Әож 936. Орыс билігінің Жетісуға енуі және жетісу қазақтарының азаттық қозғалысы



жүктеу 106.29 Kb.
Дата11.04.2019
өлшемі106.29 Kb.

ӘОЖ 936.
Орыс билігінің Жетісуға енуі және жетісу қазақтарының азаттық қозғалысы
Акылбеков Р., Қожамжарова Д.П.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ.
ХІХ ғасырдың 60 жылдарында Жетісуды өзіне бағындырған патша өкіметі өлке халқына жаңа сот әкімшілік ережесін енгізеді. Бұл ережеге бойынша талан-тараж, барымта, кісі өлтіру секілді ірі қылмыстар билерден алынып орыс сотының қарауына берілді 1, с.52.

Сонымен қатар Ресейлік соттық билікті енгізуге тырысқан патша әкімшілігі Ұлы жүз қазақтарының арасында ғасырлар бойы қалыптасқан билер сотының байланыстарын жоюға кірісіп, оларды орыс әкімшілігіне тәуелді ете бастайды. Мысалы, Тіленші Балпықов деген би орыс әкімдеріне былай деп шағымданады: «Біздің заңымыз бойынша жалайырлардың биі Айдар Сүйіндіков менің адамымның қолын сындырғаны үшін, маған жартылай құн төлеуі керек. Сондықтан менің өтінерім, аға сұлтан Сүйік Абылайханов менің арызымды қанағаттандырса екен» 2, 9 п.

Ғасырлар бойы қалыптасқан жүйелі билер сотына шектеу және оны орыс әскери әкімшілігінң бақылауына беруі өлкеде шексіз озбырлық, заңсыздық пен пара алушылық кең қанат жайып, қазақтардың құқығы көпе-көрнеу аяққа тапталды. Атап айтқанда, Алтын Емел пикетінің бастығы Мамырхан сұлтанның баласы Сұлтанғазыдан 3 түйе, 1 сиыр, 3 қой және 15 лақты ұрлап алып, оны наймандардан көрген, ал қоңыр бөріктілердің бір ауылынан жақын келіп қоныстанғаны үшін 10 қой заңсыз салық алған 3, 1 п.

Сондай-ақ Кіші және Үлкен Алматы станицалары, Қастек және Іле бекіністері, Қаскелең қонысы және Шеңгелді пикетінің бастықтары пішен шабындықтарын бүлдірдіңдер деген сылтаумен маңайында отырған қазақ ауылдарына тыныштық бермей, Тезек және Мамырхан сұлтандардың ауылдарын пикет маңынан қуып жіберген. Жергілікті орыс әкімшілігінің шенеуніктернің шектен шыққандығы соншалықты өлкеде орналасқан әскердің аттарына беретін пішенді 2 жыл бойы қазақтарға тегін шаптырғанған 4, 69-72 п.

Тіпті кейбір кіші орыс шенеуніктері өзеннің арғы бетіне өткен әр қазақтан 1 қойдан алса, Туғанбай бидің баласынан малын көп деген сылтаумен 40 қойы мен бірнеше жылқысын заңсыз тартып алған 5, 12 п.

Ал Мөңке Бектібаев деген қазақтан шенеуніктер малын пикет маңында ағып жатқан суғарғаны үшін 2 шапан, 3 қой, келесі күні тағы да 1 кілем мен 1 қойын алып, аттың күміс жүгенін беруін талап еткен. Бектібаев күміс жүгенді беруден бас тартқан кезде, одан пішенді таптадың деген сылтаумен түйесін тартып алған 6, 6 п.

Өлкедегі орыс әкімшілігінің жергілікті халыққа жасаған қысымы күшті болғаны соншалықты округ бастығы Колпаковский шенеуніктерге қатаң шаралар қолдануға мәжбүр болып, кейбіреулерін қызметінен алып, Омбыға қуып та жібереді 7, 5 п.

Алатау округының бастығы Г.А.Колпаковскийдің өзі де Жетісуда Ресей билігін орнатуда және оның отаршылдық саясатын жүзеге асыруда жергілікті халықты қатаң жазалауға дейін барған. Оның аға сұлтандарға жіберген ескертуінде: «Мен сендерге бұйырамын, қазақтардың қару ұстап жүруіне тиым салыңдар. Егер кім де кім қарумен ұсталса, сол жазаға тартылады. Қазіргі уақытта бүкіл Алатау дуандығы әскери жағдайда тұрғандықтан, қазақтар өкіметке қарсы қылмыстар мен опасыздықтар жасайтын болса, онда олардың ісі ерекше әскери сотқа беріліп, табан астында атылады» делінген 8, 11 п. Әсіресе ол Шапырашты руларының қоқандықтарға қосылып Іле көпірі мен орыстардың станицаларына шабуыл жасап, шөптерін өртеп жібергенін кешірмей шапыраштылардың биі Нұрбота мен Сұраншы батырға былай деп хат жазады: «Шапырашты халқының қоқандықтармен байланыс жасауы өкінішті-ақ, бірақ олар сол үшін жазасын тартады» 8, 3 п.

Сонымен қатар Колпаковский Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың арасында орыс билігін баянды ету үшін небір айла-амалдарға барады. Мәселен ол солты руының манабы Жәңгір Исходжинге былай деп ескерту жасайды: «Саған және сенің руластарыңа үйлерінен шықпау туралы бұйрық беремін. Менің бұйрығымның орындалуы үшін сенің бауырың мен ұлың Пішкекті қиратқанша бізде кепілдікте ұсталады. Егер де сенің қырғыздарың қарумен бізге қарсы шығатын болса, онда сенің бауырың мен ұлың дарға асылады» 9, 47 п. Ол жергілікті халыққа ескерту жасап, олардан аманат алып қана қоймай орыс билігіне қарсы шыққан руларды жаппай қырғынға ұшыратуда іспен де көрсете алған. Мысалы старшина Бутаков бастаған 200 казакты қоқандықтарға қосылып кетеді деген қауіппен солты, бөлекпеш, корчи, кокуши, шайтек, байсенды және тағы басқа қырғыз руларының ауылдарына шауып келуге жұмсауы осыған дәлел бола алады 10, 2 п.

Колпаковскийде тым шектен шығып, халыққа аса ауыр зомбылықтар жасаған. Оның қатыгездікке барғаны соншалықты казактардың қырғыздардың ауылына жасаған келесі бір жорығынан кейін ол қырғыздарды біржола қазақтардың қас дұшпанына айналдыруды көздеп, қолға түскен қырғыздың әйелдері мен балаларын жазалауға қатысқан қазақтарға олжа ретінде «сыйға» тартады. Алайда Колпаковскийдің адмагершілікке тән келмейтін осы жабайлылық әрекетін Батыс Сібір генерал-губернаторының өзі оны құптамай, оған сөгіс беріліп, «олжаға» түскен әйелдер мен балаларды қайтадан туысқан қырғыз руларына қайтарып бергізеді 11, 3 п.

Дегенмен Колпаковскийдің Жетісуда Ресей билігін жүргізудегі «ерекше қызметі» Батыс Сібір генерал-губернаторының көңілінен шыққан. Колпаковскийдің патша билігінің орнауы қарсаңындағы Жетісу өлкесінде белең алып, күнделікті дағдыға айналған қазақ-қырғыз руларының арасындағы барымта, жер дауы, жесір дауы, руаралық жанжалдар және тағы басқа келеңсіз жағдайларға кең түрде араласуы, оның «шеберлік» қасиетін көрсетті. Мұрағат деректері осы көрсетілген жағдайларды дәлелдейді. Соның бірнешеуіне назар аударсақ. Біріншісі, Аблез сұлтанның Копаковскийге жазған хатында былай делінген: «Мен қырғыздарға 200 жігітімді барымтаға жіберген едім. Олар біраз малды олжалап аман-есен кейін қайтты. Сұлтанбектің ұлы Қотан 200 жылқына айдап кеткен еді, бірақ ботпайлар қайтарып ала алды» 12, 62 п. Яғни, Колпаковскийдің бұйрығы бойынша қимылдаған Аблез сұлтан Ресейге бағынғысы келмеген қазақтың рулары мен қырғыз руларына барымталар жасап, мазаларын келтірген.

Екіншісіне, қырғыздардың мына шағым хаты мысал бола алады, онда «Орыс бастығына құрметті қырғыздар Жанғараш, Сұлтанай, Байтық, Құршыдан. Орыс бастығы бұйырыпты, екі аяқтыға сауда жоқ, төрт аяқтыға қайту жоқ. Содан бастап Күнту 200 жылқы, одан кейін Қашай 250 жылқы айдап кетсе, астық жинап жатқанда қашқарау Қышан 300 жылқы айдап, 40 егіншіні өзімен бірге алып кетіп, құлдыққа сатып жіберген. Сұлтанай 750 жылқыны айдап бара жатқанда тұтқынға түседі. Сол кезде Сіз хат жазғаннан кейін, оны жолдастарымен босатып жіберіп, енді тыныштық орнайтын шығар десек, артынша Әділ мен Қазыбек келіп 250 жылқымызды, Ақтыбай мен Нұрбай 80 жылқымызды айдап кетті» 12, 10 п.

Ал мына бір келесі құжатта Колпаковскийді айдап салуымен барымтаға барған қазақтардан ығыры шыққан қырғыздар жауап ретінде барымтаға шығып, қазақтардың малдарын олжалап, адамдарын тұтқынға алып кетеді. Осыған байланысты Колпаковский Сұраншыға былай деп хат жазады: «Сіздің сарыбағыштардың тұтқынында жатқан туыстарыңыз Шынасыл мен Сыпатайды және олжаланған малдарыңды қайтару туралы қатал түрде манаптары Әділге хат жаздым. Оған дейін Аблез келсе, Сарыбай және Базарбек бәрің жиналасыңдар, сол жерде жағдайға қарай манап Әділден қалай есеп айырысу керек жөнінде нұсқау беремін» 12, 19 п. Құжатта көрсеілгендей Колпаковский қырғыз билеушілерін қорқытып, қазақтарға адамдары мен малдарын қайтарып бергізеді де, қазақтарды қайтадан барымтаға аттандырады.

Батыс Сібірдің генерал - губернаторлары да Колпаковский басқарған Жетісудағы патша әскери әкімшілігінің шектен шыққан іс-қимылдарына қолдау көрсетіп қана қоймай, Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздарды қатаң түрде қадағалауды және мүмкіндік болса бір-біріне айдап салу туралы қайта-қайта нұсқаулар берген. Бұл нұсқаулардың бірнешеуін мұрағат құжаттары негізінде көрсететін болсақ, онда былай делінген: «Герасим Алексеевич, өкінішті-ақ, Сіздің Диқанбай, Андас және Әшекейлерді тез-ақ босатып жібергеніңіз. Оларды әлі де тұтқында ұстау керек еді. Амал қанша, болар іс болды. Ендігі Сізге берер ақылым, бұл көшпенділердің сыртынан аңду қиын болса да, қатаң бақылауға алыңыз» 13, 43 п.

Сондай-ақ Батыс Сібір генерал-губернаторының патша билігіне қауіп төндіруі мүмкін-ау деген қазақ билеушілерінің билігіне шектеу қою керек екенін ескерткенін мына бір нұсқауынан байқауға болады: «Қазақтарға қатал шара қолдану қажет. Бұл тайпалар жақсылық жасағанды түсінбейді. Бүлікті бастап жүрген де, бүлікшілердің басында тұрған да сұлтан Әли. Оны әлдеқашан тұтқындау керек еді. Қазір уақыт өткізіп алғандықтан, тек кінәсі барларды ғана тұтқындап, Әли сұлтанға уақытша тиіспей, әр басқан ізін аңдыңыз. Бақтайыр қауіпті болса, оны Верныйға шақырып алып тұтқындауыңызға болады. Тазабекті де тұтқындауыңызға болады, егер ол қауіпті және опасыз болса. Қамбар мен Тіленшіге келгенде өте сақ болыңыз. Өйткені, жалайырлар әлі сыр берген жоқ. Егер олар да сенімсіз болып, тұтқындау қажет болса, онда подполковник Гриненко екеулеріңіз келісіңіздер. Орта жүз бен жалайырлар арасындағы қырқысты қайта тудыру үшін, Орта жүзден екі делдал шығып, жалайырлармен жанжалдассын. Талас-тартыс басталған кезде, оларды Орта жүзбен келіссөз жүргізесіңдер деп Қапалға шақырып алып, сол жерде тұтқындаңдар. Бұл жабайы жалайырларды билікте ұстау үшін, оларды үнемі өзара жанжалдастырып отыру керек. Олардың өзара араздығы біздің күшімізді күшейте түседі. Дулаттар мен бұғылардың арасындағы ертеден келе жатқан дауларды да қоздырсақ, бізге пайдалы болатын еді. Казактарға опасыздарды жазалағаннан кейін, олардың ауылдарын тонауға мүмкіндік беріңіз. Тегін олжа казактарды қызықтыра түседі» 13, 72 п.

Сібір әкімшілігі Колпаковскийге Әли сұлтанмен қатар Тезек сұлтанға да мұқият бақылау орнату керектігін көрсетеді. «Тезектің сыртынан мұқият бақылаңыз,– дейді Гасфорд,- мүмкін болса руластарының арасындағы беделін түсіріп, оған қарсы туысқандары мен төлеңгіттерін айдап салыңыз. Оның әрбір қимылын бақылап, маған хабарлап отырыңыз» 13, 18 п.

Батыс Сібір генерал-губернаторы аталған сұлтандарды қадағалаумен қатар оларды бір-біріне айдап салу қажеттігін де ұмытпайды. Оның Колпаковскийге берген №1655 нұсқауында: «Сіздің қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарына жүргізіп отырған саясатыңызға байланысты бір-екі нұсқау берсем деймін. Соңғы жағдайлар көрсеткендей, дулаттар сенімсіздік көрсетіп отыр. Оған басты кінәлі мұсылман фанатиктерінің Әли сұлтанға тигізген ықпалы, ал ол басқаларға таратуда. Сондықтан оның беделіне қарсы Тезектің беделін қойыңыз. Ол үшін Тезекті әр түрлі сылтаумен марапаттап, ерекше пейіл аударыңыз. Сол кезде Әли сұлтанда қызғаныш пайда болып, Тезек екеуінің арасында араздық туады. Жалпы алғанда Әли сұлтанға қарсы болғандарды қолдай беріңіз. Осындай мақсатпен дулаттармен болып жатқан дау-жанжалда бұғыларды қолдаңыз» 9, 110 п.

Келесі бір құжатта Батыс Сібір генерал-губернаторы Колпаковскийге қоқандықтармен байланыс жасап, орыс билігіне күдік келтірген қазақ билеушілері болса тез арада тұтқындауға бұйырады: «Мен алдында Сізге жазған едім, қазір де қайталаймын. Қоқандықтармен байланыста болған қазақтарды тауып, оларды күдік келтіргені үшін тұтқындап, басқаларман бірге Қапалға жөнелтіңіз. Сұраншыны экспедицияға баратын әскердің қатарында жүруге мәжбүрлеп, қырағы бақылауға алыңыз. Оның бауырын аманатқа алыңыз. Соған байланысты ол еш жаққа қашып кете алмайды. Қолдан келгенше Ұлы жүздің ру басшылары мен билерінің арасындағы алауыздықты қыздырыңыз. Сонда ғана біз сатқындарды таба аламыз» 9, 10 п.

1859 жылдың қарашасында осы нұсқаумен Қастек төңірегін шолуға барған Колпаковский Сұраншы батырмен жолығып, одан қоқандықтармен қатынасқа түскендерді сұраған кезде ол Шу жақтағы Қасқарау Керім би сияқты дулаттардың билері Пішпек төңірегінде көшіп-қонатындықтан қоқандықтардың көз алдында болып, бері қарай өтулері қиын, екіншіден, қыстың түсуі де таяп қалуынан, олардың, әсіресе, кедейлердің көтеріліп, көшуі қиын, сондықтан дулаттар орыс иелігіне көктемге қарай көшіп барады өз руластарын қорғап бағады. [14, 6-п.].

Қоқандықтардың жаңа шабуылына қарсы шаралар жасаған патша әкімшілігі «қазақтарды мейіріммен емес, қорқытып ұстаған жөн» деген Омбы шенеунігінің ұсынысына сай әрекет етеді [13, 48-49 пп].

Сібір әкімшілігінің нұсқауын Колпаковскийдің Ұлы жүздің аға сұлтандарына жіберген хатынан байқаймыз. Онда былай делінген: «Қоқандықтар биыл біздің иелікке келер алдында орыс билігіндегі сұлтандарға, билерге және қарапайым қазақтарға Ресей үкіметіне қарсы шығуы туралы өздерінің үндеулерін таратады. Бұл үндеулерге көптеген жеңілтек билеушілер мен қазақтар еріп, бізге қарсы шығып, өздерінің берген парыздарын бұзды. Бірақ орыс қаруының күшіне сенгендер де табылды. Алдағы уақытта қоқандықтар қайтадан келіп, өздерінің үндеулерін таратуы мүмкін. Егерде сол үндеулерді таратуға кімде-кім ықпал жасаса немесе сол үндеулерге кімде-кім еріп, орыс үкіметіне деген адалдығын бұзса, солар бүкіл руымен жазаланатын болады»[15, 115-116 пп].

Ұзынағаш шайқасы көрсеткендей Жетісу қазақтары мен қырғыздардың басым көпшілігі Қоқан хандығын қолдаған. Мысалы, шапырашты руынан шыққан Андас және Сұраншы батырлар, ботбай руының атақты адамдары Диқанбай мен Әлжан өз қаражаттарынан қоқандықтар жағына орыстарға қарсы шайқасқан еріктілердің жасақтарын ұйымдастырып қаруландырған. Олар Қапал бекінісін басып алып, қиратуға да ниеттенді 16, с.289-290. Шапыраштылар болса Қапал мен Верныйдың арасындағы байланысты үзбек болып, Іледегі көпірге шабуыл жасап, Іленің бойындағы орыстардың қоныстарын өртеп, көпетеген казактарды өлтіріп кетеді.

Шапыраштылардың осы әрекеті үшін Сібір әкімшілігі Колпаковскийге олардың бүкіл дүние-мүлкі мен малдарын тартып алып, олардың ең басты сұлтандары мен билерін жазаға тарту туралы нұсқау береді 13, 34 п. Осы нұсқауға қосымша жіберген Гасфордтың келесі бір нұсқауы орыстардың «бүлікшіл» қазақтарды жазалауда аяусыз қатыгездікке барғанын көрсетеді. Онда: «... алдыңдағы жүйені өзгерту қажет және станицалар мен әскери бөлімдерде казактардан әскери полициялар құрып, олар кез-келген қару ұстап жүрген қазақты жою керек. Іленің арғы бетіндегі бүкіл қазақтарға, әсіресе дулаттар, шапыраштылар мен қашқарауларға сатқындығы үшін Іле өлкесі бұдан былай әскери жағдайға келтірілгендігін жариялаңыз. Егер де қазақтар Ресей билігіне наразы болып, аздап болса да сатқындық жасайтын болса, онда оларды табан астында атып тастап, ауылдарын өртеп және дүние-мүліктері мен малдарын талаңыз. Осы шаралар арқылы біз олардың батылдығын басып, бізден сақтануға үйретеміз. Әсіресе, біздің иелігімізде көшіп жүрген дулаттарды үрейде ұстау керек. Сол үшін Надеждино қонысы мен Талғар және Есік өзендерінің бойына екі зеңбірегі бар бір жүздік казактарды қойыңыз. Жаңа Қаскелең станицасына қарай оңтүстік шығыста шапыраштылар мен сарыбағыштарды және Байсейіттің «қарақшыларын» жоятын мықты әскер ұстау қажет. Негізінде бұл жаққа қоқандықтар қазақтардың қолдауымен ғана келіп жүр. Казактар қазақтарды атқан кезде бірде-бір оғы босқа кетпесін» 13, 67-68 п.

Ұзынағаш соғысынан кейін шапырашты Сұраншы батырдың Байсейітке барып қосылуы орыстарды қатты састырған. Ол туралы Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфордтың Алатау дуандығының астығы Колпаковскийге жіберген нұсқауында былай дейді: «Біз енді прапорщик Сұраншыны ең қауіпті жау деп санауымыз қажет. Оның Байсейітпен байланысқа түсуі бізге көптеген қиыншылықтар әкелері сөзсіз. Сондықтан Сұраншыны кейін қайтаруға күш салыңыз» 17, 54 п.



Байсейіт пен Сұраншының бірге болуы орыстарға зор қауіп туғызары сөзсіз еді. Оған Сұраншының Тезек сұлтанды орыстардан бөлініп, бірге болайық деген хаты дәлел бола алады. Онда: «Егер де сіз қаласаңыз біз жаққа өтіңіз. Бәріміз бірге болайық. Сіздің бұл жақтағы қауіпсіздігіңізге біз толық жауап береміз» - делінген 17, 23 п. Алайда орыстардың Тезек сұлтанның сыртынан мықты бақылау қойылуы мен Байсейітті жалдамалы жансыздар арқылы өлтіруі Ұлы жүз қазақтарының патша өкіметіне қарсы қарсылығын бәсеңсітуге көмектеседі. Дегенмен, патша өкіметі Ұлы жүз қазақтарының наразылығын Орталық Азияны толық жаулап алғанға дейін тоқтата алмаған.
Әдебиеттер


  1. Крафт И.И. Судебная часть в Туркестанском крае и степных областях. Оренбург. 1898. - 214 с.

  2. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 333-іс.

  3. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 94-іс.

  4. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 141-іс.

  5. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 156-іс.

  6. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 514-іс.

  7. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 370-іс.

  8. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 402-іс.

  9. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 50-іс.

  10. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 188-іс.

  11. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 34-іс.

  12. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 491-іс.

  13. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 33-іс.

  14. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 47-іс.

  15. ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 28-іс.

  16. Пичугин П. Вторжение коканцев в Алатауский округ в 1860 году. //Военный сборник. СПб., 1872.

№ 5-6. С. 285-298.

  1. РФООММ. 366-қ., 1-т., 238-іс.

Каталог: rus -> all.doc -> sovremennost20 -> 1-tom
1-tom -> ӘОЖ: 338. 24 АумақТЫҚ экономикалық ЖҮйелердің БӘсекеге қабілеттілігін дамыту шарттары мен факторлары
1-tom -> Хіх ғасырдың ІІ жартысындағы жетісу өҢіріндегі жер мәселесі рүстемова М. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
1-tom -> Әож 936. 1917 жылдағы ақпан төнкерісі және сыр бойындағы жергілікті халықТЫҢ саяси-әлеуметтік жағдайы
1-tom -> Экоцид қылмысының ТҮсінігі тұрсынбаев М. Б., Жадраев И. К. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
1-tom -> ҚҰс атауларының СӨзжасамдық ҚҰрылымы, типтері мен үлгілері үсен Н. П. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
1-tom -> МоңҒол тілді аңыздар мен ауызша деректер көне түріктер мен қазақтар жайында ақылбеков Р. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
1-tom -> Интеллект психологиясы үсенова С. М., Абдыбаева Г. М. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
1-tom -> Қазақ халқының материалдық МӘдениетінің даму ерекшеліктері тәжібекова А. Б. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ
1-tom -> Әож 801. 311(5 Каз): 81'373. 611 Қазақстан топонимдерінің ҚҰрылымдық ЖҮйесі
1-tom -> ҚҰс атауларының семантикасы үсен Н. П. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет