Әож 7. Шешендік сөЗ Өнеріндегі кеңістік мәселесі



жүктеу 145.6 Kb.
Дата22.04.2019
өлшемі145.6 Kb.

ӘОЖ 87.3
ШЕШЕНДІК СӨЗ ӨНЕРІНДЕГІ КЕҢІСТІК МӘСЕЛЕСІ
Раев Д.С.

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар

және әлем тілдері университеті, Алматы қ.
Қазақ би-шешендерінің шешендік өнерінде кеңістік ұғымы жер бетіндегі қозғалыс өрісі ретінде, адамзатының тіршілік аясы, дүниенің бар болу этосы ретінде мойындалады. Қазақтың дүниені түсінуінде ғаламның әртүрлі деңгейлік түр-сипаты мойындалған және ондағы саналуан бағыттағы қатынастардың орын алып отыратындығы тұжырымдалады. Қазақ би-шешендері әлемді бүтін кеңістік тұтастығы ретінде қарастыра отырып, оны тек материалдық қатынастардың ауқымымен ғана шектемеген. Әлем кеңістігі әр уақытта адам үшін өзінің жалпылық мазмұнының тереңдігімен құнды болатындығы пайымдалып келген. "Бәрінен үлкен – Кеңістік, өйткені оған бәрі сыяды", – деп Фалес айтқандай, табиғат – кеңістік, сондықтан, ол әрі горизонтпльды, әрі верткальды тіршілік өрісі. Көне түркілерден келе жатқан шешендік нұсқалардағы: “Биікте көк тәңірі, төменде айғыз жер жаралғанда, екі арада адам баласы жаралды”– деп келетін нақыл Ғалам болмысын – Көк аспан, Жер, Адам – үштік өлшеммен анықталатын адамзатының тіршілік кеңістігін көрсететін таным тегін білдіреді. Сонымен бірге, мұнда кеңістік ұғымы әрі вертикальды, әрі горизантальды құбылыс болатындығын мойындайтын көзқарас жатыр. Көк пен Жер бүкіл кеңістік атаулының шекарасы және барлық өлі заттар мен тіршілік иесінің қозғалыс алаңы болады дейтін онтологиялық пайым анық байқалады. Табиғат сол бір тіршілік иесінің қозғалыс кеңістігі болады дейтін көзқарастың дәлелін Бұқар бидің: “Бағаналы орда, басты орда, байсал орда қонған жұрт. Мамырасып, ел болып, байсалды жайлау табылды”, -деп айтқан шешендік нақыл сөзінен көруге болады. Бұқар би өзінің бұл нақылында кеңістік жаратылыстың басты да бағаналы ордасы дей отырып, кеңістіктің тіршілік орталығы, өмір мәнінің ашылу кеңістігі әрі кеңістіктің өзі мәндік феномен дейтін концепцияны ұсынады. “Байсалды жайлау табылды” деген сөз тіркесінен қазақ халқының мал шаруашылығы “өндірісінің” өзіндік кеңістіктік концептінің болғанын аңғартады. Ол “жаз жайлау” дейтін кеңістіктік концепция. “Жайлау” қазақ үшін кеңістіктік ұғым. Осындай ойды Малтақан бидің: “Бәсе, көрініп анау тұрған Өмірбегім, қыстауым, жайлауым сен Темірбегім”, -деп айтқанынан да аңғаруға болады. Бұл өз тарапынан кеңістікті танудың этномәдени әдіснамалық негізі болып табылады десек артық айтпағандық. Сонымен бірге, оның «байсал орда» деген сөзінен қазақтың кеңістікті адамзаты мен басқа да жаратылыстың өз заңдылығы шеңберінде байсал да бірқалыпты қозғалыс өрісі деген концептінің тұғырын аңғаруға болады. Кеңістікті танудың әдіснамалық амалына меңзейтін ойдың шыңын байқаймыз. Төле бидің: «...Көсіле шабар жерің бар,...», «...Өзегі талса ел біткен, өзен бойын жағалар» -деген сөзінде жер адамзатының горизантальды тіршілік кеңістігі ретінде қабылдаған көзқарасты білдіріп, жер бүкіл Универсумдағы субконтент дейтін идеяны көтергені анық. Жер адамзатының өмір сүру онтогенезі, жалғыз пенденің ғана емес, барлық жаратылыстың қозғалу физоөрісі дейтін когницияны белгілеген. Бұл Ескелді бидің: “Ел қонбаса – жер азады, жер болмаса – ел азады” –деген онтостық ұстанымына негзделетін концепция. Қазыбек би қайтыс болғандағы қызының жоқтауында: «Өсиет қылдың қазаққа, Сарарқа деп қонысың», “Еділ менен Жайықтың бірін жазға жайласаң, бірін қысқа қыстасаң, ал қолыңды маларсың алтын менен күміске. Тіл алсаң іздеп қоныс көр, желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшір…” (Асан би), “Қайырлы қоныс болмаса, жер дегенің немене?” (Бапан би), “...Еділдің бойы қанды қиян, Жайықтың бойы шаңды қиян, Маңғыстаудың бойы майлы қиян” (Есет би) –деп келетін шешендік сөздерде дала демосфендерінің адамзатын көтеріп тұрған геожүйе кеңістігі әртүрлі атаулармен ажыратылған өңірлермен берілуі кеңістік феноменінің уникум субстанцияларын атап көрсетіледі. Мұндағы да “қоныс”, “жайлау”, “қыстау”, “қиян” кеңістіктік субстациялар қызметін атқарып тұр. Оған қазақтың «көктеу», «күздік қоныс» деп келетін ұғымдарын қосатын болсақ, олардың барлығы дала көшпенділерінің өмір сүру кеңістігін жіктеу әдіснамасын аңғарамыз. Бұл қазақ билерінің “Қонысты жаңаламасаң, өрісі тозады” деген ұстанымға табан тірейтін табиғат кеңістігіне деген ланшафттық-концептуальдық көзқарасы деп білуге болады. Сондай-ақ қазақтың табиғат кеңістігін флоражүйелік жіктеу әдіснамалық кешенін айқын көре аламыз. Асан бидің: «...Қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған, Оймауыттай тоғай егіннің, ойына келген асын жейтұғын, жемнен де елді көшірдің.» немесе Орманбет бидің: “Екі би, айтқан сөзің жарасады, Еншіге әркімдер-ақ таласады... Қасқа көл Орта жүздің көлі еді ғой, айтқандарың қиянатқа жанасады” -деп айтқандарынан табиғат кеңістігінің әмбебап құбылыс болатындығы, оның флоражүйесінің сан қырлы, көп деңгейлі күрделі құрылым екендігі тұрғысындағы ой толғау квалитетін аңғарамыз. “Құлан жортпас құба жонға, қурай шықпас демеңіз”, -дейтін шешендік толғаудағы және жоғарыда келтірген шешендік сындардағы “қырында”, “тоғай”, “құба жон”, “суында”, “Қасқа көл”, деген ұғымдар қазақ сөз ұстарларының қазақы кңістіктік түсінігінің ланшафтық және гидросфералық ұстындарын көрсету моделі десек болады. Бұқар бидің: “Жақын жерден шөп жесе, жердің сәнін кетірер” деген шешендік өсиетінен және Досбол бидің: “Кеңейте көр өрісін, ұзарта көр желісін”, -деп берген батасынан табиғат кеңістігі қазақ би-шешендері үшін өз қуаты мен әлеуетін өз болмысына тоғытқан уникум жаратылыс болатынын мойындаған көзқарасты табамыз. Табиғат қазақ үшін – өмір сүру кеңістігі, тіршілік ету территориясы болатындығын дәлелдейді. Оған “Көштің байсал тапқаны – көкорайға қонғаны…” (Бегеш шешен), “Шайырлы шөп болмаса, мал секіріп тұрмаса… жер дегенің немене?” (Бапан би) –деп айтылғандар дәлел. “Тауды жайлап, таста өскен, ағайыннан басқа өскен, ел қадірін білмейді” –деген шешендік шиыр, «Жайлаған ел көшсе – көл құлазиды. Жайылған мал кетсе – бел құлазиды» (Қанай шешен), Күдері атты жігіттің атынан айтылатын: «Бірлік қылсаң ағалар, анау тұрған шабынды баршаңызға жетеді», -деген шешендік толғауда, «Еділден қашты бір түлкі, тоғайға қарай дем алмай» (Ізбасты шешен), -деп келетін шешендік баяндауда, “Өлеңді жерде өгіз семірер”, “Қой егіз туса, шөп басы айыр шығады”, “Түйенің танығаны жапырақ”, “Малды қыс құмға, жаз шымға айда” деген мақалдарда, “Аққу құстың төресі, ен жайлап көлде жүреді” (Асан би) деген шешендік нақылда әр тіршілік формаларының өз өмір сүру кеңістігі болатындығын айқындап, олардың өз өмір сүру ареалы бар деген концепті ұсынады. “Жер сәні - …аққан су, жайқалған ну” (Бөлтірік шешен), «Жағалай біткен көкорай, ортасы теңіз қатпайды» (Ақшолақ би), «Өнерің болса оқыған, тау суындай тасыңдар» (Шағырай шешен), «Мекен қылар жоқ адам жардың астын» (Кебекбай шешен) –деп айтылатын шешендік пайымда, “Асқар тау сенде бір мін бар, асуға жол бермейсің. Тасқын су сенде бір мін бар, өтерге өткел бермейсің” (Әйтеке би), “Ел жағалай қонбаса, бетегелі бел ғаріп, қаз үйрегі болмаса, айдын-шалқар көл ғаріп”, “Көлде жұрген қоңыр қаз, қыр қадірін не білсін” (Асан би), “Әділ ме осы дауымыз? Жар астында тұрғанда, жасырынып жауымыз” (Төле би) деген шешендік сында, “Жаз сайға қонба, қыс қырға қонба”, “Нөсер алдында найзағай ойнайды”, «Таудың басын көр де, түбіне барма», “Жер бауыры жазық” деген шешендік мәтелдерде, “Тау кезеңсіз болмас, өлке өзенсіз болмас”, “Көлдің көркі құрақ, таудың көркі бұлақ”, “Таулы жер бұлақсыз болмас, сулы жер құрақсыз болмас” деген шешендік мақалдарда кеңістіктің әртүрлі формасы сипатталады. Дала мен тау жағдайындағы кеңістіктің көрініп тұрғандығы нақты кеңістікті қабылдауға септігін тигізді. Нақты кеңістік функционалды, сондықтан оның өлшемі де функционалды дейтін ой жетегінде боламыз. Мысалы, ондағы “көкорайға қонғаны”, “шабынды”, “тоғайға қарай”, “жайқалған ну”, “бетегелі бел”, “өлеңді жер (өлең шөп мағынасында)”, “шөп басы айыр шығады”, “жапырақ”, “шым”, “құрақ” дегеннен флоракеңістіктік пайымды байқасақ, “тауды жайлап, таста өскен”, “бел”, “асқар тау”, “асу”, “қыр”, “жар”, “құм”, “сай”, “кезең”, “өлке”, “жазық” ұғымдары арқылы кеңістіктің ланшафтық формасы айқындалады. Оған Досбол бидің: «Қырсыз-шымсыз жер болмайды» -деген дәлел. Ал “өзен бойын жағалар”, “көл құлазиды”, “тасқын су”, “өткел”, “айдын-шалқар көл”, “нөсер”, “бұлақсыз болмас”, “өзенсіз болмас” деген сөз тіркестерден гидрокеңістіктік танымды аңғаруға болады. Асан бидің: “он жылда бес саулық мыңға, бес қара жүзге жететін жердің құты екен, әттең, аттың сауырына сыймайды-ау, артыма сала кетер едім” деп жерге; “Төс табаны төрт елі нарлар жүрер жол екен, төсегінен түңілген ерлер жүрер жол екен” деп шөлге айтылған сөздер шешендік сынның ежелгі үлгісі. Бұл да елдің шешендік өнеріндегі кеңістік туралы әрі перцептуальдық, әрі концептуалдық көзқарас формасы деп айтуға болады. Мысалы, Саққұлақ шешеннің: “Орман-тоғай – жер сыны, бетеге-жусан – бел сыны, көкорй-шалғын – көл сыны”, -деген шешендік нақылы ланшафтық кеңістік пен гидрокеңістік көркі флоракеңістік болатындын дәлелдей түседі. Бұл айтылғандардан қазақ шешендік сөз өнеріндегі кеңістікті әрі аксиологиялық, әрі эстетикалық қабылдау методологиясын көруге болады.

Шешендік сөз өнерінде сөз болатын кеңістіктік паймдардың бір парасы – космокеңістік туралы түсінік әлемі. Қазақ даласындағы космогенез далалар мен таулар кеңістігінде қалыптасып, дүниені екі желінің қиылысы ретінде қабылдауды қамтамасыз етті: тік бағытты және көлбеулі, жоғарғы және төменгі әлемдер. Шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке дала бойымен қозғалудың өзі сол вертикальды және горизонтальды кеңістіктің өз қиылыстарымен нақты өмірдің түзілістерін бейнеледі. Ғарыш кеңістігі, қоршаған орта қазақтар үшін тіршілік ету мекені болды. Ғарыш кеңістігіндегі айналым тізбегі үзілмейтін шексіз үдеріс ретінде қабылданды. Сондықтан адам өзінің ғарышпен үнемі байланыста болатындығын түсінді, сондай ұлы жаратылыс болғандығын мойындады. Аспан кеңістігі мен адам кеіңстігі қарым-қатынасындағы иерархия сол дәуір көзқарасында белгілі образ арқылы бейнеленді. Планеталар «мекендейтін» Ғарыштық кеңістік адамдікінен анағұрлым жоғары орналасқан және одан абсолюттік қашықтықта. Ал оларды тек рухтар мен құпия құбылыстардың әлемдік және әлдеқандай тылсым эзотериялық кеңістігі ғана біріктіріп немесе байланыстырып тұрады. Бұл аспани құбылыстар жердегі тіршілікпен қосылысқан кеңістік. Оның негізінде аспан денелері туралы түсініктер қалыптасып, космокеңістіктік таным әлеуеті орнықты. Қазақ шешендігіндегі космокеңістіктік таным ауаны негізінен: “Көк”, “Аспан”, “Көк аспан”, “Тәңір”, “Көк тәңірі”, “Ай”, “Күн”, “Жұлдыз” және т.б. категориялар арқылы көрініс тауып отырды.

Қазақ ділмарлық өнеріндегі космокеңістік туралы танымның алғашқы бастауын сонау Түрік қағанатында қаланған, яғни ол: “Биікте көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған” –дегенге саяды. Осы ойдың логикалық жалғасын Қозыбай шешеннің: “Ғажап бар жер мен көктің арасында, біреу шат, біреу қапа панасында.” –деген шешендік толғауынан табуға болады. Бұл қазақ дласында, оның ішінде ұлттық шешендік сөз өнері шеберлерінің кеістік санасын қалыптастырған онтостық негіздер десек болады. Мысалы, «Көкке бір кісі ұшады, етегіне мың кісі сияды», «Қыран шексіз көкте жүзеді...», -деген шешендік мақалдар «Көктің» ғарыштық болмыс, трансценденттік биіктіктегі шексіз кеңістік болатынын мойындаған концепцияны байқасқ, «Көкті бу көтереді …» (Шоқай би), “Көкте бұлт сөгілсе, көктеп болмас не пайда.” (Бұқар би), “…Емен, ағаш, бәйтерек – бұтағым көкке шарпылған” (Қопа шешен) -деген шешендік нақылдар «Көк» кеңістігі туралы әрі реальды, әрі концептуальды түсінікті бағамдайды. “Көктегі бұлттың өлгені – аса алмай таудан қалғаны” (Бұқар би), -деп келетін шешендік пайым «Көк» туралы перцептуальды кеңістіктік түсінік үлгісін білдіреді. Сонау ежелгі тұркілерден келе жатқан «Тәнірлік» түсінік қазақ шешендігінде де көрініс табады. Содан келе жатқан түсінік бойынша, «Тәнір» әлемі он сегіз ғаламнан жоғары тұрған кеңістік. Оның құдайы «Көк – Тәңірі» деп аталады. Күлтегін жазуында түркі қағаны «Тәңірідей, тәңіріден жаралған» деп суреттеледі. Осының өзі қазақ шешендігіндегі «Тәңір» ұғымының аспан әлеміне бара-бар трансценденттік кеңістік болғаны байқалады. Мұның дәлелін: «Тәңірінің күні тарыдан да көп», «Өзі екі етем десе, тәңірі бір етер», «Таңдағы тамақ тәңірден», -деген шешендік мақалдардан және «Отырықшы ел болсаң, тойынар еді қарны аш. Киінер еді жалаңаш, тәңірі не дер бекерді, еңбек етпей болмайды» (Төле би) –дейтін шешендік толғаудан аңғаруға болады. Дала ділмарларының космогониялық дүниетанымдары жүйесінде, ежелгі түркілерден келе жатқан танымға сәйкес, әлем – үш қабат аспан, жеті қабат жер және жеті қабат жер асты жүйесінен тұрады. Олар адамның тәжірибесі арқылы қол жеткізуге болатын және сезілетін заттық болмысқа ие. Дегенмен, осы негіздің өзі әлдеқандай жоғарғы себептердің күшімен эзотериялық тәжірибелер үшін негізге айналады. Жоғарыда келтірілген мысалдардағы «тәңірге» байланысты көзқарастар бойнша, ол адамның ата-бабаларының рухтарымен және Жоғарғы санамен мистикалық байланысы жүзеге асатын априорлық кеңістік. Олардың пікірінше, әлемнің тәжірибеде берілмеген, осы иррационалдық, жоғарғы болмысында әлемдегі кеңістік пен уақыттың, заттар мен мағыналардың, табиғилық пен руханилықтың, даму мен тұрақтылықтың бірлігі жүзеге асып жатады.

Қазақ шешендігіндегі сол «Көк» кеңістігін қосарлы «Көк-Аспан» ұғымы кейде – Аспан ұғымы арқылы белгілеп отырған. Бұл түсінік Бақара сүресі, 29 аят "… Алла, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Сонан кейін аспанға көңіл бөліп, оны жеті қабат көк етіп тәртіптеді" [1, 29 аят], -деген ұстанымға сүйенген деуге болады. Қазақ даласындағы Аспанды тану практикасы тарихына үңілсек те осыған сәйкес дәлелді көреміз. Өйткені мал мен жерден күн көрген қазақтың баққаны аспан еді. Осыдан: «Ат аспаннан, нұр пейіштен», «Асқанға аспан да аласа» –деген түсінік келіп шығады. “Ағайындағы мал – аспандағы мал” (Байдалы би), “Шырағым, тым жоғарылама, аспанға асыларсың” (Қазыбек бидің Тоқсан биге айтқаны), -деп келетін шешендік шиырлар Аспанның вертикальды кеңістік болатынын, ол пенде үшін қол жетпейтін кеңістік төрі екенін мойындайтын таным үлгісі десек болады. Бұл Аспанның идеологиялық ұстанымға айналған мифологиялық түрі десек болады. Сондықтан ондағы ой адамның Аспанға деген ерекше көзқарасын қалыптастыра отырып, әлеуметтік қатынастарды реттейтін тетік ретінде қабылдап, оған қасиеттілік, киелілік мағына береді. Аспан адамнан жоғары тұратын кеңістік, бірақ өзіне бағынуды талап ететін тұлғасыздан күштер әлемі ретінде қабылданады. Сонымен бірге, Сол бір қаиеттілік болмысты Құдай құдіреті беделімен бекемдеу, орнықтыру, нығайту қажеттілігі тенденциясын байқауға болады. Досбол бидің өтінішіне Боранбай шешеннің: “- Сіз тіккізер ақ боз үй, он сегіз мың ғаламға ортақ көк күмбезді аспаннан кең емес шығар”, -деп берген жаубын Аспанның шексіз кеңістік ретіндегі кеңдігін сүреттейді. Аспан кеңдікті тану өлшемі ретінде мойындалады.Мұндай идеология: «маған дейін де солай болған, менен кейін де солай болады» деген ұстанымға сүйенеді. Демек, бұл Аспан кеңістігіне деген перцептуальды көзқарастың рефлексивті санада берілуі деуге болады. Мысалы, “Аспанда ай Арғын емес пе? Жұлдыздай Қыпшақ емес пе?” (Асаубай шешен), -деген жолдар да сол Аспанды тану үдерісіне меңзеп тұрғандай. Мұның шындығына үңілетін болсақ, тарих қазақ халқының Еуропадан бұрын Х ғасырда Аспан мен Жердің қыр-сырын зерттейтін зердесін тудырған халық болғанын айғақтайды. Бұл жөнінде айғақты әріден қозғамай-ақ, Қазыбек бек Тауарсарұлының айтқанына тағы бір тоқталсақ жеткілікті. Ол жылды жазтоқсан, желтоқсан, қыстоқсан, жылтоқсан деп төртке бөлген және жұлдыз ішінде жыл есептеуінің ең бір жүйелісі үркер деп белгілеген. Оның айтуынша, Үркер көрінген күннің бәрі суық болып есептелген. Сұр наурыз бен жаңа наурыздың арасы он-он бір күн болған [2, 150 б.].

Қазақ елі Ай мен Күннің тұтылуын, Ай мен Айдың арасындағы екі күн өлі араны, қыстың қыңырсығын, күн райының екі амалын білген. Геожүйені тануы мал шаруашылығымен тығыз байланысты болған қазақ табиғаттың аулан сырлы құбылыстармен бетпе-бет ұшырасып, күн мен түннің, жыл мен мезгілдің, ай жаңалануының айналымын мұқият бақылап, ең бері дегенде табиғи апаттың алдын алып отыруды көздеген. Сондықтан болар, жаңбырдың жауатынын, желдің соғатынын, күннің суытатынын, өзеннің таситынын, шың мұзының құлайтынын, қардың көшетінін алдын ала болжап біліп отырған. Міне бұл қазақ даласындағы геожүйені танудың этноүрдісін білдірсе керек.

Жұлдызды аспанның өзінің төңірегінде қозғалып тұруын қамтамасыз етіп отырған – қозғалмайтын нүкте – Темір қазық – киіз үйдің қозғалмайтын нүктесі және үнемі алыстан мұнарланып тұратын қозғалмалы көкжиек, – мұның барлығы бірігіп біртұтас ғарышты – тіршілік ғарышын құрды. Көрші отырықшы қоғамдардың нүктесі қозғалмайды және көштің бір тыныштық нүктесінен – шығыстан, екінші нүктеге – батысқа қарай қозғалысы олардың тіршілік қызметін қамтамасыз етті, сөйтіп, адамның, әлемнің үшбірліктілігін, аспанның, жердің және адамның бөлінбейтіндігін түсінуге жағдай жасады. «Тамам хұлдыз бірігіп, бірден туған айдай жоқ» мақал, “Аспан толған жұлдыздан жарқырап тұрған күн артық” (Саққұлақ шешен), -деп келетін шешендік шешендік сын Аспан денелерін кеңістік ретінде мойындаудың үлгісі.

Аспан денелерінің ішінен қазақтар Күнді ерте заманнан-ақ құдіретті, қасиетті құбылыс деп білген. Сондықтан қазақтың шешендік сөз өнерінде де аспан кеңістігінің атрибуты ретінде маңызды орынға ие болған. Мысалы, “Күн ортақ, ай ортақ”, “Сәуір болса күн күркірер…”, “Күн бұлттанса жауар”, «Таң атпайын десе күн қоймайды», -деген шешендік мақалдардағы, “Тоғайға біткен жоңышқа солғын тартар күн өтсе” (Есет би), -деген шешендік нақылдағы «Күн» сөзі космокеңістік феномені болатындығының дәлелі. «Күн» болмыстық априорлық кеңістік ретінде мойындалады. «Ай мен күн әлемге бірдей», -деген мақал аспан әлеміндегі қос кеңістік бірлігін айтып тұрса, ал “Ай не болар күннен соң, күн не болар айдан соң. Ай мен күннің өлгені – еңкейі барып батқаны (Бұқар би), -деп келетін шешендік нақыл «Ай» мен «Күн» сияқты сол қос кеңістіктің бір-біріне тәуелді байланысын көрсете келе, аспан денелерінің тұтас кеңістік әлемін түзетіндігі туралы танымды пайымдайды. Күрт континентальды дала табиғаты әлемді екі бірлікте: күн мен түн, ыстық пен суық, құрғақ пен ылғалды екі бастаманың – Күн мен Айдың көрінісі ретінде қабылдауға итермеледі. Күннің жарығы мен жылуынан жер бетіндегі күллі жан-жануар, өсімдік атаулы нәр алып, қоректенетінін мал өсіруші-көшпелілер қай халықтан да кем түсінбеген. Мысалы, оған:«Дүниенің қызуы – күннен, жұлдыздың жарқырауы - түннен» -деген шешендік нақылдар куә. Өйткені көшпенділер Күн айналымынан қалмай отырған. “Ерте шықсаң, алдыңнан күн шығады…”, «Батар күннің атары бар», -деген ұстанымға сүйене отырып, қазақ шаруашылығының жағдайыме, малының тұяғымен Күн қайда болса, олар да сол кеңістікте көрінді. Міне осы, кеңістік – Күн айналымының шеңбері – көшпенділерді тынымсыз ізденісте болған кеңістікте ұстады. Көшпелілер өзін кеңістік қарақшысындай сезінді деген идеяны анық көреміз. Бұл – Жер мен Көктің тепе-теңдігі және Күннің айналым кеңістігіне негізделген, мәңгілік идеясының көрінісі еді.

Дала демосфендеріне Күннен кейінгі танымал нысан Ай болған десек болады. Көшпенді өркениет иелері ұзақ түнде айдың тууы мен батуын бақылаған, одан өздерінше қорытынды жасап, жыл мезгілдерін айыру үрдісін қалыптастырған. Ай Жердің табиғи серігі екені, үнемі айналып отыратыны қазақтарға ертеден-ақ мәлім болған. Шоқанның Уәлихановтың айтуынша қазақтар айды «құдай» тұтқан [3., 215 б.]. Айталық, “Туған ай, тураған етпен тең”, Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де – қызыққа тоймас адамзат.” (Бұқар би), -деген шешендік тәмсіл сөз «Ай» аспан кеңістігін құраушы субстанция дейтін идеяға мұрындық болады. «Жақсы Ай мен Күндей, жарығы әлемге бірдей» -деген мақал көркемдік пен әсемдік кеңістігіне меңзеп, сұлулық символына айналу үдерісін көрсетеді. «Ай толғанын білмес, жігіт болғанын білмес», «Арыстан айға шабамын деп, артқы аяғы мерт болыпты», “Үркер жиылып – ай болмас…”, -деген мақалдардан кеңістікке қатысты перцептуальды көзқарасты байасақ, ал “Үркерлі айдың бәрі қыс”, “Жаңа айдан жақсылық”, “Сүмбіле туса су суыр”, (мақал), «Айналасын жер тұтқан Айды батпас демеңіз (Бұқар би) –дейтін шешендік пайым концептуальды кеңістік нышанын айғақтайды.



Сонымен бірге, қазақ би-шешендерінің зоокеңістікті бейнелейтін әртүрлі формадағы пайымдауларының өзі өз алдына зерттеу нысанасы бола алады. “Қаз үйрегі болмаса, айдын-шалқар көл ғаріп”, “Қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған” (Асан би), “Жер сәні – мыңғырған мал, ағылған аң” (Бөлтірік шешен), “Көкорай шалғын жерім бар, өріс толған малым бар” (Қазыбек би), “Жағалай елін қонбаса, суы тұщы болмаса, мал-жаның бәрі сусындап, мейірі оның қанбаса, көл дегенің немене?!” (Саққұлақ би), «Түлкі, аңға толмаса, қадірі жоқ бір қырды, бел дегенің немене?» (Бапан би), “Бұтақты мүйіз бұғысы саласындай жайылған. Мылтық атқан мергені, киігін қойдай қайырған. Құланы құлындый тулаған, түлкісі иттей шулаған…” (Бұқар би), «Бірі өлсе, мыңы бар, сенікі ғой анау өрісте қаптап жүрген» (Малтақан би), -деп келетін шешендік нақылдардағы, “қаз-үйрек”, “қырында киік”, “мыңғырған мал”, “өріс толған мал”, ағылған аң”, “мал-жан”, “бұғысы саласындай жайылған”, “киігін қойдай қайырған”, “ құланы құлындый тулаған, түлкісі иттей шулаған” деген сөз тіркестер қазақтың сөз өнеріндегі зоокеңістікті белгілеу үлгісін және ол “Өріске мал жарасады” және “Аяқты малдың өрісі басқа” дейтін ұстанымға сүйенетін зоокеңістік табиғат әлемін құраушы субконтентті айқындап тұр – бұл бір. Екіншіден, жоғарыда келтірілгендерден қазақ шешен-билерінің геожүйе мен зоожүйенің онтостық бірлігі арқылы жалпы кеңістік феноменінің тұтастығын айқын көрсетеді. Үшіншіден, «Еңкейіңкі тартады ер қолынан мал ктсе» (Есет би), Байдың ұлы көрпелдес, шұбалаңқы тартады айдап жүрген малдан соң” (Бұқар би), -деген шешендік нақыл сөздерден қазақ әлемі мен мал кеңістігінің біртұтастығын анық байқаймыз. Оған “Ел көркі – мал” деген халық мақалы дәлел. Ал “Жақсы айғырдың үйірін ат жақтайды”, “ Үйірі басқаны ноқта қосар”, “Жылқы – малдың патшасы, тұйе – малдың қасқасы”, “Құлындаған биеден құдықтағы су артылмайды”, “Саулықтың жасы үлкен, қошқардың басы үлкен”, “Сиыр мүйізін төсейді”, “Байтал шауып бәйге алмас”, “Ат аяған жерге қарар, құс аяған көкке қарар”, “Түзде бұзауы жамырағанның, үйде айраны төгілер”, “Жақсы ат жанға серік, жақсы ит малға серік”, “Құлан қырда, құндыз суда”, “Құмай тазы қуғанын алады”, “Ауыл иті ала болса да, бөрі келгенде бірігеді” деген шешендік мақалдардағы “үйір”, “мал”, “айғыр”, “ат”, “жылқы”, “түйе”, “құлын”, “бие”, “саулық”, “қошқар”, “құс”, “бұзау”, “ит”, “құлан”, “құндыз”, “құмай”, “тазы”, “бөрі” ұғымдары зооәлемнің медиокеңістігін құрайтын субконтентін белгілейтін категориялар болатынын нақтылай түседі. Бұл «Айғырлары арқырап, құлындары шұрқырап, биелері кісінеп, үй жанынан дүркіреп өткенде жер сілкінгендей болады» дейтін кеңістіктік түсінікке, “Қойдың іші – береке, жылқының іші – мереке” деген ұстанымға негізделетін кеңістіктік танымның зоосферасы деуге әбден болады. Қазақ түсінігінде жылқы, түйе, қой, сиыр дүниенің төрт тарапын білдіретін кеңістіктік символдар болып табылған. Жылқы Ғаламдық кеңістіктің даналығы, әлеуметтік туыстық кеңістік символын құраса, қой әлеуметтік кеңістігіндегі төзімділік мен тыныштықтың символы іспеттес болған, ал түйе – бірлік пен бөлінбейті бүтін кеңістіктің образын берген. “Кесімді малға өсім бар”, “Түлік – төлден өседі”, “Басқа сүйеніп мал өсер”, “Ұлдының ұрты өседі, малдының сырты өседі”, “Теңге тиыннан өсер, жылқы құлыннан өсер” деген шешендік мақалдардан зоокеңістіктің ұлғаю критериін анықтаған танымды анық көре аламыз. Зоокеңістіктің өсу динамикасының логикасы көрсетіледі. Осы арқылы зоокеңістігі қозғалысының өз заңдылығы анықталады. Бұл – қазақ сөзмерлерінің кеңістік танудағы этномәдени әдіснамалық амалының бір парасы.
Әдебиет


  1. Құран кәрім. Бақара сүресі, 29 аят.

  2. Қазбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін. Алматы: Жалын, 1993. – 416 б.

  3. Уәлиханов Ш. Мақалдар мен хаттар. А., 1949. – 431 б.

Каталог: rus -> all.doc -> konferencii -> 11-12
11-12 -> Дипломат пен консулдың жеке басына қол сұҚпаушылық иммунитеті кадралиева Н. А
11-12 -> Азаматтық ҚОҒам мен қҰҚЫҚТЫҚ мемлекеттің Қазақ жеріндегі қалыптасу жолдары көшербаев С. Б., Алимбетов А. В
11-12 -> Религиозная идеология в сознании человека
11-12 -> Әож 342: 314. 745. 22 Қазақстан республикасындағы босқындар мәселесін қҰҚЫҚТЫҚ реттеу жолдарын жетілдіру
11-12 -> Әож 940,5 (574) ТӘуелсіз қазақстан бейбітшіліктің, келісімнің ЖӘне жасампаздықТЫҢ 20 жылы
11-12 -> Әож 342. 52(574) ТӘуелсіздік жылдарындағы мемлекеттілік пен ұлттық заңнаманың Қалыптасуы
11-12 -> Кеден одағЫ: интеграция үрдісінің негізгі кезеңдерінің бірі ретінде нұрмағанбетов Е. С
11-12 -> Заңды жауапкершілік-жеке адамның,ҚОҒамның, мемлекеттің мақсат мүддесін қОРҒаудағЫ Өте күрделі, маңызды шара. Рзабай А. И. «Жамбыл гуманитарлық-техникалық»
11-12 -> Әож 343. 232 Сот төрелігіне және жазаның орындалу тәртібіне қарсы қылмыстарды дұрыс саралаудың маңыздылығЫ
11-12 -> Әож 347. 426. 42 МҮліктік емес өзіндік қҰҚЫҚтардың ҰҒымы мен түрлері


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет