Әож 821. 512. 122. 091 «тарихи-и рашиди» Қазақ тарихының этникалық дерегі



жүктеу 139.96 Kb.
Дата20.04.2019
өлшемі139.96 Kb.

ӘОЖ 821.512.122.091
«ТАРИХИ-И РАШИДИ» ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ ДЕРЕГІ

Алтаев Б.А

М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеті, Шымкент


Мұхаммед Хайдар Дулати жазған «Тарих-и-Рашиди» еңбегі ағылшын тілінде 1849 жылы (Калькутта) басылып шықты. Бұдан кейін қазақ тарихына тиісті бөлімін Вельяминов-Зернов зерттеп, оның қазақ тарихына қатысты бөлігін 1864 жылы «Қасым хандарының тарихы» деген кітабының екінші томына қосып шығарды. Европа жұртшылығы «Тарих-и-Рашиди» еңбегін Лондонда 1895,1898 жылдары ағылшын тілінде жарық көрген еңбегі арқылы таныды. Сондай-ақ, «Тарих-и Рашидидің» қолжазба нұсқалары Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан, Иран, Қытай, Ұлыбритания, Франция елдерінің қолжазба қорларында осы күнге дейін сақтаулы. Ал М.Х. Дулатидің «Жаһан наме» атты өлең дастаны Берлин мемлекеттік кітапханасының қолжазба қорында түптеліп тұр. Ал қазақ тарихында алғаш ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан 1941 жылы «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» атты арнайы мақала жазып, Мұхаммед Дулати жазған «Тарих-и-Рашиди» еңбегі қазақ тарихының көмескі жерлерін зерттеуде үлкен көмек беретінін жаза келіп, халқымыздың тарихының тереңде жатқанына көңіл аударды. Шығыс әдебиетінің іргелі салаларын парақтап отырсақ, Мұхаммед Хайдардың тұлғасы көз алдыңызда суреттеліп, Орта Азиядан шыққан Әлішер Науаи, Ұлықбек, Бабыр сияқты атақты данышпан, ғалым, ғұламалардың қатарынан көрінетіні байқалады. Әлбетте мұның даңқын дүние жүзіне «Тарих-и-Рашиди» кітабы танымал етті. Бұл еңбек барлық мәдениетті елдердің тіліне аударылып, мәңгі өшпейтін әлемдік әдебиет мұрасының біріне айналды. Қазақ елі тәуелсіздік алған соң, көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы, тарихшы, ғұлама ақын, әрі дипломат Мұхаммед Хайдар Дулатидің 1999 жылғы 500 жыл мүшел тойы ЮНЕСКО-ның айтулы мерзімдер күн парағына енгізіліп кеңінен аталып өтті.

«Тарих-и Рашиди» кітабының ең тамаша тұсы, Мұхаммед Хайдар мұнда Алтын Орда мен Шағатай ұлысының ыдырап, ХV ғасырдың орта кезінде бұрынғы қазақ тайпалары бірігіп, жеке билік құрғанын алғаш рет анықтап жазған. Кітаптың тілінен ондағы мәліметтердің айқын жазылуына қарағанда М.Хайдардың жергілікті халықтың тұрмысын, шаруашылығын, саяси тіршілігін жете білгендігі байқалады. Мұхаммед Хайдар қазақ туралы жазғанда тек сұрау арқылы біліп, үстірт жазбаған. Ол көбінесе өзінің көзімен көріп, байқағанын әңгіме етеді, атақты хан, билермен кездеседі, сөйтіп солардың пікірін негізге ала отырып, өз тұжырымдарын айтады. Оның еңбегінен сыпайылық, әдептілік, сезгіштік, халық мұңың ойлаушылық аңқып тұрады. Мұхаммед-Хайдардың шешесіне туысқан, Жүністің бірнеше парасатты қыздары болған. Оның бірі Құтлығ Нигар ханым атақты қолбасшы, жазушы Бабырдың шешесі еді. Екінші сұлтан Нигар ханым – қазақ ханы Әдіктің бәйбішесі болатын. Демек, бұл қарым-қатынастың барлығы Мұхаммед-Хайдарға бала күнімен таныс болмаса, ол «Тарих-и Рашиди» кітабында мұның барлығын жақсы сипаттап ашық жаза алмас еді. Мұхаммед-Хайдар жас күнінен кітап оқып, өлең шығарып, сурет салу ісімен, зергерлік, шеберлік, ұсталық өнерімен шұғылданады. Шеберлік ісіне ол қолынан бал тамған ісмер, нәзік сезгіш, сұлулық дүниесін жанымен сүйетін қас шебердің өзі болды. Қырнау, безеу, ою өнерін ол тіпті биік сатыға жеткізіп, оны шын мағынасында сұлулық қазынасы – өнерге айналдырған. Мұхаммед-Хайдар өзінің ойға жүйрік майталман, сөзге шебер, саңлақ болуымен халық ортасында даңқты болды. Өзінің айтуынша: «халықпен кішіпейіл болып кеңесуді, олардың алдында әдепті, соғыс үстінде қырағы болуды, атқыш мергендікті, тағы басқа өнер түрлерін үйренуде, мен нағашым Саид ханның шәкірті ғана едім» деп өзінің кішіпейілді екендігін көрсетіп, жазып өтеді. Мұхаммед-Хайдардың әкесі 1508 жылы өзбектерге қарсы шайқаста қаза табады. Сегіз жаста қалған Мұхаммед Хайдар өзінің бөлесі Бабырдың қарамағына кетіп онда үш-төрт жыл тұрады. Кейіннен Бабырдан рұқсат сұрап нағашысы Сайд ханға қызмет ету үшін Қашқарға кетеді. Сөйтіп, Сайд ханның қарамағында 20 жыл яғни алғашқы да би, кейіннен әскерінде қолбасшылық қызмет атқарады. Бұл жөнінде Бабыр былай дейді: Не нәрсе болса да, өзінің шыққан тегіне тартатын әдеті ғой, мәселен, сап алтын да, күміс те, қорғасын да тегіне тартпай ма? Елдің айтуынша ол бұрынғыдан көп есейіп, жақсы жолға түскен. Өзінің қолы әр нәрсеге шебер, оның қолынан келмейтін ісі жоқ: - ол әрі жазушы, әрі суретші, онымен бірге садаққа оқ жасап, оның жебелерін өзі істейді. Бір жағынан дарынды (құйылма) ақын». Мұхаммед-Хайдар Дулатидың еңбегімен танысып оқыған Шығыс ғалымдарының ол туралы жақсы сөз айтқанына мынадай деректер куә болады. Үндістанның атақты ғалымдарының бірі Ағзам, Мұхаммед Хайдардың Кашмир өлкесі туралы жазған мәліметтеріне үлкен құрметпен қарап, өзінің «Кашмир тарихы» деген кітабында: «Мұхаммед Хайдар Шығыс ғалымын терең игерген данышпан адам еді. Оның үстіне ол қаламынан сөз құйылған талантты ақын болды» деп тамсана жазады. Сондай-ақ ыстық монша, тор көзді терезелер мен күріш кептіретін құралдар Мұхаммед Хайдар тұсында кашмирліктердің игілігіне айналған болатын. Монғол ханы Акбардан кейін Үндістанға билік еткен Жаһангер жайлы баяндайтын «Тузуки Жаһангири» атты еңбекте: ... Кашмирліктердің қол жеткен жетістіктері үшін (сәулет, өнер, музыка т.б.) сөз жоқ Мырза Хайдарға қарыздар деген деректер кездеседі. [1.19б]

Мұхаммед Хайдардың шығармасын көп пайдаланған, әсіресе Иран жазушылары мен Орта Азия тарихшылары болды. Ирандық географ-тарихшы Ахмет-Рази «Жеті дүние» деген кітабында Мұхаммед Хайдар туралы жақсы сөздер айтып, еңбегінің бірнеше тарауын «Тарих-и Рашиди» кітабынан көшіріп алады. Орта Азия тарихшыларының барлығы (мәселен, Хафиз-Таныш, «Шайбани-нама», «Жами-ат тауарих» шығармаларының авторлары) қазақ халқы туралы айтқан жерінде мағлұматты тегісімен «Тарих-и Рашиди» кітабынан алып отырған. ХҮ-ХҮІ ғасырдың бірінші жартысында болған Орта Азиядағы тарихи оқиғаны зерттеулерде осы «Тарих-и Рашиди» мен «Бабыр-нама» атты құнды еңбектердің маңызы зор болды.



ХІХ ғасырда орыстың көрнекті зерттеушісі В.В. Вельяминов-Зерновтың анықтауынша: «Мұхаммад Хайдар дулат руынан текті атадан шыққан. Дулаттар – тарихи заманнан келе жатқан түрік нәсілдес көп тайпалардың бірі. ХVІ ғасырда қазақ қауымына қосылып, Алтынемел тауынан Шымкентке дейін қоныстап отырады» деп атап көрсетті. Ш. Уалиханов: Мұхаммед Хайдар дұғлат (дулат) руынан, Болатшы бидің ұрпағы. Дулат руы ол кезде атақты рулардан еді, Қашқар хандары әйелді осы рудан алатын болған деп жазады. [2.14-27б].Уалихановтың көрсетуінше Мұхаммед Хайдардың шежіресі мынадай: Болатшы би Құдайдат би Сайд Ахмет би Сайдалы би Мұхаммед Хайдар Мұхаммед Хүсайын би Мұхаммед-Хайдар Дулати. ХІV ғасырдың ІІ-жартысында Шыңғыс хан құрған империяның бірі Шағатай ордасы ыдырай бастаған кезде ол екіге бөлініп, бір Орта Азияның өзінде екі мемлекет бой көтерді. Бірі – шағатайлықтар астана үшін Самарқанды белгілеп, өздерін мавранахрлық деп атаса, ал Жетісуды мекендеген тайпалар Шағатайдың ескі ордасы Алмалық қаласын иеленіп, Моғолстан деген атқа ие болды. Орта Азияда диқандар мен отырықшылыққа бет бұрған монғолдар үстемдік етті. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі Шағатай әміршілерінің ішінде Кебек хан ең көрнектісі еді [3.212-214б]. Ол Қашқардария бойында Қаршыда өзіне сарай салдырды. Сонымен бірге ол ақша және әкімшілік реформасын жүргізді. Бұның бәрі әскери – көшпелі аристократтардың наразылығына әкеліп соғып, Кебектің ағасы Тармкшириннің өлтірілуімен тынды (1326-1134ж.ж). Осының әсерінен тағы бір тәуелсіз иелік – Моғолстан мемлекеті Қашқария мен Жетісудың солтүстік-шығысында қалыптасты. Бұл аймаққа дулаттардың әміршісі Болатшы шағатайдың ұрпағы султан Тоғылық Темірді хан етіп отырғызды. Жетісудың ол кездегі саяси аты Моғолстан болса, оны мекендеген тайпаларға ресми түрде моғол деп лақап ат берді. Бірақ, бұл моғол деп отырған көшпелі тайпалар – моғол емес, түрік тілінде сөйлейтін сол жердің ерте заманнан келе жатқан тұрғын халқы болатын. Дулат әміршілері Шыңғыс хан заманында оның жарлығы бойынша жеті артылықшылықтарға ие болатын. [1,92 б]. Мысалы, сондай артықшылықтың бірі Шыңғыс хан дәуірінен бастап хан мәжілісіне қару алып кіріп отыруға болады. Өйткені, хан мәжілісінде моғол дәстүрі бойынша ханнан басқа ешкімге қарумен отыруға рұқсат етілмейтін. Кейіннен Тоғылық Темір хан бұл артықшылықтағы тағы екеуін қосып, тоғыз артықшылыққа жеткізген. Мұхаммед-Хайдар халық ортасында көбінесе Мырза-Хайдар деген атпен даңқы шығады. Оны қосымша лақап аты Көреген, Мырза-Хайдар еді. Ал, Шыңғыс хан ұрпағына күйеу болып келетін сұлтандарды «көреген» яғни күйеу мағынасында айтылған. Нақтылай айтсақ ел басқаратын ханның күйеуі. ХІV-ХV ғасырларда Дулат тайпасынан бірнеше атақты адамдар шықты. Олар: Қамаридден, Болатшы, Түлек, Жорас деген қолбасылар. ХІІІ-ХІV ғасырларда бұлардың арғы аталары Шағатай мемлекетінің сол кездегі астанасы Алмалық қаласында қызмет етті. Алмалық ол кезде Жетісудағы ең үлкен қала, сауда мен мәдениеттің, саяси тіршіліктің қайнаған ортасы болды, Шағатай тірі кезінде (ХІІІ ғасыр) мемлекет орталығына осы Жетісуды таңдап, осында отырып, Самарқан,Бұқар Термезге дейін билігін жүргізген. Сондықтан да тарихшы Юдиннің айтуынша Жетісу чингизидтердің саяси астанасы болған. [4.] Бөлініп шыққан моғолдар шағатай ұлысынан шығып, сол кездегі қазақ тайпаларының (Ұлы жүз) алғашқы саяси орталық қызметінің негізін қалады. Өйткені, Әбілхайыр ханға наразы болған Керей мен Жәнібек соңына ерген қыр қазақтарымен Моғолстанға келіп қоныстанды. Осы жерде Ұлы жүз тайпалары дулаттан күш алып, Шу өзені бойында қазақ хандығын құрады. Осы оқиға жөнінде М.Х. Дулати былай дейді: «Ол уақытта барлық Дешт-Қыпшақтың ұлы ханы Әбілхайыр еді. Бірақ Жошы ұлысының сұлтандары өзара толқып, Жәнібек пен Керей хан одан қашып, Моғолстанға келді. Бұл жерге келген соң, Моғолстан уәләятын билитін Есен-Бұқа оларға көп құрмет көрсетіп, Моғолстанның батысындағы Шу өзені бойындағы Қозыбасыны берді». Сөйтіп олар осы қауіпсіз жайлы қоныста тыныш өмір сүрді. Шағатайдың ұлы Шайбанидан Әбілхайырға дейінгі ұрпақтары хандық дәрежеге қол жеткізе алмады. Тек азуы күшті сұлтандардың қолдауымен 17 жасында Әбілхайыр хан тағына отырғаны бар. Ал, Жошы ханның кенже баласы Тоқа Темірдің ұрпақтары Жәнібек пен Керейді Моғолстан ханы Есен-Бұқа өз қарауына алып жеке хандық құрғанға дейін көмегін берген. Әлбетте Әбілхайыр хан бүлік жасап өзінен бөлініп кеткен Керей мен Жәнібекті соңынан қуып келетіні ақиқат. Бірақ дулат негізінен тайпалары құрайтын Моғолстаннан Әбілхайыр аяқ тартқан. М.Х. Дулати осы оқиғаға байланысты былай дейді: «Оның (Әбілхайырдың) қарауындағылардың үлкен бөлігі Керей мен Жәнібек ханға көшіп барып қосылды. Сөйтіп, олардың қасына жиналған адамның саны 200 мыңға жетті. Оларды «өзбек-қазақ» деп атау қалыптасты. Қазақ сұлтандарының билеуінің басы – 870 жыл, дегенмен анықтығын бізден көрі Алла жақсы біледі». М.Хайдар «өзбек-қазақ» яғни қазақ аталғандарды дулаттардан бөтен халық деп айтып отыр. Себебі дулаттар Қазақ хандығынан бөлек Моғолстан мемлекетінің билеуші әмірлері болды. ХVІ ғасырда 30-шы жылдың ортасында Моғолстандағы биліктен айырылған моғол-дулаттар Қазақ хандығымен Моғолстан шекарасында орналасқан ботбай, шымыр, жаныс, сиқым тайпаларын біріктіріп дулат аталды. Сөйтіп, Моғолстан жерінде Қазақ хандығы Ұлы жүз атанып әкімшілік-территориялық құрылымы пайда болған. Сөйтіп ХVІ ғасырдың 30-жылдары Рашид ханның заманында, Ұлы жүз тайпасы, оның ішінде дулаттар Моғолстаннан бөлініп, қазақ хандығына қосылады. Ұлыбританиялық Манчестер университеті профессоры К.Босворт билік Шайбаниға өткенде Шағатай ұрпақтары түріктің Дулат тайпасының күшімен Қашқадарияда билікті ХҮІІ ғасырдың аяғына дейін ұстағанын жазады. «Тарих-и Рашиди» кітабын жазудағы мақсатын М.Хайдар былай деп тұжырымдайды: «Менің мақсатым-ғалымдығымды көрсету емес, өткен моғол қаһандарының есімдері уақыт беттерінен мүлде жойылып кетпеулері үшін естеліктер жазу. Егер моғол қаһандары өздерінің ата тектері туралы және өздерінің бабаларының істер туралы білгілері келсе, олар бұл туралы осыдан біле алады». «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі мағыналы нәрсенің бірі – Саид хан мен Мұхаммед Хайдардың Қасым ханның ордасында қонақтап жатқан кездері, сол қонақ болған кезіндегі олардың саясат туралы әңгімесі, сұхбаттасу, сөздері. Қазақ халқының ХV-ХVІ ғасырдағы әлуеметтік-шаруашылық күйін зерттеу үшін бұлардың әңгімесі бір сыпыра мағлұмат беріп, қазақ тарихының кейбір көмескі мәселесін ашуға көмек береді. «Тарих-и Рашиди» бойынша Саид хан Қасымның ордасына келерде жетпіске келген Қасым хан кешірім өтініп оның алдынан өзінің билерін жіберіп, үлкен құрметпен қарсы алды. «Бұл келгендердің кейі елуде, кейі алпыс шамасында еді. Олардың ішіндегі біліктілері Жаныс (би), Таныш би, Мамаш хан, Жанайдар, Қараш (би), жіберілген кісілердің барлық саны отыз-қырық шамасындай еді. Олар келгенде Саид хан орнынан тұрып кішілік етті». Саид хан Қасым ханның ордасына келгенде Қасым ханның оған айтқан сөзін Мұхаммед-Хайдар былай деп жазды: - Біз дала халқымыз. Бұл жерде асыл бұйым, қымбат дүние болмайды. Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз - ет, сүйкімді сусынымыз – қымыз. Біздің жеріміздегі салынған қала, бау-бақша жоқ. Біздің көңіл көтеретін жеріміз – мал бағатын қонысымыз (жайлауымыз), қызық көретініміз өрістегі жылқымыз, не болмаса бір-бірімізбен бас қосып соны мереке ету. Қасым хан бұл сөзді Моғолстан ханына айтқанда, Мұхаммед-Хайдар оның ішінде бірге отырады. Мұның артынан, - дейді Хайдар, - Қасым хан Саид ханды өріске апарып, ондағы жылқымен тамаша қылдырады. Жылқыға барған соң айтты: менің жақсы көретін екі арғымағым бар, ол екеуі бүкіл үйірге татиды. Саид хан кейін ол аттарға таң қалып, расында да ол екі ат сияқты жылқыны мен еш уақытта көрген жоқ едім, - деп айтып жүрді. Қасым хан айтты: Біз – далалық адам, бір ғана жылқының күшімен тіршілік етеміз. Бізге бұл екі арғымақтан өзге ешбір арғымақ сенім бермейді. Мұның екеуін бірдей сыйға тартуға қиын. Бірақ сіз қадірлі меймансыз, таңдаған біреуін алыңыз деп, әр арғымақтың қасиетін жеке-жеке сипаттады. Саид хан одан таңдап біреуін алды, оны «Оғлан Түрүк» деп атаушы еді. Расында бұл сияқты арғымақты еш уақытта көрген жоқ едім,-дейді. Бұдан әрі Мұхаммед-Хайдар Саид ханмен бірге Қасым ханның ордасына жиырма күндей жатып, онымен мәжіліс құрғанын әңгіме қылады. Қасым хан Саид ханды үйіне келтіріп, алдына кесемен қымыз, қойып былай деді: «Біздің қонақ сыйлауымыз осылай, егер дәмін тарсаныз біз үшін мәртебе болмақ. Біздің ішетін сусынымыздың ең сүкімдісі және күштісі қымыз»,- деді. Сондай-ақ М.Х. Дулати моғолдардың қымыз ішу дәстүрін баяндай кететіні бар: «Әкемнен талай естігенімдей, Моғолстанның әйгілі аймағы Күлтөбеде ерте көктемде бие байланып, алғашқы қымыз ашытылып, моғолдың ежелгі салт-дәстүрі бойынша қымыз ішу тойы жасалады». Өткен ғасырдың 70-шы жылдары Төлеби ауданы Қазақстан ауылында әкеміз Әмір мен шешеміз Шайыпхан екеуі көктемде бие байлап, қымыз жинап ауыл ақсақалдары мен қария аналарға «қымыз мұрындық» өткізетін. Сол қымыз мұрындық үстінде қаншама әңгіме-шежірелер айтылушы еді. Сол кездегі өзбек ұлысы мен қазақ жұртшылығының бұрынғы Шағатай ұлысы мен Алтын Орда дәуірінен қалған жұртшылық мұрасына таласып, өзара жауласқаны туралы «Тарих-и Рашиди» кітабында жақсы жазылған. Мұхаммед Хайлардың айтуынша қазақ пен өзбек ұлысы жауласқанда Моғолстан хандығы қазақтармен бір болып Шайбани ханға қарсы күрескен. Тіпті атақты Бабырда осы екі ұлыстың жауласуында қазақтарға қосылып көмек беріп отырған. Бабыр мен Моғолстан хандарының қазақ ұлысына қарым-қатынасы туралы Мұхаммед Хайдар былай жазады: «Есен-бұға заманынан (1460ж) Рашид заманына (1540ж) дейін Моғолстан мен қазақ араларында достық, татулық күшті еді. Рашид сұлтан оны жоқ қылды». ХVІ ғасырдың отызыншы жылдары қазақ хандығының не себепті ыдырағанын Мұхаммед-Хайдар Нигар бегім арқылы баяндайды. Ол Саид ханның апасы, Жәнібек ханның туған келіні еді. Оның күйеуі Әдік сұлтан соғыста өлген соң, Нигар бегім Қасым ханның қарамағында болады. Қасым хан өлген соң, Нигар өзінің өгей баласы Тайырдың қолына келеді. Нигар бегім Тайыр ханға маңғыттардың (ноғайлы) кесірінен сенің ісің өзбек тарапынан түзелмекші емес, сенің бұрын он лек әскерің бар еді, қазір төрт лек қана қалды. Мен араға түсіп, Моғолстан хандарына жақындатсам, арада бірауыздылық туар-дейді Мұхаммед-Хайдардың Нигар бегім арқыл айтып отырған бұл оқиғасы – ХVІ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ хандығының тіршілігінде болған шындықтың бір түрі. Мұхаммед-Хайдардың айтуынша, Нигар бегім өзі өлгенше (1528ж) қазақтар мен Моғолстан арасында жарықшақ шығармады. Екінші жағынан, ол Тайыр мен өзбектерді елдікке келтіреді. Бірақ бұл елдік ұзаққа созылмады. 1530 жылдан былай қарай Орта Азия феодалдарды бірігіп, қазақтарға қарсы күш жиды. Тарих-и Рашиди еңбегінде түркі қазақ тайпалары жөнінде бірнеше деректер кездеседі. Мысалы, қазақ тайпаларында кездесетін Керейт, Балықшы, Меркіт, Барлас, Қаңлы, Итаршы, Сагрычи (сиыршы), Кушчи (күшік) т.б. тайпалар. «Тарихи Рашиди» жазбасында «керейт» руының моғол тайпасының құрамында жүргені айтылады. Моғолстан территориясына қараған (Оңтүстік Қазақстан өңірі) Арыс өзені (Түлкібас ауданы) жағасында «Керейт» деген ауыл бар. Ол ауылда қазіргі уақытта Ұлы жүздің шымыр тайпасының «Кедейтемір» деген атасы мекендейді. Моғол әскерлері солтүстікке немесе батысқа жорыққа шыққанда оның оң қанатын «керейт», «чорос» сияқты тайпадан шыққан әмірлер басқаратын. Әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты батысқа кеткен «керейт» тайпалары сонда қалып қоюуы мүмкін. Сөйтіп ХVІ- ХVІІ ғасырда Кіші жүздің «жетіру»тармағына енген болуы керек.оның үстіне керейттердің рулық таңбасы Ұлы жүз тайпаларының таңбаларына ұқсастығы бар. Мысалы, Керейттен тараған «ойық», «тілік», «таз» сияқты басты аталары Ыстының ішінде жүр. Оның үстіне ХІХ ғасырдың аяғында Орталық Азия тарихы мен географиясын тыңғылықты зерттеген тамаша ғалым Грумм-Гржимайло қытай деректерінде керей мен керейт тайпаларының екі түрлі яғни бір-бірінен бөлек атпен берілетінін келтіреді. Шамасы Жетісуды мекендеген «керейттердің» кейбір аталары керей тайпасының ішіне Абақ-Керей атпен сіңіп кетсе керек. Ғылымда барлас тайпасы монғол немесе түркіден шыққандығы туралы әр түрлі пікірлер бар. Ал, Мұхаммед Хайдар барласты моғол тайпасы деп айтады. Түркі тілдеріндегі р, н, л, й, сонарларының түсіп қала беретін тұрақсыз дыбыстар екендігі белгілі. Олай болса, барлас атауындағы «л» дыбысы түсіп қалу салдарынан «борас» деп аталады. Ал, Сиқым тайпасын құраушы төрт атаның үлкенінің бірі- Борас болып келеді. М. Қашқари еңбегінде кездесетін чигил тайпасын фонетикалық заңдылықтарға сүйене отырып оның қазақша атауы Сиқым екендігін жазғанбыз. [5.59-60б] М.Қашқаридың айтуынша: «Чігіл – үш түрк тайпасының аты. Бірінші Барсығанның төменгі жағында Құяс шаһарында жасайтын көшпелілер. Екіншісі Тараз (Талас)-дың жанындағы кішкентай шаһарды мекендейтіндер». Құяс шаһарында жасайтын тохси тайпасы, М.Қашқаридың айтуынша түркіден шыққан оны чигил деп атай береді екен. Ал қазақтың төл шежіресінде тохси – тохсейт Сиқымның үлкен атасының бірі. Сонымен түркілік чигилдер қазақ шежіресінде кездесетін Сиқым тайпасы болып шықты. Қытайлық ғалым Гың Шымин «Қарахандар тарихына қысқаша шолу» атты мақаласында: «Арыстан – чигілдікі, ал бура – Иағманікі» - деп жазды.[6.208б] Олай болса Арыстан чигілдердің ал, Боғра – яғмалардың көсемі болған. Атақты неміс ғалымы О. Притцактың айтуынша Арыстан Қара қаған ең жоғарғы мемлекеттік билеуші саналған. Ата жолы бойынша Арыстан қара қағанның астанасы Баласағұнда, ал, кішісі Боғра Қара қаған Таразда, кейіннен Қашқарда билік еткен. Егер де Арыстан қаған өлсе оның орнына Боғра қаған отырып, Арыстан Қара қаған деп аталған. Түркі қағандары орта ғасыр дәуірінде ислам дінін таратушы әулиелерге айналды. Орта Азия мемлекетінің билеушісі Ақсақ Темір Түркістан қаласында А. Яссауиға кесене тұрғызудың алдында Отырардағы Арыстан бабқа кесене тұрғызатыны бар. Қарлұқ тайпасының құрамында болған ташли (Ыстыдағы таздар, қоңыраттағы таздар, арғындағы таздар т.б) бұлақ (Арғындағы болат, жалайырдағы тарақты т.б) чигилдер Өзбекстан территориясындағы өзбек тайпаларының құрамына сіңіп кетті. Тек азғантай бөлігі өзбек – карлұк атпен сақталған. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ның профессоры Ж.Үсенқұлов өзінің аталарынан естіген әңгімесінде ілгеріде Сиқым бабасы Самарқанда тұрған көрінеді. Халық аңызында айтылатын мұндай әңгімелер кейбір жағдайда тарихи деректермен ұштасатыны бар. Олай болса, қазіргі уақытта кездеспейтін барлас (өзбек, қарақалпақтарда сақталған) тайпасының атауы Сиқымдағы үлкен ата Борас атымен өзгерген. «Тарих-и Рашиди» еңбегінде айтылатын Меркіт қазақ шежіресінде Керей тайпасының ішінде кездеседі. Ал, Балықшы тайпасы туралы мәлімет аз. Әбдірашид хан Балықты тайпаларын толығымен қырып жіберуіне байланысты ол шымыр, шанышқылы тайпаларының аталары ішінде балықты атауымен кездеседі. Сиыршы, Күшік сияқты рулар жалайыр тайпасының құрамында жүр. Мұхаммед-Хайдар «Тарих-и Рашиди» еңбегінде келтірілген Жетісу төңірегінде болған тарихи қалалар: Тараз, Барысхан, Баласағұн, Қиялық, Алмалық т.б. туралы жазғандары мәдениет тарихы үшін мәлімет болып табылады. Бұл қалалар Мұхаммед Хайдар тұсында тегіс қирап, үйінділері қалған болатын. Ол Тараз қаласы туралы қажетті мәліметтерді келтіреді. Кітаптың көрсетуінше моғолдар (қазақтар, қырғыздар) Таразда «Йанги» яғни, «Жаңа» деп аталатын жерде ескі қаланың орны бірталай. Мәселен, Ақыртас, Ақкесене, Қырықкүмбез, Төрткүл, Шоңқара, Түймекент т.б. Бұл жерде Күмбез, Мұнара, Қаңға, медреселерінің орны әлі күнге дейін сақталған. Бірақ бұл қалалардың ішінде «Жаңа» қала қайсысы, өзгесін не деп атаған, ол арасы анық емес. Мұнан кейін Мұхаммед Хайдар Шу бойындағы қалалар туралы бірталай мәліметтер береді. Мысалы, Шу бойында бір қаланы Моғолдар Мұнара (Баласағұн) атайтындығын жазды. Мұхаммед Хайдардың жазуынша талас өлкесі мен Шу бойында болған тарихи қалалар сол дәуірдің өзінде қирап қалғаны байқалады. Бірақ, оның биік мұнаралары, күмбездері, сұлу кешендері мен медреселері көп уақытқа дейін бұранғы сәулетті түрін жоя қоймаған. Кәзіргі кезге дейін сол қалалардың орны яғни тек топырағы ғана қалғаны белгілі. Егерде ерте замандағы Жетісу, Алатау төңірегінде бұл сияқты мәдениет орындары Мұхаммед Хайдардың еңбегінде көрініс таппағанда, ғұлама ғалым Ә.Марғұлан айтқандай, онда бұл өркениеттің әлеуметтік және тарихи маңызын археологиялық материалдарда анықтай алмас еді.

М.Х. Дулати тек мәдениет, өнер саласында ғана емес, әскери қолбасшылық өміріне де, көзге түскен. Мысалы, Кашмир қаласын қолбасшылық шебері арқаснда қан төгіссіз өзінің билігіне қаратқан. Кашмирдегі биліктен айырылған оның жаулары 1541 жылы 1 тамызда екі піл, бірнеше мың жаяу және бес мың атты әскерімен қарсы шыққанда, ол өзінің үш жүз сарбазымен олардың тас талқанын шығарады. Сондай-ақ М.Х.Дулати халықтың дәстүрлі емдеу тәсілін өте керемет меңгерген. Мысалы, моғол сынықшыларының әдісімен сынған сүйекті орнына келтіріп, сипап емдеп отырған. Сонымен, ұлы бабамыз М.Х. Дулатидің Тарих-и Рашиди еңбегінде айтылған хижраның 870 жылы (1465-1466ж.ж), яғни қазақ хандығының құрылуы Қазақстан тарихы үшін белесті кезең болды. Бұл оқиғаның саяси һәм қоғамдық мән-маңызы Қазақ хандығының Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет болғандығында жатыр.


Әдебиет


  1. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. Алматы 2003ж.

  2. Ч. Валиханов. «Из-Тарих-и Рашиди» Собрние сочинений. 4-т., Алма-ата, 1985г.

  3. К.Э. Босфорт. Мұсылман әулеттері. А-2008.

  4. В.П.Юдин Алматы 2001г.

  5. Б.Алтаев Үйсін – Сиқымның шығу тегі Шымкент 2011ж.

  6. Гың Шымин «Қарахандар тарихына қысқаша шолу» Таным тармақтары. Алматы 1998ж.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет