Әож 78: 681. 3: 78. 072. ОҢТҮстік қазақтарының ҚОҚандық езгіге қарсы күресі



жүктеу 146 Kb.
Дата29.04.2019
өлшемі146 Kb.

ӘОЖ 378:681.3:78.072.2
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚОҚАНДЫҚ ЕЗГІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСІ
Жолдасов С.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз


ХIХ ғасырдың бірінші онжылдығында басып алуды бастаған Қоқан билеушiлерi 20-жылдары Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі басып алған кең аймақты иеленіп, енді игеру саясатын жүргiздi. Қалалардағы билеушiлерге өз адамдары қойылды, халық көп тұратын iрi елдi мекендер Түркiстан, Созақ, Шымкент, Сайрам мен шұрайлы жерлерге өзбектер көптеп келе бастады. Олардың саны барған сайын көбейiп, Тұрбат, Қарамұрт, Қарабұлақ, сияқты т.б. шұрайлы жерлерде бұрынғы қазақ ауылдарының орнында iрi өзбек елдi мекендерi өстi. Келес, Ақсу, Бадам, Сайрамсу, Қарасу, Арыс өзендерiнiң бойындағы шаруашылыққа қолайлы жерлер біртіндеп тартып алынды.

Шымкент, Сайрам, Түркістан, Созақ қалаларында сауда өсті. Қоқан хандығына қараған қазақ жерi арқылы сауда керуендерi ары-берi өтiп, қалаларға керуендердiң бiрi келiп, бiрi кетiп жатты. Керуендермен келген жүктi түсiретін орындар, керуенбасы мен басқа да қызметкерлерiн орналастыратын жаңа керуен сарайлар жұмыс iстедi.

Ал оңтүстiк өңiрiнiң қазақтары қашандағыдай ең алдымен мал шаруашылығымен айналысты. Қолөнер өстi. Кен орындарының мұнда көп болуына байланысты қорғасын, мыс қорыту, темiр балқыту iсiмен көптеген адамдар таныс болып, ұстаханалар ұстап, зергерлiкпен де айналысты. Олардың зергерлік бұйымдары әшекейлiгiмен, нәзiктiгiмен көз тартты.

Қоқан билеушілері бұл өңiр халқына ауыр салықтар салып, жергiлiктi халықты қанауды күшейттi, зорлық-зомбылық орын алды. Жер өңдеп, егiн еккен өзбек диқандары мен қазақ егіншілері белгiлi мөлшерде салық төледi. Хандықтағы осындай жер рентасы “харадж” деп аталынып, ол бойынша өнiмнiң оннан бiрiнен үштен бiр бөлiгiне дейiн алынды. Ал мал шаруашылығымен айналысатын көшпелi және жартылай көшпелi халықтан алынатын салық “зекет” түрiнде жүзеге асқан. Ол бойынша сөз жүзінде мал санының немесе оның құнының қырықтан бiрiн алып отырған. Зорлық-зомбылық жасау тек салық мөлшерiн белгiлегенде ғана емес, сонымен бiрге оларды жинау әдiсiнде де орын алған. Салық жинау жоғыры орындар тарапынан бақыланбай, зорлық жасау, елдi тонау сипатында жүрдi. Қолөнершiлерден алынатын салығы да “зекет” аталды.

Жалпы, қоқандықтар салық жинауға қыста шығатын болған. Бұл Әлім ханның кезінен басталған. Омар хан қырғыздар наразылықтарын қалай басу керек дегенде әскербасының бірі: қара ниетті қарақшыларды қолға түссін десеңіз, қыста шабуыл жасау керек. Өйткені осы уақыт оларға қиын тиеді, аяз, дала аппақ...- десе керек. Ал салық жинауға қолайлы болатыны, олардың келе жатқанын естігендер басқа жаққа көшіп кете алмайтын.

Қазақ шаруаларының тұрмысы Омар хан билігінің соңғы жылдарында барынша қиындады. Соның салдарынан олар 1821 жылы қоқандықтарға қарсы бас көтердi. Көтерiлiстi Тоқтамыс ханның ұрпағы, кейiннен лақап аты “Тентек төре” аталып кеткен Рүстем Аспандиярұлы басқарған [1] болатын. Көтерiлiс мынадай оқиғадан басталды…

Сол жылдың қысында Қоқан ханының бұйрығымен Сейдақұл бек басшылығымен қазақ ауылдарына салық жинайтын қол жiберiлдi. Олар қазақ ауылдарын қаталдықпен тонады. Осыдан Түркiстан, Әулиеата, Шымкент, Сайрам қалаларын қамтыған көтерiлiс бұрқ ете қалды. Сол өңiрден 12.000 қазақ жиналып, Сайрамды басып алды, сөйтiп оны көтерiлiс орталығы еттi. Наразы болған халық осы қалаға жинала берді.

Осы кезде Келес, Ордабасы өңірінде Бошан Абылайұлы датқа болып белгіленгеннен кейін, қазақ руларының Қоқан хандығынан дербес болуын көксеген ол өзінің ұшқыр ойлылығымен, шешендігімен жұртты қаратып, Сіргелі, Қаңлы, Шанышқылы тайпалары көсеміне айналды. Ол Тентек төре бастаған көтеріліске жиналған адамдарымен келіп, оған белсене қатысады.

Шымкент өңірінде болып жатқан жайды естіген бойда-ақ, оның кең тарап кетуінен қорыққан Омар хан көтерiлiстi басу үшiн Әбу-Қасым аталық т.б. әмiрлер басқарған 12 мың әскер жiбердi. Оларға қазақтардың көтерілісі бола қалған жағдайда басып-жаншу үшін Қоқан өңірінен арнайы көшіріліп келіп, Ханқорған өңіріне орналасқандар жәрдемге келді.

Қоқан әскерлері Шымкентті қоршағанда Бошан Абылайұлы датқа сол өңірдегі Ақпан батырлармен бірігіп, көп қол аттанады. Мақсаттары Тентек төремен біріге отырып, Шымкент, Сайрам, Түркістан өңірін Қоқандықтардан азат ету болды. Қоқан бегі Арсланның қалың қолы Бошан әскерін Қазығұрт маңында күтіп алады. Кей жазбагерлер Қоқан әскерлерінің қазақтармен алғашқы шайқасында Бошан мен Ақпанды тұтқынға алып, қол-аяқтарын байлап Қоқанға жібергендерін жазады.

Қоқандық қалың әскердің келе жатқанын естiген көтерiлiсшiлер қателiк жасап, барлық күшті біріктірудің орнына екi топқа бөлiніп кетедi. Бiрiншiсiн Тентек төре басқарып Сайрамда қалса, екiншiсi өз қолдарына өткен Шымкент қаласына бекiндi. Бұл қоқандық әскерлердiң аз-аз күштердi жеке-жеке талқандау үшiн өте қолайлы жағдай туғызды. Омар хан жiберген әскерлер екi қаланы да қоршауға алды. Қазақтар жазалаушы әскерлерге қарсы табан тiрескен қарсылық көрсеттi. Бiрақ күштiң тең еместiгi бiлiне бастады. Екi қалада қазақтардың әжептеуiр болғанымен, олардың қару-жарақтары мардымсыз едi. Оның үстiне ұзақ уақыт қорғану үшiн азық-түлiк, мiнiп келген аттарына жем-шөп, су жетіспеді. Сайрам мен Шымкент көтерілісшілері қатты қиналып, екеуінің арасында байланыс үзілді.

Сөйтіп, алдын ала ойластырмаған көтерiлiсшiлер бiрден қиындыққа тап болды. Көтерiлiстi басып-жаншуға келген қоқандықтар әскерлерiнiң iшiнде бiр бөлiгi соғыс өнерiмен жақсы таныс, бiрнеше шайқастарға қатысып, соғыс өнерiн жақсы меңгерген әскерлер болатын. Атылатын қарулары да жеткiлiктi едi. Қоқандықтар қанша рет қақпаны ашу, дуалдан асып түсу үшiн тiкелей шабуылдарға барды. Бiрақ соған қарамастын қазақтар екi қалада да керемет ерлiк көрсетiп, қоқандықтардың аяғын қамалдан аттатпады. Бiрде бiр әскер қамалға кiре алмады. Қоқан әскер басылары не істерін білмеді.

Осындай, кезде көтерiлiсшiлердің арасында жiк шықты. Қазақ шаруаларының көтерiлiсiнiң асқынып бара жатқанынан қорыққан төре ұрпақтары “ендi өз билiгiмiзге қауiп төнетiн болады” деп қорқа бастады. Олар Қоқан ханымен жасырын түрде келiсiмге баруға әрекет жасады.

Көтерiлiске сатқындық жасаған төре ұрпақтары ақыры солай еттi. Кеше ғана оңтүстiк өңiрiн жеке билесем деген ойы бар Тентек төре – Рүстем сұлтан келiсiмге адам жiберiп, өзiнiң хан билiгiн қолдайтынын бiлдiрдi. Бұқара хандығымен жағдайы нашарлап тұрған, орыстардың да ентелеп тұрған кезiнде әскерлердi сақтау үшiн Қоқан ханына бұл өте керек едi. Хан келiсiмге келген болды. Тентек төре хан билiгiн мойындап, бiр баласын Омар ханға аманатқа жiбердi [2]. Көтеріліс осымен басылды. Көтерiлiстiң карапайым қазақтардан шыққан ұйымдастырушылары Шымкенттегi зынданға салынып, бiреулерiнiң бастары шабылса, ендi бiреулерi iстiк қазыққа отырғызылды.

Тұтқынға алынған Бошан Абылайұлы датқаның жайына келсек, 1822 жылы Омар хан өліп, орнына Мәделі таққа отырғаннан кейін ғана қамаудан босанып, тұтқындалған кезіне дейін атқарған датқалық қызметіне қайтадан отырды.

Рүстем Аспандиярұлы сұлтан басқарған 1821 жылғы осы көтеріліске Әулиеата өңірінде ағасы Бәйтерекпен бірге Байзақ Мәмбетұлы (1781-1864 ж.ж.) да қатысады. Бірақ көтерілісшілер жазаланған кезде Байзақ Мәмбетұлы беделді адам ретінде өз руластарына датқа болып тағайындалады.

Сайрам мен Шымкент өңіріндегі көтеріліс басқа жерлерге де әсер етіп, 20-жылдары Талас бойындағы ауыр езгіге ұшыраған қазақтар мен қырғыздар да бірлесе шықса, Жаңақорған өңіріндегі қазақтар бекіністі басып алды [3]. Сөйтiп, көтерiлiс алғаштан-ақ кең ауқым ала бастағанымен, ұйымдасу дәрежесi төмендiгiнен бір-бірімен байланыс болмай оның үстіне Шымкент пен Сайрамдағы бұл бас көтеру өзінен өзі берiлдi.

Одан кейiнгi онжылдықтарда да оңтүстiк қазақтарының Қоқан билеушiлерiне қарсы наразылығы жалғаса бердi. Бiрақ, Шымкент, Түркiстан бекiнiстерiндегi бектердiң үстiнен билiк жүргiзiп отырған Ташкенттегi бекляр-бек халық наразылығын басып-жаншу үшiн бар күшiн салды.

Оңтүстiк қазақтарының Қоқан хандығына қарсы күресi кезiнде басқа өңiрдегi қазақтар көмек қолын созбау себебi, халықтың көмек бергiсi келмегеннен емес, Орта жүз бен Кiшi жүзде хандық билiк жойылғаннан кейiн қазақтар арасында өзара байланыстар үзiлiп, ендi олар көмекке келу мүмкiндiктерiнен айрылды.

Тарихи деректерге қарағанда, Қоқан езгісіне қарсы күресте қырғыздардың да бірге көтеріліп, қазақтар мен қырғыздардың бірін бірі қолдаған кездері аз болмаған. Дегенмен, осы бауырлас екі халықтың арасында бір-біріне айдап салудың салдарынан қарулы қақтығыстарға дейін жеткен оқиғалар да болған. Мысалы, 1824-1825 жылдары қырғыздар қоқандықтардан үдере көшіп, Іленің оң жағалауындағы, Балқаш көлінің шығыс жағына келгенде жақсы қабылдап, бірақ кейіннен, барымтаға байланысты қазақ-қырғыз арасы бұзылып, қырғыздар өз жеріне қарай көшіп кетуге мәжбүр болған [4]. Бұл екі халық арасына сызат түсірген еді.

Айтылып тұрған кезде қазақ даласының басқа жерлерiнде, бір жерде Хиуа хандығына қарсы, енді бір жерде орыс отаршылдарына қарсы көтерiлiстер болып жатты. Соның бiрi, Кенесары Қасымов бастаған көтерiлiс едi. Ол Оңтүстiк қазақтарына да әсер еттi.

Қоқандықтарға қарсы күреске Кенесарының да араласуының себебi бар едi. 1836 жылы қоқандықтардың Саржан сұлтанды, ал 1840 жылы Қасым төренi зұлымдықпен өлтiруi оның өмiрiнiң соңына дейiн қоқандық билеушілерге деген өшпендiлiгiн бiр сәтке де бәсеңдеткен емес. Сондықтан да 1841 жылы ақпан айында ол Қоқан хандығына шабуыл жасады. Уақытша болса да патша үкiметiнiң тарапынан болатын қарсылықты бәсеңдету үшiн Василий Алексеевич Перовскийге жазған хатында ол Қоқан бекiнiстерiне жасап жатқан жорығының себебiн “азапқа түскен қазақ руларын Қоқан билiгiнен босатып, патшаға қызмет ету” деп сендiруге әрекет жасаған.

Кенесарының 1843 жылғы қоқандықтар қолындағы бекiнiстер Ақмешiт, Созақ пен басқа қоныстарына шабуылы Сыр бойындағы қазақтарға бостандық әперумен байланыстырылды. Дегенмен генерал Перовский дiнi бiр, тарихи тағдыры ортақ, жерi көршi жатқан қазақ ханы мен қоқандықтар өзара жақындасып кетуi мүмкін деп Кенесарыға күдiктене қараумен болды.

Расына келгенде, Ресейге қарсы соғысында Қоқан хандығымен жиi-жиi текетiреске түсiп жүрген Кенесары Бұқара әмiрiмен де, Хиуа ханымен де өзара түсiнiстiк саясат жүргiздi. Ол өзінің әрекеттерiн Орынбор губернаторы мен Сiбiр әкiмшiлiгiне бiлдiрмеуге тырысты. Қоқандықтарға қарсы күресте Кенесарының Бұқара әмiрiмен одақтас болып, Созақ бекiнiсiн қоршауда көтерiлiсшiлермен бiрге Бұқара әскери күштерi де қатысқан болатын. Осы жолы Кенесары Орталық Азия хандықтарының қашаннан бері жалғасып келе жатқан өзара, бір-біріне деген дұшпандық әрекеттерін пайдаланған еді.

Осы кезде Қоқан хандығының ішкі жағдайында да тұрақсыздық орын алды. Ханды өлтiрiп, орнына Мұраттың отырғанына бiрнеше күн болмай, оны орнынан тайдырып, Мұсылманқұл таққа Шералының екінші әйелiнен туған, қырғыз нағашысының арасында жүрген он үш жасар баласы Худоярды (Саид Мұхаммед Худояр ибн Шермұхаммед Әлихан) отырғызды. Осылай, айтыс тартыспен жүргенде, 1853 жылы орыс әскерлері Ақмешітті алды.

Қоқан ханы Худояр Ақмешiттi қайтарып алу үшiн қатты дайындалды. Бірақ екі әрекеті де сәтсіз аяқталды. Құрбанғали Халидтiң жазуына қарағанда хандықта билiкке қол жеткiзу үшiн сарай жанжалы болып жатқанда олардың Ақмешiттен айырылып қалғанын естiген кезiнде Худояр хан: Ақмешiт Қоқаннан қанша жерде?- деп сұрапты дейдi. Сонда керуен үшiн екi айлық жол екенiн естiгенде: сонша алыстағы жер керек емес, орыстар алса алсын,- депті. Бiрақ, ол алғашқыда iшкi айтыстардың салдарынан қаланы орысқа беру қоластындағы жерiнен айырылуының басы екенiн бiлмей қалған екен.

Қоқан хандығы Ресейдің бұл ісіне шарасыздық танытып, не істерін білмей қалса керек. Осы кездегі Қоқан билеушілерінің шарасыздық жайы туралы Құрбанғали Халид: “...Шеті кеткен елдің ортасы тыныш қалса жарар еді, деп халық наразы болғанымен басқа шарасы таусылып достық ниетте болу үшін Сахиб Зада дегенді Ресейге жөнелтті. Ол Петербордан көп нәрсе көріп, Ресейдің күш-қуатын танып келген соң, “орыс елімен жауласу саясаты жақсылыққа апармайды, бәлкім апат келтіреді, сондықтан достықтан артық лайықты шара жоқ” дейді. Ожар, қараңғы, надан бектер оны орысқа сатылған деп, кейбір ғалымсымақтар қосылып Сахиб Заданы балқыған қорғасын құйып азаптап өлтіруге шешім шығарады, бірақ көпшілік араға түсіп, аман алып қалады”- деп жазады.

Сахиб Заданың дегенін өмір көрсетті. Қоқан хандығы үшін Сыр бойындағы сенiмдi бекiнiс саналған Ақмешiттiң орыстардың қоластына өтуiнен соң, Түркiстан бегi Батырбасы мен Созақ бекiнiсiнiң басшысы Тайшық та “орыстар қашан келiп қалар екен” деп қауiптене бастады. Орыс әскерлерінің аяғы көп кешікпей осы жерлерді де басатынын түсінді.

Бұл бекiнiстiң алынуы Әулиеата жақтағы бекiнiс басшыларына үлкен жауапкершiлiк жүктедi. Түркiстанның жаңадан тағайындалған бегi Батырбасы, Созақ бекiнiсiнiң бастығы Кенесарының баласы Тайшық Сыр бойынан келетiн орыс қаупiне тойтарыс беру керек болса, Әулиеата билеушiсi шығыстан келетiн қауiпке тойтарыс беру тиiс болды. Бiрақ, көп кешiкпей Кенесары балалары Тайшық пен Ахмет Ресей жағына шығып кеттi.

Орыстарға қарсы күресте алғашқыда уәде берген ағылшындардан көмек болмаған соң Худояр хан тағы да қазақтардан салық жинауды күшейттi. Жалпы, ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары кей деректерге қарағанда салықтардың түрі 32-ге дейiн жеткен. Халықаралық жағдайының барған сайын шиеленiсе бастағандығына байланысты түскен қаржыға зеңбiрек құйдыра бастады. Ел ішіндегі жағдай да шиеленісе берді.

Соған қарамастан халықтан салық жинау өстi. Төлей алмағандар қатты жазаланды. Оңтүстiк қазақтарының Қоқан билеушiлерiне қарсы қозғалысы тағы да етек ала бастады. Соның бiрi – Отырар өңiрiндегi Шiлiк ауылындағы қыпшақтардан шыққан Тұрғанбай датқа Кешімбайұлы (1804-1862 жж.) Қоқан қанауына қарсы наразылықты басқарды. Бiрақ, ол қоқандықтардың алдауына сенiп қалып, қапыда өлтiрiлдi. Қоқан билеушілері өздерінің қойған адамдарының өзіне сенімсіздікпен қарай бастады.

Қоқан билігіне қарсы халық-азаттық қозғалыста өзінің тамаша іздерін қалдырған көтерілістің тағы бірі – ХІХ ғасырдың 50-жылдырдың ақырында болды. Салықтың өсіп, жағдайының барған сайын нашарлай түскендіктен тұйыққа тiрелген қазақтар 1858 жылы тағы да көтерiлдi. Бұл көтеріліс бұрынғыларға қарағанда көп жерді қамтыды. Бұл – Орталық Азия үшін Ресей империясы мен Англияның арасындакғы тайталастық жағдайдың мейлінше шиеленісіп тұрған кезі еді. Оның себебі, Шымкент өңіріне келген қоқандық салық жинаушылар ауыр зекет салумен тынбай, қазақ қыздарына айуандықпен зәбiр көрсеткен. Көтеріліс алғашқыда Әулиеата өңірінде басталып, біртіндеп Шымкент жаққа да тараған еді. Осы кезде Ташкент әкімі Мырзахметтің қатыгездігі мен қысымшылығынан әбден тұралаған қазақтар салық төлеуде бағынудан бас тартты. Оның үстіне, ол қазақтың бірнеше беделді биін жазықсыз дарға асқан болатын. Ал оның туысы Мырзаби тұрмысқа шығатын әр қыз үшiн бір тiлләдан салық салған. Тiптi, көңiл көтеру үшiн “қыз салығын” салған. Ата-аналары қыздарына тиiспесiн деп ерлерше киіндіріп, немесе ақ орамал тартқызып қоюға мәжбүр болғанда, олар барлық жас келiншектердi жинап, көкiректерiн ұстап, қыз не әйел екенiн анықтаған [5]. Қыздар да, олардың ата-аналарының да қарулы жасақпен келген қоқандық билеушілердің осы бір озбырлығына келісуден басқа шарасы қалмаған. Бірақ, олардың бұл озбырлығы барған сайын үдей түскен.

Ташкенттiң дербес билеушiсi дәрежесiне жеткен Мырзахметтiң немере iнiсi Мырзабидің осындай әрекеттері салдарынан ондай қорлауға шыдамаған қоңыраттың Жандар руынан шыққан Мұсабек (1815-1882 жж.) бастаған Мәделіқожа, Рысқұлбек сияқты қазақтар оны “Ордабасы” деген елдi мекенiндегі Қотырбұлақ бастауының маңында өлтiрдi. Зорлықшыларға қарсы қайрат көрсеткендер жағында белгілі ақын Мәделіқожаның да болғаны айтылады. Бұл жөнінде тарихи дастан, аңыз, әңгімелерде баяндалады.

Қоқан билеушілері басып алған жерлерде тек қана әскери бекіністер ғана емес, сонымен бірге ол жерлерде егіншілікпен айналысатын елді мекендердің болуына көңіл бөлген. Қалаларда сауда орындары базарларды ашты. Соның бірі, 1856 жылы Ташкент бекляр-бегі Мырзахметтің тапсыруымен Шымкент қаласындағы жаңа базардың салынуы болды. Осыдан кейін базар Қарабұлақ т.б. ірі елді мекендерде салына бастады. Мырзахмет осы жылы Шымкент әкімі етіп Сейіт қожаны тағайындады.

Қазақтар наразылығы Түркістан өңірінде де қанат жайды. Көтерiлiсшiлер үлкен күшпен келiп, 1858 жылдың 15-мамырында Түркiстан қаласын қоршады. Бестамғалылар Шолаққорған мен Созақты тартып алды. Алатау өңiрiндегi Қаңлы, Шанышқылы, Дулат, Бестамғалы рулары мен қырғыздар Әулиеата т.б. бекiнiстердi қоршады. Шолақ, Ақсақата, Шiлiкте қоқандықтар бекiнiсте жасырынып отыруға мәжбүр болды. Түркiстандағы қоңырат, найман, қыпшақ, арғындар қоқандық билiктi танымай, тiптi Жапекен сұлтанды өздерiне хан етiп сайлап алды.

Көтеріліс кең қанат жайып, шығыс өңірге де жайылды. Әулиеата өңiрiндегi Шымыр руынан шыққан қоқандықтардың өздерiне тiрек еткiсi келген кезiнде Абылай ханмен үзеңгiлес болған Мәмбеттiң баласы Байзақ датқа қоқандық билеушiлердiң сенiмдi өкiлi саналғанымен риза еместігін байқатты. Жасы жетпiстен асқан ол 60-жылдардың ортасында орыс әскерлерiнiң Верный қаласына келген басшысына баласы Ақмолданы жiберiп, қоқандықтарға қарсы күреске көмектесудi сұранды. Бірақ датқаның бұл ісі өзі қызмет етіп жүрген қоқандықтарға белгілі болып қалды.

Осындай, бiр жағы Түркiстан, екiншi жағы Жетiсуға дейiнгi жердi қамтыған бұл көтерiлiске барлығы 20 мыңдай адам қатысып, оның қызып жатқан кезiнде Дулаттан шыққан Қанай датқа Қоқан ханымен келiссөз жүргiзуге барып, жылы шыраймен қабылданды. Ал мейлiнше ықпалды қоңыраттан шыққан Қарауыл датқа, Асқақ датқа, Қоныс датқа, қыпшақтан шыққан Тобағабыл датқалар қоқандық әкiмшiлiк қызметте болғандықтан көтерiлiске қатысқан жоқ [6]. Сыртқы жағдайы нашарлап, қазақтар арасындағы болып жатқан осындай жайлардан қорыққан Худояр есептесуге мәжбүр болды. Уақыт ұтып, кейiн жазаламақ та болған шығар, бiрақ оңтүстiк өңiрiн екi жақтан қыспаққа алған орыс әскерлері де таяу келіп қалған еді.

Қазақ руларының кейбірі осылай, өзара алысып-жұлысып, біреулері орыс әскерлерінің күшін пайдаланып атысып-шабысып жатқан кезде өзінің жерін, халқын жаугершіліктен аман сақтап қалу үшін өз өмірін қиған жандар да аз болмаған. Соның бір мысалы тарихта аты қалмағанымен істеген ерлігі ауыздан-ауызға аңыз болып жеткен Қызылқұм өңіріндегі бір жас жігіттің ерлігі.

Мұрағат материалында айтылғандай, Сырдың арғы бетіндегі қазақ ауылдың бір жігіті Бұқара жақтан келе жатқан жарты мыңдық қарулы адамдарды көріп, ауылын шабуға келе жатқандар екенін түсініп, әлгілер жөн сұрағанда қай ауылдан екенін жасырмай айтады. Басшысының: “Онда, бізді аулыңа бастап бар, біз қонаққа бара жатырмыз”,- деп алдағанымен олардың ойын түсінген жігіт: “Бопты, неге алып бармаймын, бірақ ауылымыздың кеше ғана басқа жаққа көшкенін білмейді екенсіздер ғой”,- деп алдарына түсіп, басқа жаққа алып кетеді. Алданғанын түсінген олар әлгі жігіттің аяқ қолын байлап, ортасынан ағаш өтізіп, екі жағынан сексеуілдің үлкен бұтақтарына асып қойып, астынан от жаққанда да айтпаған.

Қайран сол бір, тарихта біз үшін аты белгісіз болып, халқы үшін жасаған ерлік ісі мұрағаттағы сарғайған қағаз беттерінде ғана қалған қайсар қазақ жігітінің, тіпті, арқасын жалын орап, күйген етінің иісі шығып жатқанында қарауға адамның беті шыдамас азапты көрсеткенде ауылының қай жерде екенін жасырып, айтпай, жасаған теңдесі жоқ ерлігін өз көздерімен көрген Бұқаралықтар жағаларын ұстап, таң қалып, қай-қайсысы болсын адам сенгісіз сол бір жайдың куәсі болғандарын үнемі айтып жүреді екен...

1852 жылдан таққа отырған Худояр хан орнынан түсiрiлiп, таққа 1858-1862 жылдары Миллехан отырды. Оңтүстік өңіріндегі қазақтарға енді билікті сол жүргізді. Бірақ 1862 жылы Шахмурад келіп, бiр жылдай ел басқарып, билiк қайтадан, екiншi рет Худоярға тиіп, 1863 жылы ол тағы да орнынан түсiрiлiп, таққа Миллеханның баласы Саъдхан отырды. Сөйтіп, бұған дейін “сар аскар” (әскербасы) болып келген қыпшақтан шыққан белгілі қайраткер Әлімқұл “әмір лашкар” – (қолбасшы) болып бекітілді.

Саъдханды таққа отырғызудың алдында елдің билеушілерінің беделді топтарының бірі елдің сыртқы жағдайының нашарлап бара жатуына байланысты Әлімқұлды хан тағына отыруды ұсынған екен. Бірақ, қастандық жасалатынын сезіп “менің ісім хандық емес, ханға қызмет ету, хандыққа Сұлтан Сайд (Саъдхан) бар емес пе” деп келіспеген екен. Осыдан кейін жас өспірімді ақ киізге отырғызып хан тағына отырғызған [7]. Тақтың қайта-қайта ауысуы еш нәтиже берген жоқ. Салық үсті-үстіне көбейе берді.

Қорыта айтқанда, батыстан Сыр бойындағы Ақмешiттi алып, шығыстан Iле өңiрiнде Верный қамалын салғаннан кейiн-ақ Ш.Уәлиханов айтқандай Ресей әскерлері Орталық Азия қақпасына келдi [8]. Осы өңірде Ресей мен Қоқан хандығының әскери текетіресі басталды.

1861 жылы оңтүстік өңірінің шығысында да Россия империясы мен Қоқан хандығының әскерлерінің Верный қамалына жақын жердегі Ұзынағашта үлкен шайқасы болған. Ол шайқаста Кенесары Қасымұлының үш баласы Тайшық, Ахмет және Сыздық сұлтандар да қатысып, қоқандықтар жеңіліс тапқаннан кейін олардың келешегіне сенбеген Тайшық пен Ахмет Ресей жағына шығып кетті де, Сыздық сұлтан қоқандықтар жағында қалып қойды. Сырдария шебінің бастығы генерал Дебу Ахметке дұшпандарының жоспарларын біліп тұруды тапсырды. 1862 жылы Ахметке Қоқан хандығы қоластындағы Жөлек, Жаңақорғанды алғаннан кейін заурядь-хоружи шенін берді. Ал Тайшық болса, 1863 жылғы қоқандық әскерлермен шайқастың кезінде қатты жараланып, ақыры содан өлді [9]. Тайшық пен Ахмет орыстарға адал қызмет етіп, Ресей үкіметі екеуін жоғары бағалаған.

1863 жылдың басында Қоқан хандығы билiгiне қарсы көтерiлiстердiң болғаны белгiлi. Кей жерлерде ол қатты өрiс алды. Ал Шымкент қаласының аймағындағы қазақтар болса, жаппай көтерiлдi. Қазақтар Шымкентті басып алып, қоқандық билеушiлердi қуып шықты.

Осының салдарынан Ташкент пен Қоқан жақтан Шымкент қаласы арқылы өтетiн Әулиеата және Меркi бекiнiстерiмен қатынасы үзiлiп қалды. Ұлы жүз жерiнiң осы өңiрiмен жүретiн сауда керуендерi уақытша тоқтады. Бұл онсыз да iшкi және сыртқы жағдайы мейлiнше нашарлап, тығыртыққа тiрелiп отырған Қоқан хандығы үшiн үлкен соққы болып тидi. Бiрақ қоқандықтарға қарсы күресте тек бiр қаладағы жеңiс ештеңенi шешпейтiн едi. Соның салдарынан Шымкенттi көтерiлiсшiлер ақырына дейiн ұстап тұра алмады, сөйтiп қаланың қайтадан Қоқан хандығының қоластына өттi.



Қазақ шаруаларының осы жылдардағы Қоқан хандығының езгісі мен орыстардың отарлауына қарсы күресі мәселесіне келетін болсақ, олар қанаушыларға қарсы үнемі күресін тоқтатпағанымен соғыс өнерінен хабарсыз, атылатын қарулары жоқ көтерілісшілердің қашанда жеңіліс тауып отырғандығын көреміз. Бірақ қаншама жазалауға тап болғандарымен олар өзге ұлттық табанына түсіп езілуден гөрі елінің, ұлтының тәуелсіздігі үшін күресіп өтуді өздеріне мұрат тұтты.
Әдебиет


  1. Добросмыслов А.И. Города Сыр-Дарьинской области. Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулие-Ата, Чимкент. –Ташкент, 1912. 184- б.

  2. Қожақүлы Ө. Қоқан езгiсiне қарсы көтерiлiс // Қазақ тарихы. 2001. № 5. 32-б.

  3. Плоских В.М. Киргизы и Кокандское ханство. -Фрунзе: Илим, 1977. 284-б.

  4. Солтоноев Б. Қызыл қырғыз тарыхы.- Бишкек: Учкун, 1993. 1-к. 178-179 бб.

  5. Өзбекстан Республикасы Орталық мемл. мұрағаты. 715-қ., 1-т., 22-iс, 45-п.

  6. Боданов Ж.Қ., Дүйсебаева Б.Т. Туған өлке. Родной край. –Жамбыл, 1992. 38-б.

  7. Мадуанов С. Взаимоотношения казахов с другими соседними народами Центральной Азии в ХVШ-начале ХХ веков. Алма-Ата: Бiлiм, 1995. 90-б.

  8. Халид Қ. Тауарих хамса (бес тарих). -Алматы: Қазақстан, 1992. 27-б.

  9. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.1. -Алма-Ата: Главная редакция Казахской Советской энциклопедии, 1984. 223-б.

  10. Өзбекстан Республикасы орталық мемл. мұрағаты. 1-қ., 2-т., 56-іс, 1-2 пп.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет