпжылдық екпелерiнiң алаңдарын кеңейту.

Жалпы, қорыта айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша әлемдік экономикалық жағдайға қатысты тиісті шаралар қабылданып, салаға қатысты нормативтік құқықтық құжаттар жетілдіріліп келеді. Бұл – аталған мәселені Үкімет үнемі басты назарда ұстап келе жатқандығының айғағы.

Әлемдік азық-түлік нарығы қиын жағдайды бастан өткеріп жатқан қазіргі кезде Үкімет Елбасының Жолдауларынан тарайтын тапсырмаларды жаңа қырынан қарау үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық бағыттарын заман талабына сай пысықтап, жаңа мазмұнмен қайта толықтыруда. Себебі қазіргі әлемдік шиеленіскен жағдайда мемлекеттің реттеушілік ролін күшейтпей еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Оның негізгі тетігі Үкіметтің ішкі азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған кешенді шаралар қабылдауы болып табылады. Атап айтқанда, бұл – әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларын өндіруді ынталандыру, олардың резервін жасақтап, тұрақтандыру қорын құру, ұтымды кедендік тариф саясатын жүргізу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен импортын реттеу, азық-түлік тауарлары бағасының қалыптасу барысын қадағалау. Мұндай шараларды қазіргі кезде әлемнің барлық мемлекеттері қолданып жатқанын атап өтуге тиіспіз.

Әдебиет
1. «Республикалық астық сараптау» және «Қазтұқымсараптау» Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 2 наурыздағы №342 қаулысы.

2. «Қазақстан Республикасында ішкі астық рыногын тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 24 сәуірдегі №633 қаулысы.



3. «Астықтың мемлекеттік экспорттық ресурстарын қалыптастыру жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 13 желтоқсандағы №1841 қаулысы // Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., №55, 602-құжат; «Егемен Қазақстан» газеті, 2000 жылғы 20 желтоқсандағы №321

4. «Астық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы №143 Заңы // Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., №2, 12-құжат; «Егемен Қазақстан» газеті, 2001 жылғы 23 қаңтар, №14.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет