ӘӨЖ 82. 09(574) СҰлтанбек қожанов алаш ардақтыларының жанашыры



жүктеу 89.79 Kb.
Дата19.09.2017
өлшемі89.79 Kb.
ӘӨЖ 82.09(574)
СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ – АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

Нұрпейісов Н.Ж. филология ғылымдарының кандидаты

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент қаласы, Қазақстан.

Резюме

В данной статье исследуется поэтическое творчество общественного деятеля «Алаш» Султанбека Кожанова

Summary

This article about the ethical creativity on a puplic figure «Alash» wish Kozhanova


Қазақ халқы ХХ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ азаттыққа, тәуелсіздікке шындап ұмтылды, сол жолда «Алаш» партиясын, Түркістан автономиялық республикасын құрды, алайда мықтап салынған бұғауды үзіп кете алмады.

Туған халқының жанашыры болып, есесі кеткен елінің еңсесін көтеруге ғұмырын арнаған ұлы тұлғалар болды, осылардың ішінде ерекше із қалдырғандары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов т.б. болды.

Әділетсіз қоғамның тақсіретін көп тартқан тарихи тұлғаның бірі - Сұлтанбек Қожанов. Ең бір өкінішті жайт, Сұлтанбек сынды қайсар ұлдың есімі, еңбегі күні кешегі тоқсаныншы жылдарға дейін елеусіз, ескерусіз қалып келгендігі. Биылғы жылы туғанына 120 жыл толып отырған қайраткер Қожановтың талант қыры сан-алуан. Қарт Қаратаудың теріскей бетіндегі шежірелі Созақ жерінде дәлірек айтқанда Ақсүмбе, Ақбикеш баурайында дүниеге келген ол Түркістан, Ташкент, Орынбор, Қызылорда, Москва т.б. қалаларда оқып, еңбек етіп, қайраткерлік кемеліне келді. Тәрбие көзі ұстаздық еңбек пен ел басқаратын хатшылық, комиссарлық қызметтің қай-қайсысын атқарса да ұлтшыл рухын жоғалтпады. Қиын күндердің өзінде отанын сатқан опасыздармен келіспеді.

Қожановты қайта тану сол тоқсаныншы жылдары жаңа бір күшпен белең алды. Профессор Т.Қожекеевтің, зерттеуші ғалымдар Ж.Әлмашұлы мен мен А.Шәріповтың, жазушылар Б.Қойшыбаев пен Д.Тұрантегінің т.б. әр кезде жарық көрген еңбектері қайраткер бабамызды әр алуан қырынан танытып, талай-талай ақтаңдақтар ақиқаты ашылып жатыр.

Бүгінгі біздің мақсатымыз Сұлтанбек Қожановтың сөз өнеріне, оның ішінде әдебиетке қосқан үлесі туралы қолда бар дерек көздерін пайдалана отырып, ой бөлісу. С.Қожанов ең алдымен әдебиеттің шын жанашыры болды, сондықтан да қандай қызметте жүрсе де әдебиеттану ғылымына, сынға шама-шарқынша үлес қосты. Бұл туралы белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы былай деп атап көрсетті: «Қазақ әдебиеті сынының өркендеуіне өз үлестерін қосқандар қатарына қоғам-әлеуметтік қайраткерлерін қоспау ағаттық болар еді. Олар өздерінің эстетикалық таным-білігі жағынан бірқыдыру биіктен көрінуі арқылы сын тарихында іздерін қалдырды және бір ғажабы, өнерпаздық дарындары жағынан ешбір профессионалдардан кем түспейтіндей деңгейде көрінді. Өнер жолына бел шешіп түскенде әдебиет тарихынан жарқырап көрінулері де мүмкін еді. Олар – Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Нәзір Төреқұлов, Ілияс Қабылов, Сұлтанбек Қожанов, Шәймерден Тоқжігітов сынды азаматтар. Бұлар көбінесе партия, мемлекет жұмысына ден қойғандықтан, сынға үнемі араласа бермеді». Иә, ғалым атап көрсеткендей бұлардың дені мемлекет, партия жұмысында жүріп-ақ аз-кем болса да әдебиетке араласты. Солардың ішінде С.Қожановтың әдеби-сыншылдық өнері ерекше назар аударарлықтай. Көптеген дерек көздері, тарихи құжаттар қайраткер Қожановтың алаш азаматтарына деген алабөтен сүйіспеншілігі болғанын аңғартады, тіпті, кейде Қожанов есімінің кешірек елге оралуына да осы «сүйіспеншілік» әсерін тигізді ме деп ойлайсың. Алаштың ардақтысы Ахметке, ақиық ақыны Мағжанға деген қамқорлықтары шексіз болған оның «Мағжан өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз» деп аталатын еңбегінің мәні зор. Жаратылысында ақын жанды (ол туралы кейінірек тоқталамыз), ұлы ақынды жан-тәнімен жақсы көріп, кеңес өкіметінің қаһарынан қорықпай 1923 жылы Мағжанның өлеңдер жинағын шығаруының өзі ерлікке пара-пар әрекет. Жинақты шығарып қана қоймай, әдемі, әдеби мәні зор алғы сөз жазуы ардақты іс.

«М.Жұмабайұлының өлеңдері» қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп санап, басып отырмыз» - деп сөз бастаған сыншы өз ойын одан әрі жазба әдебиеті жаңа қалыптасып, әдеби тілі енді жетіліп келе жатқан кезеңде Мағжан сынды сөз маржанын терген сыршыл ақындардың ролі зор екеніне баса мән береді, біздің тілімізді менсінбей асқақ қарайтындарға тойтарыс береді. Соның дәлелі ретінде айтқан: «Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын, бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады» - дейтін пікірлері қандай құнды, әлі күнге дейін маңызын жоймаған қанатты қағида десек қателеспейміз. Қаншама уақыт, тіпті ғасырға жуық өтсе де «жатық», «таза», «өткір», «әдемі» тілімізді ресми қағаз жазуға жеге бермейтініміз жасырын емес, сондай тілімізді өнерге, өнегеге асыра білмейміз, өкінішті-ақ.

С.Қожановтың өз заманының үрдісінен өзгешелеу келетін келесі бір пікірі көңілге қонарлықтай, Мағжан өлеңдерінің саяси мәніне емес, әдеби маңызына назар аударуға, көбірек көңіл бөлуге шақырады. Өкінішке орай сыншының бұндай пікірі үнемі қолдау таба бермейді, араға жыл салып, яғни 1924 жылдың 24 қарашасында Мәскеудегі шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде өткен мәжілісте баяндама жасаған бір әріптесі: «Біреу айтады: саясат пен әдебиетті араластыруға болмайды дейді. Мағжан өлеңдері көбінесе осы пікірге сүйеніп басылған. Бұл қате» - деп үзілді-кесілді кесім айтты, тіпті қатты кетіп, «саясат жағынан Мағжанды кеңес топырағында отыратын адам емес. Мағжанның өлеңінде қазақтың шаруашылығына, әдебиетіне, саясатына үлкен қарсылығы бар» - деп жазды.

Әлі де болса дүрбелеңді дәуірдің дауылы басылмай тұрған кезеңде, керісінше жұрттың бәрі, әсіресе сыншылар қауымы саясатшы болып бара жатқан тұста ақындық өнерді қадір тұтып: Білмесем суреттеуді бар ма айлам,

көз көрмей, көңілде жоқ сыршылдықты,

керек қып іздегенмен табам қайдан, - деп

жыр жазатын Сұлтанбек Қожанов ақын Жұмабаевтың ең басты қасиеті – ақындығына айқын баға береді. «Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін марксизм дүниетануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына, суреттеу жағына көбірек көз салынуы керек, тарихи мәнісіне жете түсінуі керек»- деп ұлы ақынның сыршылдығына, суреттеу сырына үңілді, «саяси қате» іздемеді, тарихи мәнін түсіне білді.

С.Қожановтың пікірі тек қана қарсылыққа душар болған жоқ, оның ойларымен үндес, талантты танитын жандар жоқ емес-тін. Кереғар пікір беретін, Мағжан шығармашылығын жоққа шығаратын жиыннан кейін араға жыл салып, 1925 жылы Ж.Аймауытов жазған көлемді зерттеуде Қожанов жазған еңбектегі өзекті ойлардың жаңғырығы бар еді. «Ол келешекті болжап, жұртты соңына ертетін пайғамбар ақын да емес, Мағжан сыршылдығымен, суретшілдігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті.

Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетте жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, школ (мектеп) ашқан, күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ» - деп батыл байлам жасайтын Жүсіпбек пен Сұлтанбек ойлары әсіресе, Мағжанның сыршылдық, суретшілдік өнері жөнінде тіпті өзектес. Сыншы Аймауытов ақын Мағжанды ұлы Абайдан кейінгі қатарға қойып, «шәкірт ертіп», «мектеп ашты» деп мақтанса, өз кезегінде С.Қожанов та Түркістан қазағына арнап «Абайдан кейінгі екінші бастырып отырған кітабымыз осы М.Жұмабайұлының өлеңдері. М.Жұмабайұлы өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиеттану жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз» - деп ұлы Абайдан кейінгі басылған еңбектің тіл, әдебиет жағынан алға апаратын рухани-мәдени күш екеніне сенеді, пайдасы мол деп санайды.

20 жылдардың басында-ақ М.Жұмабаевтың жыр жинағына кіріспе сөз жазып, жинақтың жариялануына тікелей жәрдем берген С.Қожановтың сыншылдық қыры туралы белгілі қожановтанушы А.Шәріп былай деп ой сабақтайды: «Сұлтанбек Қожанов қазақ әдеби сынының қалыптасуына едәуір үлес қосты. Ол М.Дулатұлының «Балқия» драмасын баспасоз бетінде бірінші болып бағалады. «Жақындық па, жалақорлық па?» атты айтыс мақаласында Абай мен А.Байтұрсынұлын солақай социологиялық сыннан арашалағандардың бірі болды. Әдебиеттің тарихы, тілі мен терминологиясы туралы құнды пікірлер айтты».

С.Қожанов қазақ халқының ұлы ақындары жөнінде тек қана таптық сарынмен баға беріп, әсіресе алашордашылар дегенде тіпті теріс атқа мінетіндерге: «Қазақтар арасындағы революция туралы мәселе қозғалғанда Абай Құнанбаев пен А.Байтұрсыновты айналып өтуге болмайды. Қазіргі революционерлердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірттері болып табылады» - деп жауап беріп, шәкірттік пейілмен сүйсіне жазды. Атақты Ахаңның 50 жасқа толу мерекесі қарсаңында «Ақ жол» газетінің 1923 жылдың 4 мамырында айтылған бұл пікірдің келесі бір жалғасы 1924 жылғы 3 сәуіріндегі «Жақындық па, жалақорлық па?» атты айтыс мақалада жалғасын тапты.

«Қазақ жазба әдебиетінің ағасы Абай болмаса, Ахмет болмаса, кім болады? Басқа да аға бар ма? Бар болса кім?» - деп сұрақ қойды. Ұлт әдебиетінің, ұлт мектебінің негізін қалаушы кемеңгерлер туралы айтқан Қожанов пікірінің дұрыстығын уақыт кеш те болса дәлелдеді. Ол сол кездің өзінде-ақ «жоқты жазып, бар әдебиет маңайын былапыттайтындардың» жақындығы мен жалақорлығын әшкереледі.

Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиет пен мәдениеттің шын мәніндегі талғампаз жанашыры. Ол Ахмет Байтұрсынұлы жайында: «тіл тазартуға тынбай еңбек қылып келе жатқан, амал мәселесін іс жүзінде шешіп, тіл құралдарын жазып, қазақтың ұлт мектебіне негіз қалап, ұлт мәдениетінің түп қазығын мықтап қағуына еңбегімен себеп болған, қазақ ұлт мәдениетінің бірінші қайраткері» деп жоғары баға берді (Ақ жол, 1924 жыл, 3 сәуір). Ал Мағжанның кітабына жазған алғысөзі жайындағы: “М.Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп санап басып отырмыз... М.Жұмабайұлының өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылдағы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз»,-деп келетін пікірлері төңірегінде жоғарыда тәптіштеп айттық.

Осы аралықта сол дәуірдегі аса солақай әрі кеңесшіл бағытта қалам тербеген С.Мұқановтың Сұлтанбек туралы: «Совет өкіметіне қарсы өлең-жыр жазудан тынбай келе жатқан алашордашыл ақын – Мағжан Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлең, поэмаларын 1923 жылы Ташкент қаласында бастырды да, өзі кіріспе сөз жазып, Мағжанды аспанға шығара мақтады; «Алаш» лидері Ахмет Байтұрсыновтың 1923 жылдың күзінде Орынборда құлаған 50 жылдық юбилейін Ташкентте өткізіп, Түркістан республикасының басқарушы газеті – «Ақ жолда» Байтұрсыновты мақтаған мақалалар бастырды, портретін жариялады...», – деп жазуында жатқан «ақтаңдақтар» ақиқатына енді ғана көзіміз жетіп, ақ-қарасын айыра бастадық.

Осы жайттардан түйетініміз Сұлтанбек Қожанұлы сол бір аласапыран кездердің өзінде әдебиеттану ғылымының шын жанашыры болды. Сынды сыңаржақ социологиялық пікірден сақтап, салиқалы, салмақты, ең бастысы әділетті, туралықты ой айтты, сөз өнерінің қадір-қасиетін, туған елін тәрбиелеудің құралы ете білді. Бұл туралы Қожановтың өмірі мен шығармашылығын алғашқылардың бірі болып зерттеген әйгілі ғалым, профессор Т.Қожекеев өзінің «Түркістан түлегі» атты еңбегінде былай деп баға берді: «Оның бұл саладағы қадір-қасиетін арттырар ісі – Абай мен Ахметтің қазақ әдеби тілін жетілдірудегі еңбегін, Мағжан ақындығының деңгейін жұрттан бұрын танып асқан бағалағандығы». Ғалым атап көрсеткендей үлкен жүректі азамат, әдебиетті, сөз өнерін сүйді, әсіресе төл әдебиетіміздің көшбасында тұрған ұлы тұлғалар хакім Абай мен кемеңгер Ахметті, поэзия падишасы Мағжанды сүйді, олар замана дүмпуінен теперіш көре бастағанда алғашқылардың бірі болып, қолын созды, қорғап жазды. Әсіресе қазақ ұлтының бетіне шіркеу болатын әрекетіміз, дәлірек айтқанда атақты Ахаңның 50 жасқа толу тойын Орынборда шіріген жұмыртқа лақтырып өткізбей қойған опасыздарға қас қылғандай Ташкенттің төрінде той өткізіп беруі бір Ахаң үшін ғана емес, барлық зиялы қауым үшін, соның ішінде алаш ұранды әдебиетті ту етіп көтерген тұлғалар үшін уақытша болса да үлкен жеңіс болды, өкінішке орай осы әрекеттері үшін сан мәртебе соққы жеді, ақыры мерт болды.

С.Қожановтың ақындық өнері жайында ерте кездегі ескі көздердің өзі бағалап, мойындап, пікір айтқан. Тағы бір рет Сәбеңе жүгінелік. Жазушы өзінің «Есею жылдары» атты автобиографиялық кітабында: «Обкомдағы кабинетіне барған мені Сұлтанбек жылы шыраймен қарсы алып, шүйіркелесе, теңдесе сөйлесті. Оның да өлең жазатынын сонда ғана білдім. Ташкентте қазақ тілінде шығатын «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» журналындағы «Тоқпақ» және «Замандас» - соның псевдонимі екен. Ол жалпы әдебиетті, оның ішінде қазақ баспасөзін көп оқитын адам екен», - деп ағынан жарылады, сол заманның теперішін көп көрген белгілі ғалымның бірі Әуелбек Қоңыратбаев «Керуен» атты естеліктер кітабында: «Ол - өткір тілді, тапқыр, кең тұлғалы кісі-тін. Қызыл тілге келгенде, мен ондай шешен адамды көрген емеспін. Ашуы жоқ, мінезі дарқан, сөздерін тастай етіп айтатын арыстан туған кемеңгер адам еді», - деп Сұлтекеңнің шешен әрі суырып салма өнерге жақын сөйлейтін талантын аса жоғары бағалайды.



Сұлтанбек Қожанов көп қырлы қасиеті, таланты мол дара тұлға. Бүгінгі біздің айтпағымыз ардақты бабамыздың қайраткер-сыншы, қайраткер-ақын екенін ғана айтуды қал-қадірімізше мақсат еттік, ал сыншылдық, ақындық өнерді адалдығымен, әділдігімен, ең бастысы сөз өнерін түсініп, шын жүрегімен сүйетіне көзіміз жетті. Сөз өнері үшін сыншы болып айтыс-тартысқа, таласқа барған, өлең жазып елшілдікті, жұртшылдықты тақырып еткен Қожанов есімі ардақты болып, қала береді. Әдебиет жанашыры – дәлірек айтқанда Ахаң сынды ардақтыға ара түсіп, Мағжан жырларындағы сұлулықты сүйгені үшін көп жапа шеккен Сұлтанбек Қожанов тағылымы әлі талай ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие көзі бола бермек. Кезең келбетін көрсеткен Қожанов мұралары құндылығын жоймайтын қымбат еңбектер. Ой қорытар тұста қазіргі заманғы қожановтанушылардың бірі Б.Қойшыбаевтың: «Қожанов ақиқат алдында ардақталуға әбден лайық тұлға. Оның өмір жолы, көзқарасы, ұстанымы бүгінгі таңда да ескірген жоқ, ол қазір де сан мың өскелең ұрпақ үшін – Тәуелсіздік мұратына қызмет етудің тамаша да көрнекті үлгісі бола алады. Рухы күшті, биік азамат. Оны тарих тұғырына көтеріп, мақтаныш ету – Тәуелсіздік күрескерлерінің қазіргі буыны үшін қарыз да, парыз»,-деген қанатты пікірін еске түсіріп өткеннің артықтығы болмас деп ойлаймыз.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет