Әож 94 (574) «18»: 339 Дюсенгалиева М. Г. – т.ғ. к, аға оқытушы М. Өтемісов атындағы БҚму қР тарихы кафедрасы



жүктеу 139.6 Kb.
Дата22.09.2017
өлшемі139.6 Kb.

ӘОЖ 94 (574) «18»:339


Дюсенгалиева М.Г. – т.ғ.к, аға оқытушы

М. Өтемісов атындағы БҚМУ

ҚР тарихы кафедрасы

E-mail: merzat-00@ mail.ru

Бөкей Ордасындағы сауда-саттық және кәсіпкерлік ісі
Аннотация. Мақалада Бөкей Ордасындағы сауда-саттық ісіне, Бөкей, Шығай тұсындағы хандықтағы сауда барысына, тасымал, айырбас саудасына, жәрмеңкелердің сауда ісінде атқарған рөліне, жәрмеңкедегі сауда айналымына, саудадағы кәсіпкерліктің атқарған рөліне ғылыми талдау жасалған.

Түйін сөз: Сауда, жәрмеңке, кәсіпкерлік, сауда айналымы, несиелік касса.
Қай елде, қай кезеңде, қай қоғамда болмасын, экономикалық тұрғыдан алғанда, сауда-саттық ісінің рөлі әрқашан да басым болатыны белгілі. Сауда, біріншіден, елдің экономикалық дамуының деңгейін, пәрменін білдірсе, екіншіден, сол елдегі халықтың әлеуметтік жағдайына ерекше серпін беріп, тұрмыс-тіршілігіне оң ықпалын тигізеді. Үшіншіден, көрші халықтармен арадағы алыс-беріс, тауарлай-заттай алмасу арқылы мәдениетті байытып, өркениет көшінің нәрімен сусындатады

Бөкей Ордасындағы сауда-саттық саласын дамытушы бірден-бір фактор – мал және мал өнімдері еді. Қазақтар мал және мал өнімдерін көрші Ресей мемлекетінен келген орыстарға, татарларға айырбастап отырды. Ал ресейлік көпестер Орданы аралап, өздерінің мануфактуралық өнімдерін қазақтардың малына айырбастады. XIX ғасырдың алғашқы ширегінде Бөкей хандығында тасымал саудасы дами бастады. Орданы аралап, сауда жасайтындар көбіне орыс, татар көпестері мен алыпсатарлар болатын. Сауда ісі осылайша жалпы бөкейлік қазақтардың нарықтық қатынасқа тартыла бастауына, тауар-ақша қатынастарының қазақ даласына тереңдеп енуіне, феодалдық қатынастардың дамуына жол ашқан еді.

ХІХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап жұмыс істей бастаған жәрмеңкелердің халқымыздың даму тарихында алатын орны ерекше. Оның бір дәлелі ретінде 1832 жылы Бөкей Ордасында құрылған Хан ставкасындағы жәрмеңкелерді айтуға болады. Бұл жәрмеңкелер сауда-саттық ісін орнықтыруға ғана емес, көршілес Ресей және басқа елдермен тұрақты экономикалық байланыс жасау, халықтың өнер мен мәдениетін дамыту бағытында да аса маңызды роль атқарды. Қазақстан ауқымында ең алғашқы жәрмеңкенің Бөкей хандығында ашылуы мұндағы сауданың үлкен қарқынмен дамығандығын білдіреді.

Бөкей Ордасының экономикалық өміріндегі басты жаңалық – балық, кіре тасу, тұз кәсіпшілігі сияқты өзге де салалардың дамуы еді. Алайда бұл кәсіп түрлері үшін төленетін ақы көлемі өте төмен болды.

Бөкей Ордасында алғашқы жылдары сауда баяу дамыды, себебі қазақтардың жиі көшіп-қонуы, нақты жолдың болмауы, орыстардың қазақ тілін білмеуі, тұрмыс-тіршілігін жетік меңгермеуі сауданың өсуін тежеп отырды. Көшпелі қазақтардың көші-қон тұрақтары мен мекендері белгілі болған соң, халықтың өмірі бір қалыпқа келіп, сауданың дамуы күшейе түсті.

Бөкей Ордасындағы сауданың өсуі Ресейдің ішкі нарығымен тығыз байланыста өрбіді. Ол, әсіресе, Ресейдің өндіріс капиталының өсуіне игі ықпалын тигізді. Осыған байланысты Бөкей Ордасындағы сауданың өсуі 20-шы жылдардан бастап айқын байқала бастады. Кейін Орда жерінде сауда жасаудың пайдасы Ресей көпестерін одан әрі қызықтыра түсті.

Алғашында Бөкей Ордасы территориясында нақты сауда орындары болмаған еді. Сауда қазақ қоныстарының жанында және негізінен алғанда Орданың маңайында немесе онымен шекаралас орыс ауылдарында жүргізілді. Күзет кордондары мен форпостар негізгі сауда орталықтарына айналды. Қазақтармен сауда жүргізуде алғашқы болып мол пайдаға кенелгендер – Орал казактары, төменгі шенділер, линия басшылары, атамандар болатын. Көп уақыт өтпестен саудагерлер құрамы ішкі губерниялардан келген әр түрлі шендегі адамдармен толықты. Олардың мұнда келуіне ықпал еткен, қызықтырған нәрсе – «көшпенділерден» түсетін зор пайда еді. Бұндай келімсек саудагерлердің көпшілігі қазақтарға жақын орналасқан елді-мекендерде біржолата қоныс теуіп, тұрақты тұрғындарға айналды.

И.Ф. Бларамберг өз еңбегінде Бөкей хандығындағы қазақтардың бастапқы сауда жүргізген орындары ретінде төмендегідей елді мекендерді келтіреді:

1. Өзен шебінде және Глининский форпостында шенеуніктер мен орал әскери казактары сауда жүргізді. Бұл саудаға басты қатысушылар жергілікті шенеуніктер болатын. Саудагерлер Оралдан тауарды қолдан арзанға сатып алып, қазақтарға жоғарғы бағаға айырбастап отырды.

2. Қысқы мезгілде сауда Орал шебінің төменгі бөлігіндегі Кулагин қамалынан бастап Гурьев қалашығына дейінгі аралықта жүргізілді, себебі қазақтар бұл уақытта осы жерлерді мекен ететін.

3. Астрахан қаласына жақын жердегі Қалмақ базары. Бұл жерде қазақтар жыл сайын 50000-ға дейін қойларын айырбастайды. Әсіресе, малды хиуалықтардың қағаз бұйымдарына айырбастау ісі ерекше қызу өтетін.

4. Татарлар мен армяндар Астраханнан Каспий теңізі арқылы сауда жүргізді.

5. Камышиннен және Саратовтан тауармен келетін көпестер саудасын Эльтон өзенінің маңында жүргізетін.

6. Чертил ауылында жыл сайын 1 қазанда жәрмеңке басталатын. Бұл жерде қазақтар өз малдарын астық, тары және т.б. өнім түрлеріне айырбастады.

7. Шежін және Деркөл кордондарында да сауда жүргізілді.

8. Хан ставкасы маңында. Бұл жердегі сауда ісі қалыптаса бастаған болатын. Астық пен мал айырбасы әсіресе қазан және қараша айларында (1825 жылы) қызу жүрді [1, с. 18 ].

Байқағанымыздай, Ф. Бларамберг бөкейлік қазақтардың лауазымды шенеуніктер мен әскери казактармен арадағы айырбас саудасы әркез тең емес жағдайда жүргізілгенін атап өткен.

Шығай тұсында Қалмақ базарында бөкейлік қазақтар өздерінің мал және оның өнімдерін өзге тауарларға айырбастап отырған. 1820 жылы 28 қаңтарда Шығай сұлтан Астрахан азаматтық губернаторы И.Я. Бухаринге татар Мұстафа Бековты қазақтардың осы Қалмақ базарындағы өкілі етіп тағайындау туралы ұсыныс білдіреді. Онда: «Азия халықтарынан бұған дейін түскен өтініштері бойынша мен Астрахан уезінің Саян мекенінің татары Мұстафа Бековке қазақтардың басқа халықтармен мал айырбастауы кезінде Қалмақ базарында 28 қаңтардан алдағы 1821 жылдың 1 қаңтарына дейін қазақтар жағынан бақылаушы болуды тапсырғанмын. Ал татар Мұстафа Беков Астрахан азаматтық үкіметінің қарамағында болғандықтан, мен сізден және Астрахан земстволық сотынан қазақтар мен Ресей халқы арасында мал сату немесе айырбастау кезінде тәртіп сақтау үшін Бековті сол Қалмақ базарында болуға тиісті жылдық мерзім ішінде ешқайда қоғамдық тапсырмамен жібермеуді өтініп сұраймын» [2, 5 п.].

Бұл құжаттан көріп тұрғанымыздай, Шығай сұлтанның Қалмақ базарында Бековті өкіл ретінде тағайындауының басты мақсаты айқын: бір жағынан, бөкейліктермен арадағы айырбас саудадағы жалпы тәртіпті қадағалау ісі – уақыт тудырған қажеттіліктердің бірі болатын, екінші жағынан, хат танымайтын далалық қарапайым қазақтардың саудадағы құқықтық мүдделерінің аяқасты болмауын қамтамасыз ету де – сұлтан көздеген мақсаттың бірі еді.

Жәңгірдің бастамасымен 1832 жылы Хан ставкасы жанынан жәрмеңке жұмысын бастады. Бұл мақсатқа империя қазынасынан 56.161 сом қаржы бағытталды. Сөйтіп, 316 сауда нүктелерінен тұратын 12 үлкен корпус бой көтерді [3,15 п.]. Нәтижесінде, Хан ставкасы ен даладағы ең негізгі әрі қолайлы сауда орталығына айналып шыға келді. [4, 109 б.].

Жәрмеңкелердің ерекшеліктеріне тоқталсақ:

1) Қазақстан бойынша ең алғашқы жәрмеңке Бөкей Ордасында ашылды.

2) Бұл жәрмеңкелер көктемде сәуірдің 15-інен мамырдың 15-іне дейін және күзде қыркүйектің 15-інен қазанның 15-іне дейін жылына екі мәрте ұйымдастырылды.

3) Жәрмеңке кезінде белгілі бір сауда ережелерінің болуы.

4) Ресеймен, Орта Азиямен сауда-экономикалық байланыстар тінінің тереңдей түсуіне оң ықпал етті.

5) Әсіресе, жәрмеңкелерге қатысушылардың көп ұлттылығымен ерекшеленді.

1836 жылы 15 қыркүйекте төлеңгіт руының старшыны Мекен Балуанқұлов өз бақташыларының күшімен осы жәрмеңкеге келген көпестердің табындарын бағымға алу туралы жазбаша міндеттеме алады. Ол міндеттемеге Жәңгірдің рұқсатымен қол қоя отырып, 1836 жылдың 15 қыркүйегінде көпестер малын бағымға алуға өз қалауын білдірген. Сол уақыттағы Хан ставкасының жанында ашылып, қазан айының 15-не дейін жұмыс істейтін жәрмеңке уақыты кезінде старшын Мекен Балуанқұлов өзі жалдаған бақташы қызметкерлердің күшімен келімді-кетімді көпестердің, саудагерлер мен өзге де жандардың табындарын қожайындардың өздері қажет деп тауып, келісім берген жағдайда тебіндетіп, бағып берген.

Бұл қызмет түрі төмендегідей тәртіппен жүргізілді: мұнда әкелінген немесе мұнда сатылып алынған, айырбасталған әрбір жылқы малын, оның жүнін, ерекше белгілерін, бағасын қожайынның өзі старшын Мекен Балуанқұловтың көзінше жәрмеңке бақылаушысының ханнан алған тізім кітабына жазып тіркейді. Қожайыннан әр жылқының қабылдап алынғандығы туралы қолхат алынып, қолхатқа мөр басылады. Бағым үшін жарияланып, жазылған жылқы бағасынан және әр рубльдің күміске шаққандағы бағамы бойынша старшынға бес тиыннан төленеді. Мұның жартысы жылқыны бағымға беріп, тіркеу кезінде төленеді, ал келесі жартысы – жылқыны табыннан қожайынға қайтарар кезде тікелей Мекен Балуанқұловтың (қызметкерге емес) өзіне берілген. Бағым бағасын бағым уақытына тәуелді етпеген. Жылқы бір апта немесе бір ай бағылса да, баға өзгермеген [5, 11 п.].

Бұл жәрмеңкеге 1833 жылы 562971 мың бас мал әкелініп, 339174 сомға тауар сатылды. 1834 жылы 597603 рубльдің тауары әкелініп, 368775 рубльге сатылды, 1835 жылы 691628 рубль тауар әкелініп, 379548 рубльге сатылды. 1836 жылғы жәрмеңкенің тауар айналымы 2 млн. рубльді құрады [6, 28 п.].

Енді 1837 жылдан 1839 жыл аралығындағы жәрмеңкеге әкелінген мал және оның өнімдеріне [7, с. 62] тоқталсақ: олар – түйе – 385 бас, жылқы – 2524 бас, ірі қара – 12244 бас, қой – 342103 бас, жылқы терісі – 23730 пұт, қой терісі – 19232 пұт, түйе терісі – 1060 пұт, қоян терісі – 5535 пұт, ешкі түбіті – 1373 пұт, борсық терісі – 70 пұт, түйе жүні – 2086 пұт. 1837-1839 жылдары қой, ірі қара, жылқы және қоян терісі, қой терісі жәрмеңкеге көп мөлшерде әкелінген. Сонымен бірге, 1837-1839 жылдары тауар айналымы жоғары деңгейде болған [8, 78 б.].

Ордадағы сауда айналымының төмендеуі 50-ші жылдардың аяғына дейін созылды. Ал ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының басында сауда ісінің қайта жандануы байқалады. Бұл кезде қазақтардың мал шаруашылығы 1852 жылғы жұттан біраз айыққан еді. Сауданың жандануы 1858 жылы таратылған Уақытша Үкіметтің қазақ құрамының орыс шенеуніктерімен алмастырылуымен тығыз байланысты. Осының салдарынан Орда жерінде орыс көпестерінің саудасы жанданды, себебі патша шенеуніктерінен тұратын Кеңестің жаңа құрамы Ордадағы сауда дамуын барынша қолдауға тырысты [9, с. 101].

1862 жылы 8 қаңтарда Орда Ішкі істер министрлігіне қарады. Тағы бір маңызды тұс – Бөкей Ордасында азық-түлік капиталы, несиелік касса және қазыналық кәсіпорыны да осы кезеңде ұйымдастырылды. Отаршылдық пиғылдан туған бұл мекемелер арқылы империяның қазақ жерін тәуелділікте ұстауға, оған тек сауда шикізатын өткізетін аумақ ретінде ғана қарауға мүмкіндік туғызылды. Ссудалық касса Хан ставкасында 1854 жылы ашылды.

XIX ғасырдың екінші жартысында жүзеге асқан осынау істер нәтижесінде алым-салық жинау жүйесі реттеліп, ссудалық кассалар ұйымдастырылды.

Қазақтарға ссуда 3 айдан 1 жылға дейін куәлар көзінше міндеттеліп берілді. Қазақтар ссудалық кассаға үнемі қарыздар болып отырған. Жәңгір кезінде анық есеп-қисаптың болмауы, олардың жүйелі жүргізілмеуі хандықта алым-салық жүйесіне қатысты туындаған көп келеңсіз жағдайларды, зардапты салдарларды шығарған. Осы тұрғыдан келгенде, бұл саладағы істердің бір жүйеге келтірілуі және оның заңды сипатқа ие болуы – құптарлық бастама еді. Бөкей Ордасындағы байлық көлемін анықтауға, басқару штатын, алым-салық мөлшерін реттеуге мүмкіндік беретін оң өзгерістердің орнығуына жол ашты [10, 152 б.].

1866 жылы Ішкі Орданың шаруашылық капиталы Ішкі істер министрлігінің кіріс сметасына қосылды. Ол Мемлекеттік кеңесте қаржы министрі мен мемлекеттік бақылаушының Ішкі орданың шаруашылық капиталы мен жәрмеңкелік кірісті мемлекеттік қазынашылықтың бақылауына беру туралы өзара хат жазысуының нәтижесінде мүмкін болды.

Мемлекеттік кеңестің шешімі бойынша 1866 жылдың 25 сәуіріндегі патшаның бекітуімен Ішкі ордадағы салық жалпы мемлекеттік кіріске жатқызылды. Сәйкесінше, Ішкі істер министрлігі тарапынан мынадай ережелері белгіленіп, бекітілді:

а) жәрмеңкедегі сауда орындары үшін алынатын 15 тиын көлеміндегі жалдама ақы Ішкі Ордадан тыс аймақтарға шығу үшін берілетін билеттерден жиналған қаржыны жалпы мемлекеттік кіріске жатқызылды. Осылайша, Ішкі істер министрлігінің қаржы сметасы арқылы патшаның 1862 жылғы 22 мамырындағы сметалық ережелері негізінде пайдалануға берілді.

б) Ішкі Орданың қалған кіріс түрлері мыналар еді. Яғни, ол ең алдымен хан ордасындағы жәрмеңкелік ауладан басқа жәрмеңке уақытында берілетін орындардан алынатын алым. Бұған қоса, таразы және моншадан түсетін төлемдер мен сырттан әкелінген малды сатудан алынатын алымдар. Олардың бәрі де ендігі жерде Ішкі Ордадағы жергілікті басқарудың қарамағына қалдырылып, оған Ішкі істер министрлігі салық пен кірістер жөніндегі сметалық ережелерінің баптары бойынша бақылау жасады [11, 12 п.].

Жоғарыда келтірілген деректерден Ресей империясының Ордадағы сауда ісіне белсене араласқанын, оны жергілікті билікті қаржыландыру мақсатында шебер пайдаланғанын анық байқаймыз. Патша үкіметіне орталық қазынадан ақша шығындағаннан гөрі қазақтарды өз қаржысы есебінен басқарған тиімді еді. Оған қоса сауда ісі Ресейдің ішкі губернияларынан арзан шикізат көзімен қамтамасыз етудегі басымдықтарын анықтап алды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Бөкей Ордасындағы кәсіп түрлері көбейіп, балық аулау, тұз өндіру, жүк тасымалдау тағы басқа жұмыстарға жалданушылық арта түсті.

Кәсіпшіліктерге барып, жалданып қызмет атқару үшін қазақтарға рұқсат пен белгілі бір мерзімге арналған билет берілді. Кәсіпшіліктердегі қызметтердің маусымдық сипатына байланысты жалданушы қазақтар да бұл жұмыстарды кесімді бір уақытта атқара алатын еді. Сондықтан, жалданушы қазақтарға уақыт мерзіміне сәйкес бағасы да өсіп отырған билеттер сатылып, рұқсат берілді, әр билет есепке алынды. Балық кәсіпшілігі 3 маусымдық кезеңге, ал тұз кәсіпшілігі еңбек сипатына қарай 4 топқа бөлініп, оларға қазақ жұмысшылар көптеп жалданды. Тұз өндіру және балық аулау кәсіпшіліктерінде қазақтарға басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда еңбек ақы кем төленді.

Жыл сайын балық кәсіпкерлері жұмысшыларды жалдау үшін өз адамдарын орыс селоларына, қазақ, қалмақ ауылдарына жіберіп отырған, алайда жалданушылармен олар тікелей келіссөз жүргізбеген, әрбір село мен ауылдарда подрядчиктер арқылы өздеріне қажетті мөлшерде жұмыс күшін жинап алып отырған. Өзендер мұздан арылған соң, кәсіпкерлер белгіленген пункттерге балық тиеуге арналған қайықтарды жіберетін болған. Өзендегі балық кәсіпшілігінде көктем кезінде 60 мыңға жуық, күзде 30 мыңдай және қыста 5 мыңға жуық жұмысшылар мен аушылар жұмыс істеген.

Тұрақты қызметкерлердің шағын ғана тобын есептемегенде, барлық жұмысшылар белгілі бір мерзімге жалданатын. Негізгі мерзімдер: көктемде – 15 ақпан, 1 наурыз, 15 сәуірден және 15 мамырға дейін; күзде – 1 қыркүйектен 1 қараша мен 6 желтоқсанға дейін; қыста – 6 желтоқсаннан 1 наурызға дейін [12, с. 2].

Балықшылық кәсіппен негізінен округтік қазақтар және Қамысты-Самар қазақтарының бір бөлігі айналысқан. ІІ-ші теңіз округінің қазақтары 4000 адамға дейін балық кәсіпшіліктеріне жалданатын. Нарын бөлімінен жыл сайын балық кәсіпшіліктеріне жалдануға көктемде 1 наурыз бен 15 мамыр аралығында аттанған.

II теңіз округіндегі тұрғындардың жаппай қозғалысы ең әуелі балық кәсіпшілігімен байланысты болатын. Мал шаруашылығына қолайсыз, топырақты, барлық жері дерлік құмды болып келетін теңіз жағалауы округтерінде маңызы жоғала бастаған мал шаруашылығының орнына балық кәсіпшілігі дами бастады. Қазақтардың өздері балық аулаумен айналысты және кәсіпшіліктерге жалданды. Балықшылар көбіне теңіз жағалауында қыстап қалатын, олар балықты аумен аулап, кәсіпшіліктерге өткізетін. Қазақтардың ішінде де ірі балық кәсіпкерлері болды. (мысалы, қазақ Танашев, Бөкенбаев, Убышев, т.б.) [12, с. 10].

Балық аулау кәсібі ХІХ ғасырдың аяғында балық өндірісінің өндіру және өңдеу сияқты екі саласын қалыптастырды. Яғни, балық кәсіпшілігі дамуының нәтижесінде бірінші жағынан өндіру кәсібінің өңдеу және сату кәсібінен бөлінгені байқалса, екінші жағынан жақын және алыс рыноктарға балықтарды сатуды жекелеген ірі өндіріс иелерінің жүзеге асырғанын көреміз [13, 33 б.].

Дегенмен, балықшылық кәсібі дәстүріндегі ала-құлалық әртүрлі қатынастардың орнығуына жол ашты. Олардың біреулерінің ондаған, тіпті жүздеген балықшыны жалдауға әлеуеті жететін. Енді бір жекелеген балықшылардың тобы ұстаған балығын өзі өткізіп, іс жүзінде жеке басының тәуелсіздігін сақтап қала алды. Теңізден балық аулау аса қауіпті әрі оған ақы өте аз мөлшерде төленді. Теңізде негізінен қызыл балықты өңдейтін өндіріс орындары, ал, өзендер жағалауында қабыршақты тұқымдас балықтарды тазалайтын кәсіпшіліктер орын тепті [13, 32 б.].

XIX ғасырдың аяғында қазақтар арасынан да балық кәсіпшілігімен айналысатын кәсіпкерлерде шыға бастады. Мысалы I-теңіз округінде Өтеғали Танашевтің «Дружинский», «Қара көл», «Потанайский», «Михайловский», «Мало Дружинский», Қарес Танашевта «Бережник», Салық Ибрагимов деген қазақ көпесі «Баровский» атты батағасының қожалары болды. Алғашқыда шаруасын ұсақ кәсіптен бастаған қазақ кәсіпкер-саудагерлері біртіндеп байып, балық қабылдайтын батағалар ұйымдастырып, балық аулайтын үлкен кеме-қайық жасақтады. Сөйтіп үлкен капитал иелеріне айналды. Олар балық кәсіпшілігіне жұмыс күшін тартып отырды [14].

Алайда, қазақтарды қанау жағдайларының қаншалықты көп кездескенін мынадан-ақ аңғаруға болатындай. Айталық, жұмысқа жалдау кезінде ең жоғарғы жалақы қалмақтарға, орташа еңбек ақысы орыстарға, ал, ең төменгі ақы қазақ жұмысшыларына төленген. Бұның басты себебі – балықшылықтың қазақтың ата кәсібі еместігі болатын. Аталған мәселені реттейтін заңның болмауы, жалақы әркез ақшалай төлене бермейтіндігі, көбіне-көп азық-түлік тауарлары түрінде берілетіндігі де жағдайды қиындата түсті [15, 6 п].

Сонымен қатар, бөкейлік қазақтар тұз өндіру кәсіпшілігімен де айналысқан. Бұлар Басқұншақ, Елек, Эльтон, Дендер тұз өндіру кәсіпшіліктері. Бірақ, бұл орындар орыс кәсіпқорларының билігінде болған. Ал, бөкейлік қазақтар осы тұз кәсіпшілігіне жалданған. Бөкей Ордасының оңтүстігіндегі қазақтар Каспий жағалауындағы балық кәсіпорындарына барып жалданса, батыс мен терістік бойдағылар іргелес Астрахан губерниясындағы қоры мен сапасы жөнінен әлемге әйгілі болған Басқұншақ тұз өндірісінде жалданған. Бұл тұз өндіру кәсіпшілігінде жалданған жұмысшылардың ақысы төмен төленген. Уақытша Кеңестің 1876 жылғы есебі бойынша, осы тұз кәсіпшіліктеріне жалданған қазақтар 1000 пұт тұз өндіргені үшін 10-15 сом аралығында еңбек ақы алған [10, 153б.]. Мұнда өндіріс құралы ретінде олар тек ауыр балға, күректерді ғана қолданған. Түйелерімен келіп, тұз тасыған қазақтардың өзі мыңдап саналған, 1891 жылы Басқұншақ тұз өндіру кәсіпшілігінде жалпы саны 5000-дай қазақ жұмыс жасаған. Оның ішінде 1000 адам қалмақтардан, 1500-дей адам Қамысты-Самардан, 1000 адам Таловка аймағынан, тіпті ІІ теңіз жағалауы округінің №13, №14 болыстарынан да көптеген адамдар болған [16, с. 22]. Олар тұз өндіру кәсіпшілігінде тәулігіне 12-14 сағат бойы жұмыс істеген. Тіпті, бұл жерге азын-аулақ малдарын айдап, жанұяларымен біржолата көшіп келгендер де болған. Жұмыс 1 маусымнан 1 қазанға дейін созылған. Жұмысшылар көлдегі жұмысқа сол қазақтардың өздерінен тағайындалатын мердігерлер арқылы жалданып, келісімшартқа отыратын. Жұмыс басталар алдында жұмысшы қазақтар көл маңына өздерінің отбасыларымен және сауын малдарымен бірге көшіп келетін. Бұл кезде оларға азық-түлік алуға белгілі бір мөлшерде ақша берілетін де, одан әрі жалақының көлемі тапсырған тұздың мөлшеріне байланысты болатын.



Сөйтіп Бөкей Ордасында ХІХ ғасырдағы сауда-саттықтың дамуы бірнеше кезеңнен өтті. Алғашында сауда-саттық хандықпен шектес жерлерде жүрді және хандықтың өз ішінде тасымал саудасының дамуы орын алды. 1832 жылы Бөкей Ордасының Хан ставкасында жәрмеңке ашылып, ол әр түрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен байланысының дамуында маңызды рөл атқарды. Бұл жәрмеңке Қазақстан бойынша ең бірінші ашылған жәрмеңкелердің бірі еді. Ол Қазақстан мен еуразиялық мемлекеттер халықтарының бір-бірімен байланысында ерекше орын алды. Әлеуметтік-экономикалық жетістіктерден басқа мәдени ықпалдастықтың да маңызы артты. Бұл өз кезегінде қазақ халқының өркениет жолындағы қол жеткізген табыстарының жарқын көріністерінің қатарын молайта түсті.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі



  1. Бларамберг И.Ф. Военно-статистическое обозрение земли киргиз- кайсаков Внутренней (Букеевской) Орды и Зауральской (малой) Орды Оренбургского ведомства // Военно-статистическое обозрение Российской империи. - СПб., 1848. – Ч. 3 – 20 с.

  2. ҚРОММ, 78-қор, 1-тізбе, 7-іс.

  3. РФ АОММ, 1-қор, 9-тізбе, 795-іс.

  4. Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. - Алматы: Атамұра: Қазақстан, 1994. – 221 б.

  5. ҚРОММ, 78-қор, 2-тізбе, 65-іс.

  6. ҚРОММ, 78-қор, 2-тізбе, 36-іс.

  7. Еврейнов А. Внутренняя или Букеевская киргиз-казачья Орда. // Современник. - 1851. – № 10.

  8. Мәшімбаев С. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. – Алматы: Санат, 1994. – 220 б.

  9. Аспандияров Б. Образование Букеевской Орды и ее ликвидация. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2007. – 290 с.

  10. Харабалин Ғ.Е. ХІХ ғасырдағы Бөкей Ордасы. – Орал, 2004. – 238 б.

  11. РФ ООММ, 6-қор, 10-тізбе, 6085-іс.

  12. Поленов А. Пути торгово-промыслового движения в Букеевской Орде и в пограничных с нею областях. – СПб., 1907. – Ч.З. –120 с.

  13. Меңдігереев К.Ж. Батыс Қазақстан аумағындағы балық шаруашылығының даму тарихы: тарих ғыл.канд. ... дис. – Атырау, 2007. – 130 б.

  14. Румянцев П.П. Киргизский народ в прошлом и настоящем. – СПб., 1910. – 37 с.

  15. ҚРОММ, 4-қор, 1-тізбе, 3885-іс.

  16. Иванов И.С. Джангерь, хан Киргизской Внутренней Орды // Астраханский листок. – 1895. – №185. – 260 с.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет