Әож 94 (574. 1): 351. 755 «19» (043) Қолжазба құқығында аман әлібек бақытжанұЛЫ



жүктеу 434.23 Kb.
бет1/3
Дата24.12.2017
өлшемі434.23 Kb.
түріДиссертация
  1   2   3

ӘОЖ 94 (574.1):351.755 «19» (043) Қолжазба құқығында

АМАН ӘЛІБЕК БАҚЫТЖАНҰЛЫ


Батыс Қазақстанның ауыл халқы: тарихи-демографиялық аспект (ХХ ғасырдың 20-80 жылдары)

07.00.02.- Отан тарихы

(Қазақстан Респубикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Орал, 2009

Жұмыс М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасының тарихы кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Т.З.Рысбеков

Ресми оппонеттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Ауанасова А.М.


тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сәрсенов А.С.
Жетекші ұйым: Әл – Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасы

Диссертация 2009 жылы 30 маусым күні сағат 14.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162) жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасынан танысуға болады.
Автореферат 2009 жылы 30 мамырда таратылды.

Диссертациялық Кеңестің

ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы Б.Г. Шинтемирова



КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде елдегі қалыптасқан демографиялық ахуалға орай тарихи-демографиялық мазмұндағы зерттеу жұмыстарының маңызы арта түсті. Ел президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан-2030» атты халыққа жолдауында еліміздің демографиялық даму мәселелеріне баса назар аудара отырып «ұлттық қауіпсіздік басымдықтарының деңгейіне мықты демографиялық және көші-қон саясаты шығарылуы тиіс»,-деп еліміздің демографиялық және көші-қон саясатын жетекші басымдықтар қатарына жатқызады [1, 41 б.].

Қазіргі кезеңдегі еліміздің демографиялық даму жағдайы өткен тарихымызбен тығыз байланысты. Себебі әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуымыз секілді этнодемографиялық даму тарихымызда бір-бірімен сабақтас. Халықтың сандық өсімі, табиғи және механикалық өсімі, ұлттық, әлеуметтік құрамы мен жыныстық-жастық құрылымындағы өзгерістер тарихы бір-бірімен тығыз байланысты, әрі сабақтас. Сондықтан да қазіргі таңдағы демографиялық ахуалды талдау, осыған орай демографиялық дамуды бағдарлау міндетті түрде өткен тарихты білуді, терең де жан-жақты саралап, зерттеуді қажет етеді. ХХ ғасыр ішінде Батыс Қазақстан халқы күрделі демографиялық дамуды өткерді. Оның ішінде кеңестік кезеңдегі барлық әлеуметтікэкономикалық және саяси өмірдегі түбегейлі өзгерістер халықтың ұлттық, әлеуметтік, сондай-ақ жыныстық-жастық құрылымының өзгерістеріне әкелді. Міне осыған орай ХХ ғасырдың 20-80 жылдарындағы демографиялық даму тарихымызды кезең-кезеңге бөле отырып, аймақтық негізде зерттеудің қажеттілігі туындайды.

Төңкерістен кейінгі кезеңдерде аймақ ауыл халқы орасан зор демографиялық апаттарды бастан кешірді. Алдымен 1921-1922 жылдардағы ашаршылық республиканың батыс өңірін қамтып, үлкен демографиялық апатқа әкелді. 1920-жылдардың аяғы мен 1930-жылдары өлкеде жүргізілген саяси – экономикалық сипаттағы науқандардың ашаршылық, жаппай үдере көшу, көтерілістер және халық санының азаюы сияқты теріс салдары болды. 1926-1939 жылдардағы екі санақ аралығында аймақ ауыл халқы орасан зор шығынға ұшырады. Әсіресе қазақ халқы қатты зардап шегіп, үлес салмағы барлық халық санының жартысынан сәл ғана асты. Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандағы шығын мен тылдағы өлім-жітім салдарынан халықтың табиғи өсімі төмендеп, жалпы саны азайды. Сонымен бір мезгілде республикаға депортацияланған және эвакуацияланған халықтардың көшірілуі бұл өңірде тағы да өзге ұлт өкілдері санының артуына әкелді. Аймақ ауыл халқының этнодемографиялық даму жағдайы соғыстан кейінгі жылдары ғана тұрақталды. Соғыстан кейінгі жылдары қалпына келген табиғи өсім, 1960-жылдардың ортасына дейін қарқынмен жүргенімен кейін бәсеңдей бастады. Сондай-ақ халықтың жыныстық-жастық құрылымында ерлер үлесі әйелдер үлесімен теңесті. Сонымен қатар бұл кезеңдегі табиғи өсім нәтижесінде қазақ халқының саны мен үлес салмағы ұлғайды.

Міне, осылайша аймақтың демографиялық дамуының өткен тарихи белестері ХХ ғасырдың 20-80 жылдарындағы тарихымызды жан-жақты зерттеу, ғылыми талдау, объективті баға беру және осы негізде алдағы демографиялық саясатымызға қатысты тұжырымдар мен ұсыныстар жасауды қажет ете отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналмақ.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстан халқының этнодемографиялық даму тарихына қатысты көптеген зерттеу жұмыстарын атап көрсетуге болады. Қазақстанның тарихи-демографиялық мәселелеріне қатысты еңбектерден алдымен А.Н.Доничтың зерттеуін атауға болады. 1926 жылғы бірінші бүкілодақтық санаққа арналған мақаласында автор Қазақстандағы халық санын 6 507 077 адам деп көрсете отырып, санақпен барлық халықтың толық қамтылмағандығын атап өтеді. Жалпы Қазақстан бойынша басым ұлттардан қазақтар 57,4 %, орыстар 19,8 %, украиндар 13,2 % деп көрсетеді. Сонымен бірге 1924-1927 жылдардағы республикадағы ауыл халқының табиғи өсімін қарастырған Н.Д.Трублевичтің мақаласында автор ауыл халқының табиғи өсімі 1924 жылы 21,8, 1925 жылы 23,5, 1926 жылы 25, 1927 жылы 27,6 промиль болғанын көрсетіп, оның ұлттар бойынша ерекшеліктерін сипаттайды. 1920 жж. халықтың этникалық құрамы мен саны туралы мәселелерге көңіл бөлген еңбектердің бірі М.Тынышбаевтың еңбегі. Автор еңбекте қазақ этногенезінің, қазақ жүздерінің шығу тарихын айта келіп, 1917 жылғы қазақ халқының саны туралы мәлімет келтіреді [2].

Қазақстанның демографиялық тарихына байланысты зерттеу жұмыстары 1960-1980 жылдары Н.Б.Бекмаханова, Ф.Н.Базанова, А.Б.Галиев, Н.В.Алексеенко еңбектерімен толыға түсті. Тарихшы-демографтар ғылыми айналымға көптеген статистикалық материалдарды, мұрағат деректерін енгізе отырып, халықтың демографиялық дамуы, табиғи, механикалық өсім, ұлттық, әлеуметтік құрамның өзгерістерін қарастырды [3].

Мәселен, Н.Е.Бекмаханованың зерттеулері XVIII ғасырдың ортасынан 1917 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Еңбекте халықтың табиғи және механикалық өсімі, қоныстандыру қозғалысы және аталған кезеңдегі Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері зерттеледі. Ф.Н.Базанова кеңестік кезеңдегі Қазақстан халқы құрылымының қалыптасуы және дамуы мәселелерін қарастыра отырып, 1920-1930 жылдардағы индустриялық даму көп ұлтты халықтың қалыптасуына ықпал етті деп көрсетеді. Өзге ұлт өкілдерінің ұлғаюы есебінен жергілікті халықтың үлесі қысқарып, әр қалай себептермен еліміздің басқа аудандарына көшкен қазақтардың үлес салмағы азайды, деп 1930-жылдардағы нәубетті айналып өтеді. Одан әрі 1960-1970 жж. көші - қон үдерістері барысында Маңғышылақты игеруге 12 одақтас, 11 автономиялы республиканың және 4 автономиялық облыстың өкілдері қатысып, Маңғышылақ халқының қозғалысы орта есеппен 70 %-ке ұлғайды,-деп көрсетеді. Ал А.Б. Галиев өз зерттеуінде 1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағы материалдары, мұрағаттық және ғылыми зерттеулердің негізінде қазақтар мен орыстардың жыныстық-жастық құрылымына, қазақтардың жанұялық құрылымына, халықтың орналасу географиясына, оның әлеуметтік және кәсіби құрамына талдау жасайды. Зерттеуші ғалым Н.В. Алексеенко өз еңбегінде Қазақстанның тарихи демографиясының маңызды кезеңдерінің бірін қарастыра отырып, көптеген деректер негізінде төңкеріске дейінгі қазақтардың, орыстардың және басқа ұлт өкілдерінің сандық динамкасына тоқталады.

1980-жылдардың аяғы мен 1990-жылдардың басындағы тарихи-демографиялық мазмұндағы еңбектерде Қазақстан халқының нәубет жылдарындағы шығыны, оның себеп-салдары туралы мәселелер көтерілді. Бұлардың қатарына М.Қ.Қозыбаев, М.Х.Асылбеков, Ж.Б.Абылхожин, М.Б. Тәтімов, М.Н.Сдыков, В.В.Козина, А.Н.Алексеенконың еңбектерін жатқызуға болады [4].

1931-1933 жылдардағы ашаршылық, күштеп ұжымдастыру және оның демографиялық дамуға тигізген кері салдары М.Б.Тәтімов, Ж.Б.Абылхожин, М.Қ.Қозыбаевтардың бірігіп жазған мақаласында көтеріледі. Сол сияқты 1930-жылдардың басындағы нәубет барысында азайған халық саны туралы мәліметті алғашқылардың бірі болып М.Тәтімов өз еңбектерінің бірінде көрсетеді. Автор 1926 және 1939 жылдардағы санақ мәліметтерін салыстыра отырып, байырғы халықтың шығыны 2 млн. 635 мың адам деп көрсетеді. А.Н.Алексеенконың еңбектерінде ХХ ғасырдың 20-90 жж. республикадағы халықтың сандық өсмі мен ұлттық құрамы, қала мен ауыл халқының орналасуы, табиғи өсім және т.б. мәселелер жан-жақты көтеріледі. Ал М.Х.Асылбеков пен В.В.Козинаның еңбектерінде 1980-жылдардың аяғы мен 1990-жылдардың бірінші жартысындағы республика халқы санының өзгерісі, ұлттық, жыныстық-жастық құрамы туралы мәселелер талданады. М.Х.Асылбеков пен А.И.Құдайбергеновалардың еңбектерінде 1939-1959 жылдардағы Қазақстан халқының саны мен құрамындағы өзгерістер, халықтың табиғи, механикалық өсімі, халықтың ұлттық және әлеуметтік құрамындағы өзгерістер жан-жақты пайымдалған. Батыс Қазақстан аймағының этнодемографиялық дамуына арналған М.Н.Сдыковтың еңбектерінде XVIII ғасырдан бастап қазіргі кезеңге дейінгі аймақ халқының қалыптасуы мен дамуына, сандық өсімі, ұлттық, әлеуметтік құрамының өзгерісіне, табиғи және механикалық өсіміне сипаттама беріледі.

Батыс Қазақстан аймағының әлеуметтік – экономикалық және саяси тарихына арналған еңбектер ішінде Т.З. Рысбековтың, Б.Қ. Бірімжаровтың, И.Кенжалиевтің, Е.И.Медеубаевтің, Б.А.Мусаевтың еңбектерін атауға болады [5].

Т.З.Рысбеков еңбектерінің бірінде Батыс Қазақстандағы ашаршылық, ауа көшу, халық санының азаюына әкелген күштеп ұжымдастыруға қарсы халық наразылықтарының бірі Жаңақала көтерілісі туралы баяндалады. Сондай-ақ еңбекте ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Батыс Қазақстанның халқы, орналасуы және рулық құрамы туралы мәліметтер де келтіріледі. Б.Қ.Бірімжаров еңбектері Батыс Қазақстанның ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы әлеуметтік-экономикалық, саяси және ұлттық – этникалық тарихына және 1960-1980 жылдардағы Батыс Қазақстанның ауыл-селоларының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелеріне арналады. Төңкерістен кейінгі жылдардағы Батыс Қазақстан тарихы, Бөкей ордасының тарихына арналған екі кітаптан тұратын И.Кенжалиевтың еңбектерін атап өтуге болады. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық негізінен Батыс губернияларды қамтып, демографиялық шығынға әкелгені белгілі. Аталмыш мәселеге қатысты Б.А.Мусаевтың еңбегінде 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық, оның негізгі себептері, қамтыған ауқымы және оның әлеуметтік-демографиялық салдары қарастырылады. Сонымен бірге 1921-1922 жылдардағы ашаршылық зерттеуші Е.И.Медеубаевтың да еңбегінде талданады. 1918-1921 жылдардағы үш жылдық шаруашылық эксперименттердің басты, әрі қайғылы салдары бұл 1921 жылдың көктеміндегі қуаңшылықтың артын ала келген ашаршылық деп көрсетеді.

Қазақстан халқы, сондай-ақ Батыс Қазақстан өңірі халқының тарихына қатысты тарихи-демографиялық мазмұндағы көптеген диссертациялық жұмыстарды да атап өтуге болады. Оның ішінде, республика халқының демографиялық даму мәселелеріне қатысты В.В.Козина, А.Уржанов, А.И.Құдайбергенова, Н.З.Тәкіжбаева, К.А.Досекеева зерттеулерінің маңызы зор [6]. Республика ауыл халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына арналған Н.З.Тәкіжбаеваның зерттеуінде халықтың ұлттық құрамының еңбекте әр түрлі қалыптасқанына көңіл бөліне отырып, ауыл шаруашылығындағы еңбек етушілердің негізгі бөлігі қазақтар екендігін атап көрсетеді. Қазақстан ауыл-село халқының этнодемографиялық және әлеуметтік даму мәселелеріне арналған К.А. Досекееваның жұмысында 1939-1979 жылдардағы Қазақстан ауыл-село халқының саны мен құрамындағы өзгерістерді аталмыш кезеңдегі тарихи оқиғалар негізінде қарастыра отырып, ауыл-село халқының әлеуметтік – мәдени дамуының мәселелері, халықтың жағдайы мемлекеттің әлеуметтік саясатына тікелей байланысты болады деп көрсетеді.

Сонымен қатар кеңестік кезеңдегі Қазақстандағы көші-қон үдерістері мен оның салдары, республикаға көшірілген халықтар, ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері Ш.Т.Нұрман, Қ.М.Еримбетова, Б.Р.Найманбаев,Қ.К.Қожаханова, А.С.Абдирайымова, Ж.У.Қыдыралина еңбектерінде көрініс табады [7].

Батыс Қазақстан аймағының демографиялық тарихына қатысты бірқатар диссертациялық жұмыстар бар. Оның ішінде К.С.Нұрғалымова, Л.Е.Урдабаева, А.Ш.Журасова зерттеулері аймақтың жекелеген қалаларының тарихына, А.М.Балықованың диссертациясы аймақ қала халқының әлеуметтік-демографиялық даму мәселесіне арналады. А.И.Қаржаубаеваның зерттеуінде аймақтағы көші-қон үдерістерінің ролі зерделенеді. С.О.Қуаныш, О.Д.Табылдиева еңбектері Каспий аймағындағы әлеуметтік-экономикалық, саяси және демографиялық мәселелерді қамтиды[8].

Сонымен зерттеу еңбектері мен диссертациялық жұмыстарды талдай келе Батыс Қазақстан аймағы ауыл халқының тарихи-демографиялық мәселелері толықтай дерлік жеке талданып зерттеуді қажет ететіндігін көреміз.

Зерттеудің деректік негіздері. Батыс Қазақстан ауыл халқының демографиялық дамуын зерттеу көптеген тарихи деректерге, статистикалық материалдарға тоқталуды және оларға талдау жасауды қажет етеді.

Зерттеу жұмысымыздағы басты деректердің бірі халық санақтарының материалдары. Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңде жүргізілген халық санақтары ішінде 1926, 1937, 1939 жылдардағы бүкілодақтық халық санақтарының өзіндік орны болды. 1920-1930 жылдардағы халық санындағы өзгерістерді талдауда аталмыш халық санақтарына сүйенеміз [9].

XX ғасырдың 50-80 жылдарындағы Батыс Қазақстан ауыл халқының демографиялық даму тарихы 1959, 1970, 1979 және 1989 жж. жүргізілген бүкілодақтық халық санақтары материалдарына негізделді. 1959-1989 жылдардағы бүкілодақтық санақ материалдарындағы халықтың саны, ұлттық, әлеуметтік құрамы, жыныстық – жастық құрылымына байланысты статистикалық мәліметтер диссертациялық жұмысымызда кеңінен қолданыс тапты [10].

Зерттеу жұмыстарында пайдаланылған деректердің екінші бір тобы статистикалық материалдар, құжаттар жинағы болып келеді. Кеңестік статистика 1920 жж. басында бірнеше статистикалық жинақтар мен анықтамалықтар шығарды. Олардың бірі 1920 жылғы және одан кейінгі санақ материалдары негізінде қала мен ауыл халқының құрамына, қозғалысы мен санына, жыныстық – жастық және ұлттық құрылымына қысқаша сипаттама беретін статистикалық материал. Сол сияқты 1880-1922 жж. республика бойынша халық санының, мал мен егін көлемінің қозғалысы туралы статистикалық мәліметтердің жинағы. Сондай-ақ 1923 жылғы ауыл шаруашылығы санағының материалдары. Статистикалық мәліметтерге демографиялық жылнамалықтарды да жатқызуға болады. 1989 жылы жарық көрген Қазақ КСР-ның демографиялық жылнамалығында 1959-1989 жж. аралығындағы Қазақстанның қала мен ауыл халқының саны жинақталып көрсетіледі [11].

Сонымен қатар зерттеу жұмысымызға кеңестік кезеңдегі үкіметтің қаулы-қарарлары мен шешімдері, әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерге қатысты 1950-1980 жылдардағы КСРО және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулылар жинағы, сондай-ақ КОКП съездерінің материалдары да пайдаланылды.

Деректердің келесі тобы және диссертациялық жұмысқа кеңінен қолданылған материалдардың бірі мұрағат құжаттары. Олар Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты және Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағат қорларының деректері.

Атап айтқанда Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатындағы Кеңестік кезеңге жататын құжаттардан Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Мемлекеттік Жоспарлау Комиссиясының құжаттары жинақталған № 962 қордың №11, №14, №17 тізбелерінен республика халқының саны, қозғалысы туралы мәліметтер алынып зерттеу жұмысына пайдаланылды. Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы қоныс аудару бөлімінің материалдары жиналған №1208 қордың №1 тізбесінде қоныс аудару барысы, жылдық есептер жөніндегі мәліметтермен жұмыс жасалынды. Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы халықшаруашылығы есебі басқармасының статистика бөлімінің материалдары жинақталған №698 қордың №14 тізбесіндегі Қазақстан халқының табиғи, механикалық өсімі, жыныстық-жастық құрылымы туралы молынан мәліметтер алынды.

1921-1922 жылдардағы өлкедегі ашаршылық жөніндегі материалдар жиналған №320 қордан Қазақ Орталық Атқару Комитеті жанындағы ашыққандарға көмектесетін орталық комиссияның мәлімдемелерінен, есепті баяндамаларынан ашаршылық себептері, басталуы, барысы, ашыққандар саны және оны жою шараларына қатысты мәліметтер алынды.

Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатынан Ресей Коммунистік партиясы Қырғыз бюросының №140 қоры, Қазақ өлкелік комитетінің №141 қоры, Қазақстан Компартиясы Орталық Атқару Комитетінің №708 қорындағы Батыс Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың ұлттық құрамы, саны, арнайы қоныстандырылғандар, эвакуацияланғандар жөніндегі мәліметтер жұмысымызға пайдаланылды.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан аймағы облыстары бойынша мұрағат қорларында жұмыстар жасалынып, зерттеу жұмысына қажетті мәліметтер алынды. Атап айтқанда Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатынан Ақтөбе губерниялық статистикалық бюросының №69, Ақтөбе округтік статистикалық бөлімінің №109,Ақтөбе облыстық статистика басқармасының №1752 қоры және Батыс Қазақстан өлкелік статистика басқармасының №2067 қорындағы Ақтөбе облысы халқының саны, ұлттық құрамы, табиғи және механикалық өсімі және халықтың жыныстық-жастық құрылымы жөніндегі бірмезгілдік есептер алынды. Сол сияқты Халық депутаттарының Ақтөбе облыстық Кеңесі және атқару комитетінің №85 қорынан 1930-жылдардағы ашаршылық, ұжымдастыруға қарсы наразылықтары және жаппай ауа көшу жөніндегі мәліметтер пайдаланылды. №3 қордағы Ақтөбе губерниялық ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының есеп құжаттарынан 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа қатысты көптеген мәліметтер алынды. Сонымен бірге Қазақстан Компартиясы Ақтөбе облыстық комитетінің №13 қорынан ауыл халқының әлеуметтік-демографиялық даму мәселелеріне қатысты көптеген құжаттар ғылыми айналымға енгізілді.

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатынан Орал губерниялық статистикалық бөлімінің №1 қорынан 1920 жылдардағы Орал губерниясының уездері бойынша халықтың табиғи өсіміне қатысты мәліметтер алынды. Сол сияқты Батыс Қазақстан облыстық статистикалық басқармасының №693 қорынан Батыс Қазақстан облысы халқының саны, табиғи және механикалық өсімі жөнінде, ауыл халқының жыныстық – жастық құрылымы туралы бірмезгілдік есептер зерттеу жұмысымызға кеңінен пайдаланылды. Батыс Қазақстан облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің №850 қорынан 1930-жылдардағы күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, ауа көшу және күштеп көшірілген халықтар, сондай-ақ эвакуацияланған халықтар, ауыл халқының әлеуметтік-демографиялық даму мәселелеріне қатысты құжаттар жұмысымызға кеңінен пайдаланылды. Сонымен бірге Батыс Қазақстан облыстық халық депутаттары кеңесінің №289 қорынан 1980-жылдардағы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-демографиялық даму мәселелеріне қатысты деректер алынды. Қазақстан Компартиясы Батыс Қазақстан облыстық комитетінің №37 қорынан облыс халқының әлеуметтік – экономикалық және демографиялық даму мәселелеріне қатысты құжаттар алынды. 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа қатысты, ашыққандарға көмектесетін Орал губерниялық комиссиясының №19 және ашаршылықтың салдарын жою бойынша Орал губерниялық комиссиясының құжаттары жинақталған №623 қордың құжаттары зерттеу жұмысымызда кеңінен қолданыс тапты.

Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатынан Гурьев уездік статистикалық бюросының №18, Гурьев статистикалық бөлімінің №17, Гурьев облыстық статистикалық басқармасының №300 қорларында Гурьев облысы ауыл халқының саны, табиғи, механикалық өсімі, Гурьев облысына көшірілген корейлер туралы мәліметтер мол.

Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағатынан Адай уездік статистикалық бюросының №32, Адай округтық статистикалық бөлімінің №268, Маңғыстау облыстық статистика басқармасының №197 қорларында Маңғыстау облысы ауыл халқының әр жылдардағы саны, табиғи, механикалық өсімі туралы деректер молынан кездеседі.

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты-ХХ ғасырдың 20-80 жылдарындағы Батыс Қазақстан аймағын мекендеген ауыл халқының саны, ұлттық құрамы, жыныстық-жастық құрылымы өзгерісін, табиғи және механикалық өсімін тарихи-демографиялық тұрғыда зерттеу. Осы мәселені шешу мақсатында төмендегідей міндеттерді жүзеге асыру қойылды:


  • ХХ ғасырдың 20-жылдарының бірінші жартысындағы аймақтағы демографиялық ахуалды талдау, оның ішінде 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың демографиялық салдарын кеңінен ашып көрсету.

  • 1926-1939 жж. екі санақ аралығындағы аймақ ауыл халқының саны, ұлттық құрамы, табиғи өсіміндегі өзгерістерді және оған ықпал етуші факторларды халық санақтары мен мұрағат материалдары арқылы айқындау;

  • Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аймақтағы демографиялық ахуалды және оған әсер етуші факторларды талдау. Соғыс жылдарындағы табиғи шығынды және оның салдарын анықтау. Халықтың жыныстық-жастық құрылымының өзгерісін тың мұрағат деректері арқылы саралау;

  • ХХ ғасырдың 50-80 жылдарындағы аймақ ауыл халқының сандық өсіміндегі табиғи және механикалық қозғалыстың роліне баға беру;

  • ХХ ғасырдың 50-80 жылдарындағы аймақ ауыл халқының ұлттық, әлеуметтік құрамындағы өзгерістерді, оның ішінде жергілікті халық санының қалпына келу мәселесін кеңінен талдау;

  • Соғыстан кейінгі кезеңдегі ауыл халқының жыныстық-жастық құрылымының өзгеруі және оған ықпал етуші факторларды жан-жақты талдап көрсету;

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.

- ХХ ғасырдың 20-40 жылдары аймақ ауыл халқының демографиялық даму жағдайы күрделі күйде жүрді және ол өз дамуында бірнеше кезеңдерді өткерді. ХХ ғасырдың 20-жылдарының бірінші жартысындағы демографиялық ахуалға, халық санының азаюына 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кері әсер етті.

- 1926-1939 жылдардағы санақ аралығында ауыл халқының демографиялық дамуы күштеп ұжымдастыру, ашаршылық және жаппай ауа көшулер салдарынан дағдарысқа ұшырап, халық саны, оның ішінде жергілікті халық саны қатты кеміп кетті. Ауыл халқының құрамында балалар мен жас өспірімдердің саны, үлес салмағы күрт төмендеді.

- Ұлы Отан соғысы қарсаңында және соғыс жылдарында аймаққа өзге ұлт өкілдерінің күштеп қөшірілуі жүрді. Аймаққа поляктар, корейлер, немістер және басқа халықтар күштеп көшірілді. Бұл аймақ халқының ұлттық құрамының өзгеріске ұшырап және жаңа ұлттық топтардың пайда болуына ықпал етті.

- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл халқының сандық, жыныстық – жастық құрылымы мен табиғи өсіміндегі өзгерістер. Бұл әсіресе майдан мен тылдағы өлім – жітім нәтижесінде табиғи өсімнің төмендеуі есебінен жүрді. Ал ең бастысы халықтың жыныстық-жастық құрылымындағы өзгерістердің орын алуы болатын. 1946 жылдың 1 қаңтарында Ақтөбе облысы ауыл халқы 167 443 адам, Батыс Қазақстан облысы ауыл халқы 214 970 адам болды. Бұл цифрларды 1939 жылмен салыстырсақ ауыл халқы Ақтөбеде 82 803 адамға, Батыс Қазақстан облысында 113 080 адамға кеміді.

- Соғыстан кейінгі кезеңдегі ауыл халқының саны, табиғи және механикалық өсіміндегі оңды өзгерістердің орын алуы. Ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайының оңалуы табиғи өсімнің жоғарылауы мен көші-қон үдерістеріне серпін берді. 1959-1989 жылдардағы халық санақтарының мәліметтері бойынша аймақ ауыл халқы 620,5 мыңнан 904,1 мың адамға өсті. Оның ішінде 1959-1970 жылдары ауыл халқының 207 мың адамға ұлғаюы күшті табиғи өсіммен тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты механикалық өсім негізінде болды. Халықтың табиғи өсімі 1960-жылдардың ортасына дейін күшті қарқынмен жүрді.

- Ауыл халқының ұлттық құрамы үлкен өзгеріске ұшырады. Бұған дейінгі кезеңде саны мен үлес салмағы үнемі құлдырап келген жергілікті халықтың саны қалпына келді. 1970-1980 жылдары көші-қон үдерістерінде теріс айырымдар өзге ұлт өкілдері санының азаюына әкеліп, тек жергілікті халық саны ғана көбейіп отырды.

- Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл халқының жыныстық-жастық құрылымындағы айырмашылықтар қалпына келді. Оған табиғи және механикалық өсімнің ықпалы күшті болды. Табиғи және механикалық өсім нәтижесінде ерлер саны көбейіп 1959 жылғы 100 әйелге 87,5 ерден келсе, 1989 жылы 100 әйелге 99,1 ерден келді.



Каталог: images -> stories -> downloads -> avtoreferaty
avtoreferaty -> Хайдаров есқайрат ерболатұлы XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы: тарих және тағылым
avtoreferaty -> Демеуова нұРГҮЛ ҚажымұҚАНҚызы XIX ғ. екінші жартысы – XX ғ. басындағы Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелер: тарихи талдау
avtoreferaty -> Дюсенгалиева мерзат ғҰбайдоллақызы бөкей Ордасындағы сауда-саттық және кәсіпкерлік
avtoreferaty -> Гиззатов саялбек махамбетұлы бөкей Ордасындағы аграрлық саясат
avtoreferaty -> Ќолжазба ќўќыєында
avtoreferaty -> Бердіғожин лесқали базарғалиұлы қазақстанның мұнай-газ өндірісі саласындағы жұмысшы, инженер- техникалық кадрларының қалыптасуы және өсуі
avtoreferaty -> Хvііі ғасырдың соңғы ширегімен ХІХ ғасырдың 70 жылдарына дейінгі Қазақ-қоқан қарым-қатынастары
avtoreferaty -> Салмырза жайна ізбасарқызы сыр өңірі қазақтарының азаттық қозғалысы
avtoreferaty -> Оңтүстік Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тарихы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет