Әож 811. 512. 122'376(075) Қазақ Әдеби тіліндегі қОҒамдық-саяси лексиканың кеңестік кезеңдегі даму сипаты



жүктеу 133.39 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі133.39 Kb.

ӘОЖ 811.512.122'376(075)
ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ

ЛЕКСИКАНЫҢ КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕГІ ДАМУ СИПАТЫ
Елубаева Р.С.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Тараз қ.

Уразбаева М.Н.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.
Қай халықтың болсын ана тілі сол халықтың сан ғасырлық тарихынан, әлеуметтік жағдайы мен салт-санасынан хабар беретін, олардың рухани жан дүниесі мен таным деңгейін, мәдени өсуін, болмыс бітімін көрсететін ең маңызды таптырмас құрал болып келеді.

Әлемдегі өзге тілдер сияқты қазақ тілі де сан ғасырлық зобалаңдар мен өсіп өркендеу кезеңдерін басынан өткізген, нәтижесінде қолданыс аясы тарылып құрып бітпей, керісінше жаңдана дамып, жетіліп, барынша түлеп, қордаланған аса бай, қазыналы тіл.

«Өнер алды қызыл тіл», «Бал тамған тілден, у тамар» деген ата-бабамыз қашанда аузынан шыққан әрбір сөзін өрнектей кестелеп, барынша мәнді де, мазмұнды, ойлы да, орамды етіп жеткізуге аса қатты мән берген. Кезінде өзге елден келген, біздің тілімізге қызығушылық танытып зерттеген ғалымдар қазақ тілінің мазмұнды да, қордалы тіл екендігі туралы өздерінің оң пікірлерін білдірген.

Рухани қазына, мұраларымыздың бірі тілдік қор – сан мыңдаған ғасырлар негізінде пайда болып, қалыптасып, өркендей дамып келе жатқан аса құнды асыл мұрамыз екені анық. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, атадан балаға мирас болған осындай бағалы қазынамыз – ана тіліміз арқылы біз ұлтымыздың таным тіршілігін, ақыл парасатын, дүниетанымын, әр кезеңде халық басынан өткен тарихын танимыз. Ерте дәуірлерден сан түрлі сараланып, іріктеліп, мейлінше байыған ана тіліміздің бір саласы – лексикалогия, оның ішінде қоғамдық-саяси лексика осы айтылған сөзімізге нақты мысал болады.

Мәселен, Қазан төңкерілісі елімізге аса үлкен қоғамдық-әлеуметтік, саяси өзгерістер әкелді. Сол кезеңдегі еліміздегі қоғамдық тың құбылыстар мен тұрмыс-тіршілігіміздегі өзгерістердің тіліміздегі қоғамдық-саяси лексиканың дамып-толығуына, тіпті, негізгі сөздік қорымыздың жаңа атаулармен баюына әсері болды.

Қоғамдағы әлеуметтік тың құбылыстарды өмірдегі нақты дәлелдерді көрсететін жаңа қоғамдық-саяси сөздер (атаулар) ішінара лексика-семантикалық тұлғаларды тудырды. Оған мысалға Кеңестік кезеңде КПСС, СССР, нешеме әлеуметтік жағдайларға байланысты атауларды айтсақ болады. Тілші-ғалым Р.Барлыбаев осы мәселені терең зерттей келе, қоғамдық-саяси лексиканың түрлерін былай жіктейді:

1) кеңес кезеңдегі коммунистік партияның ұйымдық құрылымдары мен саяси-партиялық жұмыстарына тиісті атаулар;

2) қайсыбір идеялық-праволық ұғымдарды көрсететін атаулар;

3) кеңестік кезеңдегі комсомол, пионер, жастар ұйымына тиісті атаулар;

4) кеңестік мемлекеттік, әкімшілік-шаруашылық ұйым, түрлі мекеме және қызмет атаулары;

5) кеңестік кезеңдегі кәсіподақ, түрлі қоғамдық одақ, ұйымдар атаулары [1].

Қоғамдық-саяси лексика Кеңес үкіметі орнағаннан кейін ерекше қарқынмен дамыды десе де болады. Себебі, үкіметте қоғамдық-саяси лексиканың сипаттайтын құбылыстары сол кездегі қоғам өмірінен орын кеңінен алған болатын. Міне, осының негізінде тың саяси ұғымдар пайда болып, оларға атаулар да берілді. Мысалы, жұмысшы-шаруалардың козғалысы, оның дамып жетілуі, коммунистік партияның тууы, өсуі, қоғамдағы жалған ұранға айналған маркс­изм-ленинизм идеясы, осы идеяны жұмысшы, шаруа арасына насихаттап, тарату, осы бағыттағы түрлі ұйымдастыру іс-шаралары қоғамдық-саяси сөздердің кең етек жаюына септігін тигізді. Мәселен: совет, демократия, буржуазия, капитализм, крестьян, большевик, марксизм, социалист, марксист, социа­лизм, коммунизм, революционер, коммунист, большевичка, стачка, подпольщик, интернационал, интернационализм, демонстрация, забастовка, рабочая партия, пролетариат, меньшевик, тағы басқалар.

Тіл білімінде көбіне зат, құбылыс, процесс шын пайда болып, таза шындыққа айналған жағдайда ғана атау беріліп қолданылады. Ал кеңестік кезеңде жұмсалған жоғарыдағы атаулардың арасында құбылыс өмірге келіп, шындыққа айналмай-ақ болашақтағы мақсат, идеяға негізделіп шыққан социалистік қоғам, социализм, ком­мунистік коғам, коммунизм деген сөздер мен сөз тіркестері бар. Осындай революциялық романтикаға негізделіп өмірге келген сөздер Қазан төңкерісіне дейін-ақ бірталай тілдерден орын алған. Оған қазақ тілі бойынша Сұлтанмахмұт Торайғыровтың көркем туындыларынан кездесетін революция, идея, социализм тәрізді сөздер мысал бола алады.

Ғалым Р.Барлыбаев қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексикаға тоқтала келе, әсіресе кеңестік кезеңде белең алған қоғамдық құрылыс негізінде ертеректен-ақ келе жатқан бірталай қоғамдық-саяси сөздердің мән – мағынасы жаңарып, өзгеріске енгендігін айтады [1]. Ондай сөздердің қатарына ғалым бостандық, ар, саналылық, идеялық, гуманизм, әділеттік, демократия, теңдік, туысқандық тәрізді тағы басқа сөздерді жатқызады.

Кеңес үкіметі орнағанға дейін тілімізде қолданылып келген әлеуметтік-қоғамдық саяси атаулар, әкімшілік, мемлекеттік, әскери, заң, діни жүйелеріне тән атаулар да қоғамдық саяси лексикамыздың алтын қорына кіреді. Мәселен, пристав, урядник, господин, барин, слуга, губернатор, столоначальник, департамент, тақсыр, мырза, малай, қызметші, күң, болыс, би, төре, чиновник, городовой, сұлтан, бай, манап, тағы басқалар. Ал әкімшілік бөлініс мағынасында жұмсалатын бірең-сараң гу­берния, уезд, болыс, волость, старшын, ауылнай тәрізді сөздер Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында яғни, отызыншы жылдарға дейін пайдаланылды.

Тіптен Кеңес үкіметінің әбден орныққан жылдары тілдік қолданыстан шығып қалған біршама сөздер сөздік қорға қайта оралды. Оған: байлық, дәулет, генерал, майор, полковник, парламент, адмирал, министр, офи­цер, президент, парыз, тағы басқа сөздер жатады.

Сол кезеңде қоғамдық-саяси лексиканың ұлғаюына басқа білім салалары мен лексикалық топтардан алынған сөздер де ат салысты. Мысалы, дружинасы, тап қайшылығы, асыра сілтеу, еңбек вахтасы, аға шопан, жарыс сөз, сынға қысым салу, отряды, пионер звеносы, партияның сара жолы, сауда жүйесі, посты, жиын, екпінді еңбек жиналыс, топ, жабдықтау, оңшыл уклон, тағы басқа сөздер.

Қоғамдық-саяси лексика үнемі толығып, дамып, өзгерістерге ұшырап та отырады. Оған мысалға, Жоғарғы Совет, Совет Одағы Коммунист партиясы, лениншіл, ленинизм, МТС, КПСС, екпінді колхозшы, ВЛКСМ, Одақ Советі, колхоздастыру, бесжылдық, партия-совет органдары, советтендіру, тағы басқа сөздерді алуға болады. Тіптен кейбір сөздер кеңес қоғамының белгілі бір кезеңінде пайдаланылса да, кейінен қоғамдық-саяси лексиканың құрамынан шығып қалған. Олардың қатарына: Халық Ағарту Ко­миссариаты, Халық Комиссарлар Советі, ВКП(б), кулак, ГПУ, ЧК, оңшыл, конфискация, салғырт, солшыл, партия ұясы, жекеше тәрізді сөздер жатады.

Олай болса, қоғамдық-саяси лексиканың дамып, баюы, басқа саладағы лексика тәрізді, қоғамдық өмірдегі өзгерістермен тығыз байла­нысты болады. Оған кеңестік кезеңдегі қоғамдық-саяси лексиканы төмендегідей жіктелген сөздер жатады:

1. Кеңестік ұйымдарға байланысты: селолық совет, аудандық атқару комитеті, депутат, сайлаушылар наказы, ауылдық совет, еңбекшілер депутаттары, сайлаушылар тізімі, үгіт пункті, сайлау учаскесі тәрізді сөздер мен сөз тіркестері;

2. Қазақстанда партия ұйымдарының қанат жаюына байланысты тіліміздегі партия жиналысы, партия міндеті, партия нұсқауы, партия ұйымы, партия басшылығы, партия қаулысы сынды тың тіркестер;

3. Жаңа құрылған шаруашылықты көрсететін: совхоз, колхоз, екпінді колхозшы, колхозшы, еңбеккүн, колхоз шаруашылығы, тағы басқалар;

4. Жұмысты атқару тәртібіне байланысты: коммунистік еңбек бригадасы, бесжылдық, стаханов қозғалысы, социалистік жарыс, сенбілік, ак­тив, комсомол, кәсіподақ жиналысы, мұғалімдер күні, үгіт коллективі партия, құрылысшылар күні, тағы басқа сөздер мен сөз тіркестері.

Тіліміздегі қоғамдық-саяси лексиканың қалыптасуы мен дамуы туралы сөз қозғар болсақ, оның Қазан төңкерісіне дейінгі жайынан аттап кете алмаймыз. Қоғамдық-саяси лексиканы терең зерттеген тілші-ғалымдар осы кезеңдегі қоғамдық-саяси лексиканы екі арнада алып қарастырады. Олар:

1. Ресми іс-қатынас қағаздарында жұмсалған қоғамдық-саяси, әлеуметтік атаулар.

2. Көркем шығармалар, әдеби туындыларда қолданылған сөздер мен сөз тіркестері.

Бірінші арнадан орын алған ресми іс-қатынас қағаздары деп сол дәуірдегі хан-сұлтан, би-болыс, старшын, аулынайлардың орыс патшасына немесе, оның әкімшілік қызметіндегілерге жазысқан арыз, хат, өтініш, мәлімдемелерін айтамыз. Бұл құжаттарда қоғамдық-саяси лексика бұрынғы көбінше шағатай, татар тілі текті сөздер негізінде жасалған. Мәселен, мына хаттан алынған үзіндіге көңіл бөлейік: кіші юз қырғыз-қазағы юртының бэн хан хысаблаймын... бөлік үруғларында... сүлтанлар уа бйлар, мырзалар, түғырлық, сайлаулары бойынша, ол ұлұғ, тархан, өзі билеуші ханлыгқа, мырасыға, ақ сүйек.... [1].

Сондай-ақ, Кенесары Қасымұлының азаттық қозғалыстың мақсатына жету жолында дипломатиялық айла-амалдарының бірі болып табылатын хаттарына үңілейік:

«Мәртебелі ұлуғ госпадин жандарал-губернатор хазратиләға.

Сіздің ағзам ғазрәтларыңызға мағлум қыламыз шунки менің тілегім екі патшалықтың халқы да тыныштықта өмір сүру еді, бірақ та сіздің адамдарымызды өз жағыма шығарып алды деп сіз маған күмәнданатын көрінесіз. Менің айтып отырғаным мынау: біздің бабамыз хан Абылайға тиісті жерлерге сіз дуан салдырдыңыз және қазақ халқынан алым-салық аласыз, сөйтіп бізді қыспаққа салып отырсыз. Біз бұған риза емеспіз және алым-салық төлеп сіздің қарауыңызда тұра алмаймыз. Біздің басымызға туған күн Россияның басына туса сендер қандай күйде болар едіңдер? Сондықтан біздің жай-күйлерімізбен санасуларың керек.

Әрине, мен Баянауыл, Қарқаралы һәм Ақмола қазақтарын өзіме қосып алдым, әлі де болса халқымды өз жағыма қоса берем деген ниетім бар; алайда қазақ халқы бұрынғысынша өз алдына ел болып өмір сүрсе тіпті жақсы болар еді. Сонда ғана сіз де, біз де тыныш өмір сүрген болар едік.

Менің естуімше, сіздер бізді Қоқан һәм Бұқар хандығынан айыруды көздейтін көрінесіздер. Бірақ олар мұсылман заңы бойынша бізді қорғауға міндетті. Екі ел тыныш, бейбіт өмір сүрсе бәрінен де сол жақсы болар еді. Бірақ дуанбасылары ел аралаған кезінде сиязға деп сылтауратып қазақы жақсы ат, жақсы киім-кешектерін алатын көрінеді. Біздің мүлкімізге талан-таражға салуға тыйым болсын деген патша ағзамның заңы бола тұрса да, дуанбасылары қазақтардың айтқан арызын құлағына да ілмейді. Жуырда ғана Төртуыл болысының қазағы һәм бір жесір әйелді жаулап алып кетті. Бұлардың қайда екені әлі белгісіз. Сізбен әрқашанда достық қатынаста тұруды көздеп мен мына төмендегілерді талап етемін:

1) Ақтау қорғанысы жойылсын;

2) Ақмола дуаны жойылсын;

3) Біздің жерімізге салынған сондай мекеме орындары тегіс жойылсын;

4) Қамауға алынған біздің адамдар һәм Қоңырқұлжа сұлтанға жіберілген екі адам босатылсын.

У шпуны иландырмақ үшін мен Сұлтан Кенесары Қасымұлы Мөрімді бастым» [2, Б. 133-134].

Кезінде 1731 жылы Анна Ионовнаға Әбілхайыр ханның Ресей мемлекетінің қол астына қабылдаңыз деген мазмұнда жазған хаты және 1733-1734 жылдар Ұлы жүздің би-сұлтандарының жазған хаттарында, болмаса, Әбілхайыр ханның берген антында: ұлұғ йузнің қырғыз қазақының билардін, елші қылыб, ақхан, тынлаушы бәнда бо­лып, ант етемін деп келетін сөздер орын алады [1].

Жоғарыда айтып өткеніміздей, екінші арнаға көркем шығармалар, әдеби туындылар жатады. Бұл арнаға мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ондай сөздер ақын-жыраулар поэзиясында сол ұшырасады. Мәселен, Бұхар жыраудың:

Ей, Абылай, сен он бір жасыңда

Тұрымтайдай ұл едің.

Он бес жасқа келгенде,

Түркістанда Әбілмамбет төренің,

Түйесін баққан құл едің...

Ханның жақсы болмағы - қарашаның елдігі, –

деп келетін толғауын алайық [3]. Мұнда төре, құл, қараша сөздері сол дәуірдегі қоғамдық-саяси лексика қорынан орын алатын сөздер.

Қазан төңкерілісіне дейінгі қазақ әдеби тіліндегі қоғамдық-саяси лексика жайлы сөз еткенде, ол дәуірдегі қазақ тілінде жалпы халықтық деңгейдегі жазбаның жақсы дамымауын ескеру қажет. «Дегенмен, - дейді ғалым Р.Барлыбаев осы мәселе туралы зерттеу еңбегінде, - революцияға дейінгі қазақ тілінде белгілі дәрежеде қоғамдық-саяси лексика болды» [1]. Осылай атап көрсете келе, ғалым оларды құрамы жағынан негізгі үш қабатқа бөліп қарастырады. Нақты тоқталар болсақ,

- бірінші қабат қазақ тілінің бұрынғы қорының негізінде жасалған;

- екіншісі, араб-парсы тілдерінен енген сөздер арқылы,

- үшіншісі, орыс тілі немесе, орыс тілі арқылы басқа тілдерден кірген сөздер негізінде жасалған қабат.

Р. Барлыбаев үш қабаттың арақатынастары бірдей болмағанын айтады. Сондай-ақ, тілші-ғалым бірінші қабатқа жататын негізінен төл сөзден жасалған қоғамдық-саяси, әлеуметтік сөздердің қатарында хан, қара, сұлтан, ақ сүйек, құл, шұбар төс, төре, шынжыр балақ, пара, ереуіл, төленгіт, ұлық тәрізді тағы басқа сөздерді атап көрсетеді.

Қазан төңкерісіне дейін қазақ тілінен орын алған қоғамдық-саяси-әлеуметтік сөздердің екінші қабаты араб, парсы, монғол тілдерінен кірген сөздер жайлы сөз ете келе Ғалым Р.Барлыбаев бұл сөздер қазақ тіліне өзбек, татар тілдерімен салыстырғанда, біріншіден, кештеу, екіншіден, көбіне осы өзбек, татар тілдері арқылы кіргенін атап көрсетеді. Барлығымызға белгілі орта ғасырдан бастап араб, парсы сөздері Орта Азия халықтары тіліне енсе, VIII ғасырдан бастап қазақ тіліне кіріге бастаған. Әсіресе XVIII, XIX ғасырлардың бірінші жартысында көптеп енгендігін жасыра алмаймыз. Тіліміздегі араб, парсы, тіптен біршама монғол сөздері Қазан төңкерісіне дейінгі қатынас қағаздар мен іс-құжат, түрлі жазбалар мен мерзімді баспасөзде де қолданылып отырады.

Үшінші қабат бойынша кеңестік кезеңге дейін тілімізге орыс тілінен кірген қоғамдық-саяси сөздер араб-парсы сөздерімен салыстырғанда біршама кеш енді. Әрине бұл қоғамдағы күрделі тарихи жағдайға орай орын алған болатын. Оған қазақ халқының Рессейге қосылуы, патша үкіметінің орыс шаруаларын қазақ даласына көшіруі, тағы басқа жағдайлар әсер етті. Осы мәселеге тоқтала келе, ғалым Р.Барлыбаев үшінші қабатқа енетін сөздер XVIII ғасырдағы және XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Бұхар, Шал, Алмажан тәрізді ақын-жыраулар поэзиясында аса көп орын алмағанын, сирек кездесетіндігін айтады. Ғалым Дулатта үш-ақ сөз, Сүйінбай, Махамбеттерде бір-бір сөзден жұмсалғанын санамалап береді. Осындай сөздерге ғалым шен, генерал-губернатор, ояз, совет­ник, стражник, старшын, болыс, начальник

Түйіндей келгенде, қоғамдық-саяси лексика тілімізде ертеден-ақ бар, тілдік қорымыздың бір бөлшегі. Ал Кеңестік кезеңде лексикалогияның бұл саласы ерекше қарқынмен дамығандығын жасыра алмаймыз.


Әдебиет


  1. Барлыбаев Р. Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика.. – Алматы: Мектеп, 1978. – 144 б.

  2. Есенберлин І. Көшпенділер.-3кітап, Алматы: Жазушы, 1976. – 334 б.

  3. Бес ғасыр жырлайды. 1 том. - Алматы: Жазушы, 1989. – 383 б.

Каталог: rus -> all.doc -> Konferencia -> konf 2015 I
konf 2015 I -> Электрондық Үкіметтің ҚҰжатайналымын бұлтты технология негізінде қҰру қазбеков Қ. Ж., Абдувалова А. Д
konf 2015 I -> Туннельды су тастағыштардың соңҒы жағындағы бьеф жалғастыру режимдері тәңірбердиева Ү., Жұрымбаева Р
konf 2015 I -> Әож 626. 81(574) талас өзені алабының жер беті суларының мониторингі және қазіргі жағдайы
konf 2015 I -> Әож 627. 886 Жоғары арынды су тораптарының су тастау қҰрылымдарынан келетін қауіптер
konf 2015 I -> Әож 627. 843: 532. 533 ТӨменгі бьефтің ҚҰрылғыларының ЕҢ тиімді формалары мен мөлшерлерін анықтау
konf 2015 I -> Әож 62-214. 4: 62-85 ЖҰмыс істеу принципі бойынша жел қОЗҒалтқыштарын классификациялау
konf 2015 I -> Жамбыл облысындағы экономика салаларының сумен қамтамасыз етілуін болжау
konf 2015 I -> Хіх ғ. 50-60 жж. Жетісуға казак-орыстарының орналасуы және олардың Әлеуметтік жағдайы күзенбаева Л. Е
konf 2015 I -> Анализ применеия клеев и клеевых соединений в легкой промышленности
konf 2015 I -> Java технологиялары негізінде мобильді қосымша қҰрудың маңызы


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет