Әож 930. 22(091): 9-05 М. Х. Дулати зерттеулеріндегі түрік-моғол әскери ұйымдары туралы деректерінің мазмұНЫ



жүктеу 98.33 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі98.33 Kb.

ӘОЖ 930. 22(091): 9-05
М.Х.ДУЛАТИ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ТҮРІК-МОҒОЛ ӘСКЕРИ ҰЙЫМДАРЫ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕРІНІҢ МАЗМҰНЫ
Мырзаханова Н.Р.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз


Түркі мемлекеттерінде ер адамның басты міндеті отбасын қорғау мен мал –мүлікті сақтау және соғысқа қатысу еді. Көшпенділердің өмірінде әскери дәстүрлердің үлкен маңызы болды: әскери бағыныштылық – дала ережелерінің ең басты, ең маңызды тармағы. Дала тұрғындары негізінен қаруланған адамдар болды. Мейлі аңға шықсын, мейлі серуенге барсын, ешқашан садақ пен жебе және қанжарсыз жүрмеген. Қаруланып жүру тек қана заңды құқық емес, сонымен қатар міндет болып табылады. [1].

Сол кездегі түркілердің әскери ісі мен соғыс өнері, қолбасшылық дарынына байланысты мәліметтерді түркі жазбаларынан, араб-парсы деректерінен көптеп табуға болады.

М.Х.Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде түрік-монғол халқының әскери өнеріне көп көңіл бөлген. Әскери өнердің көп ғасырлық тарихы бар, бірақ ерекше биікке ХҮ ғасырдың екінші жартысында, әйгілі саяси қайраткер және орта ғасырлық атақты қолбасшы Сахиб Каран Тимурбек Кураган кезінде жетті деп жазады [2,347]. Бұл уақытта орталықтан басқарудың маңызы зор болды. Ол азаматтық территориялық және әскери басқармалардан құралды.

Әскерилердің билігін мемлекеттік әскери аппаратында орынның көп бөлігін иелену арқылы жүргізілді. Дулати Кашмирде Хумаюн мен Камрандардың қызметінде жүргенде мемлекетте орталықтандырылған басқару жүйесін құрды. Кашмирдегі жүргізілген М.Х.Дулатидың әскери реформаларына сәйкес басқару позициялары ханзадалардың қолында болды, әсіресе сарай жанында және әскердің маңызды қызметтеріне сайланатын жас таңдаулы шыңғыстықтар бөлінді. Сонымен қатар, қолбасылар мен азаматтық билік арасында қарым-қатынас шарттары жасалды. Аталған шарт бойынша, әскери соғыс қимылдары уақытында әскерилердің дара басшылығы құрылатын болады. Жергілікті органдардың іс-әрекеттеріне үкіметтік бақылау орнатылды. Басқарудың орталықтандырылуы нәтижесінде әскери және азаматтық басқармалардың бірте-бірте бірігуі байқалды, бірігу арқасында әскерилердің билігі күшейе түсті.

«Тарих-и Рашиди» кітабында Мұхаммед Хайдар әскери құрылыстың мәселелерін жан-жақты суреттейді. Мемлекеттегі әскери күш құрылымының негізі шыңғыстық таңдаулыларға да міндетті әскери қызмет жүйесінің енгізілуі болды. Олар жоғарғы әскери мектепті бітіріп немесе гвардияда қатардағы жауынгер болып өткеннен кейін офицерлік шен алды. Демек, түркі соның ішінде қазақ әскерінің ұйымдасқан құрылымының негізі шыңғыстықтар мен текті-әмірлердің офицерлік басқару құрамы болды.

Басқару құрамына батырлар кірді. Батыр деп жігерлі, әскери дарыны бар жауынгерлерді атаған, олар жасақ құрай алып, оны бейбіт те, соғыс кезінде де басқара білді [2,336б]. Батыр атағы мирасқорлық жолмен берілмейді, оған әрбір адам жеке басының ерлігімен ие болады. Көшпелі халықтарда бүкіл өмірі соғыста өтетін, соғыс ісі атадан балаға жалғасқан негізгі кәсібі болған, мемлекеттік билікті қолына ұстаған қоғамдық топ- әскери ақсүйектер болды. Осы топта соғыс ісінің тәжірибесі жинақталып, әскери өнер дамып, қару-жарақ жасаудың, оны қолданудың биік деңгейі қалыптасты. Батырлар көбінесе осы әлеуметтік жіктің өкілдері арасынан шықты. Хандардың күштілігі осындай әскерді соғысқа бастайтын, жауды жеңіп, туған жерін қорғай алатын батырлардың санымен өлшенді.

Жауынгерлер асқан қолбасылық қабілеті бар, батыл да тапқырлы, өмірде түрлі шешімде беріктілігін танытарлық, қиындықтан қорықпайтын, жоғары шенділерге орынды дес беретін, дауда өзінің ойын қорғай білетін батырды қадірледі. Басқару құрамы да өзінің батырларын бағалап құрметтеді. Олар бейнелі қолбасылар болды. Олардың мойнында соғыс, қорғаныс шайқасы, алыс және жақын маңдағы ұрыстардың қиындықтары жатты. Әскерді басқарып, жауды қоршауға алды, қорғандарды талқандады. Батырлардың бойында қайталанбас жеке жарқындылық жатты, қызметте құрметтеп, олардың әскери өнерлеріне қызығушылықпен қарады. Батырлар әскерді жасақтау мәселелерімен өздері айналысты.

1532 жылы Ладак маңындағы соғыс қимылдары күтпеген жерден құлаш жайды және ұрыста көп адам қаза болды, бұл жағдай майданға қосымша күштерді тартуға мәжбүр етті,- деп өзінің әскери есебінде М.Х.Дулати жазды. «Біз Сикандар ханзадамен (сұлтан Саидтің екінші ұлы) бірге батырлар, әскери кеңес мүшелерін жаңа жасақтарды құруға тылға аттандырдық. Әскери кеңес мүшелері жергілікті әскери ұйымдарға сүйеніп қазіргі әскерді толықтыру үшін әскери жасақтарды құруда қыруар жұмысты атқарды. Әскери жасақтар мен құрамалары жасалды, әскердің жаңа жасақтарын соғыс өнеріне үйрету және қамсыздандыру, ұрысқа дайындау процестері күнде де, түнде де жүргізілді. Әскери міндеттілерді жұмылдыру, жасақ құру, оларды орналастыру, қаруландыру, киіндіру, оқыту, басшылық құрамды бекіту сияқты жайттар әскери кеңеске кіретін батырлардың назарынан тыс қалмады [3,188б].

Қысқа мерзімде олар 18 ұстахана, 27 металл балқыту пеш (горн) жасалып, ол жерлерде мыңнан астам шеберлер жұмыс істеді». Асханалы керуен мен қаруы бар арбалар қатар жүрді, бірыңғай әскери лагерь құрылды. Қаһарлы күндерде әрбір ондықтың, ұстахана, медсанбөлімнің іс-әрекеті, жеңіске бағытталды. Тек ескі қарулардың шығарылуы ғана емес, қару және оқ-дәрінің бірқатар жаңа үлгілері де дайындалған. Басты рөлде қолбасылар жасақтаған ұстахана мен металлургия тұрды [3,188б].

Отырықшылық жағдайында әскерді жинау жұмыстары виллает, түмен, қала, ауыл бойынша жүргізілді. Себебі отырықшылықта ру,тайпа өзінің бастапқы мәнін жоғалта бастады. Сарбаздардың аумақтық шоғырлануы ғана емес, тектік, әулеттік принципке негізделген жасақталу да болған. Жалпы әскери міндет насихатталды. Мұндай топтардың басшылығына әулет қамқоршылары сайланды.



Әрбір рудың өзіндік туы мен ұраны болды. Көшпенділердің әскери қарулануының бас белгісі –Ту соғыс жөнінде кем дегенде екі қызметті орындады: бірінші, ол-қасиетті белгі, екіншісі, ұрыс кезі мен сапта әскерге түрлі белгі беру үшін пайдаланылған. Әрбір тайпаның, ұлыс сұлтанның, ханның тулары болды. Дәстүр бойынша тудың ханда болатын ең жоғарғы саны- тоғыз. «Тоғыз тулы хан» туралы айтқанда, халық көз алдына өте күшті билеушілерді елестететін. Орта ғасыр авторларының айтуына қарағанда, алғашқы қазақ билеушілері «тоғыз тулы хандар» болған. Ту әскер қолбасшысының тек сыртқы белгісі емес, сонымен бірге әскери атақ пен даңқтың белгісі болатын. Шайқаста Туынан айрылған жасақтар таратылды. Шайқас кезінде дұшпан Туларын қолға түсіргені үшін жауынгерлерге ерекше марапаттар жасалды. Көшпелі халықтарда да (сақ-скифтер, ғұндар, түркілер, т.б.) Туды жауынгерлік рухтың белгісі ретінде ерекше құрметтеген. Ту үлкен матадан түсті желек түрінде жасалып, найзаның сабына байланып көтерілген. Жауынгерлерге күш беріп қорғау үшін оған киелі белгілер (жыртқыш аңдар мен айдаһардың басы, кейіннен Ай, Құран аяттары) салынды. Ту әскердің киесі саналғандықтан, шайқас кезінде оны ұстау ең батыр адамдарға тапсырылған. Ту желбіреп тұрса әскер жеңіске жетеді, ол құласа жеңіледі деген ырым болған. Қазақ қоғамында ханның Туынан басқа, белгілі қолбасыларға да Ту тапсырылған. Мысалы, Абылай хан заманында Қабанбай, Бөгембай, Жәнібек, т.б. әйгілі батырлардың өз Туы болды. Ол Тулар кейіннен сол батырдың ұрпақтарында қалып, кие тұтылды. Ауру-кеселден, жамандықтан қорғайды деп қастерленді. Негізінен мыңбасыларға, түменбасыларға берілетіндіктен, кейде әскер саны Тумен есептелді. Әскери бөлім құрылғаннан кейін оған Ту тапсырылады. Ол Туды әскери бөлім өз атын, нөмірін өзгерткеніне қарамастан сақтауға тиіс. Ту әрқашан өз бөлімінде сақталады, ал шайқас кезінде әскери қимылдар ауданында болады. Тудан айырылған жағдайда бөлім командирі мен тікелей кінәлілер әскери трибуналмен сотталып, әскери бөлім таратылады. Тарихтан моғол әскерінің жоғарғы басшысы Махмудханның тоғыз жалауы болғаны белгілі (туг, бунчук). Бабырдың шығармасынан осы тоғыз жалаудың бәрі де немесе тек біреуі ғана елдің табынып, мемлекеттік қасиетті жалау саналғаны айтылмаған. Жалаулардың түсі жайлы біржақты жайттар жайлы мағлұматтар кездеспейді. Жалаудың ағашына, матадан төменірек жерге жылқы құйрығы немесе қодастың құйрығынан жасалған кутас байланды. Кутастың ханның тоғыз жалауында я тек біреуінде ғана болғаны жайлы мәліметтер жоқ. Хан жалауын қорғау міндеті және салтанатты оқиғалар кезінде, әскердің шеруі уақытында жалауды шығару міндеті түгбегі басқаратын арнайы топтың мойнында болды. Көптеген қазақ тайпаларында, жолмен тараған тамғамен, тумен қатар, өздерінің ұраны бар. Ұран екі түрлі болды. Оның бірі тайпаның өз ұраны, екіншісі-бүкіл әскерге тән ортақ ұран, яғни ұлыстық ұран [5,255б]. Бір сөзбен айтқанда ұлы ұрандардың кезеңі – бұл көшпенді қоғам пайда бола бастағанда, олар көшпендінің көтеріліп, гүлденіп, мықты күш болған кезенде, яғни – сақтар, ғұндар, түркілер, Алтын Орда демек бұл әскери ұрандар бір тудың астында он мыңдап, 100 мыңдап атты әскери жасақтар жинақтайтын.

Бірнеше ру ұлыс әскерін жасақтады, бұндай жасақты ұлыс басшысы басқарды (аумақтық жетекші). Жоғарғы бас қолбасшы болып хан саналды, ол әскерді жинау, шоғырландыруды хабарлау құқығына ие болды. Ары кетсе соғысқа арналып 400 қылыш бар топ құралды. Хандардың потенциалды мүмкіндіктері осындай болды. Қазақстан және Орталық Азия тарихының оқулығында былайша жазылады: Моғолдардың әскери өнерінде моңғол әскерінің ұйымдасу дәстүрінің үлгісі сақталды. Моғол хандары әскеріндегі ұйымдасқан жасағының негізін ру мен тайпалардың қарулы топтары құрады. Бекке бағынған әрбір жасақтың өзіндік жалау және әскери ұраны болды. Осында автономды отрядтар қажет кезде әскери құрылымға бірікті. Әскери құрамның командирі хан болып тағайындалды-әскердің ең басты басшысы болды» Шынтуайтқа келгенде, жорыққа 30-50 мың қылыш бірлігі бар жасақ құрылды, кейде белгілі бір жағдайларға байланысты бұл сан 100 мыңға өсуі мүмкін еді. Әскердің мұндай көлемі жауынгерлердің тылдық қамсыздандыру мәселесіне көңіл бөлуді қажет етті [4,246].

Әскердің басты бөлігін 50-60 мың сарбазы бар атты әскер құрады. Қазақ хандарының әскері негізінен атты әскер болған. Ұрыстарда бұл әскер тобы шешуші рөл атқарып, жекпе-жек шайқастарда пайдаланылған. Әскердің бірнеше бөлімдері болған. Атты әскерге қарағанда, әскердің байырғы әрі негізгі түрі жаяу әскердің сан құрамы басымырақ болған. Бұл әскер уақыт талғамай кез келген жерде табан тірескен ұзақ ұрыс жүргізе алған. Жаяу әскердің міндеті- әскердің негізгі бөлігін қалқалау [2,349].

«Монғолдардың арасында Шыңғыс хан жасап кеткен заңдылықтар сақталады» деп жазады Бабыр. Оң қанат жауынгерлері (барұңғар) оң қанатта тұрады, сол қанат (жоңғар) сол қапталда, орталық (кул) ортасында қалды. Әркім өзінің ата-бабасынан қалып кеткен орнында тұрады. Оң және сол қанаттағы маңызды жауынгер шетіне жақын орналасты, демек қапталды басқарып тұрады. Бабырдың сөзі бойынша, моғол әскерінің оң қанатына кіретін бекчик пен чурас тайпалары арасында флангты басқару мәселесі бойынша ылғи даулар туып жүрді.

Ұрыстық тәртіптің басқа элементтері жайлы араб дереккөздерінде әскердің басты күшінің (Авангард) алдында – йаравул, ұрыстық сызықтың артында басты күшті тылдан қорғауға арналған чагдаул, авангардтың алдында жүрген күзетшілік отряд-қарауыл, арнайы мәні бар жеңіл атты әскердің бірінші тобы-ильгар және резервті отряд – кумек туралы айтылады.

Курук/курик атты дәстүрлі әскери шеруден өткеннен кейін жоғары бас қолбасшының жанында машварат делінетін әскери кеңес жиналды. Жиналыста ұйымдастырылып жатқан жорықтың мақсат- міндеттері, жол бағыты қарастырылып, шайқас кезінде ұрыс қимылдарын бағыттаудың жолдары мен тәсілдері нақтыланды. Жау күштерін олардың жеңілісінен кейін толықтай жою жоспарлары да қаралды [3,190-191бб].

Әскери жорық немесе марштың үстінде әскери бөлімшелердің салтанатты байқауы өтеді. Шыңғысханның заңдары бойынша оны ханның өзі жүргізуі қажет еді. Байқау әскери инспекция сияқты болды, оның барысында әскердің жалпы саны,жауынгерлердің жабдықталуы тексерілді. Байқау өтетін жерде барлық әскердің алдында бунчуктердің арбау дәсүрлері көрсетілді. Байқау дауылпаз бен әскери ұранмен аяқталды. Ұрыс басталмас бұрын таваджи моғолда да әскердің байқауы өтітін болды. Таваджи есептеп, бахчылар оны жазды.

Ру-тайпалық әскерді қару-жарақпен қамтамасыз ету әскер басыларының негізгі міндеті болды.Оны хан өзі шайқас алдында қатал тексеріп, тиісті бағасын берген. Әрбір жауынгер аттың үстінде және қаруымен болуы қажет еді. Түркі жауынгерлері садақ, айбалта, қылыш, қанжар, ұрыс балтасы, қолшоқпар, дулыға, қалқан және жауды аттан құлатуға арналған ұшында қармағы бар найзалармен қаруланды. Найзалар ұрыстың басында орта қашықтықта ұрыс жүргізу үшін, садақ, айбалта, қылыш, қанжар, ұрыс балтасы, қолшоқпар-жақын ұрыс, садақ пен жебе - алыс қашықтықта ұрыс жүргізу үшін қолданылды.

Әскери реформа бойынша әскери күштерді құрудың бірыңғай тәртібі белгіленді. Әрбір ру басшысы- оның қарамағында бар адамдарды, белгілі бір көлемде қаруланған салт аттыларды әскерге жіберуге міндетті болды (ат әскері, қару жарақ). Жинау мен шоғырлану кезінде жауынгер-моғолдар әскердің жиналу орнына 2 ат және жеке ұрыстық жабдығымен бірге келуге міндетті болды. Қызметке келгенде жауынгер жоғарыда көрсетілген қарудың кемінде үш түрін алып келуі қажет еді.

Моғолстан моғолдарының негізгі қаруы қылыш пен садақ болды. Басқа түрлерінен: шашпур, шоқпар, айбалта (табарзин), ұрыс балтасы, найза кездеседі. Моғолдардың әскери топтарының белгілі бір түрімен ғана қарулану жайлы мәліметті біз М.Х. Дулати жазбаларында кездестіреміз. Садақшылар, қоршау артиллериясы, жаяу әскер, қоршау қарулары да кездеседі. Реформа бойынша әскерде оқ ататын қарудың жан-жақты таралуы енгізілді, «оқ атқыш» отрядтары пайда болды, олар тұрақты армияның бастауы еді. Олардың арасынан Кашмир патшаның жеке күзеті таңдап алынды. Оқ атқыштардың жақсы қаруланған және тәртіпті жасағы Ұлы Моғол мемлекеті әскерін жасауда үлкен септігін тигізді. Оқ ататын қару ХҮІ ғасырда пайда болды, олар қазақ хандығына көршілері немесе сауда және айырбас, жауынгерлердің олжасы, қару жасағыш шеберлердің негізінде қазақстанға кірді. Жауынгерлерді қорғау үшін былғары, қабыршақты сауыт (темір пластиналары тігілген былғары сауыт) қолданылды. Жауынгерлік сауыттардан қалқан, дулыға, берен және екі қабатты қалмақ сауыты (джибе) қолданылды [2,368б].

Моғолдардың әскери жабдығының міндетті бұйымы дыбыс сигналдық құралдар, ұрыс дауылпазы, дүрбі, литавры, керней және т.б. Олар тек жауынгерлік рухты көтеріп қоймай, әскери белгінің қызметін де атқарды.

ХҮІ ғасырда түркілердің күшті қоршау және лақтыру қарулары, зеңбіректері (артиллерия) болды. Зеңбірек шеберлері де бар еді. Олар терісоқпанды және иір ойықты қаруларды құя білді. Сол кезде артиллериялық қаруларды шығаратын зеңбірек шеберханалары көбейе бастады. Балқытушылар, дәнекерлеушілер, ұсталар, балташылар, қосалқы бөлімше қызметкерлері, оның ішінде шет елдерден келген келімсектер де жұмыс істеді.

Дулатидің кезінде, түрік, қазақ ерлері өз ауылынан шыққанда өзімен бірге садақ, жебе мен қылыш асынған. Қару алып жүру әрбір түркі-қазақтың заңды құқығы ғана емес, міндеті де болып табылды; сұлтандар мен ру ақсақалдары ұйымдастырған құрылтайларда ер адам қарумен келуге міндетті болды. Егер қайсыбіреу қарусыз келсе, ол дауыс құқығынан айрылып, жасынан кіші адамдардың оған деген құрметі азайып, оған орын бермеуге құқылы болды. Қазақтар барлық түркі халықтары сияқты ердің бойындағы ерлікті, батырлықты, әскери-техникалық жағынан алғанда қару-жарақты құрметтеді.

Қорыта айтар болсақ, М.Х.Дулати заманындағы түрік-моғол халқының әскери өнерінің дамуы бірнеше ұрпаққа үлгі болып қалды.


Әдебиет


  1. Кляшторный С.Г. Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. Алматы, 1992, 339 б.

  2. Дулати М.Х. «Тарих-и Рашиди». Алматы, 2003.

  3. Полякова. В.Т. М.Х.Дулати - сын великого Турана. Тараз, 2003.

  4. Абусеитова М.Х., Абылхожин Ж.Б., История Казахстана и Центральнй Азии, Алматы, 2001.

  5. Аманжолов К.Р. Түркі халықтарының тарихы. Алматы, 2002.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет